Бағдарламасы «Топография негіздері мен жергілікті жерді бағдарлау»



бет3/5
Дата15.06.2016
өлшемі0.96 Mb.
#136488
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5

Түсірілім туралы жалпы түсінік. Жергілікті жердің карта мен планын жасау үшін орындалатын геодезиялық өлшеулер процесі түсіру деп аталады. Егер осының нәтижесінде контурлар мен объектілердің өзара пландық орны, яғни жергілікті жердің жай-жапсары анықталатын болса, онда түсіру горизонтальдық деп аталады. Егер жай-жапсарынан басқа жергілікті жердің жер бедері түсірілетін болса, онда түсіру топографиялық деп аталады. Топографиялық түсірулер

1 : 25000, 1 : 10000, 1 : 5000, 1 : 2000, 1 : 1000 және 1 : 500 масштабтарда орындалады.

Қолданылатын аспатар мен әдістерге байланысты топографиялық түсірулер мынадай түрлерге: фототопографиялық, теодолиттік, мензулалдық, тахеометриялық, көз мөлшерімен және буссольмен түсірулер және жер бетін нивелирлеу болып бөлінеді. Түсірудің қандай да бір әдісін қолдану көптеген факторларға, яғни түсірудің масштабына, учаскесінің өлшеміне, жергілікті жердің ерекшеліктеріне (салынғанына, ормандылығына, жазықтығына, таулылығына және т. б.), жұмыстарды орындау мерзіміне байланысты. Топографиялық түсірулер нәтижесіндс топографиялық пландар мен карталар, фотопландар, сондай-ақ жергілікті жердің цифрлы моделі (жцм) жасалынады. Фотопландарда әуе суреттерін аймақтар бойынша фототрансформациялау арқылы алады.

Топографиялық карталардың жаңа түрі әуеден суретке түсіру арқылы материалдарын өңдеу арқылы алынатын ортофотокарталар болып табылады. Ортофотокарталар жергілікті жердің фотографиялық картасы болып есептеледі, оларда шартты белгілер мен жердің жай-жапсары және жер бедері кескінделеді.

Техникалық- экономикалық көрсеткіштері жағынан ортофо­токарталар жасау процесі әуеден фототопографиялық суреттер түсіру әдісімен айтарлықтай тиімді. Ортофотокарталар информацияның көлемі және жергілікті жердің кескінделуінің көрнектілігі жағынан топографиялық карталардан бірсыпыра асып түседі.

Топографиялық түсірулердің материалдары уақыт өткен сайын кеңейе береді, өйткені жергілікті жерде шаруашылыққа пайдалану процесі жүріп жатады: жаңа объектілер салынады, пайдалы қазбаларды шығару жүргізіледі және т. с. с. Оның үстіне физикалық-географиялық жағдайлар да өзгеріп тұрады, солардың бәрі топографиялық карталарда бейнеленіп көрсетілуі тиіс. Топографиялық карталарды қазіргі заман талабына сай деңгейде ұстап түру үшін оларды уақтылы жаңартып отыру керек.

Дала өлшеулерін орындаудың дәлдігі, жергілікті жердің жай-жапсары мен жер бедерін түсіруді нақтылау негізінен кар­та мен планның масштабына байланысты. Неғұрлым планның масштабы үлкен болса, жергілікті жердің планда кескінделуінің дәлдігі мен толықтығына қойылатын талаптар соғүрлым жоғары болады. Топографиялық пландар мен карталарды географиялық барлау жұмыстарында топографиялық негіз ретінде пайдаланған кезде олардың масштабы объекті мен барлау жұмысының кезеңдеріне байланысты тағайындалады. Жер бедері қимасы биіктігінің шамасы топографиялық картадағы жер бедерін кескіндеудің толықтығы мен дәлдігінің көрсеткіші болып табылады.

