Білім беру бағдарламасы Қарағанды 021 Дәріс «Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша


- Дәріс «Қазіргі қазақ әдебиеті»



бет17/18
Дата19.04.2024
өлшемі201.88 Kb.
#499224
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
multi-86 x13053814

15 - Дәріс
«Қазіргі қазақ әдебиеті» пәні бойынша


Қазақ әдебиетін дәуірлеудің қазіргі мәселелері

1. Қазақ әдебиетін дәуірлеу және Алаш дәстүрі


2. Қазақ әдебиетін дәуірлеудің қазіргі мәселелері

1. Алаш ұрпағы өткен сан ғасырлық бел-белестерді шолғанда бүгінгі руханияттанушыларымыздың көзіне алғаш іліккен, қолдарына түскен мұраның ең үлкені – көркем әдебиет үлгілері. Ш.Құдайбердіұлының, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, Ғ.Қараштың, Қ.Кемеңгерұлының,С.Сәдуақастың т.б Ақын-жазушылардың тиым салынған шығармашылығы,ел ішінде, ұрпақ аузында тұтас болмаса да белгілі бір бөлігі сақталған,бүгіндері қолжазба қорларынан табылып жатқан әлеуметке белгісіз қаншама ақындардың жырлары мен дастандары, сонымен бірге, Ш.Қанайұлының, Ә.Кердерінің, М.Мөңкеұлының, М.Ж.Көпейұлының, Н.Орманбетұлының т.б. ақындардың бұрын атауға, оқуға болмайтын елеулі туындылары. Бұған Қытай мен Монғолияда әлденеше ондаған жылдар бойы жасалған қазақ сөз өнерінің үлкен бөлігін қосыңыз. Оның бер жағында өзіміз білеміз-ау деп жүрген М.Әуезовтың, Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтың, Ғ.Мүсіреповтың, С.Мұқановтың, Х.Есенжановтың, Қ.Бекхожиннің, І.Есенберлиннің, М.Мақатаевтың т.б. ақын-жазушылардың кешегі ұрпақ білмей келген көркем дүниелері қазақ сөз өнеріне ғана емес,жалпы руханиятының мол олжасы болып отыр.Әдебиеттен өзге көркем өнер салаларынан соңғы жылдары ғана белгілі болған осыншама қазынанны табу қиын.


Әдебиет отауының шаңырағы биік, керегесі кеңеие түсуі – бұдан былайғы жерде әдебиет тарихын жаңаша жазуды міндеттейді. Бұл салада М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары әдебиет тарихына қатысты зерттеулерді, оқулықтарды жарыққа шығарды. Бұл еңбектер қазіргі кезде әдебиет тарихымыздың бірқатар ақтандақтарын жаңаша бажайлауда айтарлықтай маңызға ие болып отыр. Дегенмен, шынайы әрі толымды тарихын жасағымыз келсе, сөз өнерінің даму, өрістеу жолдарын танып алуымыз қажет. Соның негізінде, әдебиетімізде болған сапалық өзгерістерге мән беріп, олардың сыр-сипатын, себеп-салдарын ажыратып, соған орай басты-басты әдеби дәуірлеуді көрсету керек болады. Әдебиет тарихын объективті дәуірлеу болмайынша әдебиет тарихының өзін зерттеу үлкен шарттылықтарға, таным тұрғысындағы жөнсіздіктерге әкелуі мүмкін. Оның бержағында ол мектеп, орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында әдеби білім берудің сапасына кәдімгідей нұқсан келтірері күмәнсіз. Сондықтан да бұл мәселені бұдан әрі кешіктіре беруге болмайды.
Әдеби-тарихи һәм теориялық-әдіснамалық мәні айтарлықтай іргелі мәселені шешу үшін қазіргі кезде мүмкін боларлық қажетті жағдайдың баршасы жеткілікті. Айталық, біздің қолымызда сөз өнеріміздің дамуына ықпал еткен көрнекті тұлғалардың негізгі шығармаларының барлығы дерлік бар. Бастысы - әдеби дамудың ерекшеліктерін көрсетуге дерек боларлық әдеби материалдарға қазақ сөз өнері өте бай. Ал, мәселенің ғылыми шешілу жолына келсек, бұл тарапта да қажетті әлеует жеткілікті. Атап айтсақ, әдебиет тарихын зерттейтін, оны жүйелейтін ғалымдарымыз баршлық. Сондай-ақ, әдебиетіміз жүріп өткен жолдарды, бел-белестерді айқындау, саралау – қазақ әдебиеттану ғылымы үшін жаңалық емес. Бұл саладағы ғылыми ізденістердің бір ғасырға жуық тәжірибесі бар. Мәселе соларды толықтыруда, жетілдіруде, тянақтауда. Оның бержағында қазіргі қазақ ғалымдарының қолында шетел оқымыстыларының әдебиет тарихын дәуірлеудегі теориялық және әдіснамалықтәжірибесі және бар.
Біздің бұл еңбекті жазудағы мақсатымыз – қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуге байланысты аз-кем ой қосу, өзіндік пікір білдіру. Айтқанымыздың бәрі жөн, шешуші сөз, кесімді пікір дей алмаймыз. Мақсат – қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудегі ғылыми тәжірибелерді саралай отырып, бұл мәселе жөнінде ой қозғау. Қазақ әдебиеттану ғылымында, біздің білуімізше, қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің бірнеше үлгісі бар (бұл жерде біз белгілі бір дәуірлерді іштей жүйелеген еңбектерді қосып отырғанымыз жоқ). Жазылған уақыты жағынан алғанда дәуірлеудің тұңғыш үлгісін – Райымжан Мәрсековтің 1915 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақ әдебиеті жайынан» мақаласынан көреміз. Мақала авторы: «Біздің қазақ әдебиетінің осы кезге шейінгісін үш дәуірге бөлуге болады: бірініші дәуірі – ескі замандағы қазақ арасына жазу таралмай тұрғандағы кез» - дейді де әдебиеттің екінші дәуірін ел арасына жазудың келуімен, исламдық, шығыстық кітаптардың таралуымен байланыстырады. Ал, үшінші дәуір жөнінде: «Абай марқұмнан бері қарай қазақ әдебиетінің үшінші дәуірі басталады»-деген қорытынды жасайды (Мәрсеков Р. Қазақ әдебиеті жайынан // «Қазақ» газеті. Алматы, 1998). Әрине, Р.Мәрсековтің әдебиетті дәуірлеуі тұңғыш тәжірибе, алғашқы амал болған себепті мұнда шарттылық көп. Дегенмен, әдеби-ғылыми дерек ретінде оның дәуірлеу үлгісін жадымызда ұстауға тиіспіз.
Әдебиет тарихын дәуірлеудің келесі бір нұсқасы Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышынан» байқалады. Еңбектің «Жазу әдебиет» бөлімінде: «Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушіер, бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар себепті жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған. Қазақ ішінде олар көп тұрып, қазақтың тілін, мінезін жақсы білген. Қазақтың өлеңді, сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» (Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы,2003, 143-б) - деп жазба әдебиеттің алғашқы дәуірі дінмен байланыстырылса, екінші дәуірі жөнінде: «Сындар дәуір деп қазақ әдебиетінің сыны да болған, яғни сын арқылы шығып, әдеміленген мағыналы сөз, бір мағынасы сыны бар деген болады да, екінші мағынасы мінсіз, толғаулы, сипатты деген болады. Бұл сөздің екі мағынасының екеуі де қазақ әдебиетінің соңғы кездегі жаңа дәуірін сипаттайды» - дейді (сонда, 160-б). Бұдан көретініміз – Ахаң әдебиетті діндар дәуір және сындар дәуір (бұл дәуірді ділмар дәуір деп те атайды) деп екіге бөлетіндігі. «Әдебиет танытқыш» - әдебиет тарихына емес, әдебиет теориясына арналған еңбек екені белгілі. Сондықтан да Ахаң үшін әдебиетті дәуірлеу басты мақсат болған сияқты. Ол дәуірдің қалыптасу, туу, даму ерекшеліктерін не болмаса олардың сипатын таратып айтпайды. Ғалым үшін маңыздысы – сол дәуірлеудің шегінде туған әдеби жанрларды байқату. Әдебиет тарихының болашақтағы дәуірлеушілері үшін әрбір әдеби дәуірдің жанрлық жүйесін көрсетудегі Ахаң үлгісі өнеге болуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі, әдебиет тарихы көркем формалардың да өзгеру, қалыптасу, алмасу тарихы екендігі күмәнсіз.
Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеуде Мұхтар Әуезов зерттеулерінің орны ала бөтен. Жалпы, қазақ әдебиеті тарихының алғашқы зерттеушілерінің қатарынан орын алатын Мұхаңның ғылыми еңбектері дәуірлеу мәселесінде де алғашқылардың бірі. Оның бұл мәселеге қатысты зерттеулері өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басынан басталады. «Зар заман ақындары», «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі», 1933 жылы жарық көрген оқулықтағы: «Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлану дәуірінің әдебиеті» және «Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті (1870 жылдар мен 1905 жылдар арасы) мақалалары, 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» кітабы және 1959 жылғы белгілі конференциядағы қорытынды сөзі - әдебиет тарихын дәуірлеуге тікелей қатысты ғылыми еңбектер. Осылардың ішінде Мұхаңның 1933 жылғы оқулыққа енген екі зерттеу мақаласының ғылыми тұжырымдары әдебиет тарихынан еңбек жазушылар тарапынан ескеріле бермейді. Бірақ, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы әдеби процесті саралауда бұл еңбектердің маңызы ерекше. «Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлану дәуірінің әдебиеті» мақаласында автор: «Шығарушысы белгілі, уақыты сақталған, байланысты уақиғасы белгілі әдебиет жұрнақтарын біз XVIII ғасырдың аяғынан бастап қана көре бастаймыз. Бұлай болуының себебі сол мезгілден бастап қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік өміріне мәдениеті жоғары, жазба әдебиеті бар Ресейдің отаршыл патша үкіметі араласа бастады. Қазақ халқының XVIII ғасырдың аяғындағы, ХІХ ғасырдың ұзын бойындағы әдебиеті негізінде бір жағынан осы патша үкіметінің отарлау саясатына қарсылық тартысын суреттейді»-дейді (Әуезов М. Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлану дәуірінің әдебиеті // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 7т. Алматы, 2002, 248-б). Осы пікірден М.Әуезовтің әдебиет тарихын XVIII ғасырдан бастауға бейім екендігін және соны қолдайтынын аңғаруға болады. Оны Мұхаңның 1959 жылғы әдеби мұраға байланысты өткізілген конференциядағы кейбір ойларынан да аңғару қиын емес. Бұл жерде біз үшін басты мәселе – М.Әуезовтің әдебиет тарихын қай кезеңнен бастауында болып тұрған жоқ. Қажеттісі- оның әдеби дәуірлерді қалайша жіктегенінде. Мұхаңның еңбектерінен ғалымның әдебиеттің үш дәуірін айрықша бөліп қарастырғанын байқаймыз. Олар: 1. ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарына дейінгі әдебиет, өзінің айтуы бойынша «Отарлану дәуірінің әдебиеті»; 2. 1870-1905 жылдар аралығындағы әдебиет («Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті»); 3. Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі. М.Әуезов отаршылдық дәуірдегі әдебиеттің бірқатар белгілерін тарихи-әлеуметтік жағдайлармен байланысты түсіндіре келе, Кенесары, Исатай-Махамбет бастаған көтерілістерге байланысты туған әдебиетке тоқталады. Қазақ әдебиетінің келесі дәуіріне келгенде автор қазақ жеріне капиталистік қарым-қатынастардың енуін жан-жақты сипаттап, Ыбырай Алтынсарин, Абай, Әубәкір, Шәңгерей, Мәшһүр Жүсіп есімдерін атап, олардың ағартушылық –діни еңбектерін алға тартады. Бұл мақаласында отаршылдыққа қарсылықты туған әдебиет, айтыс ақындары, сал-серілер поэзиясы жөнінде, олар сол кездегі әдебиетте айрықша көрінгенімен, ешнәрсе айта қоймайды. Бұлар жөнінде ол осы еңбегінің алдында бірнеше жыл бұрын жазылған «Зар заман ақындары» мақаласында толымды пікірлерін жеткізгендіктен және кеңес саясатының беті 1930 жылдардан бастап сұстана түсен тұста санлы түрде ол Ы.Алтынсарин мен Абай жөнінде айта келіп, біз қазіргі кезде себебін анықтауға құлықсыз болып жүрген немесе аталған екі ақынды, оған қоса Шоқан Уалихановты отаршылдыққа қарсы болды деген ыңғайдағы пікірлеріміздің дәлелсіз екендігін айқындайтын мынадай объективті тұжырым жасаймыз: «Бірақ бұлардың тобы саяси-әлеуметтік құрылыста патша үкіметінен қысым көрмейді. Қайта содан сыбаға алып, соның өзіне қоңсы қонған тап. Сондықтан ол тап ақындары төңкерісшіл қарсылық тақырыбы мен төңкерісшіл сарын сияқтыларының ешбіріне де жоламайды. Қазақ өлкесінің олар кезінде отар боп жатуы да бұардың сана-сезіміне әсер етпегендей болады» (Әуезов М. Бектік құлауға айналып, өндіріс капиталы дәуірлей бастаған кездің әдебиеті (1870 жылдар мен 1905 жылдар арасы) // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 7т. Алматы, 2002,314-б). М.Әуезовтің әдебиет тарихының білгір тамыршысы екендігі келесі әдеби дәуірдің өкілдерін сипаттап беруінен де айқын аңғарылады: «Бесінші жыл төңкерісінің артынан шыққан жаңа үлгідегі ақын-жазушы бұлар тобынан шықпайды. Оларды майданға әкеп шығарған қоғамдық, шаруашылық, саяси күйлердің басқаша боп жаңғырып өзгеруі. Сондықтан олардың өздері де қыр үлгісіндегі қазақ емес, оқыған, еуропаланған қызмет иесі боп жүрген қала туындысы болады. Олардың байшыл-ұтшыл оқығандар боп қалыптануларында таптық досы, тұстасы да сол қала туындысы, қала ықпалындағы жергілікті буржуалар болады» (Әуезов М. Өлкенің патша үкіметіне бағынып, отарлану дәуірінің әдебиеті // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 7т. Алматы, 2002, 315-б). Ал енді М.Әуезов айқындаған үшінші дәуірге келсек, автор оны «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деп атаған. Абайдан соңғы дәуірді автор «Қазақ» газетінде көтерілген ұлтшылдық сарындармен байланыстырады. Бірақ артынша бұл дәуірдің әдеби-көркем сипатына келгенде ол аса білгірлікпен былай деп жазады: «Ол жаңалық – жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтзм) дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан реализм сарыны көбінесе құрғақ ой, жағадай сөз күйі осы күнде ішкі терең сезім, нәзік сыр күйіне айналып келеді... Қазақ әдебиетінің бұл дәуірі буыны бекіп, қатарға кірерлік әдебиет болғандығын көрсететін сыршылдық – романтизм дәуірі болады» (Әуезов М. Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2т. Алматы, 1998, 222-б). М.Әуезов атап отырған сыршылдық романтизм әдебиеті сол тұстағы Шәңгерей бөкеев, Нарманбет Орманбетұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев шығармаларынан көрініс тауып жатты.
Төртіншісі – Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» атты кітабындағы (1932) дәуірлеу үлгісі. Мұнда автор қазақ әдебиетін: «Билер дәуірі» және «Қазақ елі орыс патшасына бағынған дәуір» атты екі кезеңге бөледі. Сәкен Сейфуллиннің «Билер дәуірі» (Әуезов М. Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі // Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2т. Алматы, 1998). деп отырғаны ауызша дамыған әдебиет тұсындағы билер мен шешендердің жырлары болса, екіншісі отаршылдық дәуірдегі әдебиет. Әрине, бұл жалпы нақтыланбаған көрініс.
Бесіншісі – кезінде 20-30 жылдай негізге алынып келген Қапжым Жұмалиев варианты. Академик ғалым қазақ әдебиетінің тарихын XVIII ғасырдан, оның өзінде Бұқар жыраудан бастағаны мәлім. Оның бұл пікірі «Қазақ эпосы және қазақ әдебиеті тарихының мәселелері» монографиясынан, «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» оқулығынан орын алды. Оның бұл бұлжымас қағидасы 1959 жылы қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференцияда жасаған «XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ әдебиетін зерттеу мәселелері» атты баяндамасынан және осы конференциядағы қорытынды сөзінен көрініс тауып жатты. Конференциядағы қорытынды сөзінде: «Мен өзімнің баяндамамда қазақ әдебиетінің тарихын XVIII ғасырдың екінші жартысынан бастау керек дедім. Б.Кенжебаев өзінің сөзінде қазақ әдебиетінің тарихын әріден бастауды ұсынды, тіпті VII ғасырдан бастайық деді. Әрине әркімнің ұсыныс айтуына қақысы бар, бірақ бұл тарихи шындыққа сыймайды. Әдебиеғтіміздің тарихы бар деу, оның біртіндеп өскен желісі бар, ол желісін кімнен бастап, кімдерге келіп, кіммен аяқтау керек. XVIII ғасырдың бер жағындағы тарихқа аты шығармасы мәлім 4-5 ақынның өзі тексерілуден бірде шығарылып, бірде енгізіліп жүргенде, сонау VIII ғасырға баруға бола ма? Б.Кенжебаевтың бұл пікірі жай ғана көңіл. VIII ғасырдан бүгінге дейін әдебиетімізде үзілмей келе жатқан өзек, желі бар деушілік, ешбір негіз жоқ, бос қиял»-дейді (Сейфоллаұлы С. Қазақ әдебиеті. Бірінші кітап. Билер дәуірінің әдебиеті. Қызылорда, 1932, 291-б).
Алтыншысы – кешелі-бүгін кеңірек қолданылып жүрген Бейсенбай Кенжнбаевтың дәуірлеуі. Бейсенбай Кенжебаевтың 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланып, кейінгі кітаптарына енген мақаласында дәуірлеу үлгісі алдыңғыдәуірлеу үлгілерінен гөрі толымды, ең бастысы - өз заманы үшін объективті, басты оппоненті академик Қажым Жұмалиевтің әдебиет тарихын XVIII ғасырдан бастағанынан әлдеқайда кемел. Дегенмен Бейсекеңнің дәуірлеуін бұл саладағы бұлжымас қағида, ақтық сөз деуге болмайды. Оның да нақтылайтын, тіпті өзгертетін тұстары баршылық. Әсіресе, әр дәуірдің атауы мен хронологиячлық межелерінде қосып, алатын тұстары бар. Айталық, қазақтың төл әдебиетіне, жыраулық дейінгі дәуірді іштей үш кезеңге бөлу қажет:
Көне түркі әдебиеті;
Ислам тұсындағы әдебиет;
Алтын Орда әдебиеті.
Екіншіден, жыраулар поэзиясын XV ғасырға емес, бір ғасырға ілгері жылжытып, XIV ғасырдан бастау керек. Себебі, жыраулық әдебиет өкілдері бізге осы ғасырдан белгілі. Үшіншіден, ХІХ ғасырдың әдебиетін тұтас алмай, оны ауызша дамыған әдебиет деп 1870 жылдарға дейінгі мерзіммен межелеу қажет. Бұл ретте әдеби тіл тарихын дәуірлеуші Рәбиға Сыздықтың еңбектеріне ден қойғанның артықтығы жоқ. Төртіншіден, ғалымның «ХХ ғасыр басындағы әдебиет» деп 1900-1917 жылдар арасын бір дәуірге жатқыза көрсетуін қайта қарау қажет. Бұл кезеңге байланысты соңғы жылдарда, кезінде Бейсекең біле тұрса да, кеңестік саясат айтқзбаған бірқатар шындық ашылды. Жазба әдебиетіміздің қалыптасуына іргелі үлес қосқан Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов,Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Қошке кемеңгерұлы т.б. ондаған қаламгер шығармашылығы бұрын біз білетін шындықтың ауқымын кеңейтіп, бұл әдеби дәуірдің белгілі саяси оқиға өткен күнтізбелік жыл – 1917 жылмен шектелмейтіні, ұлттық бояуы қанық әрі өзіндік дәстүрі қалыптасып келе жатқан ояну дәуірі әдебиетінің үстемдігі 1927-1929 жылдарға дейін, яғни, Жүсіпбек Аймауытовтың романдары, Мағжан Жұмабаевтың соңғы өлеңдері мен поэмалары, Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесі жазылған және жарияланған мерзімге дейін сақталып келді. Сонымен бірге, кеңесшіл, таршыл әдебиеттің белгілі бір көркемдік дәрежеге жеткен шығармалары Жүсіпбек, Мағжан, Мұхтардың аталған шығармалары жазылған тұста әлі дүниеге келмеген еді. Социалистік реализм көркем әдебиетінің дәурені қазан төңкерісінен бір мүшел кейін орын ала бастады. Оған қосарымыз: ұлттық бағыттағы ақын-жазушыларды большевиктік саясат шеттеткен соң ғана барып жүре бастады. Жаңа өкіметтің идеологиясымен, демеуімен қанатталып келе жатқан қазақ кеңес әдебиетінің алғашқы дәуірін кеңес заманындағы әдебиеттанушылар 1929 жылмен межелеуі де тегін емес. ХХ ғасыр басындағы әдебиетті кеңес үкіметінің орнаған жылымен шектемеу қажеттілігі Д.Қазамбекұлының, Б.Мамараевтың зерттеулерінде де дәлелденіп отыр .
2. Әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесі – қазіргі әдебиеттану ғылымының көкейкесті мәселесі ретінде осыдан он-он бес жыл бұрын «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында көтерілген еді. Онда академик З.Ахметов, профессор Х.Сүйіншәлиев, Т.Сыдықов, т.б. бірқатар ғалымдар өз ойларын ортаға салған болатын. Бірақ пікір білдіріп, ой қозғалғанымен – жалғасын таппай қалды. Алайда дәуірлеу мәселесі бұдан ары қарай кең көлемдегі ғылыми әңгімеге ұласпады, профессор М.Мырзахметұлы ғана «Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу жайында» атты көлемді мақала жариялады. Ол үш ғасырдың әдебиетін азаматтық тарихпен тікелей байланыстырып XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тархын: 1. 1731-1822 жылдар арасы; 23. 1822-1867 жылдар арасы; 3. 1867 жылдан ғасыр соңына дейін деп з кезеңге бөледі. Ал, ХХ ғасыр басындағы әдебиетті «Ояну дәуіріндегі қазақ әдебиеті» деп атауды ұсынады. Ғалымның дәуірлеуі бір ғана гетерогенді жолмен түзіліп, одан барып әдебиеттің ішкі, төл даму жолы ескерілмеді. Әрі мұнда ұлттық идеологияға берілген көңіл-күй эмоциясы да басым еді.
Дәуірлеу секілді аса күрделі мәселеде ең алдымен оның критерийлері жасалуы тиіс деп ойлаймыз. Мұндай критерийлер, негізінен, әдебиеттің табиғи даму жолымен берік байланыста болуы міндетті. Әдебиет – халық деген сияқты жалпы ұғым. Халықтың көзге көрінер, қолға ұстар заттық, материалдық болмаса болмайтыны, халық дегеніміз адамдар тобы екендігі сияқты, әдебиет дегеніміз де көркем шығармалардың болмысынан түзілетін рухани әлем. Қай-қайсымызға да мәлім осы аксиомалық жайды мықтап ескерсек, әдебиет тарихының даму ерекшеліктері әр дәуірде дүниеге келген көркем шығармалардың ортақ қасиеттері сараланып, әдеби кезеңнің, дәуірдің дидарын айқындай алатын белгілер жинақталуы тиіс. Сол себепті де көркем мәтін, біз әдетке айналдырып алғандай, поэтиканың ғана емес, әдебиет тарихының да басты мәселесі болуға тиісті деп ойлаймыз.
Әдебиетті зерттеу, - негізінен алғанда, екі бағытта: жекеленген көркем шығарманы зерттеу және жалпы әдеби процесті зерттеу бағыттарында жүргізіледі. Зерттеудің өзге салалары, айталық, әдебиеттер байланысын, көркем аударма табиғатын, әдебиет және қоғам, әдебиет және көркемөнердің өзге түрлерінің сабақтастығын т.с.с. қарастыру жоғарыда көрсетілген зерттеудің екі бағытынан шығып отырады. Көркем шығарманы зерттеу - әдебиеттану ғылымының бастапқы мәселесі, негізні ісі, басты шаруасы болуы тиіс. Сол себепті де әдеби процесті, кең түрдегі әдебиет тарихын зерттеудің өзі көркем шығарманы зерттеуден барып өріс алады. Яғни, әдеби зерттеудің қандай да бір түрі болмасын, қандай да бір тәілі болмасын алдымен көркем шығарманы тануды мақсат етуі тиіс. Көркем шығарма поэтикасын зерттеуді жетекшілік орынға қоймай, әдеби процесті бар болмысымен, бүкіл шындығымен танып-білу мүмкін емес. Біз бұл жазбамызда көркем шығарма, көркем мәтін мәселелерін зерттеудің әдіснамалық негіздерін саралайын деп отырғанымыз жоқ, қазіргі мақсатымызға орай, көркем шығарманы танудың кейбір қырларына тоқталмақпыз.
Көркем мәтін бірқатар компоненттерден тұратыны белгілі. Жалпылай алсақ, мазмұн мен пішін. Бізде басым жағдайда мазмұн негізге алынады да шығарманың қоғамдық-идеологиялық мазмұны әдебиет тарихын жасау негізге алынады. Содан барып әдебиет пен әлеуметтік өмір арасына тепе-теңдік қойылады. Бұл жеңілдеу жол. Себебі тақырып. Идея төңірегінде сөз қозғау, мазмұндау қашанда санаға салмақ түсірмейді. Кеңестік әдебиеттану тұсында оның қилы-қилы жолдары мен түрлері, қалыптары жасалды емес пе? Бұл арада біз шығармаларға арқау болар шындықты немесе оның идеялық шешімін жоққа шығарып отырғанымыз жоқ, айтпағымыз – тақырып пен идеяны ғана ту ете бермей, оның көркемдік құрылымын да ескеру қажеттілігі.
Әдеби туындының мәтінінің екі қыры – мазмұны мен пішіні болатыны аян. Пішінді мазмұн қалыптастырады дегенімізбен, қандай да болмасын мазмұнды қабылдау – пішінді тану арқылы жүзеге асады. Соған қарап өзге ғылымдар да, әдебиеттануда да мазмұн мен пішін жөнінде сөз бола қалса, олардың берік ажырамас бірлікте екендігі үнемі айтылады. Мәтіннің барлық компоненттерін бойына жинаған мазмұн мен пішін категорияларының түсуі – теориялық тұрғыдан поэтиканың нысаны болғанымен, сол дәрежеде тарихи әдебиеттанудың да зерттеу аясына енеді. Сол себепті де бұл екі категория бөлінбейтін тарихи күйінде әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесінде де назардан тыс қалмауы тиіс. Көркем шығармаларды бағалаудағы әдебиет тарихшсының міндеті – мазмұн мен пішіннің өзгеру жүйесін зерттеу деп білесіз.
Мазмұн мен пішін жөніндегі зерттеулердің критерийлеріне сүйенер болсақ, онда алғашқысына шығарманың тақырыптық-идеялық бағдары, ал соңғысына құрылысы (сюжеті мен копмозициясы, құрылымы (жанры) және тілі (бейнелеу құралдары, стилі) енетіндігін айта кетуге болады. Енді мазмұндық және пішіндік компоненттердің қазақ әдебиетінің тарихындағы өзгеру, түрлену ерекшеліктеріне келейік. Әлбетте, бұл – аса ауқымды міндет. Біз оны толық шешіп беруге негізсчіз тәуекел жасай алмаймыз. Біз бұл мақалада оның өзіміз білетін, біліміміз жеткен, өзімізше осылай болуға тиісті деген мәселелерін қамтымақшымыз. Оларды толықтырудан немесе мәселеге басқаша қараудан тіпті біздің жеке тұжырымдамамызды жоққа шығарудан – жеке адам емес, жалпы әдебиет тарихы ұтады. Біздің мақсатымыз - әдебиет тарихының дұрыс, шынайы саралануы жағында. Ең болмаса мысалдай болса ой қоса алсақ, бұған ғылыми қызығушылық тудырған ғалымдармен тізе қосып, мәселені орнынан жылжытуға ой қоссақ – мақсаттың ақталғаны джеп білер едік.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет