Берлібаев бақДӘулет тұрбекұлы қазақстанда тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуы: тарихи-теориялық зерттеу


«Ұлттық тарихи білімнің даму кезеңдері мен бағыттары»



бет3/5
Дата25.02.2016
өлшемі426.5 Kb.
#20302
1   2   3   4   5

«Ұлттық тарихи білімнің даму кезеңдері мен бағыттары», – деп аталатын тармақшада Қазақстандағы тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуын кезеңдерге бөлудің алғашқы нұсқасы берілді.

XV ғасырда өзінің ұлттық келбетін орнықтырып, халық ретіндегі тарихын бастаған қазақтар, жадылық есте ұстау арқылы ежелден қалыптасқан түркілердің дәстүрлі тарихи білімін ауызша тарихтың классикалық үлгісі – шежіре айту дәстүріне жеткізді.

Егер, қазақ халқындағы «Тегін білмеген тексіз», «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген зерделі сөздердің байыбына үңілсек, ұрпақты шыққан тегі мен туған атасын білуге бағыттау сияқты тарихи білімгдік өнегені көреміз. Бұл-бір жағынан. Екінші жағынан, сол зерделі сөз жолдары елдің бірлігін, оның ұлттық белгісін сақтауды білдіреді. Үшіншіден, қазақта ұран сияқты орны бар осы киелі сөздер әрбір қазақтың зердесінде сақталып, күні бүгінге дейін ділдік ерекшелігіміздегі өзіндік үлесін жоғалтпай келеді.

Жеті атадан тарайтын үрдіс туыстық аралық қатынасқа (жігіттің үш жұрты) жеткізіп, біртіндеп бүтіндей бір ұлттың (қазақтың) тұрмыс-салт нормаларына ұласты. Бұл қоғамдық өмірді реттейтін заң, кодекс деңгейіне көтерілген. «Жазба заңның орнына «ауылыңда қарияң болса, сызып қойған хаттай болады» деген сарынмен бірден-бірге сөз мұрасын қалдырып отыратын ақсақалдар болды. Бұлар заң кітабының (кодекс законов) орнына ұсталды» [20, б. 40]. Демек, туыстық қарым-қатынастар сияқты табиғи тарихи білім нәтижелерінен қорытынды шығару үшін жеті атаңды біліп, шежіре тарата білу қазақ дәстүрінде өмірлік қажетке айналып келген. Біздің өзіндік ділі бар ел болуымыздың да түп қазығы осында. Ендеше тұнып тұрған тарихты баяндайтын осы шежіре тарихи білім қорын түзетін киелі деректің нағыз өзі.

Зерде категориясы мен шежіре айту дәстүрі ұлттық тарихи білімнің қалыптасуы мен дамуындағы ең басты буын болғанмен, біз жалпы ұлттық тарихи білімнің қалыптасуы мен даму бағытын тұрмыстық, ғылымға дейінгі және ғылыма-теориялық деп 3-ке жіктеп, оның ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі құрылымын 7 дәуір, 5 кезеңге бөлуді жақтаймыз:

1-ші бағыт (тұрмыстық тарихи білім) 2 кезеңнен тұрады:

а) Тарихи білімнің пайда болу кезеңі;

б) Дәстүрлі тарихи білімнің қалыптасу кезеңі.

Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке дәуірге бөлінеді. Осы арада тарихта айтылатын тас дәуірі мен алғашқы қауымдық құрылыс аралығында қалыптаса бастаған тарихи білімді түгелімен 1-ші дәуірдің үлесіне кіргіземіз. Осы дәуірдегі тарихи білім нышандары табиғат құпияларын білуге ұмтылу сияқты философиялық ұғым шеңберінде бой көтере бастайды. Ал тарихтағы сақ-үйсін дәуірі мен түркі дәуірі аралығында дами бастаған тарихи білімді 2-ші дәуір үлесіне кіргіземіз. Бұл дәуірдегі тарихи білім нышандары философиялық ұғымдағы зерденің төменгі сатысы-пайымдау арқылы мүмкін болады.



2-ші бағыт (ғылымға дейінгі тарихи білім) үлкен бір кезең (есеп бойынша 3-ші кезең) барысында қалыптасқанмен, бұл кезең 3 дәуірге бөлінеді (III-IV-V дәуір). 3-ші дәуір қазақ жеріне арабтардың келуінен Ақ Орданың дүниеге келуі аралығын қамтыса, ол философиялық ұғымдағы дін арқылы болжау нәтижесінде болған тарихи білімді дүниеге әкелді. Осы 2-ші бағыт ішіндегі 4-ші дәуір қазақ хандығының қылаптасуынан бастап, Ресейге еріксіз бодан болған тұстағы ұлттық тарихи білімнің пайда болуын философиялық ұғымдағы зерделеудің нәтижесі деп түгінгеніміз жөн. Ал 2-ші бағыт ішіндегі 5-ші дәуірдегі ұлттық тарихи білім, ұлт-азаттық қозғалыстар арқылы бой көтеріп, «зар-заман» ақындары арқылы қазақ-демократ-ағартушыларының көзқарастарына ұласса, бұл үрдіс философиялық түсініктегі зерделі сын арқылы жүзеге асты.

3-ші бағыт (ғылыми-теориялық тарихи білім) 2 кезең және, 2 дәуірге бөлінеді. Мұндағы 1-ші кезең (есеп бойынша 4-ші кезең), 6-шы кеңес дәуірі кезінде саясат арқылы жүйелі жолға түсіп, 1935 жылдан бастап идеологиялық жағынан қыспаққа алынған тарихи білім. Ал есеп бойынша, 5-ші соңғы кезендегі ұлттық тарихи білім 7-ші тәуелсіздік дәуірімен бірге келіп, қайта жаңғырып отыр.

Сөйтіп көріп отырғанымыздай зерттеу жұмысымызда ұлттық тарихи білімнің қалыптасуының кезеңдері мен дәуірлерін толық ашпай, XX ғасырдағы тарихи білімнің даму ерекшелігін көрсету де мүмкін болмады.



«Қазақстандағы ұлттық тарихи білімнің қалыптасу алғышарттары» деген екінші тарауда әлемдік өркениетке сай келетін қазақ халқының мәдени-тарихи мұраларының, тіпті сақтар мен үйсін-хұн дәуіріндегі ерлік дастандар мен қазақ батырлар жырының мазмұн бірлігінің, эпостық жырлардың тарихпен сабақтастығының ерекшеліктері ашылған. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы тарихи білімнің дамуындағы өзіндік орны бар қазақ эпосының тарихи кезеңдерге бөлу тарихнамасындағы Ә. Марғұланнан бастау алатын шығыстық қиса-дастандар түрінің ерекшеліктері де осы тарауда көрініс тапқан. Біздің байқауымыздағы эпос зерттеушілерінің бәріне тән ортақ белгі-мәселенің тарихи білімдік маңызына емес, оның тарихилығын айтумен шектеледі.

Дүние жүзіндегі халықтар ғасырлар бойы бір-бірімен қаншама соғысқан күннің өзінде, олар бәрібір бірінен-бірі үйренді. Ал бұл үрдістердің көбі тарихи білім арқылы болған діннің ықпалымен болғанын жасыра алмаймыз. Орта ғасырлардағы біздің Мауараннаhp, Моғолстан сияқты рухани орталықтарымыздағы негізгі жазба жазуынның рөлін араб, парсы, кейінірек шағатай жазуы атқарса, осыған байланысты біздің кезіндегі бабаларамыздың көпшілігі ислам дінін енгізген сол елдерердің жазуын пайдаланып, тарихи білім жетістіктерін түркі тілінде әлемге танытты. Діннің енгізілуімен тарихта алғаш рет түркі тілі ғылыми айналасқа енгізіліп, зерттелді. Осы үрдіс яғни тарихи білімдегі ислам дінінің басымдығы өз эстафетасын кеңес дәуіріне дейін жеткізіді.

Дегенмен, XIX ғасырдың ортасында Қазақстанның Ресейге толық қосылуына байланысты өлкеде еуропалық үлгідегі мектептердің көптеп ашыла бастауы ұлттық рух белгілеріне қауіп туғызды. Міне, осындай көріністерге ашынған «зар-заман» ақындары ұлттық тарихи білімдік дәстүрді жалғастырып, оны қазақ ағартушы-демократтар тобына жеткізе білді. Ал XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ еліндегі баспа ісінің қолға алынуы ғылыми тарихи білімнің қалыптасуына жаңа жол ашты. Оны қазақ интеллигенциясының алғашқы шоғыры жалғастырып әкетті.

Ұлттық тарихи білімнің қалыптасуындағы «жауыінгерлік дәстүр» ерекшелігі диссертацияның осы бөлімінде айрықша қарастырылады. Оның себебі қазақтың еркін, жауынгер болған қасиеттерінен туындайды. Ұлттық тарихи білімнің өзегі де осы жауынгерлік дәстүрмен тікелей байланысты болғанын және оның дәлелдерінің де көптігіне қарай біз Райымбек батырдың тарихи білімдегі жауінгерлік дәстүрді жалғастыра білу шеберлігін үлгі етіп, оны көне көз қариялардың ауызша тарих айту дәстүрімен байланыстыруға тырыстық. Сондай-ақ арнайы тармақшада, бір жағынан, Қабай, Сабдалы жыраулардың деректеріне сүйену арқылы Райымбек батырдың тарихи тұлғасын көрсетсек, екінші жағынын Райымбектің Хангелді, Орақ сияқты тарихта болған адамдардың өнегесін тарихи білімдік тұрғыдан қабылдау ерекшелігін жеткізуге ұмтылыс жасадық. Анығы, бүгінгі ұрпаққа жеткен таңбалы тас та, ойма немесе, бітік түрік жазуы мен, шешендік өнері де жоғарыдағы біз айтып отырған тарихи өнегенің білімдік жемісінің нәтижесі екендігін назарда ұстаған жөн.

Біз осы диссертациямызда XIX ғасырдағы қазақ демократтарының ұлттық тарихи білімді дамытуға қосқан үлестерін мына төмендегіндей тұрғыдан көрсетуге тырыстық:

- Ы. Алтынсарин өз шығармаларын ана тілінде жазу арқылы балалар әдебиетінің үлгісін қалыптастыра отырып, тарихи білімнің ұлттық моделін негіздеуге әрекет жасаған қазақ арасынан шыққан алғашқы демократ. Ол өзінің «жақын досы» Н. Ильминскийге жазған бір хатында қырғыздардың өз тарихын жазуға ниетінің барып білдіріп, бірақ оны бастау үшін материал жоқ деген сылтау айтса, бұл оның өз елінің тарихынан хабарсыздығын білдірмейді. Балқожа бидің тәрбиесінде өсіп, сол кездегі қазақ тарихынан хабары мол ғалымдар арасында жүрген Ыбырайдың ең болмаса, ауызша тарих айту дәстүрін білмеген дегендей қорытынды шығарсақ, әбестік болар. Біз өз жұмысымызды осы жағдайларды ой-елегінен өткізе келе, Ы. Алтынсариннің Н. Ильминскийге қазақ тарихы туралы жазған хаты орыс саясаткерлерлерін қазақ тарихын әділ жазуға астарлы түрде құлшындыру болғанын дәлелдедік. Расында, Ыбрайдың сол хатынан кейін В.В. Радлов, Н.М. Ядринцев, Н.А. Аристов, Н.И. Василевский, Ф.А. Щербина, В.В. Бартольд сияқты аса көрнекті ғалымдардың қазақ тарихын зерттеудегі таланттары жарқырай көрінсе, ол Ыбырайдың қазақтар туралы деректерге сұрау салуының нәтижесі болатын.

- Қазақтың ауызша тарихын оның ұлттық болмасының негізінде одан әрі дамытуда Абай Құнанбаевтың рөлі ерекше. Оның ұлттық тарихи білімді дамытудағы осы қасиетін алғашқы байқаған Міржақып Дулатов болатын [21]. Ол Абай мұрасын халықтың тарихи жадының көрінісі ретінде ұғыну керектігін ұсынған алғашқы көрегенді адам болса, онда тәуелсіздік жағдайындағы бүгінгі біздерге, Абайды қазақтың ауызша тарих айту дәстүрін сақтап, дамытқан аса ірі қоғам қайраткері ретінде де бағалайтын мезгіл жетті.

Ұлы ақын інісі әрі талантты шәкірті Шәкәрімге қазақтың шығу тегі жөнінде арнайы зерттеп, оны халықтың өз төл шежіресімен сабақтастыра отырып, бұрыннан қалыптасып қалған жансақ ұғымдардың терістігін ұғынықты етіп дәлелдеп, жаңаша жазуды тапсырған. Оны «Абай қазақ шежіресін жаз» деген соң, он тоғыз жасымнан қазақ шежіресін жинай бастадым [22] деп Шәкәрімнің өзі де растайды. Абайдың туған халқының тарихын зерттеуге пейіл білдіруі «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деп алатын еңбегі арқылы ғана белгілі емес. Ол 1890 жылы «Орта жүз қазақтарының рулары туралы» шежірелік – тарихи мақаласын Н. Коншин атынан жарияласа, талантты шәкірті Көкбайға Абылай мен Кенесары туралы дастан жазуды тапсырған. Абай би бола тұрып, шежірені ашық жазбағаны біз үшін беймәлім. Бірақ ол өзінің қара сөздерінде қазақтың тұрмыс тіршілігін, заңдық – құқықтық, әдет – ғұрып нормаларын тарихи білімділік тұрғыдан нақышына келтіре баяндап, оны білім ретінде оқытуды молдаға табыстаған. Абайдың немересі Уәсиланың естелігіне жүгінсек, одан басқа молдалар көшіріп алып, Абайдың қара сөздерінен қазақтың көптеген балалары таныс болған. Демек, Абай халықтың «көне сөздерін» өзінің қара сөздеріне жинақтап, қазақ халқының болашағы үшін ұлттың ділдік ерекшеліктерін тарихи білім көзі ретінде көпшілікке ұсына білген. Ендеше Абайды қазақ қоғамындағы ұлы билердің соңы болуымен бірге қазақтың ауызша тарих айту дәстүрін жалғастырған тарихшы деп айтуға болады. М. Әуезов пен В.П. Юдиннің «қара сөз» туралы пікірлері бір жерден шығып, олар «қара сөзді» тарихи білім ұғымына жатқызған. Олай болса, қазақ қоғамында осы киелі ұғымды Абай сияқты би дәрежесіне жеткен тарихшылар ғана ұрпақтан – ұрпаққа эстафетаға қалдырып отырған. Оның бұл арадағы қайраткерлігі поэзияны өз заманының адамдарының қабылдау түйсігіне сәйкестендіріп, халықтың күнделікті өмірінде жиі кездесетін тарихи құбылысты жеке адам тағдыры арақылы бере алу талантына байланысты. Ол өзінен бұрынғы халық жадында сақталған қаһармандық эпостардың сюжетін бұзбайды, қайта оны жинақылап, нақтылап, оқиғаны реалистік тұрғыдан көрсетіп, тарихи білімді өз тұрғысынан таныта білді. Оның адамды басты идея етіп алу шеберлігі шығыс фальклорының сюжеті мен дінмен бірге келген тарихи білімді тілге тиек ету арқылы жазылған үш поэмасында да кездеседі («Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімесі»).

Тарихи білімнің ауызша тарих айту дәстүрінің өмірге үйлесімді болуын қадағалай білген Абай өзінің жиырма тоғызыншы сөзінде «Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарайматыны да бар» [23] – деп кейіп, көптеген мақалдардың қолданыстағы түріне сын айтса, бұл сол тарихи білімнің тазалығына деген қамқорлық болатын.

Тіпті ол өзінің өлеңдерінде дәстүрлі мәтелдерді мақал дәрежесінен асырып, афоризмге дейін ұластырып, ауызша тарих айту дәстүрін заңғар биіктерден көрсете білген.



«1920-1940 жылдардағы Қазақстан тарихының пән ретінде қалыптасуы» деп аталатын үшінші тарауда ұлттық тарихтың ғылыми даму жолына түскеніне қарамастан, саяси – идеологиялық ықпалдың салдарынан болған қарама - қарсылықтар ашылады.

Кеңес басшылығы азамат соғысы кезінде әскери өктемдік әдістерге негізделген «соғыс коммунизмі» саясатының үлгісімен 1919 жылдың желтоқсан айында Орынбор қаласында тарихи – статистикалық бөлімше дегенді құрды. Бұл бөлімше 1920 жылы 10 наурызда халыққа үндеу жариялай отырып, тариха қатысты материалдарды саралап, топтау, жүйелеу, қорытындылау ісінің бәрін қырғыз өлкелік әскери комиссариатына тапсыруды белгіледі [24]. Бөлімше 1920 жылдың 23 қыркүйегінде Қырғыз (қазақ) өлкесін зертеу қоғамы болып өзгертілсе, бұл қоғамның 41 адамдық құрамында С.М. Меңдешев, А.К. Кенжин, А.Б. Байтұрсыновтан басқа жергілікті ұлттың өкілдері болмады.

1921 жылдың 1 желтоқсанынан бастап РКП(б)ОК-ның жанынан партия тарихын зерттеу бөлімінің құрылып, келешектегі бүкіл тарих ғылымындағы зерттеу істерін ұйымдастырғанда, партиялық және таптық ұстанымды алдыңға орынға шығарды. Осындай жағдайда дәстүрлі тарихи білімге қатысты деректерді мұрағаттарға топтастырудың шектеулі үрдістері де басталды.

Негізінен, кеңес өкіметіне берілген және таптық партиялық ұстанымға берік славян тектестерден тұратын мұрағат қызметкерлері 1924 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айлары бойынша жоғарыға берген есептерінде патша саясатына қарсы болған қазақтардың толқулары мен қозғалыстары туралы мәліметтерді ғана жинастыра алғандарын мәлімдейді. Ал 1927 жылғы 16 қарашадағы есептерінде ұлттық тарих деректерінің тапшылығынан қазақ тарихын болжамдар негізінде жобамен жазуды ұсынады [25]. Шындығында, қазақтардың діндік ерекшелігіне сәйкес тарихи факторларды ашып беретін аңыз - әңгіме, өлең – жыр, шешендік көне сөз мақамдары мен мақал – мәтелдерсіз бүтін бір халықтың тарихын жазу мүмкін емес еді. Олай болса, кеңес дәуірінен 20 жылдарынан бастап ІІ жаһандық соғысқа дейінгі аралықта ұлттық тарихи білімнің өрістеу болашағына қианат жасалып, тек партия тарихын күшейту үшін Истпартқа материал жинау қозғалыстары өрістеген деген қорытынды жасауға тура келді.

Жергілікті халыққа қатысты материалдарсыз Қазақстанның тарихын жазудың қиындығын тарихшы А.П. Чулошников та мойындаған [26].

Рас, А.П. Чулошниковтың 1924 жылы жазылып біткен «История Казах – киргизского народа» деген еңбегі Кеңес дәуірінде қазақ тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеген ең алғашқы туындылар қатарынан орын алады [27]. Бірақ өз кезегінде оған қазақтың көрнекті тарихшысы М. Тынышбаев өзінің көңілінің толмайтынын білдірген. Оның айтуынша, А.П. Чулошниковтың еңбегінің 4/1 бөлігі ғана қазақ тарихымен үйлеседі, сондықтан қолданысқа жарамайды [28].

Мұрағат деректеріне жүгінсек, 1921 жылдың соңынан бастап қазақ тарихын жазуды Москва арқылы шешуге талпыныс байқалады. Тек қана 1921 жылдың қазан айынан 1922 жылдың қыркүйек айына дейін Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының 14 рет колегия мәжілісі өткізілсе, сондағы қаралған 16 мәселе өлкенің этнографиясымен қазақ халқының тарихын жазу үшін орталықтан ірі ғалымдарды шақыруға қатысты болған [29]. Алайда Қазақстандағы ізденіс жұмыстарын жүргізуге орталықтан көп ешкім ынталы бола қойған жоқ. Тіпті Москвадан ашылуы жоспарланған қазақ тарихын зерттеу институты да ашылмай қалды. Ал осы кезде Ташкент қаласында халық ағарту институтында сабақ беріп, қазақ тарихын зерттеуге сүбелі үлес қосып жүрген жергілікті ұлт тарихшысы М. Тынышпаевтың еңбегі ескерілмеді. Бүгінде сары түсті, сопақ басты, көк көзді, қаба сақалды (Түрік тектестердің арғы ата-бабалары) деген сөз тіркестерін тарихи айналымға қиналмай енгізіп жүрсек, бұны қытай деректері арқылы бізге жеткізген М. Тынышпаев болатын.

М. Тынышбаевтың ізденістері «Қазақстанды зеттеу қоғамын» ұлт зиялыларымен санасуға мәжбүр еттіі. Қоғам өзінің 1926 жылы болатын конференциясында М. Тынышбаевтан өздері 5 жылда қорытынды шығара алмаған жұмыстарына жауап күтіп, мынадай салада ғылыми баяндама жасап беруін өтінді: Қазақтардың тарихы; олардың тайпалық жіктелуі және басты рулары; КСРО қазақтарының шетелдегі тайпа-рулармен байланысы; соңғы санақ бойынша қазақтардың саны және қазіргі әкімшілік бөлуге сәйкес оларды орналастыру: Тайпалар арасындағы байланыс: Тайпалық және рулық бөлінудің қырғыз-қазақ халқының экономикасына әсері: қазақтарға қатысты маңызды тарихы еңбектерге және статистикалық–экономикалық материалдарға қысқаша сиппттама т.б.

Өкішінке орай, М. Тынышбаев өзіне жүктелген жауапты басқа да жұмыстардан қолы босамай, конференцияға қатыса алмады. Бірақ зерттеуші Г. Жүгенбаеваның айтысында, М. Тынышбаев «Қырғыз-қазақ тарихына материалдар» еңбегінің жалғасы ретінде «Қырғыз-қазақтар он жетінші және он сегізінші ғасырларда» деген тарихи шығармасын жазған. Біздің ойымызша, М. Тынышбаевтың осы шығармасы қазақ тарихына байланысты А.П. Чулошниковтың оқулығына көңілі толмай, қайта оған наразылық белгісі ретінде балама тұрғыда жазылған сыңайлы.

1924 жылдан, яғни М. Тынышбаевтың қазақ тарихына қозғау салуынан бастап, орыс тарихшылары да нақты деректерге негізделген зерттеулерін жариялай бастады. Мысалы, 1924-1927 жылдар қазақ халқының ұлттық қозғалыстарының тарихына қатысты тек қана А.Ф. Рязановтың бір өзінің бір қатар еңбектері жарық көрді.

А.Ф. Рязановтың зерттеулерінің негізгі тақырыбы - патшаға қарсы қимылдар мен қазақ жеріндегі ұлттық-әскери бөлімдерінің құрылу алғышарттары. Ол нені білдіреді? Біріншіден, қазақ тарихын жазғанда, нақты деректерге сүйенудің жаңа кеңестік жолын көрсетіп отыр; екіншіден, қазақтардың патша өкіметінің озбырлығына қарсы күресін насихаттап, қазақ тарихын жазудың саяси-идеологиялық бағытын нұсқауды мақсат еткен.

«Қазақстанды зерттеу қоғамының» басқармасы, мұрағат құжаттары көрсетіп отырғандай, жергілікті тарихшы М. Тынышбаевпен санасуға барған: 1928 жылдың 22 ақпанында болған «Қазақстанды Зерттеу Қоғамының» Басқарма мәжілісінде «баспа жұмыстары мен басып шығару және М. Тынышбаевпен тілдесу» мәселесі арнайы қаралып, онда М. Тынышбаевтан жұмыстарын мүмкін болса, телеграф арқылы тездетіп жіберуді өтініп сұраған қаулы қабылданған. Онда «Сообщать автору, что согласны принять их прав переписка относится за счет автора.

Сделать запрос относительно заявке Наркомпросу на работу М. Тынышбаева» – деген жолдарын оқимыз [30].

Көп кешікпей, М. Тынышбаевтан басқа да ұлт тарихшыларымен санасу қажеттігі туындап, Ғылыми және ғылыми әдістемелік кеңестің жоспары бойынша 1924-1925 жылдары М. Дулатовтың «Қырғыз халқының тарихы» оқулығын 25 баспа табақ көлемінде таралымы 3 мың дана етіп шығару белгіленді. Сондай-ақ Т. Шонановтың таралымы 3 мың даналық 15 баспа табақ көлеміндегі «Қырғыздардың жер мәселесіндегі тарихының очерігі» оқулығын шығару да жоспарланған.

Алайда кейін осы жоғарыдағы ұлт тарихшыларының еңбектерін оқырман қолынан көре алмасақ, онда ол оқулықтар кеңес тарихшыларының атасы Н.М. Покровскийдің еңбектерінің қасында цензурадан өтпей қалған деген тоқтамға келуге болады.

1927 жылдың аяғына қарай Қазақстанның ғылыми зерттеу институтын құру туралы уақытша Ереженің шарттарына сәйкес Қазақстан аумағында өлкені тануға байланысты зерттеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған еді. Бұған «КСРО-ның әрбір азаматы өлке танушы болуы керек!» ұранымен 1927 жылдың 11-14-ші желтоқсанында Москвада өткен конференцияның ерекше ықпалы болды. Осыдан кейін көп кешікпей, Ташкентте Т. Жүргеновтың басшылығымен Қазақ Өлкетану Бюросы жұмыс істей бастады. Онда қазақ халқының тарихына қатысты зерттеу жұмыстарының институты қарқын алғаны соншалық, ҚХАК тарапынан Ғылыми зерттеу институты құрылғанша бюроның кез-келген ғылыми зерттеу жұмыстарын өз бетімен жүргізуіне сенім білдірілді.

Алайда 1928 жылы 14 қаңтар айынан бастап ашылған Қазақстандағы ғылыми зеттеу институты Т. Жүргенов ұйымдастырған Қазақ Өлкетану Бюросының базалық негізінде құрылған жоқ. Тіпті осы мекеменің құрылуына ұйтқы болған С.Ж. Асфендияров 1932 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық базасы құрылғанда, оның жұмыс әдістеріне сын айтам деп, кейін жазықсыз жазаланды.

Кеңес дәуіріндегі қоғамдық ортада ұлттық тарихи білімнің қыспаққа алыну көрінісі Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеттерінің ислам дініне қарсы жасалған озбырлығынан да анық көрінді. Айталық, 1924 жылдың 9-шы маусымындағы осы Комитеттің қаулысында ұлттық тарихи білімдегі мұсылмандық діннің ықпалын төмендету мақсатында шешім қабылдаса [31], осы жылдың 24-ші шілдесіндегі қаулыда мұсылмандық сенім іліміне берілгендікті оқытып, насихаттау кеңес мектептеріне жат құбылыс екендігі көрсетілді.

Кеңес басшылығы атеистік тәрбие жүргізуде 1921 жылы Әулиеатада дүниеге келіп, 1930 жылдың қаңтарына дейін өмір сүрген «Қосшы Одағын» шебер пайдаланды.

«Қосшы одағы» – дәстүрлі тарихи білім үлгілерін рушылдық пен ұлтшылдыққа балап, саясатпен безендірілген тарихи білімнің орнығуына дәнекер болған ерікті қоғам болатын.

1926 жылдан бастап тарихи білімнің кеңестік үлгісі айқындалды. Осы тұста кеңес басшылығы «мәдени революцияны» іске асыру ұранымен 1916-1917 жылдардағы күрделі оқиғаларға араласқан немесе оны көзімен көрген жергілікті ірі қоғам қайраткерлеріне сол оқиға жөнінде естелік жазуды тапсырып, олардың болашақ шығармаларын цензуралауды мақсат етті. Оны жүзеге асыру үшін ҚХАК-тағы Академиялық орталықтың (Акцентр) аты өзгертіліп, оған Мемлекеттік ғылыми кеңес (ГУС) мәртебесі беріліп, күшейтілді. Енді бұл мекеме ғылыми және ғылыми әдістемелік болып, екі бөлімде жұмыс істейтін бірнеше секциялар мен кіші секцияларға бөлінді. Осылайша кең ауқымды құрылған ГУС көп кешікпей, тарихи білімнің кеңестік түп негізі ретіндегі «Қазақстан тарихынан орта мектептің оқулығы үшін конспекті» дегенді дүниеге әкелді.

Ол бойынша Алашорданың уақытша өкіметпен ымыраға баруы сыналып, уақытша өкімет тағайындаған комиссарлар патша өкіметінің саясатын жүргізушілер ретінде айыпталды. Сондай-ақ Алашорданың тамыры «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының шығарылуында деп ұйғарылып, Алашорданың өткізген съездері қанаушылардың мүддесін шешуге баағытталған деген тұжырым жасалынды.

1935 жылы «Орта мектептегі қазақстан тарихы оқулығы үшін конспекті» деген атаумен дүниеге келген екінші кеңестік тарихи білімдік бағдарлама шығарылып, оның негізгі мазмұны «Қазақ ұлтшылдығының» халыққа жат мәнін ашуға бағытталды. Бірақ сол кездегі халық ағарту комиссары Т. Жүргенов ол конспектінің схемасына өзгеріс еңгізіп, оның үшінші бөлімін «Қазақстан – патша өкіметінің отары. ХІХ ғасырдың ортасы – ХХ ғасырдың басы» деп түзеткен [32].

Сөйтіп екінші «Конспект» Т. Жүргенов енгізген түзетуге дейін патша отарлауының ауқымды мақсатын айқын көрсете алмай, , саясатқа бой алдырды.

Ал Т. Жүргенов болса, «Конспектінің» мазмұнын тарихта нақты болған оқиғалармен байланыстыруды жақтап, қоныс аударудың салдарын, миссионерлердің қызметін, отарлаушылардың шикізатқа қызығу мақсатын «Конспектіге» енгізген. Тіпті ол батыл қадам жасай отырып, қазақ ұлтшылдығының тамырын іздеуге қызықпай, Алашордашылардың саяси партиясына баға беруді «Конспектіден» алып тастаған.

Белгілі бір елдегі тарихи білімдік ой сананы басқа бір бөтен елдің мүддесі тұрғысынан шешу – сол елдегі тарихи білімнің даму динамикасын тежесе, Қазақстан – өз тәуелсіздігін алғанға дейін тарихи білімде сондай кедергілерді көрген ел. Тіпті социалистік жүйе деп аталатын саяси құрылымның ұлт саясатына сәйкес тарихи білімнің тек кеңестік үлгісі ғана дәріптелді.

Бүгінгі Қазақ елінің жаңашыл тарихшылары өзі елінің рухани жаңаруын жаңа сападағы тарихи танымды қалыптастырудан іздейді. Айталық, М.Қ. Қойгелді Орталық Азия мемлекеттерінің тарихи мәдени және рухани тұтастықтарының бірегейлігін аталған мемлекеттердің одағын құруға жетелейтін тарихи алғышарт ретінде қарайды. Бөгде ел көзқарастарында кездесетін жаңсақтықтарды әр елдің өз зерттеушілері бүтіндемей болмайды - деп айтқан В.О. Ключевскийдің пікірін жақтаған М.Қ. Қозыбаев та, тарихи білімнің әлемдік түзілуінің сипатын көрсете алды.

Расында, Ресей тарихы ХХ ғасырдағы осы елде болған үш төңкерістерден кейінгі дәуірге өзінің ұлттық қаймағын бұзбаған күйде жетсе, оның осы қалпын сақтау үшін, әсіресе орыс халқының тарихтағы мерейін үстем ету үшін, бірінші орыс төңкерісінен басталған кеңестердің халықтық – бұқаралық мәнін дәріптеудді бүркеніп қана жүзеге асыра алған еді.

1922 жылы КСРО-ның құрылуын «Социолизмнің мүддесі» деген дақпыртпен безендіру тарихшы М.Н. Покровскийдің есімімен байланысты. Ол КСРО құрылғаннан кейін, 1924 жылы 1905-1907 жылдардағы орыс төңкерісінің 20 жылдығы қарсаңында бірінші орыс революциясының бұқаралық мәнін дәріптей келе, КСРО-ны құрудың ұйтқысы болып отырған Ресейдің бұрынғы басып алған жерлерін осы елдің пайдасына шешіп берудің тарихи білімдік жымысқы түрін ұсынды [33].

Осы мақала жалиялана салысымен 1924 жылдың соңғы үш айының ішінде Қазақстанға үш жеделхат хат келіп түскен. Онда кеңестік үлгідегі социализм орнатуды бірінші орыс революциясының 20 жылдығымен байланыстырудың астары ашылған [34]. Осыдан бастап кеңестік тарихнамада бірінші орыс революциясы келесі революцияларға репетиция болғандығы дәріптелген болса, Қазақстан үшін оның ондай бағаға лайық еместігін кезінде С.Ж. Асфендияров айтқан еді. Ол Қазақстанда «Қанды жексенбіні» бірден қолдаған орыс – қазақ еңбекшілерінің бірлескен бас көтерулері болмағанын мәлімдеген. Дегенмен, 1920-30 жылдар тарихнамасындағы тарихи білімге қатысты С.Ж. Асфендияровтың көзқарастары бүгінгі күні М. Шоқай еңбектерінің ғылыми айналысқа түсуіне орай, өзінің бұрынғы қайшылықты қалпын одан әрі күрделендіріп отыр. Қалай болғанда да, С.Ж. Асфендияровтың сол кездегі қазақ тарихи біліміндегі басты міндет – социалистік құрылыстың тәжірибелері мен «әділетті» қоғам құруға жету жолдарын марксизм теориясы тұрғысынан зерттеуді ұсынуға мәжбүр болғаны тарихи шындық. Осының нәтижесі бірінші орыс революциясында дүниеге келген кеңестердің халықтық мәнін дәріптеуде С.Ж. Асфендияровты шебер пайдалана білген кеңестік идеологтардың тарихи білім үлгісінің саясаттандырылған түрін әкелгені бүгінде мәлім болып отыр.

1932 жылы кеңестік тарих ғылымына большевизм теориясын орнықтырған Н.М. Покровский қайтыс болысымен, кеңестік тарихнама сталиндік доктринаның жетегіне ілесті.

БКП(б)-ның қысқаша тарихы жарыққа шыққанға дейін Қазақстандағы тарихи білімді дамытуда «мәдени революция» идеясын іске асыру науқанын пайдаланған А. Байтұрсыновтың арқасында, мәдени істерге араласуға қырғыз интеллегенциясын тарту арқылы біршама жұмыстар атқарылды [35]. 1921 жылдың 18 қаңтарында болған жалпы қазақ халық ағарту конференциясының шешіміне сәйкес қазақ тарихының оқулығын жазуға мүмкіндік туып, 1921 жылдың 26 тамызында қабылданған Халық ағарту комисариатының колегия қаулысымен қазақ тарихының ұлттық белгілеріне негізделген материал жинастырудың жолдары қарастырылды. Сондай-ақ ғылыми бөлімдер мен қоғамдардың рөлі өсіп, ықпалы арттырылды. Өкінішке орай, ұлттық тарихи білімді жетілдіруге байланысты науқандарға араласудан жергілікті интелегенция өкілдері шеттетілді. Ақыры 1924 жылы А.П. Чулошниковтың қазақ тарихына қатысты очеркі асығыс жазылып, жарияланды. Дегенмен осы еңбектің жарыққа шығуымен М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, С. Асфендияров сияқты ұлт тарихшыларының таланты жарқырай көрінді. Бірақ 1939 жылы «БКП(б)-ның қысқаша тарихының» дүниеге келуімен, ұлт тарихының әділ жазылуына шек келтірілді.

Қазақ тарихының ХХ ғасырдың 40 жылдарында шындыққа бейімделіп, қайта жазылуы Е. Бекмаховтың есімімен байланысты. Бірақ оның жазған еңбектері соғыс жылдарындағы «халықтар достығы» ұранын көтерген кеңестік саясаттың либералистік көріністерін шебер пайдаланудың жемісі болатын. Шынында, 1943 жылдан бастап соғыстағы орыс халқының рөлі күшейген тұста, «халықтар достығы» миссиясының аяқталуымен, орыстық шовинизм элементтері белең алып Е. Бекмахановты қуғындау да басталып кеткен еді. Дегенмен Е. Бекмаханов қазақ тарихын «Ақтандақтардан» арашалауды бірінші болып бастап берді.

«Е. Бекмахановтың ісінен» кейінгі ұлттық тарихи білімнің тұмшалануы 1947 жылы құрылған «Білім» қоғамының қызметімен де байланысты. Ол соғыстан кейінгі тарихи білімдегі бағытты марксизм-ленинизм ілімімен безендіріп, оның өрісіндегі ұлттық белгілерді санадан аластау үлгісін көздеген қоғамдық ұйым болды. Сөйтіп 1920-40 жж. әр түрлі саяси идеялық жоспарлардың күш алуынан ұлттық тарихи білімнің даму қарқыны барған сайын тежеле берді.

ХХ ғасырдың 20-40 жж. Қазақстандағы ұлттық тарихи білімнің тежелуі кеңестік педагогикалық оқу жүйесіндегі қарама-қайшылықтардан ерекше байқалды.

1920 жылдың өзінде Қазақстандағы мұғалімдер саны 1914 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Әртүрлі оқу орындары мен мектеп саны да өсті [36]. Осыған байланысты тарихи білімнің ғылыми тұрғыдағы жүйелі жолға түсуі де басталды. Бірақ бұның бәрі әскери өктемдікпен барынша тез жүргізілді.

1928 жылдың күзінде ашылған ҚазМУ-де 2 факультет жұмыс істеді (педагогикалық және ауыл шаруашылық). Педагогикалық факультеттің тіл және әдебиет бөлімінде этнография бөлімшесі құрылды, бірақ онда Батыс және Ресей тарихы басыңқы түрде, ал Қазақстан тарихы этнографияға бейімделіп қосалқы түрде ғана оқытылды. Бұл үрдіс 6 жылға созылып, 1934 жылы тарих-экономика факультеті ашылды. Оның алғашқы деканы қазақ халқының тарихынан хабары жоқ, 1905-1907 жж. революция жайлы еңбек жазған Е.Ф. Федеров деген болды. 5 жылдық факультеттің студенттері тек үшінші курста ғана 1440 сағаттық 1 жылға жоспарланған оқу жүктемесінің ішінде 150 сағатқа жоспарланып әлі жүйелі жолға түсе қоймаған «Қазақтар тарихымен» таныса алды.

Республикада 1940 жылдарға дейін тарих факультеттері бар 10 мұғалімдер және педпгогикалық институттар жұмыс істеді [37]. Бірақ бұлардың бәрінің тарихи білімдік бағытында тіл мен әдебиет және педагогика пәндері басыңқы оқытылды. Біздің байқауымызша, мұндағы ой (идея) комунистік тәрбиені насихаттауға бағытталып, кеңестік тарихи білімнің рөлін көтеру болатын. Яғни кез-келген саясатты жүзеге асыруда тіл мен тәрбиенің рөлі жоғары болса, кеңестік дәуірдегі большевиктер өз саясаттарын осы логикаға бейімдей отырып, ұлттық тарихи білімнің өрісін шектеп, болашағы бұлыңғыр комунистік тәрбиені насихаттау бағытын жүргізді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет