Б. Х. Галиева тәрбие теориясының өзекті мәселелері


Қазіргі тәрбиенің әдіснамалық негіздері



бет3/8
Дата13.06.2016
өлшемі0.74 Mb.
#131814
1   2   3   4   5   6   7   8

1.4 Қазіргі тәрбиенің әдіснамалық негіздері
Бүгінгі таңда тәрбие үдерісі жалғыз ғана идеологияның шеңберінен шығып, әр түрлі идеялардың, пікірлердің, келіс-тұрғылардың ықпалымен жан-жақты дамуда. 2009 жылы қабылданып, бекітілген Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында қазіргі тәрбиені ұйымдастыруға негіз болып отырған ғылыми көзқарастардың мәні ашылады.

Көзқарас – бұл білім беретін мекеме ұстазының немесе басшысының педагогикалық қызметтеріндегі белігілі бір өзара байланысты түсіну, идеялар мен тәсілдер жиынтығын қолдануға ниеттенген іс-әрекеттерін жүзеге асыруда алатын бағыты.



Антропологиялық көзқарас тәрбиеленушілерді бірегей және тұтас жеке тұлға ретінде қарап, адам туралы білім кешенінде кең көлемді есеп жүргізуге бағыттайды. Тұлғаға бағытталған көзқарас – тәрбиеленушінің өзара байланыстағы түсініктер, идеялар және іс-әрекет тәсілдерін қамтамасыз ету мен өзін-өзі тану, дербестігін құру және өзін-өзі табысты көрсету үдерістер жүйесін қолдау, оның қайталанбас жеке тұлғалық дамыту арқылы педагогикалық қызметтегі әдіснамалық байланыс.

Тәрбиедегі іс әрекеттік көзқарас – жеке тұлғаның бірлігі оның әрекетшілдігінде екендігі туралы көріністен туындайды. Бұл бірліктің көп үлгілі формадағы қызметі жеке тұлғаның құрылымына тікелей және жанама түрде өзгеріс жасаудан байқалады; жеке тұлға өз кезегінде бір мезгілде тікелей және жанама түрде дербес даму сұранысын өтейтін барабар қызметтің түрлері мен формаларын жүзеге асырады.

Кешенді көзқарас – тәрбиеге кешенді көзқарастың мәні бірлікті, әртүрлі кешендердің тұтастығын қамтамасыз етуді құрайды, соңғы нәтижеге себепші болатын -жеке тұлғаның жан-жақты даму үндестігі дәрежесіне ие болады.

Аксиологиялық көзқарас – санадан «беретін» және адамның әлемге, адамдарға, өзіне қатысты әмбебап жалпы адамзаттық құндылықты қамтиды; табиғатпен, әлеуметпен, мәдениетпен барлық өтіп жатқан қарым-қатынасындағы жеке тұлғалық мәндерді тәрбиелеуде білім алушы өз білімінің, өмірінің мәніне ие болуына бағытталған.

Амбивалентті көзқараста алғашқыда екі жақтың бір-біріне қайшылықтарын жоятын, оларды есепке алу негізінде педагогикалық құбылыстар мен үдерістерді қарастыру көзделеді.

Жүйелі көзқарас объектіні күрделі, оны құрайтын бөліктерді жинақтауға болмайтын және иерархиялық құрылым ретінде қарастыруды көздейді және жүйе жасаушы факторларды анықтауды, сыртқы байланысты талдауды мөлшерлейді.

Синергетикалық көзқарас тәрбиені тура себеп-салдарлық тәуелділікке негіздемей, тек, біркелкі емес түрде өтетін үдеріс ретінде қарастырады; маңызды дәрежеде өзін-өзі ұйымдастыратын, көптеген ішкі және сыртқы ықпалдарға себепші болатын: заңдылық пен кездейсоқ, болжамдық пен стихиялық, реттелген және ұйқы-тұйқы үдеріс.

Орта көзқарасы тәрбиешілерді жеке тұлғаны дамыту үдерісін жағдайға және ортаның сипаттамасына тәуелді қарастыруға бағыттайды.
Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар
1. «Тәрбие» ұғымына анықтама беріңіздер.

2. Тұжырымдама деген не? Қандай тәрбие тұжырымдамаларын білесіздер?

3. Кеңес педагогикасындағы тәрбие беру тұжырымдамасының мәнін ашыңыздар.

4. Шетелдік тұжырымдамаларды талдау өзектілігі неде?

5. Педагогикалық тұжырымдамалар қалай жіктеледі? Педагогикалық тұжырымдаманың әр қайсысының ерекшеліктерін сипаттаңыздар.

6. Қазіргі Қазақстандағы тәрбие жүйесінің теориялық негіздері қандай?


2 Тəрбиенің құндылықтары, мақсаты мен міндеттері мәселесі
2.1 Тәрбиенің мәні
Оқыту мен тәрбие мәселелері өзара тығыз байланысты, себебі екеуі де адамға тұтастай бағытталған. Іс жүзінде адам дамуына – оның эмоцияларына, еркіне, мінез-құлқына, мотивациясына, құндылықты бағдарлары мен ақыл-ойына - тәрбиелік әсерлердің үзілді-кесілді ықпал ету сфераларын бөліп көрсету қиынға соғады. Кезінде Платон былай деген: «...оқытуда ең маңыздысы ретінде тәрбиелеуді мойындаймыз». Алайда, оқыту мен тәрбиелеу үдерістерін ғылыми тұрғыдан түсіну мен ұйымдастырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан біздің тараптан осы үдерістерді бөлектеу олардың мәнін ашып түсіндіру мақсатында жасалып отыр.

Педагогикалық ойдың тарихи даму барысында тәрбиелеу үдерісі ғалымдар мен іске асырушылар назарынан тыс қалған емес. Сондықтан тіпті қазіргі уақытта да тәрбие педагогиканың басты категориясы болып саналады. Осы ұғым турасында айтылған нақыл сөздерде де оның маңыздылығы айқындалады: «Тәрбиенің бізді бұзбауы ғана жеткіліксіз, оның бізді жақсылыққа жетелеуі шарт» (М. Монтень), «Ешкім кездейсоқ жақсы адам бола қалмайды» (Платон).

Аталмыш құбылыстың мазмұны тәжірибенің, педагогикалық ғылымның және оның жетекші тұжырымдамасының дамуына орай жаңғыртылып отырады. Алдыңғы буыннан кейінгі буынға әлеуметтік тәжірибенің берілуінің қоғамдық тәжірибесі оны айқындайтын терминнен әлдеқайда бұрын қалыптасқаны даусыз. Сондықтан тәрбиелеу мәні түрлі көзқарас тұрғысынан әртүрлі айқындалады. Қалай болғанда да, тәрбиелеудің пәні ретінде оның ықпалына түсетін адам қарастырылады.

Тәрбиенің мәні тәрбиешінің тәрбиеленушіге: «адам немен және қалай адам болуы мүмкін және қажет» (К. Д. Ушинский) деген пиғылмен әсер етуінде жатыр. Яғни тәрбие адамды немесе адамдар тобын түрлендіруге бағытталған іс-әрекеттердің біріне жатады. Бұл тәрбиеленушінің психикалық (психологиялық) ахуалына, дүниетанымы мен санасына, білімі мен қайраткерлік тәсіліне, тұлғасына және құндылықты бағдарларын өзгертуге бағытталған іс-жүзінде түрлендіргіш іс-әрекет болып табылады. Тәрбиелеу өзінің спецификасын тәрбиелеушінің тәрбиеленушіге қатысты алғанда белгілеген мақсаттары мен ұстанымдарынан табады. Сонымен қатар тәрбиелеуші тәрбиеленушінің табиғи, генетикалық, психологиялық және әлеуметтік мәндерінің тұтастығын, сондай-ақ жасы мен өмір сүру жағдайын ескереді.

Тәжірибе көрсеткендей, тәрбиелік әсер қызметі әртүрлі деңгейлерде түрлі тәсілдермен, сан алуан мақсаттар қойыла жүзеге асырылуы мүмкін. Мәселен, адам өзінің психологиялық ахуалын, мінез-құлқы мен белсенділігін басқара отырып, өзіне-өзі мақсатты түрде тәрбиелік ықпал жасауы ықтимал. Мұндай жағдайда өзін-өзі тәрбиелеу жайында айтуға болады. Сонымен қатар адамның өзіне қатысты ұстанымына орай (бүгінгі таңда кім және ертең кім болғысы келетіндігі) тәрбиелеу мақсаттары мен оларға жету тәсілдері таңдалады.

Тəрбие педагогикада бірнеше қырларымен танылған:

– əлеуметтік мағынада – бұл аға буын жинақтаған тəжірибені жас ұрпақ өкілдеріне өткізу. Тəжірибе дегеніміз – адамзаттың өз тарихи даму барысында жасаған рухани мұрасы, дəлірек айтсақ : адамдарға белгілі болған білімдер, ептіліктер, ойлау тəсілдері, құқықтық, адамгершілік жəне т.б. нормалар;

– педагогикалық мағынада – бұл тəрбиеленушіге ықпал жасау үшін ұйымдастырылған арнайы іс-əрекет, тұлға қалыптастыруға бағытталған мақсатты үдерісс.

Тəрбие қоғамдық талаптарға сəйкес болуы міндетті. Егер қоғам құқықтық демократиялық мемлекет құрып жатса, ендеше ондағы адам тəрбиесі адамгершілік, азаматтық заңдар мен қылық-əрекет нормалары рухында жүріп жатуы қажетті. Жалпы адамзаттық құндылықтар қалыптастырудың маңыздылығын ескерумен бірге əлеуметтік ортаның кездейсоқ та, мақсатты бағытта да əсер, ықпал жасайтынын естен шығармаған жөн.

Қазіргі заман тəрбиесі гуманистік негізге сүйене отырып, тұлғаның əлеуметтік-мəдени (өмір жəне əрекет-қылық кейпін таңдау жəне іске асыру), даралықты (тұлғаның өзіндік қалыптасуы), жауапкерлікті қатынас (құндылықтар таңдау) бағыттарында дамуына орайласады. Мұндай тəрбие технологиялық икемшілдігіменен (адамның қабылдау жəне психологиялық даму заңдылықтарына сай орындалады), көңіл-күйге сəйкестігімен (көңіл-күй тəжірибесін қалыптастырады), сұхбаттастығымен (екінші біреуге ұсыну үшін емес, өз меншікті тəжірибесін құрастыру үшін), жағдайға орай орындалуымен (негізгі құралы – тəрбиелік жағдай), болашаққа бағытталуымен (дамудағы тұлғаға арналады) ерекшеленеді.

Сонымен, тəрбие – бұл жалпы, ортақ міндеттерді іске асыру барысында мұғалім мен оқушының ықпалдасты əрекеттерін қамтамасыз етуші арнайы ұйымдастырылған тəрбиелік жүйе жағдайында мақсаты тұлға қалыптастыру болған əлеуметтік үдерісс.

Берілген анықтаманың мазмұндық құрылымына зер салайық:

- «Мақсаты тұлға қалыптастыру болған əлеуметтік үдеріс» мəні – үдеріс нақты мақсаты болғанда ғана тəрбие деп аталуы мүмкін;

- «Әлеуметтік үдеріс» мəні – тəрбие əрқашан адамды ұнамды өзгеріске келтіруші көптеген қоғамдық іс-əрекеттердің арнайы түрі;

- «Тұлға қалыптастыру» мəні – бұл тəрбиеге басқарым, оны іске асыруға жағдай жасау, тəрбиелік іс-əрекеттерді ұйымдастыру (зорлау, əкімшіл ықпал мүлде болмауы тиіс). Қалыптастыру екі өзара байланыстан тұрады: педагогикалық қызмет жəне тəрбиеленушінің жауап іс-əрекеті;

- «Арнайы ұйымдастырылған тəрбиелік жүйе» мəні: неліктен жүйе? Себебі практикалық іс-əрекет үдерісінде қандай да жалғыз əдіс, тəсіл, жоба қолданумен шектелуге болмайды. Бұлардың бəрі өзара байланыста, бірін-бірі толықтырып, жетілдіретін болса ғана, оқу нəтижесі тиімді болады;

- «Тəрбиелеуші мен тəрбиеленушінің ықпалдасты əрекеттері» мəні – тəрбие үдерісі кері байланысқа міндетті түрде негізделуі тиіс, ол болмаған жағдайда мұғалім қызметінің нəтижесі жөнінде əңгіме болуы мүмкін емес.

Тəрбие үдерісінде ықпалдасты іс-əрекеттердің арқасында тəрбиеленуші ұсынылған ұйымдастырылып, белгілі тəжірибені игереді. Осыдан, тəрбиелеушінің басты міндеті – оқушыны көргенін, оқығанын қайталап, оларды өз бойына сіңіріп, өзінің меншікті əрекеті ретінде қайта жаңғырта алатындай оқу жұмыстарына қосудың жолдарын табу. Сонымен, тəрбие - бұл əрқилы іс-əрекет түрлерін ұйымдастыру үдерісі. Тəрбие теориясында мұндай бағыт тұлғалық-іс-əрекеттік атауын алған. Оның мəні: адам барша əлеуметтік тəжірибеден өзіне табиғаты жағынан жақын, əрі қызықтысын таңдайды.

Тұлғалық–іс-əрекеттік бағыттың негізгі мазмұндық бірліктері төмендегідей:

- сан қилы тұлғааралық қатынастардың бəрінің негізі – қарым-қатынас, ортақтасу;

- іс-əрекет барысында тұлға дамуына басшылық жасау;

- тұлға дамуы мен əлеуметтенуі.

Гуманистік педагогикада тəрбие – көзделген мақсатқа жеткізуші тəрбиелеуші мен тəрбиеленуші арасындағы тиімді қызметтестік үдерісі.


2.2 Тəрбиенің құндылықтары, мақсаты мен міндеттері
Қазіргі заманғы тәрбиенің іргетасын құндылық туралы ілім – аксиология құрайды.

Құндылық – көпшілік адамдар мақұлдайтын және ортақтасатын жақсылық, әділетттілік, патриотизм деп бағалайтын жеке тұлға үшін қоғамдық-мәнді әлеуметтік бірлік, қоғам, тұтас материалдық, әлеуметтік объектілер. Ол барлық адамдарға эталон, идеал болып қызмет етеді, оларды құруға педгогикалық үдеріс бағытталған.

Қазақстан Республикасының заңнамасында, сондай-ақ жоғарыда аталған тәрбие тұжырымдамасында төменгідей құндылықтар белгіленген.



Адам – басты құндылық, жоғары субстанция, «барлық танымның өлшемі». Біздің мемлекетіміздің ең жоғары құндылығы – адам, оның өмірі, құқығы және бостан-дығы. Қазіргі жағдайда адам дамуы зерттеу объектісі ретінде ғана емес, алдымен, аса маңызды мәдени үлгілер жасаушы және өзінің ынтасымен шығармашылыққа ұмтылушы, шығармашылық және таным субъектісі ретінде ұсынылады.

Отбасы – болашақ жеке тұлғаның негізі қаланатын қоғамның бастауыш құрылым бірлігі, баланың алғашқы ұжымы, оның табиғи даму ортасы.

Отан, туған өлке – тағдыр берген, ата-бабасынан қалған, өз халқының мәдени, рухани мұрасымен, оның өткен тарихымен байланыстыратын әр адамның теңдесіз, бірегей туған жері.

Денсаулық, салауатты өмір салты – бақытты, үбірлі өмірдің міндетті шарты.

Еңбек – адам болмысының негізі, «адам өмірінің мәңгілік табиғи шарты». Рухтанған, саналы, шығармашылық еңбек – адамның табиғи қасиетінің анағұрлым табиғи көрінісі.

Білім – әрбір жеке тұлғаның және әлеуметтік прогрестің дамуына қажетті шарт. Оқудың нәтижесі – білім. Білім – мақсатқа жетудің құралы.

Мәдени мұра – барлық адамзаттың және әр халықтың рухани және материалдық өмір саласындағы орасан зор байлығы. Нағыз мәдениет өзіне мәңгі бақи шындықты, мейрімділікті және әсемдікті біріктіреді.

Тіл – адамдардың негізгі қарым-қатынас құралы, аса маңызды әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі.

Достық – өзара сыйластық қарым-қатынастағы дербес, еркін таңдау. Достық адалдық және өзара көмек беруді ғана емес, сонымен қатар, ішкі үйлесімділікті, ашық-жарқындықты, сенімді және махаббатты айғақтайды.

Мақсат – адамның қол жеткізуі тиіс нəтижені саналық деңгейде алдын-ала ниеттеуі. Тәрбиенің жалпы мақсаты, яғни мұраты, орасан биік болуы абзал. Өмірі үлгі боларлық қазақ арыстарының бірі Мағжан Жұмабаев «Педагогика (баланы тәрбие қылу жолдары)» атты бірегей оқулығында тәрбие мақсатын былай анықтаған: «Тәрбиеден мақсұт адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлты бақытты. Адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасынан айтқанда, тәрбиеден мақсұт – адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару» [17, 7]. Сонымен бірге, тәрбие мақсаты, ғалымның пікірінше, – баланы келешек заманына лайық қылып шығару. Мағжанның ойы мәңгі өзектілігін жоғалтпайтын ізгі адами мұратты тұйіндейді.



Қазіргі тәрбиенің мақсатын былай тұжырымдауға болады: үздіксіз білім беру жүйесінде мектеп жасына дейінгі балалардың және білім алушылардың Қазақстан Республикасының азаматтары және патриоттары ретінде қалыптасуы мен өзін-өздері танытуларына, әлеуметтенуіне, болашақ мамандық иесі болып, кәсіби, интеллектуалды және әлеуметтік шығармашылыққа жетуіне оңтайлы жағдай жасау. Бұл мақсат Қазақстанның білім беру және тәрбиелеу саласындағы нормативтік құжаттарда орын алған.

Тəрбие мұраттарын анықтауда жаңа жағдайлар мен жаңа қоғамға икемдескен адам мұраты арқау етіледі. Тəрбие мазмұны, формасы, əдістері – бəрі де мақсатқа тəуелді. Тəрбие мақсатын түсінуден оны іске асырудың технологияларын таңдауға жол ашылады. Жан-жақты əрі үйлесімді дамыған тұлға тəрбиелеу мақсаты ҚР «Білім туралы» Заңында бекітілген.

Оның баптары:

- тəрбие үдерісінің мазмұнын анықтайды;

- тəрбие нəтижесінің шарттарын белгілейді;

- педагог қызметінің өлшемдері ретінде қызмет етеді;

- тəрбие жүйесін толықтай айқындайды.

Тəрбие мақсаттары жалпы (барша адамдарға арналған) жəне даралықты (жеке адамға арналған) болып бөлінеді.

Тəрбие мақсатын белгілеуде жекеленген іс-əрекеттердің ғана емес, бүкіл оқу–тəрбие үдерісінің де бірлік элементі ретінде психологиялық-педагогикалық диагностика маңызды роль атқарады. Осыдан, тұлғаны зерттеудің əрқилы əдістерін білу жəне олар негізінде тұлға мен ұжымды зерттеудің бағдарламаларын түзе алу қажеттіктері туындайды.

Бір тəрбиелік жүйеде əрдайым бір тəрбие мақсаты көзделеді, ал мақсатқа орай орындалатын міндеттер (жалпы не нақты) көптеген болуы мүмкін. Тəрбие мақсаттары қоғамның даму қажеттерімен айқындалып, əлеуметтік жəне техникалық прогреске, қоғам, ересектер мен балалардың мүмкіндіктеріне тəуелді келеді. Тəрбиелік іс-əрекет нəтижесінде көрініс беретін көкейкесті мақсаттар: əр адамның даралықты дамуы жəне оның əлеуметтенуі, ал бұл өз кезегінде ақыл-ес, адамгершілік, əсемдік (эстетикалық), азаматтық, еңбектік жəне тəн-дене тəрбиесі міндеттерінің орындалуымен анықталады.

Тəрбие міндеттерінің шешімі тұлға мəдениеттілігінің негізін қалайды.

Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы тәрбиенің мынадай міндеттері айқындалады:



  • білім беру ұйымдарында денсаулығы зор, рухани дүниесі бай, адамгершілікті, тәуелсіз жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін тәрбие жүйесін құру және дамыту;

  • балалар мен жастарды азаматтылыққа, отансүйгіштікке, зиялылыққа, адам құқықтары мен бостандықтарын, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық дәстүрлерді сыйлауға тәрбиелеу;

  • өзінің және қоғамның, болашақ ұрпақ алдында әлеуметтік, табиғи және мәдени ортадағы өз іс-әрекетінің нәтижесі үшін жауапкершілікті сезінуде гуманистік дүниетанымды қалыптастыру;

  • мемлекеттік тілді және басқа тілдерді үйрену арқылы балалар мен жастардың әлем және ұлттық мәдениетті игерулеріне, Қазақстан халықтарының дәстүрлері мен мәдениетін зерттеуіне және қабылдауына жағдай жасау;

  • жеке тұлғаның өзін-өзі іс жүзінде көрсетуі мен ары қарай дамуына ықпал етуде білім беру ұйымдары жағдайында жастар мен балалардың танымдық қызығушылығын, олардың шығармашылық қабілеттерін, жалпы білімге икемділігін, өзін- өзі тану мен өздігінен білім алу дағдыларын, әлеуметтенуін барынша дамыту бейімділігін қалыптастыру;

  • қазіргі заманғы қоғамдық өмірге және тиімді кәсіби іс-әрекет пен жеке басының және әлеуметтік кәсіби тұрғыда үздіксіз пісіп жетілуіне қажетті маңызды тұлғалық және кәсіби сапаларын қалыптастыру;

  • қоғамда орнықты қалыптасқан дәстүрлер негізінде этникалық және діни толеранттылықты тәрбиелеу;

  • балалар мен жастардың бойында Қазақстанға сырттан енуші этнодіни экстремизм мен түрлі радикалды ағымдарға қарсы әрекет ете алатын дағдылар қалыптастыру;

  • отбасылық тәрбие жүйесін қайта жандандыру және отбасын білім беру мекемелерінің тәрбие жүйесіне араластыру.

Тәрбие мақсаттары мен тәрбие жұмысының міндеттері білім беру үдерісінде, сабақтан тыс уақытта және білім алушылардың бос уақытында жүзеге асырылады.
2.3 Тəрбие үдерісінің ерекшеліктері
Оқу жəне тəрбие - өзара байланысты екі үдеріс. Олардың міндеттері əрқилы, дегенмен, бір-бірімен ажырамас ұштасқан күйде бір уақытта қатар жүріп отырады, бірақ ұйымдасу əдістері жəне формалары тұрғысынан түбегейлі өзгеше.

Тəрбиелік іс-əрекет тəрбиешінің жекеленген əрекет аймағы түрінде (өз мақсаттарына, міндеттеріне, мазмұнына ие) немесе оқу үдерісіне тікелей енген (себебі оқу тəрбиелік сипатқа ие) қалыпта болуы мүмкін.

Оқу мен тəрбиенің ортақ белгілері:

- тəрбие үдерісі өз ішіне оқу элементтерін қамтиды: қандай да ережені орындауды талап етуден бұрын оның іске асырылу жолдарын үйрету қажет;

- оқу үдерісі мұғалім мен оқушы арасындағы ықпалдасты іс-əрекеттің ұйымдастырылу формасына сəйкес өтеді. Өз қызметі барысында мұғалім оқушыға тəрбиелік ықпал жасайды;

- оқу жəне тəрбие үдерістерінде бірдей əдістер (түсіндіру, қадағалау жəне т.б.) пайдаланылады.

Жалпы педагогикалық үдерістің аталған екі қызметінің арасындағы қағиданык айырмашылық: оқу барысында шəкірт əртүрлі ғылымдар негізін меңгереді, ал тəрбие үдерісі оқушының тұлғалық сапа-қасиеттерін қалыптастыруға бағышталады.

Тəрбие үдерісіне тəн ерекшеліктер:

- мақсатты бағыттылық (мақсаттың түсінікті болуы нəтиже тиімділігінің кепілі);

- мақсаттар бірлігі (тəрбиеші мен тəрбиеленушінің арасындағы қызметтестіктің көрсеткіші);

- нəтиже ұзақтығы (оқу үдерісіндегідей нəтиже бірден көрінбейді);

- көп жағдаяттылығы (тұлға көп əрі сан қилы ұнамды да, ұнамсыз да ықпалдарға кезігеді. Тəрбие барысында олар реттеледі. Тараптардың тұлғаға болған ықпалы өзара сəйкес келсе, тəрбие нəтижесі тиімді болады.

- ауыспалылығы (тəрбиеленуші мақсатты, көзделген жəне кездейсоқ əсерлерге бірдей кезігіп отырады);

- үздіксіздігі (ешқандай науқанды, бір мəртелік шара қаншама жарқын болмасын, аса ыждағаттылықпен жүйелі дайындалған тəрбие істерінің орнын баса алмайды);

- кешенділігі (тəрбие мақсаты мен міндеттерінің , мазмұн, форма жəне əдістерінің бірлігі);

- баламалылығы (тəрбиеленушілер даралық ерекшеліктері жəне əлеуметтік тəжірибесінің əр түрлілігімен ажыралады. Тəрбие үдерісінде бұлар ескерілуі шарт, себебі əсері бірдей болғанның өзінде де тəрбиелік нəтиже əрқилы болуы ықтимал);

- екі тараптылығы (тəрбиелік ықпалды жүргізуші – мұғалім, ол ықпалды қабылдаушы - оқушы);

- тəрбие үдерісі - өмірлік, ол қозғалмалы да ауыспалы;

- тəрбиеші тұлғасы – тəрбие барысына ықпалды маңызды жағдаят (тəрбие үдерісінің өнімді болуының кепілі – мұғалім ептілігі, шеберлігі, құндылықты бағыт-бағдары, қызметтестік қатынасқа түсе білу қабілеті);

- қарама-қайшылықты болуы (қарама-қарсылықтар тəрбиенің қозғаушы күші ретінде қарастырылады).

Тəрбиенің негізгі қайшылықтары оқу-тəрбие үдерісінде кездесетін келесідей құбылыстар арасында көрінеді: қоғамдық өмірдің жаңа шарттары мен оған дайындауға арналған əдістер мен формалардың ескіруі; адамның табиғи даму мүмкіндіктерінің шексіздігі мен бұл дамудың əлеуметтік жағдайлар бағдарламаларына тəуелді шегерілуі; адамның табиғаттан белсенді, əрекетшең болуы, оның қоғамдық өмірге араласу ынта-ықыласы мен өмірлік үдеріске нақты қатысу үшін қажет тəжірибе, білім, ептілік пен дағдылардың жетіспеуі жəне т.б.

Сонымен, жоғарыда аталғандарды ескерумен келесідей қорытынды шығаруға болады: тəрбие үдерісі оқу үдерісімен бір қатар жүріп жатса да, ол бірнеше мəнді ерекшеліктерге ие, сондықтан да өз алдына дербес қарастырылады.


Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар
1. Платонның «оқытуда ең маңыздысы – тәрбие» деген сөзін дәлелдеңіздер.

2. Өздігінен әр түрлі әдеби көздерді зерделеп, гуманистік педагогикадағы тəрбиенің мазмұны мен құрылымын сипаттаңыздар.

3. Гуманистік тəрбиенің құндылықтарын, мақсаты мен міндеттерін анықтаңыздар, оларды кесте (сызба, сұлба, сурет) түрінде көрсетуге тырысыңыздар.

4. Тәрбие үдерісінің ерекшеліктері қандай?

5. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелімен келісесіздер ме?

6. «Тәрбие мақсаты – адамды адам қылу» тақырыбына шағын шығарма жазыңыздар.



3 Тəрбиенің жалпы заңдылықтары мен қағидалары
Жалпы заңдылықтардың ықпал аймағы тəрбие үдерісінің барша жүйесіне əсер етеді əрі оның аса маңызды бірліктері арасындағы байланыстарды танытады. Бірақ тəрбие үдерісі, біз білетіндей, педагогикалық үдерістің құрамды бөлігі болуымен осы үдерісс заңдылықтарына тəуелді келуі табиғи құбылыс. Бұл үдерісте даму жəне қалыптасу заңдылықтары əрекетке түседі. Бұдан шығатын қорытынды - тəрбие үдерісі аса күрделі де көп түрлі сипатқа ие. Тəрбие практикасы үшін өте қажет нəрсе: тəрбие үдерісінің тиімділігі (өнімділігі) мен тəрбие сапасын анықтайтын оның сипаттары жəне шарт–жағдайлары арасындағы байланыстардың қалай түзілетінін түбегейлі білу.

Тəрбие тиімділігі келесі жағдаяттарға тəуелді: қалыптасқан тəрбиелік қарым-қатынастарға; балаға деген ықпал оның қоршаған ортаға, тəрбиешіге, тəрбиелік əсерлерге қатынасына орай жасалады. Егер бұл қатынастар ұнамды болса, проблема тумайды. Ал егер бұл қатынас керағар сипатта болса, тəрбие үдерісі тежеледі, одан келетін нəтиже болымсыз сипат алады. Сондықтан келеңсіз қатынасты əрекеттер алдымен жойылып, көзделген мақсатқа қарай қадам аттау орынды. Бастаудан тəрбиеші көзқарастары мен талаптарын оңды қабылдаған тəрбиеленуші оларға икемдесіп үйренеді əрі сенеді, орынды талап кейпінде қабылдайды. Ал егер тəрбиеленуші өз тəрбиешісінің талаптарын дұрыс деп таппай, одан күмəнданса, үдерісс бағытының қай арнаға түсіп, дамитыны белгісіз. Гуманистік тəрбие өсиеті: жақсы тəрбиелегіңіз келсе, баланы бауырмалдықпен өзіңізге жақындатасыз.



Сөйтсе де, тиімді тəрбиені қамтамасыз ету үшін оған қолайлы жағдайлар түзілуі қажет.

1. Мақсат жəне оған жетуге бағытталған іс-əрекеттер арасындағы сəйкестікке. Егер іс-əрекет, тəрбие жұмыстарының ұйымдасуы алға тартылған мақсатқа орайласпаса, тəрбие үдерісі табысты болмайды. Керісінше, ұйымдастырылған істер мақсатқа тура келсе, қолданылған əдістер, формалар мен құрал-жабдықтар көзделген міндеттер денгейінде болса, тəрбие үдерісінің тиімділігі де сəтті шығады.

2. Практика мен тəрбиелік ықпалдар сəйкестігіне. Тəрбие үдерісіне тəн құбылыс: тəрбиеленуші өз тəрбиешісі айтқанының бəрін тәжірибеде тексеруге құштар. Егер осыдан тәрбиеленуші өмір мен алған білімінің, сөзбен істің өзара сай болмағанын сезсе, түңіліске тап болады. Қалыптасқан тұрмыстық, өмір жағдайларын əсте ақырын əрі бірізділікпен бірте-бірте ауыстырып бару жөн. Жылтың, мезеттік табыс қуалау көп ұзамастан тəрбие мен өмір сəйкестігін шұғыл жойып салады.

3. Объективті жəне субъективті жағдаяттардың бірлікті əрекетке түсуіне. Субъективті жағдаяттар құрамы: тəрбиешілер мен тəрбиенушілер, олар арасындағы ықпалдастық, қалыптасқан қарым-қатынастар, психологиялық климат жəне т.б., ал объектив жағдаяттар: тəрбиені іске асыруға қажет шаралар-экономикалық, материалды-техникалық, əлеуметтік, санитар-гигиеналық жəне т.б., əрқандай нақты тəрбиеге байланысты аталған жағдаяттардың өзара ұштаса күрделі бірігімге келуі тəрбие үдерісіне қайталанбас, өзіндік сипат береді.

4. Тəрбие мен өзіндік тəрбие қарқындылығына. Өзіндік тəрбие - өз тұлғасын жетілдіруге бағытталған оқушы іс-əрекеті. Өзіндік тəрбие үдерісінде бала өз тəрбие үдерісінің субъекті ретінде танылады. əрқандай өзіндік тəрбие нақты оқушы өмірінің мазмұнымен, оның қызығулары жəне жасына сай қатынастарымен тікелей байланысты. Өзіндік тəрбие сырттай тəрбиемен сабақтас əрі оның нəтижесі. Тəрбиеленушінің өзін өзі бағалай білуі, өзінің ұнамды қылықтары мен келеңсіздіктерін тануы, жеке өмірлік жоспарын іске асыруға кедергі болар жəйттерді ерік күшін қосып жеңе білуі – өзіндік тəрбиенің табыс кепілдері. Ал оқушының өзін жетілдіре білуінен, яғни өзіндік тəрбиеден мұндай кепілдіктер дамып, ұлғая түседі.

5. Тəрбиеге қосарлана жүретін даму мен оқу үдерістерінің тиімділігіне. Белгілі болғандай, егер екі үдерісс өзара байланысты іске қосылса, онда олардың бірінің тиімділігі көтеріледі не кемиді де, екіншісіне өз ықпалын тигізеді. Осыдан тəрбие даму қарқындылығын асырып, ал даму ұтымды тəрбиеге жол ашады. Егер осы байланыс бұзылса, күрделі кедергілер туындайды да, олар өз кезегінде тұлғаның дамуына да, оқуына да, тəрбиесіне де жайсыз жағдайлар жасайды.

6. Педагогтың тəрбиелік əрекеттерінің сапасына. Біліктілігі кем, көлемі тұрғысынан жетімсіз не мерзімінен кешіктірілген педагог істері тəрбие қызметінің төмен нəтижесіне себепкер болады.

7. Тəрбиеленушінің «жан аймағына» жасалған ықпалдардың қарқындылығына. «Жан аймағы» дегеніміз тұлғаның сеп-түрткілер, қажеттер, көңіл-күй, сана-сезім жүйесі. Тəрбие үдерісінде сыртқы ықпалдар оқушының іштей табыстарына, яғни сапа-қасиеттерінің ұнамды дамуына, ауысады. Ал, егер осы ықпалдар ойға алынғандай күшті болса, бала қажеттеріне орайлас келіп, оның белсенділігінің көтерілуіне жəрдем беретін болса, тұлғаның жеке сеп-түрткілері мен мақсаттарының идеалды күйден практикалық нəтижеге ауысуы анағұрлым жеңіл əрі жылдам өтеді.

8. Педагогикалық ықпалдар мен тəрбиеленушілер мүмкіндіктері арасындағы үйлесімге. Тəрбие үдерісінде дамудың біркелкі болмау заңы көрініс береді, себебі тəрбиеленуші мүмкіндіктері тəрбиеші талаптарына əрқашан сай келе бермейді. Осыдан кейбір теориялық білімдерге байланысты мəселе, сұрақтарды еркін де жеңіл шеше білетін оқушы практикалық тапсырыстарды орындауда, қарапайым еңбек операцияларымен кезіккенде, дене шынықтыру жаттығуларын көрсетуде ебедейсіздік байқатып, едəуір қиналып қалды.

Сонымен, тəрбие заңдылықтары тəрбие үдерісінің жағдаяттары, шарттары мен нəтижелері арасындағы басты байланыстарды бейнелейді. Тəрбие тəжірибесінде нəтиженің қалыптасқан қатынастарға тəуелділігі, мақсат пен іс-əрекет, практика мен тəрбиелік ықпалдар, субъектив жəне объектив жағдаяттардың байланысы, əсері, тəрбие жəне өзіндік тəрбие қарқындылығы жəне т.б. өз дəлелін өмір барысында тауып отыр.

Тəрбие үдерісінің қағидалары (тəрбие қағидалары) – бұл тəрбие үдерісінің мазмұнына, əдістеріне, ұйымдастыру жолдарына қойылатын негізгі талаптарды айғақтайтын жалпы бастау тұжырымдары. Олар тəрбие үдерісінің анайылығын аңдатып, педагогтарға нақты педагогикалық міндеттерді шешуде бағыт-бағдар береді.

Тəрбие үдерісіне арқау болар қағидалар өз алдына жүйеге бірігеді.

Осы жүйедегі гуманистік педагогика қағидалары келесідей:

- тұлғалық бағыт қағидасы;

- тəрбиенің жеке тұлғалық жəне қоғамдық бағыттарының бірлігі қағидасы;

- тəрбиенің өмір, еңбекпен байланыстылық қағидасы;

- тəрбиеде ұнамды өнегені пайдалану қағидасы;

- тəрбиелік ықпалдар бірлігі қағидасы.



Тұлғалық бағыт қағидасы. Тəрбие үдерісінде тұлғалық бағыт қағидасы тəрбиеленушілердің жас ерекшеліктері мен даралығын, əсіресе жалпы жəне жеке адами қасиет - сапалары мен мүмкіндіктерін ескеру негізінде іске асырылады. Адами қасиет сапалар мəні: тұлғаның өмірлік бағыт-бағдары, тіршілік жоспары, құндылықты бағамдары, қалыптасқан жандүниелік ұстамдары, іс-əрекеті мен мінезіндегі басымды сеп-түрткілер. Тұлғаның осы аталған жетекші сапаларынан бөлектене қарастырылатын жас не даралық ерекшеліктер (мінез, темперамент, ерік жəне.т.б.) жоғары дəрежелі кісілік қадір-қасиеттерді қалыптастыруға бағышталған тəрбиені қамтамасыз ете алмайды, жас деңгейін, даралық ерекшеліктерді білу маңызды, солай да болса, жоғарыда аталған сапалардың жетекшілік ролін тану ғана баланың жас мүмкіндіктері мен жеке ептіліктерін дұрыс пайдаланудың көзін ашады.

Тұлғалық бағыт қағидасынің тəрбиеші алдына қоятын талаптары:

- тəрбиеленушілердің жеке темпераменттік ерекшеліктерін, мінез бітістерін, көзқарастарын, талғамдарын, əдеттерін үздіксіз зерттеп, жете білу;

- тəрбие үдерісін диагностикалаумен бірге баланың ойлау қабілеті, сеп-түрткілер, ұстанымдары, өмірлік бағыты, өмір мен еңбекке деген көзқарасы, құндылықты бағамдары, тіршілік жоспарлары секілді тұлғалық сапалардың нақты қалыптасу деңгейін түбегейлі тану;

- əр оқушыны тұлғаның ілгерілей дамуын қамтамасыз етуші күш-қуатына сəйкес əрі біртіндеп күрделеніп баратын тəрбиелік істерге ұдайы қатыстырып бару;

- мақсатты іске асыруға кедергі болар себептерді өз уақытында анықтау əрі аластау, ал егер бұл мүмкін болмаса, жаңа жағдайлар мен шарттарға тəуелді тəрбие бағытына дер мезетінде өзгерістер енгізу;

- барынша тұлғаның өз белсенділігін арқау ету;

- тəрбиені тұлғаның өзіндік тəрбиесімен ұштастыру, оқушыға өзіндік тəрбие мақсаттарын, əдістері мен формаларын таңдауға жəрдем беру;

- оқушыда дербестік, ынталылық, өзіндік іс-əрекет қабілеттерін дамыту, тек басшылықпен шектелмей, табысқа жеткізер іс-əрекеттерді ұтымды ұйымдастыру жəне бағыттай білу.

Осы талаптардың бірлікті орындалуы мектеп тəжірибесінде бұрыннан танымал жас ерекшеліктері мен даралық ескеру қағидаларынің қарабайырлығын жояды, тəрбиешіні үдерістің үстірт белгілеріне шегеленбей, тереңде жатқан мəн-мағыналық байланыстарға назар аударуға бағыттайды, осы үдерісте көрінетін тəрбие заңдылықтары мен себеп-салдарлы қатынастарды тануға жетекшілік етеді.



Тəрбиенің жеке тұлғалық жəне қоғамдық бағыттарының бірлігі қағидасы. Озат ойлы педагогтар тəрбиені «өсиет пен өнеге, сендіру жəне зорлау жəрдемімен адамдарды нəзік шақтан іс-əрекетке қосып, игерілген ережелерді тұрмыста қолдануға үйретуші қоғамдық құрылым» (Г. Сент-Джон) ретінде таныған. əр дəуірде бұл қағида мəні ауысып барған: бірде жеке тұлғалық бағыт басымдау болып, кейде қоғамдық, мемлекеттік бағыттар жетекшілік еткен. Алайда, тəрбиенің басты міндеті - адамды белсенді қоғамдық əрі рахат жеке өмірге дайындау - қай заманда да сақталып қала береді.

Бұл қағида бойынша педагогтың барша қызметі өсіп келе жатқан əулет тəрбиесін мемлекеттің тəрбиелік стратегиясына сəйкес орындауға жəне əлеуметтік үйлесімге келген тұлғаны қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Мемлекет қызметіндегі тұлға ретінде тəрбиеші тəрбие саласындағы мемлекеттік тапсырысты орындайды. Егер мемлекет жəне қоғам мүдделері сəйкес келсе, азаматтардың жеке мүдделерімен үйлесімді болса, онда тəрбие қағидалары де тəрбие мақсаттары мен міндеттерінің саласында өзіне тиісті орын алады. Ал бұл жағдай керісінше болса, қағида іске аспай қалады, себебі тəрбиешінің тəрбие істері қорына толыққанды тəрбие үшін қажет нақты деректер түспейді.

Бұл қағиданы іске асыру барысында əсіре ұрандаудан, желікпе үндеулерден, бөспе сөзділіктен аулақ болған абзал, себебі тəрбие ең алдымен құнды əрекет-қылық жəне қарым-қатынас тəжірибесін жинақтауға мүмкіндік беретін пайдалы іс-əрекет, қызмет үдерісінде жүзеге келеді. Алайда, оқушы араласқан нақты іс-əрекет (ойын, еңбек, қоғамдық істер, оқу, спорттық жəне т.б.) тəрбиелік мəнге ие болуы үшін, оның субъекті - балада сол əрекетке деген қоғамдық құнды сеп-түрткілерді қалыптастыру қажет. Егер олар жоғары ізгілікті, қоғамдық мəн-мағынасымен елеулі болып келсе, əрекет-қылықтар нəтижесінде орындалатын қызмет те үлкен тəрбиелік ықпалға ие болады. Əр тұлғаның əлеуметтік сапаларын орнықтыруда оқушылардың қоғамдық пайдалы еңбегі олардың мақсатты бағытталған сана-сезімін қалыптастыру істерімен ұштасуы қажет. Баланы қандай да іс-əрекетке ойыстыруға қолданылған сөз, ауызекі нұсқау, нақты тұрмыстық пайдалы қызмет пен ұнамды əлеуметтік тəжірибеде өз бекімін табуы тиіс.

Тəрбиенің өмір жəне еңбекпен байланыстық қағидасы. «Мектеп үшін емес – өмір үшін» ұранымен күтіп алады екен ежелгі Рим мектептері өз оқушыларын. Адамзаттың алғашқы қадамдарының өзінде –ақ адам тəрбиесімен шұғылданған тұлғалар өмір мен тұрмыс практикасынан ажыралған тəрбиенің мағынасыз болатынын түсінген. Адам тұлғасын қалыптастыру оның іс-əрекетімен, қоғамдық жəне еңбектік қатынастарға келуімен тікелей тəуелді байланыста. Адамның ұнамды сапалары еңбекте ғана дамиды: неғұрлым ол ауқымды, мақсатқа орай болса, тұлғаның дамуы мен əлеуметтену деңгейі де жоғары келеді. Осыдан да тəрбиеленушілерді қоғамдық өмірге, əрқилы пайдалы істерге араластырумен оларға болған ұнамды көзқарас пен қарым-қатынастарын қалыптастырып бару міндетті шара. Тең құқықты мүше ретінде еңбек үдерісіне қатыса отырып, бала адамгершілікке баулынады, рухани жəне тəндік дамуға келеді, еңбектің қоғамдық мəнді сеп-түрткілерін ажырататын болады, өзінің моральдық сапа-қасиеттерін бекітеді, одан əрі жетілдіреді.

Тəрбиені өмірмен байланыстыру қағидасы педагогтардан екі бағытта белсенді қызмет атқаруды талап етеді:

- тəрбиеленушілерді адамдардың қоғамдық өмірі жəне еңбегімен қолма-қол əрі кең таныстырып, жалпы тұрмыста болып жатқан əлеуметтік өзгерістерді мезетінде түсіндіріп бару;

- тəрбиеленушілерді шынайы өмір қатынастарына тартып, араластыру, қоғамдық пайдалы іс-əрекеттердің сан-алуан түрлеріне қызығулары мен бейімділіктеріне сəйкес қосып, оның нəтижесінен рахат сезінуге баулу.

Аталған қағиданы іске асыру барысында педагог орындауы тиіс міндеттер төмендегідей:

- қоғам мен адам өміріндегі еңбектің маңызын əр балаға жете түсіндіру;

- материалды жəне рухани дүние өндіруші еңбек адамдарына болған құрметке баулу;

- шаршап-жалықпай еңбектену қабілетін дамыту, қоғам жəне өз мүддесі үшін адал да шығармашылықпен іс қылу ниеттерін өрістете түсу;

- қазіргі заман өндірісінің жалпы негіздері жөніндегі ақпараты жеткізу;

- еңбек аясында өз басы мүдделері мен қоғамдық міндеттерді үйлестіре білуге, қоғам қажеттері мен өз ниеттеріне орай кəсіп таңдауға үйрету;

- қоғамдық игілік жəне табиғат байлықтарына құндылықпен қатынас жасауға баулу;

- қоғамдық мүлікке байланысты ысырапшылдыққа, жауапкерсіздікке, талан-тараждыққа, табиғат байлықтарына болған жыртқыштыққа төзбеушілік сезімін ояту.

Тəрбиені өмір жəне еңбекпен ұтымды ұштастыру мақсатында келесі ережелерді ұстанған жөн:

1. Желең сөз емес, оқушылардың нақты əрі қолынан келер ісі пайдалылау. Осыған орай тəрбиеші сабақ жəне сыныптан тыс жұмыстарға қойылатын талаптар бағдарламасын түзіп, оларды бірізділік қағидасы негізінде іске асырып баруы шарт.

2. Өз əрекеттерін жанұя талаптарымен үйлестіре отырып, тəрбиеші əр оқушыға оның басты міндеті оқу екенін жете түсіндіруі лазым. Бұған қосымша –үйге жəрдемдесу, əлі жететін басқа да тапсырмаларды орындау.

3. Бала, əдетте, қандай да істі орындауға құштар; енжарлық, селқостық, іссіздік-бала табиғатына жат құбылыстар.

4. Дəрістер мен сыныптан тыс тəрбие жұмыстарында өлкетану материалдарын пайдаланған өте тиімді.

5. Ересектермен қатар еңбекке араласуынан балалар қолға алған жұмыстарды жауапкершілікпен бағамдауға үйренеді, ал бұл олардың азаматтық сапаларының дамуына жəрдем береді.

6. Бала тəрбие үдерісінде өз еңбегінің басқа адамдарға, қоғамға қажет əрі пайдалы екенін сезінуі тиіс.

Тəрбиеде өнеге-үлгіні сүйеніш ету қағидасы. Егер өз тəрбиеленушісінде педагог тырнақтай да жақсылық нышанын байқап, оны тəрбие үдерісінде пайдаланатын болса, оның шəкірт жанына жол тауып, тезірек табысқа жетуі сөзсіз. Дана педагогтар тіпті тəрбиесі жетімсіз балалар мінезінен де ұнамды бітістер тауып, оларды тəрбие мақсатына орай басқа да қасиет-сапаларды қалыптастырып, тұрақтандыруға шеберлікпен қолдана алған. Ұнамды үлгі-өнегелерді сүйеніш ету қағидасынің талаптары қарапайым: педагог баланың ұнамды мінез бітісін табады, оны пайдаланып, басқа, əлі қалыптаспаған не кері кеткен мінез бітістерін дамытады, қажетті деңгейге жетілдіріп, өзге əрекет-қылық сапаларымен үйлестіреді.

Баланың ұнамды сапалары (жануарларға мейірім, тума қайырымдылық, ықыластылық, жомарттық жəне.т.б.) келеңсіз қасиеттермен (уəдесіздік, өтірік айту, еріншектік жəне т. б.) бірге жүреді. Бірақ түгелдей «бұзық» не тума «сүйкімді» бала болмайды. Адамдағы болымды қасиеттерді молынша көбейтіп, кері сапаларды мүмкіндігінше азайту – тұлғаны ізгілендіру жолындағы тəрбие қолынан келер маңызды міндет.

Тəрбиеші қызметі табысты болып, тез əрі ұнамды нəтижеге жетуі үшін, ол келесі ережелерді ұстануы қажет:

1 Тəрбие үдерісінде дау-дамайға, тəрбиеші мен тəрбиеленуші арасындағы қайшылыққа, күш жəне көзқарас тайталасына жол бермеу міндетті. Тек қызметтестік, ымырашылдық пен шыдамдылық жəне бала тағдырына мүсіркей араласумен ғана ұнамды нəтижелерге жету мүмкін.

2 Оқушы қылық-əрекетіндегі тек олқылықтар мен кемшіліктерге ғана назар аудара беру қателік. Əрдайым жақсы нышандарды тауып, қолдау шарт, əлбетте, келеңсіз сапаларды түзету қажет. Дегенмен, мүмкін болғанша, алдымен ұнамды қасиеттерді анықтап, қажет болса қалыптастырып, одан əрі оларды жетілдіре түсу тиімді.

3 Педагогикалық тұрғыдан тəрбиеленушілердің ұнамды қызығулары мен бейімділіктеріне (танымдақ,эстетикалық,табиғат жəне жануарларға қайырымдылық жəне т. б) арқа сүйеген тиімділеу, олар жəрдемімен көптеген еңбек, имандылық, эстетикалық тəрбие міндеттерін шешуге болады. Ұнамды үлгі-өнегені пайдалану қағидасы тəрбие үдерісінің табиғатына берілген жетекші өзекті таба білуге байланысты. Əр нақты жағдайға орай осы өзекті табу-бала тəрбиесі жолында жанпидалыққа түскен қай педагогтың да қолынан келетін іс.

4 Ұнамды тəрбие аясын (фонын) түзу – өнеге пайдалану қағидасынің жəне бір шарты. Бұл ая құрамы - тəрбиеленушілердің тіршілік, іс-əрекет ауқымы мен тəрбиелік қатынастар стилі. Байыпты, іскерлік жағдай жасалып, əркім өз ісімен шұғылданып, басқаларға кедергі болмаса, еңбектену мен тынығу жоғары дəрежеде ұйымдастырылса, «қабырға да көмектесіп» дегендей сергек те сенімді алға ілгерілеу болады. Жұмыс орнының барша қолайлылықтары алдын ала ойластырылып, үйлесімді əрекеттер мен бірдің екіншіге болған қамқорлығы сезілсе, мұның бəрі қызмет бабындағы адамға ұнамды əсер етпей қоймайды.

5 Қателіктерінен үздіксіз кері əсерге ұшыраған бала өзіне, өз күш-қуаты мен мүмкіндіктеріне сенуден қалады. Тəжірибелі педагогтар ғұлама Гомерден қалған «Мадақ бар жерде-Жаратқан мен сəби жүреді» қанатты ойды ұстанып, балаға деген жылы, қолдау лебізін бір де аямайды, болашақта қолға кіретін жетістіктері үшін де алдын ала мақтауға жомарт келеді. Олар баланың жақсы қылығын күні бұрын жобалап, оның нəтижелі боларына баланы сендіреді, өз шəкірттерін қызметтес жолдасына айналдырып, қателескен жерінде қол ұшын береді.



Тəрбиелік ықпалдар бірлігі қағидасы. Бұл қағидатен туындайтын мақсат-бала тəрбиесіне қатысты ықпалдардың баршасын (жанұя, мектеп, мектептен тыс қоғамдық мекемелер, жалпы қауым) бірлікті іске қосып, тəрбиеленушілерге өзара үйлестіріліп, келісілген талаптар қоюды жүйелеу. Егер мұндай бірлік пен үйлесім болмаса, тəрбие үдерісінің қатысушылары А. И. Крыловтың кейіпкерлері Шаян, Аққу жəне Шортан секілді əрекеттерін жан-жаққа шашыратып алмауына кім кепіл? Бұдан үлкен зиян көретін алдымен тəрбиеленуші: кімге сеніп, кімге еретінін білмей сарсаң болады, өзіне абырой тұтқан «пірлерінің» ішінен жөндісін айыра алмай, күйзеліске келеді. Ал мұндай жүктемеден белі қатаймаған баланы құтқару үшін тəрбиелік ықпалдардың бəрін бір арнаға келтіріп, тұлғаға бағытталған күштердің ұнамды əсерін көтеру-тəрбиелік ықпалдар бірлігі қағидасынің басты талабы.

Аталған қағиданы іске асырудың төменде келтірілген ережелері тəрбиешіге өз қызметінің барша саласында кезігетін жағдайларды ескеруге көмектеседі:

1 Тəрбиеленуші тұлғасы отбасы, жолдас-достары, төңірегіндегі ересек адамдар, қоғамдық мекемелер мен оқушылар ұжымы жəне т.б. ықпалында қалыптасады. Осы сан қилы ықпалдар арасында біршама маңызды рөл сынып ұжымы мен тəрбиеші тұлғасына тиісті болатынын еске ұстай отырып, басқа да тəрбиелік əсер көздері болатынын ұмытпаған жөн. Сыныптағы оқушылар мен тəрбиешіден болатын талаптардың бір-біріне қайшы келмей бір бағытта болғаны аса қажет.

2 Тұлға қалыптастырудағы бас жетекші – отбасы. Өз баласының даралық ерекшеліктерін тереңнен сезіну, оның тəрбиесінде қайталанбас жол таба білу мен сол тəрбиеге мейір, жүрек жылуын қосу тек ата-аналарға ғана берілген шеберлік. Бұл тұрғыдан оларды ешқандай тəрбиеші –педагог не оның істері ауыстыра алмайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» -деп атам қазақ бекерге айтпаған. Осыдан, талап – отбасымен қажет байланысты қолдап, қуаттау, бекіте түсу, қай тəрбиелік мəселе болса да, оны ата-аналармен бірлесе шешу.

3 Тұрмыста осы тəрбиеге байланысты кейде табиғи тəрбиелеуші – жанұя ресми тəрбиеші- педагог талаптарын ұнатпай қалатын да жағдайлар кезігіп қалады. Көп жағдайда ата-аналар өз балаларын шектен тыс еркелетіп, олардың жанаярлыққа түсуіне қолқа болады да педагогтардың сол бала тəрбиесіндегі барша жетістіктерін демде желге ұшырады. Мұндай келісімсіздіктерді жоюда бала тəрбиесін оңды жолға қоялық дегендердің бəрі ортақтастық табуға ынталы болғаны жөн.

4 Кейде тəрбиеші ұжым, қоғамдық ұйымдар пікірлерімен келіспей, өз əріптестерін сынға алатын жағдайлар да болып қалады. Бұл балалар көзқарастары мен нанымдарына əсер етпей қоймайды. Сондықтан бала тəрбиесі мекемелерінің мүшелері өзара келісімде, бірлікті қызмет жүргізгені жөн.

5 Ұштастық пен бірізділік қағидалары талаптарына орайлас дəрістерге жəне оқудан тыс тəрбие жұмыстарын бір жүйеде алып барған орынды. Тəрбие жұмысында бұрыннан орныққан ұнамды қасиет сапаларды ескерген жөн. Педагогикалық ықпалдар мен талаптар біртіндеп күрделеніп баруы керек. Бірлікті талаптардың орындалуы жолында отбасы мен ата-аналарға тікелей кеңесші – тəрбиеші-педагог.

6 Тəрбиелік ықпалдары үйелестіру тəсілі – тəрбиеге қатысты адамдардың, қызмет түрлері мен əлеуметтік мекемелердің басын қосып күш біріктіру. Осыдан да тəрбиеші қоғамдық мекемелер, əлеуметтік қауымдастықтар жəне отбасымен байланыс түзуде шаршап–шалдығу білдірмегені жөн.

Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы тәрбие үдерісінде дәстүрлі болып қалыптасқан қағидаларды бірқатар заманауи принциптермен ұштастырады.

Табиғатқа сәйкестік қағидасы тәрбие табиғи және әлеуметтік-мәдени үдерістердің өзара байланысының ғылыми түсінігіне және балаларды тәрбиелеуде олардың жеке тұлғалық және жас ерекшеліктерін ескерудің қажеттігіне негізделеді. Мәдени сәйкестілік қағидасы тәрбиенің жалпы адамзаттық құндылықтарға, сондай ақ дәстүрлер мен ұлттық мәдени нормаларға және аймақтық ерекшеліктерге сәйкес құрылуын талап етеді. Мақсатқа сәйкестік қағидасы мақсатты талаптың айқындығын, тәрбие қызметінің басты түрлерін қоғамның сұранысына сәйкес дұрыс таңдауды қарастырады. Этникалық қағида этникалық мәдениет негізінде азаматтық келісім және үйлесімдікке, қоғамдық қатынаста табысқа жетуді қарастырады. Тәрбиенің үздіксіздгі қағидасы жеке тұлға ғұмырының барлық кезеңдерінде оның жан-жақты дамуын болжайды. Әлеуметтік өзара іс-әрекеттер тиімділігі қағидасы түрлі ұжымдардағы білім беру жүйесінде тәрбие жүргізудің үйлесімділігін қамтиды. Әлеуметтік барабар қағидасы тәрбие мазмұны мен тәсілдерінің әлеуметтік ортаға сәйкестігін талап етеді. Демократияландыру қағидасы оқушыларды еркіндік, жеке адамгершілік рухында тәрбиелеуді қарастырады. Вариативтілік қағидасы білім алушының жеке тұлғалық дамуының дербес траекториясын анықтауды көздейді.

Сонымен, тəрбие қағидалары – тəрбие үдерісінің мазмұнына, əдістеріне, ұйымдасуына қойылатын негізгі талаптарды анықтаушы жалпы бастау тұжырымдары. Бүгінгі таңдағы гуманистік педагогика ұстанған қағидалары: тəрбиені нақты тұлғаға бағыттау; жеке жəне қоғамдық тəрбие бағыттарын үйлестіре, байланыстыру; тəрбиені өмір жəне еңбекпен ұштастыру; тəрбиелік ұнамды үлгі - өнегені арқау ету; тəрбиелік ықпалдарды біріктіре, пайдалану.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет