Аллергиялық реакциялардың түрлері; олардың жіктелуі.
Аллергиялық серпілістерді жіктеуге қатысты бірнеше көзқарастар бар. Солардың ішінде Кук (1930) барлық аллергиялық серпілістерді екі түрге бөлді: 1. Дереу дамитын аллергиялық серпілістер. Бұлар организмнің сезімталдығын көтерген аллерген организмге қайталап түскеннен кейін бірнеше минөттің ішінде байқалады және иммундық глобулиндер (антиденелер) қатысатын организмнің гуморалдық жүцесі арқылы дамиды деп есептеледі.
2. Баяу дамитын аллергиялық серпілістер, сезімталдығы көтерілген Т-лимфоциттер қатысатын, организмнің жасушалық иммундық жүйесі арқылы дамиды және аллерген организмге қайталап түскеннен кейін 24-48 сағат өткен соң байқалады деп есептеді.
Кәзіргі күні “аллергиялық серпілістер” деудің орнына “жоғары сезімталдық” деп атау кең тараған. Осыған байланысты аллергиялық серпілістерді дереу дамитын жоғары сезімталдық (ДДЖС) және баяу дамитын жоғары сезімталдық (БДЖС) деп ажыратады.
Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, аллергия мен иммунитет бір механизмдермен дамиды, тек аллергия кезінде лаброциттерден медиаторлар, иммунитетке қарағанда, әлдеқайда көп мөлшерде шығарылады және сау ағзалар мен тіндердің бүліністері байқалады. Олай болса, иммунитетті гуморалдық және клеткалық деп бөлу шындыққа сәйкес келмейді. Қандай да болмасын иммундық серпілістерде әрқашан әрі жасушалар, әрі антиденелер және лимфокиндер қатысады (Беклемишев Н. Д. 1986).
1968 жылы П. Джелл, Р. Кубс аллергияларды төрт турге ажыратты:
1-түрі- ДДЖС-ң анафилаксиялық түрі; 2-түрі- ДДЖС-ң цитотоксиндік түрі; 3-түрі- ДДЖС-ң иммундық кешендік (комплекстік) түрі; 4-түрі-БДЖС-түрі. Соңынан бұл жіктеуге БДЖС пен ДДЖС соңғы екі түрінің (2+3) араласқан 5-түрі қосылды.
Аллергендердің табиғаты және аллергиялық реакциялардың I, II, III, IV типтеріндегі сенсибилизация механизмдері. Аллергиялық реакциялардың кезеңдері және олардың патогенезі. Аллергиялық реакциялардың әртүрлі типтеріндегі иммундық реакциялар, патохимиялық өзгерістер және клиникалық көріністер кезеңдерінің ерекшеліктері.
Аллергиялық серпілістердің даму механизмдері үш сатыдан тұрады: 1. иммундық серпілістер сатысы, 2. патохимиялық өзгерістер сатысы және 3. патофизиологиялық бұзылыстар сатысы. Иммундық серпілістер сатысында организмде белгілі антигенге (аллергенге) арнайылыланған антиденелер немесе сезімталдығы көтерілген лимфоциттер түзіледі. Бұл сатыны сенсибилизация (лат. sensibilis-сезімтал) деп атайды.
Сенсибилизация деп организмге аллерген түскеннен кейін сезімталдықтың біртіндеп жоғарылауын атайды. Сенсибилизация белсенді немесе енжар болуы мүмкін. Белсенді сенсибилизация антиген түскеннен кейін қған жауап ретінде организмнің өзінің иммундық жүйесінің қатысуымен болады. Ол үшін аллергеннің аз мөлшері жеткілікті. Мәселен, теңіз тышқандарында сенсибилизация жағдайын алу үшін оларға бөтен қан сары суының 10-9/л жіберу жеткілікті. Сенсибилизация жағдайы аллерген организмге түскеннен кейін 10-14 күннен соң пайда болады. Бұл кезең аллергенді тану, оған антидене және сезімталдығы көтерілген Т-лимфоциттер өндіру үшін және антиденелердің организмде таралуы, тіндерге кіріп, жасушаларда бекуі үшін қажет. Бұл антиденелер негізінен мес жасушаларға (лаброциттерге), қан базофилдеріне, тегіс ет тініне (бронхиолалар, ішектер, жатыр ж. б.) және эпителий жасушаларына жабысады.
Енжар сенсибилизация сау жануарларға белсенді сенсибилизацияланған жануарлардың қан сары суын немесе сезімталдығы көтерілген лимфоциттерін жібергенде дамиды. Бұл кезде сезімталдықтың жоғарлауы
18-24 сағаттан кейін байқалады. Бұл уақыт қан сары суымен түскен антиденелердің немесе сезімталдығы көтерілген лимфоциттердің жасушаларда бекуіне қажет. Аллергиялық серпіліс тек организмнің сенсибилизациясын шақырған антигенге ғана дамиды.
Достарыңызбен бөлісу: |