Бақылау іс-шараларының 2012 жылғы 9 айдағы негізгі нәтижелері



бет3/4
Дата15.07.2016
өлшемі295 Kb.
#201920
1   2   3   4

- микрокредиттік ұйымдарға және кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру туралы ережеге ауылдағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету шеңберінде түпкілікті қарыз алушыларға берілетін кредиттік қаражатты нысаналы пайдалану фактілерін растайтын құжаттар тізбесін айқындау бөлігінде;

- ҚҚС бойынша декларацияны алты ай бойы ұсынбаған салық төлеушілерді ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығарудың тәртібі мен мерзімдері, сондай-ақ Салық кодексінің 586-бабына аталған кезеңге салық есептілігін ұсыну мерзімдері өткеннен кейін салық есептілігіне камералдық бақылау жүргізу мерзімдері бойынша Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарау жөнінде ұсыныс берілді.



Квазимемлекеттік сектор субъектілері бөлінісінде

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға (бұдан әрі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ) және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ға (бұдан әрі – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ) Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральды газ құбырын салу жөніндегі жобаны (бұдан әрі – Жоба) іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылау барысында жалпы 2,4 млрд.теңгеге қаржылық бұзушылықтардың орын алғандығы, сондай-ақ жалпы 1,2 млрд.теңгеге мемлекет активтерінің тиімсіз пайдаланылғандығы анықталды.

Жобаны іске асыру үшін 2010-2011 жылдары республикалық бюджеттен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 61,6 млрд.теңге бөлінді. Сонымен қатар, осындай мақсатта 2011 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан (бұдан әрі – Ұлттық қор) «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арқылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға 23,3 млрд.теңге мөлшерінде заем бөлінген, кейіннен соның 12,1 млрд.теңгесі республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелген.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ алынған қаражатты 2011 жылдың бас кезінде «ҚазТрансГаз» АҚ-ға берген. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның есеп айырысу шоттарында 72,8 млрд.теңге 9 ай бойы жатқан, бұл ретте 21 млн.теңге мөлшерінде профильдік емес кіріс алынған.

2011 жылғы қаңтарда Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны – «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС (бұдан әрі – «БШГ» ЖШС) құрылды. «ҚазТрансГаз» АҚ 2011 жылғы ақпанда «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталын қалыптастыруға 290,0 млн.теңге, қыркүйекте жарғылық капиталды ұлғайтуға 70,5 млрд.теңге бағыттаған, бұл бастапқы жоспарланған сомадан 290,0 млн.теңгеге артық.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Ұлттық қордан жобаны іске асыруға берілген 11 млрд.АҚШ доллары мөлшеріндегі заем қалдығына қызмет көрсетуде, бұл ретте «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталын қалыптастыру кезіндегі бағамдық айырманың есебінен қалыптасқан 1,9 млрд.теңге бір жылдан астам уақыт бойы «ҚазТрансГаз» АҚ-ның есеп айырысу шоттарында қозғалыссыз жатыр.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің (бұдан әрі – ЭМРМ) тапсырысы бойынша құрамына «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ мен «КАТЭК» ЖШС кіретін Жобалаушы компаниялар консорциумы құны 2,0 млрд.теңге болатын «Жоба» кезеңінің жобалау сметалық құжаттамасын әзірледі.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жарғылық капиталын төлеу үшін «Бейнеу-Шымкент» газ құбырын салу» жобасы» жобалау құжаттамасын беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 маусымдағы № 666 қаулысына сәйкес, ЭМРМ 2010 жылғы 23 желтоқсандағы қабылдау-өткізу актісімен аталған жобалау құжаттамасын мемлекет активі түрінде берді, ал «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ баланстық құны 2 000,0 млн.теңге, бағалау құны 2 162,7 млн.теңге болатын Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырын салу жөніндегі ЖСҚ-ны қабылдап алды.

Осы ретте, 2012 жылғы 1 маусымға, ЖСҚ «ҚазТрансГаз» АҚ-да жатыр, «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталына берілмеген, сонымен «2007 жылғы 18 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының арасындағы Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы Заңының Қазақстан тарапы «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталын 500 млн.АҚШ доллары мөлшерінде қалыптастырады деген нормасы орындалмаған.

