Бекниязова Ферузаның «Абай лирикасы және оны оқыту»



бет2/4
Дата10.06.2016
өлшемі398.5 Kb.
#126202
1   2   3   4

Кіріспе

Еліміз өз тəуелсіздігіне ие болып, ұлттық санада үлкен өзгерістер байқалып жатқан шақта əдебиет пəнінің танымдық та, тəрбиелік те мəніне ерекше көңіл бөлінуде. Себебі, қашаннан жас ұрпаққа білім мен тəрбие беру ісінде олардың дүниеге көзқарасын қалыптастырып, сана-сезімін дамытатын пəндер арасында əдебиет пəніне ешбірі тең түсе алмайды. Бұл қашаннан белгілі ақиқат.

Біздің Отанымыздағы оқу яғни, халыққа білім беру жүйесінің жаңадан реформалануы да – осы қамқорлықтың негізі. Орта білім жүйесінде мектептің алатын орны ерекше. Мектептер – бастауыш, орталау яғни 5-8 сынып, толық орта мектеп яғни 9-11 сынып болып жұмыс жүргізуде. Қазіргі мектеп тоғыз жылдық дəрежеде қалып, одан соң колледж, лицейлерде оқу жоспарланған, бұлар басқыш бойынша қазір іске асырылмақта. Ал əдебиет пəні орта мектептерде де, лицейлер мен колледждерде де оқытылады. Сондықтан оның əдістемесі мен бағдарламаларын күнделікті үздіксіз түрде жетілдіріп отыру ауадай қажет.

Президентіміз И.А.Каримов: айтқанындай: «Буюк маданиятимизни тиклаш ва янада юксалтириш, миллий таьлим тизимини такомиллаштириш, ўнинг миллий заминини мустахкамлаш, замон талаблари билан ўйғунлаштириш асосида жахон андазалари ва куникмалари даражасига чиқариш мақсадига катта ахамият бериб келинмоқда1».

Енді республикамыздағы қазақ тілінде білім беретін мектептердің бағдарламалары мен оқыту əдістемелері де жаңа ДТС (давлат таьлим стандарти) бойынша жүзеге асады. Олай болса, еліміздегі қазақ тілінде оқытатын мектептердегі қазақ əдебиеті пəнінің де əдістемесі жаңарып, толығып, жаңа заман талабына жауап берерлік дəрежеде жасалуы шарт.

Біз мамандық жұмысымыздың басты зерттеу нысаны етіп «Абай лирикасы және оны оқыту» атты тақырыпты алып отырмыз.

Егеменді ел мүддесі тұрғысына сай жаңа адамды қалыптастыруға жалпы бастау болар тәрбиенің көзі Абайдан табылады. Абай мұрасын оқытуда өркениетке бет бұрған қазақ тілі және әдебиеті оқытушылары осы заман талабымен жаңаша пайымдап, қайта ой сарасынан өткізуді талап етеді. Абайдың адам тұлғасын қалыптастыруға негіз боларлық ғибрат сөздері ұрпақ тәрбиесіне ат салысам дегендердің тілегімен тікелей қабысып жатыр.

Солай бола тұра, мектепте қазіргі оқылып жүрген Абай шығармалары өзінің көлемі мен баланың жас және дара ерекшелігіне, білім-білік дәрежесіне лайықтылығы жағынан талапқа сай алынбағандығы байқалады. Дәл осы айтылғандардың салдарынан әр өлеңдегі мазмұнды оқушыға меңгертуге керекті әдістемелік негіз жоқтығы, әдістемелік ізденістердің тапшылығы Абай шығармашылығын оқытуда көп қиындық тудырады.

Ал бүгінгі қазақ елі өзінің ұлттық мәдениетін жандандырамыз деген егемендіктен келген құлшыныс тұсында, әсіресе, Абайды танытудағы олқылықтың есесін толтыруға дереу кірісу қажеттілігі ешбір дау туғызбаса керек. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне жауаптылардың көпіртіп айтар уағыздан арылған тұста олқылықтың орнын толтырар асыл сөз бен ақыл сөз де Абайда екені анық. Абайдың тұлға қалыптастыруға қатысты айтқан сөздері – бүгінгіге де, болашаққа да бағдарлама. Олай болса, Абай ғибратын ұрпақ бойына сіңіру, оның шығармаларындағы мазмұнды оқушы өміріне азық етерлік деңгейге көтеру – өзекті мәселе.

Мектепте білім беру дегеніміз – арнайы және мақсатты түрде тәрбие де беру. Қазіргі қоғам құрылысы, оның саясаты мен экономикасы өзгеріп отырған кезде ұрпақ тәрбиесінің мазмұны да үлкен өзгеріске ұшырады. Өйткені жаңа қоғамдық құрылыс адам атаулының бұрынғы белсенділігі, жауаптылығы, шығармашылық қабілеті деген сияқты қасиеттерінің мазмұндық ұғымын өзгертті. Бұрынғы игіліктің түгелге таяуы көптікі, қоғам мен үкіметтікі, сондықтан да бәрімізге ортақ деген ұғымға саятын. Енді игіліктің жекеменшіктік түрі өмірге еніп, күн өткен сайын өрістеуі артып келеді. Адамның әлеуметтік белсенділігі, оның қоғамдық қатынасы күрделеніп, оның қоғамдағы әлеуметтік мәні де өзгеруде. Мұның бәрі ұрпақ тәрбиесінің мазмұны және әдісі жағынан да өзгеруін қалайды.

Өз алдына егемендік алған қазақ елі өз ұрпағының, ұлтының азаматын, жаңа адамын тәрбиелеп шығу үшін осы жаңа бағытқа сәйкес тәрбие мазмұнындағы өзгеріс пен оның іске асырылуына керекті әдістің қолданылуын қамтамасыз ететін ақыл-кеңеске, әдістемелік ізденіске, осы бағытта жазылған оқу құралдарына зәру екені анық. Осы мұқтаждықтың өтелу жолының бірі есебінде Абай шығармаларын орта буын оқушыларына оқыту арқылы жаңа қоғамның жаңа адамына керекті қасиет қалыптастыру жолы, оны мектептегі сабақ жүйесінде іске асыру әдістемесі көрсетіледі. Орта буын оқушыларына ұсынылатын материалдар негізінен адамгершілік тақырып болғандықтан және олардың барлығы жаңа қоғамның жаңа адамына керекті қасиетті тәрбиелеу мақсатына бағытталады.

Ал оқу-тәрбие процесінде Абай шығармаларын нәтижелі өтудің бір кепілі – мұғалімнің әдебиеттану, педагогика, психология ғылымдарын терең меңгеріп, әр сабақта ұтымды әдіс-тәсілдерді аталған негіздермен бірлікте қатар өре білуі. Сондықтан оқу құралында Абай шығармаларын орта буында оқытудың педагогикалық, психологиялық негіздері, тәрбиелік маңызы, тиімді әдіс-тәсілдері ұсынылып отыр. Оқушыларды Абай шығармаларына қызықтыру жолдарын іздеу, оларға керекті практикалық жұмыстар жүргізу, тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, жүргізген оң нәтижелерді ұстаздар қауымына, сондай-ақ мұғалімдік мамандыққа даярланушы жастарға ұсыну уақыт күттірмейтін іс-шараның бірі болып есептеледі.

Абай шығармалары орта мектепте екі жүйеде оқып үйренілетінін айтпай кетуге болмайды. Ең алдымен əдебиеттік оқу сабақтарында яғни 5-8 сыныптардағы Абайдың әр алуан тақырыптардағы өлеңдері, ақын өмірінен берілетін мәлімет.

Екіншісі – жоғарғы кластардағы əдебиет тарихы курсы бойынша үйренілетін Абайдың шығармашылығын монографиялық түрде оқыту. Әдебиет сабақтарының бұл екі жүйесі өзара тығыз байланысты дей тұрсақ та, олардың оқытылуы мен мақсаты тұрғысынан елеулі айырмашылықтары бар. Сондықтан да, бұл екі жүйенің əдістемелік жағы екі басқа, яғни екеуі екі мақсатқа қаратылған.

Бұл туралы белгілі əдебиетші ғалым, методист Б.Тухлиев былай деп көрсетеді: «Таьлимнинг турли босқичларида боланинг еш хусусиятларигина эмас, ҳатто асарнинг жанри, услуби ҳам уни ўқитиш, ўрганишда ўзига ҳос ёндашувлар бўлишини тақоза этади. Дейликки, кадимги туркий адабиётини ўрганиш билан Яссавий ижодини ўрганишда бир ҳил усулни қуллаб бўлмаганидай, Хорезмийнинг «Мухабботномаси» билан Эркин Вахидовнинг «Ўзбегимнинг» таҳлили хам бошқа-бошқа нуқтай назарларидан ўрганилиши керак. Рубойини ўрганиш учун танланган усулни романни ўрганишга татбиқ этиш қанчалик мумкин бўлмаса, мумтоз адибларимизнинг асарларини ўрганиш билан хорижий мамлакатлар адибларининг асарларини ўрганиш орасига ҳам тенглик аломатини қуйиш шунчали хатодир2». Бұл пікірдің əсіресе, қазақ әдебиетін, оның ішінде Абай шығармашылығын оқытуда əрбір мұғалімге жол-жоба болып отыруы шарт.

Біздің мамандық жұмысымыз негізінен екі тараудан тұрады.

Бірінші тарау көлемі жағынан шағындау болып, онда 5-8 сыныптар бағдарламасы бойынша оқулық-хрестоматияға енгізілген ақынның өлеңдерін оқыту. Бұл бөлім «Абай шығармаларын 5-8 сыныптарда оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер» деп аталып, мұнда оқытудағы жаңаша әдіс-тәсілдер туралы, оларды Абай шығармаларын, өзге де ақын-жазушылардың туындылдарын оқып үйренуде пайдалану мəселесі қарастырылады.

Бұл жүйе – əдебиеттік оқу сабақтарында жүзеге асатын болғандықтан, біз Абай өлеңдерінен, туындыларынан берілген бірнеше шығармаларды оқыту жайындағы пікірлеріміз ортаға салынады.

Жұмысымыздың екінші тарауы – «Абайдың табиғат лирикасын оқыту» деп аталып, бұл тарауда 5-8 сыныптардың бағдарламасы мен оқулықтарына енген Абай туындыларын әсіресе, табиғат туралы яғни пейзаждық өлеңдерін үйренудің əдіс-тəсілдері туралы сөз жүргізіледі. Мұнда автордың өмірі, шығармасының тақырыбы мен идеясы, əдебиет тарихындағы орыны, бұл шығарманы үйренудің мəні мен маңызы т.с.с. қамтылады.

Сонымен бір қатарда, жұмыстың кіріспесіндегі айтылып көрсетілген-мақсат пен міндеттер,тақырып бойынша зерттеулерге шолу жасап өту, жұмыстың құрылысы т.с.с. өзге, мамандық ісіміздің қорытындысында жалпы мамандық жұмысында анықталған мəселелер, келген тұжырымдарымыз санамалап берілді.

Жұмыстың соңында қысқаша библиография яғни пайдаланылған əдебиеттер тізімі көрсетілді.

ТАРАУ

АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК ҮЛГІСІ

1 АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫТУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Абай Құнанбаев шығармаларын оқыту мектепте әдебиетті оқыту принциптерімен тығыз байланысты. Абай шығармалары сөз өнерінің биік үлгісі ретінде әдебиетті оқытудың мақсат-мүддесіне толық жауап береді. Мектепте оқытылатын пәндер қатарында әдебиеттің де пән ретіндегі оқытылу мақсаты оқушының білім алуына, білік дағдысын, таным, түсінігін қалыптастыруға, тәрбиелуге бағытталады. Әдебиет басқа оқу пәндері сияқты осы мақсат, міндеттерді арқалай отырып, басқа қырларымен де ерекшеленеді. Ол – әдебиеттің қоғамдық сана тудырған көркем өнердің бір саласы ретіндегі айырмашылығы. Әдебиет – адамтану, әлемтану ғылымы.

Әдебиет адам табиғатының алуан сипаттарын, сондай-ақ өмірдің қат-қабат құбылыстарын сұрыптап бере отырып, қоршаған ортаны, болмысты дұрыс қабылдауға жағдай жасайды, адамның логикалық ойлауын жетілдіріп, сана-сезіміне әсер етеді. Жинақталған көркем образдар арқылы адамгершіліктің биік үлгісін танытады.

Көркем әдебиетті мектеп қабырғасында оқыту көптеген маңызды мәселелерге баса назар аударуды қажет етеді. Мектептерде басқа пәндердің қатарында әдебиеттің оқытылуында да білім деңгейін берілген материалдың көлемімен өлшеу, тек ақпарат құралына айналдыру жағы жиі аңғарылады. Белгілі бір мәтінді, өлеңді оқытуда оқушы автор туралы не біледі, шығарма мазмұны не туралы дегенмен шектелушілік басым.

Ал оқушының сол мазмұнды қабылдауы қандай болды, қандай әсер- күй қалыптасты немесе оқушы өз тарапынан шығарманың ішкі мазмұнын қабылдай алды ма, сол шығармаға баға беруге талаптана ала ма деген мәселелер көмескі қала береді.

Оқушы оқылатын шығарманы дайын күйінде басқа авторлардың берген бағасы, түсіндіруі арқылы ұғынбай, өздігінен түсінетін, мұғалімнің жүргізетін жұмысы барысында талдай алатын, қорытынды жасай алатын дәрежеге жеткізу, оқушыға шығармашылық жағдай жасау, еркіндік беру әдебиетті оқытудағы басты міндет болса керек.

Аталған бағытта жұмыс істеу үшін әр мұғалім оқытудың педагогикалық, психологиялық негіздерін жете білуі, теориялық біліммен қаруланған, тиімді әдіс-тәсілдерді орнымен қолдана алатын дәрежеде болғаны абзал. Ол үшін Абай шығармаларын оқытуда оқушы мен мұғалімнің іс-әрекеті мақсатты түрде қалыптасқан жүйеде ұйымдастырылуы керек. Осыған орай, Абай шығармаларын 5-8 сыныптарда меңгертуге арналған модельді ұсынуға болады.

Модель мұғалімдердің оқу-тәрбие процесінде Абай шығармаларын қазақ мектептерінің орта буынында оқыту үшін нені басшылыққа алатынын және оны жүзеге асыруда қандай негізге қол салатыны, қандай әдіс- тәсілдерді қолдануға болатынын, одан оқушының қандай білім, білік дағдысын қалыптастыруға болатынын көрсетеді. Яғни мұғалімнің жоспарлы жұмыс кешеніне жол нұсқайды.

Абайдың жыл мезгіліне арналған өлеңдерінде жыл мезгілдеріне тән белгілерді суреттеп, табиғат көрінісін елестете отырып, әлеуметтік жағдайды көрсету, соны айқындау ниеті басым жатыр. Автордың қай сөзінің қатыңқы да, шытынап шығуы, қаһарлы қысқа, не суық күзге ызаланудан гөрі жыртық-тесік, кем-кетік, жұпыны өмірге, ондағы бейқамдыққа, қырсыздыққа ызалануы көбірек көрініп тұрады. Оған қоса ақынның ызалануында сол жыртық-тесік, жамау-жасқаумен жүргендер мен бүрсеңдеген балаларға жаны ашу, аяу белгісі де байқалады.

Күз туралы көңілсіздеу ой мен ақын суреттеуіндегі көрініс көз алдыңа екінші бір сиықсыз көріністі алып келеді. Ол – жыртық киім, жамау-жасқаумен жүрген ауыл әйелдері, бәрінің қабағы жабырқаңқы, бүрсеңдеген бала, от жақпаған, суықтан құты қашқан үй.

Бұл көрініс біріншіден, автордың оларға деген аянышы мен жан ашуын туғызып, екіншіден, одан туған көңіл-күйдің кейіске айналғаны байқалады. Берілген эмпатиялық әңгіме-сұхбат арқылы ақынның осы көңіл-күйін оқушыға сезіндіру мақсаты көзделуі керек.

Олай болса, орта буын сыныптарда Абай шығармаларын оқытуда басшылыққа алар бірден-бір тиімді әдіс-тәсіл сабақты эмпатиялық диалогқа негіздей құру. Бұл тектес әдіс-тәсілді аталған 5-8 сыныптарға лайықтау да негізсіз емес.

Өмірде жай суретші аңғара қоймайтын сәл нәрселерді Абай аңғарып көре білген. Сондықтан оның өлеңдері – шындық бейнесі болып шығады. Абай «Күз» өлеңінде жыл мезгілінің бір кезеңі – табиғат көрінісін суреттеуде қазақ халқының бұрынғы өміріне тән адамдардың іс-әрекеті мен күнделікті тұрмысында бар болмысты екі-үш сөз тіркестерімен нақ шындықтың бетін ашып көрсетеді.

Мәселен, «иін илеу», «кемік сүйек, сорпа-су тимеген соң», «енесіне иіртіп шуда жібін» сияқты сөз тіркестері жай ғана сыртқы көріністі сөз еткенімен, әр қайсысында көп мағына жатыр.

Өмірде не бір айтулы оқиға, қандай болмасын бір қажеттілігімен өзіне әлем ынтасын аударған үлкен істің тындырылуы немесе қандай да бір үлкеннің әуелі бір кішкентай бір болымсыздан, тіпті бір елеусізден басталғанын көптің талай рет естіп, білгені бар. Сол сияқты, өмірде жай ғана бір кішкентай нәрсенің телегей теңіз үлкен, даңқы әлемге әйгілі ұлылық туғызар бастау болатындығы да кездеседі.

Кейде тұтас тұрған үлкен мәтіннің өзіне жаңаша көзқарас жасағанда, оның сәл ғана бір бөлігі үлкен бір тұтастықтың тиегі екендігін байқатады. Абайдың ерекшелігі осы айтылғандай оңай аңғарыла бермейтінді аңғарып көре алатындығында және бір үлкен тұтастықты тиек етіп көрсете алатындығында.

Өз заманының суретшісі, ақын Абай сол кездегі халық тағдырына, олардың ауыр халіне қабырғасы қайысады. Елдің жүдеу тұрмысы, әлеуметтік жағдайы ақын шығармаларында ерекше көңіл-күйімен суреттеледі.

Абай жыл мезгілдерін суреттеген өлеңдерінде обьектив жағдай мен субьектив жағдайды тұтастыра айтып, ондағы құбылысты, әлеуметтік жәйіт пен дүниенің, табиғат болмысының көрінісін қосып, біріктіре суреттейді. Сол арқылы өз жан дүниесінің тебіренісі мен толғанысын көрсетеді. Осындай ақын толғанысын сезіндіруде оқушы мен мұғалімнің қатар әрекет етуі – эмпатикалық диалог құруы шығарма құндылығын асыра түседі.

Оқушы әрекетінсіз дайын күйінде алынған білім өміршең болмайды. Сондықтан оқушының болмысты тұтас күйінде қабылдауына әрі осы білімге оқушы бірте-бірте өз ұғым-түсініктерімен жетуіне бұндай әдіс- тәсіл жағымды жағдай жасайды.

Эмпатикалық диалог жүргізуде «Өлеңді оқып шыққанда қандай көңіл-күй пайда болды?» немесе «Абай заманға неліктен ренжиді? Ренжуі неден туып тұр?» – деген сияқты сұрақтар арқылы Абай өлеңдеріндегі шытыңқы қабақ, ақын жанына жайсыз тиіп тұрған жағымсыздықты бірден ақ көрсетіп, байқатуға болады. Олай болса, оны сыдыртып оқып шығып, оқулықтағы адам жанын жанап өтпейтін құрғақ сұрақтармен, көңілге қонымсыз тапсырмалармен («Күз болғанда» тақырыбына шығарма жазып келіңдер, Өлеңді жаттап алыңдар т.с.с) шектелу не жүрекке, не миға ықпал етпесі анық. Не нәрсенің қабылдауында болсын, сезім органдарына тікелей әсер еткенде ғана іске асатындығын қайталап айтқымыз келеді. Сезім органдары – көз, құлақ, иіс органы, сондай-ақ, қолмен, саусақпен де сыртқы құбылысты, затты сол нақты тұрқымен қабылдайды.

Осы түсінікпен қоса қабылдаудың ерекшеліктері туралы да психологтар былай түсіндіреді: «Қабылдайтын көз емес, құлақ емес, адам ғой. Ол бейтаныс бөлмеге кірді дейік, ол көптеген ірілі-уақты заттарды көрді. Тіпті, самаладай жарық бөлмеде біраз уақыт болғанның өзінде адам ондағы заттардың бәрін бірдей қабылдамайды. Біреу бұрышта тұрған ерекше рояльді, ноталар тұрған этажерканы бірден көргенімен қабырғада ілулі тұрған сағаттар мен картаны байқамайды. Енді біреу қабырғадағы картаны аңғарғанымен, одан гөрі ірілеу заттарды мүлде байқамайды. Қабылдаудың мұндай талғамдылығы бұрын жинақтаған тәжірибесіне, оның бағыттылығына, мүдделеріне, әзірлігіне байланысты болады.

Адамның бұл «бағыты» оның белсенділігінің бағытын да айқындайды. Ол айналасындағының бәрін байқамайды, бірақ өзінің тәжірибесі мен мүдделеріне сай «көз тігеді», «құлақ түреді» – деп атап көрсеткен алдыңғы қатарлы психолог - педагог А.А Любинская.

Абай көптеген ғылым салаларынан хабардар болғанын, олардың көбінің тереңіне үңіліп, асыл маржанын тергенін, өмірден көрген - білгенімен сабақтастыра өлеңге айналдырғанын шығармалары арқылы айқын аңғартады. Бұл мәселе туралы Абай:

Базарға қарап тұрсам, әркім барар

Іздегені не болса, сол табылар…

Әркімнің өз іздеген нәрсесі бар,

Сомалап ақшасына сонан алар.

Біреу ұқпас, бұл сөзді біреу ұғар,

Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар, – дейді. Мұғалім әрбір оқытқан жаңа материалды оқушыға қабылдау, меңгертуде, біріншіден дидактикалық принципті сақтауы керек болса, екіншіден, оның бұрыннан бар тәжірибесін пайдалану керек дегенді үнемі есте тұту қажет.

Оның үстіне «қабылдау баланың шындық болмысты одан әрі тануының қуатты құралы болуы үшін оның дамуы жалғасуға тиіс». Оның қуатты құрал болуы үшін қажетті жағдай жасау – мұғалімнің міндеті болып табылады.

Аталған әдіс-тәсіл мектеп бағдарламасындағы Абайдың табиғат лирикасынан басқа шығармаларына да қатаң қолданылады. «Құлақтан кіріп бойды алар», «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Қансонарда бүркітші шығады аңға» сияқты шығармалары арқылы оқушы бойында әсемдікке құштарлық, көркемдік талғам қалыптастыру мүмкіндігін арттыра түседі.

Баланың оқылған материалды логикалық ой жүйесін сақтай отырып, оқуға ұмтылысы оның жетілу барысына тиімді. Сондықтан мұғалім барлық уақытта баланың логикалық ой-жүйесін ұғуға жетектеп, әдейі үйретуі тиіс.

Оқығанынан ештеңе қалдырмай, түгелдей жаттап алу, немесе қандай болмасын оқыған мазмұнын айтып беру көптеген мұғалім тарапынан өздерін қанағаттандыратын талап деп есептейді. Бұл – баланың тілін дамытуға, қандай бір ойды өз сөзімен айтуға үлкен залал келтіреді. Осындай талаптың етек жаюынан (әрине, бұл айтып отырғанымыз себептің біреуі) сауатты әдеби тілмен сөйлеу үнемі кездесе бермейді. Жаттанды сөз бала бойына жұқпай, оның тіл байлығына сіңбей қала береді.

Бүгінде әрбір жеке ғылым саласының екінші бір ғылыммен байланыстылығы артып отырған тұста мектепте жүргізілетін әрбір оқу пәнінің мазмұны мен құрылысындағы кірігіп кеткен (интеграциялық) байланыстардың маңызы өте зор. Ол дәл бүгін ерекше мәнге ие болып отыр.

Пәнаралық байланыстың іске асырылуында белгілі бір мақсат көзделетіні анық. Мысалы гуманитарлық циклге жататын пәндерден білім беруде оқушыларға идеялық-адамгершілік және эстетикалық тәрбие беру бағыты көзделеді; олардың барлығының ортақ обьектісі – адам, оның іс-әрекеті мен қоғамдағы қызметі; яғни оқушылар өздері оқитын гуманитарлық пәндердің мазмұны арқылы адамдардың іс-әрекеті, қызметі мен мінез-құлқы, дүниетанымы, тілі, дінімен танысады.

Олардың көркем шығармашылығы, өнерпаздығы туралы біліп, оны зерттеуге ұмтылады. Мұғалім осындай пәнаралық байланыс арқылы олардың бәріне бірдей ортақ нәрсенің не екенін оқушы санасына жеткізуге тиіс. Оған қоса, жалпы ғылымның мазмұны мен әдісіндегі ерекшелік әрбір оқылатын пәнде негіз болып саналатынын білдіру керек.

Пәнаралық байланыста бір пәннің мазмұны екінші пәнмен байланысты екені және оның қалай байланысып тұрғаны туралы айтылады. Ал интеграциялық байланыс өтіліп отырған пән бойынша белгілі жүйе құрып, сол жүйенің құрамындағы пәндердің мүлде кірігіп кеткен тұтастықтағы көрінісі.

Мәселен, Абайдың «Күз», «Қыс» сияқты өлеңдерін оқығанда, бастауыш сыныптардағыдай жыл мезгілдерінің әр түрлі белгілерін, табиғат көріністерін айту үстірт түсінік тудырмаса керек. Абайдың өзі табиғат көрінісі және жер бетіндегі тіршілік атаулының (адам, өсімдік, оның әлеуметтік халі т.б) бәрін де тұтастық қалпында сипаттап тұр. Ол тұтастықты даралап ыдыратқанда әрбір жеке ғылым саласының үлесінен (өсімдіктану, жаратылыстану, тәнтану, әлеуметтану, саясаттану, география, тарих, сурет т.б.) екені байқалады.

Сондықтан кейбір материалдың мазмұнындағы бірден көзге түсетін бөлікті екінші пәннің үлесіндегі жеңіл бір ұғым, мазмұнмен байланыстырып, интеграциялық сабақ өткіздім деу қисынсыздау болады. Бұл түрдегі байланыстың іске асырылуы мұғалімнен үлкен міндет пен жауапкершілік, сабаққа мүлтіксіз дайындықпен келуді талап етеді.

Мектепте оқылатын оқу пәндеріндегі бай мазмұнмен оның күрделі құрылысы оқу ісінің аса жауапты, қат-қабат қиын екенін көрсетеді. Сондықтан да мұғалімнің мамандық дайындығының жан-жақты, биік дәрежелі болуы өте қажет.

Абай шығармаларының табиғаты кешегіні айта отырып, бүгінгі күннің барысына жөн сілтейді. Кешегі айтылған Абай сөзі бүгін өз құнын жоғалтпақ түгіл, ол құндылық пен оған деген мұқтаждықты еселеп арттырғандай болады. Сондықтан да бұл жердегі интеграциялық байланыс мұғалімнің білімдік-әдістемелік дайындығын қалайды.

Абай өлеңдерінің терең мазмұнына бойлау үшін сабақты интеграциялық байланыста жүргізу бірден-бір тиімді әдіс болып табылады.

Мәселен, «Интернатта оқып жүр» өлеңін оқытқанда оқушылардың 5 сыныпта оқыған «Интернат наны» (Ш. Мұртаза) мәтінімен байланыстыру арқылы кең ұғым беруге болады. Осы тұста тарихи жағдай ықпалын да сөз ету керек. Әсіресе, Абай өлеңдерін оқытқанда, тарихи жағдайға соқпай өтуге болмайды.

Ақын өлеңдері өз заманының шындығын бейнелейді. Оны жалаң күйде бүгінгі ұғым, түсінікпен айту өлеңнің ішкі мазмұнын жоғалтады. «Интерната оқып жүр» өлеңіндегі «Ойында жоқ олардың шариғатқа шаласы»» – деген жолдар Абай заманындағы ел арасының бүліншілігінен хабар береді. Сол тұстағы білім алудағы тар ұғым, түсініктің қалыптасқанын аңғартады.

Оқудағы мақсат арыз, шағым жаздыру, сот ісінде бедел көтеру, біреуден есе қайтару дегендерге саяды. Мұның өзі отаршылдық алып келген саясат салдарынан қазақ елінің ішкі жағдайының өзгеруін көрсететінін ашып айту керек.

Абай білім алудың мақсаты бұлардан әлдеқайда жоғары екендігін айтатынын ұғындыра отырып, әңгімені бүгінгі жағдайға бұрған орынды.

«Нан таппаймыз демейді,

Бүлінсе елдің арасы» – деген сөз бүгінгі қоғам құрылысы бір түрден екінші түрге ауысып, жер жүзінде идеялық түсініктерге өзгеріс еніп жатқанда халық көріп отырған қиындықты жеңу жолы – ел арасының бірлігі деген ұғымды биіктету және ел бірлігі деген түпкі тек сонау түркі қағанаты болып құрылғаннан бері келе жатқан мызғымас тұрақты ұғым екендігін ұрпақ көзқарасы мен дүниетанымына негіз етіп қолдану керек. Ол үшін өлеңнің негізгі ой-түйіні ретінде көрінетін тұсын анықтап, ол бойынша түрлі-түрлі жұмыстар жүргізу қажет.



2 ӨНЕР, БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ АБАЙ ӨЛЕҢДЕРІН ОҚЫТУ
Абай Құнанбаев шығармаларын оқыту бастауыш сыныптардан басталып, орта буында, жоғары сыныптарда түгел қамтылады. Осы сыныптардың әр қайсысына сай оқытудың принциптерін білу әдіс-тәсілдердің нәтижелі іске асуының алғы шарты болып табылады. Мәселен, төменгі сыныптарда оқушылардың ойлауы мен қиялы күшті болады.

Бүгінгі күні дамыған технологияға негізделген әр түрлі жаңа әдістер көп айтылып жүр. Соның бірі – оқытудың инновациялық әдісі. Бұл әдістің ерекшелігі бұрыннан танымал әдістерді негізге ала отырып, оқушы қызығушылығын арттыру, оқушы еркіндігін, белсенділігін туғызу, сезім күйіне жағымды ықпал ету болып табылады. Олай болса, Абай шығармаларын оқытуда тиімді әдіс-тәсіл оқушы қызығушылығын арттыру, сезіміне әсер ету, қиялын ұштау, сол арқылы шығармашылыққа жол ашу, оқушыға еркіндік беру деп түсінеміз. Осы жолда жақсы нәтижеге жетектер бір жол – сабақта ойын түрлерін пайдалану.

Кез келген бала ойын үстінде өзін әлде қайда еркін сезінеді. Көп жағдайда оқушыға сабақтың қалыптасып қалған міндеттілік, мәжбүрлік, ықтиярсыз шаралары кері ықпал етеді. Ойын оқушыны еркін ойлауға, еркін сезінуге, шапшаңдыққа, шығармашылыққа бастайды. Абайдың жыл мезгілдеріне арналған өлеңдерін оқытқанда оқудың танымдық ойын түрлерін ұйымдастыруға көп мүмкіндіктер бар.

Мысалы: «Кім тапқыр» ойыны. Ойынның шарты бойынша өлеңнен алынған сөз немесе сөз тіркесі кімге, неге қатысты айтылғанын, қай сөзбен байланысып тұрғанын табуды екі оқушыға немесе екі топқа ұсынса, тапсырма әлдеқайда тезірек, әрі қызықты орындалады. Екі топ өкіліне Абай өлеңдерінің жеке тармақтарын ұсыну, берілген өлең шумақтарындағы жасырылған сөздерді тез тауып, өлеңді мәнерлеп оқу, немесе жатқа айтуды тапсыру т.б. осы тектес көптеген түрлерін ұйымдастыруға болады.

«Түсіну» мен «түйсіну» ұғымдары бір-біріне жақын. Дегенмен, екі әрекет адамның екі түрлі мүшесінің функциясында жүзеге асады. Оның бірі – ми қызметі, яғни адам санасы, екіншісі – сезім органдарының араласуы. Абай отыз бірінші қара сөзінде түсіну, есте сақтаудың бір себебі «сол нәрсені естігенде я көргенде ғибратлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек» – деп сезім органдарының да қатысуы білім алудың бір тірегі деп ұқтырады. Түйсіну ұғымын Абай «тұщыну» деп көрсетеді.

Абайдың «толық адам» теориясында да шешуші фактордың жүрек болуы тегін емес. Жүректің қасиетін ақын мейлінше жарқырата көрсетеді: «Мен – адам денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын – мен, жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, әділет, ынсап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады» – дейді.

Шындығында, адам әрекетін реттеуші, шешуші қызмет атқаратын – адамның сезімі, яғни жүрегі екен. Ендеше, білім беруде, жас буынды тәрбиелеуде нәтижеге жеткізер басты жол адам сезімін тәрбиелеу, әсер ету, түйсіндіру болу керек дейміз. Жас ұрпақ тәрбиесіндегі Абайдың өзі ұсынған жолда тиімді әрекет ету үшін сезімге ықпал етудің бір жолы, осы мақсаттағы мазмұнды оқытудың бір түрі эмпатиялық диалог «әңгіме – сұхбат» жүргізу.

Эмпатиялық диалог тәсілі Абай шығармаларын жалпы көркем туындыларды өз мәнінде қабылдауға үлкен ықпал етеді. Абайдың табиғат лирикасы, «Құлақтан кіріп бойды алар», «Өлең – сөздің патшасы» т.б. шығармалары оқушыны эстетикалық әсерге, талғамға шақырса, Әбдірахманға арналған өлеңдері, саяси - әлеуметтік лирикасы ақынның ішкі толғанысына толы. Ендеше, бұндай шығармаларды тек мазмұн жағынан талдау, түсіндіру жеткіліксіз.

Көркем шығармадан эстетикалық ләззат алу, басқа адамның эмоциялық жай-күйін түсіну, жанына жақын тұту, сезіну, жүрегімен қабылдау дегендер оқытудың жағымды нәтижелері болып есептеледі. Абай лирикасындығы көркемдікті таныту үшін ақынның өз тілінде айтқанда мағыналы мазмұнға «оймен араласудың», «жүректің көзін ашудың» бір тәсілі іспетті.

Лирикалық шығарма дегеніміз – тікелей ой мен сезімнің әсерлі де асқақтата суреттелуі. Сөз жоқ, көркем шығарманың қай-қайсысында да әсерлі, асқақтата айту болады. Бірақ прозада ол сөз шығарманың бір қыры сияқты көрінсе, лирикалық шығармада ақын сезімі айқын көрініп тұрады. Яғни ақын қуанып тұр ма, жоқ қайғыру бар ма, т.б. оның ішкі эмоциялық жағдайы шығармада байқалады.

Мектеп қабырғасында әдебиетті оқытудың алғашқы уақытынан бастап, мектеп бітіргенше мұғалімнің көздегені оқушының шығармашылық қиялын ояту, оны жетілдіру, оны адамдық биік қасиеттерге тәрбиелеу болуы керек. Сол үшін де әрбір лирикалық шығарманың өтілуінен кейінгі қойылатын сұрақ-тапсырмалар ойланып қойылуы тиіс.

Абайдың өнер, білім, ғылым тақырыбындағы шығармалары алтыншы сыныпта қамтылады. Абай өмір сүрген замандағы қазақ елінің, ондағы оқудың жайы туралы қысқаша әңгіме жүргізу, Абай заманында ғылымның, оған жету жолының ауыр болғанын, Абайдың өзі де оқуға ересек тартқанда аттанғанын, сол себепті өзінен кейінгілерге қалдырған әдеби мұрасын да білім алу үшін дұрыс жол сілтеп, оқуға шақырғаны туралы мәліметтерден беру маңызды. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңіндегі «уыс», «дөп», «маһрұм», «жазалы» т.б. сөздердің мағынасы түсіндірілу керек.

«Адамның бір қызығы бала деген,

Баламды оқытуды жек көрмедім», – деуінің мәнісін аша түсу үшін оның балалары туралы, Абай оқытқан ауыл жастары, шәкірттері туралы деректер, «Абай жолы» романынан үзінді келтіре отырып сабақты мазмұн жағынан кеңіту қажет.

Абай білім алу – білікті адам болу және ол білімнің басқаға да, өзіне де игілікке жұмсалуы үшін керек екендігін терең сөз етеді.

Үлгі. «Ғылым және шәкірт» тақырыбындағы дөңгелек стол.

Сабақ «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі мазмұнымен жүргізіледі.

Сабақтың мақсаты:

а) шығарма мазмұнымен таныстыру.

Оқушыларда оқу дағдысын (дұрыс, шапшаң, мәнерлеп оқу) қалыптастыру. Білімнің, ғылымның маңызын түсіндіру. «Ғылымды үйренгенде ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керектікті» терең ұқтыру.

ә) Оқушыны дамыту мақсатында жұмыс жүргізу, онда интеграциялық негізге сүйену және тіл байлығына үлес қосуға жол ашу, оқушы ойын, қиялын, тілін дамыту.

б) Болашақ қоғамның саналы азаматын тәрбиелеу.

Өлеңді мәнерлеп оқыған соң, мазмұнына байланысты сөздердің мағынасын ашып түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оқушылар үш топқа бөлінеді. Үш топ өздерінің атын, төсбелгілерін (эмблемаларын) анықтады. Бірінші топтың аты – «Ғылым», төсбелгісі – айқара ашылған кітап, екінші топтың аты – «Болашақ» деп аталды да, оның төсбелгісі жер шары және Абай кесенесі деп түсіндірілді. Үш топқа қарастырылатын үш мәселе ұсынылды. Олар: бірінші топқа – «Ғылымның адам өміріндегі ролі», екінші топқа – «Оқудағы мақсат», үшінші топқа – «Жастарға Абай нұсқаған жол». Әр топ өздерінің қарастыратын мәселелерін өзара пікірлесе отырып, қорытындылауға тырысты.

Оқулықтағы Абай өлеңін бірнеше рет қайталап қарап, өздері қарастырып отырған мәселеге түйін жасауға талаптанды. Негізгі деп таныған ойларын алдын ала дайындалған қағазға үлкен қылып жазды.. Сол қорытынды пікірлері бойынша екі оқушы түсініктеме жасады. Ең әуелі өз тобының атын, оның мағынасын айтып, осыған байланысты алған төсбелгілерін, оның мәнін түсіндірді де, өздері қараған мәселеден не түйгендіктерін ортаға салды. Бұл жұмыстың тиімді жағы – оқушылар оқулықтағы ойға өз тараптарынан пікір қосуға талаптануы.

«Ғылым» тобының жауабы: Біз іздеген басты жол – ғылым. Сол себепті тобымыздың атын осылай атадық. Абай айтқан: «Артық ғылым –кітапта» деп. Сол себепті кітапты төсбелгі етіп алдық. «Ғылымның адам өміріндегі ролі» туралы айтсақ, ғылымның адамға берері көп. Абай «Дүние де өзі, мал да өзі» деген. Біз оқу-білім, ғылым арқылы өсеміз,өз жолымызды табамыз, өмірге өзгеріс әкелеміз. Жақсы өмір сүре аламыз. Ғылым, білімді меңгермеу Абайша айтқанда, «жанбай жатып сөну» деп ойлаймыз.

«Шәкірт» тобының жауабы: Біз ғылымды үйренушілерміз. Сол себепті атымызды шәкірт деп атадық. Үйренуші шәкірттердің басты құралы дәптер мен қалам болғандықтан, оларды төсбелгі етіп алдық. Оқудағы басты мақсат: Абай бар дүние оқуда дейді. «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақал бар. Оқудан мақсат – жақсы адам болу, еліне пайда келтіру деп түсінеміз.

«Болашақ» тобының жауабы: Біз бәріміз де болашақ өмір туралы ойлаймыз. Сол үшін ғылым үйренеміз, сондықтан тобымызды осылай атадық. Болашақ барлық жер бетіндегі адамдардың қолдарында. Оларға Абай жол көрсетеді. Сол себепті жер шарын, оған қарап жол көрсетуші Абайды төсбелгі етіп алдық. «Жастарға Абай нұсқаған жол».

Абай ғылымға жетудің бірнеше жолын ұсынған. Абай бес нәрседен алыс, бес нәрсеге асық болу керек. Бірінсіз бірі болмауын ескерте отырып, жан-жақты бәрін бойына жинаған адам ғана ғылымға жетеді дейді. «Ондай болмақ қайда» деп ойламай, «қайтсем ондай болам» деп, болмасаң да ұқсап бағуды айтады. Ғалым болу үшін «балалықты қию» керек екендігін, «қолды мезгілінен кеш сермемеуді» тілейді. Абай нұсқаған жол барлық адамды болашаққа апарады.

Мұғалім осы үш топтың жауабына да қорытынды жасап, баға береді. Жауаптар талданып, қорытынды жасалғаннан кейін оқушыларға мынадай ұсыныс жасаған орынды: мақал-мәтел сөздің асылы дегенді оқыдыңдар. Мақал-мәтел көп сөзбен айтатын ой түйінін қысқа сөзбен тез түсіндіреді екен.

Мәселен «кітап – білім бұлағы» немесе «кітап – адамның ең жақын досы» дегенді естіп жүрсіңдер. Абай айтқан ақыл да бізге кітап арқылы жетіп отыр. Осы досымыздан керегінде сырласып, дұрыс жолға бағыттайтын ақыл алуға болатынын осы оқыған өлеңдерден әбден көріп отырсыңдар. Сондықтан сендер өздеріңе керекті ақылды қажетінде қайталап қарау үшін, өздеріңді дұрыс жолға үнемі бағыттау үшін осы бүгіннен бастап бір жақсы, қалың дәптерді достық жолына арнаңдар. Оның атын «Ақыл – дос» дәптері деп атап, ал дәптердің сыртқы мұқабасына:

Ашу –қас, ақыл – дос

Ақылыңа ақыл қос – деп жазып қойыңдар.

Сөйтіңдер де оның бірінші бетін ашып, онда «Абай айтқан ақылдан» деп – тақырып жаса, астына бүгінгі оқығаннан адам болуыңа керекті 5 нәрсе, керек емес, аулақ болатын 5 нәрсені жазып қойыңдар. Осылайша, адал дос кітаптан ақыл жинайсыңдар. Ол – сенің құн жетпес байлығың болады. Байлықтарыңның қаншалықты өскенін қарап білеміз. Өйткені басқа да кітаптардан алатын ақыл кездеседі. Бізге де білетін құнды, қызық ақыл болса оқуды өтінеміз (Дәптердің мұғалім тарапынан тексеріліп тұратыны ескертіледі).

Бұл сияқты тапсырмалар оқушылардың өздігінен ізденуіне, Абайдың мектеп бағдарламасынан басқа шығармаларын оқуға деген ынтасын арттырады. Оқушылар өздеріне арналған нақыл сөздерді оқып қана қоймай өміріне серік етуге, есінде ұзақ тұтуға ұмтылыс жасауға түрткі болады.

Баланы оқытуда ата-ананың көзқарасы мен Абай заманындағы көзқарас, ондағы жалған ұғым мен теріс түсініктер туралы сөйлесуге де балалардың өздерін итермелеп, ондағы жағымсыз теріс көзқарастарды айқындауға ұмтылыс жасау керек.

Айталық, бүгінде баласын юрист болсын, милицияға барсын деу, жаппай экономист,бухгалтер болсын деу туралы баланың өзін сөйлетіп, оларға өзіндік көзқарас туғызу қажет. Үйге тапсырма шығарма жазып келу (шығарма тақырыбы – «Мен өз болашағым туралы не ойлаймын») тапсырылғаны дұрыс. Балаға ой салу мақсатында мына сұрақтар беріледі:

1. Мен өскенде қандай адам болғым келеді?

2. Қандай мамандық мені қызықтырады?Кім болуды армандаймын, неге?

3. Мамандық таңдауда кімдермен ақылдасқың келеді және кімді тыңдар едің?

1– шығарма:

Мен ертең келіп елімнің ең елеулі азаматы болғым келеді. Барлық оқыған оқуымды, білімімді ел мүддесіне жұмсағым келеді. Халықтың қамын ойлап,жастыққа басың тимесе өлмейсің деген бабаларымыздың өсиеті ойымнан кетпейді. Мен келешекте журналист болғым келеді. Қолыма қалам алып, сөз жазып, еліміздің басына жағдай туса, барлығын жариялағым келеді. Төбеден бұлт оралмауына титтей болса да үлесімді қосамын! Мен осы ойым туралы ағаммен ақылдастым.

2– шығарма:

Мен өскенде өз мамамдай мұғалім болғым келеді. Өйткені мамам баламен жұмыс істеу жұмыстың ең жақсысы деп отырады. Мамамды оқушылары жақсы көреді, сыйлайды. Мен қатты қызығам. Мен таңдаған мамандығым жөнінде кейін мамаммен ақылдасам.

Бұл шығармалар балалардың өзі өмір сүрген ортасы, көріп білгені дегендерге сүйеніп жазылған. Сонымен бірге,көбінесе мамандық туралы сөздерін де, ойларында гуманитарлық бағыт басым жатыр. Талдауда барлық мамандық өмірге қажет, керек екенін және әрбір мамандық иесі ең әуелі адамдық қасиет иесі болуды, адам баласының өміріне пайда келтіруді ойлау керек. Сондықтан кім болып істесең де сенің еңбегің елге керек, барлық мамандық та қадірлі деген қорытындыға келтіру жөн.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет