Дереу дамитын жоғары сезімталдықтың иммундық кешендік
(ІІІ-типі) түрі.
Бұл кезде антиденелер (ІgМ, G) аллергенмен биологиялық сұйықтарда (қанда, лимфада, жасушааралық сұйықтарда) байланысады да, аллерген - антидене иммундық кешен қүрады. Аллерген болып дәрі-дәрмектер, бөтен қан сары суы, тағамдық заттар, саңырауқүлақ ж. б. есептеледі. Егер бұл кешен антигеннің шамалы артықшылығымен болса, онда ол тамыр кемерлеріне жиналады. Құрылған аллерген - антидене кешені өзіне комплементті жабыстырады. Комплементтің компоненттері (С3а, С5а ж. б.) нейтрофилдерге хемотаксистік әсер етеді. Осыдан нейтрофилдер аллерген - антидене кешенін фагоциттейді және коллагеннен тұратын серпімділік талшықтарын ыдырататын, қан тамырларының өткізгіштігін жоғарылататын лизосомалық ферменттерді бөліп шығарады. Лейкоциттердің ыдырауы және лизосомалық ферменттердің босауы тіндердің протеолизіне, жасушааралық сұйықта К+ және Са2+ иондарының, жасуша ішінен босап шығуынан, мөлшері кебеюіне әкеледі. Осыдан тіндердің нервтік-еттік қозымдылығы көтеріледі. Протеолиздік ферменттердің әсерленуіне байланысты тіндердің және тамыр кемерлерінің өткізгіштігі жоғарылайды, ісіну пайда болады (11 -сурет).
Иммундық кешендер (преципитаттар) тромбоциттердің сыртына жабысып, оларды ыдыратады; қан ұюына қажетті тромбоциттік, фосфолипидтік фактор 3 босайды, тамыр ішінде қан ұюы болады, тромб құрылады, кейде қан кетулер болады.
ДДЖС-ң бұл түрі Артюс феноменінде, сарысулық ауру, анафилаксиялық шок, ревматизм, гломерулонефрит, геморрагиялық васкулит, жүйелі қызыл жегі аурулары кездерінде байқалады.
Тәжірибеде Артюс-Сахаровтың феноменін қоянда алуға болады. Ол үшін қоянға тері астына 0,5—1 мл жылқы қан сары суын әрбір 5—6 тәуліктен кейін жіберу керек. Біртіндеп жіберілген сары судың сіңірілуі азайып, гиперемия, ісіну мен лейкоциттердің эмиграциясымен сипатталатын қабыну реакциясы пайда болады. 4—5 екпеден кейін сары су енгізілген жердің тері астында және теріде қарқынды некроздық қабыну байқалады. Бұл кезде қанда тұндырғыш (преципитиндер) антиденелердің мөлшері қатты көтеріледі. Бұл преципитиндердің аллергендермен байланысуы иммундық кешендердің (преципитаттардың) құрылуына әкеледі. Олар тері капиллярларының эндотелийлерін бүліндіріп, тромбоз дамуына әкеліп, некроздық қабынуды дамытады. Осындай жергілікті серпілістер адамдарда да және ішкі ағзаларда да кездесуі мүмкін.
Анафилаксиялық реакцияның адамдардағы ерекше түрі болып сарысулық ауру есептеледі. Ол адамға емдік жылқының сары суын қайталап, кейде көп мөлшерде бір рет енгізгенде байқалады. Дерт жіберілген бетен антигенге қарсы антиденелер түзілгеннен кейін біртіндеп дамиды. Сондықтан емдік сары суды бірінші жібергеннен кейін 7—12 күн өткен соң сырқат адамның лимфалық түйіндері үлкейеді, есекжем, теріде қышитын бөртпелер пайда болады, көз қабағы, бет және буындар ісінеді. Кейде олар ауырып, дене қызуы көтеріледі. Бұл белгілердің пайда болуы организмде жылқының қан сары суына арнайы антиденелер өндірілуімен байланысты. Өндірілген антиденелер қанда бос күйінде айналып жүрген жылқының сары суымен (аллергенмен) байланысып, иммундық кешен құрады. Олар капиллярлардың эндотелий жасушаларына тері, бүйрек ж. б. тіндердің жасушаларына, лимфоциттерге жабысады. Осыдан капиллярлардың өткізгіштігі жоғарлайды, ісіну, есекжем, лимфалық түйіндердің, бүйрек шумақтарының, жүректің қабынулары ж. б. бұзылыстар дамиды.
Сайып келгенде, сезімталдығы жоғарылаған организмге арнайы сенсибилизация шақырған аллерген қайталап түскенде аллерген мен антидененің арасында физикалық-химиялық реакциялар пайда болады, аллерген мен антиденеден түратын макромолекулалық иммундық кешен қүрылады. Осының нәтижесінде ДДЖС-ң медиаторлары пайда болады. Оларға гистамин, серотонин, простагландиндер (ПГҒ2а), лейкотриендер Д4, лизосомалық ферменттер, эозинофилдердің хемотаксистік факторы, әсерленген комплемент жүйесі, Хагеман факторы және калликреин жүйесі жатады. Комплемент жүйесінің әсерленуі тін жасушаларының және микробтардың мембраналарын ыдыратады, жаңа биологиялық белсенді заттардың босануына әкеледі, фагоцитозды, қанның протеолиздік ферменттерін, Хагеман факторын әсерлендіреді, мес жасушаларының түйіршіксізденуін туындатады. Хагеман факторының әсерленуі қан ұю жүйесін арттырады, калликреинкинин жүйесін ынталандырып, брадикинин қүрылуына әкеледі. Ол тамырларды кеңітіп, олардың өткізгіштігін жоғарлатады, тегіс еттердің жиырылуына әкеледі, ауыру сезімін шақырады.
Көрсетілген аллергияның медиаторларының әсерлерінен тіндер мен жасушалардың, ағзалардың қызметтері өзгереді, ДДЖС-тің 3-ші патофизиологиялық өзгерістерінің сатысы дамиды. Патофизиологиялық өзгерістер аллерген-антидене байланысуынан бүлінген жасушалардың, тіндердің, ағзалардың және жалпы организмнің бұзылыстарынан тұрады.
Аллергендердің әсерінен қан жасушалары (эритроциттер, тромбоциттер, лейкоциттер), дәнекер тін жасушалары (гистиоциттер, лаброциттер ж. б.), нерв, тегіс ет, тамыр, жүрек ж. б. жасушалар бүлінеді. Нерв жасушалары өзгеруінен қозу және тежелу үрдістері бұзылады, тегіс ет жасушалары өзгергеннен контрактуралық жиырылу пайда болады. Тамыр жасушаларының өзгеруінен өткізгіштіктің жоғарлауына, экссудация мен лейкоциттер эмиграциясының күшеюіне әкеледі. Қан базофилдері мен лаброциттердің түйіршіксізденуі болады.
Көрсетілген жасуша өзгерістері жеке ағзалардың қызметтері өзгеруіне әкеледі. Бұған ағзалардың нервтік, гуморалдық реттелуінің бұзылыстары қосылады. Бұл кезде қан айналымы жүйесі бұзылады. Жүрек соғуы әлсірейді, артериялық қысым төмендейді, қан тамырларының өткізгіштігі қатты көтеріледі, тонусы азаяды. Бұл өзгерістерге ацетилхолин, брадикинин, гистамин, серотонин және кейбір простагландиндер әкелуі мүмкін. Сыртқы тыныс алу ағзаларының қызметтері бұзылады. Брадикинин, серотонин, гистамин, лейкотриендер бронхиолалардың тегіс еттерін жиырады, бронхоспазм дамиды, өкпеде ауа өтетін жолдардың саңылауы тарылады. Сонымен бірге эпителий жасушаларының секрециялық қызметі көтерілуінен көптеп қою шырыш шығарыла бастайды, бронхиолаларды және алвеолаларды қоршаған капиллярлар кеңиді, олардың өткізгіштігі жоғарылайды, тіннің ісінуі болады. Осы көрсетілгендердің бәрі тыныс алуды ауырлатып, экспирациялық алқыну (демді сыртқа шығарудың қиындауы) пайда болады. Адамда аллергиялық реакциялардың патофизиологиялық бұзылыстар сатысының жалпы көріністері түтас организм серпілісі ретінде әртүрлі аллергиялық аурулар мен синдромдар түрлерінде байқалады (олар жоғарыда келтірілді).
Достарыңызбен бөлісу: |