Сопылық тұрғысынан эмоциялар сананы шындықты білуге бағыттай алады немесе, керісінше, оны алыстатады. Жеке эмоцияның өзі адамның мінез-құлқына жалпы әсер етуден гөрі маңызды емес. Сопылықты жақтаушылардың пікірінше, дамыған ой-өрісі – бұл жүрек пен бас. Бұл өзін-өзі, әлемді жалпылама түсіну, сонымен қатар рухани білімді қабылдау.
Бұл туралы Пайғамбар хадисінде айтылған: «Шындығында, адамның денесінде бір жапырақ ет бар. Егер осы бір жапырақ ет таза болса, онда адамның барлық мүшесі, сана-сезімі пәк болады. Ал енді сол бір жапырақ ет бұзылса, онда ол адамның денесі де, тәні де, жаны да бұзылады, ол бір жапырақ ет – жүрек».
Ислам дінінде адам баласы әр жағдайда өмір сүруіне байланысты қоршаған ортасы, алған тәрбиесі мен білімі, сана-сезімі, махаббаты т.б. орай үш түрлі жүрекпен өмір сүреді делінген екен: сау жүрек; өлі жүрек; сырқат жүрек.
Сау жүрек
Жүрегі сау адам – Алла тағаланың үкімдерін өмірінің өзегі етіп, тыйғандарынан тыйылған, әрбір күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстайтын, бір Алладан басқаға сыйынбайтын, Оның елшісі Мұхаммед Мұстафа салып кеткен жолдан ауытқымайтын, нәпсіге құл болмаған адам. Қиямет күні Алланың алдына осындай жүрекпен келгендерге кешірім мол. Бұл туралы Қасиетті Құранда: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға нағыз жүрекпен келсе ғана (пайда береді)», – делінген («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар).
Өлі жүрек
Мұндай жүректің иесі адамға мүлдем қарама-қарсы, ол өзінің Жаратушысын білмейді және Оның үкімдеріне бағынып, құлшылық қылмайды. Ол нәпсінің құлы, дүниеқоңыз, сараң, қомағай, қара бастың ғана қамын күйттеуші. Мұндай жүректің құлшылығын Алла қаламайды.
Сырқат жүрек
Мұнда өмірдің ағысы да бар, сонымен бірге кінәратты қағысы да бар. Ауру мен тіршілік қақтығысы орын алған ондай жүректің оңалу не оңалмауы қайсысының басым түсетініне байланысты. Мұндай жүректе Аллаға деген сүйіспеншілік те, сенім де, адалдық та бар. Бірақ, сонымен қатар, онда түбі опатқа және жайылуға жетектейтін нәпсіқұмарлық пен қызғаншақтық, өркөкіректік, атақ-даңқын шығаруға құмарлық, азғындық, жер бетінде арсыздық істерді жаюға және дәріптеуге құлшыныс танытушылық, екіжүзділік, сараңдық, өтірікке үйір болу сияқты теріс қылықтар да бар.
«Эмоционалды ой-өрісі» ұғымының философиялық ой образдарының алғышарттарын Абай Құнанбаевтың еңбектерінен зерделеп қарастыруымызға да болады. Шешендік өнердің озық үлгісіндегі тәлімі мен тәрбиесі қатар өрілген не бір өрнекті өрімдері мен терең ой толғамдарына толы қанатты сөздер арқылы қазақты бірлік пен ынтымаққа, адалдық пен адамдыққа, оқу-білімге шақырған Абайдың Қара сөздерінің әрқайсысы ақыл-парасат, сезім кеніне жетелер қазына.
Абай еңбектерінде адамгершілік сапалардың жетекшілерінің бірін жүрек сезімі деген. Сезім адамның іс-әрекетінде үлкен орын алатындығын көрсете отырып, сезімді жүрек қасиеті, ол – адамның өмір сүруінің басты шарты, ол тамырлармен қан жүргізеді, ол – жанның тұрағы, мекені, онсыз өмір жоқ деп көрсетеді. Абай «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» деген сұрақта философиялық, психологиялық және әлеуметтік-педагогикалық аспектіні қамтитыны анық. Эмоционалдық көңіл күйдің жағдайында адамның бет- әлпетінен байқалатын қимылдар мен физиологиялық өзгерістерге үлкен көңіл бөлді. Мысалы, қайғы жөнінде керемет сипаттама берді. «Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады».
Абай ашуды қайратпен байланысты талдайды: «Қайратсыз ашу – тұл, тұрлаусыз ғашық – тұл, шәкіртсіз ғалым – тұл». Егер ашулы адам айқайлап, дауыс көтеріп, шаптығып кететін болса, оның өндіретіні шамалы болады, қайта ашулы адам үндемей, сазарып отырып алса, міне, сондай адамнан сақтану керек: оның арты жамандыққа соқтықтыруы мүмкін. «Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза қуаты артында болғаны; егерде аузынан қара қан ағызса, домбыт мақтаншақ», –
деп жазады. Дүниеде еш нәрсе, соның ішінде зұлымдық, жамандық та мәңгі емес екенін еске сақтай отырып, оған қарсы күресу керек. «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек қайратсыздық, дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас: жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің, қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді», – дейді Абай.
Философтар мен психологтер ұзақ уақыт бойы адам психикасының эмоционалды және когнитивті салаларының арақатынасы мәселесіне қызығушылық танытты. Бұл салалардың айырмашылығы, тіпті екіншісін қарастырған кезде олардың біреуінен абстракция философиялық құрылымдар үшін де, эмпирикалық психологиялық зерттеулер жүргізу кезінде де нәтижелі болады. Шын мәнінде, осы салалар бөлінбейді және адам өмірінің кез келген сәтінде танымдық және эмоционалды процестер жүзеге асады, яғни кез келген психикалық процестің танымдық және эмоционалды аспектілері бар. Сонымен бірге психологтер дәстүрлі түрде жұмыс істейтін теориялық тұжырымдамалар жиынтығында психиканың эмоционалды және танымдық салалары арасында алшақтық бар. Осы тұрғыдан алғанда, эмоционалды ой- өрісі (ЭО) ұғымы маңызды және өзекті болып табылады, өйткені ол танымдық және эмоционалды құбылыстарды зерттеудің түйіскен жерінде орналасқан.
Эмоциялар таным процестерін реттеудің маңызды факторы ретінде қарастырылмады. Алайда танымдағы эмоциялардың рөлі туралы мәселеде белгілі бір жағдайларда эмоционалды тәжірибе тек ингибиторлар ғана емес, сонымен бірге ақыл-ой әрекетінің фасилитаторлары бола алатындығын елемеуге болмайды. Эмоцияның белгісіне және іс-әрекетке қойылатын талаптарға байланысты ақпаратты танымдық өңдеуге әсер етеді.
Эмоционалды ой-өрістіңпайда болуы 1930 жылдан бастау алды. Өткен ғасырда, субъектінің жеке және эмоционалды сипаттамаларының басымдығын баса көрсететін бағыт пайда болған кезде, нәтижесінде әлеуметтік ой-өрісі ұғымы қалыптасты.
«Эмоционалды ой-өрісі» ұғымы қазіргі психологияда екіжақты және жеткіліксіз анықталған. Бұл терминді алғаш рет 1990 жылы америкалық психологтер П. Саловей мен Дж. Майер өз сезімдерін түсіну, эмпатия, өз эмоцияларын реттеу қабілеті сияқты психикалық қасиеттердің ерекше кешенін көрсетті.
ХХ-ХХІ ғасырларда эмоционалды ой-өрісін зерттеуде Дж. Мэйер бес кезеңді анықтайды:
1900–1969 жылдар – эмоциялар мен ой-өрісі туралы зерттеулер салыстырмалы түрде оқшауланған;
1970–1989 жылдар – зерттеушілердің назарында танымдық және эмоционалды процестердің өзара әсері бар;
1990–1993 жылдар – эмоционалды ой-өрісі психологиялық зерттеу тақырыбына айналады;
1994–1997 жылдар – эмоционалды ой-өрісі танымалдылыққа ие болды;
1998 жылдан қазіргі уақытқа дейін – эмоционалды ой-өрістіңмәні нақтылануда.
Достарыңызбен бөлісу: |