Алынуы. Ересек діңгек жасушаларын есейген ағза мүшелерінің ұлпаларынан, кіндіктен немесе шарана ұлпаларынан да алады. Сіздер байқағандарыңыздай, аты ересек діңгек жасушалары деп аталғанымен, оларды дайындауда тек ересек ағза мүшелерінің ұлпалары ғана пайдаланылмайды. Діңгек жасушаларында басқа да ағза жасушаларындағы сияқты, нақты орындалатын қызметтерінің генетикалық нұсқаулары сақталады. Теория бойынша – əлі де қызметі бойынша маманданбаған жасуша, адам ағзасындағы барлық 200 жасушаның түзілуіне бастама бола алады деген пікірге келуге болады. Қазіргі күні діңгек жасушаларының жетілуі барысында, олардың қандайда бір түрге айналуына ықпал ететін нақты жағдайлары əлі де толықтай анықталмай отыр. Ересек діңгек жасушалары арнайы бағытталып, яғни толықтай дифференцияланып бітпей тұрып, олардың қалыптасуына қандай жағдаяттардың əсер ететініне байланыссыз, белгілі бір бағытқа бейімделуіне икемдеп жіберуге болады. Ғалымдар арасында ересек діңгек жасушаларын зақымданған ағза мүшелерін қалпына келтіру мақсатында пайдалануға болады деген үміт бар. Теория бойынша, діңгек жасушаларынан бүтіндей ағза мүшелерін өсіріп, онымен зақымданған мүшелерді алмастыру мүмкін. Алайда, бұл терапияның орындалуы техникалық жағынан бірнеше кедергілерге ие. Бірінші басты кедергілер қатарына, мұндай жасушалардың өте аз кездесуін жəне оларды бөліп алудың қиындығын жатқызуға болады.
Эмбриональдық діңгек жасушалары дегеніміз – шарананың дамуының ерте кезеңінде оның ағзасынан алынатын жасушалар. Оларды құрамында бластоцит (бластомер) деп аталатын 150-дей жасушасы бар, пішіні жалпақ шеңбер тəрізденіп келген шаранадан, бластулалық даму кезеңдерінде бөліп алынады. Алынған жасушалардың ішінде шарананың бөліктерін құруға қатысатын тек 30-ы ғана эмбриональдық діңгек жасушаларының болашақ желісін қалауға негіз бола алады. Эмбриондардың қалыпты дамуы барысында эмбриональдық діңгек жасушалары жүктіліктің жетінші күнінен кейін жоғалып кетіп, олардың барлық ұлпа түрлеріне айналу мүмкіндіктері сейіледі. Эмбриональды діңгек жасушалары ұрықтандырылған аналық жасушаларынан пайда болады. Ересек діңгек жасушалары сияқты, бұлар да диплоидты. Оларда ДНҚ-ның барлық құрамдары түгелдей кездеседі. Ұрықтанған аналық жасушалардан зигота пайда болатыны белгілі. Осы зиготаның даму сатыларының өте ерте кезеңдерінде пайда болатын эмбриональдық діңгек жасушалары, өздерінің ағзаға қажетті түрлі жасушаларға айналу мүмкіндіктерін ұзақ уақыт сақтай алады. Алғашқы діңгек жасушаларының жаңа ұрықтанған аналық жасушасында түзілуі жəне бүтіндей тірі ағзаның бастамасы бола алуы себепті - тотипотентті деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |