Көрініс.
Қазанғаптың «Домбыра» күйі орындалып тұрады. Сахнада абақты бейнеленеді. Темір тор. Темір тордың ар жағында күңіренген үн естіледі. Мағжан рөліндегі оқушы «Сағындым» өлеңін оқиды.
Мағжан: Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
Жатқан үйім қабырғасы қара тас,
Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас.
Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,
Ерте-кеш те, күндіз-түні арылмас.
Өлең жолдары оқылған сайын дауыс жігерлене, өршелене түседі. Күй үні де күшейе түседі.
Ортаға шаршаған, қажыған ана шығып, қоңыр үнмен:
Ана: Құлыным, ботам...!Мағжаным!
Қу тағдыр, басыңа қайғы түсірді-ау...
Зар заман...Аясаңшы ботамды,
Мағжаным, жаным, қайдасың?
Қарашығым, құлыным...
Ана бейнесі өте бере, қайтадан Мағжан өзінің «Сағындым» өлеңін жалғастырып оқиды.
Мұғалім: 1960 жылы Мағжан Жұмабаевтың ісі қайта қаралып, ол ақталды. Иә, Мағжан өлгенмен оның аты, ісі өлмейді. Қаншама қиындық көріп, жапа шексе де Мағжан елін, жерін, халқын мәңгілік сүйіп өтті.
Келесі кезекте өздерінің жырларын Мағжан Жұмабаевқа арнап әкелген жас ақындарға беріледі.
«Мағжанға арнау» өлеңдері оқылады.
Мұғалім: Мағжан – бүкіл иісі қазақтың, қала берді түркі елдерінің жарық жұлдызы. Ұлы Абайдың «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген нақыл сөзіндегідей, Мағжан өлген жоқ. Ол мәңгі халқымен бірге. Ендеше, «Мағжан танымы – қазақ әлемі» атты танымдық сабағымызды Кәрібай Мұсырманның «Білсін әлем...» атты өлеңімен аяқтауды жөн көрдім.
Мағжан!Мағжан!..Ерек есім киелі,
Ұмытпайды, халқың сені сүйеді.
Күннен туған пайғамбары өлеңнің,
Алты алашың өзіңе бас иеді.
Туған елге өміріңді арнадың,
Суға батқан қазақ талын қармадың...
Сан жүректе лапылдатып жандырдың
Хан Абылай, Ер Кененің арманын!
Сол арманға құрбан болдың өзің де,
Кете бардың үміт өшпей көзіңде.
Қандай асқақ арман жатыр, апыр-ай,
«Мен жастарға сенем!..» деген сөзіңде!..
Тәңірі берді – орындалды сол арман,
Шықты іздеген тәуелсіздік жолы алдан.
Алашыңды табындырдың тағы да,
Күннен туған пайғамбарым, оралған!..
Қазағыңа құт-береке келгендей,
Еңсесі тік, кеудесін кең кергендей.
Көшін түзеп, күнбатысқа бет алған,
Күннен туған пайғамбарға енгендей!
Даңқың асар шын жеңісің бар бүгін,
Дүниені шарлайды енді жан-жырың!..
...Білсін әлем Абайы бар қазақтың,
Мәңгі жасар Мағжаны да барлығын!..
Достарыңызбен бөлісу: |