Зертханалық жұмыс №6
Ерітінділерді дайындау
1. Концентрациясы пайызбен берілген ерітінділерді әзірлеу
а) 5 пайыздық калий бихроматының 50 г ерітіндісін сусыз тұздан және судан әзірлеу.
50 г 5 пайыздық ерітінді әзірлеу үшін қажетті калий бихроматының K2Cr2O7 мөлшерін есептеңіз. Бұл есептелген тұзды қанша суда еріту керек? Технохимиялық таразыда 0,01 дәлдікпен өлшенген калий бихроматын сыйымдылығы 100 миллилитрлік стақанға салып оның үстіне суды цилиндрмен өлшеп құйып, шыны таяқшамен араласыра отырып ерітіңіз. Тұздың кристалдары толық ерігеннен кейін ерітіндіні 50 милилитрлік цилиндрге құйып, ареометрмен оның тығыздығын анықтаңыз.
Қосымшадағы таблицаны пайдаланып, бихромат ерітіндісінің пайыздық концентрациясын тығыздығы бойынша табыңдар. Осы ерітіндінің әзірленуге тиісті және әзірленгеннен кейінгі концентрацияларын салыстырыңыз. Әзірленген осы ерітіндінің молярлық және нормальдық концентрацияларын есептеңіз.
ә) Натрий карбонатының 200г 5 пайыздық ерітіндісін кристаллогидраттан және судан әзірлеу.
200 г 5 пайыздық ерітінді әзірлеу үшін сусыз тұзға есептелінген Na2CO3 қанша кристалды содада Na2CO3·10H2О болатындығын есептеңіз.
Фарфор келіде майдаланған кристалды соданың қажетті мөлшерін есептеп алып, сыйымдылығы 250 миллилитрлік стаканға салыңыз. Соданы еріту үшін тиісті мөлшердегі дистильденген суды цилиндрмен өлшеп, стаканға құйып, шыны таяқшамен араластырып ерітіңіз. Әзірленген ерітіндіні 250 миллилитрлік цилиндрге ауыстырып, оның тығыздығын ареометрмен анықтаңыз. Ерітіндіні көрсетілген ыдысқа құйып, ареометрді таза сумен жуып лаборантқа тапсырыңыз.
Қосымшадағы таблицаны пайдаланып, ерітіндідегі Na2CO3 пайыздық концентрациясын анықтаңыз. Егер таблицада дәл тығыздық көрсетілмесе онда интерполяция әдісін қолданыңыз. Әзірленуге тиісті және әзірленген осы ерітіндінің концентрацияларын салыстырып, қателік пайызын есептеңіз.
Қателік проценті
Осы ерітіндінің нормальдық және молярлық концентрацияларын есептеңіз.
б) концентрлі күкірт (тұз) қышқылынан 250 г 10 пайыздық ерітінді әзірлеу.
Зертханада берілген концентрлі күкірт, (не тұз) қышқылының тығыздығын ареометрмен анықтаңыз. Қосымшадағы кестені пайдаланып, тығыздығы бойынша осы қышқылдың пайыздық концентрациясын табыңыз (қажетті жағдайда интерполяция әдісі қолданылады). 250г 10 пайыздық ерітінді әзірлеу үшін күкірт (не тұз) қышқылының қанша салмақ мөлшері керектігін және салмақ мөлшерін тығыздыққа бөлу арқылы қышқылдың көлемін есептеңіз.
Ерітінді әзірлеуге қажетті суды цилиндрмен өлшеп стақанға құйыңыз. Өлшеуіш цилидр, не бюреткада өлшенген қышқыл көлемін стақандағы судың үстіне шыны таяқшамен араластыра отырып, абайлап құйыңыз.
Әзірленген ерітіндіні таблицада көрсетілген температураға дейін салқындатып, оның тығыздығын ареометрмен анықтаңыз.
Әзірленген ерітіндіні көрсетілген ыдысқа құйыңыз. Жоғарыда көрсетілген таблицаны пайдаланып, әзірленген ерітіндінің пайыздық концентрациясын анықтап, тәжірибенің орындалу дәлдігін (қателік пайызын) есептеңіз. Осы ерітіндінің молярлық концентрациясын есептеп табыңыз.
в) Концентрациялары әр түрлі екі ерітіндіні араластыру. 5 және 20 пайыздық ас тұзы ерітінділерінен 250 г 8 пайыздық ерітінді әзірлеу.
Диагональ схемасын қолданып, 5% және 20% ерітіндінің қажетті салмақ қатынастарын табыңыз. Қосымшадағы таблицаны пайдаланып, ерітіндінің тығыздығын және сол бойынша ерітінділердің (5% және 20%) көлемін есептеңіз. Қажетті ас тұзы ерітінділерін (5% және 20%) өлшеуіш цилиндрмен өлшеп, стақанға құйып, шыны таяқшамен араластырыңыз.
Әзірленген ерітіндінің тығыздығын ареометрмен өлшеп, ондағы ас тұзының пайыздық мөлшерін анықтаңыз. Әзірленуге тиісті және әзірленген ерітіндінің концентрацияларын салыстырып, қателік пайызын есептеңіз.
Осы ерітіндінің молярлық және нормальдық концентрацияларын есептеңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |