1.«Айқап» журналының қазақ xалқының қоғамдық- саяси өміріндегі орны.
Тарихтың талай дүрбелеңін басынан кешірген қазақ баспасөзі де бүгінгі таңға әупірімдеп жетті-ау! Сан мәрте ақсап барып, жүрелей жүріп орындарынан қаз тұрып кеткен қазақ баспасөзі соның ішінде көптеген қоғамдық-саяси газеттер мен журналдардың алдында баршамызға ыстық болып тұратын ол – «Айқап» журналы».
Биылғы жыл қазақ халқы үшін айрықша аталатын жыл болып отыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздегі мәдени шаралар тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының аясында өтуі керек және «Бейбітшілік пен жасампаздықтың – 20 жылы» біздің мерейтойымыздың ұраны деген болатын. Ал,өткен ғасыр басында осы тәуелсіздікті аңсап кеткен қазақ перзентерінің бірегейі Мұхаматжан Сералин Ресей жеріндегі Троицк қаласында «Айқап» атты журналын жарыққа шығарғанына ағымдағы жылдың қаңтар айында 100 жыл толды.
Қазақ баспасөз тарихында «Айқап» журналының алатын орны – ерекше. Троицк қаласында 1911-1915 жылдар аралығында шығып тұрған «Айқап» қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық өмірінің көптеген түйінді,көкейтесті мәселелерін көтергендігіне куә боламыз. Шын мәнінде қазақ баспасөзін зерттеп зерделеу еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге басталды. Ал тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында «Айқап» журналының 100 жылдығын атап өту — ұлтымыз үшін биік мәртебе болуы тиіс. Бұл ғылыми жобаның құндылығы да сонда.
Жалпы қазақ баспасөзінің даму жолын, соның ішінде «Айқап» журналының қоғамда алатын орнын көрсету. Халқымыздың бүкіл тіршілік болмысын, экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайын, әдебиеті мен мәдениетін, өнері мен білімін жетілдіруді жан-жақты жазумен бірге, осы бағытта үлкен түсіндірушілік, насихат жұмыстарын жүргізіп, қазақ қоғамының ілгері дамуына зор үлес қосқан «Айқап» журналының тарихын таныту, онда қызмет жасаған ел жанашырларының есімін елге естірту.
«Айқап» журналы мен «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты», «Қазақстан» газеттерінің беттерінде басылған материалдардың мазмұндалған библиографиясы 1961, 1963 жылдары басылып шыққан болатын.
Қазақ тілінде шыққан газеттердің екінші тобы 1905-1907 ж. Россияда болған революция дүмпуімен дүниеге келді («Серке» - 1907, «Қазақ газеті» - 1907, «Дала», «Қазақстан» — 1911-1913, «Ешім даласы» -1913), ал одан кейінгілері Октябрь революциясының қарсаңындағы дабылдан кейін және көтеріліс кезінде шыға бастады ( «Айқап» — 1911-15ж., «Қазақ» -1913-18ж., «Алаш» - 1916-1917ж. , «Бірлік туы» - 1917ж., «Сарыарқа - 1917-1918ж.», «Ұран» - 1917ж., «Үш жүз» - 1917ж., «Тіршілік» - 1917. Бұл газетердің шығуына үкімет тарапынан көмек болған жоқ. Олардың жарық көруіне жеке адамдар тобының серіктесуі ықпал етті. Алайда патша цензурасының қатаң бақылауына ұшыраған бұл газеттер үздіксіз шыға алмай, көбінесе айып төлеуге мәжбүр болды. Кейде жабылып қалды, ал ең соңында мүлде жойылып жіберілді.
Баспасөз – қазақ халқының қоғамдық -әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті. XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың жартысындағы қазақ баспасөзінің саяси-қоғамдық және әлеуметтік мәні орасан күшті. Осы кезеңде қазақ қауымы үшін қызмет көрсеткен әсіресе, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы болды. Әрине, бұдан аталмыш осы газет-журналдан басқа баспасөздер болған жоқ деген ой тумайды. Барлық баспасөздің өзіндік орны, мақсат-міндеті, саясилығы, қоғамдық-әлеуметтік мәні бар. Қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Айқап» журналы. Ол журналдың көтерген жүгі мен артқан мақсат- мүддесін өте ауыр да салмақты ойларға толы болды.
Достарыңызбен бөлісу: |