БАҚторазов сейдахан уәЛИҰлы оңтүстік Қазақстанда 1920-30-шы жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргін


Зерттеудің мақсаты мен міндеттері



бет2/3
Дата25.02.2016
өлшемі0.51 Mb.
#20421
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертацияның мақсаты қарастырылып отырған кезеңдегі жалпы ішкі саяси жағдайларды талдай отырып, жазалау органдарының қатаң репрессивтік іс-шаралар арқылы орталықтың саяси бағытымен келіспеушілерді қалай тұқыртып ұстағанын айқындау болып табылады.

Әкімшіл-әміршіл тоталитарлық мемлекет жүзеге асырған коммунистік идеологияның халыққа аса зор қасіретті зардаптар әкелгені осы өңірдегі болып өткен оқиғаларға қатысты фактологиялық материалдар арқылы дәлелденеді. Зерттеліп отырған аймақтың Қазақстанның маңызды бөліктерінің бірі екендігін есепке ала отырып, осы өңірдегі саяси қуғын-сүргін нәубетін зерттеу, сол кезде елімізде болып өткен зұлматты процестердің тұрпатын толықтай дерлік бере алады деуге нақтылы негіз бар.

Осы аталған мақсаттарға байланысты зерттеу жұмысының алдына қойған міндеттері:

- Оңтүстік Қазақстанда большевиктер диктатурасы орнағаннан кейінгі жылдары қалыптасқан қоғамдық – саяси жағдайды анықтау.

- Қазан төңкерісінен кейін бірден басталып кеткен Азамат соғысы кезеңіндегі және одан кейінгі елдегі әлеуметтік қарама-қайшылықтардың шиеленісуін зерттеп, объективті бағалау .

- Саяси репрессиялардың социалистік шұғыл жүзеге асырудың негізгі тәсілі мен құралы ретінде қолданылғандығын фактологиялық материалдар негізінде дәлелдеу .

- Оңтүстік Қазақстанда 1920-1930-шы жылдары жүргізілген саяси репрессиялардың себеп-салдарын анықтау мақсатында:

а) Аумақтың қоғамдық-саяси өмірін және саяси күштердің орналасуын бағамдау;

ә) Ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру кезеңіндегі саяси репрессиялар ауқымының барынша кеңеюінің себеп-салдарын анықтау;

б) «Социализмге өту жағдайында таптық күрестің шиеленісуі» тезисі негізінде саяси репрессиялардың күшеюін және осыдан туындайтын ірілі- ұсақты шаралардың коммунистік идеологияның алдамшы әрекеттері екендігін түсіндіру.

- Саяси қуғын-сүргіннің оңтүстік халқының әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген кері әсерін статистикалық және мұрағаттық материалдар негізінде дәлелдеу.

Зерттеу жұмысының нысаны. Ұсынылып отырған диссертацияның нысаны кеңес үкіметі төңкеріс арқылы билікке келген алғашқы жылдарда большевиктер «халық жаулары», «ұлтшылдар» деп атақ берген алаш ардақтыларын 1937–1938 жылдары кең көлемде және аса қатыгездікпен соттап, атқан кезең аралығындағы Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін ауқымын зерттеу болып табылады. Бұл аймақ Қазақстан Республикасының маңызды бөлігі ретінде сол кезде елімізде болып өткен қоғамдық-саяси процестердің тұрпатын толықтай дерлік бере алады деп есептеуге болады.

Зерттеу жұмысының пәні қарастырылып отырған кезеңде Оңтүстік Қазақстандағы жалпы ішкі саяси жағдайларға талдау жасауға, сонымен қатар кеңестік жазалау органдарының қанқұйлы әрекеттері нәтижесінде қазақ зиялыларының қалай қынадай қырылғанының себеп-салдарын анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері хронологиялық тұрғыда өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарын қамтиды. Зерттеу тоталитарлық жүйенің қалыптасу белгілерін Оңтүстік Қазақстанның әлеуметтік-психологиялық менталитетіне, оның өзіндік геосаяси жағдайына орай анықтай отырып, осы өңірде ресми мемлекеттік бағдарға қарсы жасалынған іс-қимылдарды елеп- екшеуге мүмкіндік береді. Дегенмен, қазан төңкерісінен кейінгі саяси текетірес азамат соғысына ұласып, қарама-қарсы лагерьдегілер бітіспес жауға айналған кезде соңиалистік революция көсемдерінің большевиктерді қолддамағандарды «халық жауы» ретінде қатал қуғын-сүргінге ұшыратқандығы тарихтан белгілі. Контрреволюционерлер мен оларды қолдаушылар қатал қуғын-сүргінге ұшырады. Осы үшін Бүкілресейлік төтенше комиссия (БТК) және оның жергілікті органдары құрылып, Кеңес өкіметі олармен тарих бетінен жойылып кеткенге дейін ажырасқан жоқ. Зерттеліп отырған проблеманың ерекшелігі ретінде, іс-жүзінде қызметінің бақыланбауы себепті, жазалаушы органдардың барынша қатыгез құрылымға айналуын айтуға болады. Алғашында кез-келген мемлекеттегідей билеуші режим қарсыластарының тіміскі іс-әрекеттерін болдырмау үшін құрылған ТК-МСБ - БМСБ органдары кейіннен, сталиндік топ тағайындалушыларымен толықтырылып, мұндай жаңадан келген басшы кадрлар қожайындарының алдында жауапты екендіктерін сезінгендіктен, олардың кез-келген тапсырмасын орындауға дайын тұрды, бұл үшін неден де болса тайынбады. Осылай, халықты қанды қырғынға ұшыратқан ІІХК-ның қатыгез системасы өздерін де аяған жоқ, ондағы мақсаттарының бірі қылмыстық іс - әрекеттеріне куә болғандардың көзін жою еді.

20–30-шы жылдары күшейген сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйе қоғамның тарихи даму заңдылықтарына қайшы келетін эксперименттер жасады.Олар Қазақстанды, оның ішінде зерттеліп отырған территориялық белдеулерді де қамтығаны анық.

Қазақстан халқының саяси өміріндегі қасіретті жаңа кезең сталиндік режимнің, уақыт өте келе өз позицияларын нығайта отырып, Қазақстандағы оппозициялық күштерге: біріншіден партияда жоқ интеллигенцияларға қарсы , екіншіден, қазақ халқының ұлттық және мемлекеттік тәуелсіздігін ендігі жағдайда кеңестік система шеңберінде қорғауға тырысқан партия және мемлекет қайраткерлеріне қарсы шабуылының басталуына сәйкес келді. Бұл «халық жаулары» аталғандарға қарсы күрестің нағыз қайнаған 1937-1938 жылдары еді. Ғылыми жұмыстың уақыттық ауқымына байланысты зерттеу кезеңі осы жылдармен тәмәмдалды.

Зерттеу тақырыбының деректемелік негізі. Диссертацияны дайындау барысында деректемелік негіз ретінде:

- Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының – 139, 140,141, 708, 1, 725, 412, 185, 8, 187 қорлары;

- Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатының – 698, 44, 30, 82, 74, 1179 қорлары;

- Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының – 121, 165, 630, 2274, 7 қорлары;

- Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағатының Шымкент филиалының – 40, 11, 16, 8, 2247 қорлары;

- Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатының – 50 қоры және Жамбыл облысы әкімі мұрағатының – 10 қорлары;

- Қызылорда облыстық мемлекеттік мұрағатының – 1, 2 қорлары

- Қызылорда облысы әкімі мұрағатының 6, 268 қорларының құжаттары мен материалдары пайдаланылды.



Сонымен қатар, «Политические репрессии в Казахстане в 1937- 1938 гг.» [14] құжаттар жинағына ҚРПМ-ның қарастырылып отырған мәселе бойынша көптеген материалдары енген, мұның өзі жалпы көріністі түйсінуге және талдауға, республикалық және өңірлік масштабтағы репрессиялық іс-шаралардың жүзеге асу барысының жалпы және жалқы жақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Жинақтағы ғылыми - анықтамалық аппарат, тарихи жеке тұлғалар мен республиканың саяси қайраткерлерінің іс-әрекеттерін объективтілік тұрғысында зерттеуге игі әсерін тигізетіндігі сөзсіз. Осы тұрғыдағы жинақтар қатарына Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының Ғылыми Кеңесінің ұсынысымен шығарылған «Қазақстанның халық комиссарлары. 1920-1946: Өмірбаяндық анықтамалықты» да жатқызуға болады [15].

«Саяси қуғын-сүргіндер: шындық пен қауесет» [16] атты құжаттар жинағы Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи құжаттары жарияланымы ретінде тақырып бойынша көптеген қажетті материалдар беріп отыр, бұл еңбек ғылыми айналымға едәуір мұрағаттық материалдар енгізумен құнды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы берген деректерінің негізінде жазылған «Азалы кітап - Книга скорби. Атылғандардың тізімі. Оңтүстік Қазақстан бойынша» - өзінің аты айтып тұрғандай қарастырылып отырған жылдары түрлі қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кеткен Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары туралы қысқаша деректер жариялаған. Деректемелердің келесі тобын бүкілодақтық, республикалық және облыстық деңгейдегі партиялық баспасөз материалдары құрайды, онда зерттеліп отырған мәселеге қатысты оқиғалар мен фактілер жетерлік. Бұл жерде төңкеріс теперішін көріп, босқан қазақтарға жәрдем көрсету мәселесін көтерген «Қазақ», «Бірлік туы» сияқты газеттерді большевиктердің бірден жауып тастағандығын айта кету керек. Сонымен қатар большевиктердің партия газеті қатысындағы мына бір жәйтке мән беруге болады. 1926 жылғы қараша пленумы қарарларын орындауға белсене кіріскен Ғ. Тоғжанов өз мақалаларында қазақтың ұлттық зиялылары С. Садуақасов, Ж. Мыңбаев, С. Қожановтардың аттарына қара күйе жаққаннан кейін, 1927 жылы 15-23 қараша аралығында өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің VІ партконференциясында Ф. Голощекин: «Еңбекші қазақ» газеті Ғ. Тоғжанұлы келгенге дейін партия газеті болмай келді. «Еңбекші қазақ» партия ұйымы шығарып отырса да партия жолын қара бұқараға түсіндіретін газет болуға тиісті болса да, олай болмады», - деп, Ғ. Тоғжановқа дейін «Еңбекші қазақ» газетіне редакторлық еткен С. Сәдуақасов, Т. Рысқұловтарды күстаналайды. Расында, Ф. Голощекин өлкенің партия басшысы болып келгенге дейін қазақ баспасөзі ұлт жайын көбірек ұлағаттайтын. Бұдан кейінгі Қазақстанның «Еңбекші Қазақстан», «Социалды Қазақстан» аталынған партиялық баспасөз органы негізгі міндеттерін өз қожайындарының сойылын соғу деп ғана түсінген еді. Осы тұрғыда өз қатарластарынан асып түскен «Казахстанская правда» газетінің Оңтүстік Қазақстандағы саяси қуғын-сүргінге қосқан «үлесі» қомақты болды. «Правданың» меншікті тілшісі К. Пухов дегеннің бас редактор Мехлиске хат жазып, онда: «Досовтың барып тұрған буржуазиялық ұлтшыл екендігі анық… Досов өзінің маңына Саибов сияқты (Сайрам аупарткомының бірінші хатшысы - С.Б.) ұлтшылдарды жинап алған, сөйтіп оларды қорғап қызметтерін өсіреді, ал партияға шын берілген адал қызметкерлерді қудалап, күн көрсетпейді. Досовтың дұшпандық іс-әрекетін соқыр ғана көрмеуі мүмкін»,- деген саяси сөз тасуға көбірек ұқсайтын бұл хатынан кейін «Казахстанская правда» одан әрі даурығып, мұның соңы 1937 жылдың 18 қазанында газеттің сынын орынды деп тапқан Оңтүстік Қазақстан ҚК(б)П обкомы бюросының халық жауларын ешбір аяусыз әшкерелеуі тұрғысындағы қаулысына ұласқан еді. Көп ұзамай, Ә. Досов 1937жылы 28 қарашасында тұтқындалып, келесі жылдың наурызында ату жазасына кесіледі.

Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негізін Қазақстан Республикасының мемлекеттік актілері, ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұзақ мерзімді стартегиялық құжаттары мен шығармалары құрайды.

Заңдық күші бар бұл материалдарда қазіргі заманның тарихи дамуындағы нақты мәселелері бойынша теориялық дайындамалар (разработка) беріліп, ХХ ғасырдың – 30 жылдарындағы Қазақстанның саяси тарихындағы бірқатар оқиғалар қазіргі заман тұрғысынан мазмұндалады.

Жалпы алғанда қазіргі замандағы тарихи талдау методологиясының ғылыми принциптері ретінде қоғамдық ой-сана тарихында толысқан әртүрлі методологиялық көзқарастардың жиынтығын айта аламыз. Осыған орай тарихи қағиданың гносеологиялық, танымдылық маңыздылығы есепке алынбауы мүмкін емес. Жалпы, өзінің тұрпаттық маңыздылығында тарихи принциптілік: болған оқиғаға оның уақыт салып өзгеретіндігі, дамитындығы тұрғысынан қарайды». Тарихи қағиданың екінші бір жағы оның объективтілігінде, яғни құбылыстардың дамуын сол қалпында, қазіргіні ескіртпей және ескіні жаңаламай, нақты тарихи жағдайлары мен байланыстарында берілуінде.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы - мемлекеттік мұрағаттардағы құжаттар мен тарихи әдебиеттерді оқып - білу және қорыту негізінде бірінші рет жаппай саяси репрессиялар қолдану мәселесін өңірлік деңгейде - (Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары), қарастыру болып табылады. Мұның өзі Қазақ КСР - інде 1920-1930-шы ж.ж. қалыптасқан жалпы әлеуметтік-саяси жағдайларға үйлестіріліп және ішкі оқиғаларды әлемдік тарихи процесс құбылыстарымен байланыстыра отырып жүзеге асқан еді.

Зерттеу жұмысы, соңғы уақытқа дейін біздің қоғамдық санамызда қалыптасып қалған, кеңестік кезеңнің қасіретті зардаптарын тек 1932-1933 жылдардағы алапат аштық пен күштеп ұжымдастыру және 1937-1938-жылдары жүргізілген жаппай репрессия саясатымен байланыстыру стереотипі түбірінен терістелгеннен кейін жазылып отырғандықтан, диссертацияда оның алғышарттарының кеңестік режимнің алғашқы күндерінен-ақ бастау алғандығы нақтылы фактологиялық материалдар арқылы дәлелденеді.

- Тарихи ғылымда бұрын қолданылмаған, соңғы уақыттарға дейін белгісіз болып келген көптеген мұрағаттық материалдар арқылы Оңтүстік Қазақстандағы 1920-1930-шы жылдардағы саяси репрессияларға байланысты орын алған жағдайлар осы мәселеге жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді.

- Еліміздегі қоғамның саяси жүйесін реформалау бағытына сәйкес тарихнамалық тізбеде және күнделікті баспасөз беттерінде жарияланған, зерттеу тақырыбына қатысты материалдарды жиыстыра отырып, Оңтүстік Қазақстанда аталған уақыт аралығындағы жаппай саяси қуғын-сүргін нәубетіне байланысты орын алған жағдайларды жан-жақты ғылыми-тарихи тұрғыда ашу мүмкіндігі қарастырылады.

- Нақты мәліметтер мен фактілер негізінде зерттеліп отырған аумақтың қоғамдық-саяси өміріндегі ішкі және сыртқы қарама-қайшылықтары объективті- гуманистік тұрғыдан тұжырымдалады.

- Зерттеуде өңірлік ерекшеліктеріне байланысты бұрын қарастырылмаған мәселелер көтерілген. Сондықтан да автордың алдына қойған мақсаты тарихи шындықты еш бұрмаламай тазалық тұрғысынан ашу болып табылады.



Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу тақырыбына қатысты мұрағаттар мен кітапханалардағы көптеген тарихи құжаттар мен тақырыпқа қатысты әдебиеттермен жаңа көзқараста танысу және оны талдау арқылы мынадай тұжырымдар жасалынды:

Кеңес өкіметінің алғашқы декреттері негізінен декларативтік тұрғыда болғанымен, өз тарапына жұмысшылар мен шаруаларды, Ресей империясының әртүрлі ұлт өкілдерін тарту арқылы, өздерінің тұрақтылығын сақтай алды, осы негізде большевиктер партиясы басқа ойдағылардың қарсылығын басып- жаншу бағытынан еш тайған жоқ.

«Социализмге өту жағдайында таптық күрестің шиеленісуі» тезисі негізінде, саяси репрессиялардың күшеюі пролетариат диктатурасының заңды революциялық әдісіне айналды.

Оңтүстік Қазақстандағы «кеңестендіру» саясаты жергілікті халыққа түсініксіз болды. Осы себепті Кеңестер алғашқы уақытта негізінен орыс қауымына арқа сүйеді. Өлкедегі жергілікті өкімет РКФСР ХКК мен БОАК комиссиясының қатаң бақылауымен жұмыс істеді.

Оңтүстік Қазақстанда 1920-1930 жылдары бейбіт халыққа қарсы жүргізілген байларды кәмпескелеу, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, жартылай көшпелі және көшпелі қазақ халқын күштеп отырықшылыққа көшіру актілері жаппай қуғын – сүргін нәубетінің құқықтық негізіне айналды. Бүгінгі таңда осы және басқа да мұрағат құжаттары мен деректерінің басын біріктіріп, оларды толық қамтып зерттеу проблемасы күн тәртібінде тұр. Бұл міндетті ұсынылып отырған және басқа да жаңа зерттеулер арқылы атқаратынымыз анық.

Зерттеу жұмысының қолданбалы маңыздылығы, қоғам өмірінде демократикалық процестердің барынша тереңдеп және оның саяси институттарының реформалануы жағдайында, өткен кезеңнің тәжірибесі ескерілуі керек екендігінде. Бәлкім, алдын - ала «тоталитарлық» қоғам мен «қазармалық социализм» немесе кең ауқымда саяси репрессиялар жоспарланбаған да болар, әйтеуір осындай декларациялардың ешбір жерде жарияланбағандығы анық. Дей тұрғанмен, қоғамды «индустриялық қоғамға» көшіру жағдайындағы әртүрлі себептер, дәл осындай кесапатқа алып келген еді. Қазақстанның саяси тарихында болған осы оқиғаларды түйсініп және оның Оңтүстік өңірдегі ерекшеліктерін ұғыну, ондағы ойластырылған қитұрқылар мен тарихи уақыт талайында тағдыр тәлкегіне ұшырағандардың өмірлік-бақилық өксігін түсіну әртүрлі деңгейдегі билік тұтқаларында мұндай қасіреттің қайталанбауына сеп болары анық.

Диссертациядағы кейбір ережелер мен тұжырымдарды, жергілікті билік пен басқарушы органдар ішкі саясат және қоғамдық келісім мәселелері бойынша шығарылатын шешімдеріне көмек ретінде пайдалануына болады.

Ұсынылып отырған еңбекте қорытылып жүйеге келтірілген материалдарды лекциялық және үгіт-насихат жұмыстарында, әртүрлі деңгейдегі оқу орнында Қазақстан Республикасының тарихын оқыту барысында, және Қазақстан мен оның Оңтүстік облыстарындағы негізгі деген оқиғалардың бірқатарының мазмұнын ашу үшін пайдалануға болады. Жоғарғы оқу орындарында еңбектің мазмұны оқытушыларға арналған әдістемелік және арнайы семинарларда, сонымен қатар әртүрлі мамандықтардағы студенттер үшін секциялық арнайы курстарда қарастырылса болады.

Диссертациядағы мәліметтер бірінші қолдағы бар материал ретінде, тарихи-өлкетанушылық жұмыста жалпы тарихи түсініктерді өңір тарихындағы жеке тұлғалар арқылы нақтылау мақсатында - өңірлік және жергілікті деңгейдегі басшылардың, ірі еңбек ұжымдары мен оның мүшелерінің, жекелеген адамдардың - осылардың бәрінің , өзінше немесе жоғарыдан келген бұйрықтар бойынша жауапты шешімдер қабылдау арқылы сол кездегі тарихи оқиғалардың толқынына тұншығып, тағдыр тәлкегіне ұшырағандығы туралы анықтамалар береді.



Жұмыстың сарапталып, сыннан өтуі. Диссертацияның негізгі мәселелері ҚР БҒМ ҒК-нің Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалып, талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылған. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары 1 оқу құралы және 1 оқу - әдістемелік құралында, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған тізімге енген 3 басылымда 3 мақала, сондай-ақ республикалық және халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинақтарында 4 мақала жарық көрді.

Диссертация құрылымдық тұрғыда әрқайсысы үш параграфқа бөлінген үш тараудан, кіріспе мен қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі, зерттелу деңгейі көрсетілді. Сонымен қатар, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, деректік және методологиялық негіздері, ғылыми жаңалығы мен қолданыстық маңыздылығы айқындалды.

«Қазақ АКСР-інде 1920-1930 жылдары қалыптасқан қоғамдық саяси жағдай» атты бірінші тарауында Азамат соғысынан кейінгі елдегі әлеуметтік қарама-қайшылықтардың шиеленісуі және Кеңес өкіметінің идеологиялық әсер ету органдары мен жазалау аппараттарының қалыптасуы туралы баяндалады.

1918 жылдың көктемінде Кеңес үкіметіне өз армиясы мен қалаларда шоғырланған мемлекеттік қызметкерлерін және осындағы «пролетариаттарды» азық-түлікпен қамтамасыз ету аса үлкен маңызға ие болған еді. Большевиктерге бұл жағдайдан шығудің екі мүмкіндігі болды: не қираған экономиканы ілдебайлап қалпына келтіру үшін ептеп нарықтық қатынастарды енгізу, немесе күштеу шараларын қолдану. Олардың екінші жолды таңдағаны белгілі.

Петроградтағы мұндай кесапатты саясаттың салқыны Оңтүстік Қазақстан өңіріне тез-ақ жеткен болатын. Бүкіл елді қамтыған саяси дағдарысты экономикалық құлдырау күшейте түсті.

1918 жылдың ортасында ғана Түркістан Республикасында азық-түлік жағдайы мүлдем қиындап кетті. Көшпенділер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 пайызын қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 пайызы қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп бір болыс ұйымдастыруға тура келген еді.

Егер азамат соғысы алдындағы кезеңде, қарама-қарсы жақтар, билік пен саясат мәселесін, өзінің экономикалық және саяси қуаттарынан айырылған таптар мен сословиелердің күшін пайдалану арқылы шешуге тырысса. соғыс жағдайында қалыптасып келе жатқан Кеңес үкіметі, мәселені тиісінше, жаңадан құрылған мемлекеттік қорғау органдары күшіне сүйене отырып шеше бастады.

Түркістан өлкесінде құрылған революциялық сот-тергеу мекемелері принципті түрде Ресейдің орталық аудандарында құрылған осындай органдарға сәйкес келді. Сырдария Облыстық Революциялық Трибуналы 1919 жылдың шілдесінде құрылды.

Соңынан, 1918 жылдың 9 қыркүйегінде ТүркОАК № 35 бұйрығы бойынша контрреволюция мен саботажға қарсы күресу жөніндегі төтенше тергеу комиссиясы құрылды. Төтенше тергеу комиссиясының алғашқы төрағасы болып большевик А.С. Сидоров сайланды [5, 71-72]. Трибуналдар мен төтенше тергеу комиссиялардың жазалау функцияларының мазмұны бастапқыда төзімділік сипатта болды.

Осы орайда 1922-1929 жылдар аралығында репрессиялар негізінен шетелге жер аудару және бес жылға дейінгі мерзімге лагерьлерге қамау жағдайында болғандығын айту керек.

Келесі сегізжылдық кезең 1929-1936 жылдарды қамтып «қаскүнемдерді» іздестіруді жалғастырумен қатар «дұшпан бейнесін» партияның өз ішінен іздей отырып, олардың қатары «зиновьевшілдермен», «ұлтшылдармен», «ұлтшыл-ауытқушылармен» және т.б толықтырыла берді.

Қазақстан экономикасының аграрлық секторындағы «социалистік жаңа құрулар» Қазақ АКСР-і ХКК мен ОАК-ның «Байлар шаруашылығын кәмпескелеу туралы» Қаулысы қабылданғаннан кейін бастау алды. Бөлімде осы құбылыстың себеп – салдарлары айқындалады.

Бес жыл ішінде,1929 жылдан 1933 жылдарға дейінгі аралықта Қаз.АКСР-інің БМСБ ТӨ үштіктері 9085 істі қарап, 29333 адамдарға қатысты шешімдер қабылдады,олардың ішінде ең жоғарғы жазаға 3386-ы іліксе, зерттеліп отырған оңтүстік Қазақстан өңірінде 118 адам атылды.

Тараудың қорытынды кезеңінде большевиктік идеология негізінде қоғамдық сананы бір қалыпқа түсіруді басқа ойдағылардың қарсылығын тежеу арқылы жүзеге асыру және осыдан туындайтын ірілі-ұсақты шаралар тізбесі талқыланады.

Екінші тарауда «Оңтүстік Қазақстандағы 1920-1930 жылдары жүргізілген саяси репрессиялар» баяндалады. Бірінші кезекте өңірдің қоғамдық-саяси өмірі: саяси күштердің орналасуындағы өзгерістер динамикасы көрсетіліп, Түркістан өлкесі ретінде белгілі саяси кеңістікте орналасқан Оңтүстік Қазақстан өңірінің өзіндік тарихи және географиялық мазмұндағы ерекшеліктерге ие екендігі сөз болады.

Қазақ жерлерінің қайтадан бірігуі нәтижесінде республика аумағы 700 мың шаршы км-ге жуық, яғни үштің біріне ұлғайып 2,7 млн. шаршы км болды, ал халқы 1468 мың адамға көбейіп, жалпы саны 5230 мыңға жетіп, 1926 жылғы халық санағы бойынша қазақтар республика халқының 2/3-сіне жуығы (61,3%) болған еді. Бұл арада Кеңес үкіметі орнағаннан кейінгі небары 8-9 жыл аралығындағы аласапыранда аталған өңір халқының қосқан үлес салмағы қарапайым арифметикалық тұрғыдан қарастырғанның өзінде (1917жылғы 2.665.441 қазақтан 1926 жылғы санақ бойынша шамамен 1.468.000 қазақ қосылған.) ойсырап-ақ қалғаны көрініп тұр. Осы орайдағы зұлматтар бөлімде кеңінен талқыланады.

Айта кету керек 20-жылдардың басында партиялық ықпал барынша әлсіз еді. 1921 жылдың сәуірінде өткен ІV Әулиеата уездік - қалалық конференциясында «…Уездік партия ұйымының тым әлсіздігі, партия жұмысының уезде де, қалада да әлсіз екендігі, Уқалкомның жетекшілік рөлінің жоққа тән екендігі, онсыз коммунистік ұйымдар мен басқа да партия ұйымдары күнін көре алмай кететіндігі… Уқалкомға мынадай ұсыныстар: «…қала мен уезде коммунистік бастауыш ұйымдарын құруға барлық күш-жігерді жұмсауды, ал коммунистік фракциялардың кәсіподақтары жанынан жастарды, мұсылмандар мен орыстар одағын және әйелдерді қоса отырып сенбіліктер ұйымдастыру қажеттілігі айтылды [17]. Дәл осындай жағдай Перовск және Черняев уездерінде де болды. Бұдан кейінгі кезеңдерде бастауыш партия ұйымдары мен партия ұяшықтары орта деңгейдегі аппараттың қырағы көзқарасымен жұмыс істеді, дегенмен мұндай бақылау орталық партия органдарының бағытынан айнымауға кепілдік бере алмайтын еді.

Зерттеліп отырған кезеңдегі басқа әлеуметтік топтардың әлсіз жағы ретінде, олардың саяси позициясының бұйығылығын айтуға болады. Ауыл буржуазиясы саяси қозғалысы үнемі ауыл шеңберінен аспай, көбіне орта деңгейдегі билік құрылымдарына кіріге алған жоқ. Шаруа қозғалыстарының ғасырлық дәстүрі мұнда да қайталанды - өз деревнясында немесе ауылындағы мәселені шешуге қатыстылық оның сыртындағы кез-келген акцияларға қатысуға енжарлығымен алмасты.

Әрине, большевиктердің партия ұйымдары 1920-шы жылдардың соңына қарай өз ықпалын барынша арттыра алды. Өз позицияларын түпкілікті нығайтып алғаннан кейінгі негізгі мәселе, өз қарсыластарына қатысты байлам жасау керектігі болатын. Бір жағынан өткен түсініспеушіліктерді ұмытуға болар еді, ал екінші жағынан макиавеллизм дәстүрлеріне сәйкес, қолданбалы саясатта, орын алған реніштер кешірілмейді. Сондықтан да саяси оппонентті бас көтермейтіндей етіп сұлатып, оның ерте ме кеш пе кек (реванш) алуына мүмкіндік бермеу қарастырылды. Екінші жолды таңдаған большевиктерге бұрынғы оппонентерімен есеп айырысуда реттілікті дұрыс таңдау қажет болды- алдымен өте қауіптілерін, кейіннен аз қауіптенетіндерін. Биліктің қолдарында болып, жазалау аппаратының нығайтылуы, социалистік қайта құруларды жүргізудегі асығыстық, большевиктерді әлеуметтік топтар мен әртүрлі халықтар арасында және ең соңында партияның өз ішінде репрессиялар жүргізуге итермеледі.

1928 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің «Ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы қаулысы және Қазақстандағы барлық батырақ, кедей, орташаларға ақсүйек байлардың мал-мүлкін алып, өздерін жер аударуға белсене кірісуге шақырған хаты жарияланды [18].

Кәмпескеленген мүліктерді «батрактар мен кедейлерге төленетін төлем ақы ретінде, жергілікті халықтың кедейлеріне беру, осы негізде экономикалық жағдай көтерсе колхоздар құру, немесе қазірге дейін құрылған колхоздар мен совхоздарды нығайту» қарастырылды. Кәмпескелеуді жүргізу жөніндегі директиваларда оның өзіндік маңызы атап көрсетілді - «бір уақыттағы іс-шара ретінде жүргізіліп, қысқа мерзімде ауылдың жартылай-феодал байларының ықпалын болдырмай тастау Кулактар мен байларға шабуыл ұзақ уақытты іс-шара болып табылады ол ЖЭС-ке негізделіп, батрак-кедейлер мен орташалардың кулактар мен байларға қарсы аянбас күресуі арқылы жүргізілуі тиіс. Декреттегі көрсетілген цифр - 700 ірі шаруашылықты кәмпескелеу әрине «ықпалын болдырмай тастау» мәселесін шеше алмайтын еді- тіпті Қазақ АКСР халқының аздығын есепке алғанның өзінде осы шаруашылықтардың кәмпескеленуі ауыл мен селодағы үлкен ауқымдағы жаппай экспроприациялаудың алғы шарты болды десек қателеспейміз.

Директиваға сәйкес «кәмпескелеу жалпы байларға қарсы емес, ауылда өзінің ықпалы арқылы патриархалды жартылай феодализм қалдықтары мен рулық қатынастарды қолдайтын байларға қарсы қолданылады», - делініп кәмпескелеу тәртібін біршама тежеу қарастырылды. Мәселен, кәмпескелеуге ауыл-шаруашылығына қатысы жоқ үй бұйымдары, сонымен қатар күнделікті ішіп-жем тағамдары кірмеді. Акцияны, «дәстүрдегідей», қысқа мерзімде - бірінші қыркүйекте, Декрет жарияланған күні бастап, 1-ші қарашада барлық процесті жер аудару мәселесін қоса отырып бітіру көзделінді.

Сырдария округіне өлкелік өкіл ретінде сол кездегі Қазақ АКСР ХКК төрағасы Ораз Исаев жіберілді. Округ бойынша кәмпескеленетін шаруашылықтардың жалпы саны 1-ші категория бойынша 80-ге жетті, бұлар «ірі бай-жартылай феодалдар еді», және 2-ші категория бойынша 9 шаруашылық – бұрындары ерекше лауазымды топтарға жататын, антикеңестік қызметтерге байланысы барлар болатын. Сол кезде Сырдария губерниясы құрамынан бөлініп шыққан Қызылорда округы бойынша кәмпескелеу тиісінше 35 және 5 шаруашылықтарда қарастырылды. Мән берерлік жәйт, Сырдария округіндегі кәмпескеленетін 80 шаруашылық республиканың басқа округтерімен салыстырғанда өте ірі топты құрады, ал Қызылорда округін қосқанда тиісінше 115 және 14 шаруашылық болып, республиканың 12 округіне бөлінген шаруашылықтардың жалпы санының 18,4% құрады. Кәмпескелеуді барынша қысқа мерзімде өткізу және шаруа қожалықтары тарапынан болатын қарсы әрекеттерді болғызбау мақсатында, тізімдерді құруды тікелей жергілікті жерлерде өткізу міндеттелді. Қорытынды тізім БК(б)П Өлкелік комитетінде бекітіліп, оған дейін округтік және аудандық комиссиялардың, кедейлер мен батрактардың жалпы жиналысында сайланатын көмектесу комиссиясында (комиссия содействия) талқыланатын. Кәмпескеленген малдарды бөлу «… аты жоқты атпен қамтамасыз етіп, сиыры жоққа сиыр беріп (түйесі жоққа да солай), ал ұсақ малғ келсек жеке шаруашылыққа 10 қойдан үлестіру дұрыс (ірі қара мал алмағандарға) деп есептелінді [19]. Кәмпескеленген мүліктердің байдың туысқандары мен достарына берілмеуі атап айтылды, сонымен қатар «Кеңес немесе партия аппаратында жұмыс істейтіндердің мал алуына» жол берілмеді, «партия мүшелеріне», батрактар мен кедейлерге бұл тек жалпы негізде ғана мүмкін болды. Округтік комитеттер партиядағыларға қатысты ешқандай артықшылықтың болмауын қадағалауға тиіс» болды.

Қызылорда округі аудандарындағы кәмпескелеуді жүргізу іс жүзінде БК(б)П-ның Қазақстан өлкелік комитеті директиваларымен қарама-қайшылықта болды. «Ауылда жартылай-феодалдық, патриархалдық рулық қатынастарды сақтап отырған рі байлардың мүлкін кәмпежәне жер аудару» комиссиясының отырысында округтің Арал ауданында кәмпескеленетін шаруашылықтардың тізімі дер кезінде құрылмағандығы атап өтілді. Комиссия «аудандағы кәмпескелеу жұмысы барысындағы қиын жағдайларға - мекендердің бір-бірінен алыстығын, байлар тұратын жерлердің жақын емес екендігін байдың мүлкін бөлуді заң тұрғысында рәсімдеудің жоқтығын, бұл мәселенің шиеленісіп кеткендігін» айта келе, ары қарай: бай шаруашылықтарын бөлу мәселесінде нақты шешімнің жоқтығы байдың туысқандарының малдарын дұрыс кәмпескемелеуге апарып отыр» делінген [20]. Мұндай «ұр да-жық» саясаттың салқыны Оңтүстік халқын едәуір бөлігін қамтығаны анық.

Үшінші тарауда «Оңтүстік Қазақстанда жаппай саяси қуғын-сүргінді жүзеге асыру барысындағы жеке тағдырлар қасіреті» баяндалады. Жаппай саяси ререссиялар кезеңінің объективтілік мазмұны жеке адамдардың тағдырларын жіті қарастырмай толық бола алмайды. Қоғамдық өмірде болып өткен ірі ауқымдағы өзгерістер жеке адамдардың өміріне, олардың сол дәуірдегі саяси оқиғаларға әйтеуір бір қатыстылығына байланысты, әсер етпей қалған жоқ.

Жаппай және кең ауқымды жазалау шараларының басталуына белгі ретінде БК(б)П ОК-нің 1937 жылдың 2 шілдесіндегі шешімі мен осыдан кейінгі, шұғыл түрдегі Ішкі істер Халкомы Н. Ежовтың қолы қойылған №00447 бұйрықты айтуға болады, бұл арқылы 268950 адамды репрессияға ұшыратып, оның 75950-ін ату жазасына кесу көзделінді [21].

Аталған цифрлар тиісінше КСРО аймақтары бойынша «бөлініп», күтілгеніндей, жергілікті жердегілердің «жоспарды қолдауына» («қарсы жоспарларына») ұласты. Осылай Қазақстан К(б)П ОК бюросы 1937 жылдың 19 қарашасында репрессияланатын антикеңестік элементтердің санын ұлғайту жөніндегі шешімін қабылдады. Репрессияланатындар екі категорияға бөлінді. Біріншісіне, билік басындағылардың пікірі бойынша, «барынша дұшпандық» көзқарастағы антикеңестік элементтер жатқызылып, оларға ату жазасы қолданылса, екінші категориядағы осындай элементтер Бәлкім қауіпсіздеу деп есептелінгендіктен болар, лагерьлер мен түрмелерде 8-ден 10 жылға дейін, кей жағдайда 25 жылға бас бостандығынан айырылды.

ОК бюросының шешімімен республика бойынша бірінші категориядағы «бекітілген жоспар» 2000 адам болып белгіленді, мұның өзі Орталық бұдан бұрын белгілеген 1925 адамдық «нормадан» асып түсті. Тиісінше 275 және 350 адамнан «қосымша резерв» те қарастырылып қойды. ОҚО бойынша бірінші категориядағы 150 адамның саны өзгертілмей, екінші категориядағылардың саны «жоспардағыдан» жүзге кемітіліп - 300 адам болып белгіленді [22].

Репрессиялық іс-шараларды тікелей қолдану құқы бірқатар сот және соттан тыс органдарына берілді. Осылай КСРО Жоғарғы Сотының Жылжымалы коллегиясы Оңтүстік Қазақстан аймағының ірі-ірі партия және кеңес қызметкерлерінің ісін қарады. Жылжымалы коллегия шешімдеріндегі үкімдердің басым көпшілігінің ең жоғарғы жаза болғандығы, бір жағынан аймақтағы партиялық – кеңестік элитаның бір бөлігін жоюды көздегендігі болса, екінші жағынан қалғандарын қорқытып, Орталыққа қандай бір түрде болмасын оппозицияда болу мүмкіндігін болдырмауға ескерту ретінде болды, яғни биліктің барлық тетіктерін өз қолдарында ұстап отырған БК(б)П ОК-нің сталиндік тобына қарсы шығу әрекеттеріне үзілді-кесілді тиым салынды.

Облыстық соттың шешімдерінің мазмұны да осыған ұқсас болып, РКФСР ҚҚ 58-ші бап. негізінде әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырудан, ату жазасына дейінгі жазалар қолданылды. сотталғандардың құрамы әлеуметтік статусы бойынша әр тақылеттес болып, түрлі деңгейдегі партиялық-шаруашылық қызметкерлерін, қатардағы партия мүшелерін және жәй азаматтарды да қамтыды.

Соттан тыс орган ретіндегі «үштіктер» құрамына партияның облыстық комитетінің бірінші хатшысы, облыс прокуроры және НКВД облыстық басқармасының бастығы кірді. «Үштіктердің» сот тыс үкім шығарудағы және халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының істерін қараудағы шексіз өкілеттіліктері, өз кезегінде оралдың мүшелерінің жеке қауіпсіздігіне кепіл бола алған жоқ. Осылай КСРО Жоғарғы Сотының Жылжымалы коллегиясының үкімімен ОҚ Қ(б)П О К бірінші хатшылары Ә.Ы. Досов пен Б. Манкин, Қызылорда Қ(б)П ОК бірінші хатшысы Қ.А. Әміровтар репрессияға ұшырап кетті.

Зерттеліп отырған кезеңдегі ІІХК-ның облыстық басқармасыныңы бастығы С.Д. Пинталь, бәлкім «үштіктің» төрағасы да шығар репрессияға ұшырап, басқа бір соттан тыс орган КСРО ІІХК-ның ерекше кеңесінің 1937 жылғы желтолқсандағы үкімімен ату жазасына кесілді.

Жалпы алғанда республика бойынша «үштіктің» 24 мүшесінің 15-і репрессияға ұшырады. Соның өзінде аз уақыт ғана жұмыс істей отырып «үштіктер» репрессиялық үкімдердің басым көпшілігін шығарып үлгерген еді.

Облыстың бірінші басшыларына қарсы репрессиялар, ойластырылғандай, төменгі деңгейдегі кадрларға да қолданылуға ұласты.

Осылай басқарушы партия органдары бөлімінің меңгерушісі П.Т. Бидуля мен осы қызметте оны ауыстырған А.Т. Жолдыбаевтың да қызметтегі өмір жолы тым қысқа болды. Алғашқысы аталған жұмыста небары 1,5жылдай қызмет атқарып, Оңтүстік Қазақстан сотының арнайы коллегиясының шешімен 25 жылға сотталып, мерзімі аяқталмай дүние салса, соңғысы осы жұмысқа 1937 жыдың мамырында кірісіп, сол жылдың 15 қыркүйегінде тұтқындалады және кейіннен ең жоғарғы жазаға кесіледі.

Олай болса басқарушы партия органдары бөлімін де «репрессиялық қауіпті» болды деп есептеуге негіз бар.

Дәл осындай қауіпті қызметтердің бірі ретінде облыстық жер басқармасы бастығының орнын айтуға болады – ол жоғарыда аталған Ғ.Х. Бөкейхановтың 1937 жылдың тамызына дейінгі соңғы жұмыс орны болды. Облыстық маштабтағы қызметкерлердің қайғылы тізімінде облыстық жер басқармасының бастығы А. Ералин, (30.10.37 тұтқындалған.) обкомның ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі А.Р. Грушицын, ОҚО облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі Е. Әбділахатов, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакторы Р. Жаманқұлов және т.б. бар еді [23].

Жоғарыда аталған және басқа да обком және қалком хатшыларының қызметтерінде ұзақ уақыт болмауы, олардың ұйымдастырушылық қабілетінің ашылуына және өз облыстары мен қалаларындағы партия белсенділерімен жақын танысуына мүмкіндік бермеді. Бұдан шығатыны оларға өзінің қызметінің өскені үшін борышты аудандық деңгейдегі белсенділер мен басқа да қолдаушылардың болмайтындығы еді. Сондықтан да обкомның пленумы мен бюросында бірінші хатшыны орнынан алу оңай шаруа болатын.

1937-1938 жылдар жалпы алғанда экономикалық дамудың маңызды мәселелерін шешу кезеңі болатын - қорғанысты күшейту, елдің әлеуметтік инфрақұрылымын құру, осының бәрі аяқталып келе жатқан екінші бесжылдық пен басталып келе жатқан үшінші бесжылдықтың еншісінде еді. Ауыл шаруашылығында күрделі мәселелер шешіліп жатты. Мұндай жағдайда әртүрлі деңгейдегі партия кадрларын дамылсыз ауыстыру бір ғана нәрсені білдірді- оларға өзіндік «саяси локомотив» рөлі беріліп, келуінен кетуінің тез болуы, аймақтардағы партия және шаруашылық активтерін үнемі үріктіріп қойды, сондықтан да соңғылары өз қызмет салаларында жоғарғы көрсеткіштерге жету үшін барын салатын. Осылай, Оңтүстік Қазақстан облысындағы жауапқа тартылған 560 коммунистің ішінде 58-і облыстық мекемелердің басшылары мен жауапты қызметкерлері болды. Оның 36-сы ату жазасына кесілді [16, 117-б.]. Олардың ішінде жоғарыда аттары аталынған А.Ы. Досов, В.Е. Случак, Б.С. Ержанов, А.Ф. Грушицын, П.И. Грехнев, Р. Жаманқұлов және т.б. болды.

Жоғарыда көрсетілген құжаттарды мұқият шолу, мынадай жағдайлардың бетін ашты. Біріншіден, облыстық деңгейдегі партия және кеңес кадрларының репрессияға ұшырауы аудандық деңгейдегі осындай кадрлардың келісімінсіз жүзеге аспаған еді, бұл әртүрлі әдістермен, мәселен «сын және қатал түрде талап етілген өзара сын» арқылы жүзеге асырылды, мұның өзі барынша бейбастақ, заңдылыққа пысқырмаған іс-шараларды легитимдендірудің (заңдастырудың) бір түрі болатын.

Екіншіден, бұған қарсы тұру да мүмкін емес еді, себебі билік тұтқасындағылар өз дегендерін болдыру үшін ештеңеден аянған жоқ, ар алдында жауап беру, адамгершіліктен аттамау, имандылық мәселелері, қаскүнемдік жолына түскендердің ойына да кіріп шықпады.

Үшіншіден, қолданылған әдістер қанқұйлылығымен ерекшеленіп, жазалаушы органдардың қолына түскен бейбақтар бір кеткеннен мол кетіп - не атылды, немесе ұзақ уақытқа қамалып, көбінесе түрмелерде жан тапсырды. Сондықтан да олардан еш сыбыс болмай, былайғы жұрт онда не болып, не қойғанынан бейхабар болды.

Төртіншіден, айыптауларға көбінесе мал шаруашылығындағылардың, мақташылардың, егін шаруашылығындағылардың және аздап жандана бастаған дін адамдарының ұрынатынына мән беруге болады. Мұның себебін, соңғыларын есепке алмағанда, аталған салалардың ауыл шаруашылығындағы маңыздылығына байланысты түсіндіруге болады - сондықтан да ондағы көптеген объективтік факторларға байланысты болмай тұрмайтын келеңсіздіктердің орын алуы әбден мүмкін еді, міне осы қателіктер тырп еткізбей айыптау үшін жетіп жатты. Әрине, репрессия қылбұрауының аталған топтан басқаларды да жайпағаны белгілі.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, тек қана «қылмыс» істегендер ғана сотталған жоқ. Олардың отбасы мүшелері де айыпты деп есептеліп, лагерлерден орын алды. «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелері отағаларымен бірге қасірет тартқан еді. Дегенмен, саяси репрессиялар да барлық басқа құбылыстар сияқты белгілі бір жағдайда пайда болып, белгілі бір тәсілмен дамыды және белгілі бір уақытта өзінің жойылу кезеңіне өтуі тиіс болатын. Бұл құбылысқа барынша көп адамдардың тартылуы оның ары қарай дамуында бір тоқтамға келуін меңзеген еді - не қойылған мақсатқа жетіп, бұрынғы бағытты өзгерту, не бұл процесті бақылаудан шығарып алу. Сонымен қатар, ІІХК органдары рөлінің соншалықты асқақтатылуы билік басындағылардың күштерінің арасалмағын барынша бұзды, мұны бұлай бетімен жіберуге болмайтын.

1938 ж. 11-нен 20-сы аралығында өткен БК(б)П ОК қаңтар пленумында «Партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығару кезіндегі қателіктері мен БК(б)П қатарынан шыққандардың аппеляцияларына формалды – бюрократтық көзқарасы және осы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар туралы» мәселе қаралды. Пленумда қабылданған қаулыда, партияның өткен кезеңінде жағдайдың бақылаудан шыға бастағанын көрсететін фактілер көп келтіріледі.

Жаппай репрессияларды доғару ісі ІІХК басшылығын ауыстырып, оның барлық бөлімшілерін партия аппараты бақылауына беруден басталды. Н. Ежов су транспорты халкомы орнына жылжытылды. 1938 жылдың тамызынан бастап ішкі істер халкомы болып Л. Берия жұмыс істей бастады. Тиісінше ішкі істер органдарында «тазалау» жүргізіліп, осы саланың ірі басшылары орнынан алынып, істері сотқа берілді. Шығарылған үкімдердің көпшілігі ең жоғарғы жаза болып, мұның өзі «уақыт талабына сай» іс-шара ретінде түсінілді. Осы орайда көп жағдайда Н. Ежовтың орнынан кетірілуі, сотталып ату жазасына кесілуі, сонымен бірге ІІХК-ның облыстық және аудандық деңгейден бастап, басқа да ірі басшыларының осындай тағдырға ұшырауы жаппай қылмыстың ізін жасыру ретінде қарастырылып келді. Әйтсе де мәселе басқада еді – тез арада ІІХК органдарындағы төтенше өкілеттіліктердің күшін жоймаған жағдайда, олар өз қарамағандағы құрылымдарға сүйене отырып жеке саяси күшке айналуы және бақылаудан толықтай шығып кетуі әбден мүмкін болатын. ІІХК органдарына қатысты іс оларды орнынан ауыстырумен шектелген жоқ. И. Сталин қол қойған телеграмманың бірінші пунктінде БК(б)П ОК қабылдаған қаулы туралы айтыла келіп, ол бойынша тез арада барлық деңгейдегі ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке істері жүргізіліп, бекітіліп оны тексеру тиісті деңгейдегі партия органдарына – ұлттық компартиялар ОК-не, өлкекомдар мен обкомдарға тапсырылып, аталған жеке істер осы партия органдарында сақталынатын болды. Хатта, мұндай тексерудің нәтижесінде «ІІХК органдарын, саяси сенімге лайықсыз, алдау арқылы кірген, барлық дұшпан адамдардан тазарту керектігі» атап, көрсетіледі [24]. Беріліп отырған кешенді іс-шаралар, ендігі жерде ІІХК қызметкерлерінің тиісті деңгейдегі партия органдары номенклатурасында болып, олардың алдында саяси тұрғыда тікелей жауапты екендігін білдірді. Хаттағы барлық пунктер 1.01.1939 жылға дейін орындалу керек болды.

1938 жылы басталған ішкі партиялық және қоғамдық өмірдегі сауығу процесі екіжақты мазмұнда болды. Бір жағынан репрессиялық іс-шаралар ауқымы қысқартылып, ІІХК органдарына бақылау қойылса, екінші жағынан әлі де өз тағдырының не боларын білмей түрме түнегінде жатқандар жеткілікті болатын. Олардың қылмыстық істерін қысқартып, қамаудан босатуға әлі де ешкім асыға қойған жоқ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет