3. Ақындар поэзиясындағы символдық бейнелеу құралдарының көркемдік қызметі.
Символ образ күйінде адам санасындағы дайын калып емес, оның да ой мен сезімнің нәтижесінде туу, қалыптасу, даму сатыларынан өтіп барып, көркем өнерде орнығатынына дәлелдер көп. Мифтік ұғым, яки мифологиядағы символ туралы А. Потебня «Слово и миф» атты еңбегінде ұтымды ойлар айтқан. Ж. Жақыпбаев поэзиясында дала бейнесі туған жер аясында танылып, көбінесе Сарноқай мекені арқылы суреттеледі. Даланы кеңістік ретінде ала отырып, сол кеңістіктегі адам ғұмырын оның ой- сезімі, мақсат-мүддесі арқылы саралау Жұматай қаламына тән машық.
Салқын түскен Сарноқайда-екiндi,
...Сарноқайда ғажаптар бар не түрлі,
...Сарноқай жақта сімірдім кымыз мен кеше...
...Сарноқай тауда той болды...
Сарноқай-қазақ даласының бір нүктесі болса, өлең өмірінде кең ауқымға ауысып, бүкіл қазақ даласының жиынтық бейнесі болып көрінеді. Ж.Жақыпбаевтың Ләйләга қатысты жырларын сөз етсек, ондағы символдық образдар - аспан, гүл, аққу, кемпірқосақ т.б. болып келеді:
Кемпірқосақ-аспан телі көктемгі,
Меңзеді де мекенім деп көк белді.
Көзімді арбап, көкірегімді қуантқан
Лезден соң ізім-ғайым жоқ болды...
Ақын кемпірқосақты көктемгі аспан төлі бейнесінде алып, оған жерді мекені деп көрсетіп тұрғандай әрекет дарытады, көз қуантқан ол лезде-ақ ғайып болды. Ақын бұл арқылы өмірдің сәттік екенін аңғартқысы келгендей.
1980-жылдардағы қазақ лирикасына жүйелі талдау жүргізген Т. Шапаев «Қазақ поэзиясындағы лирикалық тұлға проблемасы» деген еңбегінде қазақ поэзиясының ұлттық сипатын сөз ете келіп, «Дала халықтық болмыс, ұлттық рухтың символы болса, ауыл оның тіршілікке, мазмұнға толы және бір жанды, төл көрінісі. Дала-ауыл. Шынына келсек, поэзиямыз үшін бұл тақырып бөліп-жарып, жіктеп-жіліктеуге келе бермейтін тұтас ұғым. Сол дала, сол ауыл бүгінде ұлан-асыр поэзиялық тебіреністер арсеналына айналды», - деген тұжырым айтады. Асқақ романтика мен сыршыл сезім К. Мырзабековтың өлеңдері мен балладаларында етене сипат. Оның қаламынан туған «Ақ көйлек», «Көшу» сияқты сюжетті өлеңдерде ақындық үн ұлттық бояумен астасып, өзгеше өрнек тапқан. М. Жұмабаев өлеңдірнен бастау алған символизмді қазіргі қазақ поэзиясының өкілдері Ж.Әскербекқызы, Қ. Сарин, Қ.Омар, Т.Толқынқызы т.б. ақындарымыздың өлеңдеріндегі бейнелі өрнектерден көре аламыз.
Әдебиеттер:
1.Қабдолов З. Сөз өнері. А., 1992.
2. Бейсентай А.Б. «Мағжан поэзиясындағы символизм». Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің хабаршысы
3. Сейпутанова А.Қ. Қазіргі поэзия және стиль. Астана, 2008.
Достарыңызбен бөлісу: |