Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Әлемдік педагогикалық ой-сана. 10 томдық. Алматы: «Таймас» баспа үйі, 2008. – 400 бет
2.
Жалпы орта білім беру деңгейінің қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-11-сыныптарына арналған
«Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы бағдарламасы. – Астана, 2017ж.
3.
Парменова Т.В. Функциональной подход к изучению грамматики в школе // http: rus.Iseptember.ru
/2002/24/8. Html
49
В. ФОН. ГУМБОЛЬДТ ЖӘНЕ
АНТРОПОЦЕНТРИСТІК ПАРАДИГМА МӘСЕЛЕЛЕРІ
С.А. Жиренов
Абай атындағы ҚазҰПУ, филология ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
Қай заманда да, қандай да бір қоғамдық формация да болмасын ғылым, техника, өнер, білім
–
баршасы бірігіп келгенде, адам болмысын тануды мақсат етеді. Тіршіліктегі әр алуан
әрекеттер мен құбылыстардың жүзеге асуы тікелей адам болмысымен немесе оның ерекше
интелектуалдық қасиеттерімен байланысты. Айналып келгенде ғылым, техника, өнер мен
білім адам жасампаздығынан туса, әрі сол жасампаздық адамды, адам мүмкіндігін тану
қажеттігінен туған идеялар.
Антропоцентристік парадигма өз бастауын Батыс Еуропадан В. фон. Гумбольдттың
лингвофилософиялық концепцияларынан алып, кейіннен көптеген лингвистерден үлкен
қолдау тауып кең қанат жайды. Бүгінгі таңда антропоцентристік парадигма өте қарқынды
түрде зерттелу үстінде. Антропоцентристік парадигма негізінен «тіл-қоғам-адам», «тіл-
мәдениет-өркениет», «тіл-ұлт-мәдениет» деген үштіктердің негізінде зерттеу бағыттары
жүргізіліп жатыр. Жалпы «антропоцентристік», «антропоцентризм», «антропологиялық
парадигма» деген терминдерді осы бағытты зерттеуші ғалымдар екі түрлі қолданады. Олардың
кейбіреуі «антропоцентризм» дегенді «этнолингвистика» деген термин мен ауыстырып та,
қолданатын кездері бар. Ал, кейбіреуі сол қалпында «антропоцентризм» терминін қолдану
үстінде. Аталған терминнің қазақша баламасын қазақ тілді ғалымдар «антропоөзектілік» деп
қолданып жүргенінеде біршама уақыт болып қалды. Алайда антропоцентристік парадигманың
аясы өте үлкен ғылым саласы. Сол салаларының біреуі этнолингвистика деп аталады. Демек,
бұл жерде терминнің тұрақтылығын сақтай отыра, этнолингвистиканың өзі антропоцен-
тризмнің бір саласы болғандықтан, оның аясы антропоцентризмге қарағанда тарлау
болатындықтан, антропоцентризм деп қолдану орынды. Қазақ тіл білімінде ХХ ғасырдың
соңы мен ХХІ ғасырдың басында антропологиялық қағида көбінесе «антропоцентризм»
терминімен жарыса қолданылып жүр. Жалпы ғылымда «центризм» терминіне қатысты
ғылыми пікір қайшылықтары кездесіп отырады. Бұл мәселеге ғылыми концептуалды
объективтік тұрғыдан қарай отыра «антропоцентризм» терминін шартты түрде қалдыруға
болады. Тіл білімінде бұл мәселеге қатысты Ж.И.Сұлтан: «Ю.А.Сорокиннің «центризм»
терминіне қатысты пікірін талқылай келе ғалымның «антропоцентризмге» қатысты айтылған
уәжді дәйектемесімен келісе келе, «центризмі» бар терминнің өзі көп жағдайда тұрпайылау,
объективтіліктен алшақ көрінеді (эгоцентризм, еуроцентризм, т.б.). Бұл жерде мәселе сөздің
мәнінде емес (шындығына келгенде, осы терминді қолданушылар Ю.А.Сорокин
келтіргендегідей “дүмбілез” мақсатты әсте көздемейтін шығар), әңгіме лингвистикалық
контекстегі сөздік қолданыста, терминнің стильдік мақсатқа сай келуінде болса керек. Бірақ
біз Ю.А.Сорокиннің антропофилия деген ұсынысын да қабылдауды қош көрмедік. Өйткені
бұл қолданыс та аса объективті емес. Біз өз тарапымыздан тіл білімінде адамға қатысты жүзеге
асырылатын ұстанымдар мен әдістер жиынтығын неғұрлым бейтарап сипатқа ие тілдегі
антропологиялық парадигма деген терминді қолданғанды жөн санадық. Бұл терминнің түбірі
anthrôpos (грек.) – «адам», антропология – адамтану, адамды формасы жағынан жануар
ретінде, мазмұны тұрғысынан рух иесі ретінде қарастыратын ілім; сондай-ақ, антропогенез,
антропометрия, антропоморфизм т.б. сияқты сөзжасамдық жүйе де осы негізде қалыптасқан»
–
деген тұжырым жасайды [1, 9 б.]. Алайда антропоцентризм мәселесі қазақ тіл білімінде
соңғы уақыттарда қарқынды түрде зерттеліп жатқандықтан, терминдік бірізділіктің сақталуы
ғылыми процестің алдағы бағыт бағдарына байланысты қалыптасады.
Адам табиғатын танумен қоғамдық өмірдегі әр алуан ғылым салалары айналысады. Әр
ғылым саласы адам болмысын тануда өзіндік объектілері мен ғылыми пәндерінің аясында
50
қарастырады. Тіл біліміндегі антропоцентристік парадигма (лингвистика) адам мен тілдің
байланысын, адам тілімен адам екендігін, адамзат тіліндегі ұлттық-мәдени-танымдық
ерекшелікті басты объектілерінің біріне жатқызады.
Тіл мен мәдениеттің, тіл мен танымның бірлігін сабақтастықта қарастыру идеясы XVIII–
XIX ғғ. ғалымдар еңбектерінен орын алып, қазіргі таңда қоғамдық факторлардың негізінде
тілді антропоцентристік парадигма аясында зерттеу бағытымен жалғасты. Тіл білімі
тарихында антропоцентристік парадигманың негізгі концепциясының берік орнығуы XX
ғасырдың екінші жартысынан басталады. Осы мәселеге қатысты Дж. Брунер тіл білімі
тарихында екі дүркін қайталанған когнитивтік революцияның ерекшелігіне айрықша
тоқталады. Ондағы бірінші когнитивтік революция 50-жылдары тілдің қолданбалы моделін
жасақтаумен байланыстырылады. Бұл проблема кейінірек тілдік құбылыстардың шын
мәнісінде оңайлықпен бағына қоймайтын күрделі құрылым екендігі анықталды. Ғалымның
пікірінше бірінші когнитивтік революцияның соңы екіұдай нәтижелі көзқарасты туғызды.
Себебі адамтану ғылымының бір арнасы компьютерлік модель жасауға негізделсе, енді бірі
лингвистиканы психологиямен, мәдени антропологиямен және басқа да гуманитарлық ғылым
салаларымен біріктіруді көздеді. Соңғы ғылыми тұжырым кейіннен когнитивтік
революцияның екінші мәрте қайталану жағдайына айналды (ХХ ғ. 60 жж.) [2, 37 б.].
Антропоцентризм термині адами қызметтің орнын көрсетуден туындап, ақиқат әлемді
тануда және оған өзгеріс енгізе алатын адамға тән бірегей қасиеттер мен сапалардың абстрак-
цияланып, оның жалпылану ерекшеліктерінің шоғыры деген түсінікті білдіреді. Тілдегі адам
болмысын қарастыруда Ю.С.Степанов пен Э.Бенвенистің «тілдегі адам» тұжырымдамасы
еуропалық тіл білімінің, негізінен орыс және француз лингвистикалық мектептерінің
«айтарлықтай терең, әрі түбегейлі ойластырылған дәстүрлері негізінде қалыптасқан» [3, 50-51
б.]. Академик Л.В.Щерба ХХ ғасырдың 40-жылдарында «антропологиялық принцип» дегенді
нақты атап көрсетпегенімен, бұл ғылыми бағытты лексикологиялық материалдар лексикалық
бірліктер арқылы түсіндірген болатын. Э.Бенвенист тұжырымдамасындағы «антропоцен-
тризм» мәселесін Ф.Баос, Э.Сепир, Б.Уорф секілді ғалымдар шоғыры бір ізділікті сақтауынан
«антропологиялық әдіс» біршама уақыт аралығында өзінің эмпирикалық деректер негізінде
ғылыми айналымға түсер күнін күтумен болғаны тіл білімі тарихынан белгілі. Себебі сол
өткен уақыттардағы қоғамдық ғылымдар жүйесіне деген стандартты қатқыл көзқарас, ХХ
ғасырдағы «тіл – адами қарым-қатынастың формасы ғана» деген тенденция шынайы кон-
цептуалды ғылыми методологияға құрылмаған болатын. Антропоцентристік парадигмадағы
В. фон Гумбольдт пен Э.Бенвенисттің тіл біліміндегі лингвофилософиялық идеяларын бүгінгі
күннің тезіне (талғамына) салып, әлеуметтік-антропологиялық, мәдени-философиялық
материалдар арқылы ғылыми айналымға кеңінен енгізген ғалым А.Вежбицкая екендігін
көпшілік ғалымдар атап өтуде.
Тілді антропоцентристік парадигма аясында зерттеу (адам феноменіне тереңірек үңілу)
қазақ тіл білімінде 2000 жылдан бері негізгі бір проблемаға айналып, өз шеңберінде жекелеген
ғылымдардың тоғысуынан туындаған ғылымдарды қалыптастырып, әрі даму үстіндегі жас
ғылым саласы болып табылады.
ХХІ ғасырда тіл табиғатына деген көзқарас жаңаша сипат ала бастады. Өткен ХХ
ғасырдағы тілді өз ішінде қарастыру мәселесі жеткіліксіз болып, жаңа сатыға теориялық-
танымдық әдістеме көтерілді. Онда негізінен тілді ой-санамен, мәдениетпен, адамның
қарапайым тұрмыстық өмірімен бірлестікте қарау қажеттігі туындады. Жаңа ғасыр тудырған
аталған қажеттілік лингвистикада жаңа ғылыми бағыт – антропоцентристік парадигманың
қалыптасуына ықпал етті. Бұл бағыт тілді зерттеуде адаммен байланысын алдыңғы қатарға
шығарды. Онда негізінен «адам болмысын тіл арқылы немесе керісінше тілді адам арқылы
анықтау» атты анықтама басшылыққа алынады. Тіл біліміндегі жаңа ғасырдағы зерттеулер
жаңа бағытта жаңаша сипат алғанымен, оның бастау көзі өткен ғасыр зерттеулерінде
жатқандығы тіл білімі тарихындағы қазан лингвистикалық мектебінің зерттеулерінен көруге
болады. Қазан лингвистикалық мектебінің өкілі Бодуэн де Куртенэнің тілдік бірліктерді
51
зерттеуде тілдің сыртқы және ішкі формаларының сабақтастығына [4] баса назар аударуынан
жүйелі-құрылымдық парадигмамен антропоцентризмнің өзара сабақтастығын көруге болады.
Онда негізінен тіл тек қатынас құралы, ой алмасудың тетігі емес, этностың мәдени болмысын
(рухани және материалдық) қарастыратын антропоцентристік бағытпен қатынасқа түседі. Ал
тіл біліміндегі антропоцентристік парадигма тілді адам болмысымен өзара сабақтастықта
қарастыруды басшылыққа алады. Яғни, адам әлемінің рухани болмысын тіл арқылы көрсету
болып табылады.
ХХІ ғасыр лингвистика ғылымында тіл тек қатынас құралы болумен ғана шектелмей, тіл
ұлт мәдениетінің басты көрсеткіші (категориясы) ретінде қарастыратын жаңа ғылыми бағыт
қалыптасты. Бұл тұжырымның іргетасын белгілі лингвофилософ В.Гумбольдт қалады. Одан
кейін ғалымның идеясын А.Потебня, И.Гердер, Г.Штейнталь, М.Хайдегер, Д.Уитни,
Д.У.Пауэлл, Ф.Баос, Э.Сепир, Б.Л.Уорф, т.б. секілді ғалымдардың еңбектерінде өз жалғасын
тапты. Тілді адам, қоғам, таным мәселелелерімен сабақтастықта қарастыру барысында
негізінен адам өзінің адами болмысы мен рухани-материалдық қажеттіліктерін өтейтін
концепттілік аясын қалыптастыру үшін ақпаратты тілдік арна негізінде алады. Яғни қандай да
бір ұлт тілінің болмысында өзіне тән этномәдени және этнотанымдық бірліктер жиынтығы
(коды) жатады. Ол жиынтықты ұлт тілінің болмысына антропоцентристік әдісерді қолдану
арқылы (лингвомәдениеттанымдық талдау, лингвокогнитивтік талдау, этнолингвистикалық
талдау) тіл табиғатын тануға болады. Тіл тек ақиқат өмір суретін атап қана қоймайды (тілдің
номинативтік қызметінің көрінісі – айналадағы заттар мен құбылыстарға атау беруде ғана
емес), әлем бейнесінің поэтикалық образды келбетінде жасайды. Бұл арада тіл ғалам бейнесін
тікелей емес (тура мағынасында емес), ауыспалы бейнелі түрде (тілдік көркемдеуіш құралдар
арқылы) суреттейді.
Тілді антропоцентристік бағытта зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде (Л.Леви-Брюль,
Б.Малиновский, К.Леви-Стросс, Ю.Н.Караулов,В.Н.Телия, Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян,
Д.С.Лихачев, В.А.Маслова, т.б.) тілді рухпен, адамның шығармашылық интелектуалдық
мүмкіндігімен байланыстырады. А.А.Потебняның түсіндіруінше «тіл – ойды туғызушы тетік,
сондықтан сөз заттың тура таңбасы емес, оның адам санасында тілдік шығармашылық процесс
нәтижесінде туған бейне» [5] болып табылады. Яғни, антропоцентристік парадигма басты
назарды адамға аударады, және адамға қатысты бірліктерді (қоғам, мәдениет, таным, т.б.)
мәселелерді өзара сабақтастықта қарастырады. Яғни, антропоцентристік парадигма «тіл-адам-
қоғам», «тіл-ұлт-мәдениет», «тіл-ұлт-таным», т.б. секілді ауқымы кең триадаларды қарастыру
барысында, бір-бірімен өзара сабақтастықтан тұратын ғылыми бағыттар аясын қарастырады.
Антропоцентристік парадигма астарынан лингвомәдениеттаным (лингвистика мен
мәдениеттану), когнитивтік лингвистика (лингвистика мен когнитология/гнесеология),
этнолингвистика (лингвистика мен этнология), психолингвистика (лингвистика мен
психология), социолингвистика (лингвистика мен социология) т.б. жеке-жеке ғылымдардың
тоғысуынан туындаған ғылыми пәндер тарайды.
Тіл болмысы мен ұлт табиғатының өзара бірлестігін қарастыру ХІХ ғасырда В. фон
Гумбольдтың еңбектерінде кеңінен сөз болып, антропоцентристік парадигманың аясындағы
тоғыспалы ғылыми пәндер қазіргі уақытта өзіндік зерттеу нысаны бар, ғылыми апараты
қалыптасқан, терминологиялық жүйесі орныққан, өздеріне тән категориялары айқындалған
дербес ғылым саласы ретінде қалыптасып үлгерді.
Тоғыспалы ғылыми пәндер лингвистика ғылымында салыстырмалы-тарихи және
типологиялық зерттеу әдістерінің негізін салушы В. фон Гумбольдт тіл философиясының
басты негізгі – тіл болмысын халық тұрмысымен қатар, ұлттық сананың ерекшелігі ретінде
тану қажеттілігін туғандығын айтады. Ғалымның негізгі концепциясы мынадай болып келеді:
«Өмірде адам, тіл, ойлау және дүние (әлем) дегендер болады. Олар бір-бірімен тығыз
байланысты. Тіл адам мен дүниенің арасындағы аралық нәрсе. Ол – адамды сыртқы дүниемен
байланыстырушы. Тіл – халық рухының сыртқы көрінісі, халық ойының, дүние тану
дәрежесінің көрсеткіші. Халық тілі – оның рухы, халық рухы – оның тілі. Бұл екеуі тепе-тең.
52
Тіл – адамның рухани әрекетінің өнімі емес, әрекеттің тура өзі» [6] – деген пікірі
антропоцентристік прадигмадағы теориялық таяныш, айнымас темірқазыққа баланып, осы
тұжырым көптеген зерттеулердің жүргізілуіне бағыт бағдар болғандығы көпшілікке белгілі.
В. фон Гумбольдт тіл дамуының қайнарын өмірдегі заттық мәдениет құндылықтарынан емес,
адам болмысының рухани әлемінен іздестіреді. Ғалым тілдің біртіндеп сатылай даму теориясы
күрделене түсетіндігі туралы гипотезаларға қарсылығын көрсетіп, оның адам баласының
жаратылысымен біртұтас күрделі жүйеде өзара қабысып қатар пайда болғандығын айтады.
Сонымен қатар ғалым адамзат баласына тән сөйлеу арқылы ой алмасу тілдік қатынас жасау
қасиеті Құдай берген құрметтен бөлек, адамзат баласының тілмен тұтастығын құрайтын өзара
ажыратуға келмейтін бүтін деп түсіндіреді. Ғалым зерттеулерінде бір-бірімен өзара ажыратуға
келмейтін өзара сабақтас бірліктер тізбегіне басымдық беріледі. Онда негізінен «ұлт-тіл-
мәдениет», «адам-қоғам-тіл», «тұлға-халық-тіл» секілді тізбектер жүйесінен тұруы адамның,
ұлттың, халықтың рухын тілмен байланысты екендігін көрсетеді. «Тіл дегеніміз – сол тілді
қолданушы халықтың рухы. Әр халықтың рухы әр басқа. Соған сәйкес олардың тілдері де
басқа болады. Тілдердің өзгешеліктері халықтардың дүниеге көзқарастарының өзгешелік-
терінде», – дегенді назардан әсте шығаруға болмайтынын да баса айтады [7]. Сондай-ақ ғалым
«Әр тіл өзіндік мәнінше сана-сезімге ықпал етуіне сәйкес дүниеге әртүрлі көзқарас туғызады»
және де «тіл ерекшелігі халықтың болмысына әсер етеді, сондықтан тарих пен философия
адамның ішкі әлемімен нені байланыстырса, тілді тиянақты зерттеу үшін сол мәселелердің
барлығы да ескеріліп, қамтылуы тиіс» деген пікірінен тіл ақиқат әлемді және мәдени бірліктер
мазмұнын түсінуге болатындығы туралы ой тастайды [8, 370 б].
Антропоцентристік парадигмада қарастырылатын мәселелер философия, логика,
психология ғылымдарының да негізгі мәселелерінің санатына жатады. Мәселен ондағы тіл
мен ойлаудың өзара сабақтастығы, тіл адам санасымен, мәдени болмысымен рухани әлемінің
құндылықтарымен өзара сабақтастықта болады. Бұл жөнінде ғалым «Тіл мен ойлаудың бірлігі
–
ажырамас диалектикалық бірлік, бұл сөйлеу (тілдесу) мен ой бірлігі. Себебі тіл жалпы,
ұжымдық құбылыс болғандықтан, индивидке тікелей де, жанама түрде де әсер етеді және адам
тілді қаншалықты жақсы меңгерсе, тіл де оның ойлауына соншалықты күшті ықпал етеді»
дегенді айтады. Яғни, тіл мен ойлаудың өзара сабақтастығы олардың бір-бірімен әрі қоғамдық,
әрі индивидуалды-биологиялық тұрғыда ұштасып, өзара үйлесімді бірлікте болатындығынан
көруге болады.
Тіл біліміндегі антропоцентристік парадигмадағы В. фон Гумбольдт негізін қалаған тіл
табиғаты, ұлт болмысы, халық дүниетанымы мен мәдениетіне қатысты және белгілі бір тілде
сөйлеуші халықтың мәдени өмірімен, салт-сана, әдет-ғұрпымен байланыстыра зерттеу ісі
Германия мен АҚШ-та, Ресейде қызу қолдау тапты. Сонымен қатар ғалымның лингвофило-
софиялық идеялары XIX-ХХ ғ.ғ. «жаңа гумбольдтшылдық» (неогумбольдтианство) атты
ғылыми мектептерде өз жалғасын тапты. Ғалымның зерттеулерін одан әрі тереңдете
жалғастыру барысында ХХ ғ. орта тұсында еуропалық ғалымдар – Л.Вайсгербер, Х.Глинц,
Х.Хольц секілді ғалымдар ойлау мазмұны мен ойдың логикалық құрылымы сөйлеу тілінің
құрылымдық ерекшелігіне қатысты болатындығы туралы мәселені басшылыққа алды. Олар
негізінен тілдің мағыналық-мазмұндық жағына ерекше назар аударды. Ондағы зерттеушілер
әр алуан тілдердің лексика-семантикалық аясына талдау жасап, сол тілдердің арасындағы
ұқсастықтары мен ерекшеліктерін анықтаумен болды. В. фон Гумбольдттың еуропалық
елдердегі негізгі ізбасары ретінде Германия этнолингвтстикалық мектебін қалыптастыруда
ерекше қызмет еткен ғалым – Лео Вейсгербер болды. Л.Вайсбергер тіл табиғатындағы
«болмысты сөйлету» (вербализация мира) дегенді дүниеге әкелді. Онда ғалым «тілдің
болмысты иемдену процесі және оны таным объектісіне айналдыру әрекеті» дегенге
түсініктеме бере отырып, «әр халықта дүниеге тілдік көзқарас болады. Тану тілге байланысты.
Тіл – дүниенің кілті. Адам тіл жасағанды ғана таниды. Тіл – дүниенің бейнесі. Сөз нақты затты
емес, зат туралы ұғымды білдіреді (выражает)», – дегенді айтады. Яғни, ғалым тілдің дүние
танудағы әлеуметтік сипатына, күшіне ерекше мән беріп, оны «дүниені қайта жасаудың
53
құралы» дей келе, сөйлеу тілінің мазмұндық жағын молырақ қамтып, тілді «әрекет етуші күш»
ретінде танытатын «жаңаша грамматика» жасақтау қажеттілігін айтқан болатын [9].
В. фон Гумбольдтың лингвофилософиялық концепцияларын АҚШ-тағы лингвистикалық
мектептердің жалғастырушылары қатарына Д.Уитни, Д.У.Пауэлл, Ф.Боас, Э.Сепир, Б.Л.Уорф
секілді тілшілер жатады. Солардың ішіндегі Америка этнолингвистикалық мектебін қалып-
тастырушылар Э.Сепир мен Б.Уорфтардың есімдері жалпы тіл білімінде ерекше аталады.
Олар салыстырмалы тіл білімі жайындағы теорияны негіздеп, «тіл – таным процесіндегі
шешуші фактор» деген пікір айтқан болатын. Олар негізінен Солтүстік Америка үндістерінің
тілін салыстырмалы түрде зерттеу барысында жинақталған тілдік деректер арқылы тілдік
категориялар адамның ойлау жүйесіне тікелей әсер етеді деген тұжырымдарымен қатар,
«Сепир-Уорф гипотезасы» атты теорияларымен тіл біліміне келген болатын. Тілді салыс-
тырмалы тұрғыда қарастыру барысында, олар әр тілдегі категориялардың алуан түрлі болып
келуін «сол тілдерді тұтынушылардың қоршаған ортаны да түрліше қабылдайтындығының
нәтижесі» деген тұжырым жасады. Алайда ғалымдардың тілдерді салыстырмалы тұрғыда
зерттеулеріндегі кейбір пікірлері өзге тілдерге деген үстем пікірлерінің ұшқары қисынсыз
шовинистік көзқарастарының да кездесіп қалатындығын байқауға болады. Дегенмен В. фон
Гумбольдттың ұлт пен тіл тұтастығына қатысты пікірлерін басшылыққа алып, оны әрі қарай
дамытып, жетілдіре отырып жаңа мысалдармен толықтырғанын жоққа шығаруға болмайды.
Мәселен, Э.Сепирдің: «Тіл – әлеуметтік шындықты түсінудің құралы. Әр тіл – әр түрлі
модельмен жасалған. Сондықтан әр тіл айналадағы құбылыстарды өзінше таниды. Яғни әр
тілде сөйлейтін адамдар дүниені әр түрлі көреді. Тіл мінез-құлық нормасына да әсер етеді.
Халықтың ой өрісін, мәдени дәрежесін оның тілін зерттемей тұрып түсіну мүмкін емес» деген
келісті ойы өз маңызын жоғалтпасы сөзсіз.
Америка этнолингвистикалық мектебінің көшбасшысы Э.Сепирдің идеясын одан әрмен
қарай жетілдірген Бенжамин ли Уорф болды. Ол негізінен американдық үндістердің тілі мен
мәдениетіне баса назар аударып, тіл мен мәдениет деректеріне қатысты көптеген салыстыр-
малы зерттеу жұмыстарын дүниеге әкелді. Ғалымның осы мәселелерге қатысты зерттеулері
көпшілікке кеңінен танымал болып, американдық тілшілермен қатар, антропологтар мен
философтардың назарын өзіне қаратты. Б.Уорф тілдердің грамматикалық құрылымдарындағы
өзгешеліктерді «халықтардың ойлау формаларындағы, дүниеге көзқарастарындағы, дүние
тану қабілеттеріндегі өзгешеліктер» – деп бағалаған болатын. Ғалымның пікірінше: «Тіл
дегеніміз – ұғым, түсінік, мағына (Ол тілдік форманы мойындамайды). Ал ой – сана (ойлау)
дүниені бейнелейді (отражает). Яғни дүние (әлем) тілден көрініс табады. Бірақ әлгі дүние әр
тілде әр түрлі бейнеленеді. Ол сол халықтың дүниеге көзқарасына, тілдік ойлауына
байланысты» дей келе, «әр тілдің өзіндік метафизикасы болады» – деген тұжырым жасаған
болатын. Ғалымның жоғарыдағыдай тұжырымдары тіл білімі тарихында өз уақытында
қоғамдық ортада шовинистік пікір туғызғаны үшін біраз таласты мәселені туғызғаны белгілі
[10, 164 б.]. Сондай-ақ ғалымның «тілдің қызметі тек идеяны жарыққа шығарумен шектеліп
қоймайды, сол идеяның өзін туғызуға да қатысады. Сол себепті, меңгерілген тілдің
шеңберінен тыс ойлау да мүмкін емес» [11] деген пікірі кейінгі зерттеулердің айнымас
темірқазығына айналды.
Тіл білімі тарихында Американдық этнолингвистикалық мектептің өкілдері Э.Сепир мен
Б.Уорфтардың зерттеулері өткен ғасырда (ХХ ғасырда) «Сепир-Уорф гипотезасы» деген атпен
үлкен жаңалық болып келуімен қатар, қоғамдық ғылыми ортада көптеген қатаң сындар мен
алуан түрлі терістеулермен қатар, көптеген жоққа шығару мәселесін басынан өткізген
болатын. Дегенмен кейінгі уақыттарда бұл теория жаңаша сипатқа ие болып, қайта жаңғыруды
бастарынан өткізді. Мәселен осы теоряларға қатысты тіл білімінде 1990-шы жылдары
Д.Льюсидің «Тіл ерекшелігі мен ойлау» және П.Лийдің «Уорф. Теориялар кешені» атты
зерттеу жұмыстары жарыққа шықты.
ХХ ғ. орта тұсында Америка лингвистикасында «тіл құрамындағы адам» (человек в языке)
мәселесіне қатысты туындаған жаңаша бір бағыт пайда болды. Д.Хаймс «тіл мен тілдесудің
54
(язык и речь) антропологиялық контекстегі зерттелуіне» қатысты лингвистикалық
антропологияның теориялық және методологиялық мәселесін ғылыми айналымға енгізді.
Онда ғалым «лингвистиканың міндеті – тіл туралы білімдер жүйесін тілдің өз бойынан қорыту
болса, тілге қатысты антропологияның міндеті – тіл туралы танымды адам тұрғысынан
пайымдау» деген қағиданы тірек етіп алды [15, 93-277 б]. Лингвистикалық антропологияның
қоғамдық ғылымдардағы орны мен бүгінгі жай-күйі деген мәселені А.Дюранти есімді ғалым
қарастыру үстінде. Ол бұл мәселеге қатысты «лингвистикалық антропологияның басқа
тілтанымдық пәндерден айырмашылығы – ақиқат болмысты әрбір тұлғаның өзінше танып-
білуіне ден қоюшылығында» деген теорияны ұсынады [16, 5 б.].
Сонымен В. фон Гумбольдт еңбектеріндегі тіл мәселелерін мәдениетпен, халықтың әдет-
ғұрпымен, салт-санасымен байланыстыра зерттеуге ерекше көңіл бөлуге байланысты, арнайы
еңбектер жазу ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында ерекше белең алды. Осы мәселелерге қатысты
еуропа мен америкада этнолингвистика (этнографиялық лингвистика) деген шартты атаумен
екі үлкен лингвистикалық мектеп қалыптасты.
Лингвистика ғылымындағы антропоцентристік парадигмадағы кеңестік ресейлік тіл
білімінде бастапқыда біраз қарсылыққа ұшырағанымен кейіннен ғылыми айналымда ерекше
қолдау тапты. Тілді рухпен, тілдік тұлғаның шығармашылық қызметімен, қоғаммен, ұлтпен
байланыстыра зерттеу мәселесі бойынша А.А.Потебня, Ю.Н.Караулов, В.Н.Телия,
Г.В.Колшанский, Ю.Д.Апресян, Н.Толстой, Ю.С.Степанов, Н.Д.Арутюнова, Е.М.Верещагин,
В.Г.Костоморов, К.Юнг, А.Н.Леонтьев, Д.С.Лихачев, В.В.Воробев, В.А.Маслова т.б. секілді
ғалымдардың еңбектерінде философиялық, психологиялық, этностық, социлогиялық,
мәдениеттанымдық, когнитологиялық аспектілер лингвистикамен өзара сабақтастықта
қарастырылды.
Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан оның қоғамдық-ғылыми ортада (әлемдегі) зерттелу
барысындағы мәселелерден қазақ тіл біліміде тысқары қалған жоқ. Қазақ тіл біліміндегі
антропоцентристік мәселелердің өзіндік тілдік табиғатына сәйкес антропоцентристік
ізденістер өткен ғасырдың соңы мен жаңа ғасырдың басында (ХІХ-ХХ) қарқынды түрде
зерттеле бастады. Қазақ тіл білімі лингвистика ғылымындағы үлкен үш бағыттағы
зерттеулерді толықтай қамтиды. Лингвистика ғылымындағы үш бағыттағы зерттеу мәселелері
қазақ тіл білімінде толықтай қамтылуы, қазақ тіл білімінің әлемдік лингвистикадағы өзіндік
орнының ерекше екендігін көрсетеді.
Қазақ тіл біліміндегі антропоцентризм бағытындағы кейбір лингвистикалық концепт
тәрізді терминдер мен ұғымдар антропоцентризм аясындағы лингвомәдениеттаным,
когнитивтік лингвистика, этнолингвистика, т.б. ғылым салаларында қарастырылып жүр. ХХ
ғасырдың соңғы ширегі мен ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарында антропоцентризм бағыты
қазақ тіл біліміне бірнеше тоғыспалы ғылыми пәндердің қалыптасуына негіз болды.
Қазақ тіл біліміндегі антропоцентристік бағыт аясындағы тіл мен таным бірлестігі, ойлау
мен тілдің сабақтастығы, сөз құдіреті (сөз-магиясы), тілдің танымдық қасиетімен қатар қарым-
қатынас құралы болу қызметі олардың тілдік қолданыстағы әр түрлі сөз образдары арқылы
жұмсалуы деген мәселені әр қырынан келіп қарастырған еңбектер жарық көре бастады. Қазақ
тіл біліміндегі антропоцентристік бағыттағы жаңа лингвистикалық ғылыми пәндер зерттелуі
Г.Смағұлова, Ж.Манкеева, Н.Уәлиұлы, Э.Сүлейменова, А.Алдашева, С.Сәтенова,
Ф.Оразбаева, Г.Сағидолда, Б.Момынова, Г.Қосымова, А.Салқынбай, Б.Қасым, А.Ислам, т.б.
зерттеушілердің еңбектерінде тілдік тұлға, ақиқат болмыстың тілдегі бейнесі, танымдық
әрекет, тілдік сана, тілдік және типтік модельдер, тілдік қатынастың маңызы, тіл мен
мәдениеттің сабақтастығы, ұлттық дүниетанымның тілдегі көрінісі, мәдени лексиканың
табиғаты, ғалам бейнесіндегі тілдің орны, эстетикалық талғам мен тіл біртұтастығы деген
мәселелерге байланысты қарастырылған. Антропоцентристік бағыттағы объектілерге нақты
зертеу жүргізген Қ.Жаманбаева, Б.Ақбердиева, Г.Снасапова, А.Сейілхан, А.Сейсенова,
С.Жапақов, М.Күштаева, А.Сыбанбаева, Ш.Елемесова, Ә.Алмауытова, Ж.Акимишева,
К.Күркебаев, Б.Тілеубердиев, Э.Оразалиева, Қ.Қайырбаева, А.Әмірбекова, т.б. еңбектерінде
55
тілдік тұлға, тіл мен таным, тіл мен мәдениет, тіл мен ұлт, рухани және материалдық
мәдениеттің тілдегі көрінісі деген мәселелер жан-жақты сөз болады.
Қазақ тіл білімі – өзіндік тамыры терең, қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан, үздіксіз
даму үстіндегі ғылым саласы. Ғылым үздіксіз дамып толығудың үстіне толысып тұратын
күрделі процесс болғандықтан, қазақ тіл білімінің әлі де түпкілікті зерттеуді қажет ететін
салалары мен түйіткілді мәселелері баршылық. Қазақ тіл біліміндегі антропоцентризм бағыты
шешімін іздеп жүреген салалардың бірі. Қазақ тіл білімінде антропоцентризм бағыты
кешеуілдеп келгенімен, бүгінгі күні бұл саланың бағыты біршама қалыптасып өз арнасын
айқындап алды.
Достарыңызбен бөлісу: |