Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Хабаршысы № 3 (79), 2019
120
айтылатын мұндай әңгімелерді халықаралық фольклортануда меморат деп қабылдайды. Ғалым-
фольклортанушы С.Қасқабасов та осы пікірді қолдайтындығын өз еңбегінде көрсетті [3; 13].
Ал орыс әдебиетінде: «Меморат – это устный рассказ - воспоминания человека о личной
судьбе или воспоминание о людях, с которыми его связала жизнь, воспоминания о конкретных
фактах, событиях, очевидцем которых он являлся» [4; 39] - деген пікір үндестігін білдіреді.
М.Әуезовтің «ең алғашқы қысқа әңгіме, қызық құрылысты өткір әңгіме, шебер өмірбаяндық
әңгіме, жорық-жортуыл әңгімелері, шытырман оқиғалы әңгімелері» деп көрсетіп кеткен прозадағы
фольклорлық әңгіме түрлеріне ерекше мән беріп, зерттеу жасау күн тәртібіндегі маңызды мәселе
екендігін айтқымыз келеді. Сонымен бірге аталған саланы қазақ әдебиетінде М.Ғабдуллин,
Ғ.Мүсірепов,
Р.Бердібай,
Ш.Ыбыраев,
Е.Тұрсынов,
Н.Төреқұлов,
Б.Байтанаев,
А.Сейдімбек,С.Қасқабасов т.б. ғалымдар зерттеді, бағдар берді. Б.Шалабаев «Қазақ прозасының
тарихы» (1968) атты еңбегінде ұлттық проза жанрын фольклорлық мұралармен байланыстырып,
проза жанрының бастау көзі халық шығармашылығында екенін атап өткен.
Қазақ әңгімесінің көркемдік жүйесінде фольклорлық мотивтер, образдар, мифологиялық
сарындардың ықпалы бар, мифопоэтикалық ойлау дәстүрінің сабақтастығы үзілмеген, әйтсе де
даму жүйесінде бірізділікті қажет етеді. Мифологиялық желі ХХ ғасыр басында әдебиетте жақсы
көріне бастады. 1930-60 жылдар аралығында әр түрлі себептермен үзіліп, 1970 жылдардан бастап
әңгімедегі эстетикалық сабақтастық қайта жалғасты. Бұл тек көркем әдебиетте емес, сыни-
теориялық мақала, зерттеулерде де қызу талқыға түсті. Қазақ прозасындағы парадигмалық
ассоциативті мифопоэтикалық ойлау жүйесі, сюжеттер, мифтік сарындар С.Сейфуллин, М.Әуезов,
М.Жұмабай, Ж.Аймауытұлы шығармаларынан айқын көрінді. Әсіресе, М.Әуезовтің алғашқы
әңгімелерінде көнетүркілік эпикалық дәстүр негізінде мифопоэтикалық архетиптерді ұтымды
пайдалана білді. Одан мифопоэтикалық формаларды қолдану күрделене түсті, жаңа көркемдік
ізденістермен байланыстырып, аталған үрдіс Ә.Кекілбай, Д.Исабеков, М.Мағауин, Д.Досжан,
О.Бөкей, т.б. авторлардың туындыларында қайта жаңғыра бастады.
Әңгіме әдебиетімізде оқиғаны қарасөзбен баяндайтын шағын көркем шығарма жанры деген
анықтамаға ие [5; 59]. Әңгіме жанры аз сурет арқылы көп жағдайды аңғартатын айрықша
көркемдік шеберлікті талап етеді. Әңгіменің жанрлық ерекшеліктері оқиғаны баяндау тәсілі,
композициялық, сюжеттік құрылысы, көркемдік жүйесі арқылы айқындалады. Қазақ әдебиетіндегі
осы жанрда Б.Майлин, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов т.б. әңгімелерін үздік деп атауға
болады. Ал, зерттеулер жүйесі арқылы әңгіме жанрының ерекшеліктері ашыла түсетіні анық.
Әңгіме жанры негізі 60-жылдардан бастап өз қарқынын ала бастады. Осыған орай ғылыми
зерттеулердің шыға бастауы да заңды. «Вопросы литературы» журналының 1965 жылғы 10-
санында «Қазіргі әңгімелердің кейіпкерлері кімдер?» деген мақалада әңгіме қатысты маңызды
мәселелер көтерілді. Мәскеуде өткен Азия, Африка жазушыларының мәслихатында әңгіме жанры
туралы күн тәртібінде қаралып, кемшілік тұстары мен пайдалы, тиімді жақтарын, теориялық
тұжырымдарын көпшілікке ұсынды. Осы кезеңдерден бастап ғалым Б.Наурызбаевтың «Бейімбет
Майлиннің эпикалық жанрдың шағын түрлері» (1965) атты кандидаттық диссертациясы мен
«Бейімбет Майлин творчествосының шеберлігі» (1973) деген докторлық диссертациясы жарыққа
шықты. Ғ.Мүсірепов шығармашылығына арналған Х.Әдібаевтың «Талант, талғам, тағдыр» (1971),
З.Қабдоловтың «Жанр сыры» (1964) атты еңбектері алғашқы зерттеулер ретінде қазір де өз
маңызын жойған жоқ. Нақты ғылыми анықтаманы алғашқы кезеңдерде Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов,
З.Қабдолов т.б. сынды ғалымдар берді. «Қара сөзбен баяндалған, көлемі шағын ғана қысқа
шығармалар новелла немесе ұсақ әңгіме деп аталады» [6; 234] - деп ғалым Қ.Жұмалиев көрсетсе,
Е.Ысмайлов: «Әңгіме – өмірде кездесетін қысқа эпизодты, тәптіштеп, жан-жағын қамтып
суреттейтін жанр. Әңгіме новелладан көбірек жайылған екінші бір түрі» [7; 136] - деп өз пікірін
білдіреді.
Ғалым З.Қабдолов ғылыми еңбектерінде әңгіме туралы пікірін нақты айқындады. «Әңгіме –
шағын көлемді эпикалық түрдің соңғы жүз жыл ішіндегі нағыз классикалық үлгісі. Әңгіменің сыр-
сипаты біржола кесіп-пішуге көнбейді, бірыңғай анықтама шеңберіне сыймайды» [8; 319].
«Әңгіме – шеберлік мектебі. Әңгіме – әдемі дүние: жауынгер, ұшқыр, өмір құбылыстарына шұғыл
үн қосқыш, оқушысын тез тапқыш, өткір, икемді, сүйкімді жанр» [8; 321]. Бұл – З.Қабдоловтың
әңгіме туралы айтылған қазақы оқырманға таныс зерттеулерінің нәтижесі. Зерттеушілердің
барлығы дерлік осы анықтамаға мән беріп, өз зерттеуіне арқау етеді. З.Қабдолов өзінің ғылыми
|