Бағалы қағаз бен төлем құжаттар бөлек ұғымдар. Бағалы қағаздардың, төлем құжаттардың тізімін уәкілетті орган анықтайды. Отандық төлем құжаттардың қатарына жататын чек, вексель, аккредитив те ұлттық валютада шығарылады [7, 36-89 б.]. Ал, алдыңғы қатарлы елдерде чек, вексель, аккредитив - ақшалай құжат, не қаржы инструменті, айналым инструменті, классиктік бағалы қағаз нысанын құрайды. Бұл елдердің шетел валютасындағы (біздің мемлекет үшін) чек, вексель, аккредитив сынды бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасы аумағында да шетел валютасындағы бағалы қағаздар деп қабылдайды. Мысалы, Қазақстан Республикасында шығарылған шетел валютасындағы аккредитив пен шетелде шығарылған шетел валютасындағы аккредитивтер бір-бірінен құжат шығарылған орнымен ерекшеленеді. Әр елдегі бағалы қағаз туралы түрлі түсініктер сыртқы және ішкі заңнамалардың арасында қайшылықтар туғызады. Сондықтан да қылмыстық құқықтық актілерде шетелдік және отандық бағалы қағаздар деген ұғымдарды қолданған анағұрлым тиімді болар ма еді.
Акция дегеніміз акционерлік қоғам шығаратын және бағалы қағаздың түрі мен санатына байланысты дивиденттер алуға, қоғамды басқаруға қатысуға және қоғам жойылғаннан кейін оның қалған мүлкінің бір бөлігіне акционердің құқықтарын куәландыратын бағалы қағаз. Акционерлiк қоғам жай және артықшылықты акциялар шығаруға құқылы.
Акционерлiк қоғамдарға құрылтайшылар жарғылық капиталды қалыптастыруға және дивиденттер алуға қатыспайтын алтын акция енгiзуi мүмкiн. Алтын акция иесiнiң жалпы жиналыстың, басқарма мен қадағалау кеңесiнiң Жарғымен белгiленетiн мәселелер жөнiндегi шешiмдерiне тыйым салуға ғана құқығы болады.
Облигация ұстаушының оны шығарған адамнан онда көзделген мерзімде нақты құнымен облигация немесе басқа мүліктік балама алуға құқығын куәландыратын бағалы қағаз облигация деп аталады. Облигация өзінің ұстаушысына облигацияның нақты құнының онда көрсетілген сыйақыны (мүддені) не өзге де мүліктік құқықты алуына құқық береді. Облигацияның мынадай түрлері бар: ішкі мемлекеттік, жергілікті қарыздардың облигациясы, кәсіпорындардың облигациясы; агенттік облигация; ипотекалық облигация; қамтамасыз етілген облигация; атаулы, ұсынбалы пайыздық жәнепайызсыз; еркін айналатын немесе айналысы шектеулі облигация.
Агенттiк облигация - қаржы агенттiгi шығаратын облигация.
Инфрақұрылымдық облигация - эмитент мiндеттемелерiнiң орындалуы мемлекет пен эмитент арасында мемлекетке берiлетiн объектiнiң құнының сомасына сәйкес жасалған инфрақұрылымдық жобаны iске асыру жөнiндегi концессиялық келiсiм шеңберiнде мемлекеттiң кепiлгерлiгiмен қамтамасыз етiлген облигация.
Ипотекалық облигация - ипотекалық қарыз шарттары бойынша талап ету құқығы кепілiмен (ипотекалық куәліктердің кепiлiн қоса алғанда), сондай-ақ тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленетiн өзге де жоғары өтiмдi активтер кепiлiмен қамтамасыз етiлген облигация.
Мемлекеттік ұзақ мерзімді облигациялар. МҰО түріндегі заем 30 жыл мерзіміне Мемлекеттік ұзақ мерзімді облигациялардың облигациялары купонды жинап бланк түрінде шығарылып, тек заңды тұлғалар арасында іске асырылады. Облигациялар әр түрлі номиналдық құнмен шығуы мүмкін.
Банк мекемесі МҰО барлық келісім-шарттарын тіркейді. Бланктің артқы жағына сатылу мерзімімен сатып алушы жайлы мәлімет жазылады.
Мемлекеттік қысқа мерзімді облигациялар. Олардың эмитенттері - Қаржы министрлігі. Эмиссия жеке шығару ретінде 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімде іске асырылады. Облигациялар құжатсыз нысанда «деко» шоттарында жазба түрінде шығарылады.
Әрбір шығарылым Қаржы Министрлігі мен банктерде екі түпнұсқа сертификаттары сақталумен рәсімделеді.
МКО қатысушылар (диллерлер мен инвесторлар) және жеке заңды тұлғалар болуы мүмкін. Инвесторлар ретінде заңды тұлғалар да шығуы мүмкін.
Ішкі валюталық заемның облигациялары. Ішкі валюталық заемның облигациялары, бірінші рет бұрынғы КСРО қарызын сөндіру үшін 1993ж 15 наурызда РФ Қаржы министрлігі шығарды. Облигацияның номиналы – мың, он мың, жүз мың, АҚШ доллары. Өтеу мерзімі: 1 жыл, 3 жыл, 6,10,15 жыл. Әрбір облигацияда жылдық пайыздыы төленетін купондар беріледі.
Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттары ақша-несие саясатының мақсаттарын іске асыру және айналымдағы ақша массасын жедел реттеу үшін пайдалынатын айналыс мерзіміндегі мемлекеттік бағалы қағаздар болып табылады.
Мемлекеттік орта мерзімді қазыналық валюталық міндеттемелер (МЕОКАВМ) республикалық бюджеттің ағымдағы тапшылығын қаржыландыру мақсатында Үкіметтің атынан Қаржы Министрлігі шығаратын және нарықта еркін айналыста болатын Қазақстан Республикасы эмиссиялық мемлекеттік бағалы қағазы.
Қазыналық валюталық міндеттемелер - ұстаушыларға өтеу кезінде олардың атаулы құнын алуға және төленетін атаулы құнға пайызбен сыйақы алуға құқық беретін бағалы қағаз.
Мемлекеттік индекстелген қазыналық міндеттеме (МИҚМ) республикалық бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін пайдалынылатын қаржы құралдарын (инструменттерін) түрлендіру (диверсификациялау) мақсатында Қазақстан Республикасы аумағында айналым мерзімі бір жыл және бір жылдан астам уақытқа шығарылатын бағалы қағаз.
Жанама (туынды) бағалы қағаздар - осы туынды бағалы қағаздардың базалық активке қатынасы бойынша құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз Жанама бағалы қағаздар нарықта айналыста жүрген корпоративтік бағалы қағаздардың тізбесін аяқтайды.
Фьючерс - белгiленген нысандағы стандарттық саны мен орындалу мерзiмi бар және ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналыста жүретiн туынды бағалы қағаз, оны сатушы сатуға немесе сатып алуға мiндеттенедi, ал сатып алушы мүлiктiң (базалық активтiң) белгiленген санын келiсiлген баға бойынша және белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн сатып алуға немесе сатуға мiндеттенеді.
Своп - екi тараптың белгiлi бiр мерзiм iшiнде белгiлi бiр талаптармен қаржы құралдарын айырбастау жөнiндегi келiсiмiн куәландыратын туынды бағалы қағаз.
Опцион - шарт, оған сәйкес бiр тарап (опционды сатушы) осы шартта аталған мүлiктiң (базалық активтiң) белгiлi бiр санын осы шартта келiсiлген баға бойынша сатуға немесе сатып алуға мiндеттенедi, ал екiншi тарап (опционды сатып алушы) сатып алу немесе сату құқығына ие болады; сауда-саттықты ұйымдастырушылар мұндай шартты стандарттаған жағдайда ол туынды бағалы қағаз ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
Қазақстандық депозитарийлiк қолхат - Қазақстан Республикасының резидентi емес эмитенттiң басқа мемлекеттiң заңдарына сәйкес шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздарының белгiлi бiр санына меншiк құқығын растайтын туынды эмиссиялық бағалы қағаз.
Оларды пайдалану белгілі бір қажеттіліктерге: қаржы және баға тәуекелдерін сақтандыруға хеджерлеуге), өтімдіктің артуына, қарыз алу құнының төмендеуіне, қажетті нарыққа шығу мүмкіндігін алуға байланысты.
С.Райымқұловтың еңбектерінде бағалы қағаздар шартты түрде екі топқа бөліп нақтыланған: а) меншікті куәландыруы бойынша: акция, акциялық сертификат, акциялық куәлік, қаражат фьючерсі, ордерлер, құқық не варанттар, ваучерлер және тағы сол секілді; б) қарыздарды куәландыруы бойынша: облигациялар, векселдер, депозиттік және жинақтық сертификаттар, чектер, әр түрлі мемлекеттік қарыз міндеттемелері.
В.Д Колюеваның пікірінше, бағалы қағаз - иеленушінің қандай да мүлікке, не ақшаға меншік құқығын куәландыратын құжат. Сондай-ақ бағалы қағаз оны иеленушінің болашақта қолма-қол ақшаны алуға деген құқығын дәлелдейтін, сатылатын және сатып алынатын қаржылық құжат болып табылады [8, 460 б.]. Бағалы қағазды меншік құқығын куәландыратын құжат ретінде тануда жанама бағалы қағазға тән белгілер бағалы қағаз ұғымынан тысқары шығып қояды. Жанама бағалы қағаз қор нарығында акция мен облигацияның өзін емес, олармен сату-сатып алу операциясын жасауға құқық беретін құжат. Ал, В.Д. Мельников және К.К.Ильясов, бағалы қағаз мүліктік құқықты, не оны иеленуші мен бұл құжатты шығарған ұйымның займдық қатынастарын куәландыратын ақшалай құжат деп түсінеді [9, 302 б.]. Липсиц, бағалы қағаз - бұл оны иеленушінің осы құжатты шығарған жеке және мемлекетік ұйымның мүлкіне үлесін, сол мүліктен түскен кірістің тиісті бөлігіне деген құқығын куәландыратын құжат,- деп есептейді [10, 302 б.]. Бұл ғалымдардың бағалы қағазға берген анықтамаларында жанама бағалы қағаз ұғымы қарастырылмайды.
Бағалы қағаздардың құқықтық институты азаматтық құқық ғылым мен азаматтық заңнамаларға дәстүрлі ұғым. Бағалы қағаз жөніндегі ұғым ерте кезден-ақ пайда болған. Ол ұзақ жылдар бойында қалыптасып, іс-тәжірибеде апробацияланған. Қазіргі заманғы заңнамаларда ол цивилистік теория, беделді іс-тәжірбие және заңды техника жетістіктерінің тиімді үйлесімін таба алған үлгісіне айналып отыр. Қоғамдық қатынастардың дамуы заң шығарушының, мүліктік айналымның қатысушыларының алдына жаңа міндеттер жүктейді.
Өткен ғасырларда Германияда бағалы қағазды мүліктік құқықтық мазмұнды кез келген құжат» деп түсінген. Бағалы қағаз теориясының Германияда негізін салушы Thol-дің пікірінше, бағалы қағаз - бұл онда көрсетілген құқықтарды жүзеге асыру үшін ұсынылатын құжат [11, 58-63 б]. Бұл ертеректегі түсінік, уақыт өте келе бұл ұғым да түрлі өзгерістерге ұшырады. Мысалы, акция эмитенттерінің өз акционерлерін тану қажеттігі акцияға құқықтарын растаудың нысаны ретінде көрінетін акционерлерді тіркеу шараларын жасауға ғылыми-техникалық прогрестің дамуы және жалпы тіршілік ету қадамдарының шапшаңдауы электронды тіркеуді және сауда жүйелерінің автоматизациялануды алып келді. Біртін келе қағаз құжат ретінде көрінген эмиссиялық бағалы қағаздар классикалық нысанынан айырыла бастады, ал мүліктік құқықтар болса, электронды жазбада тіркеу жүйесімен расталынатын болды. Нәтижесінде бағалы қағаз нысанын жоғалтып, эмиссиялық бағалы қағаздар қорды қайта бөлудің саласы ретінде бағалы қағаз нарығының объектісіне айналды. Сондықтан да бағалы қағаздың және құжатсыз бағалы қағаздың ұғымдарын заң шығарушылық деңгейінде бірыңғай құқықтық режимге біріктіру және бөлу қажеттігі туындады.
2003 жылғы Азаматтық кодекстегі өзгеріске сай, бағалы қағаз - мүліктік құқықтарды куәландыратын белгілі бір жазбалар немесе басқа да белгілердің жиынтығы. Мұнда бағалы қағаздардың классиктік құқықтық институы мазмұнының заңнамалық бейнесі өзгеріп, ал құжатсыз бағалы қағаздар үшін тиімді құқықтық режим қалыптасты. Ал құжатсыз бағалы қағаз мәселесі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 129-бабына сәйкес соңғы жылдары өзекті мәселеге айналып отыр. Бағалы қағаздарға берілген отандық түсінік шетелдік ұғыммен сәйкес келе бермейді. Ал бағалы қағаздар, халықаралық экономикалық қаржы қатынасының негізгі құралы болып табылады. Осы ұғымға орай Р.А.Мирзалимова өз ғылыми зерттеу жұмысында құжатсыз бағалы қағазға төмендегідей түсінік беруді ұсынады: Құжатсыз бағалы қағаз дегеніміз - мүліктік құқықтарды куәландыратын электронды тіркеушінің реестрінде (депозитория) тіркелінген жазба [12, 11 б.].
Қазақ жерінде вексель айналымы тым ерте ХVІІІ ғасырдан бастау алған. Бұл кезде қазақ елі Ресей империясының отарында еді. Вексель айналымы елде 1729,1832,1902 жылдардағы ресейлік вексель жарлығымен реттелінді. 1991 жылдың 11 шілдесіндегі «ҚазССР бағалы қағаздар айналымы және қаржы биржасы туралы» ҚазССР алғашқы Заңымен вексель бағалы қағаздар қатарына енгізілді. Ресеймен бірыңғай вексельдік-құқықтық жүйеге негізделгеніне қарамастан қазақстандық қор нарығы басқаша даму жолын таңдап отыр. Бүгінде 1997 жылдың 28 сәуіріндегі «Қазақстан Республикасы вексель айналымы туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы аумағында ұлттық чек, вексель сынды құжаттар бағалы қағаздар қатарынан шыққан. Бағалы қағаздың түпнұсқасын шығарып, оны тарату, сату-сатып алуда, талаптың көшу шартын жасауда бірнеше рет шартты жазбаша нысанда қайталап толтырып жатпаудың жолдарын қарастырады. Чек, вексель тек төлем құралы функциясын атқарады, бағалы қағаз бір реттік түпнұсқа жасауға келмейді. Бірақ та мұнда ипотекалық куәлікті тұлғаға әр бергенде (бланкті толтырғанда) құжатты тіркеуден өткізіп отыратындығы назарға алынбайды. Сондықтан да бұл жағдайда бағалы қағазда көрсетілген мүліктік құқықтарды оның түпнұсқасы куәландырады деген ережені бағалы қағаздың негізгі белгісі ретінде қарау шарт емес сияқты. Осы орайда Ф.Қарағұсов чек пен вексельді эмиссиялық емес бағалы қағаздардың ұғымдарын түрі ретінде қарастыратын Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 137-138-баптарын қайта қалпына келтіруді ұсынады, оның себебін чек пен вексельді бағалы қағаздар қатарынан шығарып тастауға негіз болған фактілердің негізсіздігімен түсіндіреді [13, 5-9 б.]. Дамыған елдерде чек, вексельді айналым құжаты, ақшалай құжат, не қаржылық инструмент, классиктік бағалы қағаз ретінде таниды.
Швецариялық міндетті заң бағалы қағаздарға мынадай анықтама береді: Бағалы қағаз - бұл онда көрсетілген құқықтың онсыз жүзеге асырылуы, басқа тұлғаға берілуі мүмкін болмайтын құжат». Дәл осындай түсінік Германия, Италия, Франция заңнамаларында кездеседі. Англо-американдық жүйеде бағалы қағаз жөнінде бірыңғай анықтама жоқ.
Мүліктік сипаттағы барлық құжаттар келесі түрлерге бөлінеді: тауарлық бұйрықты айналымдағы құжат, инвестициялық; нысаны бойынша - ұсынбалы, не ордерлі; мазмұны бойынша - ақшалай түрдегі, айналымдағы құжат.
Ағылшын құқық ғылымында «бағалы қағаз» ұғымы орнына «negotіable іnstrument» - айналым инструменті, яғни өзінің адал ниетті ұстаушысына, кейінгілерге даусыз төлем алуына құқық беретін ұсынбалы, не ордерлі құжат ұғымы қолданылады [14, 70-77 б.]. Ал, АҚШ Бірыңғай сауда кодексінде (БСК) де айналым құжаты ұғымына түсінік беріледі. Кодекстің 3-104 бабында айналым құжаты келесі екі талапқа сәйкес келуі тиіс:
- ешқайда бекітілмеген, ақшалай соманы алуына құқықты бекітеді;
- ұсынушыға жасалынған, не қағазда көрсетілген тұлғаның бұйрығы.
Шет мемлекеттер заңнамаларында бағалы қағаздар ұғымын екі аспектіде қарайды:
- эмитенттің бағалы қағазда көрсетілген уақытта мүліктік игіліктерді ұсынушыға беруге міндетті болуы;
- бағалы қағаздың мүліктік құқықтарды куәландыратын құжат болуы.
Ф.Қарағұсов бағалы қағаздың белгілі бір санаттағы мүліктік құқықтарды куәландырудың саралаушы жазбаша нысанда болатынын, ал құжатсыз бағалы қағаздың сәйкесінше мүліктік құқықты қағазбен рәсімдемейтіндігін ескере келе, нысаны жағынан алғанда айырмашылықтары бар құжатсыз бағалы қағаз бен бағалы қағазды азаматтық құқықтың екі түрлі объектісі қарастыруды ұсынады. Осыған орай ол Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексіндегі (жалпы бөлім) 3-тараудың 2-параграфын «Бағалы қағаздар және құжатсыз бағалы қағаздар» деп атауды ұсынады [15].
Алайда, бұл пікірмен келісу қиындау, себебі «бағалы қағаз» бен «құжатты бағалы қағаз» ұғымдары мәні жағынан бір құбылысты сипаттайды, яғни мүліктік құқықтарды куәландырады.
АҚШ БСК-де бағалы қағаздың құжатты және құжатсыз нысанда кездесуіне байланысты қайшылықтар былай шешілген: «Бағалы қағаз - бұл құжатты, не құжатсыз бағалы қағаз».
М.Крыловтың ойынша, құжат пен азаматтық айналымның объектісі түріндегі бағалы қағаз ұғымдарында бір емес, тікелей тәуелділік аңғарылмайды. Сондықтан да бағалы қағазды тек «құжат» ұғымымен түсіндіру дұрыс емес. Құжат мәнісі жағынан - ресми (кәсіби) құжат, ол қандай да фактіні, не белгілі нәрсеге құқықты растайды, ал бағалы қағаз мүліктік құқықты сипаттайды.
«Құжат» – (латын сөзі documentum - куәлік) белгілі бір уақытта және аймақта ақпараттар тіркелінген жазбаның материалдық алып жүрушісі (материальный носитель). Құжат мәтінді, дыбысты, бейнені көрсетеді [16, 408 б.].
Соңғы жылдары «электронды оқулық», «электронды оқу құралы» сынды ұғымдар айналымда жиі қолданылады. Бұл да ғылыми-техникалық прогрестің жемісі. Демек, бағалы қағаздың мүліктік құқықтарды куәландыратын құжат ретінде түсіндірілуі теорияда жат түсінік болмас еді. Сондықтан да, біздің пікірімізше, бағалы қағаздарды «құжатты», не «құжатсыз» деп бөлмей, «электронды бағалы қағаз» және «электронды емес бағалы қағаздар» (немесе ценная бумага в бумажном носителе) ретінде түсінген дұрыс.
Азаматтық кодекс бағалы қағазды құжат деумен бірге оны зат деп те көрсетеді. Өйткені, кез келген құжаттың түп-төркіні материалдық дүниеге қатысты келеді. Сондықтан да онда көрсетілген әріп таңбалары мен сандары, тасқа басылып не қолмен жазылған жазбалары осы құжат туралы тиісті ақпарат береді. Сонымен бірге кез келген құжаттың бағалы қағаз бола алмайтыны тағы бар, тек заңмен белгіленген шарттық белгілері сақталғаны бағалы қағаз құқығын алады.
Ескі заңдағы түсінік бойынша бағалы қағаздың жарамдылығының бірден-бір белгісі - міндетті реквизиттерді сақтау еді. Қазақстанда айналымға жіберілетін әрбір бағалы бағалы қағаздың мәтінінде болуға тиісті нақты шарттардың тізімі (реквизиттер) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі және басқа да бағалы қағаздар жөніндегі заңнамаларда көрсетіледі. Бағалы қағаздың міндетті реквизиттері арнайы нормативтік құқықтық құжаттарында көрсетілген (оның атауы, сериясы, нөмірі, өтініш жасау мерзімі, субъектінің қағаз бойынша көрсетілген міндеті, номиналдық құны, кіріс көлемі немесе марапаттау (пайыздар), қағаз бойынша орындалу орны және басқа шарттар) талаптар болып табылады.
Бұл міндеттер бағалы қағаздың жарамсыздығының көрсетілген шарттары дегенді білдіреді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (ҚР АК) 129-бабында бағалы қағаздың жарамсыздығының қосымша шартының («белгіленген нысанға бағалы қағаздың сай келмеуі») көрсетілуі тектен-тек емес-ті.
Азаматтық актілерде (Қазақстан Республикасының азаматтық кодексі, «Бағалы қағаздар рыногы туралы» заң) бағалы қағаздардың тізімі толық көрсетілмеген, оның тізімі тағы да басқа» деген фразамен аяқталады. Бағалы қағаздардың тізімін тану заң актісі негізінде бекітілуі тиіс (Қазақстан Республикасы АК, не жеке заңдарда). Жоғарыда айтылғандай, «Бағалы қағаздар рыногы туралы» заңның 4-бабына сәйкес, бағалы қағаздар нарығының объектісіне акция, облигация және заңда белгіленген тәртіпте уәкілетті орган бағалы қағаз деп таныған басқа да құжат және .... жатады, деген сілтемелер болмағаны орынды.
Бағалы қағаздарды топтастырудың кең тараған түрі эмиссиялық (электронды нысанда шығарылатын бағалы қағаз) және эмиссиялық емес (қағаз күйінде көрінетін бағалы қағаз) бағалы қағаздарға нақты түсінік беріп, оларды заңнамада тізіп шыққан орынды болар еді.
Тақырыпша бойынша сұрақтар:
-
Бағалы қағаздар дегеніміз не?
-
Бағалы қағаздарға қандай белгілер тән?
-
Бағалы қағазға берілген отандық түсінікті шетелдік түсінікпен салыстырыңыз, нендей өзгешілікті байқадыңыз?
-
Бағалы қағаздарды топтастырудың белгілері қандай?
-
Бағалы қағаз нарық түріне қарай қалай топтастырамыз?
-
Негізгі бағалы қағаздарға нелер жатады?
-
Жанама бағалы қағаздар дегеніміз не?
-
Қазақстан Республикасындағы бағалы қағаздар нарығын қандай кезеңдерге бөлуге болады?
1.2 БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫЛАР
Бағалы қағаздар нарығының қатысушылары мыналар бола алады: эмитент, инвестор, кәсіби қатысушылар.
Эмитент – бұл бағалы қағаз шығаруға арнайы уәкілеттігі бар заңды тұлға. Эмитент – эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруды жүзеге асыратын тұлға, деп «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңның 1-бабындағы жалпы ережеде көрсетілуіне орай, эмиссиялық емес бағалы қағаздарды шығарушыға қатысты бұл ұғым қолданылмайды. Бұған сондай-ақ эмиссия ұғымы да қатысты. Шығарған бағалы қағаздарды эмитенттердің өздері де таратуына болады.
Кіріс табу мақсатында бағалы қағазға қаражат салушыны инвесторлар деп атайды. Инвестор - жеке және заңды тұлға. Бағалы қағаз портфелін қалыптастыратын субъектілерге мыналар жатады: институциялық қорлар, институциялық банк, мемлекеттік емес зейнетақы қорлары, сақтандыру ұйымдары. Ақшалай бағалы қағаз нарығында инвестор ретінде банктер кеңінен қатысады. Банктер клиенттеріне қысқа мерзімді бағалы қағаздарды таратады, яғни делдалдық қызметті де атқарады. Капитал бағалы қағаз нарығында институциялық инвесторлар көптеп кездеседі. Институционалдық инвестор – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инвестицияларды жүзеге асыру мақсатымен қаражат тартушы заңды тұлға, дара инвестор – институционалдық инвестор болып табылмайды.
Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы – өз қызметін бағалы қағаздар рыногында лицензия негізінде не заңнамалық актілерге сәйкес жүзеге асыратын және акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында жұмыс істейтін (клиенттердің есебін жүргізу құқығын берместен брокерді және (немесе) дилерді, тіркеушіні, трансфер-агентті қоспағанда) заңды тұлға.
Нарықты бәсекелестік билеген кезеңде эмиссиялау механизмі үлкен шығындармен қатар мамандандырылған білімдер мен біліктілікті қажет етеді. Сондықтан да эмитенттер кәсіби дилер, брокерлерге жүгінеді. Олар ұйымдастырылған, кепілдік бере алатын бағалы қағаз нарығының делдалдарына жатады. Дилерлер екінші нарықта бағалы қағазды сату-сатып алу шартын өз аттарынан және өз есептерінен жүзеге асырады. Олардың пайдасы бағалы қағазды иелену құны мен оларды өткізген бағаның айырмасын құрайды. Брокерлер басқа тұлғалардың мүддесіне комиссия шарты негізінде нарыққа қатысады, өз коммерциялық қызметінде бағалы қағазды өз аттарынан, бірақ өз клиенттерінің есептерінен сатып алып, сатады. Олардың еңбегіне берілетін сыйақы жасалған мәміленің сомасының белгілі пайыз мөлшерінде алдын-ала келісіледі. Сондай-ақ брокерлер клиенттерінің аттарынан, есептерінен тапсырма шарты негізінде бағалы қағазды сатып алу-сату қызметін жүзеге асырады.
Инвестициялық портфельді немесе зейнетақы активтерін басқарушы – бағалы қағаздар рыногының азаматтық құқық объектілерін басқару жөніндегі қызметті өз атынан, клиенттің мүдделерін көздеп және соның есебінен жүзеге асыратын кәсіби қатысушысы.
Төлем агенті – банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым болып табылса, ал трансфер-агент – өз клиенттерінің арасында құжаттар (ақпараттар) қабылдау мен беру жөнінде қызмет көрсететін бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушысы.
Андеррайтер – бағалы қағаздар нарығының брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар және эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнінде қызмет көрсететін кәсіби қатысушысы. Эмиссиялық консорциум – андеррайтерлердің эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнінде қызмет көрсету мақсатында бірлескен қызмет туралы шарт негізінде құрылған бірлестігі. Андеррайтерлердің бірлескен қызметі туралы шартта эмиссиялық консорциумға қатысушылардың функциялары; эмиссиялық консорциумға қатысушылар арасында олардың құқықтарын, міндеттерін және жауапкершіліктерін бөлу; бірлескен қызмет туралы шарттың қолданыстағы мерзімі сияқты мәліметтер болады.
Бағалы қағаздар саудасын ұйымдастырушылар:
– биржадан тыс бағалы қағаздар нарығындағы баға кесу ұйымы;
– биржалар.
Биржадан тыс бағалы қағаздар нарығындағы баға кесу ұйымы - бұл биржалық емес нарықта құрылатын бағалы қағаздардың саудасын техникалық қамтамасыз ететін және бағалы қағаздың нарықтық құнының курсын анықтау функциясын жүзеге асыратын, заңды тұлға мәртебесі бар, бағалы қағаз нарығының кәсіпқой қатысушыларымен құрылған коммерциялық емес ұйым.
Бағалы қағаздар рыногы» туралы заңның 57-59 баптарына сәйкес, кәсіби қатысушылармен бағалы қағаз нарығында ассоциация түрінде өзін-өзі реттейтін ұйым құрылады [17, 437 б.].
Сонымен қатар кәсіби көмекті эмитенттің аудиторы да атқарады, ол компанияның жүйелі, жылдық және жарты жылдық қаржылық есептерін тексеруге жауапты тұлға болып табылады. Эмитент жаңа эмиссияға байланысты аудиторлардан инвесторларға ұсынатын есепті растайтын хат даярлап беруді сұрай алады. Бұл хатта эмитенттің бағалы қағаздарды сату кезінде ұсынған қаржылық есептің елдегі жалпы бухгалтерлік қағидаттарға сәйкестігін растаған аудитордың пікірі айтылады.
Бағалы қағаз нарығының инфрақұрылымының тағы бір субъектісі - депозиторий. Оның негізгі функциясы - депозитарийлік қызметті жүзеге асыру. Бұл коммерциялық емес арнайы ұйым бағалы қағаздың қозғалысын есепке алу, тіркеу және сақтауға байланысты тиімді де, мамандандырылған шараларды жүргізуді ұйымдастыру үшін құрылады. Депозитарлық қызметті жүзеге асыру кезінде орталық депозитарий қалыптастыратын мәліметтер орталық депозитарийдің есепке алу жүйесіне жинақталады. Депозиторийді бағалы қағазды сақтау орнынан ажырата алу керек [18, 73 б.]. Депозиторийде бағалы қағазбен мәміле жасауға және олардың нақты бар екендігінің кепілі ретінде ұстауға және оларды кез келген уақытта жасалған мәміле бойынша есепке алдыру үшін беріледі. Бағалы қағаз нарығының ерекше кәсіби қатысушысы бағалы қағазды қоймада сақтауды қамтамасыз етеді [19, 84 б.]. Бағалы қағаздарды банкте сақтайды. Акцияларды тіркеуші акционерлердің тізілімін жүргізеді.
Бағалы қағаз нарығының келесі кәсібқой субъектісі клирингті Орталық болып табылады. Олар бағалы қағаздың операцияларын есепке алады. Бағалы қағаз иелері өзгерген кезде операция нәтижесінде бағалы қағаз реестрін жүргізеді.
Сату циркулярын шығару мен таратуды жүйелеуге баспа жауап береді. Бұл жұмыс әлемдегі инвесторлар арасында жүздеген беттерден тұратын мыңдаған көшірмелерді таратын өте үлкен.
Достарыңызбен бөлісу: |