«Қазақстанның қазіргі заман тарихы, тарих және география»


апта 30,31,32. Қазақстандағы рухани, шаруашылықтық «тоқыраулар» және экологиялық дағдарыстар



бет16/20
Дата28.11.2023
өлшемі191.77 Kb.
#484766
түріКонспект
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20
Лекция жинағы

12 апта
30,31,32. Қазақстандағы рухани, шаруашылықтық «тоқыраулар» және экологиялық дағдарыстар
Өнеркәсіптегі прогресс Қазақстандағы индустрия саласында жұмысшы табының өсуіне мүмкіндік жасады. 1970 жылы 3,4 млн. жұмысшы болды, бұл 1940 жылдан 5 есе көп еді. Жұмысшы табы ірі кәсіпорындарда көптеп шоғырланды. Мысалы, Қарағанды металлургия және Ащысай полиметалл комбинаттары жұмысшылардың көп шоғырланған ортасы болды. Бірақта экономикалық реформалардың сәтсіздігі қоғамның әлеуметтік құрамына және тұрмыс жағдайына өз әсерін тигізді. Жергілікті ұлт өкілдерінен маман жұмысшы кадрларын даярлауға қамқорлық жасалмағандықтан, 1957-1973 жылдар жұмысшылар арасында қазақтардың алатын үлесі 17,4%-тен, 11,7%-ке дейін төмендеді. 1970 жылдың басында қазақтар тек мұнай және газ саласында ғана басым болды. Осыған қарамастан республикада машина жасау жеткіліксіз қарқынмен дамыды, өнеркәсіп өндірісінде оның үлес салмағы 1961 жылы - 10,4%, 1970 жылы – 10,6% дейін ғана өсті. Республиканың машина, құрал-жабдықтар жөніндегі құрамының 72% басқа 169 республикалардан әкелу арқылы шешілді. Республика өндірісінің дамуы негізінен шаруашылық айналымға шикізаттың жаңа көздерін қосу арқылы қамтамасыз етіліп, өнеркәсіптің шығарушы және өңдеуші салалары арасындағы алшақтық тереңдей түсті. 60-шы жылдары халық шаруашылығын әміршіл-әкімшілдік, бюрократтық жолмен басшылық жасаудың тиімсіз екендігі сезіліп, елдің сол кездегі басшылығы оны қайта қарауға талпыныс жасады. 1959 жылы түсті металлургияның барлық кәсіпорындары Қазақстанның қарамағына берілді. КОКП ОК 1965 жылғы қырқүйек пленумында экономикадағы әкімшілдік айыпталып, өндіріс басшылығын салалық принцип бойынша ұйымдастыру қажет деп табылып, өндірістің салалары бойынша одақтық, республикалық және жалпыодақтық министрліктер құру жөнінде шешім қабылданады. Өндіріс орындарына біршама өзіндік еркіндік беріліп, жаңаша жоспарлау мен экономикалық ынталандыруға көше бастады. Халық шаруашылық кеңестері жойылып, жаңадан құрылған министрліктердің қызмет ауқымы кеңейді. Әр министрлік өз саласын қаржыландыру, басқару, шикізат пен жабдықты бөлу, өнім сапасын қадағалау және т.б. күрделі міндеттерді атқарды. Өндіріс орындарына да біршама еркіндік берілгендіктен, оларға өзін-өзі қаржыландыруға, жұмысшылардың сапалы еңбегіне төленетін еңбекақы көлемін көтеруге рұқсат берілді. Сонымен бірге өнеркәсіп ынтасын арттыру үшін еңбекақы қорында өнеркәсіп кірісінің жартысы қалдырылды. Бұл жағдай еңбек сапасын, өнім сапасын өсіруге, шикізатты үнемді пайдалануға жол ашты. 60- шы жылдардың соңына қарай жаңа жоспарлау жүйесіне 1467 өнеркәсіп немесе барлық өнеркәсіп орнының 80% көшті. Бұл реформа нәтижесі жоғары болды. Сегізінші бесжылдықта (1966-1970 жж.) халық шаруашылығы жоспарлы экономикаға көшкен кезден бері алғаш рет ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Сегізінші бесжылдықта өндіріс күші жоғарғы қарқынмен дамыды. Қазақстан Одақ бойынша көмір өндіруден, қорғасын қорытудан алға шықты. Мұнай өндіру, химия өнеркәсібінің маңызы артты. Кен орындары көптеп ашылып, жаңа өнеркәсіп аудандары ашылды. Бесжылдықтың соңына қарай 445 ірі өнеркәсіп орындары мен цехтар ашылып, зауыттар мен фабрикалар қайта жабдықталды. Қазақстанда минералды тұз, синтетикалық каучук, химия өндірістері кеңейді. Қаратау бассейніндегі фосфорит қоры, КСРО–дағы сары фосфор мен тыңайтқыш шығаратын ірі орталыққа айналды. СоколовСарыбай тау-кен комбинатының өнімі Орал металлургия зауытының және т.б. өнеркәсіп орындарының шикізат көзіне айналды. Қарағанды металл зауытының Одақ бойынша маңызы өсті. Ол жоғарғы сапалы шойын, мыс өндірді. Республика хром өндіруден бірінші орынға, темір және марганец өнімдерін өндіруден үшінші орынға көтерілді. Машина жасау өнімін өндіру 1,6 рет, соның ішінде ауыл шаруашылығы машиналарын өндіру 2 есе артты. Қазақстанда машина және машина жабдықтарының 300 жаңа түрі шығарылды. Республикадағы трактор жасау саласының негізі болған Павлодар трактор зауыты іске қосылды. Жеңіл өнеркәсіп салалары да біршама дамыды. Қазақстан жеңіл өнеркәсібі 1970 жылы Одақ бойынша өңдірілген барлық өнімнің 16%-ін берді. Осыларға қарамастан 60-шы жылдардың 2-ші жартысындағы экономикалық реформалар сәтсіз аяқталды. КОКП ОК-нің бірінші хатшысы Л.И.Брежнев басқарған басшылық өткеннен сабақ алмады. Осының салдарынан ауыл шаруашылығына, өндіріске қатысты қаулы-қарарлар бұрынғысынша әкімшіл-әміршіл сипатта қала берді. Қабылданған қаулылар іс жүзінде кеңес атқару комитеттері мен шаруашылық ұйымдарының атқаратын міндеттерін облыстық, аудандық және бастауыш партия ұйымдарына жүктеп, өндіріс орындары, колхоздар мен совхоздарды өзіндік еркіндіктен айырды. Реформалар кредиттікқаржылық жүйемен, материалдық-техникалық жабдықтаумен байланыстырылмады. Осылардың салдарынан бір жағынан Қазақстанның экономикасының қуаты арта түссе, екінші жағынан оның орталыққа тәуелділігі күшейе түсті.
1. Әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар. ХХ ғ. 70-жылдарының басында 60-шы жылдардың ортасында басталған экономикалық реформаның қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған бастапқы идеялары бұрмаланып және көп ұзамай реформаны жүргізу тоқтатылып, тарихымыздағы тоқырау кезеңі басталған болатын. “Тоқырау” кезеңі дейтін 1971-1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен дамыды. Бұл жылдары өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 32% жұмсалды. 15 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2 есе, ал машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты салаларда 3 еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан әрі шоғырланып, орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық кәсіпорындары дерлік бір орталықтан энергиямен жабдықталды. Шевченко қаласында шапшаң нейтронға негізделген дүние жүзіндегі аса ірі атом реакторы жұмыс істеді. Машина жасау және металл өңдеу саласындағы өсудің жылдық орташа қарқыны 12%-ке жетті. Бұл көрсеткіштер оныншы және он бірінші бесжылдықтарда да кеміген жоқ. 1980 жылға дейін 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар іске қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды. Дегенмен осы жылдарда КСРО-ның бірыңғай халық шаруашылығы жүйесіне әбден кірігіп кеткен Қазақстан экономикасы қарқынды дами алған жоқ. Республика өнеркәсібінің жартысына жуығы одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық ведомстволар республиканың шикізат ресурстарын өздеріне тасып алып, аса зор пайда тапты. Бірақ, олар Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды дамытуға қаржы жұмсамады. Олар өз қарауындағы кәсіпорындар арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1 проценттен аз қаржы аударды. Міне, осындай және тағы да басқа себептерге байланысты өнеркәсіп өнімінің кейбір түрлерін өндіру жөніндегі жекелеген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тапсырмалар орындалмады. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Еңбек тәртібін бұзушылыққа жол берілді, ғылым мен техниканың жетістіктері өндіріске жеткілікті дәрежеде тез енгізілмеді. Осының әсерінен, республика өндіріс орындары 1981 ж. 760 млн. сом, 1982 ж. – 1,0 млрд., 1983 ж. – 1,3 млрд., 1984 ж. –1,65 млрд. сомға жоспарлы өнімді берген жоқ. Сонымен бірге өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттыруда, ғылыми-техникалық дамуда, қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде капиталистік мемлекеттерден кейін қалу күшейе түсті. Бұл жылдарда жалпы өнім көрсеткішін өсіру ауыр өнеркәсіпте негізгі мақсатқа айналды. Күрделі құрылыста да жұмысты атқарудың ұзақ мерзімге созылуы салдарынан ұлттық байлықтың едәуір бөлігі істен шығып қалып жатты. Қымбатқа түсетін, жоғары ғылыми-техникалық көрсеткіштерге жетуді қамтамасыз етпейтін өндіріс орындары салынды. Бірақ, осыған қарамастан республиканың басшылығы партияның кезекті съездерінде ірі өнеркәсіп орнының, шахтаның, мұнай кәсіпшілігінің, комбинаттардың, зауыттардың қатарға қосылғаны туралы зор жігерленген рухта есеп беріп отырды. Еңбекті, материал мен ақшаны көп жұмсаған кәсіпорын және оның басшыларының көрсеткіші жоғары бағаланды. Республика ілгерілеу қарқынынан айырыла бастады, шаруашылықтың барлық саласында іркіліс көбейіп, қиыншылықтар үсті-үстіне жинақталып, шиеленісе түсті, шешілмеген проблемалар көбейді. ІХ бесжылдықта жоспардың күрт төмендетілгеніне қарамастан 171 өнеркәсіп көлемі 12,6%-ке орындалмады. Оныншы бесжылдық - 25%-ке, ал он бірінші – 3,6%-ке орындалған жоқ. Соның салдарынан қаралып отырған жылдарда ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80-ші жылдардың бас кезінде экономикалық тоқырауға жақындатқан деңгейге дейін төмендеді. Мысалы, республика ұлттық табысын 60-70%-ке өсіру міндеті қойылса, ол іс жүзінде 36%-ке ғана орындалды. Республиканың көптеген шаруашылық қызметкерлері ұлттық байлықты молайту қамын ойламай, қайта белгілі бір салаға материал мен еңбекті, жұмыс уақытын көбірек жұмсап, оны қымбатырақ бағаға өткізуге әуестенді. Осының салдарынан өнімнің “жалпы саны” өскенімен, бірақ тауарлар жетіспеді. Қазақстан дамыған басқа елдерге қарағанда өнімнің бір өлшеміне шикізатты, энергияны, басқа да қуаттарды едәуір көп жұмсады. Мәселен, АҚШ пен Жапония өнімнің бір өлшеміне бізге қарағанда шикізат пен энергияны 30-40% кем пайдаланды. Елдің экономикасының ондаған жылдар бойы экстенсивті жолмен дамығаны көбінесе осы себептен еді. Өндірісті көлемі жағынан басымырақ өсіру идеяларында тәрбиеленген республика басшылығы үсті-үстіне жаңа шығындар жұмсау әдісімен әрекет жасады, отын, энергетика салаларын ұлғайтты, өндіріске табиғи ресурстарды жеделдете тартты. Мысалы, Маңғыстауда өндіретін мұнайдың және онымен қосылып шығатын газдың тек қана 8-10% ғана пайдаланылды. Аса ірі кәсіпорындар салу арқылы шикізат салаларын дамытуға бағыт ұстау ғылыми прогресс арқылы өркендейтін өндірісті тежеді, өңдеу, қайталап өңдеу, жаңа тауарлар шығару салалары баяу дамыды. Өндірістің теңестірілмеуі, әкімшілік арқылы басқарылуы жағдайында жылдық, тоқсандық және айлық тапсырмаларды өзгертіп отыру үйреншікті іске айналды. 1981-1985 жылдары Қазақстанда әртүрлі министрліктер мен ведомстволардың жоспарлары 300-ден астам рет өзгертілген. Күрделі құрылыстарда бітпеген объектілер саны өсті, жоспарлы құрылыстардың орнына жоспардан тыс көптеген құрылыстар салынды, қосып жазу, құрылыс материалдарын талан-таражға салу көбейді. 70-жылдарда құрылыста бригадалықмердігерлікті дамыту қозғалысы басталды. Оның негізінде жұмысшылардың өндірісте қорларды пайдалануда тәртіп орнату, еңбекақы төлеуде теңгермешілікті жою, неғұрлым көбірек дербестік алу жолындағы ұмтылысы жатқан еді. Бригадалық мердігерлікті сөз жүзінде бәрі қолдады және насихатттады, ал іс жүзінде мердігерлік әдіс көптеген нұсқаулар арқылы жоққа шығарылды. Бұл кезде Қазақстанда экономиканы дамытуда интенсивті жолға көшу және ғылымитехникалық прогресті өрістетуге бағыт алынды. Қызықты идеялар мен ұсыныстар аз болған жоқ, жаңашылдар мен өнертапқыштардың саны көбейді, тек 1981-1985 жылдары жаңашыл ұсыныстар берген авторлардың саны 818,8 мың адамға жетті. Алайда, олар өндіріске ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін енгізу практикасында аз ықпал жасады. Көптеген кәсіпорындарда өндірістің бүкіл процесі емес, тек жеке учаскелері ғана автоматтандырылды немесе комплексті механикаландырылды. 80-ші жылдардың орта кезінде өнеркәсіптегі жұмысшылардың үштен бірі, құрылыста жартысынан астамы ауыр қол еңбегін атқарды, олардың творчестволық белсенділігі төмен болды. Кәсіпорындарда социалистік жарысты ұйымдастыру жасанды сипат алды. Ресми мәлімет бойынша бұл жылдары жарысқа жұмысшылардың 90% қатысқанымен, мұның өндірістің өсу қарқынына, еңбек өнімділігіне, өнімнің сапасын жақсартуға, өндірісті жетілдіруге ықпалы болған жоқ. Өндірісте немқұрайлылық, салақтық, ынта-жігерсіздік тағы басқа да келеңсіз көріністер үйреншікті әдетке айналды. Тоқырау кезеңін қамтыған үш бесжылдық аралығында ауыл шаруашылығын 1965 жылдан басталған реформалау әрі жалғастырылды. Аграрлық салаға қаржыны көптеп бөлу, селоның әлеуметтік проблемаларын шешу, шаруашылық есепті енгізу, ауыл шаруашылық өнімдерінің сатып алу бағасын арттыру шаралары белгіленді. Осы бағытта тек 1971-1978 жж. ауыл шаруашылық саласына 58,2 млрд. сом бөлінді. Мұның нәтижесінде 1985 жылға дейін негізгі егін шаруашылығы жұмыстары – жер жырту, тұқым себу, дәнді дақылдарды жинау, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстар 75-90% техникаландырылды. Алайда, ауыл шаруашылығы проблемаларын тек күрделі қаржыны көбейту арқылы шешу жолы тиісті 172 нәтиже бермеді. Аграрлық секторда аса маңызды орын алатын жердің құнарлылығын арттыру, электрлендіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын және өңдейтін кәсіпорындар жеткілікті дәрежеде салынбады. Сондай-ақ село еңбеккерлерінің әлеуметтікэкономикалық проблемалары шешілмей қалды, сөйтіп бұл салада күткен бетбұрыс болмады, нәтижесінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру тұрақсыз болды. Егістіктің шығымдылығы азайды, мал шаруашылық өнімдерін өндіру төмендеді. Бұл кезде ауыл шаруашылығы секторының құрамында едәуір ұйымдық өзгерістер енгізіліп, колхоздардың есебінен совхоздардың саны көбейді. 1960 жылы республикада 879 совхоз бен 1355 колхоз болса, 1985 жылы колхоздар есебінен совхоздар саны 2140-қа өсіп, 388 колхоз қалды. Сөйтіп, меншіктің кооперативтік-колхоздық түрінің үлес салмағы едәуір төмендеді. Бірақ, осыған қарамастан колхоздық меншіктің одан әрі жетілуін байқауға болады. 1971-1985 жылдары совхоздардың өнімі көбеймей бір орында тұрып қалса, колхоздарда ол орта есеппен 200 мың сомға дейін өсті. Мал шаруашылығының жем-шөп базасы нығайтылды, жем-шөптік дақылдар егілетін алқаптар ұлғайтылды. Дегенмен мұның барлығы тек экстенсивтік шаруашылық негізінде іске асырылды. Атап айтқанда, жемшөптік дақылдар егілетін алқаптар сегізінші бесжылдықтағы 6678,4 мың гектардың орнына ІХ бесжылдықта 8824,6 мың гектарға дейін жеткізілді. 1985 жылы жоспарланған 50 млн. қойдың орнына тек қана 35 млн. қой болды. Оған шопанның ауыр еңбегіне немқұрайлы қарау, малды күтіп бағудағы қазақтың еңбек дәстүрін елемеу, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан, сыннан өткен технологиясының жоғалып кетуі үлкен әсерін тигізді. Бір айтып кететін жағдай, бұл жылдары мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіру басталды. Сондай-ақ ет және сүт өндіретін кешендер мен мал бордақылайтын алаңдар салынды, малды өсіріп, күтетін мамандандырылған шаруашылық бірлестіктері, құнажындар өсіретін фермалар құрылды. Жалпы қуаты 23 мың ірі қара малды жедел өсіріп, бордақылайтын төрт кешен: Алматы облысы бойынша 10 мың басқа арналған “Жетіген”, Шығыс Қазақстан облысында 5 мың басқа есептелген “Ждановский”, Орал облысында 5 мың басқа арналған “Правда” газеті атындағы, Ақмола облысында 3 мың басқа арналған “Шалқар” кешендері жұмыс істеді. Қарағанды облысында шошқа өсіріп бордақылайтын “Волынский” кешені қатарға қосылды. 1976 жылдың басына қарай 575 мың бас ірі қара мал, 418 мың шошқа, 1,7 миллионнан астам қой өнеркәсіптік негізде күтіп бағылды. Бірақ, осы жылдарда ауыл шаруашылығында келеңсіз жағдайлар қалыптаса бастады. Мал аурулары көбейіп, нәтижесінде мал саны азайып кетті. Азық-түліктік астық өндіру жөнінен одақта алдыңғы орындардың біріне шыққан республика жыл сайын жемге арнап басқа жерлерден миллиондаған тонна астық сатып алып отырды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау, халыққа сату ісі сұранысты қанағаттандырмады. Көліктің, элеваторлардың, қоймалардың жетіспеушілігінен, жолдың нашарлығынан жыл сайын жиналып алынған өнімнің 20%-тен 40%-ке дейінгісі ысырап болды. Ауыл тұрғындарының еңбегі тиісінше бағаланбай, олар қалаларға, басқа жақтарға көшіп кетуге мәжбүр болды. Аграрлық сектор саласында енгізілген жаңа сатып алу бағасы көбінше өнімнің өзіндік құнын ақтамады. Зиянмен жұмыс істейтін шаруашылықтардың саны артты. Егер 1970 жылы ондай шаруашылықтардың үлес саны совхоздардың 26%-ін, колхоздардың 4%-ін қамтыса, 1985 жылы совхоздардың 53% , колхоздардың 49% зиянмен жұмыс істеді. Ауыл, село еңбекшілеріне еңбекақы төлеуде теңгермешілік күшейді, адамдар көбінесе ақшаны жұмыстың нәтижесі үшін емес, жұмысқа шыққаны үшін алды. Еңбекте ақы төлеу оның өнімділігінің өсуінен басып озды. Республиканың жергілікті жерлеріндегі ауыл шаруашылығы өндірісін ұтымды ұйымдастыру, оның тиімділігін арттыру бағытындағы кейбір ізденістер басшы органдар тарапынан қолдау таппады. 80-ші жылдардың басында жүргізілген сансыз көп қайта құрулар, эксперименттер, бағаның, интеграция мен мамандандырудың жаңа түрлерін және т.б. енгізу ауыл шаруашылығының берекесін кетірді. Одан болдырған ауыл шаруашылығы 173 қатаң әкімшілік бақылауға алынып, аяғында келіп дағдарысқа ұшырады. Істің жағдайын жаңа шешімдер қабылдау жолымен өзгертуге тырысу елеулі нәтиже бермеді. ХХ ғ. 70 және 80 жж. бірінші жартысында Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде бірсыпыра істер атқарылды, жұмысшылар мен қызметшілердің орташа айлық табысы едәуір өсті. 70-жылдардың І-ші жартысында халық шаруашылығының өндірістік салаларында жаңа еңбек ақы белгіленді, ең төменгі жалақы 70 сомға жеткізілді. Колхозшылардың кепілді еңбек ақысы көбейді, халықтың төмен айлық алатындары орташа айлық алатындар дәрежесіне көтерілді. Осы жылдары халықты қоғамдық тұтыну қоры есебінен қамтамасыз ету біраз жақсарды. Оның едәуір бөлігі жәрдем, зейнетақы және стипендия төлеуге, тегін білім алуға, денсаулық сақтауға, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге жұмсалды. 1971 жылы колхозшылар үшін де жұмысшылар мен қызметкерлерге белгіленгендей зейнетақы белгілеу тәртібі енгізілді. 1972-1974 жж. соғыс және еңбек мүгедектеріне айлық орташа зейнетақы 33%-ке көбейтілді, ал 1975 ж. Отан соғысының мүгедектеріне қосымша жеңілдіктер енгізілді. Алайда, бұл шаралардың халықтың тұрмыс дәрежесін көтеруге ықпалы аз тиді. Өйткені мемлекеттің және кәсіпорындардың бағаны көтеруі, тауарлар сапасының нашарлауы, тапшылықтың өсуі, еңбек ақы төлеудегі теңгермешілік және т.б. халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне әкеп соқтырды. Оған ақшаның құнсыздануы әсер етті, тек 1970- 1986 жж. құнсыздану 20%-ке өсті. Әлеуметтік саладағы ең өткір проблеманың бірі тұрғын үй проблемасы болды. Халық санының өсуіне байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі аяғына дейін шешілмеді, оған үй салуға бөлінген қаржының азаюы себеп болды, тұрғын үй құрылысының жоспары орындалмады. Тек, 11-ші бесжылдықта ғана республикада 1,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмеді, мектеп, аурухана, балалар бақшасын салу жоспары орындалмады. Сөйтіп, тоқырау кезіндегі келеңсіз процесстер әлеуметтік саланы мықтап шарпыды. Әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға қаржы бөлудің “қалдықтық принциптері” қалыптасты, яғни ол салаға таза өндірістік мақсаттардан артылған қаржы ғана бөлінді. Қорыта келгенде, 70-80-жылдары республика экономикасында тұтастай Одақтың халық шаруашылығына тән үйлесімсіздіктердің бәрі көріне бастады. Бұл ең алдымен басқарудың әміршіл-әкімшілдік әдістерінің әбден орнығуы еді. Экономикалық ынталандыруды жоққа шығара отырып, қалыптасқан жүйе экономиканы экстенсивтік даму жолында ұзақ ұстап қалды. Мемлекеттік меншіктің іс жүзінде ведомстволық меншікке айналдырылуы өндіріс қызметкерлерін құрал-жабдықтарынан алыстатуға алып келді. Еңбекақы төлеу жүйесі еңбектің нәтижесімен байланыстырылмады. Кәсіпорындардың ешқандай дербестігі болған жоқ. Халық шаруашылығы иесіздіктен, жаңа техника мен технологияны нашар енгізуден үлкен зиян шегіп жатты. Экономикалық ведомстволар түріндегі орталықтың әміріне бағыну республикадағы жағдайды одан әрі қиындата түсті. 80-ші жылдардың ортасында республика экономикасы дағдарыс жағдайына ұшырады. 2. Қоғамдық-саяси өмірдегі келеңсіз құбылыстардың етек алуы. ХХ ғ. 70-80-жылдары республиканың қоғамдық-саяси өмірінде де күрделі жағдай қалыптасты. КОКП-ның әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері ұлттық қатынастарға да әсерін тигізбей қойған жоқ. Брежневтік басшылық бұл салаларды мүлтіксіз әрі ешқандай проблема жоқ деп санады. Ұлт мәселесін шешудегі табыстарды асыра бағалау кемелденген социализм концепциясынан туындады. Нақ осы кезеңде ұлт мәселесіндегі проблемалар шешілуінен гөрі шапшаңырақ қордаланды. 1922 ж. федералдық мемлекет ретінде құрылған КСРО іс жүзінде унитарлық мемлекетке айналып кетті. Оның құрамындағы Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың өзін өзі билеуі іс жүзінде ұмыт болды. КСРО-дан еркін шығу құқы болғанымен бірде-бір халық оны 174 пайдалана алмады. Бұл жерде нақты өмір шындығы есепке алынбады, саяси демократияның бұрмаланғандығы салдарынан бұлайша ерік білдірудің өзі мүмкін емес еді. Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Бұл бағыттағы тәрбие нақты өмірден алшақ жүргізілді, интернационализм идеяларын насихаттаумен шектелді. Осы мағынада алғанда интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді немесе бүтіндей оны ауыстырды. Түрі ұлттық мәдениет, оқу мен тәрбие іс жүзінде аударма болды. 70-80 жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді. Қоғамдық-саяси өмірде европоцентризм басым еді. КСРО халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мәдениетінің рөлін асыра бағалау етек алды. Біздің тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік өркениеті мен шығыс мәдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың тарихи санасын жою процесі жүрді. 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейінгінің бәрін ұмытуға табандылықпен мәжбүр етілді. Мұның керісінше Кеңес дәуірінің тарихы барынша дәріптелді. Ресми органдар мен насихат қазақ халқының және Одақтың басқа халықтарының нағыз тарихы тек 1917 жылдан басталады деп жұртты сендірді. Шұғыл интернационалдандыру, ұлттық мүдделерді есепке алмай бюрократтық және күштеп қудалау әдістерімен біртұтас совет халқының қалыптасуын шапшаңдатуға тырысу ұлт саясатында өрескел ағаттықтар мен елеулі қателіктер жіберуге әкеліп соқтырды. Ал шынайы интернационализм “өз” ұлтыңның да және басқа ұлттардың да ұлттық мүдделерін түсініп, мойындамайынша мүмкін емес еді. Ұлтшылдық ең алдымен ұлттық мүдделерді кемсітуден пайда болады. Қазақстанда тіл саясатында да кемсітушілік орын алды. Орыс тілін республикада қазақтардың 60%-і меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1%–нен де азы меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық, әскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирге орыс тілінде шықты. Бұрынғы КСРО-дағы империялық тіл саясаты ең алдымен орыс тілін білмейтін адамдардың әлеуметтік өсу мүмкіндіктерін шұғыл тарылта беру мақсатын көздеді. Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, әсіресе, зиялылар арасында наразылық туғызды. Ол түрліше көрінді. Студенттер, шығармашылық және ғылыми интеллигенция арасында республиканы орыстандыру саясаты айыпталды, қазақ тілінің жағдайына, республиканың егемендік құқының жоқтығына алаңдаушылық білдірілді. Партиялық-мемлекеттік құрылым қызметінің 70-80-жж. басындағы өзекті бағыты бұрынғыша ұлтшылдыққа, жершілдіктің көріністеріне және патриархалдық құрылысты дәріптеуге қарсы күрес болды. Өзгеше ойлаудың барлық түрі қудаланды. Өмір сүріп тұрған жүйенің идеологиясы мен жаттанды догмаларына сай келмеген өз көзқарастарын әдебиет пен өнер шығармаларында бейнелеген интеллигенцияның өкілдері қудалауға ұшырады. Мысалы, ақын О.Сүлейменовтың “АзиЯ” деген талантты кітабы осындай қасіретке ұшырады. О.Сүлейменовтың оппоненттері “Молодая гвардия”, “Москва”, “Звезда” және басқа журналдардағы мақалаларында кітаптың идеологиялық бағыты мен мақсатына күмән келтірді. Ол ұлтшылдық, пантюркистік шығарма және орысқа қарсы деп айыпталды. Кеңестік билік ғалымдар арасындағы ой-пікір бостандығына барынша тиым салып отырды. Мысалы, 1976 жылы философия институтының авторлар ұжымы даярлаған “Дәстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы” деген кітапты басып шығаруға тиым салды. Антрополог О.Исмағұловтың “Қазақстанның этностық геногеографиясы” деген кітабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды. Авторға методологиялық қате жіберген, рутайпалық факторларды бүгінгі заманмен байланысты біржақты баяндаған деген айып тағылған. Кейінірек бұл айыптың бәрі алынып тасталды. 1979 жылы жазда Ақмолада болған оқиға ұлттық қатынастардағы ұлғая түскен қарамақайшылықтардың көрінісі еді. Ол ұлттық қатынасты түпкілікті халықтың мүдделерін есепке алмай орталықтың әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткенін көрсетті. Қазақстанда 1979 175 жылы неміс автономиясын құру әрекеті және оған қазақ тұрғындарының қарсы шығуы республиканың саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім 1979 жылы көктемде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мәжілісінде республиканың үкіметі мен Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз қабылданды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың куәлік етуіне қарағанда, қазақ жерінің қақ ортасынан неміс автономиялық облысын ашу туралы шешім қабылдауға КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ю.Андропов мұрындық болған көрінеді. Бұл автономиялы облысқа Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандары беріліп, Ерейментау қаласы оның орталығы жасалмақ болып белгіленді. Автономиялы облыс құру туралы мәлімет республикаға тез тарап, қазақ халқының заңды қарсылығын туғызды. Маусымның 16 күні таңертең негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарының студенттері қатарындағы қазақ жастары қаланың орталық алаңына жиналды. Жастар қазақ және орыс тілінде “Қазақстан бөлінбейді!”, “Неміс автономиясы болмасын!” және басқа ұрандар жазылған транспоранттар алып шықты. Митинг Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу қабылдады. 19 маусымда Ақмолада тағы бір демонстрация болды. Оны аудандардан келген соғыс және еңбек ардагерлері бастады. Оған 2 мыңнан 4 мыңға дейін адам қатысты. Демонстрацияға қатысушылар облыс басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Ақмоладан кейін шағын митингілер мен демонстрациялар Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті. КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының бұл шешіміне республикада тұратын немістердің өздері де қарсы болды. Олар “Қазақстаннан шаңырақ сұрағанымыз жоқ, кеңес немістерінің ту тікпек жері Еділ бойы, автономия алсақ, о бастағы “ата” қоныстан ірге көтереміз”, - деп отырып алды. Бұл жерде еске салып кететін жағдай: бұрын Волга бойында, нақтырақ айтсақ Ресейдің Волгоград және Саратов облыстарының аумағында неміс автономиялық облысы бар болатын. Ол 1941 жылы Гитлерлік Германия әскерлері КСРО-ға басып кіргеннен кейін Кеңес үкіметінің шешімімен таратылып, оның мыңдаған азаматтары Қазақстан жеріне жер аударылған еді. Республика халқының наразылығының нәтижесінде орталық өз шешімін өзгертуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Қазақстан жерінде неміс автономиялық облысын құру жөніндегі шешім іске аспай қалды. Бұл бой көрсетулерден соң жазалау науқаны шектеліп жүргізілді (бұл тоқырау заманы үшін болмаған оқиға) және тіпті әкімшілік істері бойынша да сот процесі жүрген жоқ. Алайда республиканың басшылығы және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті демонстрация туралы хабардың кең тарап кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Баспасөз беттерінде бұл оқиғалар туралы ештеңе жазылған жоқ. Осы жылдарда индустриялық дамудың, кәсіпорындардың көптеп салынуының нәтижесінде қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірілді. Сырдария және Әмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Арал теңізі атырабына өндіргіш күштерді орналастыруда жіберілген стратегиялық қателіктер, жер және су қорын есепсіз пайдалану, мақта мен күріш дақылдарын өсіруге басымдық беру салдарынан теңіз түбі 27 мың шаршы шақырымға дейінгі аумақта құрғап, жалаңаш қалды. Теңіз суының тұздылығы 3 еседен астам өсіп, Арал өзінің балық өнеркәсібінен тұтастай айырылды. Оның үстіне құрғап қалған теңіз түбінен тұз бен шаңның көтерілуі күшейе түсіп, Арал аймағының климаты күрт нашарлап кетті. Айналадағы табиғи орта тепе-теңдігінің бұзылуы халықтың тұрмыс жағдайы мен денсаулығына қатер төндірді. Адам өлімі, әсіресе, балалардың шетінеуі көбейді. Аймақ тұрғындарының 80%-і әр түрлі сырқаттарға шалдықты. Бұл экологиялық апат іс жүзінде ұлттың генетикалық өсіп-өнуі мүмкіндігін сақтап қалу туралы мәселе көтеруге мәжбүр етті, өйткені Арал аймағы негізінен республиканың байырғы халқы - қазақтар мекендейтін аудан. Осындай ауыр жағдай Семей өңірінде де орын алды. Семей және басқа полигондарда барлығы 500-ден аса ядролық қарулар жарылды. Бұл жарылыстардың халықтың 176 денсаулығына және қоршаған ортаға тигізген зияны мен зардабы туралы ондаған жылдар бойы айтылмады. Ғалымдардың мәліметі бойынша полигонда сынақ жасалған жылдары кемінде 500 мың Семей өңірі тұрғындары ионды радиацияның сәулесіне ұшырады, әсіресе, онкологиялық сипаттағы аурулар көп шықты. 1975-1985 жж. бұл аурулардан өлгендер тек Семей облысының өзінде ғана 7 есе өсті, бала туу азайғаны, жынданып ауру және өзін-өзі өлтіру көбейгені байқалды. Семей полигонынан басқа әр жылдарда Республика территориясында 27 жерде қуаты әртүрлі 38 ядролық жарылыс жасалды. Бұндай жарылыстар, әсіресе, Атырау облысында көбірек болды, мұнда жаппай қырып-жоятын қарудың 17-сі сыналған. Сегіз ядролық заряд Орал өңіріндегі полигондарда, қалғандары Ақтөбе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жарылған. Бактериологиялық қарулар сынау полигоны Арал теңізіндегі Барсакелмес аралында жүргізілді..




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет