2) Абылай хан - дипломат, саяси қайраткер т.б.
Абылай хан (1771-1781) мемлекет қайраткері, саясаткер, дипломат және тарихи тұлға ретінде.Абылай хан туралы көптеген дастандар, аңыз-әңгімелер, өлең–жырлар, тарихи деректер мен зерттеулер бар. Абылай ханды еске алғанда біз оны батыр, Орта жүздің сұлтаны, сосын Орта жүз және де бүкіл қазақ халқын біріктіріп, қазақ хандығын біртұтас мемлекет ретінде сақтап қалып, оның Ұлы ханы болып, өзіне қазақтың барлық хандары мен билерін–сұлтандарын бағындыра алғанын және де саяси қайраткер, ақылды қолбасшы, дарынды мәлімгер, күйші екенін айтқанымыз жөн.Абылай хан бүкіл өмірін қазақ халқы (қазақ елінің) бостандығы, егемендігі үшін
арнады. Шоқан Уәлиханов «Қазақ жерінде Абылайдың даңқы аса зор. Абылай заманы
оларда қазақтың ерлік заманы болып саналады» деп жазған еді. Абылайдың шын аты - Әбілмансұр. 1711 жылы әкесі Көркем Уәли Түркістанға сұлтан болып тұрған кезде дүниеге келген. Бұл кезең қазақ халқы үшін өте қауіпті, ауыр кезең еді. Үш айдаһардың (Жоңғар, Қытай, Ресей) ортасында қазақ мемлекетінің жойылып кету қаупі төніп тұрды. Қытай мен Ресей жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып отырды. Ауыр «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» жылдары Абылай 12 жасында жауынгерлердің қатарына қосылады да, 22–де батыр, қолбасшы ретінде танылады.
XVІІІ ғасырдың орта шенінде қазақ елін жаулардан қорғау үшін Абылай Ресеймен және Қытаймен татулық, достық қатынас сақтап, олардың қолдауы арқасында жоңғар
басқыншылығын талқандауды жөн көрді. Ең ірі қауіп жоңғарлардың басқыншылығы
екендігін түсінді. 1740 жылғы шайқаста Абылай қазақ жауынгерлерінің тікелей қолбасшысы болды. Қазақ әскері жоңғарларға қатты соққы берді. Жоңғарлар көп шығынға ұшырап, кейін шегінуге мәжбүр болды. Абылай қазақ әскерлерін ұйымдастырып, жауға қарсы көтеріп, басын біріктіріп, негізгі әскери күшті жинап көрші мемлекеттерге қазақ хандығы біртұтас ел екенін көрсетті. Абылай сұлтан бұл кезде қазақтарды біртіндеп жоңғар шабуылдарынан құтқарып, елдің тыныштығын, халықтың тұтастығын, мемлекеттің егемендігін, тәуелсіздігін сақтап қалуды мақсат еткен. Бұл мақсатты іске асыру барысында ол Ресей империясының 1740 ж. Орынборда (тамыздың 28-і) сұлтан Абылай «верным добрым и послушным … и подданным быть …» деп Ресей империясының өкіметіне, кейін Қытай мемлекетінің бодандығын қабылдауға мәжбүр болды.
Екі ірі мемлекетпен дипломатиялық, сауда қарым–қатынастарын орнатып, кезінде
жоңғарлар басып алған Алтай, Тарбағатай өңіріндегі қазақ қоныстарын қайтарып алды. Қазақтар жаппай ата-мекендеріне орала бастады. Жоңғарлармен күресте халықтың басын біріктіруде ерекше рөл атқарды. Абылай сұлтан өзінің шебер саясаткерлігінің арқасында Ресей мен Қытай сияқты ірі империяларды өз саясатымен санасуға мәжбүр ете отырып, іс жүзінде елдің дербестігін, жерінің тұтастығын сақтап қалды.Абылай хан мемлекеттің, қазақ халқының жағдайын шұғыл түзеді. Абылай кезеңі тарихта ең бір елеулі кезең болды. Жау қуылды, халық өз жерінде емін – еркін тұрмыс құрды, бірлікке, ұйымшылдыққа негізделген хандық билігі құрылды. Солай бола тұрса да Абылай хан көзі тірісінде Қазақ елінің мемлекетінің тұрақты болуының тарихи жағдайын жасап үлгермеді. 1781 жылы Абылай хан дүние салғаннан кейін еліміздің тұтастығы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігінен айырыла бастады.
Абылай ханның алға ұстаған саясаты, мақсаты – қазақ халқының бостандығы мен
бірлігі, мемлекеттігі мен тәуелсіздігі еді. Алайда ол дүние салғаннан кейін қазақ мемлекеті қайта бөлшектеніп ыдырай бастады. Ресей империясы қазақ жерін отарлауды қызу қолға алды. Оны іске асыру әр түрлі жолдармен іске асты, яғни әскери шеп бекіністер салу, қазақ жерін тартып алу, хандық билікті жою, рухани отарлау және т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |