Мәнсүр мен Дәме
Кіріспе
...Ал тыңда, сөз сөйлейін, ақын Мәнсүр,
Лақабы41 уәлаятқа болған мәшһүр,
Азырақ бір мысал сөз аңдатайын,
Сәдәптан42, аңлағанға, аршылған дүр.
Болады нәсілім – арғын, шұбыртпалы,
Шиелі – мекенжайым, Сыр жұрттағы.
Жасымда жиырма бесте барған едім,
Елге бай құмда жатқан құдықтағы.
Жайылды Қызылқұмға ақындығым,
Кітаптан қаншама сөз нақыл қылдым,
Жиналған, қанша жиын мәжілісінде,
Алдында жақсылардың айтып жүрдім.
Қанша күн өтіп кетті мұныменен,
Мен тердім несібемді жүріп елден.
Жетпейді бұйырмаса пенде, сірә,
Қол созып көрінгенге жүгіргенмен.
Бұйырған нәпәқамды43 жүрдім теріп,
Аралап шелдің жерін жортып-желіп.
Қадірлі қарақалпақ жиынына,
Шақырды мені әдейі біреу келіп.
Жүрмекші болды соған тамам халық,
Шақырып естіген соң хабарланып.
Жұрт айтты: «Бұл жиында ақын қыз бар,
Сол қызбен айтыс», – деді маған барып.
Той жаққа барлығымыз жүрдік енді,
Қарулы жарамды атқа күндік елі.
Абайлап халайықтың әңгімесін,
Қоймасын айтыстырмай білдім енді.
Мереке болған екен үлкен жиын
Қондырған жүзден аса тігіп үйін.
Түсірді ретімен әуел бастан,
Ауылдың ақсақалы, болыс-биін.
Адамнан көрінбейді күннің көзі,
Ақ Дәме, бозбаланың айтқан сөзі:
«Әне ондай, әне мұндай сәулеті» – деп,
Дүмпілдеп бара жатты жердің жүзі.
Жігіттің қызды көрген бәрі талып,
Маған да айтып жатыр хабар салып
Болысқа ақыныңды айтыстыр деп,
Жаушылар келіп жатыр хабарланып.
«Сабыр қыл, – деді болыс ашуланып, –
Алыстан бұл жолаушы келген арып.
Азырақ демін алып тыныққан соң,
Көрермін ақын қызды өзім барып»...
Сол уақытта қыз Дәмеден біреу келді,
Қай жақта ақыны әлгі келсін деді.
Айтысқа қазақты алып барайық деп
Даладан молда менен писір келді.
Жөнелдік сонда қызға барайық деп,
Шамасы қандай екен – қарайық деп,
Кеңестік келе жатып өзі-өзіміз,
Өлеңді бұрын бастап қалайық деп.
Сонда қыз бізді көріп шықты тысқа,
Ұқсаған бұлаңдаған тоты құсқа.
Болмаса Қап тауында жүрген пері,
Адамға біте бермес мұндай нұсқа.
Қып-қызыл екі беті айдай болып,
Тартылған қара қасы жайдай болып,
Топ қыздан оқшауырақ шығып тұрды,
Жалтаңдап, қысыр емген тайдай болып.
Сыймайды білезікке аппақ білек,
Көйлегі неше түрлі қат-қат жібек,
Көрген соң қыздың түрін осылайша
Толқыды-ау қалатындай тоқтап жүрек.
Шашына сап-сары алтын – тағынғаны,
Сырғасы меруерт-маржан, лағылдағы
Он бес пен он алтыға жасы келіп,
Ойланып жүрген екен қағынғалы.
Аппақ тіс, ару екен қызыл жүзі
Шашының жерге түскен ұзындығы.
Адамзат қанша айтқанмен ондай болмас,
Болмаса жұмақтағы үрдің қызы.
Сап-сары қолы толған гауһар жүзік,
Мысалы, құмырсқадай белі үзік,
Қыз маған қарап тұрды сонда деймін,
Мұқаммен44 неше түрлі көзін сүзіп.
Мен сонда тұра қаппын қиялданып,
Әлеумет жан-жағымда тұр қамалып.
Шеттегі қарақалпақ бір жігіттен,
Қыз жайын білдім тегіс сұрап алып.
«Япырай, – жігіт айтты, – расың ба,
Сен кеңес Ақ Дәмемен құрасың ба?
Айтайын қыздың жайын, тілімді алсаң,
Қу маңдай, желікпей-ақ тынасың ба?
Ол қыздың, өз әкесі – Тобағабыл,
Алысқа байлығымен еткен дабыл.
Дәулетпен Сарыбелді жайлап отыр,
Білмеймін мекен еткен қаншама жыл.
Есіттік Дәме қыздың сырттан даңқын
Жеңілген талай жігіт, ойлап, білгін.
Біреуі соның болып сен кетерсің,
Тұлпар аяқ болсаң да тілің бұлбұл.
Ол қыздың еш міні жоқ бір басында,
Бұл күнде ондай жан жоқ ұрғашыда.
Сен түгіл, бір ауылнай елдің малы,
Тұрмайды құлағындағы сырғасына.
Сұлуды бұл сияқты көріп пе едің,
Інішек, өз ауылыңда, Қырда, Сырда?!
Әйтеуір, не десең де абайлау бол,
Айтыспай көзім көрді тынбасыңа.
Айтайын бір міні бар – тәкаппарлау,
Келеді деп жүр өзі кім қасыма?
Өлеңді сенен бұрын бастайды да,
Тағады абайлап бар, мін басыңа».
Жігіттің бұл сөзінен зәрем кетіп,
Баяғы қайтып келдім қыр басына.
Сол кезде қыз да үйіне кірген екен.
Айнала үй іргесін түрген екен.
Қызығын екі ақынның көрейік деп,
Көпшілік, үйдің сырты дүрмек екен.
Ол келмес, өзім іздеп барайын деп,
Жиынға қыздың өзі келген екен.
Өлеңді шырқап әнмен қоя берді,
Менің де қайтпасымды білген екен...
Дәме:
Жүрмісің аман-есен, ақын, арма,
Алдыма айып етпе шақырғанға,
Ақындық өнеріңе сенбей келсең,
Қасымнан қашықтап тұр, жақындама,
Жабыдай келте бақай, мойның қысқа,
Қарғысаң жығыларсың ақыр жарға.
Теңізге кешу бермес келіп қалдың,
Шамала алды-артыңды, қапы қалма.
Екінші, маған айтып білдір тағы:
Өзіңнің атың бар ма, затың бар ма?
Ойланбай бұл сөзіме жауап қайтар,
Әйтпесе, бостан-босқа тақылдама!
Мәнсүр:
Біз жүрміз аман-есен, өзің де арма,
Сен теңіз болсаң, менің көзім – жарда!
Жарды айттың жарқабақты білмей жатып.
Дәме қыз, мұнан басқа сөзің бар ма?
Жарқыным, айып емес кел дегенің,
Деген соң өзің келсін, мен де келдім,
Келсем де досқа балап дұшпан көріп,
– Қасымнан алыста тұр, келме, – дедің,
Атымды, затымменен білдірейін,
Келіспес бұған жауап бермегенім.
Бабамыз ту көтерген ерге ұқсаса,
Таңғанның таңдап алған дөңгелегін.
Болады, асылым, қазақ өз бауырың,
Дәм айдап Сарыбелге келген едім.
Өз атым ақын Мәнсүр Сыр бойынан,
Сөйлетер жақсылардың ермегі едім,
Ақынсып ат пен түйе сұрадым ба,
Сен өзің шақыртқан соң келген едім.
Дәме:
Шақырдым естіген соң хабарыңды,
Қылмаймын дедің айып, аға, мұны.
Келсе де көңіліңе, келмесе де –
Тағамын тізбектетіп саған мінді.
Болмасаң жабы, жарға қарар ма едің?
Мінімнің осылайша және бірі.
Аңдыған жардан ұшқан жапалақтай
Жоғары көтермейсің қабағыңды.
Айқайшыл, әңгі жігіт көрінесің,
Қырындап жақтырмаймын қарауыңды.
Қасыма келсең мейлің, келмесең де,
Менен сен ала алмайсың қалауыңды.
Үш өліп, үш тірілсең, мен саған жоқ,
Ашумен қусырсаң да танауыңды.
Еліңнен жалғыз жүріп шөлге келдің,
Кең-байтақ қамсыз аңқау елге келдің.
Желігіп көңілің жаман тасқан екен
Алдыңнан табылған соң көрмегенің,
Өлеңде бетіме жан келмейді деп,
Бола ма құр көңіліңмен өрлегенің?
Болмаса болыс пен би аты шыққан,
Дедің бе адам емес өңгелерің?
Алмасаң ат пен түйе менсіндің бе?
Шаруаның шапан, шекпен, теңгелерін.
Бұрын да бізге сендей келген кедей,
Тіленіп алатұғын бермегенін.
Шақырдым осы сөзді айтайын деп,
Пәлендей жұмысым жоқ сенде менің!
Мәнсүр:
Дәме қыз, бәрекелді білгеніңе,
Қайылмын тауып айтқан міндеріңе.
Жапалақ болсам, саған бармас па едім,
Бағана көріп үйге кіргеніңде?
Қалыпсың сұңқарларды тани алмай,
Жолдас боп жапалақпен жүргеніңде.
Бар болса жігіттігім болған шығар,
Орын жоқ бұған сенің күлмегіңе.
Дейсің де жеңе алмайсың, желігесің,
Көрермін сенген болсаң тілдеріңе.
Елімнен жалғыз жүріп биыл келдім,
Мұндағы жетіруды бүгін көрдім.
Жасымнан халық жақсысын қадір тұтып,
Жақсыға сол себепті үйір болдым.
Берейін сөздеріңе тартып жауап,
Шешілсін көңілге алған түйіндерің.
Сөз парқын адырайтып аңдамайсың
Білмейтін сыйлағанды сиыр ма едің?!
Дәме:
Ағатай тілің артық шешен екен,
Көңілің жүйрік сөзге көсем екен.
Сыр берме болмашыға, халайыққа
Деп кетер: «ел қыдырған есер екен!»
Мен сенің білмеймін бе міндеріңді,
Абайла, тартып сөйле тілдеріңді.
Шығады жалындай боп сыртқа сөзің,
Көрсетіп қояйын ба бір керімді?!
Жарыссаң тоғыз емес, нарға тоқсан
Шабыспен өткізермін күндеріңді.
Өзіңе жақсылықты жөн көрмедің,
Әйтпесе өнеріңе сенген бе едің?
Басыңды қанша көкке көтергенмен,
Сөзінің пәлесі көп жерден келдің.
Арпаны ат жейтұғын тамақ қылған
Сырдағы қырма кедей елден келдің.
Тиеді тікенектей тілің ащы,
Есіңнен кетпей жүр ме шеңгелдерің Елімнің дәулетіне көтеріліп,
Байғұс-ау, лайық па желденгенің?
Ақылың анық кәміл жігіт болсаң
Адамды айуанатқа тең дер ме едің...
Мәнсүр:
Дәме қыз, жаңа білдің шешенімді,
Бойымнан таппай тақтың неше мінді.
Сегіз ай болды шөлге мен келгелі
Жұрт көрсе неге айтпайды есерімді?
Сен жетік айтар сөзге ақын-ақсың,
Сөзімнің жалғаны жоқ нақ расым.
Елді елден, жерді жерден кеміткендей,
Балалық мінездерің кімге жақсын.
Айта бер, өз мінімді шамалаймын,
Сонда да жауабыңды тамамдаймын.
Беремін дұрыс сөзге дұрыс жауап,
Айтсаң да бұрыс тоқтап қала алмаймын. Айтасың әлдеқандай ерлігіңді,
Түбінде қыз емессің сен білімді.
Оманның ұзын аққан дариясы –
Жай қылған әулиелер жер бұрынғы. Қарасаң, он саусағың теп-тегіс пе,
Қайда жоқ пәсті пәлен елдің міні? Келгенше он алтыға түк көрмесең,
Білімсіз кімге айтасың көрлігіңді?
Көтеріп өзіңді-өзің мақтаған соң, Сырыңды ағаң сенің енді білді.
Жеріме елім менен тілің тиді,
Осы да көрсетпей ме кемдігіңді?
Бұған бер енді менің теңдігімді.
Дәме:
Ағатай, басыңнан мін таппадым ба,
Менен мін таба алмас деп мақтандың ба? Болдым деп, шөлге келіп жалғыз қара,
Жүр ме едің, жан келмес деп қапталыма...
Байғұс-ау, елің қожа, төре ме еді, Дегенің тілің тиді – сасқаның ба?
Бар дейді мың бейнетке бір рақат, Жеріңді мақтаймысың қатқаныңа45!
Медине, сенің жерің Мекке ме еді? – Мүбәрәк пайғамбардың мекені еді. Байтолла бір Құдайдың үйі депті,
Қатар тұр Мекке менен екеулері.
Сыяды мақтануыңа, бәрекелді!
Сырыңның қараңғы көр кепелері. Жалаңаш жаздың күні шекпен киіп, Қураған кедейіңнің шекелері.
Жеріңнің беті шимай, атыз-арық, Жүрмейсің жөнді тауып төте жерді, Сөзімнің өтірігі болса ішінде,
Мынауың деші кәне, бекер еді.
Айтпассың сен жамандап түбі құмды, Айтарсың кеміткенде құдығымды,
Кедейің шиқылдатып жаздай айдап, Жүргізген әрең-пәрең шығырыңды. Тұзаққа қырғауылға қылын жұлып, Құрықсыз қор қыласың тұғырыңды. Сенімсіз бір-біріне болды байың,
Көбейтіп қатындарша сыбырыңды.
Жүреді кей кедейің кесірленіп,
Желбегей жеңі болмас сұғынулы.
Көтеріп46 көк тарыға киім киіп,
Тапқанын күз ноғайға тығынулы
Көтерер қыс азығын қарыз тағы,
Қалдым деп өтей алмай шығынымды.
Ал, Мәнсүр, сол кедейдің сен де бірі,
Айтпасам болмадың ғой қылығыңды.
Мәнсүр:
Дәме қыз, айтылмаған сырың бар ма,
Тастап айт өтірікті, шыныңды ал да!
Бәрі рас айтқаныңның, жалғаны жоқ,
Ойланшы, басқа тағар мінің бар ма?
Қатты екен қарақалпақ қайыры жоқ,
Мақтанып мырзамын деп сұлуланба!
Мехнатсыз рақат жоқ қайда барсаң,
Тіршілік бәрі игілік пайдалансаң.
Көмірге көк теңгені алар ма едің,
Күз болса қимылдамай жайға қалсаң.
Түн қатып, түсің қашып Самарқанға
Түйені қайтер едің айдамасаң?!
Дәме қыз, бұл сөзіңнің шын ба бәрі?
Жұрт отыр екеумізді тыңдағалы.
Теп-тегіс малға сірә жұқ бола ма,
Аз емес айта берсең құмда жарлы.
Осының бәрі де бар елдерімде,
Сөзіме я болмаса сенбедің бе?
Ат мініп, асын ішіп жүргеннен соң,
Айыбыңды көп айтпадым сендердің де.
Белдестің маймылдай-ақ аюменен,
Көрерсің жемтігімді шеңгелімде.
Асау сөз айтылмаған әлі алдыңда,
Айта бер көзің жетсе жеңбегіңе.
Кеміттің кедейсің деп келмей жатып,
Баймын деп мақтандым ба сен көрімге?
Дәме:
Ал, аға, мен сөйлейін шыныменен,
Білерсің сұрай жүрсең сырымды елден.
Көрінген бойыңдағы мініңді айтпай,
Тоқталып тартылады тілім неден?
Аша алмай айыбыңды отыр едім,
Мейман деп қадір тұтып күніменен.
Қатты деп біздің елді бір сөз айттың,
Үніңді өшіре ғой дірілдеген...
Қазақ пен қарақалпақ бастан егіз,
Аралас қашаннан-ақ жатқан елміз.
Басы – өзен, суы тұнық болғанменен,
Қоныссыз қор болады шалқар теңіз.
Егіліп түрлі миуа жеміс берсе,
Тамаша теңізден де қазған керіз47.
Тамаша құмда болмай кімде болар,
Асы көп, ақшасы мол, аты семіз,
Аламыз көмір сатып көк теңгені
Кәсібі еліміздің көптен бергі.
Кигізін қаптай жазып нарға артады,
Самарқан, Бұхар барып шөккен жері.
Бір нардың қырық теңгеден жүгін сатып, Дызақтан48 ұн алады шеттен бергі.
Осының бәрі де шын, жалғаны жоқ.
Тоқталып сірә қорқып қалғаным жоқ,
Барасың үндемесем едірейіп,
Жігітсің түсі жұқа салмағың жоқ.
Саспа, аға, әлі талай бүктелерсің,
Жоқ екен ойлап тұрсам тіпті есің.
Білемін Сырда әулие көп екенін,
Не пайда, қадір тұтып күтпегесін?
Сырыңның сылдыр бақай адамдары, Тұрмайды уәдеде табандары.
Ертеден кешке дейін пікір ойлап.
Әсте жоқ ақиреттен хабарлары.
Жарамды жақсыларын жасық билеп,
Қояды болыс етіп надандарды.
Болыс, би біздің жұртқа байға келдің,
Бірі емес, бәрінен де пайда көрдің.
Селтеңдеп, семіздікті көтере алмай,
«Ішемін шекер салып шайға», – дедің.
Атта – арғымақ, түйеде нар болмаса,
Көңілім жоқ тайлақ пенен тайда дедің, Қайырлы елің менен жерің болса,
Тентіреп жалғыз өзің қайдан келдің?
Сырыңның халқы қашан болды қарық,
Қазады жаздай тоған, күздей арық,
Қастасса бір-біріне нақақ, жала,
Жабады кілең жіпке тізіп алып.
Әлі бар мақтансаң да осы еліңде,
Көрерсің аман болсаң күзге барып.
Өң түгіл, мұндай жұмыс түсте де жоқ, Жұртыңды теңгерерсің бізге не ғып?
Сен сеніп сөз сөйлейсің таңдайыңа,
Болмаса дауға қылған далбайың ба?
Ері арық, Сырдың семіз қатындары,
Соры көп еркегіңнің маңдайында.
Балыққа суда жүзген қармақ салып,
Үңіліп отырғаны жар бойында.
Жаулығын көйлегімен күнде жуып,
Әйелі жуытпайды шаң бойына.
Еліңнің қылған ісін жаңылыпсың,
Ал, ағай, айта берем, ал ойыңа.
Көйлегін қатындардың бүрмелеген,
Қынама қара бешпент түймелеген,
Ноғайдан бәсекемен тауар алып,
Дегенмен бай болмассыз кигенменен.
Еліңнің әдеті осы баста үйренген,
Қоя ма менің сөзім тимегенмен.
Қараспас кедейіне байларыңыз,
Белгілі біздің жаққа жайларыңыз.
Қайғы ұрып, күні-түні дүние үшін,
Жыл бойы қараңғылық ойларыңыз.
Қайда енді айтылмаған асыл сөзің,
Бар болса айтатұғын келді кезің,
Қаңғырып мұнда неғып келіп қалдың.
Еліңде аю жігіт болсаң өзің?
Естідім кедей жігіт деп сыртыңнан,
Мұны өзіңе айтайын, тұр ғой көзің.
Сен маған мін айтты деп кекті екенсің,
Жел сөзге жылдам, жүйрік епті екенсің.
Сөзіме менің айтқан ерегесіп,
Халқымды қыла берме бос кекесін.
Халықтың қаһарына ұшырарсың,
Бишара қаңғып жүріп тек кетерсің!
Мәнсүр:
Дәме қыз, шыныңнан көп өтірігің,
Ашылған ұятсыз боп бетің бұрын.
Алдыма айыбымды сала ма деп,
Күтініп, күдіктеніп секіруің!
Сенімен ерегісіп тілім тиді,
Халқына осындағы жетірудың.
Айырдың тауды құмнан, Сырды Қырдан,
Құтырғыр екенсің ғой шын жын ұрған.
Ал енді мінің болса мен де айтамын,
Табасың қандай пайда, құрғыр бұнан?
Қояйын қорғалатып саспа, Дәме,
Торғайдай тұрымтай мен қырғи қуған.
Болған соң асылы пенде елде мін бар,
Мін айтпа, килігерсің сорға мұндар.
Суы – сүт, топырағы десең де алтын
Болмайды Сырдан ешкім шөлге құмар. Айтайын атын атап бірте-бірте,
Қарашы, шөл жеріңмен тең бе бұлар?
Жайылған жазды күні құралайы,
Мұнарлы бұлт кетпес белдерім бар.
Қаз қонып қаңқылдаған, үйрек ұшып, Шалқыған шағалалы көлдерім бар.
Бердеңке патронды ататұғын,
Айлалы, асып туған мергенім бар.
Әуелі сіздің жерден артық жері,
Елімнің осылайша ермегі бар.
Жаз жайлау – Сарысудай саласы бар,
Сырты жон сексеуілді қара шұбар.
Боз біткен бетеге мен жері шым, саз,
Ат шабар айдын тақыр даласы бар.
Аздырмас, жастарына ақыл айтар Халқымның қарт-қария данасы бар.
Шөлде жоқ қанша айтқанмен мыңнан бірі Халқыңның қандай аққа49 шарасы бар.
Қайырға қатар біткен талдарым бар, Жайылған тал жағалай малдарым бар.
Жасатқан піскен қыштан әйнек құрып,
Қыс болса пеш орнатқан тамдарым бар.
Кедей деп Сырға тақтың қалың қайғы
Онымен кегің сірә алынбайды!
Қой айдап, түйе жинап бақпағанмен,
Азығы қамбасынан арылмайды.
Сендердей қошаметкер емес жұртым,
Жарлысы байға барып жалынбайды.
Көктемде түрлі дақыл себіледі,
Қос айдап, кетпен шауып егіледі.
Күз болса жинап алып мұның бәрін,
Қайғысыз тапқан дәнін теріп жейді.
Халқымның әдеті осы баста үйренген
Сен мұны қанша айтқанмен кемімейді.
Дәме қыз, сөзің бар ма айтылмаған? Қарманып барыңды айт айқын маған.
Әйтеуір, сөз білем деп ұрынасың,
Пәлеге жолығады жай тұрмаған.
Айтуға өтірік сөз ерінбейсің,
Әрі бай, әрі мырза елім дейсің.
Әуелі шатақ сөзді айтқан өзің,
Сен мені не ғып жұқа, жеңіл дейсің?
Қол салып қай жеріме көріп едің?
Салмақсыз түбі жұқа терің дейсің.
Кедей деп көп кеміттің біздің елді,
Кемітпек көңіліңе қайдан келді?
«Алды жөн адасқанның» дегендей-ақ, Білмейсің өз мініңді өзіңдегі.
Көрсетіп дәлелменен көзіңізге
Айтайын бір азырақ сіздің жерді.
Бар дейсің берекесі Қызылқұмның,
Тауыса алмай өтірікті ұзын қылдың. Мұнда жоқ аққан теңіз, қайнар бұлақ,
Тұрады қай жеріңде Қызыр50 мұның?
Жақсысын сіздің елдің тегіс көрдім,
Дәм айдап биыл келіп өрістедім.
Берген соң Құдай өзі шараң бар ма,
Бәрінің бармағынан жеміс жедім.
Көнбейсің мәмілеге көңілің көр,
Көбейді айтқан сайын керістерің.
Шыға ма жаман кеңес жақсы адамнан, Қасыма сірә жақын көріспедің.
Берген соң Құдай өзі шараң бар ма,
Шай емес, шекер мен бал мен ішкемін.
Мен шөлден адам көрдім әр білімді
Бәрі де біліп жатыр қадырымды.
Ақындық ат көтертіп ақырында,
Жайып тұр Қызылқұмға дәрібімді.
Болсын деп үлкен жолың өзгелерден
Ат түгіл, мықтап берді нәзірімді.
Мен көрдім өнерменен пайда құмнан,
Мың пайда таптым өнер жиғанымнан.
Ат міндім, құс жетелеп – бәрі де рас
Арғын, алшын, қыпшақ, қоңырат, найманымнан.
Ат-тонын алып па едім, біліп айтшы,
Қай бегі қарақалпақ, қай байыңнан?
Сөзімнің енді келді салмақтары, Айтайын мысалменен аңлатқалы.
Жете алмай мысық тұрып айтқан екен: «Сасық» деп жайған етке шаңырақтағы.
Сен Сырдың шөбін, суын кеміткендей,
Бау-бақша бар ма шөлдің шарбақтары? Суырып, ысырапыл соққандай-ақ,
Бұрқырап дауыл тұрса шаң қаптады.
Көп қойдың жатақтағы құмалағы,
Желменен құдығыңа домалады.
Шықса да әр қауғадан қырық құмалақ, Амалсыз содан барып су алады.
Ыстыққа шыдай алмай суын ішіп,
Сорлылар суық-ақ деп қуанады.
Болғанда Сырда – дария, бұлақ – тауда, Құдыққа атпен салған құмға қауға.
Өлшеумен су аласың арқан салып,
Тартысып қара жермен қылып сауда. Қызылда жүрген елдің көзі ашылмай,
Өмірі өтіп кетер жанжал-дауда.
Жапанда жүрген елсің отарлардай,
Я Бұхар, я Түркістан, Қоқан бармай. Мырзаңның таңдап алған ақ білегі,
Құйқалақ кірлі мойын тоқалдардай. Жарығы табанының тоқсан тілік
Зырлайды жалаң аяқ от арбадай.
Шалағай келер өңшең бойдақтарың, Қарашы қиялыңмен ойлап бәрін,
Қарамай алды-артына даңғойланып, Шабады мертіктіріп тойда аттарын.
Көрінсе сен сияқты жарық табан,
Тұрады қоқырайып қой баққаның.
Бұл сөзді саған айттым сынағалы, Домбығып отырмысың жылағалы?
Ақ көйлек, алтын ілгек біздің жұрттың51
Әйелі киер барқыт қынамалы.
Тақуа тазалықтың парқын білер,
Пәкиза52 не қылғанмен Сыр адамы.
Тік көйлек қатындарың жамап киіп,
Жылтылдар жыртығынан шығанағы,
Сен Сырға кедейсің деп сын тағасың,
Әр сөзбен ажыраттың жұрт арасын.
Ақиқат шөлдің елін айыпсыз деп,
Мен айтып, ашқанменен қымтанасың.
Ақылың болса алдыңа асау сөздің,
Өткердім пернеменен бір парасын.
Елімде жақсымын ба, жаманмын ба,
Сен жаман дегенменен шам алдым ба?
Болсам да Сырға қарсақ Шөлге келіп,
Арыстан, аю болдым саған мұнда.
Ойы асқар, сөзі жүйрік, дүлдүліңмін.
Өнерім сен көрмеген тағы алдымда.
Айтасың бозбаланы сыртымдағы,
Ұмтылса тұр ғой деме жұрт ұрғалы.
Деген сөз: «Ерегіссе ер өледі»,
Тілімнің қорқып, қиын құр тұрмағы.
Кідірсін неден сасып, бүгежектеп,
Қызыл тіл бастан бұрын қырқылмайды.
Дәме қыз, айтар сөзді тауыстың ба?
Жамандап қайта салма ауыз Сырға.
Сағырдың мойнындағы аманатын
Ешкімге берме, сақта, ауыстырма.
Жас бала, жесір қатын, қайын жұртты,
Біреумен жанжалды қып жауықтырма.
Аманын өз басыңның ойлана бер,
Қолдасын мені Құдай қауыпсынба.
Өнерлі халық сыйлады болғанымнан:
Ойлансам ел сусындар толғауымнан.
Аңғарып өз шамамды жүргеннен соң,
Ерлердің орын алдым оң жағынан.
Бұл көптің топқа салған жүйрігі – мен,
Қапыда қалма, сұлу, жолдарыңнан.
Дәме:
Ал, аға, Жалғаншымды білдің бе анық,
Бетіме ұятсыз деп қылдың салық.
Кешір деп айыбымды жалынбаймын,
Шығарсың дабысыма сырттан қанық.
Сен өйтіп қанша өтірік айтқанменен,
Іші кең, кектемейді біздің халық.
Көрінген жасырынбас көмгенменен,
Байғұс-ау, жайың бар ма мен көрмеген?
Қаралап құм біткенді сөз айтқандай,
Залалың бар ма сенің шөлден көрген?
Парқы бар пәсі-пәлен әр нәрсенің,
Бола ма құр тілменен төнгенмен.
Жар салып жарлымын деп Құмға келіп,
Байларға екі көзің телмеңдеген.
Әрине, қырғи болсаң қорғаларсың,
Жеріңнен айырылмас ең шеңгелдеген.
Күйіксіз күйкентайсың мақтансаң да,
Шаба алмай әр нәрсеге ербеңдеген.
Жайсыз деп жамандадың жүдә Құмды, Мақтадың көлің менен бұлағыңды.
Көкорай шалғыным деп керілесің,
Көлдегі қоға, қамыс, құрағыңды,
Берейін сөздеріңе татым жауап,
Тыңда, сал, ақын Мәнсүр, құлағыңды.
Құрыған құралайың көп десең де,
Нанбаймын өтірікпен ептесең де.
Сауысқан, ала қарға – қалың құсың.
Айтайын ақиқатын жек көрсең де.
Болатын қоян сойса қой сойғандай,
Еліңде кедейлерің көп деседі.
Мақтадың көлі көп деп Сырларыңды,
Мақтадың Сырдан арғы қырларыңды.
Бейшара мергендерің атып жейді,
Ауқат қып қоян менен қырғауылды.
Нарқы пәс, арзан баға мата-бөздей,
Мазасыз бұл сөзіңнің бір қауымы.
Қып-қызыл жерің тікен, шеңгел шығар.
Аз-мұз тал қайырыңа өнген шығар.
Шошқаны тау жағалап қашып жүрген,
Бірталай мал деп көзің көрген шығар.
Нәзірге ат пен түйе деген сөзің
Әшейін құр көтерген кеудең шығар.
Мас болсаң арақ ішіп, мал не керек,
Есепсіз соған берген теңгең шығар.
Бейқадыр53 халқы қылмай аяқасты,
Бола ма есті жігіт елден шығар?
Кеңеске кеңнен толғар кем екенсің,
Деп едім өнеріне сенген шығар.
Қалтаңдап шамға айналған пәруанадай54
Сор айдап сен жазғанды келген шығар.
Ал, аға, сенен сырды жасырмаймын,
Орынсыз ептеп айтып асырмаймын.
Аңласаң әңгімеме назар салып,
Ақбалдақ тасқа шабар асылдаймын.
Ағатай, қадіріме жетсең танып,
Гауһардың жанған шырақ тасындаймын. Сабырсыз, салмақсыз деп кемітсең де,
Түбінде озбай сенен басылмаймын.
Пайызы әңгімеңнің шамалы екен,
Бір атым мазасындай насыбайдың.
Ай, аға-ай, айыбыңды аңламайсың,
Айтты деп ашуланып қалмағайсың. Болғанмен тілің желді, ернің епті,
Жүк тиер қысы-жазы нар болмайсың. Көшкенде кереге артып, кемпір мінер,
Қисық төс бақырауық қалбағайсың55.
Кедейді кім нанады бай дегенмен,
Жиған пұл, айдар малға сай дегенмен. Шолпанның жұлдыз аты жасырынбас,
Жалтырап жаңа туса ай дегенмен.
Кемітпе ел жайлаған Қызылқұмды,
Жерің ғой биыл сенің пайда көрген.
Ал, аға, өрге жүздің өнеріңмен,
Шығады түрлі кеңес көмейіңнен.
Қазақтан асып келген азамат деп,
Біздің ел құрмет етті келгеніңнен.
Өзіңе тарыдай нәр көрінбеді,
Қанша ішіп, біздің жерден жегеніңмен.
Түбінде, қанша айтқанмен, шөлде мін жоқ, Жалғыз-ақ аққан бұлақ, көлдерім жоқ.
Қатты деп Қарақалпақ кемітесің,
Ішіне шақырса да келгенің жоқ,
Рулы ел бір ұялы терек болған,
Мырзасын сына саптың көргенің жоқ.
Жолмұрат, Назамұрат, Қосымбай бар, Шалқақтап бағынбаған байға қарап,
Бәлені сен шығардың елдегі жоқ.
Тастай бер салмақты сөз тапсаң егер,
Кісіні Құдай алсын сасқан адам.
Бейнет деп бір құдықты кемітпесең,
Жерің жоқ тауып айтқан басқа жарар.
Ағатай, ілімнен бар талабыңыз,
Бар дейді, жазған қағаз, қаламыңыз.
Ел ішкен бұлаққа тең таза құдық.
Бар болса шариғаттан хабарыңыз,
Мұныңды өтірік деп айта алмаймыз,
Қаттырақ сол себептен табанымыз.
Жан болса жалаң аяқ кебіс киген,
Ыстыққа біздің қылған амалымыз.
Біздің ел ат мінеді арғымақтан,
Құйысқан, күміс жүген жарқыратқан.
Мереке күнде жиын, бәйге қосқан.
Байтақты тамашалы халқым жатқан.
Көрген соң Сырдан жәбір түрлі-түрлі,
Қаңғырып басың мұнда зордан келді.
Арыстан, аю болдым дейсің шөлде,
Жұрт сұрап болғандай-ақ қорған бөгі.
Еліңде қасқырсың ба, түлкісің бе,
Абайла, қалма жұрттың күлкісіне.
Мақұл-ақ, жүйріктігің жалған емес,
Дабысың шашылып тұр жұрт ішінде.
Болдым деп жалғыз аспан шайыр құмда, Қазақты, қарақалпақ айырдың ба?
Келсең де жандаралдан жарлық алып,
Іркіліп айтар сөзден тайындым ба?
Насихат маған айтып болғың келді,
Қадірлі қайнағам мен қайыныма.
Ағатай, бұл далада жалғыз жүрсің, Айырылып ағайыннан қаңғып жүрсің,
Отызға келгеніңше орын таппай,
Ісіңнің бәрі шала, шаң ғып жүрсің.
Менімен ерегесіп ерсінгендей,
Бар еді қай көмегің, қай бір күшің?!
Әңгіме ада болмас кідірмесем,
Тоқтатып ала алмайсың түбінде сен.
Қисайып кесірленіп кейін жүрдің,
Кедейлік Сырдан келген мінің десем.
Бай болсаң Сырдан тысқа шықпай жатып, Болмай ма басқа жұртқа білінбесің?
Ісіңді өзің ашқан ойын дейсің,
Болса да ақылың кем, тілің шешен.
Бір сөзді және таптың қорынарлық,
Айтайын бұған жауап толық анық.
«Қуады өнбес дауды өспес жігіт»,
Көп екен маңлайыңда сорың анық.
Сағырдың ар-намысын айта қалдың,
Келіп пе ең доверносын қолыңа алып.
Қолыңнан келсе мені апарып бер,
Отырдым жақын жерден орын алып.
Айтасың әдетіңді халқыңдағы,
Сыр елі қыз қашырған салтың-дағы.
Сырдағы қырық мың қулық бір кедейге
Келуге біздің шөлге артылмайды.
Бір қызға отыз құда, он құдағи,
Сыр елін әлдеқашан ант ұрғалы.
Торлаумен өлеңіңді толғана бер.
Ақылың Аплатандай болса да артық?
Сорыңнан артық емес сенде өнер.
Достарыңызбен бөлісу: |