35. Сәбилер үйін арнайы жеке тұрған 1 – 2 қабатты ғимаратттарда орналастырады.
36. МДТОҰ объектілерін 3-қабаттан асырмай жобалайды. Сейсмикалық аудандарда орналасқан жалпы білім беру ұйымдарын қоспағанда, жалпы білім беру ұйымдары объектілерін 4 қабаттан аспайтындай етіп жобалайды. 4-ші қабатта әкімшілік-шаруашылық үй-жайларды, мұражайды, зертханаларды, препараттар үй-жайларын орналастыруға жол беріледі. МДТОҰ ғимаратының үшінші қабатында ересек (4 жастан бастап) жас тобындағы балалардың топтық бөліктері, залдар және жұмысқа арналған өзге де арнайы үй-жайлар, қызметтік-тұрмыстық және рекреациялық үй-жайлар орналастырылады.
Көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында орналастырылатын объектілердің тұрғын үйдің кіреберісімен қосылмаған бөлек есігі болады.
37. Жалпы білім беретін ұйымдардың мектепке дейінгі және бастауыш сыныптары екінші қабаттан жоғары орналастырылмайды.
38. Тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған және соқыр балаларға арналған арнайы түзету жалпы білім беру ұйымдарының ғимараты екі қабаттан артық болмауы тиіс. Саңырау және сөйлеу қабілеті қиын балалар үшін үш қабатты ғимарат салуға жол беріледі. Арнайы түзету жалпы білім беру ұйымдарының мектеп жасына дейінгі тобын ұйымдастыру кезінде топтық бөліктерді екі қабаттан асырмай, көру қабілеті нашар балалар үшін бір қабатты бөлек ғимаратта немесе блоктарда орналастырады.
39. Сәбилер үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, МДТОҰ-ның үй-жайлардың ауданы осы Санитариялық қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес келуі тиіс.
Арнайы түзету білім беру ұйымдарындағы оқу үй-жайының ауданы бір оқушы есебінен қабылданады:
1) ақыл-есі дамымаған балалар және психикалық дамуы кешеуілдеген балалар үшін – 2,2 м2;
2) полиомиелит салдарынан зардап шеккен және енжар паралич ауруымен ауыратын балалар үшін – 3,5 м2;
3) қалған балалар үшін – 3,0 м2.
40. Жалпы білім беру ұйымдарының оқу сыныптарындағы үй-жайлардың ауданы 1 оқушыға 2,5 м2 , шеберханаларда – 3,75 м2 болады.
ТКБ мен ЖОО–ның дәрісханаларының ауданы:
1) 12 – 15 орын үшін 1 оқушыға 2,5 м2 ;
2) 25 орын үшін 1 оқушыға 2,2 м2 ;
3) 30 орын үшін 1 оқушыға 1,8 м2 .
Бастауыш және орта кәсіптік білім беретін ұйымдарда 50 – 150 орын үшін 1 оқушыға 1,2 м2 .
Жоғары оқу орындары мен оқу комбинаттарында:
1) 50 – 75 орын үшін 1 оқушыға 1,5 м2 ;
2) 75 – 100 орын үшін 1 оқушыға 1,3 м2 ;
3) 75 – 100 жоғары орындар үшін 1 оқушыға 1,3 м2 ;
4) 100 – 150 жоғары орындар үшін 1 оқушыға 1,2 м2;
5) 150 – 350 жоғары орындар үшін 1 оқушыға 1,1 м2 ;
6) 350 және одан жоғары орындар үшін 1 оқушыға 1,0 м2 .
Дәрісханалар, оқу кабинеттері, зертханалар жерүсті қабаттарда орналасуы тиіс.
41. Мектептен тыс мекемелердің негізгі және қосымша үй-жайлары ауданының көлемі қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыруға, бір реттік сыйымдылыққа, білім беру технологиясына, инженерлік-техникалық жабдыққа, қажетті жиһазбен жарақтандыруға байланысты осы Қағидалардың талаптарына сәйкес қабылданады.
Майлы көркем сурет шеберханалары үшін 1 оқушыға ауданы кемінде 4,8 м2 үй-жай, 1 оқушыға ауданы кемінде 4,0 м2 акварельді көркем сурет және суретке арналған шеберханалар, 1 оқушыға кемінде 3,6 м2 мүсін жасау шеберханалары; 1 оқушыға кемінде 4,5 м2 қолданбалы өнер және компазиция шеберханалары бөлінеді. Қолданбалы өнер және компазиция шеберханаларының жанында ауданы кемінде 9 м2 қойма болуы тиіс, мүсін жасау шеберханасының жанында – саз және гипсты сақтауға арналған екі қойма болуы тиіс.
Музыкалық сабақ жүргізу үшін ауданы кемінде 12 м2 фортепьянода және басқа да (ішекті, үрмелі, халықтық) аспаптармен жеке сабақтарға арналған; ауданы кемінде 36 м2 музыкалық-теориялық сабақтарға арналған (15 оқушыға дейін) топтық; ауданы 1 адамға кемінде 2 м2, биіктігі 4,0 м төмен емес хор және оркестр сабақтарына арналған үй-жайлармен жабдықталады.
Музыкалық бөлімшенің жанында ауданы кемінде 10 м2 музыкалық аспаптарды сақтауға арналған үй-жай болуы тиіс.
Музыкалық аспаптармен жүргізілетін сабақтарға арналған үй-жайлардың әрленуі дыбыс оқшаулау іс-шараларын көздеуі тиіс.
Хореография сабақтары үшін бір оқушыға ауданы 3 – 4 м2 есебімен ырғақтық және би сабақтарына арналған зал жабдықталады.
Теориялық сабақтарды ұйымдастыру кезінде қосымша білім беру мекемелерінде ауданы бір адамға кемінде 2,5 м2 есебімен үй-жай бөлінеді.
42. Балалардың саны объектінің жобалық сыйымдылығынан аспауы тиіс. Сырттай оқу түрі ұйымдастырылған кезде жобалық сыйымдылық 30%-ға кеңейтіледі. Қашықтан оқу түрі бойынша оқитындардың саны жалпы санға енгізілмейді.
43. Оқудың 2-ші ауысымдық тәртібін ұйымдастыру әрбір ауысымда 1 оқушыға бөлінетін орын нормалары сақталған жағдайда және балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен оқыту жағдайларына осы Санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес келген жағдайда жол беріледі.
44. Әртүрлі жастағы балалар топтары үшін оқу-тұру үй-жайлары өтпелі жолда болмауы, бір-бірінен, әкімшілік, шаруашылық, жалпы мектеп үй-жайларынан оқшаулануы тиіс.
45. Объектінің қабаттар аралығындағы өту баспалдақтары ішкі қабырғалардағы ойықтар арқылы табиғи жарықтандырумен жобаланады. Баспалдақтардың биiктiгi кемінде 1,2 метр қоршауы болуы тиіс. Сәбилер үйінде және МДТОҰ-да тұтқалар ересек адамдар үшiн 0,85 м биіктікте, балалар үшiн 0,5 м биiктiкте орналасуы тиіс, баспалдақтар қоршауындағы тiгiнен орнатылған элементтердегі саңылаулар 0,1 м аспайтын болуы тиіс, оларды көлденең орнатуға жол берiлмейдi.
46. Ғимаратты жобалау кезінде халықтың аз қозғалатын топтары үшін пандустар және сүйеніштер орнатылуы тиіс. Ғимаратта лифт болмаған кезде және пандус қондырғысын орналастыру мүмкін болмаған жағдайда, жеке пайдалануға арналған бейімделген кресло-арбаларды пайдалануға арналған арнайы көтергіш қондырғы немесе лифт көзделеді.
47. Балалардың алаңдауын болдырмау немесе педагогикалық, медициналық, әкімшілік аппараттарының жұмысына кедергі келтірмеу үшін (сорғы қондырғысы бар бойлерлер, өндірістік үй-жайлар, жөндеу шеберханалары, сорғы бөлімшелерімен салқындатқыш камералар, желдеткіш камералары, компрессорлық, оқу-өндірістік шеберханалары және т.б) қолдану тәртібі шумен жалғасатын үй-жайлар ұйықтау бөлмелерімен, оқу, емдеу-диагностикалық үй-жайларға көршілес, астында немесе үстінде орналастыруға жол берілмейді.
48. Барлық үй-жайлардың биіктігі (залдық үй-жайларды қоспағанда) 3,0 м төмен емес, спорттық зал кемінде 6,0 м көзделеді.
49. Жалпы білім беретін және интернат ұйымдарын бірінші қабатта немесе жеке корпуста жобалаған кезде мынадай үй-жайлар жиыны бар спорт залы көзделеді: себезгі және санитариялық тораптары бар 2 киім ауыстыратын бөлме, мұғалім кабинеті, снаряд бөлмесі немесе спорттық жабдықтарын сақтауға арналған қойма және жинау жабдықтарын сақтауға арналған үй-жай.
50. Барлық интернат ұйымдарында оқушылардың жеке сабағы үшін оқу-тұру үй-жайлары тобына орналастырылатын бір балаға кемінде 2,5 м2 полиомиелит салдарынан зардап шеккен және енжар паралич ауруымен ауыратын балалар үшін 4,5 м2 есебімен бөлмелер көзделеді.
51. Арнайы түзету білім беру ұйымдарында бейініне байланысты мынадай қосымша кабинеттер көзделеді:
1) саңырау, нашар еститін және сөйлеу қабілеті бұзылғандарға арналған фронталдық жұмыс үшін есту кабинеті, оқушының естуін дамыту және дұрыс сөйлеуге үйрету бойынша оқытушының жеке жұмысына арналған кабинет; айнасы бар қабырғалары және хореографиялық станоктары бар музыкалық-ритмикалық сабақ өткізуге арналған кабинет;
2) ақыл-есі дамымаған балалар үшін – логопедиялық кабинеттер;
3) соқыр және нашар көретін балалар үшін – логопедиялық және лингафондық кабинеттер, машинамен басу, электротехника, жапсыру және көркемдеп сурет салу кабинеттері, жеке музыкамен айналысуға арналған бөлме;
4) рекреация – бір оқушыға кемінде 1 м2 есебімен оқу және тұрғын секцияларындағы қонақ үйлер;
5) барлық ұйымдарда ауданы 162 м2 болатын спорт залы және медициналық блокта емдік дене шынықтыру кабинеттері немесе залдары;
6) соқыр және нашар көретін балалар үшін спорт залы екі аймаққа бөлінеді: снаряд бөлмесі (аз аймақ) және негізгі (үлкен аймақ). Аз аймақ еденінің биіктігі негізгі аймақтың еденінен 6 – 7 см жоғары болуы тиіс.
52. Арнайы түзету білім беру ұйымдарындағы ғимараттардың сыртқы есіктері бір жақты болуы көзделеді және оқытушы жағынан орналастырылады. Соқыр және нашар көретін балалар үшін ұйымдардағы баспалдақтардың жоғарысында және төменінде, баспалдақтың бірінші және соңғы сатыларының тұтқасы кедір-бұдырланып белгіленеді.
53. Персоналға арналған жеке гигиеналақ бөлмелері мен санитариялық тораптар әкімшілік үй-жайлардың аймағында орналастырылады.
54. Үй-жайларды қабаттар бойынша орналастыру кезінде олардың функциналдық мақсатын, учскемен байланыс дәрежесін есепке алу қажет: 1) мүсін жасау, керамика шеберханалары (учаскеде қосымша үй-жайларда сақталатын материалдарды пайдаланумен байланысты) учаскеге шығу есігі бар бірінші қабаттарға орналастыру қажет;
2) бірінші қабаттарда ірі көлемді немесе станок жабдығы бар әскери-спорттық сабақтарға, техникалық шығармашылыққа арналған үй-жай, фортепьяномен жеке сабақтарға арналған бөлмелер, көпшілік іс-шаралар жүргізуге арналған залдар, дәрігердің кабинеті, асханалар, буфеттер орналастырған орынды;
3) ғимараттардың соңғы қабаттарында химиялық-техникалық, астрономиялық (обсерваторияларымен) зертханалар, үрмелі аспаптармен сабаққа арналған үй-жай орналастыру керек; жоғары қабаттарда жоғарыдан жарықтандыруды ұйымдастыру кезінде көркем сурет шеберханасын орналастыру ұсынылады.
Ағаш өңдеу жөніндегі шеберханалардан және металл мен ағаш өңдеу жөніндегі аралас шеберханалардан тұратын мекемелердің ғимараттарында сыртқа қарай (жылытылған тамбур арқылы) немесе басқа мақсаттағы кабинеттердің шығу есігі жоқ шеберханаларға іргелес дәліз арқылы қосымша шығу есігі көзделуі қажет.
55. Қосымша білім беру ұйымдарында гуманитариялық бейіндегі (тарих, өлкетану, география, әдебиет, елтану және басқалар) қызметті ұйымдастыру кезінде жалпы білім беру мекемелеріне арналған талаптарды ескеру керек.
56. Спорт залының ауданы бір спортпен айналысушыға кемінде 4 м2 болуы тиіс. Еден ағаштан болуы немесе арнайы жабыны болуы, еденнің беті тегіс, ойықсыз және зиянсыз болуы тиіс. Зал қабырғаларының шығыңқы жерлері, ернеуі болмауы тиіс. Батареялар терезе асындағы қуыстарда орналастырылады және торлармен жабылады немесе еденнен 2,4 м биіктікте орнатылады. Терезелерде және жарықтандыру құралдарында қоршау құрылғылар көзделуі тиіс.
57. Объектілердің цокольдық қабатында мынадай үй-жайларды орналастыруға жол беріледі: кір жуатын орын, ас блогы, қоймалар, киім ілетін орындар, персоналдың демалу бөлмесі, себезгі, дәретханалар.
Балалар мен жасөспірімдер объектілерінің цокольдық қабатында балалар болатын үй-жайларды, білім беру ұйымдарының оқу үй-жайларын, сондай-ақ жатын үй-жайларды орналастыруға жол беріледі.
58. Объектінің акт залы бір орынға ауданы кемінде 0,6 м2 болатын нормамен жалпы оқушылар мен тәрбиеленушілер санының 30%-ын бір мезгілде орналастыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Соқыр және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттарында акт залының ауданы бір орынға 0,65 м есебінен көзделеді, ақыл-есі дамымаған балалар үшін норманы 0,8 м дейін жоғарылатады.
59. ТКБ, әртүрлі курстарды, біліктілігін арттыру топтарын ғимараттың бірінші қабатында ішіне – жапсарлас салынған үй-жайларда бөлек кіру есігі орнатылған кезде 100 м2 -ден аспайтын алаңда орналастыруға жол беріледі. Оқу сыныптарына қойылатын талаптар осы Санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес қолданылады.
60. Үй-жайларды әрлеу үшін олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар құрылыс материалдары пайдаланылады. Эпидемияға қарсы, дезинфекциялау ремимдерін сақтауды қажет етпейтін үй-жайларда (вестибюльдерде, дәліздерде, холлдарда) әртүрлі конструкциялық аспалы төбелерді қолдануға жол беріледі.
61. Қарапайым де пайдаланылатын үй-жайлар төбелерінің, қабырғаларының, едендерінің, жабдығының беттері тегіс, күліңгір болуы, жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, ылғалды жинау жүргізуге ыңғайлы болуы тиіс.
62. Медициналық үй-жайлардың ішін әрлеу үшін күрделі жинау мен дезинфекциялау жүргізуге ыңғайлы материалдар көзделеді.
63. Үй-жайларда майлы бояумен боялған ағаш немесе жылы негiзде линолеум төселген еден көзделеді. Еңбекке баулу шеберханаларындағы еден ағаш (ағашты және металлды өңдеу) болуы; химия кабинеттері мен зертханалық кабинеттерде химиялық реагенттерге төзімді материалдан болуы тиіс.
Еденнің бетіне линолеум төсеген кезде негізге тығыз жапсырылуы, ойығы, сызаты, саңылауы болмауы тиіс. Линолеумнің бір-біріне жанасатын жерлерінің арасы мұқият дәнекерленеді. Қабырғаның тұсындағы линолеумнің жиектері қабырға мен еденнің арасын біріктіретін еден кемерінің астына келтіріледі. Вестибюльдердегі, рекреациялардағы, баспалдақ аралықтарының едендері механикалық әсерге төзімді материалдан жасалады.
64. Раковиналарды және басқа да санитариялық-техникалық құралдарды, сондай-ақ оларды пайдалану қабырғалары мен арақабырғаларын ықтимал ылғалдандырумен байланысты жабдықтар еденнен 1,8 м биiктiкте және жабдықтар мен құралдардан жан-жағынан 20 сантиметр шығып тұратындай етiп, судан оқшаулағыш жалтыратылған тақтайшамен немесе ылғалға төзiмдi басқа да материалдардан жасау көзделедi.
65. Себезгі, кір жуу және ыдыс жуу бөлмелерінің едендері траптардың саңылауына қарай еңісі бар ағызу траптарымен жабдықталады.
66. Ғимараттың (ғимараттардың) әр қабатында жинау мүкәммалын сақтауға және өңдеуге арналған үй-жай (орын) көзделеді.
67. Сәбилер үйінде тереңдігі 0,25 м болатын, суы ағынды жүзу бассейні көзделеді. Жабық бассейндерді күтіп-ұстау және пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келеді.
68. Жеке кіретін есік ұйымдастыру және оның маңындағы аумақты қоршау арқылы ауылдық елді мекендердегі мектептердің салынып жатқан ғимараттарына медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттерді жапсарлас салуды қоспағанда, объектілердің аумағында олардың қызметімен байланысы жоқ объектілерді орналастыруға жол берілмейді.
Ескерту. 68-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2013 № 1367 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
69. Тиiстi бiлiм беру ұйымдары жоқ ауылдық елдi мекендерде тұратын оқушыларға көлiктiк қызмет көрсетiлуі тиіс. Оқушыларды жеткiзу мектеп автобусымен жүзеге асырылады.
15 километрден (бұдан әрі – км) асатын қашықтықта тұратын оқушылар үшiн, сондай-ақ көлiкпен жүру мүмкiндiгi жоқ болғанда мектеп жанындағы интернат көзделеді.
4. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен
білім беру объектілерін жабдықтауға қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
70. Объектілердің жиһазы мен жабдығы балалар мен жасөспірімдердің бой-жас ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс. Жабдықтың жиыны, саны мен көлемін мекеменің бейінін, үй-жайлардың ерекшелігін және қауіпсіздік техникасын сақтауды есепке ала отырып көздейді. Арнайы түзету білім беру ұйымдары үй-жайларының жиһазы мен жабдығы педагогикалық үдерістің ерекшелігі мен емдiк-қалпына келтiру іс-шараларын ескеруі тиіс.
71. МДТОҰ, жалпы білім беру және интернат ұйымдары және ТКБ жиhазының негiзгi өлшемдерi осы Санитариялық қағидаларларға 5-қосымшада көрсетілген.
72. Сәбилер үйлерінде, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, КББО, МДТОҰ, жалпы бiлiм беру және интернат ұйымдарында жиhазды өлшеміне сәйкес таңбалайды.
73. Барлық стационарлық жабдық берік бекiтіледi.
74. Сәбилер үйлеріндегі, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы, КББО, МДТОҰ және интернат ұйымдарындағы қабылдау бөлмелері және киім ауыстыратын бөлмелер балалардың және персоналдың сыртқы киіміне арналған шкафтармен және орындықтармен жабдықталады. Балалардың киіміне арналған шкафтарды жеке таңбалайды және оларда бас киімге арналған сөрелері бар ұяшықтар мен сыртқы киім ілетін ілгіштер болады.
75. Жабдық, жиһаз, жұмсақ және қатты мүкәммал, санитариялық-техникалық құралдар жұмыс жағдайында болуы және мақсатына сай пайдаланылуы тиіс. Үй-жайларды әрлеудегі ақаулар мен жабдықтың, жиһаздың істен шығуы уақтылы қалпына келтіруге немесе ауыстыруға жатады.
76. Объектілердің дәретханаларында және санитариялық тораптарында жуынатын раковиналар, электрлі сүлгілері немесе бір рет қолданылатын гигиеналық сүлгілер, сұйық сабын дозаторы, қоқыс жинауға арналған қоқыссалғыштар орнатылады.
77. Сәбилер үйлері топтарының дәретхана үй-жайларын сүлгілерге арналған ілгіштермен, жуынуға арналған раковиналармен, жуатын ванналармен, унитаздармен, түбектерге арналған шкафтармен, шаруашылық мақсатта қолданылатын шкафпен және ағызу жүйесімен жабдықталады. Кіші және орта топтарда ілгіштерді ересек адам бойының дейгейінде (еденнен 1 – 1,3 м биіктікте) орналастырады. Сүлгілерге арналған ілгіштерді жасы 2-ден асқан балалар топтарында 60 – 80 см биіктікте орналастырады.
78. 1,5 жасқа дейінгі балалар топтарында дәретхана бөлмелерінде ересектерге арналған бір қолжуғышты, ағызу жүйесін, ваннаны орналастырады. Үстелді және кір киімге арналған бакты қолжуғышпен қатар орналастырады.
79. 1,5 жастан жоғары топтардағы дәретхана бөлмелерінде балаларға арналған екі қолжуғыш, балаларға арналған бір унитаз, ағызу жүйесін, себезгі тұғырығы, түбектерге арналған таңбаланған ұяшықтары бар шкаф-стеллаждар орнатылады.
80. 6 айлыққа дейінгі сәбилер үшін топтарда 1 – 2 жеке манежді, өлшемі 2,4 х 1,2 х 0,8 м болатын ортақ манеждерді, құндақтау үстелдерін орналастырады. 1 жастан асқан сәбилерді тамақтандыру аймағын тамақтандыруға арналған арнайы 2 орынды үстелдермен жабдықтайды.
81. МБТОҰ-ның дәретхана бөлмелерінде балалардың сүлгілеріне және жеке гигиена заттарына арналған жеке ұяшықтары бар қабырғалық немесе аспалы ілгіштер; бөбек топтарында қосымша жеке таңбаланған түбектерге арналған бөлек ұяшықтары бар шкафтар орнатылады.
82. Сәбилер үйлерінде және МБТОҰ-да балаларға арналған санитариялық құралдар еденнен мынадай биіктікте көзделеді: бөбек және мектепке дейінгі жастағы балалар үшін қолжуғыштар 0,4 м; орта және жоғары мектепке дейінгі жастағы балалар үшін қолжуғыштар 0,5 м; биіктіктегі тұғырларға бекітілген ванналар 0,6 м; сәбилерге және бірінші кіші топтарындағы балаларға арналған терең себезгі тұғырларын 0,3 м (себезгі торының тұғырық табанынан 1,5 м биіктікте орналасқанда); мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған кішкентай себезгі тұғырларын 0,3 м (себезгі торының тұғырық табанынан 1,5 м биіктікте орналасқанда).
83. Жалпы білім беру ұйымдарындағы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы, КББО, ТКБ, ЖОО-дағы санитариялық тораптардағы унитаздарды жабық кабиналарда орналастырады. Кабиналарды еденнен 1, 8 м биіктікте және еденге 0,2 м жетпейтін қашықтықтағы арақабырға – экрандармен бөледі. 1-сыныптар үшін қолжуғыштардың үстіңгі бетінің биіктігі 0, 5 м, 2 – 4-сыныптар үшін 0, 6 м, 5 – 11(12)-сыныптар үшін 0, 7 м етіп көздейді.
84. Жатын бөлмелерді жұмсақ және қатты мүкәммалмен жабдықтау, балалар күндіз болатын МБТОҰ-дағы киім-кешектерді жуу және оны таңбалау тәулік бойы болатын МБТОҰ-дағы балалардың тұру жағдайларына қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.
85. МБТОҰ-дағы жатын бөлмелерді жеке стационарлық төсектермен жабдықтайды. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған төсектердің ұзындығы жататын жердің және қоршауының өзгермелі биіктігімен бірге 120 см, ені 60 см; 3 – 7 жастағы балалар үшін – ұзындығы 140 см, ені – 60 см құрайды.
86. Балалар күндіз болатын мектепке дейінгі топтарда ауданы 1 балаға кемінде 2 м2 болатын норма сақталған кезде және екі қабатты төсектердің жататын жерінен кемінде 0,3 м биіктікте қоршау болған жағдайда, екі қабатты және жазылатын қатты төсектерді пайдалануға жол беріледі.
87. Сәбилер үйлеріндегі жатын бөлмелер төрт жағынан қоршалған, ұзындығы 1,2 м, ені 0,6 м стационарлық төсектермен жабдықталады. Жататын жердің биіктігі балалардың жасына байланысты еденнен 0,5 немесе 0,3 м құрайды. Қоршаудың еденнен биіктігі 0,95 м.
88. Пайдаланылатын әдістемеге байланысты жалпы нығайтатын (шынықтыратын) емшараларды жүргізу үшін мынадай жабдық көзделеді: салқын сумен белгілі жерге құйынуға арналған 0,5 л шөміш, шағын ағаш мінбелер; жеке таңбаланған сүлгілер, құрғақ және сулы сүртінуге арналған мохерден жасалған қолғаптар және басқа да қажетті жабдық.
89. Объектілерде оқу кабинеттері, зертханалар белгіленген өлшемдегі жұмыс үстелдерімен және орындықтармен жабдықталады. Парталар, үстелдер, шкафтардың түсі табиғи ағаш түстес немесе ашық жасыл болуы тиіс. Отырғыштарды, табуреттерді және арқалығы жоқ орындықтарды пайдалануға жол берілмейді.
90. Әрбір тәрбиеленуші мен оқушы бойына және денсаулық жағдайына сәйкес партада немесе үстелде жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Оқу жылының басында сынып журналында орналастыру схемасы мен денсаулық парағы толтырылады. Парталар олардың нөмірлеріне қарамастан, есту және көру қабілеті нашар балалар отыратын парталарды бірінші қатарға орналастырады. Көру қабілеті төмен оқушылар отыратын парталарды терезе жақтағы бірінші қатарға орналастырады. Жіті респираторлық аурулармен, баспамен, суық тию ауруларымен жиі ауыратын балаларды сыртқы қабырғадан алыс отырғызады.
91. МДТОҰ-да оқуға арналған жиһазды орналастыру кезінде мына талаптар орындалады:
1) үстелдерді сол жақтан жарықтандырылатын жарық түсіретін қабырғаға қарай орналастырады;
2) 4 орынды үстелдерді кемінде 2 қатарға, 2 орынды үстелдерді кемінде 3 қатарға орналастырады. Үстелдердің қатары арасында қашықтық кемінде 0,5 м болып көзделеді; 1-ші қатардағы үстелдердің жарық түсіретін қабырғадан қашықтығы 1 м, бірінші үстелдерден тақтаға дейінгі қашықтық 2,4 – 2,7 м болады;
3) қабырғалық тақтаның төменгі шетінің ілмесінің биіктігі 0,7 – 0,8 м болады.
92. Негізгі оқу үй-жайларындағы жабдық арасында мынадай аралықтар мен қашықтықтар көзделеді:
1) алдыңғы үстелдер мен демонстрациялық үстел арасы кемінде 60 см;
2) сынып тақтасы бар алдыңғы қабырғалардан бастап үш қатармен орналастырылған барлық қатардағы алдыңғы үстелдерге дейін кемінде 250 см;
3) үстелдер тобының арасы кемінде 140 см;
4) қатардағы үстелдер арасы кемінде 50 см;/
5) оқу үй-жайындағы сынып тақтасынан оқушының отыратын соңғы орнына дейінгі ең үлкен қашықтық 860 см;
6) барлық сыныптар үшін сынып тақтасының төменгі жиегінің еденнен биіктігі (жұмыс жағдайында) 80 – 90 см;
7) оқу шеберханаларындағы станоктар (верстактар) арасы 130 см, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалар үшін 170 см; қатарлардағы станоктар (верстактар) арасы 80 см, станоктардан қабырғаларға дейін 50 см;
8) тігін шеберханаларындағы аяқпен басатын машиналарды терезелердің бойымен бір қатарға орналастырады, бұл ретте машинаның табанына жарық сол жақтан түсуі тиіс.
Әрбір шеберханада ыстық және суық су келтірілген раковина орнатылады, орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған жағдайда суды қолмен құятын қолжуғыштар орнатылады.
93. Сынып тақталарының өлшемі мен конфигурациясы әртүрлі болуы мүмкін: жылжымалы, ашылатын, биіктігі бойынша өзгеретін. Сынып тақталары бор үгіндісін жинауға, шүберекті немесе жұмсақ шүберекті қоюға арналған жері бар күңгірт немесе күңгірт қоңыр түсті болып көзделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |