Информативтік регистр бірыңғай үдерістің нақты ұзақтығынан ауытқыған фактілер, оқиғалар, қасиеттер туралы хабар ұсынады. Бұл-тікелей бақылаудың емес, не жанама бақылау нәтижесінде, не ойлау операцияларының нәтижесінде алынған білім.
Генеритивті регистрде «уақыттан тыс» және «уақыт бойғы» іс-әрекет қасиеттерді, қабілеттерді, сипаттаманы айту тәсіліне айналады.
«Бақылау орнын» болып жатқан жайға қарай өзгерте отырып, айтушы түрлі регистрлердің сөз бірліктерін құрайды. Оларды біріктіріп, мәтіннің кеңістік-уақыт көлемділігін, оқиға уақытын жасайды.
Мәтінде автор шығармасында шынайы уақыт оның субъективті қабылдауы арқылы көрініс табады, яғни шынайы уақыт шынайы ақиқатты қабылдаумен байланысты перцептуалды уақытпен бірігеді. Бұл уақытты сондай-ақ негізінде эмоция болғандықтық эмотивті деп те атайды. Осыдан келіп адамның қабылдауында шынайы уақыт объективті барысының бірде баяу, бірде жылдам жылжуы мүмкін.
Перцептуалды (перцептивті) уақыт айтушының (жазушының) мәтін оқиғаларына қатысты уақыт пен кеңістікке шынайы немесе ойша позициясын танытады (лат.perceptio – қабылдау).
Айтушының рөлін көріністі әр тұстан түсіріп алуға тырысатын оператордың рөлімен, соған қоса кадрларды іріктеп, құрастыратын режиссердің рөлімен салыстыруға болады.
«Коммуникативная грамматика русского языка» кітабының авторлары атап өткендей, әлемде болып жатқан бақылаудағы оқиғаны тілде үш тәсілмен суреттеуге болады:
1) жалпы перцептивті – «Ол беттерді парақтады»; «Маша машинкамен жазып отыр»; «Күзетшілер қылыштарын ұстады».
2) жеке перцепивті – «Ол беттерді сыбдырлатты»; «Маша машинканы тықылдатты»; «Күзетшілер қылыштарын салдырлатты» (іс-қимыл номинациясына есту компоненті таңдап алынған);
3) интерпретациялық-«Ол беттердің арасынан хатты іздей бастады»; «Маша дипломын жазып бітірейін деп жатыр»; «Күзетшілер қорғануға дайындалуда» (іс-қимылды айтушы білу үшін интерпретациялаған-мақсатты компонент бөлініп алынған).
Перцептуалдылық дәрежесі ғылыми, іс мәтіндерінде минималды, көркем мәтіндерде максималды болады, соңғысында перцептуалды уақыт жеке уақытпен қосылып, жаңа құбылысты –көркем уақытты тудырады.
Көркем уақыт-сюжеттің, бейнеленген құбылыстардың өмір сүру формасы, шынайы, перцептуалды және жеке уақыттардың өзінше араласқанын сипаттайтын әлемді танудың ерекше формасы. Көркем және шынайы уақытты бейнелеудегі айырмашылық объективті шынайылық пен ирреальность (шарттылық) бейнесі үйлескен көркем шынайылық әлемінің ерекше табиғатының көрсеткіші болып табылады.
Көркем мәтіндердегі уақыт континуумының дәлдігі кеңістіктегіге қарағанда шамалы. Оқырманға келешектен өткен шақ жақын, автордың арқасында ол көркем шығармада бізге жақындай түседі (осы және келер шақ етістіктерінің араласуы).
Көркем мәтін континуумы әдетте оқиғалардың шынайы сабақтастығының бұзылуына негізделеді, яғни баяндау желісінің сақталуы міндетті емес. Баяндауда уақыт жоспарларының араласып кетуі мәтін үзінділерінің мүшеленуін анықтайды. Уақыт пен кеңістік жағынан оқиғалар байланысы неғұрлым шимай-шатпақ болса, шығарманың мазмұндық-концептуалдық ақпаратының өзін түсіну соншалықты қиынға түседі.
Мәтіндік уақыттың синхронды және диахронды аспектілері бар. Мағыналық акцент бірінші жағдайда «қашан болған» және «қаншаға созылды» ұғымдарымен, екіншісінде-уақыт қатынасындағы сабақтастық немесе реттілік ұғымдарымен (яғни мәтіндегі логикалық ұғыммен) байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |