1-параграф. «Жаратылыстану» оқу пәнінің мазмұны
6. «Жаратылыстану» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі:
1) 1-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 35 сағат;
2) 2-сыныпта – аптасына 1 сағат, оқу жылында – 36 сағат;
3) 3-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 72 сағат;
4) 4-сыныпта – аптасына 2 сағат, оқу жылында – 72 сағат.
Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі «Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына тәуелді (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 тіркелген).
7. «Жаратылыстану» оқу пәнінің 1-сыныпқа арналған базалық мазмұны келесі бөлімдерден құралады:
1) «Мен зерттеушімін»: қоршаған орта құбылыстарын бақылау; бақылау кезеңдері; эксперимент;
2) «Жанды табиғат»: жанды ағзалар; өсімдіктер және олардың алуантүрлілігі, ағаштар, бұталар, шөптесін өсімдіктер; өсімдіктің негізгі бөліктері: тамыр, сабақ, жапырақ, гүл, жеміс, тұқым; жабайы және мәдени өсімдіктер; мәдени өсімдіктерді күту (суару, қоректендіру, топыраққа күтім жасау); өсімдіктің тіршілігіне қажетті жағдайлар (су, жарық, жылу, қоректік заттар); жануарлар, жабайы және үй жануарлары, үй жануарларын күту, үй жануарларының келтіретін пайдасы, жануарлардың жыл мезгілдерінің ауысуына бейімделуі: жылы жаққа ұшу, қысқа азық жинау, ұйқыға кету; адам, адамның дене мүшелері, адамның өмірінің кезеңдері, тамақтану, демалу;
3) «Жер және ғарыш»: жердің пішіні, глобус – жер моделі, ғарыш, ғарыш денелері, астрономия туралы алғашқы түсініктер; зымырандар, телескоптар, уақыт, уақыт өлшеу құралдары, сағат, күнтізбелер;
4) «Табиғат физикасы»: түрлі денелердің қозғалысы, табиғаттағы қозғалыс, адамдардың қозғалысы, қозғалыс траекториясы, қозғалыс траекториясын сурет түрінде белгілеу, жарық пен қараңғы, жарықтың табиғи және жасанды көздері, жарықтандыру, дыбыс және оның таралу ерекшеліктері, дыбыстың табиғи және жасанды көздері, жылу шығаратын құрылғылар, күнделікті өмірдегі электр, магниттің қасиеттері, магниттік қасиеті бар заттар.
8. «Жаратылыстану» оқу пәнінің 2-сыныпқа арналған базалық мазмұны келесі бөлімдерден құралады:
1) «Мен зерттеушімін»: қоршаған орта, құбылыстар, процестер, нысандар, зерттеушінің жеке тұлғалық қасиеттері, бақылау – ғылыми таным әдісі, бақылаудың белгілері: мақсаты, нысаны, жоспары, мерзімі, нәтижесі; бақылау нәтижесін шартты белгілер арқылы тіркеу, бақылау жүргізу жоспары, қорытынды жасау, эксперименттің белгілері: мақсаты, болжам, ресурстары, жоспары, мерзімі, нәтижесі; эксперимент жүргізу және нәтижесін кестеге тіркеу, ақпарат көздері;
2) «Жанды табиғат»: өсімдіктің өсуіне қажетті жағдайлар, өсімдіктерде болатын маусымдық өзгерістер, өсімдіктердің негізгі бөліктерінің қызметтері, өсімдік топтарының тіршілік ортасы және оған бейімделу тәсілдері, өсімдік топтары (өз өлкесіндегі өсімдіктер негізінде), топыраққа күтім жасау, өсімдіктерге қамқорлық жасау; жануарлардың топтары: бунақденелілер, балықтар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар мен сүтқоректілер, жануарлардың тіршілік ортасына бейімделуі, жануарлардың көбеюі, жұмыртқа салатын және төлдейтін жануарлар, жануарларды қорғау, адам, қаңқа мен бұлшықет қызметі, бұлшықеттің жиырылуының қозғалудағы рөлі, дұрыс дене сымбаты, тіс және оның күтімі, жеке гигиена, оның денсаулық сақтаудағы рөлі;
3) «Заттар және олардың қасиеттері»: ауа, ауаның адам, өсімдіктер мен жануарлар үшін маңызы, ауаның қасиеттері (түсі, иісі), ауаның агрегаттық күйі, жылуөткізгіштік, ауаның бос кеңістікті толтыратын қасиеті, су және оның физикалық қасиеттері, судың агрегаттық күйлері: қатты, сұйық, газ тәрізді: судың табиғи көздері, табиғат ресурстары және олардың қолданысы, табиғат ресурстарын шығу тегі бойынша жіктеу;
4) «Жер және ғарыш»: жер ғаламшары үшін Күннің рөлі, Ай – Жердің табиғи серігі, Күн жүйесінің ғаламшарлары, олардың орналасу реті және сипаттамалары, жер тобындағы ғаламшарлар, алып ғаламшарлар, уақытты өлшеу бірліктері: жыл, ай, апта, тәулік, сағат, минут; ғарыштағы қашықтық пен уақыт ерекшеліктері;
5) «Табиғат физикасы»: денелердің түрлі жылдамдықпен қозғалуы, жылдамдықтың сипаттамасы: жылдам, баяу, қозғалыс тудыратын күштер: тарту және итеру, заттың массасы, заттардың массаларын анықтау, материалдардың жарықты өткізуі (мөлдір, мөлдір емес, жартылай мөлдір материалдар), қатты және бәсең дыбыс көздері, температура, температураны өлшеу, термометрлер, температураны өлшеу бірлігі – градус, магнит қолданылатын салалар.
9. «Жаратылыстану» оқу пәнінің 3-сыныпқа арналған базалық мазмұны келесі бөлімдерден құралады:
1) «Мен зерттеушімін»: ғылыми жаңалықтар және олардың күнделікті өмірге әсері, ақпарат көздерінің түрлері, ақпарат көздерінің артықшылығы мен кемшілігі, экспериментті жоспарлау және жүргізу, эксперимент нәтижесін диаграмма түрінде белгілеу, қорытынды жасау;
2) «Жанды табиғат»: фотосинтез процесі туралы алғашқы түсінік, өсімдіктердің бейімделуі, жылусүйгіш, суыққа төзімді, көлеңкесүйгіш, жарықсүйгіш, шөлге төзімді, ылғалсүйгіш өсімдіктер; табиғат бірлестіктері – жанды және жансыз табиғаттың қауымдастығы, өз өлкесінің табиғат бірлестіктері, адам тіршілік әрекеттерінің өсімдіктердің алуантүрлілігіне әсері, өсімдіктердің табиғаттағы және адам өміріндегі рөлі, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктер (өз өлкесінің өсімдіктері негізінде), сирек кездесетін және жойылып бара жатқан өсімдіктерді сақтаудағы Қызыл кітаптың маңызы, жануарлар, омыртқалы және омыртқасыз жануарлар, жануарлардың өзара қарым-қатынас жасау түрлері, жануарлар мен өсімдіктер арасындағы өзара байланыс, тіршілік ортасындағы жағдайлардың өзгеруіне байланысты жануарлардың санының өзгеруі, адамның жануарлардың санының азаюына әкелетін іс-әрекеттері, адамның ішкі ағзалары, асқорыту жүйесі, оның адам тіршілігіндегі рөлі, тыныс алу жүйесі және оның ағзалары, тыныс алудың адам ағзасындағы рөлі, қанайналым жүйесі, оның адам ағзасындағы ролі, жүрек. тамыр соғуы, адамның ағзасын ауру мен инфекциялардан қорғау;
3) «Заттар және олардың қасиеттері»: заттар мен денелер, заттарды шығу тегі бойынша жіктеу, табиғи және жасанды денелер, заттарды агрегаттық күйі бойынша жіктеу (қатты, сұйық, газ тәрізді); ауа және оның құрамы (көмірқышқыл газ, оттек, азот, тағы басқалар), ауаның жануды қолдайтын қасиеті, жанды ағзалар мен жансыз табиғаттағы су, негізгі табиғи су көздері, мұхиттар, теңіздер, өзендер, көлдер; ащы және тұщы су, ауызсуды үнемді қолдану, суды тазалау тәсілдері, фильтр арқылы тазалау, судың тіршілік үшін маңызы; топырақ, топырақтың құрамы (құм, саз, жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтары, су, ауа), топырақ түрлері, топырақтың қасиеті, құнарлылық, топырақтың кейбір ағзалардың тіршілігіндегі ролі, топырақты қорғау;
4) «Жер және ғарыш»: жер сфералары туралы алғашқы түсінік (литосфера, гидросфера, атмосфера, биосфера), жер сфераларын графикалық кескіндеу, ғарышты игерудегі айтулы оқиғалар, жердің алғашқы жасанды серігін ұшыру, адамның ғарышқа алғашқы ұшуы, айға адамның қонуы, адамзаттың дамуы үшін ғарыштың маңызы, ғарыш игерудегі Қазақстанның үлесі, Байқоңыр ғарыш айлағы, жердің өз осінен айналуы, Күн мен түннің ауысуы;
5) «Табиғат физикасы»: серпімділік күші, серпімді және пластикалық денелер, ауырлық күші, табиғаттағы ауырлық күші, үйкеліс күші, табиғаттағы үйкеліс күші, күштің әсер ету бағыты, көлеңке, оның пайда болу себептері, көлеңкенің ерекшеліктері, заттардың жарықты шағылдыру қасиеті, дыбыс. дыбыстың көздері мен дыбыс қабылдағыштар, дыбыс қаттылығының дыбыс көзі мен қабылдағыш арасындағы қашықтыққа тәуелділігі, электр энергиясы, электр энергиясының көздері, электр тізбегінің элементтері, қарапайым электр тізбегін құру сызбасы, әртүрлі металдардың магниттелуі.
10. «Жаратылыстану» оқу пәнінің 4-сыныпқа арналған базалық мазмұны келесі бөлімдерден құралады:
1) «Мен зерттеушімін»: зерттеудің өз пайымдауы негізінде анықталған өзекті бағыты, зерттеу әдісін таңдау, бақылау мен эксперименттің артықшылығы мен кемшілігі, нәтижені білім алушы таңдауы бойынша көрсету;
2) «Жанды табиғат»: қоректік тізбек, өсімдік – қоректік тізбектің маңызды буыны, өсімдіктің тіршілік циклі, тозаңдану негізінде тұқым түзілу, тұқым таралу жолдары (өздігінен, жел, су, жануарлар, адамдар арқылы таралу), жоғары және төменгі сатыдағы өсімдіктер, өсімдіктерді қорғау жолдары, өз өлкесінің жануарлары, бунақденелердің тіршілік циклі (жұмыртқа, дернәсіл, қуыршақ, ересек бунақденелі), жануарлардың қоректену ерекшеліктері, өсімдікқоректі және жыртқыш жануарлар, симбиоздық байланыстар, қоректік тізбек құрылымы, тіршілік ортасына байланысты қоректік тізбек модельдері, жойылу шегінде тұрған жануарлар, Қазақстанның Қызыл кітабы, Ұлттық саябақтар мен қорықтарды құру мақсаты, Қазақстанның ұлттық саябақтары мен қорықтары; адам, зәр шығару жүйесі мен оның рөлі, жүйке жүйесі, оның адам ағзасындағы рөлі;
3) «Заттар және олардың қасиеттері»: заттардың қасиеттері, заттарды қасиеттеріне байланысты қолдану, құрастырылған эксперимент жоспарына сәйкес жаңа зат алу, адам тіршілігінің түрлі салаларында ауаны қолдану, ауаның ластануы, ауаның ластануының табиғи және жасанды көздері, ауа тазалығын сақтау, ауаны тазарту жолдары, ауаның орын ауыстыруы, желдің пайдасы мен зияны, табиғаттағы су айналымы, атмосферада жауын-шашынның түзілуі, судың ластану көздері (тұрмыстық, өндірістік, ауылшаруашылық), судың ластануының түрлі ағзаларға әсерін түсіндіру, түрлі заттардың судағы ерігіштігі, пайдалы қазбалар (бор, тұз, әктас, саз, мұнай, гранит, көмір, табиғи газ), пайдалы қазбаларды қолдану, Қазақстанның негізгі пайдалы қазбалары өндірілетін кен орындары, пайдалы қазбаларды қорғау және үнемді қолдану;
4) «Жер мен ғарыш»: жер бетінің ірі элементтері, ғарыш денелері (астероидтар, кометалар, метеориттер, жұлдыздар, галактикалар), жердегі тіршілікке ғарыштың әсері, жердің орбита бойынша қозғалысы, жыл мезгілдерінің ауысуы, жыл мезгілдерінің сипаттамасы;
5) «Табиғат физикасы»: Архимед күші, Архимед күшін болжау, Архимед күшінің судағы заттарға әсері, көлеңкенің кедергі өлшеміне және жарық көзінен кедергіге дейінгі қашықтыққа тәуелділігі, жарықтың қасиеттері, шағылу, жұтылу, белгілі бір кедергілердің дыбыстың қаттылығы мен таралуына әсері, түрлі материалдардың жылуөткізгіштігі, түрлі материалдардың электрөткізгіштігі.
Достарыңызбен бөлісу: |