3.4 Адам және азаматтардың құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауды қамтамасыз ету
Адамдардың құқықтарын халықаралық деңгейде қамтамасыз етудегі құжаттардың арасынан 1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының үшінші сессиясында қабылданған Адам құқықтарының жалпы декларациясының алар орны ерекше. Бұл декларацияға сәйкес, барлық адамдар өздерінің қадір-қасиеті және құқықтары тұрғысынан еркін және тең болып туылады. Декларацияда адамның жеке өміріне қатысты құқықтары, саяси құқықтары, мүлікке қатысты, білімге қатысты, еңбекке қатысты, дінге қатысты құқықтары кеңінен қарастырылған.
Адамдардың құқықтарын халықаралық деңгейде қамтамасыз етудегі тағы да бір маңызды құжат - Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық Пактi. Бұл пакт 1966 жылы 19 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылданды.
Осы пактіге сәйкес, барлық халықтар өзiнiң мемлекеттiк құрылысын өздерi шешуге құқылы. Осы құқық бойынша олар өз елiнiң саяси мәртебесiн еркiн белгілеп, оның экономикалық, әлеуметтiк және мәдени дамуын еркiн түрде қамтамасыз етеді. Барлық халықтар алдарына қойған мақсат-мұраттарына жету жолында халықаралық экономикалық ынтымақтастықтан туындайтын, өзара тиiмділік қағидаттары мен халықаралық құқыққа негiзделген қандай да болсын мiндеттемелерге нұқсан келтiрместен, өз елiнiң табиғи байлықтары мен ресурстарын еркiн игере алады. Бiрде-бiр халықты меншiгіндегi тiршiлiк етуге қажеттi заттардан еш уақытта айыруға болмайды. Осы пактiге қатысушы мемлекеттердiң бәрi, соның iшiнде өзiн-өзi басқарушы емес және қамқорлығындағы аумақтарды басқаруда жауапты мемлекеттер де, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерiне сәйкес, мемлекеттiк құрылысын өзi шешу құқығын жүзеге асыруын көтермелеуге және ондай құқықты құрметтеуге тиiс. 140 Пактiге қатысушы әрбiр мемлекет жекелей түрде және халықаралық көмек пен ынтымақтастық ретiнде, атап айтқанда, экономикалық және техникалық салаларда, осы пактiде танылған құқықтарды барлық тиiстi тәсiлдермен, атап айтқанда, заңнамалық шаралар қабылдауды қоса алғанда, бiрте-бiрте толық жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн қолда бар ресурстардың барынша ауқымды шегiнде шаралар қабылдауға мiндеттенедi. Пактiге қатысушы мемлекеттер пактiде жарияланған құқықтар нәсiлге, түр-түске, жынысқа, тiлге, дiнге, саяси немесе өзге наным-сенiмдерге, ұлттық немесе әлеуметтiк шығу тегіне, мүлiктiк жағдайға, сондай-ақ туылуы немесе өзге де жағдаяттарға қарамастан, қандай да болмасын кемсiтусiз жүзеге асырылатынына кепiлдiк беруге мiндеттенедi.
Дамушы елдер адам құқықтарын және өз халық шаруашылығын тиiстi есепке ала отырып, өздерiнiң азаматтары болып табылмайтын адамдарға осы пактiде танылған экономикалық құқықтарды қандай ауқымда беруге кепiлдiк бере алатынын айқындай алады. Пактiге қатысушы мемлекеттер пактiде көзделген барлық экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарды ерлер мен әйелдердiң тең пайдалануы құқығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
Пактіге қатысушы мемлекеттер сол немесе өзге бiр мемлекет осы пактіге сәйкес қамтамасыз етіп отырған құқықтарды пайдалануға қатысты, осы мемлекет бұл құқықтарға тек заңмен белгiленген, аталған құқықтар табиғатына сыйымды болатындай, және демократиялық қоғамдағы жалпы әл-ауқатты жақсартуға жәрдемдесу мақсатындағы шектеулердi ғана белгiлей алатынын таниды.
Пактiдегі ешбiр қағида қандай да бiр мемлекетке, қандай да бiр топқа немесе қандай да бiр адамға осы пактіде танылған кез келген құқықтар немесе бостандықтарды жоюға, не болмаса оларды осы пактіде көзделгеннен көп мөлшерде шектеуге бағытталған қандай да болмасын iс-әрекетпен айналысуға немесе қандай да болмасын iс-әрекет жасауға құқық бередi деп түсiндiрілмеуге тиiс.
Қайсыбiр елдерде заң, конвенциялардың, ережелердiң күшiмен не болмаса әдет-ғұрыптар арқылы танылған немесе қолданыстағы қандай да бiр болмасын негiзгi адам құқықтарын аталған пактiде мұндай құқықтар танылмайды немесе танылған күннiң өзiнде кем ауқымда танылады деген сылтаумен ешбiр шектеуге немесе кемiтуге жол берiлмейдi.
Пактiге қатысушы мемлекеттер әр адамның өз еркiмен таңдап алған немесе өз еркiмен келiскен еңбегімен күнкөрiс жасау мүмкiндiгi құқығын қамтитын еңбек етуге құқығын мойындайды және осы құқықты қамтамасыз етуге тиiстi қадамдар жасайды. Бұл құқықты толық жүзеге асыру үшiн осы пактiге қатысушы мемлекеттер қабылдауға тиiстi шараларға адамның негізгi саяси және экономикалық бостандықтарына кепiлдiк беретiн жағдайдағы кәсiби-техникалық оқыту мен дайындық бағдарламаларын, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени ұдайы даму мен толық өндiрушiлiк еңбекке қол жеткiзудiң жолдары мен тәсiлдерi кiредi.
Пактіге қатысушы мемлекеттер әркiмнiң әділетті және қолайлы еңбек жағдайына ие болу құқығын таниды, оған, атап айтқанда, барлық еңбеккерлерге, кем дегенде құндылығы бiрдей еңбектерi үшiн ешбiр айырмашылықсыз әдiл жалақы мен бiрдей сыйақы алуын және де, атап айтқанда, әйелдер үшiн еңбек жағдайы бiрдей еңбегi үшiн бiрдей еңбекақы алатын ер адамдар пайдаланатын еңбек жағдайынан кем болмауына кепілдiк берiлуi; пактінiң қаулыларына сәйкес өздерi мен отбасы мүшелерi қанағаттанарлықтай тiршiлiк етуi; қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына жауап беретiн еңбек жағдайы; еңбек өтiлi мен бiлiктiлiгiнiң негiзiнде ғана жұмыста тиiстi жоғары сатыларға көтерiлуi үшiн бәрiне бiрдей мүмкiндiк берiлуi; тынығу, бос уақыт және жұмыс уақытының орынды шектелуi, мерзiмдi ақылы еңбек демалысы, сонымен қатар, мереке күндерiнде iстеген жұмысы үшiн сыйақы алу құқығы кiредi [60, с.11]. Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның, өзiнiң экономикалық және әлеуметтiк мүдделерiн жүзеге асыру және қорғау үшiн кәсiптiк одақтарды құру және осындай ұйымдарға өзiнiң таңдауы бойынша, сол тиiстi ұйымның ережесiн бұзбау шартымен ғана кiру құқығын; аталған құқықты пайдалану заң бойынша көзделген және демократиялық қоғамдағы мемлекеттiк қауiпсiздiк немесе қоғамдық тәртiп мүдделерiн немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн қажеттiлерiнен басқа ешбiр шектеулерге жатпайды; кәсiптiк одақтардың ұлттық федерациялар немесе конфедерациялар құру құқығын және де соңғылардың халықаралық кәсiподақ ұйымдарын ашу немесе соларға қосылу құқығын; кәсiптiк одақтардың өз жұмыстарын кедергiсiз және заң бойынша көзделген және демократиялық қоғамдағы мемлекеттiк қауiпсiздiк немесе қоғамдық тәртiп мүдделерiн немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн қажеттiлерiнен өзге қандай да бiр болмасын шектеулерсiз жұмыс жүргiзу құқығын; әр елдiң заңдарына сәйкес жүзеге асырылған жағдайдағы ереуiлдерге шығу құқығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның, әлеуметтiк қамсыздандыруды қоса алғанда, әлеуметтiк жағынан сақтандыру құқығын таниды. Пактiге қатысушы мемлекеттер:
- коғамның табиғи және негiзгi ұясы болып табылатын отбасына, әсiресе, жаңа шаңырақ көтерген тұста және жас балаларына қамқорлық жасау мен олардың тәрбиесiне жауапкершiлiк жүктелген кезде, мүмкiндiгiнше барынша кең ауқымды қорғау мен жәрдем көрсетiлуi қажет екендiгiн таниды. Неке екi жақтың өзара еркiн келiсiмi бойынша ғана қиылуы тиiс;
- аналарға, бала туғанға дейiнгi және одан кейiнгi тиiстi уақыт iшiнде айрықша қамқорлық көрсетiлуi тиiс. Жұмыс iстейтiн аналарға осы мерзiм iшiнде ақылы демалыс немесе әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша жеткiлiктi жәрдемақылық демалыс берiлуi тиiс;
- барлық балалар мен жасөспiрiмдерге шығу тегiне байланысты немесе өзге бiр белгiсi бойынша қандай да болмасын кемсiтусiз қорғау мен жәрдемнiң ерекше шаралары қабылдануға тиiс. Балалар мен жасөспiрiмдер экономикалық және әлеуметтiк қанаудан қорғалуы тиiс. Олардың еңбегін имандылығы мен денсаулығына, немесе қалыпты өсiп-жетілуiне зиян келтiретiн немесе өмiрiне қауiп төндiретiн салаларда пайдалану заң жүзiнде жазалануға тиiс. Бұдан басқа, мемлекеттер жас мөлшерi шегiн белгілеуге тиiс, ал одан жасы төмен баланың ақылы еңбегiн пайдалануға заң бойынша тыйым салынады және жазаға тартылады.
Пактіге қатысушы мемлекеттер әркiмнiң өзi және отбасының жеткіліктi тамақтануын, киiмi мен баспанасын қамтитын, жеткiлiкті тұрмыс деңгейiнде өмiр сүру және тұрмыс жағдайын үнемi жақсарту құқығын таниды. Қатысушы мемлекеттер, бұл ретте еркiн келiсiмге негiзделген халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенiн тани отырып, осы құқықтың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшiн тиiстi шаралар қабылдайды. Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның аштықтан бостандығы негiзгi құқығын тани отырып, жекелей өзi және нақты бағдарламалардың жүргiзілуiн көздейтiн халықаралық ынтымақтастық тәртiбiнде:
- техникалық және ғылыми білiмдi кеңiнен қолдану жолымен азық-түлiкті өндiру, сақтау және тарату әдiстерiн жақсарту, табиғи ресурстарды неғұрлым тиiмдi игерiп, пайдалану үшiн тамақтану принциптерi мен аграрлық жүйенi жетiлдiру немесе реформалау туралы білiмдi тарату үшiн;
- азық-түлiк өнiмдерiн экспорттаушы, сонымен қатар импорттаушы елдердiң қажеттiлiктерiне сәйкес және олардың проблемаларын ескере отырып, дүниежүзілiк азық-түлiк қорының әдiл бөлiнуiн қамтамасыз ету үшiн қажетті шаралар қабылдауға тиiс.
Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның тәндiк және психикалық саулылығының ең жоғары деңгейiне қол жеткiзу құқығын таниды. Бұл құқықты толық жүзеге асыру үшiн пактiге қатысушы мемлекеттер:
- балалардың өлi тууы мен шетiнеу санының азаюын қамтамасыз ету және балалардың салауатты дамуына жағдай туғызу;
- сыртқы орта гигиенасының және өнеркәсiптегi еңбек гигиенасының барлық аспектiлерiн жақсарту;
- iндет, эндемиялық, кәсiби және өзге де аурулардың алдын алу және олармен күресу;
- науқастанған жағдайда, баршаға медициналық жәрдем беру мен дәрігерлiк күтiмдi қамтамасыз ететiндей жағдай жасау үшiн қажеттi iс-шараларды қамтуға тиiс.
Пактіге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның бiлiм алуға құқығын таниды. Олар бiлiм - адамның жеке басының толық кемелденуiне және өзiнiң қадiр-қасиетін сезiнуiне бағытталып, адам құқықтары мен негiзгі бостандықтарына деген құрметті нығайтуы тиiс екендiгімен келiседi. Бұдан әрi, олар бiлiм баршаға еркiн қоғамның пайдалы қатысушылары болуына мүмкiндiк туғызып, барлық ұлттар мен нәсiлдiк, этникалық және дiни топтар арасындағы өзара түсiнiстiк, төзiмділiк пен достыққа ықпал етiп, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының бейбiтшiлiктi қолдау жолындағы жұмысына жәрдемдесетiнiн құптайды.
Пактiге қатысушы мемлекеттер осы құқықты толық жүзеге асыру үшiн:
- бастауыш бiлiм баршаға бiрдей мiндеттi және тегiн болуы тиiс екендiгiн;
- әр түрлi нысанда орта бiлiм алу, бұған кәсiптiк-техникалық орта білiмдi қоса алғанда, барлық қажетті шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, бiртiндеп тегiн білiм беру жүйесiн енгiзу сияқты ашық және бәрi үшiн қолжетiмдi болып жасалуы тиiс екендiгiн;
- жоғары бiлiм алу әркiмнiң қабiлетiне қарай барлық қажеттi шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, бiртiндеп тегiн білiм беру жүйесi сияқты, бәрi үшiн бiрдей қолжетiмдi болып жасалуы тиiс екендiгiн;
- бастауыш бiлiм алмаған немесе бастауыш бiлiмнiң толық курсын аяқтамағандар үшiн қарапайым бiлiм алу, мүмкiндiгiнше көтермеленiп, немесе үдетiлiп оқытылу керек екендiгiн;
- барлық сатыдағы мектеп жүйелерiн дамытудың белсендi түрде жүргiзiлуi, стипендияның қанағаттанарлықтай жүйесiнiң орнатылуы, оқытушылар құрамының материалдық жағдайының үнемi жақсартылып отырылуы тиiс екендігін таниды.
Пактiге қатысушы мемлекеттер ата-аналардың және тиiстi жағдайларда, қамқоршылардың өз балаларын оқыту үшiн мемлекет билiгi құрған мектептердi ғана емес, сонымен қатар мемлекет белгілеуi немесе бекiтуi мүмкiн бiлiм беру талаптарына жауап беретiн және өз балаларының наным-сенiмдерiне сәйкес дiни және имандылық тәрбие берудi қамтамасыз ететiн басқа да мектептердi таңдау еркiндiгiн құрметтеуге мiндеттенедi.
Егер пактiге қатысушы әрбiр мемлекет қатысушылар құрамына кiрген кезде өз метрополиясына қарасты аумақта немесе оның юрисдикциясына қарасты басқа аумақтарда мiндеттi тегін бастауыш білiм берудi белгілей алмаған жағдайда, ол екi жыл iшiнде, ақылға сыйымды жылдар бойында бiртiндеп қолға алынатын, жылдар саны көрсетiлуi тиiс, жалпыға бiрдей мiндеттi тегiн бiлiм беру принципiн жүзеге асыру iс-шараларының егжей-тегжейлi жоспарын жасауға және қабылдауға мiндеттенедi.
Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның мәдени өмiрге қатысу; ғылыми прогресс пен оларды iс жүзiнде қолдану нәтижелерiн пайдалану; өзi авторы болып табылатын кез-келген ғылыми жұмыстарға, әдеби немесе көркем туындыларға байланысты туындаған моральдық және материалдық мүдделерiн қорғауды пайдалану құқығын таниды [61, с. 12].
Осы құқықты толық жүзеге асыру үшiн пактiге қатысушы мемлекеттер қабылдауға тиiс шараларға ғылым мен мәдениет жетiстiктерiн қорғау, дамыту және тарату үшiн қажеттi шаралар да кiредi.
Пактiге қатысушы мемлекеттер ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық қызмет үшiн сөзсiз қажет бостандықты құрметтеуге мiндеттенедi. Пактiге қатысушы мемлекеттер ғылым мен мәдениет салаларындағы халықаралық байланыстар мен ынтымақтастықты көтермелеуден және дамытудан келетiн пайданы таниды.
Пактіге қатысушы мемлекеттер өздерiнiң баяндамаларын қатысушы мемлекеттердiң және мүдделi мамандандырылған мекемелердiң консультациясы бойынша, пактi күшiне енген соң бiр жылдың iшiнде Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңес белгiлеуге тиiс бағдарламаға сәйкес кезең-кезеңiмен тапсырады. Баяндамаларда пакт бойынша жүктелген мiндеттердi орындау дәрежесiне ықпал ететiн факторлар мен қиыншылықтар көрсетiлуi мүмкiн. Егер тиiсті мәлiметтердi пактiге қатысушы қайсыбiр мемлекет Бiрiккен Ұлттар Ұйымына немесе қайсыбiр мамандандырылған мекемеге бұрын хабарлаған болса, онда оларды қайталап жатпай, осындай түрде хабарланған мәлiметтерге нақты сiлтеме берілсе де жеткiлiктi.
Экономикалық және Әлеуметтiк Кеңес Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы бойынша адам құқықтары мен негiзгі бостандықтары саласындағы өз мiндеттерiн орындау мақсатында мамандандырылған мекемелермен пактiнiң олардың қызметі саласына жататын қаулыларын сақтауға қол жеткiзу жолындағы iлгерiлеу туралы баяндамаларын өзiне тапсыру жөнiнде келiсiм жасай алады. Бұл баяндамаларға мұндай жүзеге асырулар туралы олардың құзыретті органдары қабылдаған шешiмдер мен ұсынымдар енгізiлуi мүмкiн.
Достарыңызбен бөлісу: |