Мензульды түсірілімнің маңызы. Құралдар. Мензулалық түсіріс шағын учаскеде мензула мен кипрегельдің көмегімен атқарылады және тікелей далада топографиялық планды жасауға мүмкіндік береді. Түсірісті жасау жергілікті жердегі нүктелердің планшеттегі өзара орындарын графикалық түрде анықтауға негізделген. Нүктелерге дейінгі aрa қашықтық өлшегіш рейканың көмегімен өлшенеді, ал бұрышты графикалық түрде салады. Құрылыс салынған территорияны түсіргенде ара қашықтықты кипрегельдің объективіне бекітілген ара қашықтық өлшеуіш саптамамен өлшейді.

Мензулалық түсірістің артықшылығы оның көрнекілігі болып табылады, себебі түсіру процесі кезінде планды жергілікті жермен салыстыруға мүмкіндік туады, ал кемшілігі: жұмыстың негізгі бөлігі далада өтетіндіктен, қыста және жауын-шашынды күндері жұмыс істеуге мүмкіншілік болмайтындығы, жабдықтардың қолайсыз үлкендігі, істелетін жұмысты бөлудің қиыншылығы, себебі өлшеулер және планды сызуды тек қана бір орындаушы жасайды.

Мензулалық түсірісте түсіргі жүйесінің жиі болуы талап етіледі. Түсіргі жүйе жергілікті жердің жағдайына және түсірістің қажетті дәлдігіне байланысты графикалық немесе аналитикалық әдістерімен құрылуы мүмкін. Аналитикалық әдістерге қиылыстырулар, теодолиттік және тахеометриялық жүрістер, ал графикалық әдістерге геометриялық жүйе, қиылыстырулар, мен­зулалық және буссольдық жүрістер жатады. Ашық жерлерде жүйелерді құрады, ал жабық жерлерде жүрістер жүргізіледі (22-сурет).

22 - сурет

1 : 5000 және одан ұсақ мас­штабпен алынған түсірістер үшін геометриялық жүйелерді құрғанда әрбір нүкте үш пункттен қиылыстырылуы керек, ал қиылыстыру бұрыштары 30° және 150°-тан артық болмауы тиіс. Қабырғалары 0,4 мм үшбұрыш қателіктеріне-жол беруге болады. Трапецияда бастапқы пункттер 2-ден кем бол­мауы керек.

Түсіріс алдында планшетті дайындайды: ол үшін Дробышев-сызғышының, штангенциркуль мен координатографтың көмегімен қабырғалары 10 см квадрат торкөздерге бөледі.

Мензулалық түсіріс кезінде қағаз жапсырылған планшет штативке горизонталь жағдайда белгілі бір нүктенің үстіне орнатылады (22-сурет). Планшетте жергілікті жердегі А нүктесінің проекциясы болып саналатын а нүктесі арқылы кипрегельдің көмегімен В нүктесін нысаналайды да планшетте аb сызығын, ал одан кейін С нүктесін нысаналап ас сызығын сызады. Планшеттегі сызылған сызықтар кипрегель дүрбісінің коллимациялық жазықтығының планшеттің горизонталь жазықтығымен қиылысу ізі болып саналады. Демек. планшетте табылған ВАС = β' бұрышы жергілікті жердегі бұрыштың горизонталь-проекциясы болып табылады.

В және С нүктелеріне дейінгі қашықтықтарды өлшеуішімен аныктайды да, олардың горизонталь проекцияларын алынған масштабта планшетке салады. Нүктелердің салыстырмалы биіктіктерін тригонометриялық нивелирлеу әдісімен анықтайды. Түсірісті жасаған кезде планшеттегі және табиғаттағы жергілікті жердің контурлары мен сызықтарының горизон­таль проекциялары бір-біріне параллель болуы тиіс. Сондықтан планшетті жұмыс жағдайына келтірген кезде оны бақылау нүктесінің үстінде центрлеу мен горизонтальдаудан басқа, сондай-ақ планшетті жер шарына байланысты бағдарлауды орындау қажет.

Түсіріс негіздеуін жиілендіру мензулалық жүрістермен: негізгі түсіргі және өтпелі нүктелермен атқарылады. Негізгі журістегі салыстырмалы қиыспаушылық жүрістің ұзындығының 1 : 300 - нан, ал пландағы ұзындық қиыспаушылық 0,8—1,5 мм-ден аспауы керек. Жүрісте болған қиыспаушылықты параллель-сызықтар әдісімен графикалық жолмен бөледі (жүрістің нүктелері арқылы қиыспаушылықтың бағытына параллель жүргізілген сызықтарға сәйкес пропорционал кесінділерді салады). Нүктелер арасындағы салыстырмалы биіктікті екі мәрте анықтайды, олардың алшақтығы 100м болған кезде қиыспаушылық 4 см-ден аспауы тиіс. Жүрістегі болатын қиыспаушылық мына формуламен есептеледі:

fh = 0,03Pм/ √n (см),

мұндағы Рм —жүрістің периметрі, м; п — жүрістің қабырғалар саны. Шығарылған қиыспаушылық жүрістің қабырғаларының ұзындығына пропорционал бөлінеді.

Өтпелі нүктелер, яғни геодезиялык жүйе пункттері түсіргі негіздеулер нүктелерінен және де қиылыстырулардан, сондай-ақ геодезиялык жүйе пункттерінің аралығындағы жармадан рулеткамен немесе болат лентамен өлшеу арқылы анықталады.

Әр түрлі масштабтағы түсірісте аспаптан рейкаға дейінгі ең үлкен қашыктық 150—350 м, ал план масштабындағы пикет аралығы 2 см болуы тиіс. Анық контурларды түсіргенде олардың пландағы бұрыштарын 0,4 мм дәлдікпен анықтайды, содан соң оларды сызықтармен қосады. Жолдарды түсіргенде пикеттерді бір жағынан алады да, жолдың енін өлшейді. Егер жолдың ені план масштабына салынатын болса, онда оның екінші жағын біріншісіне параллель етіп салады, немесе жолдың ені масштабсыз түсірілетін болса, онда пикеттер осьтің бойына салынып шартты белгімен кескінделеді.

Жер бедерін түсіргенде суайрықтары мен тальвегтердің сызықтарын анықтайды; бұл үшін шыңдардың, беткей етегінің, алқап сағасынын және басқа да сипатты нүктелердің биіктік белгілерін анықтайды. Планда горизонтальдарды жүргізуге қажетті пикеттердің биіктіктерінен басқа плотинаның, бөгеттің, шлюздің, көпірдің, трубалардың, жол торабының, квартал бұрыштарының, үйінді мен қазба үстінің және етегінің, ордың, құдықтың, төбенің және т. с. с. биіктік белгілерін анықтау керек. Су деңгейінің төмендеуін 15 см сайын анықтап, күнін көрсетіп жазады. 5-ке еселі горизонтальдарды қалыңдатып, беткейдің бағытын бергштрихтармен көрсетеді.

Түсіріс барысында биіктіктер мен контурлар калькасын жасап, оны тушьпен сызады. Түсірістің тексеруін далалық тексеру нәтижесінде жүргізеді. Тексеру пикеттерін биіктіктер мен кон­турлар калькасына қызыл тушьпен көрсетеді. Жағдайды тексергенде табиғи жердегі өлшенген ара қашықтық планда анықталған шамасынан айырмашылығы план масштабында 0,8 мм-ден артық болмауы тиіс. Горизонталь орындарының биіктік айырмашылығы жер бедері қимасының—бөлігіне дейінгі биіктікте болуы тиіс.

Мензула штативтен, тұғырықтан және мензулалық тақта — планшеттен тұрады. Тұғырық планшетті штативпен біріктіру қызметін атқарады және де планшетті центрлеуді, горизонтальдауды және бағдарлауды қамтамасыз етеді. Тұғырық штативтің (23-сурет) бас жағымен стан винтімен бірігеді. М тектес әмбебап ме­талл тұғырық (23-сурет) жоғарғы (4) және төменгі (1) екі бөліктен тұрады. Жоғарғы айналатын бөлігінің планшетті бекітуге арналған үш винті (3) болады, әрі бекіту (2) және жетекші (6) винттермен жабдықталған. Тұғырықтың төменгі айналмайтын бөлігіне мензуланың айналу осі бекітілген, онда планшетті горизонталдауға арналған қатпарлы серіппе арқылы өтетін үш көтеру винті (7) бар. Планшет құрғақ берік шыршадан немесе жөкеден жасалған көлемі 60X60X3 см ағаш тақта. Тақтаға мыс шегелермен фанера немесе алюминий табағы бекітіледі, оған жоғары сапалы сызба қағазы жапсырылады. Кейде қағазды тікелей мензулалық тақтаға жапсырады. Тасымалдаған кезде планшетті кленкаға орап фланель астары бар брезент құндаққа салады.

23 - сурет

Мензуланы жұмыс жағдайына келтіру үшін деңгей аспабы, тіктеуіші бар центрлеу айыры және бағдар-буссоль қолданылады. Планшет жазықтығын горизонталь жағдайға келтіруге арналған цилиндрлік деңгей, әдетте кипрегельдің сызғышына бекітіледі. Тіктеуіші бар центрлеу айыры планшетті жергілікті жердегі нүктенің үстіне центрлеу үшін қолданылады. Бағдар-буссоль планшетті жер шарына алғашқы бағдарлау үшін қолданылады.

Түсіру жұмыстарын бастамастан бұрын, алдымен мензуланы мынадай тексерулерден өткізу керек:

1. Мензула айтарлықтай орнықты болуы тиіс. Осы шарттың орындалуын тексеру үшін мензуланы орнатып, оның үстіне кипрегельді қойып, онымен жергілікті жердегі қандай да бір нүктені нысаналайды да, кипрегель сызғышының кесілген қыры жағымен планшетте қарындашпен сызықты сызады. Осыдан кейін тақтаның бұрышын жай ғана саусақпен басады да, содан соң саусақты көтереді. Егер осы кезде кипрегельдің жіптер торының орталық нүктесі бұрынғы қалпына келетін болса, яғни нысаналанған заттан ауытқып кетпесе, онда бірінші шарттың орындалғаны.

2. Мензула планшетінің жоғарғы беті жазықтық болуы керек. Осы шарт арнаулы тексерілген сызғыштың көмегімен орындалады, бұл үшін сызғыштың қырын планшеттің үстінде әр бағытта басып ұстайды.

3. Планшеттің жоғарғы жазықтығы мензуланың айналу осіне перпендикуляр болуы тиіс. Осыны тексеру үшін планшеттің жоғарғы жазықтығын алдын ала тексерілген деңгей аспабы арқылы үш көтеру винттерінің көмегімен горизонталь жағдайға келтіреді. Осыдан кейін планшетті вертикаль осінің төңірегінде айналдырып, деңгей аспабының үлбіреуігінің орнынан ауытқыған-ауытқымағанын қарайды. Егер үлбіреуік ауытқымаса, онда шарттың орындалғаны. Жоғарыда айтылған шарттарды қанағаттандырмайтын мензула жөндеуден өтуі тиіс.

Мензулалық түсірісті жасаудың алдында мензулалық планшетті даярлау керек. Планшетті түсіріске даярлау үшін қағазды тікелей планшетке немесе қатты негізге, яғни фанер немесе алюминий табақ бетке жоғарғы беті толығымен тегіс болатындай етіп жапсырады.

Планшетке қағазды жапсыру. Мензулалық планшетке сызба қағазын тікелей жапсырады немесе тақтаға алдын ала тығыз коленкорды тереді. Қағаз бетінің өлшемі планшеттен біршама артық болуы керек (шамамен тақтаның қалыңдығынан екі есе артық). Қағаздың бұрыштарын планшеттің қырларына бүктеуді оңайлату үшін кесіп алады. Желім ретінде жұмыртқаның көбікке дейін көпіршітілген ағы қолданылады; оны мензулалық планшеттің үстіңгі бетіне жағып, оған алдын ала суланған қағазды жапсырады. Осыдан кейін суланған қағазды құррақ қағазбен жауып, жапсырылатын бетті планшеттің ортасынан шетіне қарай қағаздың астына ауа қалмайтындай етіп қыртысын біртіндеп жазады. Енді беттің шеттерін бүгіп, оларды планшеттің бүйір және төменгі беттеріне крахмалдан жасалған желіммен жапсырады. Планшетке қағазды жапсыру далалық жұмыстардың басталуына бірнеше күн қалғанға дейін жасалуы тиіс.

Қағазды фанераға жапсыру. Мензулалық планшеттің өлшеміне сәйкес кесіп алынған сапалы фанераның өні жағына сызба қағазын сұйық крахмалды желіммен жапсырады; жапсырылған беттерді 5—6 күн престің астында ұстап, содан кейін оларды планшетке бекітеді.

Алюминийге қағазды жапсыру. Мензулалық планшеттің өлшемімен бірдей етіп кесіп алынған алюминий тақтаны алдын ала бұдырлау беті тегістелгенше зімпара қағазымен өңдейді. Одан кейін тегістелген бетінің шаңын сүртіп, оған сулы ащы калий қосылған крахмалды желімге фенолфталеин қосып, су мен спиртке ерітіп жағады. Сумен ылғалданған сызба қағазын қатты қысады; қағаздың шеттерін тақтаның екінші бетіне қа­рай бүгіп, ол жақты да қағазбен желімдейді.

Мензулалық түсірісті жүргізуден бұрын жергілікті жерде мензуланы жұмыс жағдайына келтіреді, ол планшетті центрлеуден, горизонтальдаудан және бағдарлаудан тұрады.

Планшетке түсірілген нүктені жергілікті жердегі сәйкес нүктенің үстіне қондыру планшетті центрлеу деп аталады. Ол көз мөлшерімен немесе центрлеу айырының көмегімен жасалынады. Мензуланы центрлеу үшін тұғырықтың бекіту винтін босатып, планшетті онда түсірілген нүкте жергілікті жердегі берілген нүкте арқылы өтетін тік сызықтың бойында болғанша жылжытады. Мензуланы көз мөлшермен центрлегенде он сантиметрден аспайтын қателік жіберілуі мүмкін. Сондықтан 1:5000 және ұсақ масштабтық мензулалық түсірістерде центрлеу кезінде центрлеу айырын қолданбайды.

Мензула планшетінің жоғарғы жазықтығын горизонтальдау үшін түзетілген деңгей аспабы бар кипрегель сызғышын планшеттің ортасына кез келген екі көтеру винтінің бағытымен қояды да, оларды әр бағытта бұрау арқылы деңгей үлбіреуігін нөл-пунктке келтіреді. Содан соң сызғышты үшінші көтеру винтінің бағытына сәйкес қойып, қайтадан сол деңгейдің үлбіреуігін нөл-пунктке әкеледі. Осындай әрекеттерді денгейдің үлбіреуігі кипрегельді планшеттің бетінде қозғалтқанда нөл-пункттен 1—2 бөліктен аспайтын болып ауытқығанша қайталайды. Түсірісті таулы жерде жасағанда планшетті горизонтальдауды барынша дәлдікпен жүргізу қажет.

Планшетті буссоль немесе жергілікті жердің сызықтарының планшетке түсірілген проекциялары арқылы бағдарлайды.

Мензуланы жергілікті жердің сызығы арқылы бағдарлау үшін алдымен мензулалық планшетті жергілікті жердің А (22-сурет) нүктесіне центрлейді де, бір мезгілде планшеттегі ас сызығын жергілікті жердегі AC сызығы арқылы көз мөлшерімен бағдарлайды. Сонан соң сызғыштың қиылған қырын бағдарлайтын сызыққа тақап қойып, мысалы AC сызығына планшетті кипрегельмен бірге дүрбінің нысаналау осі С нүктесінде тұрған кадамен беттескенше айналдырады. AC сызығы неғұрлым ұзын болса, соғұрлым планшетті өте дәл бағдарлауға мүмкіндік болатынын есте сақтаған жөн.

Планшетті буссоль арқылы түсірілетін учаскенің кез келген нүктесінде бағдарлау мүмкіндігі болу үшін планшетте бағдар сызығы — магниттік меридиан бағыты болуы керек. Бұл үшін планшеттің кез келген жеріне буссольді қойып, оны магнит тілінің солтүстік ұшы 0°-ты көрсеткенше айналдырады. Сонда буссольдың сыртқы қыры бойынша жүргізілген сызық — бағдар сызығы (магниттік меридиан) болып табылады.

Осыдан кейін түсірілетін учаскенің кез келген нүктесінде планшетті бағдарлау үшін буссольді бағдар сызығына тақап қойып, планшетті буссоль тілінің солтүстік ұшы 0°-ты көрсеткенше айналдырады.

Мензуланы жұмыс жағдайына келтіргенде планшетті бағдарлау осының алдында орындалған центрлеуді бұзатынын еске алған жөн. Сондықтан мензуланы әрбір станцияда жұмыс жағдайына келтіру екі рет жасалынуы қажет. Әуелде, мензуланы нүктенің үстіне орнатқанда штативтін сирағын планшеттегі сәйкес сызық шамамен бағдарланған болатындай етіп қою керек те, одан кейін оны туралап орнату арқылы планшеттің жоғарғы жазықтығын шамамен горизонталь жағдайға келтіру қажет. Планшетті горизонталь жазықтықта бұрып, ал егер қажет болса мензуланы қозғап, оны центрлеу мүмкіндігі болатындай етіп қояды. Осындай шамамен жобалап мензуланы жұмыс жағдайына сәйкес винттерімен келтіреді. Барлық осы үш әрекетті мынадай жүйелілікпен орындайды: центрлеу, горизонтальдау және бағдарлау.

Мензулалық-топографиялық түсірістер үшін ең алдымен жергілікті жерде түсіргі негіздеуінің жеткілікті пункттері болуы тиіс, олар аналитикалық немесе графикалық әдістермен құрылуы мүмкін. Түсіргі негіздеуінің дамуының аналитикалық әдісін қолданғанда пункттердің координаталарын анықтау былайша жасалынады:

1. Тірек пункттері аралығында теодолиттік жүрістер (24, б-сурет) салу.

2. Барлық бұрыштары теодолитпен өлшенетін қысқа қабырғалы үшбұрыштар жүйесі болып саналатын триангуляция жүйесін (микротриангуляция) құру (24, а-сурет).

3. Тура, кері және құрама геодезиялық қиылыстырулар құру. Нүктелерді тура қиылыстырумен анықтау геодезиялық жүйенің үш және одан да көп, ал кері—төрт пункттермен жасалы­нуы тиіс.

24- сурет

Графикалық әдісте түсіргі жүйесінің нүктелерінің орындарын планшетте тура, кері және құрама графикалық қиылыстырулар арқылы табады. Түсіргі жүйесінің пункттерін графикалық әдіспен құрғанда дәлдік жоғары болу үшін планшетте ең алыстағы қада арқылы бағдарлау, жақын орналасқан қадаларды белгілегенде, олардың ең төменгі жағын нысаналау, жүйе пункттерінің барлық бағытын вертикаль дөңгелектің бір орнында сызу қажет.

Мензулалық-топографиялық жұмыстарда толықтыру түсірістерін геодезиялық тірек жүйелерінің пункттерінен бастайды. Түсіріс алдында жапсырылған планшеттің үстіне сызба қағазының бетін қондырады да оны планшеттің ернеуіне желімдеп кояды. Осы қағаз «мұқаба» деп аталады. Түсіріс негізгі ватман бетіне түсіріледі. Түсіріс алдында станцияның төңірегіндегі мұқабаның бөлігін кесіп алады, ол осы станциядан түсірілетін территорияның шамасына сәйкестендіріліп алынады, содан соң планшетті жұмыс жағдайына келтіреді. Осыдан кейін рейка-шыны түсірілетін контурдың өзіне тән барлық нүктелеріне жүйелі түрде жібереді де, оларға қойылған рейкаларды нысаналап, қашықтық өлшеуіш арқылы рейкалық нүктелердің ара қашықтығын және салыстырмалы биіктігін анықтайды. Әр нүктеге дейінгі қашықтықты (горизонталь ұзындықты) планшетке түсірістің масштабына сәйкес кипрегель сызғышының қиылған қыры арқылы үстіне мензула орнатылған нүктеден салады. Нүктенің жанында оның нөмірін және биіктік белгісін метрдің ондық бөлігіне дейінгі дәлдікпен дөнгелектеп жазады. Нүктенің биіктік белгісі мына формуламен есептеп шығарылады:



НПИК =НСТ + һ

мұндағы НСТ — мензула орнатылған нүктенің биіктік белгісі, м;

һ — салыстырмалы биіктік, м.

Жер бедерін түсіргенде рейканы жергілікті жердің барлық сипатты нүктелеріне екі нүктенің арасындағы горизонтальдарды жай интерполяцияны қолданып жүргізуге болатындай етіп таңдап кояды.

Рейкалық нүктелердің есептеліп шығарылған биіктік белгілеріне сәйкес, станциядан кетпей тұрып, планшетке горизон­тальдарды салады да, оларды көз мөлшерімен жергілікті жермен салыстырады.

Әрбір станциядан тікелей көрініп тұратын түсірілетін учаскенің жер бедерінің бөлігін планшетке түсіріп сызады. Жер бедерін түсіру кезінде пикеттік нүктелерді жер бедерінің өзіне тән сызықтарынан және нүктелерінен — суайрықтарынан, су жиналудан, төбелерден, қойнаудан, ойпаттардан, қазан шұңқырлардың түбінен және беткейлердің бүгілген жерлерінен алады. Жер бедерін түсіргенде рейкалык нүктелерге (пикеттерге), осы станцияда мензуланы вертикаль дөңгелектің қай орнында (OD және CD) бағдарланса, сол жағдайда нысаналайды.

Толықтыру түсірістерді, қағида бойынша, орындары планшетте алдын ала анықталған тірек нүктелерінен жүргізеді. Оларға триангуляция, полигонометрия және теодолиттік жүрістер пункттері жатады. Бірақ кейде барлық учаскені түсіруге осындай нүктелер жеткілікті болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда өткінші нүктелер деп аталатын нүктелерге сүйенеді. Өткінші нүктелерді негізгі нүктелермен толықтыру түсірістерін толық жүргізе алмайтын кезде, қалған жерлерді түсіру мүмкіндігі болатындай етіп таңдайды. Өткінші нүктені мензуалдық жүрісті жүргізу немесе қиылыстыруды шешу арқылы табады.

Өткінші нүктені мензулалық жүріспен анықтау үшін планшетте орын анықталған нүктенің үстіне мензуланы орнатады. Планшетті бағдарлайды да, рейканы өткінші нүктеге қояды. Нүктені нысаналап, бағытты сызып оған қашықтық өлшеуішпен өлшенген ара қашықтықты салады. Салыстырмалы биіктікті анықтау үшін вертикаль дөңгелектің екі жағдайында осы нүктенің көлбеулік бұрышын өлшейді. Қарындашпен нүктені белгілеп, мензуланы өткінші нүктеге алып барады. Осы нүктеде мен­зуланы орнатып, планшетті бұрынғы станцияның бағытында бағдарлайды, егер мүмкіндік болса өткінші нүктенің орнын, ал мүмкіндік болмаса қандайда болмасын әйтеуір бір қададан кері қиьілыстыру арқылы тексереді. Рейканы бұрынғы станцияға қойып, қашықтық өлшеуіш арқылы өлшенген ара қашықтықты тексереді де, вертикаль дөңгелектің екі жағдайында вертикаль бұрышты өлшеп кері салыстырмалы биіктікті есептеп шығарады. Егер тура және кері салыстырмалы биіктіктің арасындағы айырмашылық белгілі шарттан аспаса, онда ақтық салыстыр­малы биіктік үшін орташа арифметикалық мәні табылып, сол арқылы өткінші нүктенің биіктік белгісінің мәні есептеліп шығарылады. Осылайша өткінші нүктенің орнын және биіктігін тексеріп, осы нүктені белгілеп, айналдыра сызады, сосын план­шетке оның биіктік белгісін жазады.

Егер жергілікті жерде кез келген үш нүкте беріліп, олардың орындары планшетте анықталған болса, онда осылар арқылы, яғни апықталатын нүктеге мензуланы орнатып төртінш: (өткінші) нүктені табуға болады. Ол үшін жергілікті жердегі өткінші нүктеге (25-сурет) мензуланы орнатып планшетті буссоль ар­қылы бағдарлайды. Планшетті бекітіп, а нүктесі арқылы А, b аркылы В, с арқылы С-ны нысаналап, Аа, Bb және Сс бағыттары арқылы түзу сызықтарды сызады. Егер осы үш түзу план­шетте бір нүктеде қиылысатын болса, онда планшет жеткілікті дәл бағдарланған және де есептеу дұрыс жүргізілген, яғни d нүктесі ізделініп отырған нүкте болып саналады. Ондай болма­са планшеттегі үш түзудің қиылысқан жерінде бір нүкте емес қателік үшбұрыш деп аталатын үш нүкте пайда болады. Сонда ізделініп отырған нүктенің орнын көз мөлшерімен қателік үшбұрышы арқылы анықтап, бағдарлауды қайталайды, бірақ бұл жолы буссольдің көмегімен емес, сызық арқылы белгіленген нүктемен үш нүктенің алыста орналасқанына сызғыштың қиылған қырын тақап ұстайды да, жаңа бағыттарды сызады. Егер ізделіп отырған нүктені сәтті белгілеген болсақ, онда қайтадан сызылған бағыттар бір нүктеде қиылысады.

25 - сурет

Егер жаңа қателік үшбұрышы пайда болса, онда жоғарыда көрсетілген әрекеттерді нысаналаудың үш сызығының қиылысуы бір нүктеден, шыққанша қайталайды. Өткінші нүктенің орнын Болотов (26-сурет) әдісімен анықтау үшін мензуланы өткінші нүктеде орнатып, планшетті бағдарламайды, оған мөлдір қағазды (калька, балауыз) үстіне қояды. Осындай қағазды планшетке бекітіп, оған кез келген т нүктесін белгілеп, осы нүкте арқылы жүйелі түрде А, В және С нүктелерін нысаналап, тА, тВ және тС үш бағытын сызады. Қағазды босатып, бір мезгілде тА сәулесі а нүктесі арқылы, тВ b нүктесі арқылы, тС с нүктесі аркылы өтетіндей болғанша оны планшеттің бетінде жылжытады (81-сурет). Осылайша т нүктесін планшетке түсіреді: осы нүкте ізделінген нүкте болып табылады. Кипрегель сызғышының қиылған шетін табылған нүктеге және үш нүктенің біреуіне тақап қойып, планшетті сызық арқылы бағдарлап, бағдарлауды берілген екі нүкте арқы­лы тексереді.


26 - сурет

Өткінші нүктенің орнын тура қиылыстыру арқылы анықтаған дұрыс, өйткені қолайлы жағдайда қиылыстырудың қателігі өте аз болады. Төртінші нүктені үш нүкте арқылы анықтап, оған биіктік белгісін әр берілген нүктеден жеткізеді. Айырмашылықтары мүмкін болған жағдайда ақтық нәтижесі ретінде үш анықтаудың арифметпкалык орташа мәні қабылданады.

Өзін-өзі тексеру үшін сұрақтар:

1. Топографиялық түсірілім деген не ?

2. Топографиялық түсірілімдердің маңыздылығы.

3. Мензульды түсірілімнің маңызы.

4. Мензуланың құрылысы.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4

5 дәріс. Буссольды (компастық) түсірілім.



Мақсаты: Буссольды (компастық) түсіріліммен танысу және оның түрлерін, түсіру әдістерін, маңыздылығын білу.

Жоспар: 1. Түсірілім әдістері (ординат, полярлы, екі жақты, таңба, айналма).

2. Жергілікті жердің бұрышын горизонтальды және вертикальды өлшеу.



Өзін-өзі тексеру үшін сұрақтар:

1. Буссольды (компастық) түсіріс дегеніміз не?

2. Түсірілім әдістері қандай?

3. Жергілікті жердің бұрышын горизонтальды және вертикальды өлшеуде қолданылатын аспап.



Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4
6 дәріс. Теодолиттік түсірілім.

Мақсаты: Теодолитті түсіріліммен танысу және оның түрлерін, түсіру әдістерін, маңыздылығын білу.

Жоспар: 1. Жұмыс кезеңдері. Құрал - жабдықтар.

  1. Теодолитпен бұрыштарды өлшеу.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет