Бекітілген қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының ішкі қызмет жарғысы



бет10/25
Дата09.06.2016
өлшемі1.48 Mb.
#125322
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   25

Рота старшинасы

161. Рота старшинасы бейбіт және соғыс уақытында: сарбаздардың, сержанттардың ротадағы әскери тәртіп пен ішкі жарғылық тәртіпті ұстауы, сарбаздар мен сержанттардың рота бойынша тәуліктік нарядта қызмет атқару ережелерін сақтауы; рота қаруының, оқ-дәрілері мен басқа да мүлкінің, сондай-ақ әскери қызметшілердің қоймадағы жеке заттарының сақталуы; рота сарбаздары мен сержанттарының сыртқы пішіні үшін жауап береді.

Ол рота командиріне бағынады, рота орналасқан жердегі ішкі тәртіптің тікелей ұйымдастырушысы және рота сержанты мен ротаның аға технигінен (технигінен) басқа, рота сержанттары мен сарбаздарының тікелей бастығы болып табылады.

162. Рота старшинасы:

ротаның әрбір сарбазы мен сержантының тегін, атын, қызмет мерзімін, атқаратын лауазымын, жеке қасиеттерін, отбасы жағдайын білуге және оларға қамқорлық көрсетуге;

рота сарбаздары мен сержанттарының сыртқы пішінін бақылауды жүзеге асыруға, мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне киім-кешек пен аяқ киімді жеке шақтап пішуді жүргізуге;

ротаға келіп түсетін қаруды, жабдықты, мүлікті және басқа да материалдық құралдарды уақтылы алуға және қарап тексеруге, олардың болуын, дұрыс пайдаланылуын, сақталуын, қызмет көрсетілуін бақылауды жүзеге асыруға, олардың есебін жүргізуге және жөндеуге уақтылы жіберуге; ай сайын ротаның мүлкін есепке алу кітабын бригада қызметтерінің есепке алу кітаптарымен салыстырып тексеруге және белгіленген есеп беру құжаттарын ұсынуға;

ротаның жеке құрамының киім-кешек мүлкін жөндеуі үшін материалдардың болуына қам жасауға;

ротадан тәуліктік нарядқа тағайындалатын сарбаздар мен сержанттардың даярлығын жүзеге асыруға, оны таралым алдында қарап тексеруге және таралымға уақтылы жіберуге, рота бойынша кезекшінің және тәуліктік кезекшінің міндеттерін нақты орындауына бақылауды жүзеге асыруға;

ротадан тағайындалатын командаларды әзірлеуге және жіберуге, оларды азық-түлік, киім-кешек және басқа да мүлікпен қамтамасыз етуге;

рота жеке құрамының моншада жуынуын ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, ротаны моншаға жеке өзі апаруға және оны медициналық қарауға ұсынуға;

әскери қызметшілердің тамақтануы туралы қамқорлық көрсетуге, рота бойынша кезекші арқылы асхана бойынша кезекшіге жауынгерлік кезекшіліктегі, жауынгерлік қызметтегі, нарядтағы немесе қызметтік істер бойынша жоқ адамдарға тамақ қалдыру туралы өтінім беруге; тамақты қызмет атқару және сабақтар өткізу орнына жеткізуді ұйымдастыруға;

ротаны асханаға апаруға;

пештерді дұрыс жағуды, өрт сөндіру құралдарының ұсталуын және рота сарбаздары мен сержанттарының рота орналасқан жерде өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтауын ұйымдастыруға және бақылауға;

ротаның әскери қызметшілерін азық-түлікпен, киім-кешекпен және басқа да мүлікпен қамтамасыз етудегі кемшіліктер туралы рота командиріне дереу баяндауға, оларды жоюға шешім қабылдауға;

рота әскери қызметшілерінің қоймадағы жеке заттарының сақталуын ұйымдастыруға және есебін жүргізуге;

ротаның жауынгерлік даярлық жөніндегі сабақтарға оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдарды алуын және беруді ұйымдастыруға;

әскери бөлім орналасқан жерден сейілдемеге шыққан кезде мерзімді әскери қызмет өткерудегі сарбаздар мен сержанттарға (13-қосымша) сейілдеме қағаздарын беруге және олардың киім нысанын кигендігін және өздерін қоғамдық орындарда ұстау ережелерін білетіндігін тексеруге;

рота сарбаздары мен сержанттарынан әскери тәртіптің, күн тәртібінің (қызмет уақыты регламентінің) сақталуын талап етуге, рота командиріне әскери тәртіптің бұзылғандығы туралы, сондай-ақ рота сарбаздары мен сержанттарына қолданылған көтермелеулер мен салған тәртіптік жазалар туралы дереу баяндауға;

взводтар арасында қызметке және жұмысқа нарядтарды бөлуге, сержанттарға нарядтар кезектілігін жеке өзі жүргізуге және взводтардағы нарядтарды жүргізудің дұрыстығын тексеруге;

рота командирінің рұқсатымен қарауылдарға қаруды, оқ-дәрілерді және сарбаздарға, сержанттар мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге, ал бөлімше кезекшісіне әскери бөлім бойынша кезекшінің бұйрығымен пистолеттерді беруге, тапсырғаннан кейін оларды жеке өзі қабылдауға және қарап тексеруге;

таңертеңгі тексеру мен кешкі тексеруді жүргізуге басшылық жасауға;

рота бойынша кезекші арқылы әскери бөлім бойынша кезекшіге жеке құрамның шығысы; іссапарға кеткендер; сабақтардағы қарулар, оқ-дәрілер туралы; кешкі тексеруде болмағандар, ал өз еркімен кетіп қалғандар болса, олардың әскери атағы, тегі, аты мен әкесінің аты туралы мәліметтер беруге;

ротаның барлық үй-жайларының, сондай-ақ ротаға бекітіліп берілген аумақ учаскесін таза және тәртіпте ұстауды ұйымдастыруға және оларды жалпы жинауға басшылық жасауға міндетті.



Взвод сержанты (взвод командирінің орынбасары)

163. Взвод сержанты (взвод командирінің орынбасары) бейбіт және соғыс уақытында: сержанттар мен сарбаздарды оқыту, әскери тәрбиесі мен тәртібі; взводтағы жарғылық ішкі тәртіп; бағыныстылардың дұрыс қызмет атқаруы; взводтың әрбір сержанты мен сарбазының сыртқы пішіні үшін жауап береді.

Ол взвод командиріне бағынады. Взвод командирі болмаған кезде оның міндеттерін орындайды және взвод сарбаздары мен сержанттарының тікелей бастығы болып табылады.

164. Взвод сержанты (взвод командирінің орынбасары):

взвод сарбаздары мен сержанттарын оқытуға, тәрбиелеуге, олармен сабақ өткізуге; сарбаздарды жеке даярлауды жүргізуге;

бөлімше командирлерінің сарбаздарды дұрыс оқытуын бақылауға;

взводтағы жауынгерлік даярлықтың есебін жүргізуге;

взводтың сержанттарымен және сарбаздарымен спорттық жұмысты ұйымдастыруға және жүргізуге;

әрбір бағыныстының тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, жеке қасиеттерін, әскери қызметке дейін айналысқан қызмет түрін, отбасы жағдайын, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен кемшіліктерін білуге;

бағыныстыларға қамқорлық көрсетуге және олардың мұқтаждықтары мен сұраныстарын жете түсінуге, олардың барлығына тиісті жабдықталым нормаларының жеткізілуіне қол жеткізуге;

бөлімше командирлері мен взвод сарбаздарының әскери тәртіпті сақтауын және қызмет атқаруын бақылауды жүзеге асыруға;

үй-жайдың тазалығы туралы қам жасауға, бөлімшелер арасында оны жинаудың кезектілігін белгілеуге; взводтағы жеке және қоғамдық гигиенаның сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;

взводта бар материалдық бөлімді, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану ережелерін білуге; оларды ақаусыз жай-күйде ұстауға, олардың болуы мен дұрыс пайдалануын бақылауды жүзеге асыруға;

әрбір сабаққа (оқу-жаттығуға) шығар алдында сержанттар мен сарбаздардың болуы, олардың сыртқы пішінін, жабдықтарының шақтап пішілуін тексеруге, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілерді қарауды жүргізуге;

сабақтар (оқу-жаттығулар) барысында жеке құрамның қауіпсіздік талаптарының сақтауын, қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың, оқу материалдық-техникалық базасының сақталуын және дұрыс пайдалануын, оқ-дәрілер мен басқа да шығыс құралдарын дұрыс пайдалануы бақылауды жүзеге асыруға;

сабақтар мен оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін барлық қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың болуы мен жиынтығын, сондай-ақ оқ ату қаруының, оқ-дәрілердің, оқу-жаттығу аспаптарының, оқу-жаттығу және елестету құралдарының болуын жеке өзі тексеруге. Бұл ретте қару (қару-жарақ) ұңғыларының каналдарында патрондардың (оқ-дәрілердің) болуына (жоқтығына) ерекше назар аударуға және оларды алуға (атуға) шаралар қабылдауға; қару мен шанецтік аспапты тазалауды, қару-жараққа, әскери және басқа техникаға техникалық қызмет көрсетуді, сондай-ақ сабақ өткізетін орындарды жинауды ұйымдастыруға;

апта сайын взводтың сержанттар құрамымен қызметтік іс-әрекеттер, әскери тәртіп пен ішкі тәртіп бойынша қорытынды жасауға, взвод командиріне және рота сержантына уақтылы баяндауға;

взводтың жеке құрамын таңертеңгі тексеруді кезең-кезеңмен жүргізуге;

бағыныстылардан төсек-орын керек-жарақтарын, киім-кешегі мен аяқ киімін жинаулы және ұқыпты күйде ұстауын талап етуге, взвод сержанттары мен сарбаздарының киім-кешек мүлкін ағымдағы жөндеуді уақтылы жүргізуіне бақылауды жүзеге асыруға;

взвод командиріне бағыныстылардың барлық өтініштері, көтермелеулер, теріс қылықтары мен салынған тәртіптік жазалары туралы баяндауға;

бағыныстыларға қамқорлық жасауға және олардың мұқтаждықтарын жете түсінуге;

сарбаздарды қызметке және жұмысқа нарядтарға тағайындауға, взводтың нарядтар парақтарын, взводтың жеке құрамының, қару-жарағының, әскери, басқа техникасы мен басқа да материалдық құралдарының есебін жүргізуге;

бағыныстылардың қайда және немен айналысып жатқанын ұдайы білуге;

взвод командирінің орнына қала отырып, оның міндеттерін орындауға міндетті.



Бөлімше (экипаж, есептоп) командирі

165. Бөлімше (экипаж, есептоп) командирі бейбіт және соғыс уақытында: бөлімшенің жауынгерлік әзірлігі; бағыныстылардың оқуы, әскери тәрбиесі, тәртібі және моральдық-психологиялық жай-күйі, саптық жинақылығы мен сыртқы пішіні; қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, жарақтарды, киім-кешекті, аяқ киімді дұрыс пайдалану мен сақтау және оларды тәртіпте және ақаусыз жай-күйде ұстау; бөлімшенің (экипаждың, есептоптың) жауынгерлік міндеттерін табысты орындауы үшін жауап береді.

Ол взвод командиріне, взвод сержантына (взвод командирінің орынбасарына) бағынады және бөлімше (экипаж, есептоп) жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.

166. Бөлімше (экипаж, есептоп) командирі:

бөлімшенің (экипаждың, есептоптың) сарбаздарын оқытуға және тәрбиелеуге, ал жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде оларды шебер басқаруға;

әрбір бағыныстының тегін, атын, туған жылын, жеке қасиеттерін, әскери қызметке дейін айналысқан қызмет түрін, отбасы жағдайын, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен кемшіліктерін білуге;

бөлімшенің (экипаждың, есептоптың) материалдық бөлімін, қару-жарағын (әскери және басқа техникасын), басқа да мүлкін пайдалану ережелерін білуге, олардың болуын қадағалауды жүзеге асыруға, күн сайын қарауға, тәртіпте және ақаусыз жай-күйде ұстауға;

бөлімшенің (экипаждың, есептоптың) сарбаздарын қызметін құрметтеуге, өз қару-жарағына, әскери және басқа техникаға ұқыпты қарауға дағдыландыруға;

бөлімшенің (экипаждың, есептоптың) сарбаздарының саптық жинақылығы мен дене төзімділігін қалыптастыруға;

бағыныстыларға қамқорлық жасауға және олардың мұқтаждықтарын жете түсінуге;

взвод сержантына (взвод командирінің орынбасарына) барлық сырқаттанғандар, бағыныстылардың ұсыныстары, арыздары мен өтініштері туралы, олардың теріс қылықтары мен олардың алдын алу жөнінде қолданылған шаралар туралы, оларды көтермелеулер мен салынған жазалар туралы, қаруды, жарақты және басқа да мүлікті жоғалту немесе ақаулық жағдайлары туралы баяндауға;

бөлімшедегі күн тәртібінің (қызмет уақыты регламентінің), тазалық пен ішкі тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға, бағыныстылардың әскери тәртіпті сақтауын талап етуге;

рота командирінің шешімі бойынша ротада ұйқыдан тұрғызуға, таңертеңгі тексеруге, кешкі тексеруге кезең-кезеңмен қатысуға;

бағыныстылардан киім-кешегі мен аяқ киімін таза, ұқыпты күйде ұстауын, жабдықтарды шақтап пішуді, олардың жеке және қоғамдық гигиенаны, әскери киім нысанын кию ережелерін сақтауын талап етуге;

күн сайын аяқ киімнің, киім-кешектің тазалығын, шұлғауларын, ұйықтарын кептіруін, жарақтардың металл бөліктерін тазалауын, сондай-ақ аяқ киім мен киім-кешекті уақтылы жөндеуді бақылауды жүзеге асыруға;

оқ атулар, оқу-жаттығулар мен сабақтар аяқталғаннан кейін бөлімшенің барлық жеке құрамының оқ-дәрілер мен гильзаларды тапсыруын, бағыныстыларда жауынгерлік және бос патрондардың, гранаталардың, тұтандырғыштар мен жарылғыш заттардың қалмауын тексеруге;

бағыныстылардың қай жерде жүргенін және немен айналысатындығын ұдайы білуге міндетті.

Сарбаз (матрос)

167. Сарбаз (матрос) бейбіт және соғыс уақытында оған жүктелген міндеттер мен оған қойылған тапсырмалардың нақты және уақтылы орындалуы, өз қаруының, оған сеніп тапсырылған әскери, басқа техниканың ақаусыз жай-күйі және оған берілген жабдық пен мүліктің сақталуы үшін жауап береді.

Ол бөлімше (экипаж, есептоп) командиріне бағынады.

168. Сарбаз (матрос):

өзінің Қарулы Күштер жауынгері конституциялық міндетін жете түсінуге, әскери қызмет міндеттерін үлгілі орындауға;

әскери істі сапалы түрде оқып-үйренуге, оған командирлер (бастықтар) оқытатынның бәрін ұқыпты және нақты меңгеруге; өзінің қызметтік міндеттерін үлгілі орындауға; жалпы әскери жарғылардың талаптарын нақты білуге және адал ниетпен орындауға;

командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарын мүлтіксіз, нақты және мерзімінде орындауға:

батыл және тәртіпті болуға; өзін абыроймен және қадір-қасиетпен ұстауға, қоғамдық тәртіптің бұзылуына, лайықсыз теріс қылықтарға жол бермеуге және жолдастарын олардан тоқтатуға;

мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға;

командирлер (бастықтарға) мен үлкендерге құрмет көрсетуге, басқа әскери қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, әскери әдептілік, мінез-құлық және әскери сәлемдесу ережелерін сақтауға:

қаруды (қару-жарақты, әскери және басқа техниканы) білуге және ол әрқашанда ақаусыз, тазаланған, ұрысқа әзір болуға;

бригада командирін қоса, өзінің тікелей бастықтарының лауазымын, әскери атағы мен тегін білуге;

мемлекет мүлкін сақтауға, киім мен аяқ киімді ұқыпты киюге, оларды уақтылы және ұқыпты жөндеуге, күн сайын оларды тазалауға және көрсетілген жерде сақтауға;

өзін күн сайын шынықтыруға, өзінің дене дайындығын жетілдіруге, жеке және қоғамдық гигиенаны сақтауға;

қаруды ұстаған, қару-жарақпен және әскери техникамен жұмыс істеген кезінде және басқа да жағдайларда қауіпсіздік талаптарын, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын орындауға;

бригаданың орналасу шегінен тыс шығу қажет болған кезде бұған бөлімше командирінен рұқсат сұрауға, ал келгеннен кейін оған келгендігі туралы баяндауға;

әскери киім нысанын киіп жүру ережелерін сақтауға міндетті.

Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерудегі сарбаз (матрос) одан басқа, взвод командирінің (взвод сержантының) шешімі бойынша ротадағы таңертеңгі тексеру мен кешкі тексеруде жиі болуға міндетті.

169. Сарбазға қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен үлгілі әскери тәртібі үшін ефрейтор әскери атағы, ал матросқа аға матрос атағы берілуі мүмкін.

Ефрейтор (аға матрос) бөлімше командиріне сарбаздарды (матростарды) оқыту мен тәрбиелеуде көмектесуге және әскери міндет қызметтерін орындаудың үлгісі болуға міндетті.



2-тарау. Ішкі тәртіп

Жалпы ережелер

170. Ішкі тәртіп - бұл заңдармен, жалпы әскери жарғылармен, бұйрықтармен және нұсқаулықтармен айқындалған әскери қызметшілерді әскери бөлімде (бөлімшеде) орналастыру, күнделікті қызметі мен тұрмысы және тәуліктік нарядтың қызмет атқару ережелерін қатаң сақтау.

Ішкі тәртіпке:

барлық әскери қызметшілердің заңдармен, әскери жарғылармен, бұйрықтармен және нұсқаулықтармен айқындалған міндеттерін терең түсінуімен, ұғына және нақты орындауымен;

әскерлер қызметін анық ұйымдастырумен және тәуліктік нарядтың қызметін үлгілі атқарумен;

күн тәртібі мен қызмет уақытының регламентін нақты орындаумен;

мақсатқа бағытталған тәрбие жұмысымен, командирлердің (бастықтардың) жоғары талап қоюшылығын бағыныстылар мен олардың денсаулығын сақтау туралы ұдайы қамқорлық көрсетуімен үйлестірумен;

жауынгерлік даярлықты анық ұйымдастырумен;

қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды пайдалану (қолдану) ережелерін орындаумен; әскери қызметшілер орналасқан жерлерде әскери жарғылардың талаптарына жауап беретін олардың күнделікті қызметі, өмірі мен тұрмысы үшін жағдайлар жасаумен;

әскери бөлім орналасқан ауданда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаумен, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларды қабылдаумен қол жеткізіледі.



1. Әскери қызметшілерді орналастыру

Жалпы ережелер

171. Әскери бөлімдер әскери қалашықтарда орналастырылады.

Әскери қалашық деп бір жер телімінде орналасқан және әскери бөлімдерді пәтерлерге орналастыру үшін, сондай-ақ Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін, азаматтық персоналын орналастыру үшін айқындалған, арнайы мақсатта салынған ғимараттар мен құрылыстардың кешені түсіндіріледі.

Әскери қалашықтар жабық, оқшауланған және ашық болып бөлінеді.

Жабық әскери қалашықтарға өткізу жүйесі белгіленген әскери қалашықтар жатады.

Елді мекендерден тыс орналасқан әскери қалашықтар оқшауланған болып табылады.

Оқшауланған және жабық әскери қалашықтарға жатпайтын әскери қалашықтар ашық деп аталады.

Қарулы Күштердің жабық және оқшауланған әскери қалашықтарының тізбелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Әскери қалашықтардың барлық жылжымайтын мүлкі:

тұрғын үй қорынан (казармалар, тұрғын үйлер, жатақханалар, қонақ үйлер);

қызметтік қордан (штабтар ғимараттары, асханалар, бос уақытты мәдени өткізу орталықтары, клубтар, парк үй-жайлары, сақтау орындары және басқалар);

коммуналдық құрылыстардан (су және кәріздік сору станциялары, электр станциялары, трансформаторлық шағын станциялар, қазандық қондырғылары, сумен жабдықтаудың, кәріздің, жылу-газбен жабдықтаудың, электрмен жабдықтаудың ішкі және сыртқы желілері және басқалар);

жер телімдерінен құралады.

Қарулы Күштерде бейбіт және соғыс уақытында пайдаланылатын қызметтік-тұрғын үй қоры, коммуналдық ғимараттар мен жер телімдері мемлекеттік меншік болып табылады. Олар міндетті есепке алынуға, дұрыс пайдалануға және ұқыпты ұсталуға тиіс.

172. Қарулы Күштерді орналастыру және тұрақты іс-қимылы үшін берілген жер телімдері олардың иелігінде және пайдалануында болады.

173. Қарулы Күштерге қорғаныс мұқтажы үшін ғимараттар, құрылыстар, объектілер мен басқа да мүлік беріледі, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен оларды кері қайтарып алу жүргізілуі мүмкін.

174. Бөлімнің барлық үй-жайлары мен аумағын бөлімшелер арасында әскери бөлім командирі бөледі.

175. Кемелердегі матростар мен старшиналардан басқа, мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері казармаларда орналастырылады.

176. Әрбір ротаны орналастыру үшін мынадай үй-жайлар көзделуі тиіс:

жеке құрам үшін ұйықтайтын үй-жай;

ақпараттық-тәрбие жұмысы бөлмесі;

психологиялық жеңілдеу бөлмесі;

рота кеңсесі;

қару сақтауға арналған бөлме;

қару тазалауға арналған бөлме (орын);

спорт сабақтарына арналған бөлме (орын);

тұрмыстық қызмет көрсету бөлмесі;

рота мүлкі мен әскери қызметшілердің жеке заттарын сақтауға арналған қойма;

киім-кешек пен аяқ киімді кептіруге арналған бөлме;

жуынатын бөлме;

аяқ киім тазалауға арналған бөлме (орын);

душ;


дәретхана.

Әрбір батальон орналасқан жерде батальон командиріне, оның орынбасарларына, батальон штабына, офицерлер мен сержанттардың сабақтарға дайындалуына (әдістемелік даярлығына), кеңестер өткізуге және офицерлер мен сержанттар демалуына арналған бөлмелер бөлінеді.

Әскери бөлімде сабақ өткізу үшін қажетті сыныптар жабдықталады. Әрбір бөлімде жауынгерлік даңқ (тарих) бөлмесі жабдықталады және әскери бөлімнің (кеменің) құрмет кітабы мен құрметті келушілер кітабы жүргізіледі.

177. Әскери қызметшілер (мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері мен әскери оқу орындарының курсанттарынан басқа) мен олардың отбасы мүшелері тұрғын үй-жайларға (пәтерлерге) орналастырылады, ал тұрғын үй-жаймен (пәтермен) қамтамасыз етілгенге дейін оларға міндетті түрде уақытша тұру үшін қызметтік тұрғын үйлерге теңестірілген тұрғын үйлер, қызметтік тұрғын үйлер немесе жатақханаларда тұрғын үй-жайлар беріледі. Отбасылы әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерден тыс орналасады.

Бұл ретте әскери бөлім орналасқан жерде тұратын әскери қызметші әйелдер үшін жеке жатақханалар (ұйықтайтын үй-жайлар), сабақтарға дайындалуға, кеңестер өткізуге және демалуға арналған бөлмелер, душ және дәретханалар, сондай-ақ тұрмыстық қызмет көрсету мен жуынуға арналған бөлмелер жабдықталады.

Рота сержантының (рота старшинасының) лауазымын атқаратын келісімшарт бойынша әскери қызметшілер (отбасылы емес немесе отбасы бар) әскери бөлім орналасқан жерге жақын жерде орналастырылады.

178. Әскери оқу орындарының бірінші және екінші курстарының курсанттары казармаларда мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері үшін белгіленген тәртіппен орналастырылады. Кейінгі курстардың курсанттары жатақханаларға орналаса алады, отбасы барларға отбасылық жатақхана беріледі. Әскери оқу орнының бастығы отбасылық жатақханалар жоқ кезде үшінші және кейінгі курстардың отбасылы курсанттарына әскери оқу орны орналасқан жерден тыс тұруға рұқсат ете алады. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерудегі курсанттардың және әскери оқу орнына түскенге дейін мерзімді әскери қызметтен өткен адамдардың бірінші оқу жылынан бастап казармадан тыс тұруға құқығы бар.

Әскери оқу орындарының офицерлер қатарынан тыңдаушылары қызметтік тұрғын жайлармен қамтамасыз етіледі.

179. Кімге болса да, казармалар мен жатақханалардың ұйықтайтын үй-жайларын қоспағанда, әскери бөлімдердің ғимараттары мен құрылыстарында тұруға тыйым салынады.

180. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін ұйықтайтын үй-жайларға орналастыру бір адамға кем дегенде он екі текше метр ауа көлемі есебінен жүргізіледі.

Ұйықтайтын үй-жайлардағы кереуеттер ротаның штаттық-лауазымдық тізіміне сәйкес жүйелілікпен орналастырылады және олардың әрқайсысының жанында немесе бірге қосылған екеуінің жанында кереует жанына қойылатын тумбочкаларға, табуреттерге (орындықтарға) орын қалатындай, ал кереуеттер қатарының арасында жеке құрамды сапқа тұрғызуға қажетті бос орын қалатындай етіп орналастырылады; кереуеттер түзулігін сақтаумен сыртқы қабырғалардан елу сантиметрдей алыс орналастырылуы керек. Кереуеттер бірдей (стандартты) болуы тиіс.

Ұйықтайтын үй-жайлардағы кереуеттер бір немесе екі қабатты болып орналастырылуы мүмкін.

Әскери қызметші әйелдер кереуеттері бір ярусты болып орналастырылған үй-жайларда орналастырылады.

181. Олар жасаған ерліктері үшін немесе құрметті сарбаздар (матростар) ретінде рота (кеме) тізіміне мәңгі енгізілген әскери қызметшілер үшін ұйықтайтын үй-жайда көрнекті жерде ұдайы үлгілі жағдайда ұсталатын кереует қойылады. Кереуеттің тұсына батырдың рамкадағы портреті және оның ерлігінің сипаттамасы ілінеді.

182. Кереует жанындағы тумбочкада жуынатын және ұстара аспаптары, қол орамалдары, жаға астарлары, киім мен аяқ киім тазалауға арналған керек-жарақтары, жеке пайдаланатын басқа да ұсақ-түйек заттары, сондай-ақ кітаптары, жалпы әскери жарғылар, фотоальбомдары, дәптерлері мен басқа да жазу құралдары сақталады.

Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің фотоаппараттарды, аудио, бейне, радиоэлектронды техниканы, ұялы телефондарын сақтау және пайдалану тәртібі мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі заңнама талаптарымен айқындалады.

183. Казармада орналасқан әскери қызметшінің төсек-орны көрпеден, екі жаймадан, тысы бар жастықтан, матрацтан, матрац астына төселетін көрпеден тұрады. Төсектер бірдей жиналуы және күні бойы тәртіпте ұсталуы тиіс. Төсекке киім-кешекпен (демалу кезінде рота бойынша кезекшіден басқа) және аяқ киіммен жатуға тыйым салынады. Одан басқа әрбір әскери қызметші кереует жанына төселетін кілемшемен, бір жұп тапочкалармен, сондай-ақ бет пен аяқ сүртетін орамалдармен жабдықталады.

184. Зат қаптарына салынған пальто (шинель), астары жылы далалық күртеше мен шалбар, бас киімдер казарма үй-жайларында орналастырылған арнайы шкафтарда, ал газтұмшалардан басқа жеке қорғаныс құралдары стеллаждарда; салтанатты киім-кешек, спорт киімі мен жұмыс киімі ротаның мүлкін және әскери қызметшілердің жеке заттарын сақтауға арналған қойманың шкафтарында сақталады. Арнайы киім ұйықтайтын үй-жайлардан тыс шкафтарда сақталады. Тиісті жағдайлар болған кезде әскери қызметшілердің киім-кешегі, спорт киімі мен жеке заттары жеке шкафтарда (ұяшықтарда) сақталуы мүмкін. Киім-кешектің барлық түрлерін сақтауға арналған орындар әскери қызметшілерге бекітіліп беріледі және оларда әскери қызметшінің әскери атағы, тегі мен аты-жөні көрсетілген жапсырмалармен белгіленеді. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің барлық киім-кешек мүлкі заттарында олардың әскери билетінің нөмірімен тиісті таңба қойылады.

Киім-кешек пен белдік белбеулер ұйқыға жатар алдында ұқыпты және бірдей етіліп табуретке (орындыққа) қойылады, аяқ киім кереуеттің аяғына қойылады. Киім, іш киім және аяқ киім қажет кезінде киім-кешек пен аяқ киімді кептіруге арналған бөлмелерде кептіріледі.

185. Қару мен оқ-дәрілер, соның ішінде оқу-жаттығу, бөлімшелерде тәуліктік наряд адамдары ұдайы күзететін, терезелерінде темір торлары бар жеке бөлмеде сақталады. Бөлменің есігі жарық және электр дыбысты дабылдамамен жабдықталуы тиіс. Дабылдаманың құрылымы сақтау орындарын ашу, сондай-ақ сымның зақымдалуы кезінде оның іске қосылуын қамтамасыз етуі тиіс. Бөлмеде тәулік бойы толық жарық болуы керек. Қару сақтауға арналған бөлменің бөлім бойынша кезекшіге шығатын белгі беру құрылғысы болуы тиіс. Дабылдама апаттық қоректендірілген болуы қажет.

Техникалық дабылдама құралдарының жай-күйі үшін бөлімше командирі жауапты болады. Оны орнату және ақаусыз жай-күйде ұстау үшін бөлім бойынша бұйрықпен мамандар қатарынан пайдалану тобы тағайындалады.

Қару сақтауға арналған бөлме есігінің қарайтын көзшесі болуы және үй-жайдың ішіне қарай ашылуы (бір жаққа қарай жылжуы) тиіс. Темір торлы есік немесе жылжымалы темір торлы қабырға орнатуға рұқсат етіледі.

Оқшашарлар (оқшашарларға қосалқы ұңғылар), автоматтар, карабиндер, винтовкалар мен қол граната атқыштары, сондай-ақ сүңгі-пышақтар пирамидаларда, ал пистолеттер мен оқ-дәрілер құлыпқа жабылатын темір шкафтарда немесе жәшіктерде сақталады. Пирамидаларда шағын саперлік күректер, газтұмшалар, ал болат дулығалар пирамидалардың үстінде сақталады. Қару сақтауға арналған бөлмеде, сондай-ақ штаттық қарумен оптикалық көздеу және бақылау аспаптары сақталады және орналастырылады.

Оқу-жаттығу қаруы мен оқу-жаттығу оқ-дәрілері жауынгерліктен бөлек сақталуы тиіс. Жеке пирамида болмаған кезде оқу-жаттығу қаруын жауынгерлікпен бірге сақтауға рұқсат етіледі, бұл ретте оны сақтау орны «Оқу-жаттығу қаруы» деген жазумен белгіленеді және қоршаумен бөлінеді. Оқу-жаттығу пистолеттері бөлімше әскери қызметшілерінің жауынгерлік пистолеттерімен бірге сақталады. Оқу-жаттығу патрондары қару сақтауға арналған бөлмеде құлыпқа жабылатын және мөрленген жеке жәшікте сақталады.

Спорттық қару жауынгерлікпен бірге сақталады. Оны сақтау орны "Спорттық қару" деген жазумен белгіленеді. Спорттық қаруға патрондар жауынгерлік патрондармен бірге сақталады. Оқу-жаттығу, спорттық қаруды, оқу-жаттығу және спорттық патрондарды беру жауынгерлікті бергендей жүргізіледі. Оқ-дәрілерді оларды ұстау үшін жабдықталмаған шкафтар мен жәшіктерде сақтауға үзілді-кесілді тыйым салынады.

186. Қаруы бар пирамидалар, пистолеттер мен оқ-дәрілер бар шкафтар мен жәшіктер, сондай-ақ бөлімшенің қару сақтауға арналған бөлмелері сенімді тиектермен жабдықталуы, құлыпқа жабылуы және нөмірлі мөрлермен: пирамидалар - рота (бөлімше) бойынша кезекшінің мөрімен, ал қару сақтауға арналған бөлме - рота (бөлімше) бойынша кезекшінің және әскери бөлім бойынша кезекшінің (бригада бөлімшелері орталықтандырылмай орналастырылған жағдайда - бөлімше командирінің мөрімен); пистолеттер, жауынгерлік және оқу-жаттығу оқ-дәрілері бар шкафтар мен жәшіктер - бөлімше командирінің (рота старшинасының) мөрімен мөрленуі тиіс.

Қару сақтауға арналған бөлмелер мен пирамидалардың кілттері күндізгі уақытта рота бойынша кезекшіде болуы, ал тексеруді жүргізгеннен кейін бөлім бойынша кезекшіге мөрленген пеналда сақтауға тапсырылуы тиіс. Пистолеттер, оқ-дәрілер мен оқу-жаттығу оқ-дәрілері бар шкафтардың, жәшіктердің кілттері бөлімше командирінде (рота старшинасында), ал ол қызметтен кеткен кезде мөрленген пеналда бөлім бойынша кезекшіге тапсырылады. Басқа адамдарға кілттерді беруге үзілді-кесілді тыйым салынады.

Қосалқы кілттер рота (бөлімше) командирінде мөрленген пеналда, құлыпқа жабылатын сейфте сақталады.

Қару сақтауға арналған бөлмеде материалдық құралдардың тізімдемесі ілінеді, оған осы бөлмеде бар пирамидалардың, шкафтардың, жәшіктердің, стенділердің, плакаттар мен басқа да мүліктердің саны енгізіледі. Тізімдемеде жәшіктердің, шкафтардың мүкәммалдық нөмірі мен олардың қандай мөрмен мөрленгені көрсетіледі.

Әрбір пирамидаға (шкафқа, жәшікке) жауапты адамның бөлімшесі, әскери атағы, тегі мен аты-жөні, пирамиданың (шкафтың, жәшіктің) нөмірі және ол мөрленетін мөрдің нөмірі көрсетілген жапсырма бекітіледі.

Пирамидада (шкафта, жәшікте) онда сақталатын қару мен мүліктің түрін және санын көрсетумен тізімдеме ілінеді. Пирамиданың (шкафтың) әрбір ұясының қасына қарудың түрі мен нөмірі және газтұмшаның нөмірі, сондай-ақ олар бекітіліп берілген адамдардың әскери атағы, тегі мен аты-жөні көрсетілген жапсырма жапсырылуы (бекітілуі) тиіс.

Қару сақтауға арналған бөлмеде, пирамидаларда, шкафтарда, жәшіктерде бар барлық тізімдемелерге рота (бөлімше) командирі қол қояды.

Бір әскери бөлімнің бірнеше бөлімшесінің қаруы мен оқ-дәрілері бір бөлмеде сақталған жағдайда бөлім командирінің бұйрығымен қару мен оқ-дәрілерді орналастыру, сақтау және сақталуын қамтамасыз ету тәртібі үшін жауапты тағайындалады, ол бөлме мүлкінің тізімдемесіне де қол қояды.

Қару мен оқ-дәрілер сақтауға арналған бөлмелерді ашу тек бөлімше командирінің, әскери бөлім бойынша кезекшінің және бөлімше бойынша кезекшінің қатысуымен жүргізіледі. Көрсетілген адамдардың біреуі болмаған жағдайда ашу әскери бөлім командирінің жеке рұқсатымен жүргізіледі.

Бөлімді (бөлімшені) жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде рота (бөлімше) бойынша кезекші қару сақтауға арналған бөлмені, қару мен оқ-дәрілерді беруді өз бетімен жүргізеді.

Қару сақтауға арналған бөлмеде басқа да мүлікті сақтауға үзілді-кесілді тыйым салынады.

187. Батальон (әскери бөлім басқармасы мен қызметтері) офицерлерінің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің (жеке табельдік қаруға құқығы бар) жеке қаруы, оларға патрондар және радиоактивті сәулелену мөлшерін өлшеуіштер роталардың біреуіндегі (әскери бөлім штабындағы) құлыпқа жабылатын темір шкафта сақталады. Бұл ретте патрондар оның сақталуына жауап беретін адам мөрлеген құлыпқа жабылатын темір жәшікте болуы тиіс. Тәуліктік нарядта қызмет атқару үшін офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге берілетін патрондар жәшіктен тыс шкафта сақталуы тиіс. Шкафты рота (бөлімше) командирі немесе рота старшинасы (әскери бөлім бойынша кезекші) мөрлейді. Әскери бөлім бойынша кезекшіде бар офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің жеке қаруы, патрондары мен радиоактивті сәулелену мөлшерін өлшеуіштері бар шкафтың одан басқа, қарауыл бастығына жабық түрде шығарылған электр дыбыстық дабылдамасы болуы тиіс.

Батальон офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің жеке қаруы бар шкафтың және патрондары бар жәшіктердің кілттері бөлімше командирінде (рота старшинасында), ол қызметтен кеткен кезде бөлім бойынша кезекшіде мөрленген пеналда сақталады, ал әскери бөлім басқармасы мен қызметтерінің әскери қызметшілерінікі әскери бөлім бойынша кезекшіде сақталады. Пистолеттер мен оларға патрондарды беру және қабылдау тәртібін әскери бөлім командирі белгілейді.

188. Бөлімшенің қарауылдары мен кезекшісі үшін патрондар құлыпқа жабылатын және мөрленген, кілттері мен мөрі рота (бөлімше) командирінде (рота старшинасында) сақталатын темір жәшіктерде болуы тиіс. Әрбір жәшіктегі оқ-дәрілердің қолда барының тізімдемесі болуы тиіс. Патрондары бар жәшіктер қаруы бар пирамидаларға жақын жерде орналастырылады.

Қарауылдары бірнеше бөлімшелерден тағайындалатын әскери бөлімдерде қарауылдар үшін патрондарды әскери бөлім бойынша кезекшінің бөлмесінде сақтауға рұқсат етіледі.

Штаттан тыс қарумен қызмет атқаратын бөлімшелер оқ-дәрілерді қарумен бір уақытта әскери бөлім командирінің (штаб бастығының) шешімі бойынша басқа бөлімшеден алады.

189. Спорт сабақтарына арналған бөлме (орын) спорттық тренажерлармен, гимнастикалық жабдықтармен жабдықталады, кір тастарымен, гантельдермен және басқа да спорттық мүкәммалмен, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары жөніндегі плакаттармен қамтамасыз етіледі.

190. Ротада он бес-жиырма адамға бір шүмек (душ себезгісі) есебінен душ бөлмесі жабдықталады, бір шүмекке бес-жеті адамнан қол жуғыштар және кемінде екі ағынды сулы аяқ ванналары орнатылады, сондай-ақ әскери қызметшілердің киім-кешегін жууға арналған орын жабдықталады.

Шеберханалар, парктер, наубайханалар, нан зауыттары, асханалар мен қазандықтар жанында, одан басқа жылы душ жабдықталуы тиіс, ал қол жуғыштар жанында сабын мен орамал болуы тиіс.

Жылытылатын үй-жайларда су құбыры болмаған кезде су құятын қол жуғыштар орнатылады, оларда су тәулік бойы болуы тиіс. Қол жуғыштарға таза су құяр алдында қалған суы төгіледі, қол жуғыштар тазартылады, кір су шығарылады және осыған арнайы бөлінген орынға төгіледі.

Киім-кешек пен аяқ киімді тазалау үшін жеке арнайы жабдықталған үй-жайлар немесе орындар бөлінеді. Ұйықтайтын үй-жайда аяқ киім тазалауға тыйым салынады.

Шылым шегуге арнайы бөлінген және өртке қарсы және санитарлық-гигиеналық жағынан жабдықталған орындарда рұқсат етіледі.

191. Тұрмыстық қызмет көрсету бөлмесі киім-кешек үтіктеуге арналған үстелдермен, әскери қызметшілердің әскери киім нысанын киіп жүру ережелері және киім-кешек мүлкімен жабдықтау, киім мен аяқ киімді жөндеу нормалары бар плакаттармен, айналармен жабдықталады және орындықтармен (табуреттермен), үтіктердің қажетті санымен, сондай-ақ шаш қиюға, киім-кешек пен аяқ киімнің ағымдағы жөндеуін жүргізуге арналған аспаппен, мүкәммалмен, фурнитурамен және басқа да жөндеу материалдарымен жабдықталады.

Жеке құрамның киім-кешегін шақтап тігу, киімі мен аяқ киімін жөндеу үшін әскери бөлім жанында арнайы шеберхана (тігін бөлмесі) жабдықталады.

192. Әскери бөлімге толықтыруға келген жеке құрам ол әскери ант қабылдағанға және бөлімшелерге бөлгенге дейін жеке үй-жайда орналастырылады. Бұл кезеңде оны тереңдетілген медициналық тексеру жүргізіледі, егулер жасалады, белгіленген нормалар бойынша киім-кешек, аяқ киім беру, оларды шақтап пішу мен таңбалау жүргізіледі; толықтырудың жеке құрамымен мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін алынған жауынгерлік даярлығын жетілдіру жөнінде сабақтар өткізіледі, олардың іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін зерделеу, мақсатты бағытталған тәрбие жұмысы ұйымдастырылады.

193. Әскери бөлім бойынша бұйрықпен толықтыруға келген жеке құрамнан жеке бөлімше құрылады, бөлімше командирі, оның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары тағайындалады, командирлер мен нұсқаушылар ретінде офицерлердің, сержанттардың (старшиналардың) қажетті саны бөлінеді.

194. Келген толықтыруды әскери бөлімнің бөлімшелері бойынша бөлу олар жауынгерлік даярлығын жетілдіру жөніндегі бағдарламалардан өткеннен, әскери ант қабылдағаннан, әрбір әскери қызметшінің іскерлік және моральдық қасиеттерін зерделегеннен кейін және оның денсаулық жағдайы, шақырылған (тұрғылықты) жері, сондай-ақ мамандығы мен мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін алған әскери-есептік мамандығы ескеріле отырып, әскери бөлім командирі бұйрығының негізінде жүргізіледі.

Келген толықтырудың жеке заттары (киімі, аяқ киімі мен басқа да заттары) тәртіпке келтіріледі, буылады және әскери бөлім оларды жіберіліммен әскери қызметшілер көрсеткен мекен жайларға жібереді.

195. Бөлім орналасқан жерден тыс тұратын ротаның барлық әскери қызметшілерінің мекенжайлары, телефондары мен әрқайсысын шақыру тәсілі көрсетілген атаулы тізімдері болуы тиіс. Бұл тізімдер рота кеңсесінде және рота бойынша кезекшіде болады. Бөлім басқармасының әскери қызметшілеріне осындай тізімдер бөлім бойынша (штаб бойынша) кезекшіде болуы тиіс.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет