3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің стратегиялық мақсаты
Үкімет қызметінің орта мерзімді кезеңдегі стратегиялық мақсаты орнықты даму принциптерінің негізінде елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады.
Үкімет күш-жігерді Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін және оның азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру үшін қолайлы институционалдық және экономикалық жағдай жасауға барынша бағыттайды.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007—2009 жылдарға арналған бағдарламасының мынадай басым бағыттары белгіленген.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007—2009 жылдарға арналған бағдарламасының басым бағыттары
4.1. Мемлекеттік жоспарлау
Мақсаты
Мемлекеттік жоспарлаудың стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру.
Міндеттері
1. Мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдаудағы дербестігін және олардың түпкілікті нәтижелерге (мақсатты индикаторлар) қол жеткізуге жауапкершілігін арттыруға бағытталған бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге және ұстауға жаңа тәсілдерді көздейтін мемлекеттік жоспарлау жүйесін әзірлеу және енгізу.
2. Мемлекеттік жоспарлаудың қисынды жүгін құру: мемлекеттік
мақсаттар — мемлекеттік органдардың стратегиялық мақсаттары — тактикалық міндеттер — іс-шаралар — ресурстар — бюджет.
3. Мемлекеттік органдар қызметінің және олардың бюджет қаражатын пайдаланудың ашықтығын және қоғамның бақылауында болуын қамтамасыз ету.
4. Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру бөлігінде мемлекеттік статистика жүйесін жетілдіру.
Шешу жолдары
Үкімет экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің сапалы жаңа деңгейіне және экспорттық мүмкіндіктеріне қол жеткізу стратегиясын әзірлейді және бәсекеге қабілеттілік пен экспорт жөніндегі ұлттық кеңес құрады.
Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі әзірленетін және енгізілетін болады.
Бұл әрбір мемлекеттік органның өзінің дамуының стратегиялық жоспарын (5 жылға арналған) және оның негізінде мемлекеттік органдардың мақсатты бағдарламаларын, операциялық (жылдық) жоспарларын әзірлеуін көздейді. Үкімет пен мемлекеттік органдардың басшылары арасында нысаналы индикаторларды белгілей отырып, үш жылдық кезеңге арналған меморандум жасалатын болады. Жыл сайын мемлекеттік органдардың қызметі туралы есептер жарияланатын болады. Өңірлерде осыған ұқсас жүйе енгізілетін болады.
Мемлекеттік жоспарлауға жаңа тәсілдер енгізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. 2007—2008 жылдары олар екі-үш пилоттық мемлекеттік органдарда және екі пилоттық өңірде енгізілетін болады. 2009 жылдан бастап барлық мемлекеттік органдар мен өңірлердің мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне көшуі жоспарланып отыр.
Жоспарлаудың жаңа жүйесін іс жүзінде іске асыру үшін тиісті нормативтік құқықтық база жасалатын болады.
Мемлекеттік жоспарлаудың қисынды жүгін құру үшін мыналар жүзеге асырылатын болады:
мемлекеттік органдардың дербестігі мен қызметтің нәтижелеріне жауапкершілігін күшейтетін Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясатын іске асырудың негізгі құралы ретінде мемлекеттік органдарда стратегиялық жоспарлау жүйесіне көшу;
мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары міндеттерінің бюджеттік бағдарламалармен, ал жоспарлардың міндеттерін шешуге бағытталған іс-шаралардың бюджеттік бағдарламалардың кіші бағдарламаларымен, мемлекеттік органдар қызметінің аралық және түпкілікті нәтижелерін бағалаудың сандық және сапалық көрсеткіштерінің жүйесін әзірлеумен байланысуы;
мемлекеттік орган қызметінің жоспарланған жылға арналған жоспары туралы баяндамасын стратегиялық жоспарлардың негізінде қалыптасқан және мемлекеттік органдардың стратегиялық мақсаттарын болжамды шығындармен байланыстыратын бюджеттік өтінімнің құрамдас бөлігі ретінде практикаға енгізу;
мемлекеттік органдардың жоспарларын әзірлеу және іске асыру кезінде, мемлекеттік жоспарлауға жаңа тәсілдер енгізуді ескере отырып, олардың дербестігі мен жауапкершілігін күшейту;
мемлекеттік органдардың нақты стратегиялық нысаналы индикаторлар жүйесін әзірлеуі;
мемлекеттік стратегиялық мақсаттар мен тиісті түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мониторингінің жүйесін енгізу.
Мемлекеттік жоспарлаудың Жаңа жүйесіне көшкенге дейін қолданыстағы бағдарламалық құжаттарды біріктіру, қысқарту және жекелеген міндеттерді шешуді мемлекеттік органдардың деңгейіне беру жолымен оларды оңтайландыру жүргізілетін болады.
Мемлекеттік органдар қызметінің және олардың бюджет қаражатын пайдалануының ашықтығын және қоғамның бақылауында болуын қамтамасыз ету үшін мыналар жүзеге асырылатын болады:
мемлекеттік органдар қызметін және олар іске асыратын бағдарламаларды үкіметтік емес ұйымдар (қоғамдық бірлестіктер) мен халықтың мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасы туралы пікірлерін ескере, осы бағалау нәтижелерін міндетті түрде жариялай және мемлекеттік органдардың алдағы жұмысын жақсарту үшін ұсынымдар әзірлей отырып, түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мәніне бағалау институтын енгізу;
бюджеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижелеріне, олардың ашықтығына және бақылануына уақтылы қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік сатып алуды жүргізу рәсімдерін жетілдіру;
мемлекеттік жоспарлау және оны іске асыру сатысында еңбек өнімділігін арттыру үшін бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару рәсімдерін ықпалдастыру мақсатында қолданыстағы ақпараттық жүйелерді оңтайландыру және жаңғырту.
Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру бөлігінде мемлекеттік статистика жүйесін жетілдіру үшін мемлекеттік органдардың стратегиялық және операциялық (жылдық) жоспарларын, олардың нысаналы бағдарламаларын орындау процесінде нысаналы индикаторлар жетістіктеріне статистикалық қадағалауларға негізделген мемлекеттік статистикалық есептілік енгізілетін болады.
Нәтижелері
Нәтижелерге бағдарланған мемлекеттік жоспарлау жүйесін енгізу.
4.2. Мемлекеттің экономикалық саясатын жүргізу тиімділігін арттыру
4.2.1. Фискалдық саясат мақсаты
Ел экономикасының өнімділігі мен оны әртараптандыруды арттыру, әлеуметтік-экономикалық дамудың басым міндеттерін шешу мақсатында салық-бюджет саясатының тетіктерін жетілдіру.
Міндеттері
1. Салық-бюджет жүйесінің орнықтылығын қамтамасыз ету, фискалдық тәртіпті арттыру, мемлекеттік шығыстардың қалыпты қатаң саясатын жүргізу және ұлттық қордың активтерін тиімді басқаруды жүзеге асыру.
2. Экономикаға салық жүктемесін оңтайландыруға, салықтық рәсімдерді оңайлатуға және олардың ашықтығын арттыруға бағытталған салық саясатын жүргізу жолымен шаруашылық жүргізуші субъектілер мен халықтың іскерлік белсенділігінің өсуін ынталандыру.
3. Бюджет қаражатының мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі міндеттерін шешуге жұмсалуын қамтамасыз ету.
Шешу жолдары
Салық-бюджет жүйесінің макроэкономикалық тұрақтылығын және орнықтылығын қолдау үшін мыналар көзделеді:
орта мерзімді кезеңде экономика өсімінің номиналды қарқынынан аспайтын мемлекеттік бюджет шығыстары өсімінің номиналды қарқынын қамтамасыз ету;
бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығын бірте-бірте төмендету;
Ұлттық қордың активтерін басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған қаражатын қалыптастыру мен пайдалану тетігін жетілдіру;
мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз бен борышты, мемлекеттің кепілгерліктерін тиімді басқару, оның ішінде сыртқы қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу, бюджет тапшылығын қаржыландыру құрылымында сырттан қарыз алу үлесін азайтудың жолымен мемлекеттік борыш құрылымын оңтайландыру.
Салық салудың қолданыстағы жүйесін талдау мен бағалау және әлемдік тәжірибе негізінде елдегі іскерлік белсенділіктің өсуін ынталандыру мақсатында мыналар көзделеді:
орта мерзімді кезеңде салық ауыртпалығын заңды тұлғалардың кірістерінен жеке тұлғалардың кірістеріне халықтың әлеуметтік осал топтарына жүктеме деңгейін арттырмастан кезең-кезеңімен қайта бөлу бойынша салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар дайындау;
кедендік және салық әкімшілігін жүргізу;
салық және кедендік рәсімдерді одан әрі оңайлату және олардың ашықтығын арттыру;
2008 жылдан бастап экономиканың шикізаттық емес секторында шағын және орта бизнестің жобалары бойынша инвестициялық салықтық преференциялар алудың хабарлау жүйесін енгізу.
Мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын тиімді шешуге арналған бюджет шығыстарын бағдарлау үшін мыналар көзделеді:
стратегиялық, орта мерзімді және бюджеттік жоспарлаудың мақсаттары мен міндеттерін ықпалдастыру;
бюджетті жоспарлау және атқару процесін бюджеттік шығыстардың тиімділігі мен нәтижелілігіне, тиімсіз шығындарды қысқартуға бағдарлау;
бюджетті қалыптастыру мен атқару процесінің ашықтығын қамтамасыз ету;
бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бюджеттік тәртіпті сақтау бойынша қойылатын талаптарды күшейту;
бюджет ақшасын (қолма-қол ақшаны) басқарудың сапасын арттыру.
Нәтижелері
Салық-бюджет саясаты тетіктерінің, бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру, мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін толық орындау.
4.2.2. Инфляцияға қарсы саясат және қаржы секторын дамыту
Мақсаты
Ырықтандыру жағдайында баға тұрақтылығын, қаржы секторының орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.
Міндеттері
1. Инфляцияның деңгейін берілген параметрлерде ұстап тұру.
2. Қазақстанның қаржы секторын нығайту, оның орнықтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру, кәсіпорындар мен халықтың қаржы секторының қызметтерімен қамтылуын кеңейту, оның жекелеген сегменттерін одан әрі дамыту.
3. Қазақстан Республикасының ТМД мен Орталық Азия өңірі шеңберінде қаржы ағындарын тиімді қайта бөлуді қамтамасыз ететін өңірдің негізгі қаржы орталығы ретінде қалыптасуы.
Шешу жолдары
Инфляцияның деңгейін берілген параметрлерде ұстап тұру Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банкінің бірлескен іс-қимылдарымен жүзеге асырылатын болады.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық Банк өзінің негізгі мақсатын орындауға бағытталған мемлекеттік ақша-кредит саясатын жүргізетін болады. Атап айтқанда, бұл ақша-кредит саясатының құралдары мен операциялық негізін одан әрі жетілдіруді, банк жүйесінің шамадан тыс өтімділігі проблемасының өткірлігі сақталған жағдайда ақша-кредит саясатын қатайтуды болжайды.
Үкімет, өз кезегінде, Ұлттық Банк қызметінің негізгі мақсатын орындауға оның ішінде мынадай бағыттар бойынша жәрдем көрсететін болады:
көбінесе өндірістің тиімділігін арттыру және еңбек өнімділігін өсіру есебінен экономиканың өсуін ынталандыру;
өлшемдері ақша-кредит саясатымен келісілетін біркелкі қатаң фискалдық саясат жүргізу;
шикізат ресурстарына жоғары баға кезеңінде ұлттық қорда қаражатты жинақтау саясатын жүргізу;
орта мерзімді тарифтік жоспарлар шеңберінде табиғи монополиялар субъектілерінің тауарлары мен қызметтер көрсетуіне бағаны реттеу;
үстем (монополиялық) жағдайға ие субъектілердің тауарлары мен қызметтер көрсетуіне баға белгілеуді бақылау;
баға жөнінде сөз байласу фактілерін, теріс пиғылды бәсекелестікті анықтау және жолын кесу;
бәсекелі ортаны, бәсекелі ішкі нарықтарды дамыту үшін жағдай жасау;
биржалық сауданың қалыптасуы және оны дамыту;
сауда инфрақұрылымын дамыту;
ішкі тауар нарықтарының теңгерімділігін қамтамасыз ету.
Нақты макроэкономикалық бағдарлар, оның ішінде ақша-кредит саясатының бағдарлары, сондай-ақ тараптардың оларға қол жеткізу жөніндегі бірлескен іс-қимылдары Үкімет пен Ұлттық Банктің жыл сайынғы бірлескен мәлімдемелерінде айқындалатын болады.
Экономиканы ырықтандыру жағдайында қаржы жүйесінің орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007—2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруды ескере отырып жүзеге асырылады, сондай-ақ мыналарға:
қаржы институттарының орнықтылығы мен тұрақтылығын, қаржы секторы қызметтерінің сапасын және оларға қол жетімділікті арттыруға;
қаржы қызметтері нарығында бәсекені арттыру мақсатында қаржы секторын реттеу стандарттарын жақсартуға, оны одан әрі ырықтандыруға;
Ұлттық Банк, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі және Үкімет арасында қаржылық тұрақтылық мәселелері бойынша меморандум жасасуға;
Қазақстанның банк жүйесі тарапынан экономиканың перспективалық секторларына нарықтық ақталған қолдау көрсету үшін жағдай жасауға және өңірлік экономикалық жобаларда, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде банктік қатысуды күшейтуге;
Қазақстанның жиынтық сыртқы борышының оңтайлы мөлшерін ұстап тұру қажеттілігін ескере отырып, сыртқы қарыз алуды шектеу жөнінде қолданылатын шаралардың тиімділігі туралы мәселені қарауға;
тиімді жұмыс істейтін қаржы нарығын құруға және халықты өздерінің жинақтарын бағалы қағаздарға белсенді түрде инвестициялауға тартуға;
электрондық банктік қызметтердің инфрақұрылымын кеңейтуге байланысты болады.
Халықтың инвестициялық сауаттылығын арттыру коммуникация құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын болады.
Қазақстан Республикасының, ТМД мен Орталық Азия өңірі шеңберінде негізгі қаржы орталығы ретінде қалыптасуы қаржы секторының жекелеген сегменттерінің көшбасылық өңірлік ұстанымдарға қол жеткізуі есебінен мыналар:
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамыту және оның тиімді жұмыс істеуі;
ТМД мен Орталық Азиядағы неғұрлым өтімді және қол жетімді нарық ретінде Қазақстанның бағалы қағаздар нарығын дамыту;
валюталардың негізгі түрлері бойынша Қазақстанда неғұрлым өтімді валюта нарығының қалыптасуы;
қазақстандық қаржы институттарының (банктердің, зейнетақы қорларының, сақтандыру компанияларының және басқа да қаржы институттарының) ТМД мен Орталық Азия өңірінің қаржы ресурстарына қажеттілігін, сондай-ақ Қазақстандық кәсіпорындардың инвестициялары мен мүдделерін қолдауды, өңірлік нарықтарға жылжытуды қамтамасыз етуге қабілетті ірі өңірлік қаржы ұйымдары ретінде дамуы;
Қазақстанның қаржы секторының мынадай көрсеткіштер: тұрақтылық, орнықтылық, айқындылық, сондай-ақ қаржы өнімдерінің деңгейі, сапасы мен әртүрлілігі бойынша ТМД мен Орталық Азиядағы көшбасылық бойынша экономикалық жағынан дамыған елдердің стандарттарына қол жеткізуі арқылы қамтамасыз етілетін болады.
Бұл ретте Қазақстанның алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жағдайында отандық қаржы институттарының орнықты ұстанымдар мен бәсекеге қабілеттілікті сақтауы маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Нәтижелері
Қолданылатын шаралар:
инфляцияны жылына 5—7 % деңгейінде ұстауға;
отандық қаржы секторының даму деңгейін, оның орнықтылығын, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, бұл өз кезегінде Қазақстанның ТМД мен Орталық Азия өңірі шеңберінде негізгі қаржы орталығына айналуға мүмкіндік береді әрі тұтастай алғанда республика экономикасының дамуына оң әсер етеді;
халықтың инвестициялық сауаттылығы деңгейін арттыруға;
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының халықаралық қаржы нарығының Жаңа сегменті ретінде қалыптасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
4.2.3. Бәсекені дамыту, бәсекелі ортаны қорғау және табиғи монополиялардың қызметін тиімді реттеу
Мақсаты
Еркін бәсекені одан әрі дамыту, табиғи монополиялардың қызметін реттеу.
Міндеттері
1. Еркін бәсекелі орта құру және нарықтың барлық субъектілеріне тең жағдай жасау.
2. Инвестицияларды активтерді жаңғыртуға және жаңартуға бағыттауды ынталандыратын табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің тиімді жүйесін қалыптастыру, олар ұсынатын қызметтердің сапасын арттыру.
3. Бәсекені қорғау жүйесін жетілдіру.
Шешу жолдары
Алға қойылған міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:
тарифтік және техникалық реттеу функцияларын біріктіретін тәуелсіз салалық реттеуіштерді жасау жолымен реттеуші органдардың рөлін, функциялары мен құрылымын қайта қарау;
экономиканың инфрақұрылымдық салаларында, оның ішінде темір жол саласында, телекоммуникацияда және энергетикада монополияландыруды және келеңсіз экономикалық шоғырландыруды жою, осы салаларда бәсекені дамыту;
жаңа компаниялардың нарыққа, оның ішінде республикаішілік авиатасымалдар нарығына шығуын бөгейтін кедергілерді жою жөніндегі шараларды іске асыру;
үстем жағдайға ие нарық субъектілерінің міндеттерін заңнамалық деңгейде белгілеу, ашық конкурстар өткізу жолымен монополиялық түрде сатылатын тауарлардың (жұмыстардың және қызмет көрсетулердің) өзіндік құнына елеулі әсер ететін тауарларды (жұмыстарды және қызмет көрсетулерді) сатып алуды жүргізу;
ұлттық заңнамаға халықаралық стандарттарға сәйкес тексеріс жүргізу және оны жетілдіру;
монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін барабар шаралар мен айыппұл санкцияларын енгізу;
мұнай өнімдерінің айналымы және газбен жабдықтау, электр энергетикасы саласында халыққа коммуналдық қызметтер көрсету аясында бәсекені дамытуға келеңсіз әсер ететін артық делдал құрылымдарды алып тастау;
тауар биржаларының ашық және тиімді жұмыс істеуін, оларда сатылатын тауарлардың бағасын қалыптастырудың айқын тетігін, биржа саудасына қатысушылар арасында адал бәсекені қамтамасыз ететін «Тауар биржалары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциясын қабылдау;
бәсекені қорғау жөніндегі мемлекеттік органды институционалдық күшейту;
қызметтерді тұтынушылардың бәріне кедергісіз және кемсітпейтін қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында табиғи монополиялар субъектілерінің желілері мен қызметтеріне қол жеткізуді ұсыну тәртібін қайта қарау;
табиғи монополиялар субъектілері персоналының санын және олардың шикізат, материалдар, отын, энергияның әр түрлі шығыстарын нормалау тәсілдерін қайта қарау;
мыналарды:
табиғи монополиялар субъектілерінің активтерін жаңғыртуға салынатын инвестициялық салымдарды ынталандыруға, олардың қызметтерінің тиімділігі мен сапасын арттыруға, менеджментті және қызмет көрсеткіштерін жақсартуға;
табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтерді көрсету шығындарын және технологияларын ұтымды етуге;
табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерді қалыптастыру кезінде ескерілетін нормативтік техникалық шығындарының деңгейлерін төмендетуге бағытталған нормативтік құқықтық актілер әзірлеу.
Нәтижелері
Республиканың тауар нарықтарында еркін және адал бәсекені дамыту, нарықтарды монополияландыру дәрежесін төмендету, бәсеке үшін тең жағдай жасау, табиғи монополиялар салаларын қысқарту, реттелетін тауарларға (жұмыстар мен қызметтер көрсетуге) бағаны қалыптастыру тетігінің айқындылығын қамтамасыз ету.
Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің тарифтер деңгейінің айқындылығын, негізділігін және алдын ала белгілі болуын, табиғи монополиялар субъектілерінің негізгі өндірістік қорларын жаңартуға және жаңғыртуға инвестициялардың жұмыс істеу тиімділігін арттыруды және оларды өсіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін кешенді жүйесі қалыптастырылатын болады.
4.2.4. Бизнестік ортаны дамыту және кәсіпкерлікті қолдау
Мақсаты
Кәсіпкерлікті тиімді дамыту үшін заңнамалық және институционалдық сипатта қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді одан әрі қысқарту, шағын және орта бизнесті, оның ішінде мемлекеттік холдингтердің қолдауы.
Міндеттері
1. Бизнесті дамытуды бөгейтін әкімшілік кедергілерді жою.
2. Бизнес ахуалды жақсарту.
3. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік холдингтермен ынтымақтастыққа тарту үшін ынталық туғызу.
Шешу жолдары
Алға қойылған міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:
шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің есептілігін оңайлату;
жаңа кәсіпорындар мен компаниялар құру процесін жетілдіру, оның ішінде фирманы тіркеудің мерзімін 2—3 күнге дейін қысқарту;
«Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, оның ішінде"бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі"ұғымын енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
қайталауды жою және рұқсат беру рәсімдері мен тексерулерді қысқарту;
лицензиялау, келісу, сертификаттау, стандарттау, аккредиттеу және аттестаттау рәсімдерін оңайлату;
аудиторлық қызмет туралы заңнаманы жетілдіру;
кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру және бизнестің"көлеңкеден" одан әрі шығуы үшін салық заңнамасын жетілдіру;
кеден заңнамасына экспорттық және импорттық рәсімдерді оңайлату бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
елдің шағын қаржы секторын дамыту;
Қазақстанның барлық өңірлерінде инфрақұрылым объектілерінің қызметін жақсарту және кеңейту жолымен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне консалтингтік және үйретуші қызметтер көрсету;
«Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның кредит беруінің жаңа өнімдерін әзірлеу, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін ұзақ мерзімді кредит беруді енгізу;
мемлекеттік холдингтердің құрамына кіретін ұлттық компанияларға тән емес функцияларды шағын және орта бизнеске беру (аутсорсинг);
мемлекеттік холдингтердің құрамына кіретін ұлттық компаниялардың тапсырыстарын Қазақстанның шағын және орта бизнес кәсіпорындары арасында орналастыруды қамтамасыз ету.
Нәтижелері
Дүниежүзілік Банктің (Doing Busines) өлшемдеріне сәйкес бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінің мынадай индикаторлары жақсартылатын болады: бизнес ашу, лицензиялау, меншікті тіркеу, салықтар төлеу, халықаралық сауданы жүргізу, компанияны жабу. Нәтижесінде Қазақстанның жалпы рейтингі 2006 жылы 63-орыннан 2007 жылы 58-ге, 2008 жылы 53-ке және 2009 жылы 48-ге дейін жоғарылайтын болады.
4.2.5. Мемлекеттік меншікті тиімді басқару
Мақсаты
Корпоративтік басқару принциптерін енгізу арқылы мемлекеттік меншікті басқару тиімділігін арттыру.
Міндеттері
1. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарда корпоративтік басқару принциптерін енгізу.
2. Мемлекеттік меншікті оңтайландыру.
Шешу жолдары
Мемлекеттік холдингтер мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарда олардың жұмыс нәтижелерін бағалау, тәуелсіз директорлар институтын және корпоративтік басқарудың басқа да принциптерін енгізу жолымен корпоративтік басқару жүйесін жетілдіретін болады.
Мемлекеттік холдингтерді тиімді басқаруды ұйымдастыру, олардың қызметін бақылау және олардың қызметінің айқындылығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар енгізілетін, мемлекеттік холдингтерді дамыту тұжырымдамалары бекітілетін болады, мұның негізінде оларды дамыту стратегиялары қабылданады.
Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар және олардың еншілес (тәуелді) ұйымдары үшін Корпоративтік басқарудың үлгі кодексі бекітілетін болады.
Мемлекеттік меншікті оңтайландыру үшін мемлекеттік меншікті басқару саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған шаралар кезең-кезеңімен қабылданатын болады. Заңнамалық актілерге мемлекеттік кәсіпорындар қызметі салаларына және стратегиялық объектілерге байланысты мәселелерді реттеуге қатысты өзгерістер мен толықтырулар дайындалатын болады.
Мемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті және мемлекеттік холдингтердің, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жарғылық капиталына және бәсекелі ортаға беруге ұсынылатын мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) және мемлекеттік кәсіпорындардың тізбелері айқындалатын болады.
Нәтижелері
Мемлекеттік меншікті басқару тиімділігін арттыру және мемлекетке тиесілі активтердің құнын ұлғайту.
4.3. Орнықты дамуға көшу, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және адами капиталды дамыту
4.3.1. Табиғатты пайдалану және қоршаған ортаны қорғау
Мақсаты
Халықтың өмір сүру сапасын арттырудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілерінің теңгерімі негізінде орнықты дамуға және қоршаған ортаны қорғауға көшу үшін жағдай жасау арқылы табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалану.
Міндеттері
1. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлауға орнықты даму принциптерін енгізудің тиімді тетігін жасау.
2. Табиғи ресурстарды, оның ішінде су, орман, балық ресурстарын, жануарлар әлемін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, жаңартылатын энергия көздерін орнықты және ұтымды пайдалану үшін жағдай жасау.
3. Нысаналы көрсеткіштер мен квоталарды белгілеу, Экологиялық кодекстің ережелерін іске асыру, экологиялық-экономикалық ынталандыруды енгізу есебінен қоршаған ортаға эмиссияларды төмендету.
4. Экология (жердің тозуы, биологиялық әртүрлілік және басқалар) және климатты сақтау мәселелерінде трансшекаралық және халықаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуде Қазақстанның рөлін жандандыру.
5. Ең жаңа экологиялық таза технологияларды пайдалана отырып, өндірістер құруды немесе қазіргі кәсіпорындарды қайта жаңартуды ынталандыратын тиімді тетіктерді қалыптастыру және стратегиялық су ресурстарын қорғау саласында халықаралық стандарттарды енгізу, халықты ауыз сумен қажетті мөлшерде және кепілдік беретін сапада орнықты қамтамасыз етуге қол жеткізу.
Достарыңызбен бөлісу: |