«ҚазТрансГаз» АҚ-дан «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға арналған 70,8 млрд.теңге мөлшеріндегі қаражат немесе қарастырылған қаржының 97,4 %-ы 2011 жылғы қыркүйекте келіп түсті. Жобаны аяқтаудың мерзімі бірнеше мәрте өзгертілді. Мәселен, Бозой-Шымкент тармағы құрылысының 1-ші кезегін іске асырудың басталу мерзімі 2011 жылдан 2012 жылға, Бейнеу-Бозой тармағының 2-ші кезегі 2014 жылға ауыстырылған, бұл техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау сметалық құжаттаманың түзетілуіне әкеп соққан. Нәтижесінде Жобаның құны 112,3 млрд.теңгеге (347,8 млрд. теңгеден 460,1 млрд.теңгеге дейін), соның ішінде 95,9 млрд.теңгесі құбыр өнімдеріне бағаның көтерілуіне байланысты қымбаттаған.

Уәкілетті органдар – Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ Қазақстан-Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы Ынтымақтастық туралы келісімнің орындалуын үйлестіру мен бақылауды, жобаның тәуекелдерін бағалау мен мониторингілеуді тиісті дәрежеде қамтамасыз етпеген.

«БШГ» ЖШС-ның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылау ұйымдастырылмаған, бұл әкімшілік шығыстардың өсуіне және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына алып келді. 2011 жылы және 2012 жылдың 4 айы ішінде «БШГ» ЖШС-ның шеккен шығындары 1,3 млрд.теңгені құрады.

Өз қызметін шығынмен аяқтағанына және жобаны іске асырудың басталу мерзімі кейінге шегерілгеніне қарамастан, «БШГ» ЖШС-ның қызметкерлеріне 2011 жылдың және 2012 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша жалпы 289,4 млн.теңге мөлшерінде сыйлықақы төленген.

Тиістілік нормативтері болмаса да, «БШГ» ЖШС-ның қарамағында жалпы 22 қызметтік машина, соның ішінде 11 дана «Toyota Lаnd Cruiser» автомашинасы, бизнес класты машиналарға жататын 5 дана “Skoda Superb» автомашинасы бар. Қызметтік автомобильдерді ұстауға және оларға қызмет көрсетуге жұмсалған шығыстар тексерілген кезең ішінде 86,5 млн.теңгені құрады.

«БШГ» ЖШС бөгде ұйымдармен бірқатар шарттар жасасқан, олар көп жағдайда «БШГ» ЖШС-ның негізгі департаменттерінің жұмыстарын қайталап отыратын шетелдік мамандарды жұмысқа тартқан.

Қытай Халық Республикасынан және Ресей Федерациясынан сатып алынған желілік құбырлар алты айдан астам уақыт бойы ашық алаңдарда сақталуда, күннің көзінде және жауын-шашынның астында жатыр, бұл олардың оқшаулаушы қабатының сапасының нашарлауына, басқа да қатерлердің туындауына әкелуі мүмкін. Жобаны іске асырудың басталу мерзімі кейінге шегерілгендіктен, қазіргі уақытта мердігер айқындалмаған. Жеткізілген құбырлар бухгалтерлік есеп бойынша кіріске жатқызылмаған, өйткені шарттың талаптары бойынша құбырларды қабылдау өнім жеткізушінің, тапсырыс берушінің, үшінші тарап инспекциясының және мердігердің қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелерінің (1.02-01-2007) 2.4-тармағын және шарттың 314-тармағын бұза отырып, жобалаушы «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ-ға жұмысқа қажетті бастапқы деректер берілмеген. Нәтижесінде, осы уақытқа дейін Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында газ құбырын салуға жер учаскелерін беру туралы шешімдер қабылданбаған.

«БШГ» ЖШС «Имперави» ЖШС-мен газ құбырын салудың 1-кезеңін іске асыру барысында жер пайдаланушылар мен жер учаскелері иелерінің уақытша пайдаланған және жалпы пайдаланған кездегі залалдарын өтеуге шарт жасасқан, алайда бақылау кезінде 759 шарттың 607-сіне екіжақты тәртіппен қол қойылмаған болып шықты.

Бақылаудың қорытындысы бойынша Есеп комитеті «2007 жылғы 18 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының арасындағы Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының тиісті дәрежеде орындалмағандығына, Жоба құнының қымбаттауына және оны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына алып келген Жобаны іске асырудың басталу мерзімінің сақталмағандығына Үкіметтің назарын аударып, оған жоғарыда көрсетілген Заңның, оны іске асыру үшін қабылданған өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын тиісінше орындауды, сондай-ақ «Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырын салу» жобасын іске асыру кезінде бюджет қаражатын тиімді жұмсауды қамтамасыз етпеген тұлғаларға тәртіптік сипаттағы шара қолдану жөнінде ұсыныс берді.

Мұнай және газ министрлігіне бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу жөніндегі жобаны іске асыруға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау; сатып алынған желілік құбырлардың сапасына сараптама жүргізу және олардың техникалық талаптарға сәйкестігін бағалау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру; «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу жобасын іске асыру барысында қызметтер көрсету, тауарлар сатып алу және құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезінде қазақстандық мазмұнды ұлғайту жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Есеп комитеті «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» (бұдан әрі – Холдинг) және «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамдарының қызметіне республикалық бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін 2009-2011 жылдары мақсатты пайдалану мәніне тексеру жүргізді.

Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы 1572,0 млн.теңгеге және мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың 1738,7 млн.теңгеге бұзушылықтары, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді жүргізуге және практикалық іске асыруға бөлінген қаражаттың 1570,9 млн.теңгесі тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.



2011 жылға дейін Холдингтің қызметі Даму стратегиясынсыз, сандық және сапалық жұмыс көрсеткіштерін айқындамай жүзеге асырылып келгенін атап өткен жөн. Бұл ретте 2011 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарының (бұдан әрі – ҒЗЖ) жалпы көлеміне және жобаларды басқарудың негіздерін меңгерген ғалымдар санына шаққандағы мемлекеттік емес қаржыландырудың үлесін жыл сайын 10%-ға өсіру жөніндегі көрсеткіштер орындалмаған.

Холдингтің еншілес және бағынысты ұйымдары оның тікелей қатысуынсыз 8,4 млрд.теңгеге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген.

«Ғылым қоры» АҚ-ның инвестициялық жобаларды өндіріске енгізу жөніндегі саясатына жауап бермейтін жобаларды инвестициялауы, қаражатты жобалардан тыс мақсаттарға пайдалануы, жобаларды іске асыру мерзімдерін сақтамауы фактілері анықталып отыр. Бірқатар жағдайда түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген, жобаларды іске асыру тоқтатылған. Гранттар мен займдарды алушылардың құқықтары мен міндеттерін белгілеуге қатысты бірыңғай тәсілдер айқындалмаған.

«Астана инвент групп» ЖШС «Жылу электр станцияларының қазандықтарында көмір аэроқоспаларын өртеуге арналған құрылғы» жобасын іске асырудың түпкілікті нәтижесіне қол жеткізбеген, 50,5 млн.теңгенің тауар-материалдық құндылықтары негізсіз есептен шығарылған және көрсетілмеген.

«Ғылым қоры» АҚ «Centras Financial» ЖШС-мен бірге консорциумға 514,7 млн.теңге мөлшерінде салым салған тұста, «Centras Financial» ЖШС 205,4 млн.теңгеге бағаланған зияткерлік меншіктің тіркелмеген құқықтары түрінде салым жасаған. Бұл ретте «Centras Financial» ЖШС консорциумдық келісімнің талаптарын орындамаған, пайызсыз займ қаражатын, яғни 25,7 млн.теңгені өтеу кестесіне сәйкес қайтармаған.

Жобаларды іске асыру барысында инновациялық технологиялар парктерінің және технопарктердің алаңдары пайдаланылмаған, нәтижесінде гранттар мен займдар түрінде алынған қаражаттың елеулі бөлігін орындаушылар жабдықтар мен материалдар сатып алуға пайдаланған.

«Қаржы орталығы» АҚ-да жүргізген бақылауының нәтижелері бойынша Есеп комитетінің бұрын берген тапсырмалары бөлінген мемлекеттік кредиттер шығыстарын индексациялау бойынша шешімдер қабылдау, қайтыс болған қарыз алушылардың кредиттерін өтеу тетігін айқындау, жоғары оқу орындарымен өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеру бөлігінде орындалмаған. Бұрынғы жылдары жалпы 11,6 млрд.теңге мөлшерінде берілген мемлекеттік кредиттерді өтеу бойынша жұмыстар тиімсіз жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Білім және ғылым министрлігі) «Қаржы орталығы» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға нақты қажеттілік болмаса да, республикалық бюджеттің 1850,0 млн.теңгесін студенттердің екінші деңгейдегі банктерден оқуға кредит алуы үшін кепілдіктер беруге бөлген. Нәтижесінде 1 011,0 млн.теңге алаңы белгіленген нормативтерден асып кеткен офистік ғимарат сатып алуға және оны жаңартуға пайдаланылған.

«Қаржы орталығы» АҚ пайдаланбайтын алаңдарын Білім және ғылым министрлігіне қызметтер көрсететін және жалға алу бойынша шығыстарын республикалық бюджет қаражаты есебінен төлеуге ұсынатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жалға беруде. Бұл ретте «Қаржы орталығы» АҚ үй-жайларды жалға беруден жалпы 83,6 млн.теңге табыс тапқан.

Үкіметтің 2007 жылғы 26 шілдедегі № 633 қаулысымен «Қаржы орталығы» АҚ акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер төлеуден босатылған тұста, 2010-2011 жылдары ол бейінді емес қызметтен 180,7 млн.теңге мөлшерінде таза табыс тапқан, соның 50%-ын немесе 90,3 млн.теңгесін өз иелігінде қалдырған.

Есеп комитеті бақылаудың нәтижелері бойынша «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-ның өзінің еншілес және бағынысты ұйымдарын жеткілікті дәрежеде тиімді басқармағанына, «Қаржы орталығы» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 1 850,0 млн.теңге бюджет қаражатының қажеттілік болмаса да бөлінгеніне Білім министрлігінің назарын аударды.

Білім және ғылым министрлігіне 2012 жылғы 1 қарашаға дейін қарыз алушылардың алған мемлекеттік білім беру кредиттерін және банктерге берілген кепілдіктерді қайтаруына кепілдік беретін қорғау тетігін жоғары оқу орындарымен бірлесіп белгілеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігіне Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп, 2012 жылғы 1 қазанға дейін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іске асыруға бөлінетін бюджет қаражатын оңтайлы пайдалану мақсатында инновациялық технологиялар парктерінің және технопарктердің инфрақұрылымын пайдалану мәселесін пысықтау ұсынылды.



«ҚазМедТех» АҚ-ға бөлінген республикалық бюджет қаражатын және мемлекет активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылаудың қорытындысын бойынша жалпы сомасы 3,6 млрд.теңгеге бюджет заңнамасы бұзушылықтары анықталды.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі – Денсаулық сақтау министрлігі) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 159-бабын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бұза отырып, жарияланған акциялардың шығарылымы мемлекеттік тіркелгенге дейін «ҚазМедТех» АҚ-ның жарғылық капиталын қалыптастыруға 2010 жылы республикалық бюджеттен 3,6 млрд.теңге аударған.

«ҚазМедТех» АҚ 2012 жылғы мамырға дейін өз қызметін даму жөніндегі бағдарламалық құжаттарсыз, жұмыстың сандық және сапалық көрсеткіштерінсіз жүзеге асырып келген.

Үкіметтің 2010 жылғы 23 қарашадағы № 1238 қаулысымен құрылған «ҚазМедТех» АҚ-ның қызметінің негізгі мәні кейіннен лизинг шарттарымен денсаулық сақтау ұйымдарына беру үшін медициналық техниканы сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу болып белгіленген. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 тамыздағы № 938 қаулысымен медициналық техниканы қаржылық лизинг шарттарымен сатып алуды ұйымдастыру «СҚ-Фармация» ЖШС-ға берілген.

«ҚазМедТех» АҚ-ның лизингтік қызметі тек қана тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде республикалық бюджет қаражаты есебінен қызметтер көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарымен бірге жұмыс істеумен ғана шектеледі. «ҚазМедТех» АҚ басқа медициналық ұйымдарды, соның ішінде жеке меншік ұйымдарды қамтымаған.

Нәтижесінде республикалық бюджет қаражаты есебінен сатып алынған медициналық техника бойынша барлық лизингтік төлемдер оларды ТМККК көрсету бойынша қызметтер құнына енгізу жолымен бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі 2011-2012 жылдары облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне берілетін ағымдағы нысаналы трансферттердің есебінен денсаулық сақтау ұйымдарын 28,03 млрд.теңгеге медициналық техникамен өтеусіз негізде жарақтандырған, бұл айналып келгенде лизингтік қызметтің тартымдылығын төмендетеді.

«ҚазМедТех» АҚ-ны ұстау да Денсаулық сақтау министрлігінен алынатын мемлекеттік тапсырыс арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады, оның мәні «ҚазМедТех» АҚ-ның ағымдағы қызметіне тікелей қатысты құжаттарды әзірлеп, ақпаратты ұсынуға байланысты болып табылады.

Осыны, сондай-ақ «ҚазМедТех» АҚ-ның Басқармасы белгілеген лизинг бойынша 5% мөлшеріндегі сыйақыны ескере отырып, лизингке берілетін медициналық жабдықтардың сатып алынатын құнынан асатын республикалық бюджет шығыстары бақылау жүргізілген кезде 234,9 млн.теңгені құрады, 2012 жылдың аяғына дейін аталмыш шығыстар 581,2 млн.теңге болады.

Медициналық техникаға түсетін ең төменгі жүктемені анықтаудың, мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде лизингтік жобаларға сараптама жүргізудің әдістемелері, сондай-ақ келіп түскен лизингтік төлемдерді және сыйақыларды одан әрі пайдаланудың тәртібі әзірленбеген.

Бақылаудың қорытындысы бойынша Есеп комитеті «ҚазМедТех» АҚ-ның жарғылық капиталын қалыптастыру барысында Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі талаптарының тиісті дәрежеде орындалмағанына нұсқау берді.

Үкіметке:

1) «ҚазМедТех» АҚ-ның медициналық техниканы одан әрі лизинг шартымен сатып алуды ұйымдастыру жөніндегі функциясын «СҚ-Фармация» ЖШС-ға берудің орындылығы;

2) «ҚазМедТех» АҚ-ға денсаулық сақтау ұйымдары үшін медициналық жабдықтарды мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарды тікелей сол жабдықтарды өндірушілермен (олардың ресми өкілдерімен) жасасу және халықаралық нарыққа шығу, сондай-ақ сол жабдықтарды пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде функциялар жүктей отырып, ұлттық компания мәртебесін беру мәселелерін қарастыруға ұсыныс берілді.

Денсаулық сақтау министрлігіне «ҚазМедТех» АҚ-ның рөлі мен қатысуын айқындай отырып, денсаулық сақтау ұйымдарын жарақтандыруды жоспарлауға және оларға жабдықтарды сатып алуға, соның ішінде медициналық жабдықтарды лизингке беруге қатысты тұжырымдамалық тәсілдер әзірлеу жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын (бұдан әрі – Тұрақтандыру қорлары) қалыптастыруға республикалық бюджеттен бөлінген бюджеттік кредитті пайдаланудың тиімділігін бақылаудың барысында оларды қалыптастыру кезінде мәлімделген - агроөнеркәсіп нарығына реттеушілік ықпал жасау жөніндегі мақсатқа қол жеткізілмегені анықталды.

Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған, шығыстарды нақты қажеттіліктерді ескермей жоспарлау фактілері, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру (өнімдердің ысырап болуы, бүлінуі, кем шығуы, толық жеткізілмеуі, мерзімі өтіп кеткен өнімдерді жеткізу, сертификаттардың болмауы) және пайдалану кезінде (өнімдерді сатып алу кезінде бағаларын асырып көрсету, өткізу кезінде жол берілген шығындар мен іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер) жалпы сомасы 12 122,9 млн.теңгеге бұзушылықтар анықталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Тұрақтандыру қорларын құру кезінде оларды қалыптастыру мен пайдаланудың тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлемеген.

2011 жылы агроөнеркәсіп кешені (бұдан әрі – АӨК) субъектілерін қолдау бойынша іс-шараларды жүргізу үшін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдинг» АҚ-ға (бұдан әрі – «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ) жылдық сыйақысы 0,01%-бен 78,0 млрд.теңге мөлшерінде бюджеттік кредит бөлінген.

«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ға (бұдан әрі – «Келісімшарт корпорациясы» АҚ) 17,1 млрд.теңге бағыттады. «Келісімшарт корпорациясы» АҚ кейіннен Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін 16 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен (бұдан әрі – ӘКК) кредит беру жөнінде жылдық 3% сыйақы ставкамен займ шарттарын жасасты. Кейіннен ӘКК өздерінің еншілес ұйымдары болып табылатын операторлармен шарттар жасасқан. Сонымен, Тұрақтандыру қорларын қалаптастыру процесіне үш делдалдық ұйым қатысқан. Бұл ретте, бюджет кредитінің берілетін қаражаты бойынша пайыздық ставканың ұлғаюы есебінен «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ға – 87,7 млн.теңге, «Келісімшарт корпорациясы» АҚ-ға 472,5 млн.теңге қосымша кіріс түсетін болады. Бақылау жүргізілген кезде ӘКК-лердің есептік шығындары 1 154,1 млн.теңгені құрады.

Бақылау барысында кредиттік ресурстарға деген нақты қажеттілік ескерілместен, шығыстарды жоспарлау фактілері анықталды. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі 3 148,9 млн.теңгеге қосымша шығыстар жоспарлап, қаржыландырған, ол қосымша шығыстар өнімдерді сатудан түскен кірістер есебінен қаржыландырылуы тиіс.

Сол себепті, 2012 жылғы 1-тоқсанда «Шымкент» және «Каспий» ӘКК-лері бюджеттік кредиттің талап етілмеген 764,6 млн.теңге қаражатын қайтарған, сөйтіп азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруға пайдаланылуға тиісті қаржы 6 ай бойы «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-да жатыр.

ӘКК-лер алынған бюджеттік кредит қаражатын банктерде депозиттерге орналастыру жолымен қосымша табыс табу үшін пайдаланған, бұл ретте қаражатты орналастыру бір банкте қаражат орналастырудың лимитінен асырып жүзеге асырылған, осылайша ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі № 960 қаулысының талаптары бұзылған.

Мәселен, «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ 400,0 млн.теңге (61%) мөлшеріндегі уақытша бос қаражатты «Альянс Банк» АҚ-да депозитке орналастырған. Жалпы, бақылау жүргізілген кезде депозиттерде 4 905,9 млн.теңге немесе барлық бөлінген қаражаттың 29%-ы жатқан, бұл ретте лимитті бұза отырып, 2 201,8 млн.теңге орналастырылған, олар бойынша 259,4 млн.теңге мөлшерінде сыйақы алынған.

Сонымен, бөлінген 17 105,0 млн.теңге бюджеттік кредит қаражатының 9 059,2 млн.теңгесіне немесе 53%-ына азық-түлік тауарларын сатып алу жүзеге асырылған, яғни бөлінген қаржының жартысы негізгі мақсатқа қол жеткізуге – Тұрақтандыру қорларын құруға бағытталмаған.

ӘКК-лердің халыққа азық-түлік тауарларын өткізу көлемі 1 540,7 млн.теңгені құрады. Бұл ретте, Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, азық-түлік нарығында бағаларды реттеп тұрақтандыру үшін 155,6 мың тонна көлемінде 12 601,1 млн.теңгенің өнімдерін өткізуді жүзеге асыру қажет. Сонымен, өткізілген өнімдердің үлес салмағы 12%-ды құрады, оның бағаларды төмендетуге немесе тұрақтандыруға айтарлықтай әсері болған жоқ.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша, Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және өткізу кезеңі ішінде сиыр етінің бөлшек сауда бағасы орташа - 7%-ға, Қарағанды облысында - 12%-ға, Орал қаласында - 11%-ға, Павлодар қаласында 10 пайызға өскен.

Картоп бойынша бағалар Астана қаласында - 8%-ға, Алматы қаласында 4%-ға өскен. Алматы қаласында пияздың бағасы - 7%-ға, Павлодар қаласында күнбағыс майы 2%-ға қымбаттаған.

Тұрақтандыру қорларын ӘКК-лер арқылы қаржыландыру схемаларын таңдау кезінде олардың қажетті материалдық-техникалық базаларының бар-жоғы ескерілмеген. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге салықтық жүктемені төмендету бойынша шаралардың қабылданбауы, қосымша шығыстардың көбеюі өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына алып келді, сөйтіп, елеулі шығындар орын алып, өнімдер нашар өткізілді.

Мәселен, «Алматы» ӘКК 1 кг үшін 30 теңгеден төлеп сатып алынған пиязды іс жүзінде 19,9 теңгеден өткізген, оның өнімді өткізуден шеккен шығыны 18,6 млн.теңгені құрады. Ақтөбе облысындағы оператор – «Қарғалы» СҚО» ЖШС пияздың 1 кг-ның сатып алу бағасы 49 теңге бола тұрып, оны 34 теңгеден, қырыққабаттың сатып алу бағасы 50 теңге болғанымен, оны 26 теңгеден, сиыр етінің сатып алу бағасы 900 теңге бола тұрып, оны 773 теңгеден өткізген. Сөйтіп, жалпы шығын 211,8 млн.теңгені құрады.

Сегіз ӘКК-де өнім жеткізушілердің шарттағы міндеттемелерін орындамағаны, мерзімі өтіп кеткен тауарлардың жеткізілгені сияқты фактілер атап өтіледі.

«Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ бірқатар шарттар бойынша 449,4 млн.теңгеге сатып алынатын тауарларға 100% алдын ала төлемдер жасаған. Осы орайда 279,0 млн.теңгенің тауарлары жеткізілмеген.

Жеміс-көкөніс өнімдерін тиісінше сақтау, оларды уақтылы өткізу қамтамасыз етілмеген, соның салдарынан 379,5 млн.теңгенің өнімдері бүлініп, ысырап болған. Қарағанды облысында оператор – «Агро-Консалтинг-К» АҚ 130,9 млн.теңгеге жеміс-көкөніс өнімдерін есептен шығарып, кәдеге жаратуға әкеткен, бұл ретте бүлінген өнімдерді сақтауға және тасымалдауға жұмсалған шығыстар 37,0 млн.теңгені құрады. «Каспий» ӘКК-нің 799,9 тонна пиязды есептен шығарудан шеккен шығыны 41,6 млн.теңге болды, «Есіл» ӘКК» ҰК» АҚ-да – 72,2 млн.теңгеге, «Павлодар» ӘКК» ҰК» АҚ-да 45,7 млн.теңгеге жеміс-көкөніс өнімдері есептен шығарылған. Ақтөбе облысындағы «Қарғалы» СҚО» ЖШС-да жалпы сомасы 52,3 млн.теңгенің жеміс-көкөніс өнімдері есептен шығарылған.

Жекелеген ӘКК-лер Тұрақтандыру қорларын өңірлерден тысқары жерде қалыптастырған және пайдаланған, бұл «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы Заңына қайшы келеді.

Есеп комитеті жүргізген бақылаудың қорытындысы азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін бөлінген бюджеттік кредиттердің тиімсіз пайдаланылғандығына, агроөнеркәсіп нарығына реттеушілік ықпал жасау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізілмегендігіне Үкіметтің назарын аударын аударды.

Үкіметке:

1) республикалық бюджетте 2012 жылы азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға көзделген нысаналы трансферттерді талап етілмеген ретінде 3 148,9 млн. теңгеге қысқарту;

2) 2011 жылы бөлінген кредиттік ресурстарды ұтымсыз жұмсауға жол берген және өткізілмеген өнімдердің елеулі қалдығы бар ӘКК-лерге нысаналы трансферттерді бөлудің орындылығы;

3) түпкі қарыз алушылардың айтарлықтай шығын шегуіне байланысты, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін бұрын берілген бюджеттік кредит қаражаты есебінен Корпорацияны және өңірлік ӘКК-лерді кредиттеу бойынша «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның пайыздық ставкасының мөлшерін азайту;

4) халықтың аз қамтылған жіктеріне атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді қамтамасыз ететін құралдарды пайдалана отырып, азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын қалыптастырудың қолданылып отырған тетігін қайта қарау жөніндегі мәселелерді қарастыру ұсынылды.

Есеп комитеті



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет