Қазіргі таңДАҒы халықаралық ҚҰҚЫҚТАҒы адам және азаматтардың ҚҰҚЫҚтары мен бостандықтарын реттеудің Өзекті мәселелері


Адам және азаматтардың құқықтарын қорғаудың халықаралық механизмдері



бет15/18
Дата22.04.2023
өлшемі0.79 Mb.
#472593
түріДиссертация
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
ҚАЗІРГІ ТАҢДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ АДАМ МД ОКК

3.5 Адам және азаматтардың құқықтарын қорғаудың халықаралық механизмдері

Қазіргі кезде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттердің ішкі ғана емес, сонымен бірге бүкіл халықаралық қауымдастықтың ортақ ісіне айналғандығы баршаға аян. «Халықаралық құқықтық принциптері мен нормаларын өзіне белгілі халықаралық-құқықтық міндеттемелер алған әрбір мемлекет ұлттық заңдардың көмегімен жүзеге асырады. Мемлекеттің ішкі құқығы бұл міндеттемелерді нақтылайды, халықаралық құқық нормаларының орындалуына жауапты органдар мен тұлғалардың шеңберін анықтайды» 57, с. 35. БҰҰ-ның жарғысы қабылданғаннан кейін адам құқықтарын қорғауды бақылаудың мемлекеттік механизмдерімен бірге халықаралық бақылау механизмін құру үрдісі көрініс тапты. Бұл механизмдерді мемлекеттер үстінен қарайтындар деп атауға болады. Бақылау келісілген халықаралық принциптер мен нормаларды қолданудың әсерлілігіне едәуір ықпал жасауда.


Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданған ең негізгі адам құқықтарына байланысты құжат 1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы болып табылады. Жоғарыда біз бұл құжатқа белгілі дәрежеде тоқталып өткен болатынбыз. Жалпы бұл құжат адам құқықтарын қорғауды халықаралық деңгейге көтере білген, оны халықаралық мәселеге айналдырған болатын. Бұл құжатқа қарай отыра, жалпы адам құқықтары мен бостадықтары локальді, яғни жергілікті аумақтық сипаттағы құбылыс емес екендігін аңғарамыз. Былайша айтқанда бұл құжат адам құқықтары мен бостадықтарының жалпы қағидалық эталондарын белгілеген. Көптеген ұлттық мемлекеттердің Конституциясында көрініс тапқан демократиялық, құқықтық мемлекетке тән қағидалар осы құжатқа негізделді. Мысалы, адамның жеке басына қол сұғылмау қағидасы, оның 3-бабында көірінс тапқан.
Еліміздің қолданыстағы Конституциясында бұл қағида осы негізде бекітілгенін білеміз. Адамның ар-ожданы мен қадір-қасиеті, заң алдындағы теңдік мәселелерінің барлығы да осы құжаттан өрбиді. Қазіргі кезеңде бұл декларацияның тарихи-құқықтық маңызымен қатар, тәжірибелікте қасиеті жойыла қойған жоқ. Дамушы елдер үшін бұл өте өзекті болып табылады.
Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі тағы да бір маңызды құжаттың қатарына, Панамада 1984 жылы өткен төртінші Бас Ассамблея отырысында қабылданған жергілікті халықтар құқығы принциптерінің Декларациясын жатқызуға болады.
Бұл Декларацияның бірінші қағидасы барлық жергілікті ұлыстардың өзін-өзі билеуге құқығы бар, осы құқықтың пәрмені негізінде олар өздерінің саяси мәртебесін ерікті түрде анықтайды. Сондай-ақ, өздерінің саяси әлеуметтік, діни және мәдени дамуын емін-еркін жүзеге асырады деп белгіленген. Бұл құқықтық құжат негізінен ұлттық негіздегі халықтардың мүдделерін қорғауға бағытталған.
Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екі қосымша хаттама бар. №1 хаттамаға сәйкес адам құқықтарын қорғаудың ерекше рәсімі бар. Аталған пактіге сәйкес адам құқықтары жөніндегі комитет құрылған. Факультативтік хаттамада пактіге қатысушы және осы хаттаманың қатысушысы болатын мемлекет комитеттің өзінің құқықтық құзіретіне жататын тұлғалардың өздерінің осы мемлекеттің пактіде банядалған құқықтарының біреулерінің бұзылуының құрбанымыз деген өтініштерін қабылдауға және қарауға құзыреттілігін мойындайды деп атап көрсетілген.
Комитет тиісті шағым-арызды қарап болғаннан соң тиісті мемлекеттерге бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, жағдайды өзгерту жөнінде шаралар қолдану туралы ұсыныстар жасайды. БҰҰ-ның қызметі басталғаннан бергі уақыт ішінде хабарларды, петициялар мен арыздарды қабылдаудың белгілі ережелері мен тәртібі қалыптасты. Олардың негізгілері мыналар:
- хабарламалар БҰҰ жарғысымен, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясымен, адам құқықтары жөніндегі халықаралық пактілермен үйлесімді болулары керк;
- БҰҰ-ға жүгінгенге дейін нақтылы мемлекеттің заңдарында қарастырылған құқық қорғаудың ұлттық барлық қолжетерліктей ішкі құралдары таусылған болуы қажет;
- БҰҰ-ның осы органының, арнайы мекемелерінің, басқа да құрылымының құзіреттілігіне жатпайтын арыздар қабылданайды;
- жеке тұлғаларға, қоғамдық бірлестіктерге шағымдар қабылданбайды;
- шағым адам құқықтары мен бостандықтарын бұзушы немесе бұзушылыққа жол беруші мемлекет пен оның құрылымдарына қарсы жазылуы керек;
- егер арыз халықаралық тексеру мен реттестірудің басқа рәсіміне байланысты қарастырылатын болса қабылданбайды;
- БАҚ материалдарына негізделінген хабарламалар қабылданбайды;
- домалақ арыздар қабылданбайды;
- арыздарда шағым нысаны болып отырған мемлекеттің атына қорлау, тіл тигізу және ескертулер болмаулары керек 62, с. 16.
Қазірге кезде БҰҰ-ның тек басты органдары ғана емес, сонымен бірге қосалқы құрылымдары да белгілі бір дәрежеде адам құқықтарын сақтауға бақылау жасайды. Халықаралық стандарттар адам құқықтарын мемлекеттік реттестіру деңгейін анықтайтын нормативтік құрал болып табылады. 1945ж. құрылған БҰҰ өзінің жарғысында өзінің негізгі мақсаттарын адам құқықтарын жаппай сыйлауға негізделінген деп жариялады. Адам құқықтарын сыйлау принципі халықаралық құқықтың негізгі құқықтарының бірі ретінде бекітілді.
Жарғының 1-бабының 3-т. БҰҰ-ның мақсаттарына халықаралық ынтымақтастықты іске асыру адам құқықтарына және жынысынан, тілі мен дінінен тәуелсіз жалпыға бірдей негізгі бостандықтарға сыйлаушылықты ынталандыру жатады деп көрсетілген. БҰҰ жарғысының 55-бабында БҰҰ нәсілінен, жынысынан, тілі мен дінінен тәуелсіз адамның құқықтары мен жұрттың барлығының негізгі бостандықтарын жаппай сыйлаушылық пен сақтауға жәрдемдеседі деп көрсетілуі дәлелдей алды.
БҰҰ Жарғысы қабылданғаннан кейін аумақтық деңгейлерде мақсаттары адам құқықтарын қорғау болып табылатын көптеген ұжымдар құрыла бастады. 1948 жылдан бергі уақыт ішінде мемлекеттер 50 аса әмбебап және аумақтық сипаттағы көпжақты халықаралық шартар жасасты, олар адам құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық нормалардың нормативтік көлемін құрды. Бұлардың араларында ең белсендісі БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссиясы. Бұл комиссия адам құқықтарын жаппай, дөрекі және жүйелі түрде бұзушылықтың нақтылы фактілерін зерттеу және тексеру үшін арнайы органдар құрады. «БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссиясының жұмысының бақылау формаларының кең тарағаны тақырыптың механизмдер құру болып табылады» 55, оның үстіне БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитет, азаптауға қарсы комитет т.б.конституциялық органдар құрады.
1993 жылы 20 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің 48-сессиясында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының қызметін орнату туралы қаулы қабылдады. БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының қызметін тағайындау БҰҰ-ның адам құқықтары мен іс жүзіндегі нәтижелілігін арттыру саласында жүргізетін бақылау функцияларын іске асыруды реттестіру үшін аса маңызды шара болды.
48/141 қаулыға сәйкес Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарды БҰҰ Бас хатшысы тағайындайды және Бас Ассамблея бекітеді, мұндайда географиялық орынын толтыру қағидасы ескеріледі, ол төрт жылға тағайындалады, тағы да бір төртжылдық мерзімге өкілеттілігін ұзарту мүмкіндігі бар, «адал» және «адам құқықтарын қорғау саласында тәжірибесі мен жоғарғы комиссардың міндеттерін бұлжытпай, объективті, жалпыға бірдей және әсерлі орындау үшін қажетті білімдері мен түрліше мәдениеттер саласында түсінігі болуы керек». БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының қызметі БҰҰ Бас секретарының орынбасарына тең.
Ол БҰҰ-ның адам құқықтары саласындағы қызметі үшін негізгі жауаптылық тартушы лауазымдық тұлғасы болып табылады.
Жоғарғы комиссар өз қызметін үш негізгі қағидаларға құрады:
1) барлық деңгейлерде ынтымақтастық;
2) адам құқықтарын қолдауға бәрін қамтушы және кешенді көзқарас;
3) бағдарламаларда, жоспарлар мен жобалардағы адам құқықтарын қолдауға бағытталған барлық фактілерді практикада диалог, консенсус және ынтымақтастық рухында пайдалану. Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар өз қызметін БҰҰ Бас хатшысының басшылығымен және қамқорлығына арқа тартып Бас Ассамблеяның, Экономикалық және әлеуметтік кеңестің және адам құқықтары жөніндегі комитеттің жалпы құзыреттілігінің, өкілеттіліктері мен шешімдерінің шегінде іске асырады.
БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссарының өкілеттіліктерін жалпы және арнайы деп жіктеуге болады. Жалпы алғанда жоғарғы комиссардың функцияларына мыналар жатады:
А) Бас хатшыға оған БҰҰ жарғысына сәйкес жүктелген міндеттерін атқаруға жәрдемдеу;
Б) БҰҰ жарғысы принциптерінің сақталуына және жұртшылықтың оның мақсаттарын түсінуі мен қолдауын кеңейтуге жәрдемдесу;
В) Экономикалық және әлеуметтік дамуға көмектесу;
Г) Даму мақсатындағы ынтымақтастықтың дамуына жәрдемдесу;
Д) Адам құқықтары мен халықаралық құқық нормаларының сақталуына жәрдемдесу;
Е) Директивтік органдардың шешімдерінің негізінде мүше-мемлекеттердің қажеттіліктеріне сәйкес әртүрлі салаларда зерттеулер жүргізу, нормалардың сақталуына көмектесу және ақпарат тарату;
Ж) Дамушы елдерге механикалық көмек көрсету;
З) Үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықта болу және азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу;
И) Директивалық органдардың шешімдерінің негізінде статистикалық басылымдар, ақпараттық материалдар мен талдаушылық зерттеулер дайындау және жариялау.
К) Бас хатшының нұсқауы бойынша басқа да қызметтер атқару.
А. Азаров, В. Ройтер, К. Хюфнер БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комссарының өкілеттіліктерін мынандай топтарға бөледі:
А) Барлық азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарының, дамуға құқықты қоса, өмірде әсерлі іске асырылун қамтамасыз ету;
Б) Мемлекеттерге олардың өтініштеріне сай адам құқықтары саласында консультативтік қызметтер, техникалық және қаржылай көмек көрсету;
В) БҰҰ адам құқықтары саласында жұртшылыққа білім беру мен ақпараттандыру жөніндегі бағдарламаларын үйлестіру;
Г) Адам құқықтарын толық іске асыру жолындағы кедергілерді жою және бүкіл дүние жүзінде адам құқықтарын бұзушылықтың жалғасуына тиым салу;
Д) Адам құқықтарын құрметтеушілікке кепілдік беру мақсатымен үкіметтермен диалогке араласау;
Е) Адам құқықтарын іске асыру мен қорғауға халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;
Ж) Адам құқықтарын БҰҰ жүйесі арқылы іске асыру мен қорғау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру;
З) БҰҰ адам құқықтары саласындағы механизмдерін оларды жақсарту мақсатымен оңтайландыру, бейімдеу және қарапайымдау 55.
О.Т. Щульц «Жоғарғы комиссар қазіргі кезде шын мәнісінде халықаралық омбудсменнің кейбір қызметтерін іске асыруда» деп санайды 63, с. 99.
1966 жылғы азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт мемлекеттердің өздеріне алған міндеттемелерден сақтауларын бақылаудың үш рәсімін бекіткен. 1966 жылғы азаматтық құқықтар туралы пакт мен факультативтік хаттама халықаралық шарттар болып табылады және тек оларға қатысушы болып табылатын мемлекеттерге ғана міндеттер жүктейді. Осыған байланысты олар адам құқықтарын бұзушылықты БҰҰ мүше мемлекеттердің барлығында емес, 1996 ж. Азаматтық құқықтар туралы пакт пен факультативтік хаттаманы мақұлдаған немесе оларға қосылған елдерде ғана қорғайды.
Адам құқықтары саласындағы мемлекет міндеттерін енгізу үш рәсімді қолдануды қарастырады:
1) Пактінің 40-бабына сәйкес пактіге қатысушы мемлекеттер адам құқықтары жөніндегі комитетке пактіде жарияланған құқықтарды іске асыру жөніндегі қабылданған шараларда бұл құқықтарды пайдалануға қол жеткен жетістіктер туралы баяндамалар тапсырулары керек. Алғашқы есеп пактінің күшіне енгенімен бір жылдан соң, ал келесілері әрбір 5 жылда 1 мәрте тапсырылады. Комитет баяндамалардың формалары мен мазмұндарына жалпы талаптарды бекітті. Оның жазбаша баяндамалардағы мәліметтердің растығын тексеруге мүмкіндігі бар. Комитет алғашқы есеп толық және шындық емес және онда есеп беріп отырған елдегі адамның құқықтары туралы жағдайды толық бейнелемеген деп санаса, қосымша ақпарат талап ете алады. Комитетің мәжілісінде жазбаша баяндамамен таныстырған кезде комитет мүшелері елдің ресми өкілдеріне адам құқықтарының жағдайы туралы сұрақтар қоя алады. Комитет мүшелері адам құқықтары саласындағы жағдай туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан, БҰҰ-ның мамандырылған мекемелері мен үкіметтік емес ұсыныстар берген материалдардан шындық ақпарат жинай алады. Үкіметік емес ұйымдар жалпы комитетке ресми материалдар тапсыра алмайды, тиісті ақпаратты олар көбінесе комитеттің жеке мүшелеріне тапсырады да, олары баяндаманы талқылау кезінде пайдаланылады. Пактінің 40 бабына сәйкес комитетің мемлекеттерге тиісті ұсыныстар беруге құқығы бар. Комитет жыл сайын БҰҰ Бас Ассамблеясына есеп береді. Комитеттің ескертпелері кейінірек БҰҰ ресми құжаттары ретінде жарияланады.
2) Бақылаудың екінші механизмі, 1979 ж. күшіне енді. Пактінің 41 бабы оған қатысушы мемлекеттерге пактіде көрсетілген құқықтарды бұзушы басқа мемлекеттерге шағымдануға құқық береді. Бұл ереже факультативтік және бақылаудың осы түрін мойындаған мемлекеттер үшін ғана жарамды. Қатысушы мемлекет комитеттің белгілі бір мемлекеттің пактінің ережелерін екінші бір мемлекеттің бұзып отырғандығы туралы хабарламасын, яғни бір мемлекеттің екіншісіне шағымын алуға және қарауға құзіретін мойындайды. Бірақ мұндай шағымдар олар тек комитеттің құзреттілігін мойындау туралы мәлімдеген мемлекеттерден түскен және тура осындай мәлімдеме жасаған мемлекеттерге байланысты болса ғана қабылданады және қаралады. «Жалпы алғанда арыздарды қарау рәсімі тиімсіз. 41 бап Комитетің арыз бойынша қандай да болмасын шешім қабылдауын қарастырмаған. Комитет тек дауласушы мемлекеттерге мәселені пактіде мойындалған адам құқықтары мен негізгі бостандықтарына сыйлаушылық негізінде достық рухында шешуді ұсынады».
Факультативтік хаттаманың 1-бабына сәйкес адам құқықтарын бұзушылықтың құрбандары қатысушы мемлекеттің пактіде жарияланған құқықтарды бұзушылығына жеке дара шағым бере алады. Формальдық құқықтық тұрғыдан аталған хаттама қатысушы мемлекеттердің пактіге байланысты өз міндеттерін сақтаулары үшін қосымша кепілдіктер беретін жеке халықаралық құжат болып табылады.
Шағымды құқықтары бұзылған тұлғаның өзі, болмаса оның заңды өкілдері не жақын туыстары бере алады. Арызды мойындағаннан соң БҰҰ мемлекеттен алты айлық мерзім ішінде мәселенің анық-қанығы туралы түсінік беруді және онды жағдайды түзету жөніндегі моральды көрсетуді өтінеді.
Факультативтік хаттаманың 5-бабы арыздануға рұқсат ететін екі маңызды шартты белгілейді.
Біріншіден, егерде осы мәселе халықаралық реттестіру мен талқылау рәсіміне байланысты болса, комитет арызды қарамайды. Екіншіден, арызданушы тұлғалар құқықтық қорғаудың барлық ішкі жолдарына топтасқан болулары керек. Факультативтік хаттаманың 5-бабына сәйкес бұл ереже осындай жолдарды қолдану шектен тыс созылып кеткенде ескерілмейді. Адам құқықтары жөніндегі комитет адам құқықтарын бұзушылықтың құрбандарына көмек ретінде арыздың үлгісін бекіткен. Факультативтік хаттама талап қою мерзіміне шектеу қоймаған. Арыздарды қарау рәсімі мынандай кезеңдерден тұрады:
Бірінші кезеңде комитет арызға рұқсат ететіндігі туралы шешім шығарады. Содан соң арыз – ол қарсы берілген мемлекетке тапсырылады. Мемлекет алты ай ішінде мәселені егжей-тегжей түсіндірген және баяндалған жағдайлар орын алған болса, ол туралы қабылданған немесе қабылданатын шараларды көрсетіп жазбаша түсінік немесе мәлімдеме тапсырады. Арыз бен мемлекеттің жазбаша түсініктемесі комитетте қаралады, факультативтік хаттама комитеттің мәжілісінде ауызша мәлімдеме жасауға мүмкіндік бермейді. Мәселенің анық-қанығын қарап, комитет тиісті шешім шығарады, ол «Аңдау» деп аталады. "Аңдау" заңдылық тұрғысынан міндетті емес, мемлекеттер, принципінде, оған құлақ аспаулары да мүмкін. Бірақ комитет өз шешімдерін жүзеге асыру мақсатымен мемлекеттерге қысым жасаудан тартынбайды. Комитет, әдетте, мемлекеттерден шешімдерін орындау үшін қандай шаралар қолданғандығын сұрайды. Комитет мемлекеттерге пактінің 49-бабына сәйкес тапсырып отыратын кезеңдік баяндамаларды талқылау кездерінде де қысым жасай алады.
БҰҰ-ның Бас Ассамблеясына тапсыратын өзінің жыл сайынғы есептеріне комитет шешімдерді орындаған және осы халықаралық органның ұсыныстарын орындаудан бас тартқан мемлекеттердің "қара тізімін" енгізеді.
Пактінің баптарына бақылау функциялары 18 тәуелсіз сарапшыдан тұратын адам құқықтары жөніндегі комитетке жүктелген. Оларды пактіге қатысушы мемлекеттер сайлайды. Комитеттің барлық мүшелері жоғарғы сапалы адамгершілік қасиеттері бар, «адам құқықтарының саласында жұрт мойындаған құзыретті тұлғалар болулары тиіс». Олар жеке дара сайланады да, консенсус негізінде жұмыс істейді. Азаптау, мен қатал, адамгершілікке жатпайтын және кісінің қадір - қасиетін қорлайтын қарау мен жазалау түрлеріне қарап қадір-қасиетін қорлайтын қарау мен жазалау түрлеріне қарсы 1989 жылғы конвенцияның негізінде мынандай корғану механизмдері бар: Азаптауға қарсы комитетте қатысушы мемлекеттердің осы конвенцияның ережелерінің орындалуы туралы баяндамаларын тыңдау, мемлекеттердің келісімімен азаптаулар қолдануды тексеру үшін арнайы комиссия жіберу, бір мемлекеттің екіншілеріне шағымдарын және жеке тұлғалардың арыздарын қарау.
ЕҚЫҰ-ның бұлардан гөрі әсерлілер бақылау механизмдері бар. Адам құқықтарын бұзудың нақтылы оқиғалары бойынша кез келген мемлекет екінші мемлекеттен ақпарат сұрауға құқылы. Адам өлшемдері жөніндегі 1991 жылғы Мәскеу кездесуінің құжатына сәйкес бұл ақпарат 10 күн ішінде (Вена құжаты бойынша бір ай мерзімінің орнына) тапсырылуға тиісті. Сұрау түскеннен кейін бір аптадан соң екі жақты кездесулер өткізулері де мүмкін. Екінші механизм-бұл ЕҚЫҰ-мүшелерінің өтініштері бойынша адам құқықтары саласындағы проблемаларды қарау үшін құрылуы мүмкін. ЕҚЫҰ сарапшыларының пікірлері Хельсинки қауымдастығы тек арыздарды қарау механизмін ғана қолданып қоймайды, ол барлығын біріктіреді, ал бұл белгілі санкция – сауда саласында мысалы, қолдануға мүмкіндік береді. Тарихтан мұндай механизмдерді ҚСРО-ға қарсы қолданған жағдайлар белгілі, мысалы мәжбүрлі еңбек қолдану арқылы шығарылған өнімдерді сатып алуға тиым салу. Одан басқа еркін эмиграцияға құқықты бұзушылық үшін Американ конгресіндегі Джексон-Фэник түзетуінің сауда шектеулерін енгізуін келтіруге болады. Бұл БҰҰ комитетінің адам құқықтарын бұзған жағдайларда мемлекеттерге ықпал жасауының қуатты механизмі тұрақты жұмыс істейтін халықаралық трибунал құру туралы ұсыныстың аса үлкен маңызы бар. Бейбітшілік пен адамзатқа қарсы қылмыстардың көпшілігі, наркобизнесті қоса, осы трибуналға қатысты. Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғауға байланысты маңызды халықаралық құжаттарды мақұлдағаны жөн, өйткені бұл үкіметке ықпал жасау үшін халықаралық механизмдерді қолдануға, құқықтары мен мүдделері үшін аяққа басылып, ұлттық заңмен қорғалмаған адамдарға тиімді көмектесуге мүмкіндік береді 64, 3 б..
Мемлекеттердің адам құқықтары жөніндегі аумақтық ынтымақтастықтары әр түрлі формалармен толықтырылуда. Қазір мұндай ұйымдар Азиядан басқа барлық құрлықтарда бар. Еуропада олар бірнешеу: Еуропа Кеңесі және ЕҚЫҰ.
Халықаралық деңгейдегі адам құқықтарын қорғауға қатысты негізгі ұйымдардың қатарына-халықаралық сот жатады. Халықаралық соттың мақсаты-ұлттық мемлекеттерде адам құқықтары мен бостандықтары бұзылып, әділ шешімін таппағанда, сол құқықтар мен бостандықтарды қорғау болып табылады.
Халықаралық сотқа жүгінуге байланысты келісімге Ресей Федереациясы қазіргі жағдайда толық енген, ал Қазақстан болса, бұл бағыттағы халықаралық шарттарды мойындағанмен, факультативтік хаттамаларға әлі қосыла қойған жоқ. Сондықтан, біздің азаматтар бұл сотқа тікелей жүгіне алмайды, болашақта бұл мәселе өзінің логикалық шешімін табады деп санаймыз. Сонда ғана, еліміздегі адам құқықтары мен бостандықтарын толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет