Билет 31
ХХ ғасыр басындағы ұлттық мемлекет құру бастамасы және Ә.Бөкейханов.
ХХ ғасырдың 50-80 жылдарындағы ұлтаралық шиеленістер мен әлеуметтік қайшылықтардың көтерілуі.
Тәуелсіз Қазақстан республикасының сыртқы саясаты және Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдарға мүшелігі (1991-2018 жж.).
1. ХХ ғасыр басындағы ұлттық мемлекет құру бастамасы және Ә.Бөкейханов.
Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхан (1866 –1937) мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт-азаттық және «Алаш» қозғалысының жетекшісі. Ол аудармашы, публицист, ғалым ретінде өз кезінде де белгілі болды. Ол 1866 жылы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының Қызыларай мекенінде (қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы) дүниеге келген.
Ол қазақ азаттық қозғалысының ең салмақты және күрделі кезеңі өткен ғасырдың алғашқы ширегінде дүниеге келді. ХХ ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұқар мен Түркістан өлкесіне бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрды. Бұл - қазақтың тарихи зердесіндегі ұлт зиялыларының отарлық езгіге түскен халықтың бостандығы мен ұлттық рухын қалпына келтіруге тырысқан қоғамдық – саяси іс-әрекеттері болатын. Осы ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей зиялылар тобын баулыған – Ә. Бөкейхан еді.
Ә. Бөкейхан баулыған ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары қай жерде жүрсе де, қай салада еңбек етсе де туған халқының тағдыры туралы ойлануды бір сәт те ұмытқан жоқ. Ұлттық мемлекет құру Әлихан Бөкейхан және соңынан ерген буржуазиялық-демократиялық бағыттағы интелегенция өкілдерінің түпкі мақсаты болды. Ә.Бөкейхан ұлт мәселелерінің жоқтаушысы ғана емес, бүкіл қазақ елінің саяси қайраткері ретінде осы күрес жолындағы көш бастаушысы да болды. Оқуын бітіріп,Омбыға оралғанда Ә. Бөкейхан Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Народная свобода» (Халық бостандығы) партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады.
Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді. Әсіресе ұлт көсемінің Омбы бөліміндегі қызметіне тоқтап кетуге болады. ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанға буржуазиялық қатынастардың енуі, ұлттық буржуазия мен интелегенцияңың қалыптаса бастауы, жалпыхалықтық ояну жағдайында ұлттық-мемлекеттік бірлік мәселесі күн тәртібінде қайтадан қойылды. Мемлекеттік билік қажеттігін бүкіл елдік көлемде түсіну, есею жолындағы барлық халық басынан кешіретін тарихи кезең екендігі мәлім. Осы тарихи кезеңдегі ұлттық саяси элитаның мемлекет туралы ұғым-түсінігін, бағыт-бағдарын Ә. Бөкейхан Ұлттық еркіндік пен дамудың алғышарты ұлттық мемлекеттің болуы деп түсінді.
Ә. Бөкейханның саяси өмірбаянында 1916-жылдың дүрбелеңі және майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарына көрсеткен азаматтық қызметі ерекше орын алады. Қазақ халқының 1916 жылғы қарулы көтерілісіне Әлихан Бөкейхан бастаған ұлт зиялыларының «Қазақ» газеті арқылы үзілді-кесілді қарсы шығуы да ұлтты жаппай қырғыннан аман алып қалудың саяси бейбіт жолын ұсынуынан еді. Ә. Бөкейхан Ақпан төңкерісіненүлкен үміт күтеді. Осы кезден бастап Ә.Бөкейхан Уақытша үкіметтің саяси өміріне белсене араласа бастайды. Бірақ ол үміті ақталмайды.Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген «Қазақ» газетіне берген мақаласында: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе де, жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді», - дей келе: «Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз алаш ұранды жұрт жиылып, ұлт автономиясын тікпек болдық»,-дейді.
Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 ж. Желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясы жарияланды. «Қазақ» газеті өзінің бас мақаласында партияның атын «Алаш» қойып, оған тілектестерді Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізімін осы партияның атынан жасауға шақырды. Сонымен бір мезгілде «Қазақ» басқармасынан барлық облыстардағы Қазақ комитеттеріне қазақ саяси партиясының атын «Алаш» деп қою туралы жеделхаттар жіберілді. Өз кезегінде Ә. Бөкейхан үшін кадет партиясынан шығып, ұлттық Алаш партиясын құру мемлекеттік егемендікке жету жолында жасалған келесі саяси қадам еді.
Достарыңызбен бөлісу: |