Тіл дамыту әдістемесі пәні және курс міндеттері.
Дәрістің мақсаты. Тіл дамыту әдістемесі курсының мазмұны мен міндеттерін таныстыру.
Жоспары:
Тіл дамыту әдістемесінің методологиялық негізі.
Тіл дамыту әдістемесінің мазмұны мен міндеттері.
Тіл дамыту әдістемесінің басқа ғылымдармен байланысы.
Тіл дамыту әдістемесінің ғылыми-зерттеу әдістері.
Тезистері: 1. Бүгінде Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл құқығына ие болуы, “Білім беру Заңының”, “Орта білімді дамыту тұжырымдамасы”, “Үздіксіз тәрбиенің тұжырымдамасының” қабылдауы ұрпақ тәрбиесіне жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді. Қазақстан Республикасының орта білімді дамыту тұжырымдамасының жобасында: “Білім берудің мектепке дейінгі сатысы дайындық кезең ретінде орта білім алудың үздіксіз жүйесіне кіреді. Мектепке дейінгі сатыда тәрбие жұмысының негізгі мақсаты қоғамда оқи және өмір сүре білетін баланың жалпы дамуы болып табылады. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мекемелерінің әр типтілігіне қарамастан ортақ негізгі функциялары бар”, - деп атап көрсете отырып, оларды: баланың физикалық психикалық саулығын қорғау;баланың ақыл-ойын және тұлғасының дамуын қамтамасыз ету деп бөледі.Бұл сана сезімі ұлттық психология негізінде қалыптасқан, дені сау,білімге деген қызығушылығы жоғары, өздігінен іс-әрекет жасау дағдыларын менгерген тұлға даярлап шығару мектепке дейінгі мекеменің міндеті екенін білдіреді. Осы міндет балабақшаларда жүргізілетін тәрбие жұмыстары негізінде жүзеге асырылады. Баланы мектепке даярлауда олардың байланыстырып сөйлеу, сөздік қорын байыту, түсіндіре білу шеберлігіне көп көңіл бөлінеді. Ал “Үздіксіз тәрбиенің тұжырымдамасының жобасында”, “Мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбиенің мазмұны, түрлері” атты У тарауда: “Балабақшадағы тәрбиенің арқауы – ана тілі ” деп айрықша көрсеткен. Ана тілі – баланың ойлау қабілетін жетілдіріп, өзіндік іс-әрекетін дамыту, тәлімдік қарым-қатынас ұйымдастыру, эстетикалық сезімін қалыптастыру міндеттерін жүзеге асырудың ең басты құралы делінген.
Соңғы жылдары жарыққа шығып құжаттардың қай-қайсысында болмасын балабақшада берілетін тәрбиелеу мен білім беру ана тілі арқылы танылып, анық сөйлеу тілі арқылы жүзеге асады.
2.Тіл дамыту әдістемесі мектеп жасына дейінгі бала тілін қалыптастыруға бағытталған педагогикалық қызметтің заңдылықтарын зерттейтін ғылыми пән.
Әдістеменің басты міндеті ғылыми педагогикалық негізде бала тілін дамытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін таңдай білу. Сондай-ақ бұл курстың тағы бір міндеті балалардың ауызша сөйлеу тілін өзінің жолдастарымен, үлкендермен сөйлесе білу дағдыларын қалыптастыру.
Тіл дамыту әдістемесі де басқа ғылымдар секілді қоғамдық ғылымдарға жатады. Адамның қоғамда өмір сүруі қанша қажет болса, олардың бірінің бірімен қарым-қатынас жасауы, пікір алысуы, түсінісуі соншалықты қажет болып табылады. Адамдардың бір-бірімен пікір алысу құралы болмаса, табиғаттың жасырын сырын ашып оны меңгеруден күресі, тұрмысқа қажетті материалдық игіліктерді өндірудегі іс-әрекеті де жолға қойылмаған болар еді. Сондықтан да тіл түсінісудің, алысудың құралы бола отырып, қоғамның барлық мүшелеріне түсінікті болуы керек. Яғни қоғамнан тыс тіл болмайды. Тіл сонымен қатар оймен тікелей байланысты. Адамның ойы қоғамның, өмірдегі адамдарды қоршаған айналадағы заттардың, құбылыстардың адам санасындағы көрінісі, сәулесі болып саналады. Яғни сол заттар, құбылыстар туралы адам санасында пайда болған ой тіл арқылы сыртқа шығады. адАм өз өмірінде таныған, түсінген, білген, сезген, терген нәрселерін тіл арқылы баяндайды. Сол себепті де “Тіл дегеніміз – ойдың тікелей шыңдығы” – дейді К.Маркс.
Достарыңызбен бөлісу: |