Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар
1. Ұжымда тәрбиелеу мәселесін қандай ғалымдар зерттеді? Олардың еңбектерімен танысыңыздар.
2. Л. И. Уманский ұсынған топтар дамуының жіктемесін сипттап беріңіздер.
3. А. С. Макаренко ұжымның қандай белгілерін ерекшелеп көрсетеді?
4. Ұжымның даму сатыларын көрсетіңіздер.
5. Ұжым дамуында қандай кезеңдерден өтеді?
6. «Ұжым – тәрбиенің аса маңызды құралы» деген пікірге қосыласыздар ма, жоқ па? Ойларыңызды дәлелдеңіздер.
6 Өзін-өзі тәрбиелеудің құрылымы мен мазмұны
6.1 Өзін-өзі тәрбиелеудің мәні мен қозғаушы күштері
Өзін-өзі тәрбиелеу тұлғаның жетілуіне ұмтылу ретінде әрқашан да адамдарға тән болды, және ол өмірлік қажеттік ретінде басқа ұйымдастырылған тәрбие түрлерімен салыстырғанда анағұрлым ерте – адамзат тарихының алғашқы кезеңінде-ақ пайда болды. Өзін-өзі тәрбиелеудің гносеологиялық тамыры алғашқы қоғам дәуірінде жатыр. Сол кезде-ақ адамдардан өмірлік қажетті қасиеттерді (батылдық, тұрақтылық, аштыққа, суыққа төзімділік) дамытуды талап ететін салттар мен сенімдер болды.
Қоғамның дамуына байланысты өзін-өзі тәрбиелеу мәселесі ертедегі ойшылдардың философиялық концепцияларына енді, жазушы, педагог және ғалымдардың назарын өзіне қаратты, педагогикалық, философиялық әдебиеттерде пайда болды.
Біздегі мәліметтер бойынша алғаш педагогикалық іс-әрекетпен терең шұғылданған Ежелгі шығыс ойшылдары болып табылады. Қытай тарихындағы ең алғашқы мектептердің бірі ойшыл, педагог Конфуций ашқан мектеп болды. Ол өзін-өзі тәрбиелеуге көп көңіл бөлген ойшылдардың бірі. Конфуцийдің еңбектерінде педагогикалық іс-әрекеттің мақсаты былай делінген: «Көктің бергенінің бәрі табиғат деп аталады, табиғатқа табыну - бұл борыш жолы, осы жолды қолдап отыру оқыту мен тәрбиелеу болып табылады, ал өз кезегінде оқыту мен тәрбиелеу өзін-өзі жетілдіру құралы».
Б.э.д. II ғ. Үндінің ұлы данышпаны Панаджали жасаған йога оқуы әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Йогада адам жаны – нирвананың ең жоғары дәрежеге дейін жетілуіне ерісу жолы анықталған. Йогада адамның өз психикасы мен психофизиологиясын басқаруға көпжылдық, үздіксіз, қайырымсыз рухани және физикалық жаттығулар арқылы ерісіледі.
Йогтар жасап шығарған өзін-өзі тану тәсілдері мен әдістері адам организмі мен психикасының жасырынған ішкі резервтерін - өзін-өзі игеру, басқару, тыныс алуды, дене температурасын, ас қорыту қызметін реттеу, жүрек-қантамырлар жүйесінің қызметін, эмоционалдық жағдайды, сезімдерді, тілектерді, рухани және дене қажеттіліктерін басқаруды әрекетке келтіру мүмкіндіктерін қамтиды. Бұл арқылы біз адам мүмкіндіктерінің шексіз екендігін, өз үстінде тынымсыз жұмыс жасау нәтижесінде адам көптеген жетістіктерге жете алатындығына көз жеткіземіз.
Өкінішке орай, кәп нәрсе адамның өзіне байланысты екендігін бәріміз бірдей аңғара бермейміз. Талантты өнертапқыш Эдисонның батыл топшылауында шындық бар екені сөзсіз: «Данышпан – бұл 1 пайыз шабыт, ал 99 пайыз – тер төгу». Өзін-өзі тәрбиелеу жолымен әрбір адам үздік жетістікке жетпегенімен, адамның потенциалдық күшінің зор екендігі соншалық, ол өз мүмкіндігін аша білген жағдайда елеулі өзгеріс жасай алады.
Вавилонияда, Ассирияда, Египетте, Үндістанда алғашқы мектептер шіркеулерде (абыздар үшін), сарайларда (ақсүйектер үшін) ашылды.
Шығыстың жоғары дамыған мәдениетінің мұрагерлері - ежелгі гректер оны Еуропаға және бүкіл әлемге жеткізді. Ежелгі шығыс ойшылдарының бірі Демокрит (б.э.д. 460-370 жж.) болды. Оның этикалық шығармаларында мынадай ой жатыр: «өмірден саналы рахаттану – жанның жарық және қалыпты жағдайында, табиғат пен үйлесімділікте, борышты орындауда, барлық нәрсенің өлшемінің болуында, рухтың батылдылығы мен ойлаудың өткірлігінде құрылады». Осындай жағдайға жету, - деп есептеді Демокрит, тек қана оқу мен өзін-өзі тәрбиелеу арқылы жүзеге асады.
Сократтың өзін-өзі тәрбиелеу идеясы оның философиялық жүйесінен келіп шығады: адам өз іс-әрекетін үйренгеннен кейін ғана ол өзін-өзі басқара және жетілдіре алады.
Сократтың шәкірттерінің бірі Платон (б.э.д. 427-347 жж.) да философиялық еңбектерінде өзін-өзі тәрбиелеу мәселесіне назар аударған. Оның ойынша өзін-өзі тәрбиелеу адамның өмірдегі ұлы міндеттерге ерісуіндегі құрал болып табылады.
Платонның шәкірті Аристотель (б.э.д. 384-322 жж.) еңбектерінде грек философиясы жоғары деңгейге жетті. Оның адамгершілік тәрбиесі жайлы айтқан пікірлері өте құнды болып есептеледі. Аристотельдің айтуынша, адамды тәрбиелеудің негізі адамда ерік күшін, белсенділікті дамыту қажет. Адамның еркі мен мінез-құлқын қалыптастыру – оның өзінің ісі. Іс-әрекет үдерісінде ерік ақылға аффекттер мен құмарлықтан үстем тұруға көмек береді. Адам өзінде шыдамдылық, адалдық, жоғары интеллектуалдық сияқты қасиеттерді дамытуы керек.
Ежелгі Элладаның соңғы көрнекті ойшылы Эпикур болды. Демокриттің жалғасшысы ретінде ол да өзін-өзі тәрбиелеу мен өз үстінде жұмыс істеу әдістемесін жасау мәселелеріне тұрақты қызығушылық көрсетті. Эпикурдың пікірінше, кез келген жағдайда адам тек қана өзіне сенуі керек, өзін қарапайым, салауатты өмір салтына үйретуі, аз нәрсеге қанағаттануы тиіс.
Ежелгі Римде стоицизмнің жарқын өкілдері – Сенека, Эпиктет, Марк Аврелий болды.Олардың өзін-өзі тәрбиелеу саласында айтқан пікірлері өте құнды. XVII ғ. бастап педагогикалық үдерісс заңдылықтары, педагогика ғылымының негіздері жасалына бастады. Бұлардың қайнар көзі славян педагогы Я. А. Коменскийге барып тіреледі. Ол өзінің «Өмір ережелері», «Жастық шаққа арналған адамгершілік жайлы пікірлер» еңбектерінде өзін-өзі тәрбиелеу мәселесіне тоқталып өткен. Осы кезеңнің көрнекті өкілдері Джонн Локк, Ж. - Ж. Руссо, Монтескье, Гельвеций, Дидро т.б. еңбектерінде жастар тәрбиесіне, өзін-өзі тәрбиелеуге қатысты мәселелер көтерілген.
Америка қоғамында ірі қоғам қайраткері Вениамин Франклиннің (1706-1790) «Автобиография» атты кітабы ерекше маңызға ие болды. Онда Франклиннің өз үстіндегі жұмысы бейнеленеді. Ол қоғамда жаппай өзін-өзі тәрбиелеуді ұйымдастыруды армандады.
Ресей ғалымдары мен педагогтарының ішінен М.В.Ломоносов, А. Н. Радищев, А. И. Герцен, В. Г. Белинский, Н. А. Добролюбов, Н. Г. Чернышевский, т.б. атап өтуге болады.
Біздің еліміздің көпұлтты мәдениетінің тарихында қазақ ағартушылары Ы. Алтынсарин (1841-1889) мен А. Құнанбаев (1845-1904) маңызды орын иелейді. Олар өз халқының мүмкіндіктері мен қабілеттеріне, сарқылмас күшіне сенді, мәдениет пен ағартушылыққа өздерінің күш-жігерлерін жұмсады.
Ы. Алтынсариннің ойынша адам тек еңбек тек еңбек арқылы ғана бақытқа еріседі. Еңбекке деген сүйіспеншілік оның адамгершілігін нығайтады.
Өз халқының еркіндігі мен мәдениеті үшін А. Құнанбаев жалынды күрес жүргізді. Оның шығармашылық мұраларында біз оның «Қара сөздер» философиялық-этикалық пікірлерін табамыз. Оның ойынша, өмірдегі басты мақсат – рухани қасиеттер, тірі жанмен мейірімді жүрек, адамның қайғысына ортақ болу.
Келтірілген адамзат тарихының барлық кезеңдеріндегі ойшылдар мен ағартушы-ғалымдар, педагогтар, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің зерттеулері мен ой-пікірлері өзін-өзі тәрбиелеудің адамның жеке тұлға болып қалыптасуында, жалпы оның өмірлік іс-әрекетінде өте маңызды орын иелейтіндігі мәлім болды.
Өзін-өзі тәрбиелеуге бағытталған жеке тұлғаның белсенділігін қарастыра отырып, өзін-өзі тәрбиелеу туралы айтылған біршама философиялық-педагогикалық тұжырымдарды кездестіруге болады.
Өзін-өзі тәрбиелеудің әрекетті болуы жеке тұлғаның жан-жақты дамуына септігін тигізеді. Адам өз алдына өзімді-өзім тәрбиелеймін деген мақсат қоймаған күннің өзінде де, өзіне тән жеке дара қасиеттерін қоршаған ортасындағы адамдармен өзара қарым-қатынасқа түсуі барысында, не болмаса, мәдениеттің, тағы да басқа факторлардың әсерінен өзгертуі мүмкін. Сондықтан өзін-өзі тәрбиелеу жеке тұлғаны өзгертуге әкеп соқса да, кез келген өзін-өзі өзгертуді өзін-өзі тәрбиелеу дей беруге болмайды.
Өзін-өзі тәрбиелеу түсінігін анықтау үшін алдымен осы үдерістің мақсатқа бағытталған сипатын ескеру керек. Мақсат адам іс-әрекетіндегі қажетті жағдайларлардың бірі болғандықтан, бұнда негізгі рөл атқарады. Яғни, «мақсат қана адам іс-әрекетінің әдісі мен сипатын заң секілді анықтайды да, өзіне ерікті бағындырады.
Өзін-өзі тәрбиелеудегі мақсатқа бағытталған жұмыстарға әсіресе психологтар мен педагогтардың зерттеулерінде үнемі назар аударыла бермейді. Кейде бұл түсінікті адамның шын көңілмен қандай да бір шығармашылық еңбекке ниет қылуы, яғни өзіндік іс-әрекет деп санайды. Мәселен, А. И. Кочетовтың пайымдауынша, жасөспірімдер «қажырлылық пен еңбекқорлық таныта отырып, тоқуды, тігуді тамақ дайындауды арамен ағаш кесуді, өрнек салуды үйренгісі келеді, ал бұл өзін-өзі еңбекпен тәрбиелеу болып табылады». Ю. А. Самарин, В. А. Немировская және т.б. да дәл осындай көзқарасты құптайды. Бірақ та ықыластың өзі өзін-өзі тәрбиелеудегі мақсат әсерінен туындамаған болуы керек.
Осы тұрғыда айта кететін бір жәйт, өзін-өзі тәрбиелеу мен өз бетімен жұмыс істеу түсініктерін салыстыра қарау әдепкіде қисынды көрінеді. Бірақ адам іс-әрекет барысында өз тұлғасын өзгертеді, өзін-өзі тәрбиелейді, ал өз бетімен жұмыс істеу әрдайым өзін-өзі тәрбиелеуге бағыттала бермейді және өз бетінше күш-жігерін билеуі арқылы өзгертілген тұлға өзін-өзі тәрбиелеу болып саналмайды. Неше түрлі бағытқа бағытталған адамның іс-әрекеті өзін тәрбиелеуге адам ұмтыла ма, жоқ па, оған қарамай-ақ оның тұлғалығында көрініс беріп отырады.
А. Г. Ковалев өзін-өзі тәрбиелеу түсінігін басқаша түсіндіреді: «Өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз – жеке тұлғаның қазіргі және болашақтағы іс-әрекетінің жемісті болуы үшін өз бойындағы жаңа қасиеттерді қалыптастыру мен жетілдіру мақсатында өзімаен жүйелі, жоспарлы, саналы түрде жұмыс істеуі». Бұл анықтамасында ол өзін-өзі тәрбиелеудің мақсатқа бағытталған сипатын осы үдерістің негізін дұрыс бейнелеу үшін, әрине, орынды түрде берген, бірақ А. Г. Ковалев өзін-өзі тәрбиелеу түсінігіне, біздің пайымдауымызша, болмашы көрсеткіштерді, атап айтқанда, өзін-өзі тәрбиелеудің құрамына жүйелі және жоспарлы түрде өз бетімен жұмыс істеуін қосқан. Сондықтан да оның берген анықтамасы әлі де жеткіліксіз, нақты түрде берілген деп айта алмаймыз. Себебі өзін-өзі тәрбиелеу әрқашан да жүйелі және алдын-ала құрылған жоспармен іске аса бермейді. Бұның біршама себептері бар. Біріншіден, адамның әлдебір қасиеттерін тәрбиелеуге, не болмаса, кейбір кемшіліктерін жөндеуге жұмсаған іс-әрекеті оны қоршаған жағдайларға байланысты. Мысалы, бір адамды оның қылығын әшкерелеу үшін жиналысқа салды делік. Сөйтіп оның өз мінез-құлқына тән жауапкершілігінің аздығын сынға алды. Ал әлгі адам бұл кемшілігін түсінеді де, оны жөндеуге күш жұмсайды. Бірқатар уақыт өткен соң ол өз кемшілігін жойып, өзін-өзі тәрбиелеуін тоқтатады. Тек жаңа қылыққа ие болғаннан кейін және жолдастарының сынынан өткен соң ғана ол өзін қайта тәрбиелеумен айналысады. Міне, осылайша, тәрбие жағдай өзгерсе, өзін-өзі тәрбиелеу үдерісі де үзік-үзік өтеді. Екіншіден, өзін-өзі тәрбиелеу адамның ішкі жан дүниесіне байланысты. Мысалы, адам ерік-жігерінің жасық болуы салдарынан өзін-өзі тәрбиелеумен жүйелі және жоспарлы түрде айналыса алмайды. Оның өзін-өзі тәрбиелеуге жұмсаған іс-әрекеті біресе белсенді күйге еніп, біресе әлсірейді. Үшіншіден, өзін-өзі тәрбиелеу оның міндетіне де байланысты. Мәселен, қандай да бір жағымсыз дағдыға айналып кеткен қылықты түп тамырымен өзгертуге немесе қандай да бір өте маңызды жағымды қасиеттерді қалыптастырғанда әдетте ұзақ та күнделікті бақылау мен күш-жігер қажет. Ал егер қандай да бір кішкентай кемшілікті жөндеу керек болса, онда соншалықты аса көп күш-қайрат жұмсалмайды. Сонымен қоса, егер өзімен жүйелі және жоспарлы жұмыс істеуді өзін-өзі тәрбиелеудің басты ерекшеліктері деп санасақ, онда көптеген сыртқы әсерлерді және барлық өмірлік жағдайларға жауап беру қабілетін ескермей кетуге болмайды.
Осы айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады: өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз – адамның өзін-өзі жетілдіруге жұмсаған мақсатты іс-әрекеті.
Кейбір авторлар өзін-өзі тәрбиелеу түсінігін адамның санасында дұрыс бағаның болуы деп санайды. Мәселен, А. Я. Ареттің пікірінше, өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз бұл адамның өзі немесе ұжымның көмегі арқылы өзінің жағымды қасиеттерін дамытуы және де жағымсыз қасиеттерін өзгертуі. Бірақ өзін-өзі бағалау шынайы қалыптасып жатқан қасиеттердің объективті маңыздылығымен ұдайы сәйкес келе бермейді. Тіпті кейде сол қасиеттерді басқа адамдар жағымсыз деп тануы мүмкін. Негізінен, А.И.Кочетовтың тұжырымына сенсек, өзін-өзі тәрбиелеудің жағымсыз мотивтері болмайды, егер өзін-өзі дамытудың жағымсыз сипаты болса, онда бұл тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуі емес, жоғалтуы, бұзуы.
Олай болса, өзін-өзі тәрбиелеу дегеніміз – адамның өз бойындағы жағымсыз қасиеттерін жеңіп, жағымды қасиеттерін жетілдіру және дағдыға айналдыру жолындағы жүйелі де саналы іс-әрекеті.
Тұлғаның өз бетімен қабылдаған шешімдерін тұрақты орындауы, күнделікті іс-әрекетіндегі кездескен қиыншылықтарды жеңуі, өзіне көп не аз мөлшерде болсын талап қоюы өзін-өзі тәрбиелеуге итермелейді. Өзін-өзі тәрбиелеудің алғашқа элементтері мектеп жасына дейінгі сәбилер мен естияр балаларда байқалады. Бұл кезеңде баланың өз қылығына қоршаған ортасындағы ересек адамдар негативті реакция берген жағдайда ғана оны өзгертуге деген талпыныс пайда болады. Бұл уақыттағы үдерістің басты ерекшелігі сол, бала мінез-құлықтың нақты формасын, яғни тұлғалық қасиеттерін емес, тек сыртқы көріністерін өзгертуге ниеттенеді. Себебі психологтардың пайымдауынша сәби өз бойындағы тұлғалық қасиеттерін саналы түрде сезіне бермейді. Сондықтан өзін-өзі тәрбиелеуді тудыратын түрткілерді – олардың іс-әрекетіндегі, яғни ойын ойнау барысындағы еріктерін, өзін-өзі ұстай алуын дамыту керек. Сонымен қоса сәбилерді өздігімен жұмыс істей алуға қолайлы формада үйрету керек. Себебі мінездік қалыптар жеткілікті деңгейде қалыптасқан жасөспірімдік кезеңде ол қажетіне жарайды.
Жасөспірімдік кезеңнің басты ерекшелігі тұлға ересек адамдарға еліктеп, өз қылықтарын түсінуге, өз ісінің дұрыстығын дәлелдеуге ұмтылады, яғни жеке қылықтары арқылы қасиетін танытады. Осылайша өзін-өзі тәрбиелеудің алғашқы міндеттері алдынан шығады.
Балаң жастағы бала үшін өзін-өзі тәрбиелеудің негізгі мотиві «өзіңді-өзің жаса», әлеуметтік және кәсіптік қарым-қатынасты толық өзін жүзеге асыруға қажеттілігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы кезеңдегі тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуге деген қызығушылығын педагог қолдай отырып, өз тәрбиеленушілерінің құлықтық тәрбиеге деген сенімін бекітеді.
Тәрбиеленуші үшін өмірлік міндеттерді шешуге реализмнің көп мөлшерде болуы оларды іске асырудағы сәттілік пен сәтсіздік басты фактор болып саналады. Сонымен қоса тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруда өзін-өзі тәрбиелеу мен ұжымдық іс-әрекетті ұштастыра отырып, біршама жетістіктерге жетуге болады. Себебі әрбір индивидтің өз қабілеттерін жан-жақты дамытуы осы жерден басталады.
Студенттердің өзін-өзі кәсіби тәрбиелеуінің қозғаушы күштері сыртқы, әлеуметтік талаптар және сұраныстарда ғана емес, сонымен бірге оның өзінің осы талаптар мен сұраныстарға деген қатынасында анықталады. Осы екі фактордың арасында пайда болатын қарама-қайшылықтарды жеңіп шығудың өзі студенттің өзін-өзі дамыту, өзін-өзі тәрбиелеу үдерісі болып табылады. Бірақ берілген жағдайда тұлғаның ұстанымы, оның жас ерекшелік сипаттамасы оның кәсіби бағыттылығының сипаттамасымен толықтырылады.
Өзін-өзі тәрбиелеу теориясының дамуында оның қозғаушы күштерін анықтау үлкен маңызға ие болды. Классик психологтар мен философтардың адамның әлеуметтік табиғаты және оның санасы мен іс-әрекетінің дамуы жайлы зерттеулеріне сүйене отыра, Л. И. Рувинский өзін-өзі тәрбиелеудің жетекші факторларын атап өтті: «Өзін-өзі тәрбиелеу құбылысының даму негізінде адамның сыртқы ортамен өзара іс-әрекеттестікте өз позицияларын өзгерту және өз тұлғасын тануының өзара байланысты үдерістерінің қалыптасуы мен өзгеруі жатыр. Әрбір жасқа сыртқы ортамен іс-әрекеттестіктегі өз позициясын өзгерту және өз тұлғасын танудың белгілі мүмкіндіктері және өзін-өзі тәрбиелеу ерекшеліктері тән. Өзін-өзі тәрбиелеу қоғамдық жағдайлармен, тәрбиемен әрекеттесе отыра, өз дамуында тікелей сыртқы ықпалдармен салыстырғанда тұрақты болып қалыптасады».
Өзін-өзі тәрбиелеуді іс-әрекет және тұлға белсенділігінің жоғары формасы ретінде қарастыра отырып, бұл іс-әрекеттің өзіндік әлеуметтік тәжірибе екендігін, және бұл тәжірибе басынан ешкімге берілмейтіндігін, оны игеру қажеттігін есте сақтау қажет. Кез келген ұрпақ өзін-өзі тәрбиелеумен өз заманының талаптарына сәйкес айналысады.
Өзін-өзі тәрбиелеу үдерісі қоғамдық тәрбиенің жалғасы мен табыс шарты болып табылатындағы сияқты, өзін-өзі кәсіби тәрбиелеу де студентті кәсіби тәрбиелеудің жалғасы болып табылады.
Адамның өзін-өзі тәрбиелеуге деген қажеттіліктің пайда болуының жалпы және алғашқы шарты – бұл оның бала, яғни тәрбие алушы позициясынан («Мен оқушымын (студентпін), мені оқытсын және тәрбиелесін») ересек адам, маман позициясына («Мен ержеттім. Мен өзімнің ісіме жауаптымын», «Мен болашақ мұғаліммін. Мен өзімді осы жоғары қызметке дайындаймын») өтуі. Бірақ осымен бірге, ол өзінің білімі мен икемділіктерін байыту, өз тұлғасын дамыту бойынша дербес жұмыс жасау тәжірибесіне ие болуы тиіс.
Өзін-өзі кәсіби тәрбиелеуге итермелейтін қарапайым мысал келтірейік. Мәселен өзіне деген сенімділік мұғалімнің маңызды кәсіби қасиеті болып есептеледі. Ол мұғалімге іс-әрекетінің тұрақтылығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді. Әдетте, студенттер, тіпті жас мұғалімдер бұл қасиетке қажетті мөлшерде ие емес. Сенімділіктің жеткіліксіз екендігін сезінудің өзі-ақ өзін жақсы жаққа өзгертуге түрткі болуы мүмкін.
Кемшілікті тану факттерді талдауды, себепті анықтау мен оны жоюды талап етеді. Сенімділіктің жеткіліксіз болу себептерінің ішінен істі толық білмеу, компетенттіліктің төмен дәрежесі жиі кездеседі.
Кез келген кемшілікті жою үшін мынадай өзін-өзі тәрбиелеу әрекетінің бірізділігін қолдануға болады:
1. Өз іс-әрекетіндегі немесе мінез-құлқындағы кемшілікті табу және себептерін анықтау.
2. Осы кемшілікке деген эмоциялық қатынас, оны жағымсыз қасиет ретінде сезіну.
3. Келесі әрекет - өзін-өзі өзгерту ұстанымдарын анықтау.
4. Кемшілікті жою тәсілдерін анықтау.
Солардың ішінде үлгі-өнеге маңызды болып табылады. Мысалы студент өзіне мынадай сұрақ қояды: «Менің орнымда идеал-педагог қалай әрекет жасаушы еді?» және қиялдағы іс-әрекет үлгісі бойынша әрекет жасай бастайды. Немесе мынадай ұстаным қабылдау тиімді: мен не істеу және қалай істеу қажет екендігін білемін. Қолымнан келгенше әрекет жасаймын, бар назарымды іске аударамын.
Әрине, нақты өмірлік жағдайларда өзін-өзі тәрбиелеу үдерісі осылайша бірізді және тұтас бола бермейді. Ол әрқашан ойдағы нәтижені бере алмайды. Оған күтпеген қиындықтар, құралдар мен тәсілдерді дұрыс таңдай алмау т.б. кедергі болуы мүмкін. Дегенмен келтірілген өзін-өзі тәрбиелеу үдерісі жайлы түсінік өзін-өзі тану және өз-өзіне ықпал жасау процедурасының логикасын анықтайтын өзіндік қағиданык нұсқа ретінде қала береді.
Қорытындылай келе, өзін-өзі кәсіби тәрбиелеу үдерісінің қозғаушы күштеріне ең алдымен қоғамдық талаптар мен сұраныстар, адамның жеке тұлға болып қалыптасу әрекеті, сонымен бірге заман талаптарына сай маман болып қалыптасуындағы адамның өз бойындағы кемшіліктерді жойып, білім мен икемділіктерді жетілдіру үдерісіндегі қайшылықтар жататындығын айтып өткіміз келеді.
Сонымен бірге болашақ мұғалімнің өз арманындағы идеалға ұмтылуы, өзін басқалармен салыстыруы, келешекте білгір де білікті, бәсекеге қабілетті, іскер маман болып қалыптасу ниеті оның өзін-өзі кәсіби тәрбиелеуіне, өзін үнемі жетілдіруіне өз әсерін тигізеді.
Студенттердің осы қайшылықтарды жеңіп, өзін-өзі кәсіби тәрбиелеу үдерісінде қажетті нәтижеге жетуінде жоғары оқу орнының берері мол. Бұл үшін ең алдымен студенттерді бірінші курстан бастап өзін-өзі кәсіби тәрбиелеу теориясымен таныстырып, әдістемелік ұсыныстар беріп, бағыттап отыру қажет.
Осы мақсатты арнайы курстар, дәріс сабақтарын ұйымдастыру арқылы, немесе студенттердің өз үстінде дербес жұмыс жасауына педагогикалық қолдау көрсету арқылы амалға асыруға болады.
6.2 Өзін-өзі тәрбиелеудің құрылымдық компоненттері
Дене тәрбиесі. Әрбір адам кем дегенде өз ағзасының құрылымы мен функцияларын, тамақтану, еңбек пен демалу тәртібін, жеке гигиена ережелерін орындау, салауатты өмір салтын ұстану және балалық шақтан бастап өз денсаулығын күте алуы керек. Бұл әсіресе ақыл-ой еңбегімен шұғылданатын адамдарға, солардың ішінде болашақ мұғалімдерге қатысты.
Өмір қарқынының өсуі және жүйке-психикалық ауыртпалықтары жағдайында денсаулықты сақтаудың басты шарты – адамның қозғалыс механизмдерін дамыту болып табылады. Қозғалыс - өмір, ал тыныштық - өмірдің аяқталуы. Ежелгі Элладада блылай айтылған: «Егер күшті болғың келсе – жүгір, әдемі болғың келсе – жүгір, ақылды болғың келсе – жүгір».
Дене жаттығулары тек ағзаны ғана емес, психиканы да дамытады: ерік пен мақсатқа блағыттылықтың қалыптасуын, жақсы көңіл-күйге, рухтың сергуіне мүмкіндік береді, ойлау мен қабылдауды, ес пен қиялды жаттықтыруды, эстетикалық мәдениеттің жоғарылауына әсер етеді.
Өкінішке орай, көп адамдарда, соның ішінде студенттерде дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысуға ерік күштері жетпейді. Әрбір студент дене белсенділігінің емдік күші бар екендігін білуі қажет.
«...Денсаулық үшін күрес, аурудың алдын алу – бұл тек қана дәрігерлердің ғана емес, әрбір адамның міндеті. Осы міндетті орындау - өз денсаулығының жағдайы туралы толық мәліметке ие болу, кемшіліктерді түзету жолдары мен әдістерін анықтау болып есептеледі. Әсіресе, кәсіби маңызы бар мүшелер мен функцияларға ерекше көңіл бөлу керек.
Психикалық үдерістердің ерекшеліктері және оларды дамыту мүмкіндіктері. Адам табиғаттан психикалық үдерістерді өз қабілеттерінің негізі ретінде қалыптастыру мүмкіндігін алады. Олардың табиғи жүруі тек қана үйреншікті жағдайда іс-әрекет жасау барысында жүзеге асады. Ал ерекше жағдайларда алдыңғы тәжірибе жеткіліксіз, тіпті кейбір жағдайда өнімді еңбек жасауға кедергі жасайды. Бұл психикалық үдерістерді бақылауды, оған қажетті түзетулерді енгізуді, оларды басқаруды талап етеді.
Сабаққа дайындалу, ғылыми мәселелерді шешу, материалдық мәдениет өнімдерін жарату – біздің психикалық дайындығымыздың жағдайы бірқатар ерекшеліктермен: эмоциялық қозу деңгейімен, интеллектуалды белсенділікпен, т.б. сипатталады. Бұл жағдайларды басқару – адамның өз қолында.
Болашақ мұғалім үшін өзін-өзі психикалық реттеуді игеру оның болашақ кәсіби іс-әрекетінің табыстылығының алғышарты болып табылады. Күнделікті еңбекте мұғалімге үнемі өзін-өзі реттеу қажеттілігі туындап отырады.
Мұғалім еңбегі үшін жүйке-психикалық ауыртпалыққа ие, кейде ол мұғалім денсаулығын бұзатын, оның еңбекке қабілеттілігі мен шығармашылық потенциалының төмендеуіне алып келетін стрестердің пайда болуына әсер етеді.
Бұдан мұғалімнің өзі де, оқу-тәрбие үдерісі де, мұғалімнің айналасындағы адамдар да зиян шегеді.
Мұғалімнің психикалық мәдениетінің жоғарылауы - өте қажетті іс, ал студенттік жылдар осы мәдениетті қалыптастыру үшін қолайлы уақыт.
Өзін-өзі тәрбиелеу және ойлау мәдениетінің дамуы.
Ересек адам өзінің ақыл-ой мүмкіндіктеріне ықпал ете алатындығы ғылымда дәлелденген. Ақыл-ой қабілеттері адамға дайын түрде берілмейді. Әрине, белгілі ақыл-ой қабілеттеріне бейімділік болады. Бірақ негізгі қабілеттер – байқағыштық, түсінгіштік, естің мобильділігі және т.б. қарым-қатынас үдерісінде, оқу мен практикалық іс-әрекет барысында қалыптасады.
Ал студенттердің өзін-өзі тәрбиелеу объектісі болып ақылдың қандай қасиеттері табылуы керек? Бұл сұраққа жауап беру өте қиын.
Дегенмен, мұғалім кейбір ақыл-ой қабілетінсіз жұмыс жасай алмайды. Ең алдымен ол талдай және жалпылай алу қабілеті. Мұғалімнің педагогикалық мәні бар фактілерді құбылыстардан ажырата алуы, фактілерді жалпылай алуы және олардың арасындағы байланыстарды анықтай алуы қажет.
Педагогикалық факт дегеніміз не? Бұл оқыту немесе тәрбиелеу мәселесіне қатысты кез келген құбылыс немесе оқиға.
Ойлау үдерісін құрайтын негізгі операциялар – бұл жалпылау және талдау. Жалпылау педагогикалық өмірдегі фактілердің жалпы белгілері мен қасиеттерін анықтауға мүмкіндік береді, ал талдау керісінше тұтас нәрсенің бөліктерге бөлінуін анықтайды.
Қалай жалпылауға және талдауға үйренуге болады.? Формалды логиканың болуы, әрине бұл үшін маңызға ие. Дегенмен, шешуші фактор білімділік және тұлғаның өмірлік тәжірибесі болып есептеледі. Жалпылаулар адамның практикалық іс-әрекетінде пайда болады және оның дүниетанымымен, теорияны білуімен, тәжірибесімен анықталады.
Шартты түрде жалпылау үдерісінің негізгі үш кезеңін бөлуге болады: факттерді үйрену мен жинау, талдау және синтез (қорытынды, жалпылау).
Педагогтың ойлауына субъективті жағдайлар да әсерін тигізеді. Бұлар жеке ерекшеліктер, құндылықтар болуы мүмкін. Адам неғұрлым дамыған болса, ол соғұрлым талдай және жалпылай алады, өз санасына фактілер мен құбылыстардың өзін емес, ал олардың мәнін қабылдай алады.
Өзінің интеллектуалдық қабілетін жетілдіруде қабылдауды дамыту маңызды болып табылады. Ол зейін мен қиялдың дамуына тікелей байланысты. Бұл қабілеттерді дамытуға арналған арнайы жаттығулар, белгілі интеллектуалды шынығулар бар. Олмен шұғылдана отырып, келесілерді есте сақтау керек.
1. Психика іс-әрекетте дамиды.
2. Ойлауды, есті шынықтыру үшін нақты проблеманы, нақты педагогикалық жағдайларды қолдану қажет.
3. Өз интеллектісін жетілдіру бойынша жұмыс жасай отыра, өзінің жеке дара ерекшелігін, мысалы, естің түрін, көлемін, дайындығын білу қажет.
4. Өзінің ерекшеліктерін анықтағаннан кейін, өзін-өзі тәрбиелеу тәртібін қалыптастыруы керек.
Бұл жалпы мәліметтерден басқа, студенттерге өзін-өзі интеллектуалды тәрбиелеуі үшін қарапайым, бірақ тәжірибеде дәлелденген ақыл-ой еңбегін ұйымдастыру тәсілдері көмек бере алады.
Бұл жазба мәліметтер жүргізу, кестелер құру, каталогтар жасау, өз жұмыс орнында тәртіпті сақтау, ойлау объектілерін - есте сақтау, жалпылаудың маңызын бағалау арқылы өзінің жадының іс-әрекетін жеңілдету.
Дене шынықтыру денсаулықты сақтаудың маңызды болғандығы секілді, психикалық шынығу да ақыл-ой қабілетін дамыту үшін маңызды болып есептеледі. Орталық жүйке жүйесін күнделікті 5-10 минуттық шынықтыру әдеттегі іс ретінде қалыптасуы керек.
Өзінің психикалық жағдайын реттеу не үшін қажет? Өйткені біздің психикалық үдерістеріміз сыртқы ортаға әсер етеді. Сондықтан олар қалыпты жүре алады немесе нашар, паталогиялық ауру жағдайларына жеткен стрестерге толы болуы мүмкін. Өзінің ерекшелігі мен мүмкіндігін білу, оларды реттей алу – еңбектің өнімділігін арттыруда да, денсаулықты сақтауда да аса қажетті болып есептеледі.
Негізгі танымдық икемділіктерді тәрбиелеу. Танымдық икемділіктер өз ішіне оқушыларды бақылау және түсіну, оқу ақпараттарында бағыттала алу, өзінің физикалық және психикалық жағдайын тани және бақылай алу, өз мінез-құлқын реттеуді қамтиды.
Бұл икемділіктер мен қабілеттер өздігінен іс-әрекет үдерісінде дами алады, бірақ оларды саналы дамыту нәтижелі болып есептеледі. Байқағыштық - қабылдау, ойлау, ес және зейінге негізделеді. Қарау мен көру, тыңдау мен есту бірдей емес.
Байқағыштық – бұл күрделі қасиет. Бұл тек «тыңдау» мен «қарау» ғана емес, ал қызығушылықпен қабылдау, ақыл-ойдың белсенді іс-әрекеті. Педагогикалық байқағыштықтың қалыптасуын ақыл-ой іс-әрекетінің бірізді қалыптастасу теориясы тұрғысынан түсінуге болады. Бұл үдерісс келесі негізгі өтпелі жағдайлардан өтеді: сыртқы белгілер тұлғаның эмоциялық, интеллектуалдық және еріктік үдерістері: мимика, ым-ишара, интуиция, т.б. туралы білім қалыптасады. Байқаудың бағыттылық негізі осылай құрылады. Келесі кезеңде бақылау тәжірибесі және басқа адамды қарым-қатынас және еңбек үдерісінде тану.
Коммуникативті икемділіктерге өзін-өзі тәрбиелеу.
Коммуникативті икемділіктер тәрбие икемділіктері сияқты жалпыадамдық икемділіктерге жатады. Дегенмен педагог үшін бұлар оның кәсіби қабілет болып табылады.
Болашақ мұғалімге қарым-қатынас түрлері мен мәдениетін білу және меңгеру қажет. Әр түрлі әлеуметтік, кәсіби және тұрмыстық жағдайларда қарым-қатынас әр түрлі формаға ие. Өзара қарым-қатынас ең негізгі типтік түрлері келесілер болып есептеледі: анонимдік, функционалды-рөлдік(іскерлік), формалды емес және интимдік-отбасылық қарым-қатынас.
Қарым-қатынастың бұл түрлерінің әр қайсысының өз қызметі, ерекшелігі бар. Біз оқушы мен мұғалімнің арасындағы қарым-қатынас ерекшелігіне тоқталамыз. Қарым-қатынастың бұл түрі оқыту мен тәрбиелеу, әлеуметтік ақпаратты хабарлау, өзара қарым-қатынас орнату және т.б. қызметтерді атқарады. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті сөйлеу және тыңдай алуды, басқа адамның тұлғасын қабылдау және түсінуді талап етеді. Мұғалімнің қарым-қатынас қабілетінің тағы бір маңызды көрсеткіші оның өзін ойша басқа адамның орнына қоя білу, өз әрекеттерінің түрткісін білу, яғни басқа біреудің ойын, эмоцияларын және іс-әрекетінің түрткісін түсіну. Осы мәселеде бірнеше кеңестер:
1. Оқушының іс-әрекетіне жауап қайтарғанда мобильді болу.
2. Өзін-өзі бақылауды жүзеге асыру және өзін-өзі сынау.
3. Тәжірибелі мұғалімдердің жұмысын бақылай алу, олардан қарым-қатынас жасау, мақсатқа сәйкес өзара қарым-қатынас орнатуға үйрену.
4. Өзінің мінез-құлқын дұрыс педагогикалық қарым-қатынастың негізгі көрсеткіштері бойынша талдай алу: өзара әрекеттестік үдерісінде балаларға көңіл бөлу жеткілікті ме; сіздің талаптарыңыз бен бағаларыңыз әділ ме; сізді оқушылар түсіне ме?
Бірақ осының бәрін үйрену үшін жаттығулар, белгілі бір тренингтер қажет. Сонымен қатар, алда тұрған оқу және тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру тактикасы мен стратегиясын жасауға үйрену керек.
Мұғалімге педагогикалық техниканы толық меңгеруі үлкен көмек береді. Екпін, ишара, зейін, т.б. табиғи болып көрінгенмен, бұлардың бәрін үйрену керек. Және қателіктер мен сынаулар әдісімен емес, ал педагогикалық қарым-қатынас теориясы саласындағы білім негізінде үйрену қажет. Танымал кеңес психологы Б.Ф.Ломов былай деп есептейді: «Қарым-қатынас субьект белсенділігінің дербес ерекше түрі болып есептеледі»; оның нәтижесі қайтадан жасалған зат емес, ал басқа адамдармен қарым-қатынас дағдыларының дамуына күнделікті өмірдегі қарым-қатынас тәжірибесі үлкен әсерін тигізеді, әсіресе, егер ол саналы және өзін-өзі тәрбиелеу мақсатымен қолданылатын болса. Бірақ арнайы жаттығуларды белсенді қолдану қажет.
Қарым-қатынас үдерісі өзінің логикасына ие: алдымен бағытталу жүзеге асады, одан кейін байланысқа ену, психологиялық барлау, бұнда ақпарат алмасуға үнсіз келісім беріледі, тек осылардан кейін ғана – қарым-қатынастың өзі амалға асады. Қарым-қатынастың осы кезеңдерін үйрену қажет. Қарым-қатынас жасау икемділігін қалыптастырудың 3 әдістемесі бар:
1. Педагогикалық қарым-қатынасты модельдеу (педагогикалық ойындар).
2. Микрооқыту; әрбір педагогикалық тәсілді меңгеруде сынамалы сабақтар жүргізіледі; бұл сабақтар кіші топтарда өткізіледі, және соңында талданады және талқыланады (бейнетаспа болса тіпті жақсы).
3. Басқалардың тәжірибесін қолдану.
Бұл әдістемелердің әрқайсысы өзінің күшті және әлсіз жақтарына ие. Педагогикалық қарым-қатынас құралдарын игеру үдерісінде бірқатар кезеңдерді атап өтуге болады. Бірінші кезеңде рефлексияға өз мінез-құлқын санадан өткізуге, қарым-қатынас мазмұны мен техникасын, тұлғаның ішкі жағдайы мен сыртқы бейнесін ажыратуға икемділік дамиды.
Өзін-өзі реттеу, коммуникативті тәсілдерді игеруде бейнетаспалар, диктофон немесе қарапайым айнаны қолдану тиімді болып есептеледі. Өз қарым-қатынасын тыңдау мен көру, талдау - өзін-өзі тану, бағалау және өзін өз үстінде жұмыс істеуге оятудың қажетті жағдайлары.
Екінші кезең – оқушылардың интеллектуалдық, эмоциялық және екріктік жағдайларын түсіну икемдігін меңгеру,оқушылардың белсенділігін қолдай алуды үйрену. Басқа адамды түсіну қабілетін асыру мен білімді байытуға телекөрсетулерді, кинокадрларды көру және нақты адамдарды бақылау көмек береді.
Үшінші кезең – байланыстарды қабылдау мен орнату икемділіктерін дамыту ғана емес, сонымен бірге оқушыларға міндетті түрде және белсенді педагогикалық ықпал жасау, осы ықпалдар тәсілдерін меңгеруді сипаттайды.
Қарым-қатынастың нәтижелілігі көбіне педагогикалық этика нормаларын сақтауға, педагогтың тұлғалық қасиеттеріне тәуелді болады.
Ақпараттық икемділіктерге өзін-өзі тәрбиелеу. Кез келген практикалық іс-әрекет негізгі 3 функционалды бөлімдерден тұрады: бағыттаушы, орындаушы, және бақылаушы. Мұнда бақылаушы қызмет дербес емес, бағыттаушы мен орындаушы бөлімдермен бірге қызмет көрсетеді. Осылайша, болашақ мұғалім өзін-өзі тәрбиелеу үдерісінде педагогикалық іс-әрекеттің бағыттаушы, орындаушы және бақылаушы қызметтері бейнеленетін ақпараттық икемділіктерін кәсіби дәрежеде меңгеруі қажет. Ақпарат таратудың негізгі құралы сөйлеу болып табылады. Маңызды ақпараттық жүктемені мұғалімнің мимикасы мен ым-ишарасы, сонымен бірге көрнекі және техникалық құралдар артады. Оларды дербес меңгеру – ақпараттық икемділіктерді игеруге өзін-өзі тәрбиелеу болып табылады. Сөйлеудің бағыттаушы қызметі оқушылардың танымдық қызығушылықтарын қалыптастыруға әсерін тигізеді.
Өзінің кәсіби сөйлеу ерекшеліктерін тану, өзінің үстінде жұмыс істеу бағдарламасын жасау және осы жұмыстың нәтижелерін есептеуді ойша немесе жазба түрде жүргізуге болады. Студентерге арнайы құрылған жеке сөйлеуді дамыту жоспары тиімді болып саналады.
Жоспарды шамамен келесі формада құруға болады:
Сөйлеуді дамыту міндеттері
|
Өз сөйлеуін жетілдіру жолдары мен құралдары
|
Нәтижелер
|
1. Сөйлеудің шектен тыс қарқындылығын бәсеңдету.
|
Қалыпты сөйлеуге үйрену жаттығуларын жасау, екпінді, үзілісті қадағалау
|
|
2. Кейбір дыбыстарды айтуды түзету.
|
Өзінің сөзін үнтаспаға жазып алып қорытынды жасау, жаттығулар жүргізу
|
|
3. Сөз бен буындарды анық айту.
|
1. Тыңдаушылардан қай сөздерді қиындықпен айтатынын сұрау.
2. Анық айтуға жаттығу.
|
|
4. Мәнерлеп оқу мен өз сөйлеу эмоциясының дағдыларын жақсарту.
|
Осы мәселе бойынша әдебиетті қарастыру, тәжірибелі адам-дардың кеңестерін қолдану
|
|
Өзін-өзі ұйымдастырушылық қабілеттерге тәрбиелеу. Студенттердің өзін-өзі ұйымдастырушылық қабілеттерге дамытуы көбіне педагогикалық практиканың өту барысында жүзеге асады. Бұны педагогикалық үдерістің мақсатын нақтылаудан бастау керек. Студент практиканың оқу-тәрбиенің жалғасы ретінде не үшін ұйымдастырылатындығын білуі керек. Практиканың мазмұнын болашақ мұғалімді кәсіби дайындаудың мақсаты ретінде емес, тек құралы ретінде ғана қарастыруы керек.
Болашақ мұғалімнің ұйымдастырушылық икемдіктеріне тапсырыс бере алу, берілген тапсырманы орындау барысын бақылау, іс-әрекет нәтижесін бағалау, оған түзетулер енгізу жатады. Бұл икемділіктерді қалыптастыру үшін арнайы құралдар мен тәсілдер болуы керек.
Ұйымдастырушылық икемділіктерді игеру үдерісінде студенттер келесі деңгейге ерісе алады:
1. Репродуктивті: студент мұғалімдердің немесе басқа да адамдардың ұйымдастырушылық іс-әрекетін қайталайды.
2. Бейімделуші: студент алдыңғы тәжірибені жаңа бірақ ұқсас жағдайларда қолдануды жүзеге асырады.
3. Модельдеуші: студент педагогтардың тапсырмасы бойынша оқушылардың ұжымдық іс-әрекетін орындауын қамтамасыз ететін әрекеттерді саналы түрде жоспарлайды және жүзеге асырады.
4. Шығармашылық: студент жеткілікті дербестікті танытады, оқушылардың өмірін педагогикалық ұйымдастырады, мақсат-міндеттер қояды, олардың орындалуын ұйымдастырады, нәтижесін бағалайды.
Әрине, студенттердің барлығы бірдей ұйымдастырушылық икемділікті шығармашылық деңгейде игере алмайды. Дегенмен, қоғамдық-педагогикалық жұмыстарда белсенділік танытқан студенттер мақсатқа жете алады.
Болашақ мұғалімдердің әлеуметтік қасиеттерге өзін-өзі тәрбиелеуі. Педагог қоғамның ең маңызды тапсырысын – жаңа адамды қалыптастыруды орындаушы болып есептеледі. Нағыз мұғалім болу үшін әлеуметтік тұлға болу қажет. Сөз мұғалім тұлғасының жетекші қасиеттері жайлы жүреді. Осы кезекте К. К. Платоновтың пікіріне құлақ түрейік: «Бірінші құрылым бағыттылық, қарым-қатынас және тұлғаның моральдық қасиеттерін біріктіреді. Бұл құрылым тәрбие жолымен қалыптасады. Ол әлеуметтік шартталған. Оны қысқаша тұлға бағыттылығының құрылымы деп атауға болады».
Тұлға бағыттылығы өзін-өзі кәсіби тәрбиелеу үдерісінде ең басты орын иелейді. Себебі ол тұлғаның қайда «бара жатқанын», оның қай бағытта дамып жатқанын анықтайды. Ал қозғалыс бағытын біле отырып, біз бұл тұлға қандай дәрежеге жетеді, одан не күтуге болады деген сұрақтарға шамамен жауап бере аламыз.
Тұлға бағыттылығының негізгі үш түрі болады: тұлғаның өзіне бағытталуы, ұжымға бағытталуы және іске бағытталуы. Бұл бағыттылықтарды біз әрбір адамда кездестіре аламыз. Дегенмен, әрбір адамда осылардың бірі үстем болады.
Егер тұлға өзіне бағытталған болса, ол тек өзіне ғана пайда келтіре алады. Оны басқалардың пікірі, қызығушылықтары қызықтырмайды, ол тек өзін ғана ойлайды. Ал егер тұлға ұжымға бағытталған болса, онда ол ұжым үшін өзін құрбан етеді, өзінің қызығушылықтарынан бас тартады.
Іске бағытталған тұлға сол істі дамытуға, жетілдіруге бар күшін жұмсайды, осының барысында ол өзі жайлы ұмытып та кетуі мүмкін. Яғни іс үшін өзін құрбан етеді. Осы жерде мынадай түсінік пайда болуы мүмкін: тұлға қаншалықты өзіне бағытталған болса, ол соншалықты жеке тұлға ретінде қарқынды, жан-жақты дамиды.
Осылайша пайымдау логикалық жақтан дұрыс сияқты болып түйіледі, ал нақты өмірде бұл жағдай керісінше болып келеді: адам неғұрлым өзінің қызығушылықтары мен пайдасы жайлы көп ойласа, ол соғұрлым оларға аз ие болады. Және керісінше, адам өз пайдасы жайлы неғұрлым аз ойласа, ол соғұрлым интеллектуалдық, рухани және психологиялық бай болады.
Бұған мысал ретінде ұлы және атақты адамдардың өмірін келтіруге болады. Олар қаншалықты іске, шығармашылыққа берілген сайын, олар өздері жайлы ұмыта бастады және соншалықты табысқа, шығармашылықтың жоғары деңгейіне ерісті. Әрбір адам өзінде қандай бағыттылықтың үстемшілік ететіндігін, өз іс-әрекетінің доминантасын анықтай алуы керек.
Жалпы дүниетанымдық көзқарастардың ішінде педагогтың танымы үшін оның кәсіби іс-әрекеті саласындағы көзқарастары мен сенімдері ерекше болып табылады.
Сенімдер тұлғаның санасы мен өзін-өзі тануының маңызды элементі. Олар адамның өзінің білімі, көзқарастары, қағидалары шынайы және оның өмірлік мақсаттары мен ұмтылыстарына сәйкес болуымен сипатталады. Басқаша айтқанда, сенімдерде білім, осы білімге деген қарым-қатынас, сонымен бірге білім мен ниетке сәйкес әрекет жасауға дайындық. Сондықтан сенімдер адамның өзін және оның практикалық әрекетін, қылықтарын басқаратын идеяларды ұсынады.
Студенттерде дұрыс қалыптасқан сенімдер олардың болашақ практикалық іс-әрекетінде оптимистік, өзіне талап қоюшылық, қағиданылік сияқты қасиеттер де пайда болады.
Өкінішке орай, жоғары оқу орындарында педагогикалық этика бойынша жүйелі білім берілмейді. Мұғалімнің маңызды адамгершілік қасиеті ретінде педагогикалық тактті өз бойында тәрбиелеуге ерекше тоқталу қажет. Оның міндеті ішкі адамгершілік мәдениетінің шынайы дәрежесіне (өзінің адамдарға, оқушыларға деген қарым-қатынасы) және сыртқы адекваттық мінез-құлықтың жоғары мәдениетіне жету.
Болашақ мұғалімнің өзін-өзі эстетикалық тәрбиелеуі. Эстетикалық қарым-қатынастар адам өмірінің барлық салаларында – тұрмыс пен еңбекте, спорт пен ғылымда, адамдарға және табиғатқа қатынасында, өнер мен техникаға деген көзқарасында, т.б. көрінеді. Адамға қай жерде болмасын ғажайып, ұлы немесе керісінше төмен, трагикалық сезімдер серік болады. Адамдар қарым-қатынасының сұлулығы – бұл эстетикалық сезімнің шыңы.
Болашақ мұғалімнің эстетикалық өзін-өзі тәрбиелеуінің пәні не болып есептеледі? Егер қысқаша айтсақ – эстетикалық сана. Эстетикалық сана мазмұнына жалпы эстетикалық бастаулар (эстетикалық көзқарастар, түсініктер, сенімдер, эстетикалық тәжірибе т.б.). Құрылымды түрде 3 негізгі компонетті бөліп айтуға болады: эстетикалық идеал, тұлғаның құндылықты бағыттары және эстетикалық талғам.
Эстетикалық идеал өз ішіне адамның қалыптасуы, дамуы, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына қолайлы болатын өмір салты туралы, тек қана мақсатқа бағытталған, пайда көздеген қағида бойынша емес, сонымен бірге, сұлулық заңы бойынша өмір сүретін түсініктерді қамтиды. Құндылықты эстетикалық бағыт мұғалімде өмір сүру мен еңбек етуге лайықты болатын тұлғалық маңызы бар құндылық сияқты қабылданатын өз еңбегінің нәтижелеріне ерісу ұстанымдарының болуын қамтамасыз етеді. Мыс., тәрбиеленушілерді рухани бай етіп тәрбиелеу, олардың икемділіктері мен қабілеттерін дамыту, оларды аға буынның лайықты орынбасары ретінде даярлау. Бірақ педагогикалық эстетикалық құндылықтардан басқа құндылықтарға да, әсіресе, әдеби құндылықтарға мұқтаж болады. Мұғалімнің эстетикалық талғамы қай нәрседе де кездеседі: оның сыртқы бейнесінде де, оның қылықтарында, жүріс-тұрысында, жұмыс орны мен тұрғын үйін орналастыруында, қоршаған ортаға, өзінің еңбегіне деген қатынасында, тіпті оны не қуантады, не күйзелтеді – осындай кезде де көрінеді.
Эстетикалық сана элементтері белгілі иерархияны қалыптастырады. Оның жоғарысында эстетикалық идеал тұрады, соның негізінде эстетикалық сенімдер пайда болады. Идеалдың сапасы мен қалыптасу деңгейіне эстетикалық бағыттар тәуелді болады. Олар белгілі бағытқа ие болуы, адамды ізденуге, және өз тәжірибесінде эстетикалық құндылықтарды бекітуіне итермелеуі мүмкін, бірақ егер эстетикалық идеал қалыптаспаса, онда құндылықты бағыт та анық емес, тұрақсыз болады. Бұл өз кезегінде эстетикалық талғамдарда да көрінеді. Олар да тұрақсыз, нақты болмайды.
Өзін-өзі эстетикалық тәрбиелеудің мақсаты мен пәнін анықтау, сонымен бірге осыны жүзеге асырудағы нақты міндеттерді анықтау өте қажет. Өзін-өзі эстетикалық дамыту міндеттерін жүзеге асыру тұлғаның сәйкес эстетикалық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Тұлғаның кез келген қасиеті – адамның барлық психикалық үдерістерін қамтитын (танымдық, эмоциялық және еріктік) ерекше психикалық құрылым екендігіне байланысты өзін-өзі эстетикалық тәрбиелеу үдерісі студенттердің алдында мынадай міндеттерді қояды:
Өзінің эстетикалық түсініктері мен көзқарастар шеңберін байыту. Бұл өз кезегінде сәйкес танымдық қабілеттерді: эстетикалық қабылдау, ойлау, қиял, т.б. дамытуды талап етеді, себебі адам қабылдай және түсіне алмайтын нәрсені эстетикалық қабылдай алмайды. Оларсыз адам формалардың, түстердің көрінетін әдемілігін және дыбыстардың, олардың үйлесімділігінің естілуші әдемілігін сезіне алмайды.
Тұлғаның өзін эстетикалық жетілдіруі, өзінде эстетикалық қасиеттерді тәрбиелеу құралдары мен мүмкіндіктері жайлы білімдерді жатқызуға болады.
Келесі міндет – сезімдер мен сезінулерді тәрбиелеу. Бұл міндеттің маңыздылығы ең алдымен эстетикалық түсініктерде алдыңғы орында эмоциялық жауап қайтару қабілеттері мен қажеттіліктерін қалыптастыруда жатқызылады.
-
Үшінші міндет – бұл өз бойында эстетикалық икемділіктер мен дағдыларды, эстетикалық іс-әрекет жасауға дайындықты қалыптастыру. Бұл ең алдымен таңдалған мамандық пен кәсібіндегі шығармашылық бейімділіктерді дамытуға және педагогикалық іс-әрекет тәжірибесін жинақтау.
Студент эстетикалық дамымау тұлғаның жалпы кедейленуіне алып келетінін есте сақтауы қажет. Мысалы, Ч. Дарвин өмірінің соңында оның эстетикалық сезімдері мен талғамының нашарлағанын, егер ол өз өмірін қайталау мүмкіндігіне ие болса, ол мидың эстетикалық сезіміне қатысты бөліктерінің белсенділігін сақтау үшін барлық нәрсені істеуге дайын екендігін өкінішпен айтқан.
Өзінің қоғамдағы орнына байланысты мұғалім эстетикалық мәдениетке жоғары дәрежеде ие болуы қажет. Оған тек қана эстетикалық мәдениет деңгейінің дамуы ғана емес, сонымен қатар, жаратушы деңгей де жеткіліксіз, ол басқа адамдардың эстетикалық мәдениетін мақсатқа сәйкес қалыптастыруы және оны өз бойында үнемі дамытуы қажет.
Студенттің эстетикалық мәдениетінің дамуында әдебиет пен өнер үлкен рөл иелейді. Себебі заманауи адамның эстетикалық мәдениетінің өзегі өнердің ықпалымен қалыптасады және көркемдік мәдениет ретінде көрінеді.
Эстетикалық мәдениетті игерудің маңызды құралы болып студенттің көркемдік дербес іс-әрекеті мен әдеби шығармашылыққа қатысуы есептеледі. Педагогикалық мамандықты таңдау арқылы өзіне үлкен әлеуметтік жауапкершілікті таныған студент өзінде сұлулық заңы бойынша әрекет жасау қабілетін қалыптастыра алуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |