Билет 30
Мұстафа Шоқай тұлғасы және Түркістан автономиясы.
ХХ ғ. 70-80 жж. ұлттық мәселенің қыспаққа алынуы және қазақ зиялыларының қудалануы.
Қазақстан Республикасының бүгінгі таңдағы инновациялық даму саясатының мәні мен маңызы.
Мұстафа Шоқай тұлғасы және Түркістан автономиясы.
Мұстафа Шоқай – ХХ ғ. басында Түркістан халықтары мүддесін қорғау жолында белсенділігімен көзге түскен қазақ зиялыларының алғашқы толқынының өкілі. Сонымен қатар ол 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін құрылған Түркістан мұхтариятының (Қоқан автономиясының) жетекшісі болғанын да білеміз. Енді осы автономияның құрылу тарихына зер салсақ. 1917 жылы 26 қарашада Қоқан қаласында өлкелік төтенше ІV Мұсылмандар съезі шақырылды. Съездің күн тәртібінде мынадай мәселелер қаралды: Түркістанды басқару жүйесі, Атқару комитетін сайлау, депутаттарды қайта сайлау, милиция, қаржы және т.б.
Бас қосудың басты мәселесі – Түркістан өлкесін басқару жүйесі. Съезге қатысқандардың барлығы дерлік автономия және тәуелсіздік жариялау идеяларын қолдады. Сонымен қатар өз нанымын, салтын, ұлттық құқықтарын сақтап қалуды көздеді. Сөйтіп 1917 жылдың 26-28 қарашасында Қоқанда жиналған төтенше IV Түркістан өлкелік құрылтайында үш күн ішіндегі жұмыс нәтижесінде Ресей федеративтік Демократиялық республика құрамындағы территориялық Түркістан Мұхтарияты (Түркістан автономиясы) жарияланды. Кеңестік тарихнамада ол автономия құрылған қаланың атымен “Қоқан автономиясы” деп аталды. Автономия жарияланғанымен, кейін саяси билік Түркістан Уақытша Халықтық Кеңесінің қолына көшті. Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына 54 адам кірді.
Кеңес үкіметі Түркістан автономиясын алғашқы күндерінен бастап-ақ мойындамады. Ташкендегі большевиктер кеңесінің басшысы П.Г.Полтарацкий Қоқан автономиясын сынап, Түркістан автономиясы уақытсыз, орынсыз құрылған, жалпы жұрт пайдасын көздеген автономия емес деген пікірде болды. Оған Ташкентте Уақытша үкіметтің “шотындағы” ақшаны реквизициялау (яғни қоғамдық ұйымның мүлкін мемлекет қарамағына еріксіз алу) тапсырылған болатын. Барлық Қоқан қаласының Мемлекеттік банктегі бөлімінде және жеке банктерден Полтарацкий 8 млн-нан астам рубльді (сомды) тәркіледі. Бірақ көрсетілген қаржы Ташкентке түгелімен жеткен жоқ. 212 мың рубль (сом) Қоқан жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесіне, 81 мың сом Қоқан қамалын қорғауға қалдырылған болатын. Осы жағдай үлкен айқай туғызып, нәтижесінде Түркістан Мұхтариятының кабинетінде келіспеушілік туындап М.Тынышбаев министр-төраға қызметінен ығыстырылып, оның орнына Мұстафа Шоқай тағайындалды.
М.Шоқай Уақытша үкіметтің басшылығын қолына алып, өзбек, қазақ, қырғыздарды бір бағытта нығайтуды көздеді. Сонымен қатар М.Шоқайдың басшылығымен үкіметтің жеке меншік қаржы базасы құрылды. Бірақ, қаржы тапшылығы бәрібір басым болды. Әскери күштерді құруда да төтенше қиыншылықтар кездесті. Үкіметте түркістандықтардан бірде-бір офицер болған жоқ. Соған қарамастан, үкімет өз әскери күшіне сенді. Олар өте қымбатқа мылтық, патрон сатып алып отырды. Қоқан үкіметі барлық түркістандықтарды Автономия туының астына жинауға қол жеткізді.
Бірақ автономиялы үкімет қозғалыс пен күрестің орталығы болды. Қоқанды мемлекеттік құрылым ретінде кеңес үкіметі мойындамады. Түркістан Кеңестерінің ІV съезі Түркістан Мұхтарияты басшылығымен келіссөз жүргізуден бас тартып, Қоқан автономиясы үкіметін заңнан тыс деп жариялады. Оның басшыларын тұтқындау және автономияны тарату жөнінде қаулы қабылдады. Ал қаңтардың 18-інен 19-ына қараған түні Ташкенттен Қоқанға Е.Перфильев басқарған Кеңестік жақсы қаруланған әскери бөлімдер мен Самарқанд пен Ферғанадан да большевиктік әскерлер келіп жетті. Түркістан Мұхтариятын жақтаушылардың көпшілігінің қолында сойыл, шоқпар, балта болды, жекелеген адамдар аңшы мылтықтарымен қаруланды. Шын мәнінде күштің ара салмағы тең емес еді.
29-ынан 30 қаңтарға қараған түні автономия жақтаушылары қаладағы қамалды алуға әрекет жасады. Бірақ ол іске аспады. Олар телефон станциясына келіп, жаңа қаладағы телефон байланыстарын өшіріп тастап, Қоқан кеңесінің ғимаратына баса-көктеп кіреді. Қоқан кеңесінің басшысы Е.А.Бабушкин станцияға қашып барып, жиналған жұмысшылар мен қалалық өкімет органы – “революциялық комитет” құруға кірісті. 30 қаңтар күні азанда қамалда жұмысшы, теміржолшыларға қоңыраулата дабыл соқты, сөйтіп оларға қару-жарақ берілді. Осы күні (30 қаңтарда) Қоқан қаласының жанынан 2 көпір өртелді. Қала мен Серево станциясы арасындағы темір жол бөлшектелді, телеграф сымдары кесіліп тасталды.
Революциялық комитет мүшесі Сазонов Бабушкиннен “Зигельді, Шоқаевты және хатшысын тұтқынға алыңдар” делінген жеделхат алады. Ол революциялық комитет мүшесі Николаенкомен бірге екі солдат алып ескі қалаға шығып кетіп тек хатшыны ғана тұтқынға алады. М. Шоқай мен оның сенімді серіктестері жасырын әрекетке көшуге мәжбүр болды. Үш күн бойы Қоқан қаласы озбыр күштердің аяусыз соққысына ұшырады. Қалаға басып кірген қызыл әскер бөлімдері мен оларға көмектескен жергілікті армяндардың “Дашнакцутюн” партиясы құрған қарулы жасақтар қаланы оқ құшағына орады, азық-түлік пен мақта-мата қоймалары өртенді, жаппай тонау мен Мұхтарият жақтаушыларын тұтқындау орын алды. Түркістан Мұхтарияты Уақытша үкіметінің 54 мүшесінің 30-ы тұтқындалып, олардың екеуі: Х.Юралы-Агаев пен М.Мырзахметов атылды. Құтылғандары Ферғана тауларына қашып кетіп, 1928 жылға дейін партизандық күрес жүргізген.
Мұстафа Шоқай негізін қалаған Қоқан автономиясы бар болғаны екі ай, төрт күн ғана өмір сүрді. Олардың не офицері, не ақшасы, не әскері болған жоқ. Пошта, телеграф, темір жолдардың бәрі де жау қолында болатын. Осындай қиын кезде дүниеге келіп, қысқа ғана ғұмыр кешкен Қоқан үкіметінің Түркістан халқының ұлттық талаптарын қанағаттандыру жолында көзге көрінерлік ешқандай жұмыс тындыра алмауы заңды еді. Тіпті, бұл үкіметтің осындай жағдайда құрылып, 64 күн өмір сүре алуының өзі таңқаларлық құбылыс деуге болады. Ал Мұстафа Шоқай Кеңес үкіметінің ықпалы күшейіп, Қоқан автономиясы құлағаннан кейін, саяси пікірі қарама-қайшы болғандықтан, Түркістаннан асып кетуге мәжбүр болды.
Достарыңызбен бөлісу: |