Типтендіру және даралау әрекеті
Жазушы кейіпкерге өзі суреттеп отырған замандағы қалыптасқан әдет, мінез-құлықты жинақтап бейнелегенде типтік образ қалыптасады. Мысалы Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романындағы Меңтай, Ербол, Зәйкүл, Жомарт соғыстан кейінгі оқу іздеп, ауылдан қалаға келген жастар бейнесін көрсететін типтік образдар. Бұлардың бойында сол заманға тән жастардың мінезі, іс-әрекеті тән болса да олардың әрқайсысының өздеріне тән мінез ерекшелігі, дара болмысы бар. Демек әдебиеттануда оны даралау деп атайды.Әдебиетте адам бейнесі алуан түрлі тәсілмен жасалады. Жазушының жинақтау әрекетінен тип туады, ал даралау әрекетінен кейіпкердің мінезі қалыптасады. Осы мінездің өзін жазушы әр түрлі тәсілмен жасайды.
Тура мінездеу - кейіпкердің мінез-құлқын айнытпай, сол қалпында тікелей суреттейді. Адамды бір сөзбен де мінездеуге болады. Мысалы, сараң болса – Қарабай, аңқау болса – Мырқымбай, жалқау, өтірікші болса – Судырахмет дейміз. Мысалы, Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы Жақып шабарманға берілген мінездеу – тура мінездеудің үлгісі: «Шәкен мырзаның қолтығына кіріп алып, біреу мен біреуді, бір ел мен бір елді, есебін тауып, атыстырып жүреді. Ел іші тиыш болса, оған іштемес түспейді, жұмыссыз қалады. Жатып ішуді дәулет көтермейді. Еңбек істеуге әдеттенбеген, мойыны жар бермейді. Сондықтан қулық сұмдықтан безу түгіл, әбден шеберленіп барады».
М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі Қалтайдың мінезі:
«Қалтай аса пысық, сөзге ұста, қалжыңқой, әсіресе Ақанның түндегі жүрісіне өте ыңғайлы, әрі жылпос, әрі тілді ер жігіт еді». [Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2-том. – Алматы: Ғылым,1998 жыл, 106-бет.] Қалтайдың осындай жылпос, пысықтығы Ақанның кез келген жаманшылықты жасауына мүмкіндік береді.
«Жетім» әңгімесіндегі Қасымның мінезі:
«Сырт пішіні момын сияқтанады. Бірақ ішіне ылғи жетімсіреген жалғыздықпен бірге, дүниеге сенімсіздік, ешкімге жуымайтын жатбауырлық нығайып орнай бастады. Бұл мінез өсіп, күшейіп, ішіне мұздай болып қатқан сайын, Қасым ашулы болып, қаны бұзыла бастады. Оның үстіне үнемі аштық, күтімсіздік, ауыр жұмыс қосылып, ойын шатастыра берді». Осы тура мінездеу арқылы қазақ қоғамындағы қатыгездік, дүниеқорлық, наданықтың жас ұрпақтың психикасының бұзылуына әсер ететінін анық байқатады. Күтімсіздік, ауыр жұмыс, туыстарынан таяқ жеу баланың қанын бұзып, ойын шатастыруға алып келгенін көрсетеді.
М.Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесінде: «Жұмағұлдың шешесі Қамария жас күнінен шаруақорлықты сараңдыққа жеткізген, күтімділікті пайдакүнемдікке жеткізген, мінезі қатты, дүниеге пысық бәйбіше болғандықтан, бұл жолы науқанда да қыл-қыбырын көп шығармай, шығындамай, керек нәрселерін тез қамдап алды»
Достарыңызбен бөлісу: |