Қазақ баспасөзі және тарих
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың «Өмірден өрбіген ойлар» атты проблемалық мақаласында ұлттық тарих мәселесі терең зерттеліп жазылды. Автор 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басында Қожа Ахмет Иассауи мен Арыстанбаб бейітін қалпына келтіргенде, «Түркістанда хан сарайын қалпына келтіріп жатыр, Шәуілдірде мешіт тұрғызды деп байбалам салғысы келгендер болғандығын, ескі әуез аспаптары музейін ұйымдастырғанда «қазақта домбыра мен қобыздан басқа аспап жоқ, қалғандары бос сандырақ» /ЕҚ. 1992, 9 қаңтар/ деп қасаң пікірлер айтылғанын, сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсын, Мағжан Жұмабаевтарды ақтау істерін жүргізгенде, «бұлар алашордашыларды да ақтап жатыр» деп айдар таққысы келгендігін, Наурыз мейрамын қайта өрбітуге күш салуда деген қызғаныштарын білдіргенін өкінішпен еске алады. Автор мақаласында тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, халық жадында қайта жаңғырту мәселесін қояды. «Жақында ғана біздің Қазақстан Абылай аспаған асудан асып, өз тәуелсіздігін жария етті. Іргелі ел болып, жан-жақты даму жолына түсуге мүмкіндік алды. Мұның өзі елім деп еңіреген Абылай секілді ерлердің арманы жүзеге аса бастады деген сөз» /ЕҚ. 1992, 9 қаңтар/, – қаламгер өз ойын осылайша түйіндейді. Бұл мақаладан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ рухы толық көрініс тапқан. Көтерілген мәселелердің бәрі де нағыз ұлт жанашырының жүрегінен төгілген ақиқаттан туған.
Кешегі кеңестік жүйенің солақай саясатына байланысты осыдан ширек ғасыр бұрын Мұстафа Шоқайдың атын ешкім ашық атай алмайтын еді. Шоқай ұрпақтары мен туыстары қудалаудан қашып, Оңтүстік Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болса, ағасы Мырзеке мен інісі Нұртаза Мұстафаның туысы болғаны үшін 1937 жылы атылып кетті. Ал елдегі ата-әжелеріміз Мұстафаның атын атаудан қорқып, «жоғалып кеткен», немесе «оқыған бала» деп жұмбақтап сөйлейтін. Бүгінгі күні халқымыздың ұлы перзентінің атымен мақтанатын болдық. Мұндай күрделі өзгеріс еліміздің егемендік, мемлекетіміздің тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты болғанына дау жоқ. Тіпті, 1989-1990 жылдары-ақ әр жерде Мұстафа Шоқайдың аты аталып қалып жатты. Алғаш Әнуар Әлімжанов «Халықтың өткен жолы, адамның өткен жолы немесе Мұстафа Шоқайды еске ала отырып» деген тарихи мақала жазды. Содан Хамза Абдуллин, Мырзатай Жолдасбеков, Қалдарбек Найманбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Бүркіт Аяғанов, Бақыт Садықова, Бейбіт Қойшыбаев, Әбу Тәкенов, т.б. еліміздің жазушылары мен әдебиетшілері, тарихшылары мен саясатшылары Мұстафа Шоқайдың шындығында кім екенін дәлелдеп, қалам тарта бастады. Ал бұл Алаш ардақтысының кіршіксіз тазалығын, үлкен парасат пен адамгершіліктің иесі екенін, Отанына, халқына деген адалдығы мен сүйіспеншілігін, тынымсыз күрескерлігін және коммунистік (кеңестік) идеология қанша жала жапса да, оның елімізге ешқандай да жау емес, керісінше, шынайы тілеуқор болғандығын оның зайыбы Марияның «Менің Мұстафам» атты естелігінен айқын көреміз. Бұл естеліктің қазақ тілінде Ыстанбұлда басылып шығуына 1992 жылы құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басшысы Қалдарбек Найманбаевтың сіңірген еңбегі елеулі болды.
Сондай-ақ, «Мұстафа Шоқай – ол кім?» деген сұраққа сол кезде Франциядағы елшілікте қызмет атқарған Бақыт Садықова қарындасымыз жауап берген болатын. Мұстафа Шоқай туралы ең алғаш батыл да ашық қалам тартып, кітап жазғандардың қатарында Әбжәми Байшуақов, журналист Сарбұлақ Ибрашев пен қауіпсіздік комитетінің полковнигі Әмірхан Бәкіров болды. Осылайша елімізде Мұстафа Шоқай туралы тың ізденістер, мақалалар, оның өз еңбектері ақпарат беттерінде көптеп шыға бастады. Осы кездің өзінде қайраткер қаламгер Камал Смаилов ағамыз: Мұстафа Шоқайды «Дүниежүзілік деңгейде көрінген ең бірінші қазақ», — деп оның саяси еңбегін дәл бағалаған еді.
Атақты саясаткердің есімінің қайта оралуынан Ресей де сырт қалмады. 2008 жылы Санкт-Петербург Гуманитарлық Қоры мен наградалар жөніндегі өндірісаралық біріккен комитеті Мұстафа Шоқайды Санкт-Петербург Ғылымы мен мәдениеті және өнеріне сіңірген еңбегі үшін «Петербург тұлғасы» («Личность Петербурга») медалімен марапаттап, Қазақстанның Ресейдегі бас консулы арқылы Мәдениет министрлігіне тапсырған болатын. 2009 жылы Мәскеуде шыққан «Общественная мысль Русского зарубежья: Энциклопедия» атты басылымда «Чокаев Мустафа» атты көлемді мақала басылды.
Қорыта айтар болсақ, қазақ тарихындағы ұлы бабаларымызды даңқты ерлігі, олар жасаған ұлы тарих кезеңі әр қазақ баласының өз еліне, оның ұлы тарихына, оны жасаған ұлы тұлғаларына деген мақтаныш сезімін ұялатады. Сөз соңын Елбасының мына бір салихалы сөзімен аяқтасақ: «Біздің бабаларымыз қазіргі Қазақстанның ұлан байтақ даласын қорғап, төл мәдениетін сақтап, өмірді түйсіну мен танудың ерекше түрін бізге мұра етіп қалдырды. Бұл дала халқының бостандық сүйе білуі мен айбындылығы тарихтың қатал кезеңдерінде де жоғалтылмай, ата-бабаларымыз біз үшін сақтай алды».
Достарыңызбен бөлісу: |