Ал мүдде тұрғысынан келсек, автор барлық адамдардың жеке мүддені ұлттық мүддеден, ғаламдық мүддеден жоғары қоятынына оқырманның назарын аудартады. Қайырболдының Бекторы берген жүзікті ломбардта бағалатып, арнайы маман ұсынған сомаға келісуі, ол ақшаға пәтер сатып алуы – жеке мүддесін күйттегені.
Автор «Міне, мен қазір ешкімнен артық та емеспін, кем де емеспін. Тіршілігім бір басыма жетеді. Есесіне кеудемде тірі жүрегім бар. Көңілімде адамдарға деген құрмет пен ықылас-пейіл бар...» деген кейіпкер сөзі арқылы оқырманға жауапкершілік жүгін – заман, тағдыр не жын-періге емес, ең әуелі өзіңе арту керек деген ой түйдіреді. Шығармада халық ауыз әдебиетінің үлгілері жан-жақты қарастырылып, автордың эстетикалық мұраттарына бағындырылып, батыл шешіммен, соны шеберлікпен, қаламгерлікпен нақты тәжірибеде ғажайып жемістерін бергені көрінеді. Шығарманың көркемдік құндылығының мәні әр адам әр сәт сайын Бекторының қазынасына қатысты таңдау жасаумен болады.
Адам өмірінің өзегі – құндылықтар, ал басқа мақсаттар оған жеткізетін баспалдақтар ғана. Т.Әсемқұловтың шығармасындағы басты құндылық – адамдық болмысты жоғалтпау, жүректі таза ұстау, қайырымды болу, төзімді болу, сабыр сақтау. Жазушы халық өмірін, оның жекелеген өкілдерінің түсінігі мен көзқарастарын суреттей отырып, ұлттық қасиет – ерекшеліктерге жалпыадамзаттық сипат дарытады, ұлттық және жалпыадамзаттық белгілердің бірлігін бөліп ала біледі: «Бала кезінде ең жақсы көріп тыңдайтын ертегісі «Ер Төстік» еді. Әжесі таңғажайып хикаяны айтып болып, – Міне, немелтайым, осындай да кеп болған екен, – дейтін күрсініп». Адам баласының азаттығын, оның бақытын армандаған, оларды жақсылықты сүйе білуге, бірін-бірі құрметтеуге шақырған, қоғам дамуы мен адам өмірінің сырын терең түсінуге бастайтын әдебиет қашанда оқырмандарын табады, оны кейінгі ұрпақ та қызығып оқиды. Жазушы өмір шындығы арқылы бүгінгі заман ахуалына орай адам санасының сан түрлі құбылуын ашып береді. Кейіпкер басынан өткерген қиындық пен туа біткен құндылық қасиеті шығармада әр қырынан көрінеді: «Кедейшілікте, әрбір жапырақ нан санаулы жоқшылықта өткен балалық шақ есіне түседі. Пәтеріне қайтып келіп, осындай көңілсіз оймен күнін өткізген Қайырболды демалмаған күйі қайтадан кешкі жұмысқа кететін». Жүрегі мәрмәр тасқа айналған Қайырболды бір сәт есін жинап адамдық қасиетіне енеді: « – Дәрігер, тыңдаңыз, – деді содан соң, – Өтінем. Жоқ, жалбарынам. Осы баланы құтқарыңыз. Бар өнеріңізді салыңыз. Қандай дәрі керек, қанша ақша керек, қысылмаңыз, айтыңыз, бәрін берем. Тек тірілтіңіз. Егер осы бала тірі қалса мен бүкіл өміріңізді қамтамасыз етем. Мынау аурухананы шетелдің ең озық техникасымен жабдықтап берем». Көркем шығармадағы кейіпкер әрекеті арқылы өзіміз өмір сүріп жатқан бүгінгі заманның сыры мен сипатын, қоғамның әр алуан құбылыстарын, адамдардың бойындағы сан қилы мінез бен құндылықтарды жазбай танимыз.
Жалпыадамзаттық құндылықты жазушы қазақ халқының жүрек туралы философиясына назар аударта отырып, жазушы жүрек туралы халықтық түсінікті Бекторының сөзімен береді. Перінің қызы Бекторы кейіпкердің жүрегін байлыққа айырбастауды ұсынса да, Бекторының өзі «Қазақта қорқақ адамды жүрегі жоқ адам дейді, менің айтайын дегенім осы ғана» деген сөзі байлық, барлықты иеленуді мәселе қылып көтере отырып, шешімін де Бекторының аузынан естіртеді. Қорқақ адам қорқау, ашкөз болатынына назар аудартады.
Автор шығарма идеясын әңгімеде бас кейіпкердің байлық мұрат емес екенін түсініп, жүрегінің қатайып кеткенін сезінумен қатар, адами құндылықтарды таптай бастағанын түсінуін жүрегін сұрап Бекторыға қайта келуі арқылы жеткізеді. «Кедей едім. Кедей болсам да көңіліммен бай едім. Бай болдым, Бай болсам да – кедей болдым» қайшылықты ойлар арқылы жазушы қарама-қайшы ойлардан философиялық түйін жасау арқылы мәселенің ғаламдық маңызын аңдатады.
Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» жауапкершілік жүгін – заман, тағдыр не жын-періге емес, ең әуелі өзіңе арту керек деген ой түйдіреді.
Әдебиет әркез даму үшін замана талап-тілегіне сай болуы қажет. Бірақ ең басты критерий – көркемдік. «Бекторының қазынасы» қазақ әдебиеті мен әлем әдебиетінде сырға толы көркемдігімен, ерекше стилистикасымен есте қалған шығарма.