2. Мақсаты мен міндеттері: оқытудың жаңа технологиялары – тиімді әдіс-тәсілдер мен амалдарды, оқушыға білім берудің, оны меңгертудің жолдарын үйрететін ғылым. Мұғалім теориялық білім беру арқылы студенттің өзін қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастырады, Отанына шын берілген нағыз патриот, азамат етіп тәрбиелейді. 3. Лекция мазмұны
Ғылым адам баласы ой-санасының, дүние танымының өсуіне байланысты бірте-бірте дамып, қалыптасады. Ғылымның алуан түрі бар. Соның бірі – оқытудың жаңа технологиялары ғылымы. Оқытудың жаңа технологиялары ғылымның бір саласы ретінде педагогика ғылымының құрамына енеді. Оқытудың жаңа технологиялары – тарихи жағынан дамыған, жетілген, теориялық негізі қалыптасқан, белгілі бір ғылыми жүйеге келген ғылым. «Жаңа оқыту технологиялары» пәнінің зерттейтін обьектісі, мақсаты, зерттеу әдістері қалыптасқан жүйесі бар. Оқытудың жаңа технологиялары, ең алдымен, оқу үдерісін қалай басқаруға болады, соңғы мақсатты нәтижеге қалай жетуге болады, нені үйрету керек, қандай тиімді әдіс-тәсілдер арқылы үйретуге болады деген мәселелерді қарастырады. Сондай-ақ оқытудың жаңа технологиялары – тиімді әдіс-тәсілдер мен амалдарды, оқушыға білім берудің, оны меңгертудің жолдарын үйрететін ғылым. Мұғалім теориялық білім беру арқылы оқушының өзін қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастырады, Отанына шын берілген нағыз патриот, азамат етіп тәрбиелейді. Ондай дағды мен білім, тәрбие беру жаңа технологиялар арқылы оқыту кезінде іске аспақ. Сонымен бірге технология мұғалімді педагогиканың қыр-сырымен жете таныстырып қана қоймайды, пәнді тиімді оқыта отырып, өзінің мамандығын құрметтеуге тәрбиелейді. Яғни, ғылыми дәлелденген, мектеп тәжірибесінен сыналған ең тиімді оқытудың әдістері мен тәсілдерін оқыту барысында пайдалануға мүмкіншілік жасайды. Сайып келгенде, технология мұғалімнің творчестволық тұрғыдан жұмыс істеуіне бағыт берумен бірге, сабақ берудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеруге көмектеседі. Оқытудың жоғары әсерлі технологияларын енгізу арқылы оқу материалын меңгерту нәтижесін арттырып қана қоймай, тіл үйренушінің тұлғалық дамуын да қамтамасыз етуге болады. Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерге талдау жасай келе, педагогикалық технология мәселесі ХХ ғасырда көптеген дискуссиялар мен ғылыми тартыстар тудырғанын байқауға болады. Ұлы ғалымдардың оқу үдерісін технологизациялау мәселесіне тоқталмай өткені кемде-кем. Қазіргі кезде «педагогикалық технология» ұғымы педагогикалық лексиконға мықтап еніп, оқыту теориясына кеңінен тарады. Білім беру саласында ақпараттық-коммуникациялық, интерактивті технологияларды қолдану оны жаңаша технологиялық сатыға көтеруге мүмкіндік тудырып отыр. Ғылыми әдебиеттерде «педагогикалық технология» терминін түсіну мен қолдануда бірізділіктің жоқтығы байқалады. Аталған мәселеге қатысты анықтамаларды жинақтар болсақ, педагогикалық технология дегеніміз – алдыға қойған мақсатқа жету үшін, таңдап алынған форма, әдіс, оқу тәсілдерінің тиімділігін және ағымдық нәтижелерді тексеру мен бағалау үшін оқу үдерісін басқарудың әдістері мен құралдарының жүйесі. Технология – оқытудың жоспарланған нәтижесін бағдарлау; оқыту модельдерінің жиынтығы; берілген нақты шарттарда тиімді модельді таңдап алудың өлшемдерінен тұратын кешен. «Педагогикалық технология – оқыту, тәрбиелеу және дамыту шарттарының міндетті жиынтығын тудырушы, білім берудің біртұтас концептуалды негізі, мақсаттары мен міндеттері төңірегінде біріккен оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың өзара байланыстағы тәсілдері, формалары мен әдістерінің жүйесі».
Педагогикалық технологияның құрылымын Г.К.Селевко былай түсіндіреді:
А) Концептуалды негіз;
Б) оқытудың мазмұндық бөлігі:
– оқытудың жалпы және нақты мақсаттары;
– оқу материалының мазмұны;
В) Үдерістік бөлімі – технологиялық үдеріс:
– оқу үдерісін ұйымдастыру;
– оқушылардың оқу әрекетінің әдістері мен түрлері;
– оқытушы жұмысының әдістері мен түрлері;
– оқытушының материалды меңгерту үдерісін басқару әрекеті;
– оқу үдерісінің диагностикасы.
Кез келген технологияны оқу үдерісіне енгізуде міндетті түрде орындалуға тиісті басым шарттар болады. Қазақ тілін оқытуға қатысты шарттарға тоқталатын болсақ:
Біріншіден, оқу үдерісіне енгізілетін технологияның теориялық және әдістемелік негіздерінің қалануы, аталмыш технологияны жан-жақты зерттеген ғылыми-әдістемелік еңбектердің болуы шарт.
Екіншіден, сол технологияны сабақ және сабақтан тыс уақытта жүзеге асыруға толық мүмкіндік тудыра алатын, Оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуіне ыңғайлы, заманауи талаптарға жауап беретін ақпараттық-коммуникациялық техникалармен жабдықталған зертханалар мен оқу-тренинг залдарының болуы аса маңызды. Үшіншіден, сол технологияға бейімделіп жазылған оқу-әдістемелік кешендердің: тұжырымдама, стандарт, типтік бағдарлама, оқулық, оқу құралдары, оқу әдістемелік және көрнекілік құрал-жабдықтардың, электронды білім ресурстарының жеткілікті болуы; Төртіншіден, және аса маңыздысы, қолданылатын технологияның биік шеберлік шыңын толық меңгерген, технологиямен жан-жақты қаруланған оқытушының болуы.
Жаңа оқыту технологияларына тән басты екі түрлі ерекшелік бар:
1) жаңа педагогикалық технологиялар тіл үйренушінің тілдік тұлғасын дамытуды басты міндет етіп, олардың оқу уәждемесі мен құзыреттілік деңгейіне байланысты өз бетімен білім алуына интерактивті әдістер арқылы дағдыландырады;
2) дәстүрлі сабақтардағыдай тіл үйренуші – білімді оқытушыдан қабылдаушы объект емес, өз бетімен білім ала алатын, өзін-өзі дамытуға мүмкіндігі бар субъект деп қарап, оқу үдерісін соған лайықтап ұйымдастыруға бет алады.
Жаңа педагогикалық технологияның дәстүрлі әдістемеден басты айырмашылығы – оның оқыту объектісін меңгертуде педагогикалық үдерістің тұтастығын көздеуі. Қазіргі уақыттағы жаңа оқыту технологияларының, жаңаша білім беру үдерістерінің аса қарқынды дамуы дидактикадағы оқыту мазмұны деген компоненттің дұрыс шешілуіне көп байланысты.
Педагогикалық технологиялар тек ақпарат беру ғана емес, құбылысты түсіндіру, дәлелдеу және логикалық қорытынды жасауға негізделеді. Технологияларды педагогикалық тұрғыдан құрастыру төмендегі шарттар негізінде жүзеге асады:
– Ақпараттың логикалық құрылымының оқу мазмұнына сай болуы;
– Ақпарат көлемі мен оны ұсынудың дидактикалық бірліктерінің өзара сәйкестігі;
– Таным үдерісінің жоғары өнімді деңгейде болуы;
– Оқытудың жеделдете жүргізілуі;
– Дамытушылықтың тиімді жүзеге асуы;
– Технологияның бейімділігі;
– Оқытушы – тіл үйренуші жұмысының синхрониясы;
– Ақыл-ой және дене күшіне түсетін жүктеме мөлшерінің сәйкестілігі.
Педагогикалық технология тіл үйренуші мен оқытушының оқу үдерісін жобалап және ұйымдастыруда бірігіп қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызатын, жан-жақты ойластырылған педагогикалық іс-әрекеттің үлгісі. Бұл – педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық қисынды ілім, амалдар мен әдіснамалық құралдардың жүйесі, жиынтығы және жүргізілу реті, оқыту мақсаттарына жету жолында сабақ үдерісін ұжымдық әдіс арқылы ұйымдастыру.
Достарыңызбен бөлісу: |