Бидайбеков Е


-ТАРАУ. МЕКТЕПКЕ ИНФОРМАТИКА ПӘНІН ЕНГІЗУДІҢ



бет25/87
Дата13.01.2023
өлшемі1.9 Mb.
#468366
түріОқулық
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   87
treatise13514

3-ТАРАУ. МЕКТЕПКЕ ИНФОРМАТИКА ПӘНІН ЕНГІЗУДІҢ
МАҚСАТТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ


3.1 Мектеп информатика пәнінің жалпы және нақты мақсаттары жайлы

Білім берудің жалпы мақсаттарын, оның ішінде мектепте жалпы білім берудің мақсаттарын, өзінің заңды қоры негізінде педагогикалық саясатының жалпы принциптерін қалыптастыратын мемлекет анықтап белгілейді. Бұл бағытта алдымен білім берудің гуманистік сипаты, жалпы адамзаттық құндылықтардың жоғары тұруы, адам өмірі мен денсаулығы, жеке тұлғаның еркін дамуы, азаматтық тәрбие және отанға деген сүйіспеншілік бірінші орында тұрады. Білім берудің мақсаты: жанұя, қоғам және мемлекет алдындағы жауапкершілікті ұғынатын, Конституцияны, заңды, басқа азаматтардың бостандығын және құқығын құрметтейтін, адамдар, халықтар, әртүрлі нәсілдік, ұлттық, этникалық, діни, әлеуметтік топтар арасында өзара түсіністікке бейімделген, дербес, еркін, мәдениетті, өнегелі жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылатындығын педагог мамандар басты назарда ұстайды.


Жалпы орта білім беретін оқу орындарының басты міндеттері мынандай негізде құрылады:

  • оқушылардың қоғамдық және өндірістік қажеттіліктерін анықтайтын білім жүйесін меңгеруін қамтамасыз ету;

  • ғылыми дүниетанымдық, саяси, экономикалық, құқықтық мәдениетті, гуманистік құндылықтарды және өз бетімен білімді саналы толықтыруды, шығармашылық ойлауды қамтамасыз ету;

  • халықтың ұлттық–мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыру, физиологиялық және моральдық дені сау ұрпақ тәрбиелеу;

  • жастардың саналы азаматтық көзқарастарын қалыптастыру, адамгершілікті сезіне білуге дағдыландыру, демократиялық өзін-өзі басқаруға қатысуға, өз ісіне жауапкершілікпен қарауға ұмтылдыру;

Қазіргі кезде орта мектеп жалпы білім берудің, дамудың және жан-жақты даму заңдылықтарының негізін қалайтын, әрбір жеткіншектің алғашқы кәсіби дайындығын, үзідіксіз білім алуға бейімделуін және таңдаған мамандығын меңгеруін қамтамасыз ететін мәдени орын болып табылады .
Жоғарыда келтірілген жобалық нәтижелер, мектептің оқу-тәрбиелік іс-әрекетінің нәтижесін жалпы орта білім беру жүйесінің алдына қойылатын талаптарды, мектептегі білім беру жүйесінің алдында қойылатын белгілі негізгі үш топқа, яғни білім беру және дамыту мақсатына; практикалық мақсатқа; тәрбиелік мақсатқа бөлуге мүмкіндігін береді.
Информатиканы оқытудың жалпы мақсаттары информатиканың ғылымдар жүйесіндегі, қазіргі қоғамдағы орнын, ерекшеліктерін ескере отырып анықталады. Мектепке тән негізгі мақсаттар оқушыларға информатикадан білім беруде қандай сипатта болатындығын қарастырайық.
Информатиканы оқытудың білім беру және дамыту мақсаты бұл әрбір оқушыларға информатика ғылымының негіздері туралы алғашқы орнықты білім беру, сонымен бірге түрлендіру үдерістері туралы түсінік, ақпаратты тасымалдау мен пайдалану және осы негізде - оқушыларға дүниенің қазіргі ғылыми көрінісін құрастырудағы ақпараттық үдерістердің мәнін, сонымен қатар ақпараттық технология мен есептеуіш техниканың қазіргі қоғам дамуындағы ролін ашу. Мектеп курсында информатиканы оқып-үйрену, онда оқылатын басқа ғылымдардың негізін баянды және саналы меңгеруге, сондай-ақ, осы ғылым саласынан оқушыларды негізгі біліктілік пен дағдылармен қаруландыруға арналған. Информатика саласынан білімді меңгеру, сәйкесінше біліктілік пен дағдыларды алуға, жеке тұлғаны қалыптастыруға қажетті болатын оқушылардың саналы дамуына, шығармашылық қабілеттіліктері мен ойлауының дамуына әсер етеді.
Жалпы орта білім беретін оқу орындарындағы информатика курсының практикалық мақсаты бұл оқушылардың технологиялық және еңбекке дайындығына үлес қосу, яғни мектеп бітіргеннен кейін еңбек іс-әрекетіне дайындығын қамтамасыз ететін білім, білік және дағдылармен қаруландыру. Бұл мектептегі информатиканың курсы баланың ішкі жан дүниесін байытатын және ақылын дамытатын информатиканың негізгі ұғымдарымен таныстырып қана қоймай, оқушыны компьютерде жұмыс істеуге және жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану тәсілдерін үйретуге, яғни практикалық бағытталғандығын көрсетеді.
Информатика курсының кәсіби мақсаттарында оқушыларға ЭЕМ-мен тікелей байланысты мамандықтар туралы және мектепте ЭЕМ-ді пайдалануға сүйенетін әртүрлі ғылымдар туралы мәлімет берілуі тиіс. Информатиканы оқытудың практикалық мақсаты істің өндірістік бағытымен қатар, жастарды компьютерлік техниканы сауатты пайдалануға және басқа да ақпараттық, коммуникациялық технологияларды тұрмыста, күнделікті өмірде пайдалануға дайындауды да қарастырады.
Мектеп информатика курсының тәрбиелік мақсаты ең алдымен оқушыға есептеуіш техника мен ақпараттық технология құралдарының қоғам мен өркениеттің тұтастай дамуындағы рөлі мен мүмкіндіктеріне түсінік беретін қуатты дүниетанымдық ықпалмен қамтамасыз етіледі. Мектеп информатика курсының оқушылардың ғылыми танымына қосатын үлесі ақпарат туралы түсінікті ғылымның негізі үш ұғымы, яғни қазіргі дүниенің ғылыми көрінісін құрудың негізінде жататын зат, энергия және ақпарат ұғымдары арқылы қалыптастырумен анықталады. Сонымен қатар информатиканы жаңа сапалы деңгейде оқып-үйренуде ой еңбегінің мәдениеті және өзінің жұмысын жоспарлай алу, оны ұтымды орындау, іс-әрекетінің алғашқы жоспарын оның орындалуымен салыстыра білу сияқты жалпы тұлғалық қасиеттер қалыптасады. Информатиканы оқып-үйрену, сондай-ақ оқушылардан олардың ақыл-ой еңбегі мен жігерін, ықыласын, саналы әрекетін қажет ететін алгоритмдер мен программаларды құра білуі және олардың ЭЕМ-де жүзеге асырылуын табандылықпен, мақсаттылықпен, шығармашылық белсенділікпен орындауы және жеке жауапкершілік пен еңбексүйгіштік, тәртіптілік, ойлау шыншылдығы, өзінің көзқарасы мен пікірін дәлелдеу сияқты жеке тұлғалық қасиеттердің дамуына мүмкіншілік туғызу болады. Мектеп информатика пәнінде нақтылыққа, іс-әрекет пен ойлаудың дәлдігіне ерекше мән беріледі, себебі ойлаудың, баяндауды және сипаттаудың дәл болуы – компьютермен жұмыс істеудегі негізгі маңызды компонент болып табылады. Оқушыны кейде есепті қалай шығару керектігі туралы тапқырлыққа алып келудің қиын екендігі белгілі. Информатика курсында мәселе тек тапқырлықта ғана емес, оның орындаушы ЭЕМ үшін алгоритмін дәл, әрі нақты жүзеге асыруда, осы алгоритмдерді қағаз бетінде өте дұрыс, дәл жазуда немесе қатесіз пернетақтадан енгізуде болып отыр. Жаңа курсты оқып-үйренуде оқушыларда, әрбір дәлсіздік, олқылық, босаңсу, шұбалаңқылық және т.б. ерсі көзқарастар бірте-бірте қалыптасуы мүмкін. Бұл жеке тұлғалық маңызды қасиеттер информатиканы оқып-үйренуде өздігінен қалыптаспайды. Бұл жерде мұғалімнің тынымсыз еңбегі қажет болады.
Қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген информатиканы оқытудың негізгі мақсаттарының бірде-біреуі жеке түрде орындалмайды, олар бір-бірімен мықты байланыста жүзеге асырылады. Оқушыларға осы саладан жалпы білім алуын қамтамасыз етпей, сол сияқты оқу мазмұнының қолданбалы, практикалық қырларын елемей информатика пәнінің тәрбиелік нәтижесін алуға болмайды.
Мектепте информатика саласынан білім берудің жалпы мақсаттары өзінің жалпы дидактикалық мәнісінде көмескі болып қалатын үш негізгі мақсаттар сияқты оқу үдерісіне қойылғанда оқытудың нақты мақсаттарына айналады. Осы жерде информатика пәнін оқытудың нақты мақсаттарын тұжырымдаудың оңай мәселе еместігіне көз жеткіземіз.
Мұндай жағдай тек мектеп информатикасына қатысты емес, сондықтан оған дәлелді түсіндіру бар. Мақсат түсінігінің жалпы философиялық түсіндірмесіне көңіл аударайық: «Мақсат – іс-әрекет нәтижесінің ойша, саналы болжамы. Мақсат тікелей себепші ретінде адамның іс-әрекетінің бағытын реттеп отырады. Мақсаттың мазмұны іс-әрекеттің объективті заңдарынан, субъектінің және қолданылатын құралдардың нақты мүмкіндіктерінен тәуелді болады» [44]. Саналы өнім ретінде мақсат өздігінен қозғалу мүмкіндігіне, динамикасына ие, себебі, құбылмалы әлеммен қарым-қатынаста және өзі өзгеріп отыратын іс-әрекеттегі адамның танымынан туындайды. Осы айтылғандардан, мақсат пайда болу жағынан объективті бола тұра, субъективті болып табылады [33, 643-б.]. Латындардың, “екі адам бір ғана нәрсені айтып тұрса, ол бір ғана нәрсе емес”- деп айтуы тегін емес. Бұрынғылардың ақылдылығы мен көрегенділігі біркелкі ұғымдарды жиі пайдаланатын, осы ұғымдарға мағыналы өзгеріске ие мазмұн беретін қазіргі педагог-информатиктердің пікірлерінде ашық көрініс тауып келеді.
Сонымен информатика саласынан мектепте білім берудің мақсаттары неден басталады және олардың қалыптасуына не әсер етеді?
Мектептегі информатика пәнінің нақты мақсаттары ең алдымен информатика ғылымы қоғамның осы даму кезеңіндегі іргелі негізін талдауға, оның басқа ғылымдар арасындағы орны мен рөліне сүйенуі қажет болады. Бұл жерде ең алдымен информатика ғылымының іргелі негіздері қалыптасу және даму күйінде қалып отыр, бұл осы күнге дейін жалғасып отырған пікірталастар негізінде оларды бірмәнді емес бағалауға алып келіп отыр. Мектеп пәндерін оқытудың нақты мақсаттарының қалыптасуы, сонымен бірге білім беру парадигмасының дамуына әсер етеді, атап айтқанда жалпы орта білім беру стандартына ыңғайларды қалыптастыру және нақтылау, бұдан өз кезегінде әртүрлі ашық субъективті көзқарастар мен пікірлердің қарама-қайшылығы туындайды [3,7,20,25,39,40,41,42,46 және т.б.].
Сонымен қатар, тек қана саналы, ғылыми негізделген мақсатты таңдау, информатиканы оқытудың алдында тұрған міндеттердің орындалуын жүзеге асыру және оқытудың тиімді тәсілдерін пайдалану негізінде оқу материалын (оқыту мазмұнын) құрастыру мүмкіндігін береді. Информатика саласынан жалпы мектептік білім беру мақсатының эволюциясы мен біртіндеп жетілуін мектеп пәнінің алғашқы нұсқасы ИЕТН–нен бастап ретпен қарастыру мақсатқа сай келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   87




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет