Бір қыз бен он алты ақын І бөлім 82. 3К б 94 Бірінші бөлімінде: Бір қыз бен он алты ақын



бет2/13
Дата08.06.2016
өлшемі3.98 Mb.
#122908
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

Әсет пен Ырысжан
Ырысжан:

Бір таудың жан салмаған тағы кері,

Шыдайды егес жерде ердің ері.

Сыпайы сынық қылмай келтіріп айт,

Болады өлеңнің де оқа-зері.

Сіз – Әсет, мен – Ырысжан әлем білген,

Екеуміз тартысалық әрі-бері.

Қорғалап не қып отыр, бойын бағып,

Жұрт бұлдап, тұмарлаған белгі тағып.

Адырға атар киік дегендейін,

Атпасаң нысанаға келдің не ғып.

Аянып өлеңіңді отырмысың,

Жұрт көңіліне құмардың отын жағып.

Барабар Ырысжанмен деуші еді жұрт,

Жүр екен өсекшілер босқа лағып.

Осы ма атақтыңыз Әсет деген?

Бере ме өнер пайда көрсетпеген?

Топастау тор шолақтың біреуі ғой,

Мұны кім сөз білгішке есептеген.

Үрейің мұнша неге ұша қалды,

Бұл жерде жалмауыз жоқ кісі жеген.

Аңдап-аңдап басқайсың аяғыңды.

Семірген ақша майға екен көбең.
Әсет:

Басында нұрын мақтап, нәзік белден,

Сөз ұғар нәсілі таза айтқан жерден.

Қатты, жұмсақ сөзінің бәрі әдемі,

Шыққандай тыңдаған жан қайғы-шерден.

Алдыңнан адам шығар болмаған соң,

Үйрендің қатаң шауып ылди-өрден.

Тірі жан, менен өзге туған жоқ деп

Алыпсың күпір мінез әзәзілден.

Шөп желке шошаңдатпа таяғыңды,

Дәндеген бастай берме баяғыңды.

Шарам кеңнен шабылған қара шормын,

Асықпасаң тартармын табағыңды.

Албастыңды соғатын әкең менмін,

Аңдап-аңдап басқайсың аяғыңды.
Ырысжан:

Сөзің қалай шығады қардан суық,

Қасыма ақырындап келдің жуық,

Тасымалдап артынан әзер таптың,

Апшыңды қуырайын сөзбен буып.

Бес қазылық ой теңдік Сарыарқада,

Арғын теңдік алып па менен туып?

Алты ақын Аязбай мен Шашубайлар,

Артымнан жете алмаған құстай қуып.

Дау айтып күні бұрын көрсетпелік,

Майданда озса жүйрікке есептелік,

Орта жүз түгел білген Ырысжанмын,

Үш кессе, қауқарым бар кесірткелік.
Әсет:

Дәндеп қапсың Аязбай, Шашубайдан,

Болыпсың өнегелі үлгі жайған.

Қиюсыз мақтан сөзді сөйлегенмен,

Қыран бүркіт жасқанбас боз торғайдан,

Бошан түгіл, Орта жүз түк қылмайды,

Уақ, керей жеңілген, арғын, найман.

Сәулелі ой бар аңғарар сөздің түрін,

Аңдамай бір сынайсың елдің сырын.

Қарқаралы, Семей, Омбы, Қараөткелмен,

Білемін он дуанның ойы, қырын.

Екінші сөзін тектеп сөйлесін деп,

Көрсеттім алты қырдан әннің түрін.

Мінезіңнен, бойыңнан мін таптырдың,

Қабағым емес еді қызға қырын.

Екі ердің ерегессе бірі өлер,

Тең тартсаң желқомыңнан13 қоймас жырым.
Ырысжан:

Осы жерге бата беріп көп әкелген,

«Айтыс сен Әсе ағаңмен» деп әкелген,

Кекетіп келген жерден ұрынады,

Бойына таудан үлкен кек әкелген,

Жер қадірін білмейтін әулекіге,

Өлшемей осы жұртым неге әкелген?
Әсет:

Бұ сөзің дұрыс емес, тәңір атқан,

Байқадым шымбайыңа сөзім батқан...

Тату дос шын ниетпен саған теңмін,

Асылын өлшеп сөйлер жөнін баққан.

Айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақ,

Алты арысқа білінген әкең менмін,

Сөз тамырын байқармыз тартысқанда

Жығылмай түзу кетсең, ақын дермін.
Ырысжан:

Рас, ақын осындай үрден шығар,

Соқтадай сорақы сөз кімнен шығар?

Қасқыр болса қой жейтін анық сырттан,

Арлансып өз ойыңда жүрген шығар.

Арлан қасқыр екен деп жасқанам ба,

Қайдағы қу, сұмдық сөз сізден шығар.

Мен Ырысжан екенін байқай алмай,

Әншейін бір қыз ғой деп кірген шығар.
Әсет:

Тиер сөздің тиегін айттың шенеп,

Көтермелеп өзіңді ерге демеп.

Кеудесі кең, өрескел албыт ауыз.

Әдептен аттаған соң солай демек.
Ырысжан:

Ақынның тура келмей данасына,

Соқтықтым жанып тұрған шаласына.

Қоржын толмас бойыңның кескіні бар,

Бойыңнан көзім тоймас қарасына.

Осы жұрт жөнін білмей соқтырады-ау,

Майқының жұдырықтай баласына.

Табысып, татулықпен сөйлеселік,

Қыстырмай ұят сөзді арасына.
Әсет:

Топанның тура келдің тасқынына,

Тасыған Ніл дарияның басқынына.

Бұйырған қай жұмысың толмап еді,

Не кінә тауып отырсың жастығыма?

Жанарлы жас қадірін білмейтұғын,

Жетті ғой жаңа көзім настығыңа.
Ырысжан:

Әсеттің біліп едім бала екенін,

Жарқырап жанып тұрған шала екенін,

Жеткен жоқ жиырмаға, жасым әлі,

Ырыстың қайдан білдің кәрі екенін?

Шалығын әр сөзіңнің абайлаймын,

Шекеңнің ашуланшақ тар екенін,

Бағана көрген жерден байқап едім,

Бойыңда зор кесапат бар екенін.
Әсет:

Абайла: қызға жігіт дәрі екенін,

Сүйікті, сұлу болса жар екенін.

Ат жақты, албыт ауыз, көкіме қыз,

Өңіңнің жаңа көрдім сары екенін.

Мен қашан әжетіңе жарамап ем,

Баланың қайдан білдің бала екенін?
Ырысжан:

Жіңішке, бойың нәзік қылдырықтай,

Сүйтсе де сөзің ұшқыр бұлдырықтай.

Қу бала-ау, бала демей не деуші едім,

Қөзіме көрінесің жұдырықтай.

Қалай қашсам мойныма түсем дейсің,

Ыңғайлы қашағанға тал құрықтай.

Қызығып қыз екен деп далбаңдама,

Тұйғынның жемін қуған кез құйрықтай!
Әсет:

Өзіңе-өзің, болдың әулиедей,

Бақсыға аруақ қонбайды ел сүйемей,

Бәлендей затың таза көрінбейді,

Болса да бетің қызыл қан шиедей.
Ырысжан:

Қой, Әсаға, осы сөзден адасалық,

Аз ғана ақыл сөзбен жанасалық.

Біреу үлкен, біреуіміз кіші болмай,

Кел енді жасымызды санасалық,
Әсет:

Кәрі, жас айырамын беттің нұрын,

Білемін жауабыңның бақсам сырын.

Сынаспақ болсаң егер шамамызды,

Жасымды мен айтпаймын сенен бұрын,

Естіп алып кетерсің кішірейіп,

Қылт еткізбей білемін қыздың сырын.

Ет пен сүйек толықсып түгелденіп,

Болған жоқ анық толып түгел сыным.
Ырысжан:

Қараңыз, келістіріп келбетіме,

Дауа жоқ сұрап алған бейнетіме.

Әсаға, анық жасым баян болсын,

Шығып ем он алтыдан он жетіге.

Жастығымды танымай бет бейнемнен,

Жұртым-ау, жолығып па ем әулекіге.

Қалайша көңлің толмай олқысындың,

Талай ер мас болушы еді сәулетіме.
Әсет:

Тағады теңге шашбау қыз артына,

Жаққанмын жас күнімнен өз халқыма.

Ырысжан, ынтаменен сырласайық,

Шығып ем он бесімнен он алтыға.

Басымнан сөз асырып көрмеген соң,

Күйдірдім кәрісін деп сөз салтына,

Орнығып, ойқастамай сырласайық,

Екі сөз түгел келсін бір шартына.
Ырысжан:

Біреу ойда, біреуміз қырда екенбіз,

Мұқтаж көңіл, барабар мұңды екенбіз,

Көркем сөйле, жұрт тыңдап көңілденсін,

Отырған халайыққа үлгі екенбіз.

Шешен тілі, шебердің өнері ортақ,

Әр жерде ақылдыға жолды екенбіз.
Әсет:

Өлеңге ағып тұрған жел екенбіз,

Жиылып тыңдаушыға мереке – біз.

Он алты, он жетіде айырма жоқ.

Арамыз бір-ақ жылдық төл екенбіз,

Көңілің баласынбай жаңа орнықса,

Қашалық Семей жаққа, кел екеуміз.
Ырысжа н:

Қарқабат, Қаракесекті етпеймін бел,

Аузымнан ә дегенде заулайды жел,

Жігіттің қыз алатын түрі қандай,

Нарқыңды айырайын, қасыма кел.
Әсет:

Мирасы қыз-жігіттің – алған-берген,

Басынан заман өтсе арман көрген.

Құда түсе келгем жоқ, қыз айттыра

Түріңді көрем дейсің салған жерден.

Қасына сендей қыздың бармаушы едім,

Бересің барсам орын қандай жерден.
Ырысжан:

Көшкенде жылқы айдаймын күрең кермен,

Бозбала айқай салса сүрен бермен.

Қасына қыз шақырса тартынбай кел,

Аласың қыздан орын сүйген жерден,

Босағада отырып үйреніп пе ең?

Арқада аты шыққан хандарым бар,

Ел кезген кедейлікпен аңғарың бар,

Әлде сен сонан қорқып отырмысың,

Бұтыңда жыртық-жыртық шалбарың бар.


Әсет:

Өнерлі би, үлгілі хандарым бар,

Қадірлі, қасиетті жандарым бар.

Тұсыма шыдамастан сауда қылдым.

Әйтпесе күн көретін малдарым бар.

Жақсының жамансыз дос күні болмас,

Бір киген қорушыға шалбарым бар.

Семейдің мырзасымен таныс болып,

Осы жерде өліп кетсең не арманың бар?
Ырысжан:

Қу бала, сөз табасың не керектен,

Қай сөзің дәл тиеді зеңбіректен.

Олай десең қасыма қорғанбай кел,

Ер сүйегін танимын кебенектен.
Әсет:

Қол қойдым осы қыздың данасына,

Көздерің көрмесе де нанасың ба?

Алдап айтқан сөзіне аңқау басым,

Аңдамай бардым жетіп дәл қасына.

Дұшпаны көз алдына келгеннен соң

Бетімді тырнап алмай аясын ба?

Әркімнің өзі шыққан тауы биік,

Әсеттің беделіне қарасын ба?
Ырысжан:

Шапқан бірдей болмайды желгенменен,

Мен жар болман көңіліңді бөлгенменен.

Алдағанға келесің адыраңдап,

Қасыма не бітірдің келгенменен?

Ел аралап бір жүрген сері десем,

Бар екен талай мінің жөнделмеген.
Қарасам шалбарыңа жалбыр-жұлбыр,

Алдағанда көнесің надан қылжыр,

Әншейін келемеж қып кел дегенге,

Келуін шын өңмеңдеп Құдай ұрғыр!


Әсет:

Сүйкімсіз қай-қайдағы сөзге барсың,

Құрбыңа қызыл гүлдей ынтызарсың.

Итті де шақырып ап ұрмаушы еді,

Сен қандай екі сөзді майталмансың?

Кигенің аяғыңа шегелі етік,

Сылқым қыз жаралар ма сенен өтіп,

Әлгіде шақырғанда сүйдемеп пе ең,

Заматта бұзыласың қылт-сылт етіп.

Қасыңа сырыңды алса шайтан келмес,

Сен алдарсың әзәзілдей бір бұлт етіп.

Сыртың – адам, шақпалы тілің – жылан,

Барасың, қараң қалғыр, қайда кетіп?

Қос түйме омырауда жарасып тұр,

Келіп ем ұстайын деп, әуес етіп.
Ырысжан:

Қой бала, бұл сөзіңе сыналмаймын,

Тіліңе жалған айтқан көне алмаймын,

Иесі бар түймемнің, қолқалама,

Құның жетпес қымбатты бере алмаймын,

Семейден бір салт атты келіпті деп,

Соңынан жолаушының ере алмаймын,

Қайда, сенің қу мінезің, көрінбейді?

Бір кетсең Қарқаралыдан көре алмаймын.
Әсет:

Қарашы мына қыздың айтқан сөзін,

Аудармастан қарайды екі көзін.

Кәрі қыз кәдірменен отырмаған,

Маған түйме бермейтін кімсің өзің?

Сен құрғыр жолаушыны менсінбейсің,

Ежелден тар болмаса сыр мінезің,

Байқағанға паңдығың толып жатыр,

Ұсайды Ебіліске бой күйезің.
Ырысжан:

Аяулы Әсағаңның санасы бар,

Бойымда түйме деген жаласы бар.

Түйменің жөнін тапсаң ұстар едің,

Санаулы төрт-ақ жұмбақ бағасы бар.

Жол тауып жүре алмасаң көзіңнен көр,

Сөз тауып шеше алмасаң өзіңнен көр.

Төрт сөзім түгел тамам таба алмасаң,

Түймем саған тимейді, өзіңнен көр.

Ізденіп таба алмасаң далаға кет,

Екі көзің телміріп қалаға кет.

Түймемнің төрт-ақ ауыз жұмбағы бар,

Таппасаң, шұлғауымнан садаға кет.
Әсет:

Ерегіс майдан құрдық екеуара,

Соқтығып ала аяқпен жеке-дара.

Қорғанып қыз жеңер деп отырғам жоқ,

Жұмбағың төрт мың болсын сөйлеп қара,

Байлап қой төрт сөзіңе уағыдаңды,

Сертіңнен жұмбақ шешсем, тайғақтама.
Ырысжанның жұмбағы:

Қыз айтты: әуелінде бір жұмбағым:

Аузыма ағытылып, кір, жұмбағым.

Отырған Қарқараның хан, қарасы,

Жүйріктен екі қыран сөз тыңдадың.

Бір сарай нұрланады жалғыз «миммен»,

«Ра» мен «нұн», «хи» менен «зи» оған ерген.

Бұл бес әріп бес сөздің бесеуінде,

Білдің бе мағынасын қайдан келген?

Және де бір бәйтерек шыққан биік,

Көрінер көлеңкесі көкке тиіп,

Жемісі мәуесімен жарасулы,

Сенімді сегіз бұтақ тұрған тиіп.

Ол бұтақ қорқытады жүрек шайып.

Теректің жапырағын елге жайып,

Жұмыртқа шайқап ішіп екі ителгі,

Өргізіп ұшырады бір бидайық.

Аз атаның баласы жалғыз қыран,

Сегіз-тоғыз лашындар жүрер баулып.

Ішінде отыз-қырықтан құзғындар бар,

Үш жылда бір нәр татар өліп-талып.

Баршасын таратады бір ителгі,

Жапалақ жалбаң қағып шыр айналып,

Аса ақын даңғайыр болсаң-дағы,

Әсеке, таба аласың, мұны не қып?

Ішінде жүзден аса күйкентай бар.

Олар да қорек алар тышқан қағып.

Бір теректен осынша құс өрбітіп,

Алып кел, бәрін атап белгі тағып.
Әсет:

Бір сарай нұрланады Меке дүрмен,

Қажы – парыз бай кісіге хақтан келген.

Нұн – намаз, ра – риза, зи – зекет дұр,

Парыздың енді бірі – иман білген.

Қажы – исламның бесіншісі, парызың – сол,

Қанзарақ мағынасында көзім көрген,

Сұрасаң әділ кеңес көпке жеткен,

Көңіліңді сөз кемітіп өкпелетпен.

Бәйтерек жапандағы ақ падыша,

Көңілі ұлылықпен көкке жеткен.
Ұлық тақтан таймайды, елге жақса,

Қатын байға еркелер, бала тапса.

Иілген сегіз бұтақ – сегіз санат14.

Жайылған жапырағы – қағаз ақша.

Пәнденің Алла деген тұрар бағы,

Ақынның жарамайды сыңар жағы.

Бәйтеректе жұмыртқа шағып ішкен –

Ояз бен би, болыс дуандағы.

Қазақтың Сарыарқада елі жиі,

Жетіп тұр қызыл тілден сөздің иі.

Бір бидайық – ел жейтін жебір болыс,

Баулыған сегіз лашын – сегіз биі.

Бақты кісі күледі бағы кемге,

Құдайдың риза боп берген демге.

Отыз-қырықтай құзғындар – елу басы,

Үш жылда нәр татқаны он бес теңге.

Сайлауда шарын салып соны алады,

Оларға не пайда бар онан өзге?

Ел мазасы кетеді мұндайлардан

Халыққа тынышталмас ыңғайлардан.

Жемтік жеген құзғындай жел өкпелер,

Он қаршыға – онбасы ыңғайланған.

Сот – бізді түзеткен бір әділ қазы,

Жапалақ – жағымпаздар шырайланған.

Таппағанға жұмбағың қиын екен,

Көлігі жоқ қылады үйін мекен.

Жүзден аса күйкентай – онбасылар,

Қағып жеген тышқаны – тиын екен.

Хан, қара, би, болысты сипаттаған,

Жұмбағың ақиқатқа сыйымды екен.

Ырысжан:

Жұмбағым сыры терең, сөкпе деймін,

Әліңнен артық сөйлеп кетпе деймін,

Азырқансаң әлі төрт жұмбағым бар,

Мен сені кіргізейін көпке деймін.

Қос әйнек – шыны да емес, темір де емес,

Жан адам түзете алмас болса көмес15.

Ашылып, жабылады пружинасыз,

Ол – өзі қымбат нәрсе, арзан да емес.

Ол үйдің екі тесік бір пешінде,

Қаланған кірпіші жоқ іргесінде.

Сыртынан ауа тартады магниттей,

Қалқиған екі ұра бар терезесінде,

Өзіңдей жөнді ақыннан сұрамақ ем,

Әсаға, мұның жайын білесің бе?

Ол үйде мәшине бар неше бөлек,

Қозғалар градыспен әр дөңгелек.

Талай жан таңғалатын сол мәшине,

Бір кезде сап-сасық боп қалады өліп.

Сол үйде майсыз лаулап жанады шам,

Әртүрлі мәшине бар қаларлық таң.

Шам сөнсе біткен тетік бұзылады,

Жаға алмас қайта өзіндей ешбір адам.

Түгелдеп осы сөзді шеше алмасаң,

Түймемнен үш айналып кет садағам!
Әсет:

Түп-түзу оқтан өткір айтқан сөзің,

Осы көп сөз шешуі жалғыз өзің.

«Қос әйнек шыны да емес, темір де емес,

Қалқиған екі ұра», – екі көзің.

«Ол үйдің бір пешінде екі тесік

Желбезек – қос өкпе тұр ауаны есіп,

Ол тыныс – дем тартатын мұрыныңыз,

Бұл сөзді сынамаққа сұрадыңыз?

Шешейін қабыл болса мұрадыңыз.

Сырттағы тамам сөзді есітуші

Екі үңгір дегеніңіз – құлағыңыз.

Адамның көре алмайсың ішін ашып.

Тәні тұр перде болып сыртын басып,

Мәшине әр түрлі шек, өкпе, жүрек,

Шықпассың бұл сөзіме қарсыласып.

Пружинамен жаратқан адам тәнін,

Себеп қып тіршіліктің татар дәмін.

Майсыз лаулап жанған шам дегенің ол:

Қан, қуатпен қозғалған жалғыз жаның.

Бұл бір оңай жұмбақ қой көңілдегі,

Дұрыс па қыздан Әсет жеңілмегі?

Арғын, найман, алты арыс, уақ, керей,

Сап жүйрікпін Сарыарқа өңірдегі,

Адамның бар денесін жұмбақ қылып,

Қалды ғой енді әкеңнің кеңірдегі?


Ырысжан:

Әсаға, сыртыңыздан көп естуші ем,

Халық жалған айтпаса неге естуші ем?

Бұтып-шатқан ақынның бірі ме деп,

Күнәңді бөле-жара жеп естуші ем16.
Жұмбағымның айтайын үшіншісін,

Сөзімді түгелдеп бер, жетсе күшің.

Төрт сөз түгел болғанда түймем сіздік,

Жалғанда жұбап сұрап17 түскен ісім.

Арықтап бір түйе өлді жетіп ажал,

Алты батпан бұлы бар, безбенге сал.

Сүйегі жерден, көктен табылмайды,

Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал?


Артылған мәртебеңіз талай жұрттан,

Көрген жоқ сізді сөгіп біреу сырттан,

Алты батпан көтерген алып малдың,

Санасаң әр батпаны жеті бұттан.


Жілігі жиырма төрт, топайы бес,

Шамалап өлшеп байқа ерте мен кеш.

Осыны нажағайдай жарқылдатып,

Тегістеп бас, аяғын анықтап шеш.


Әсет:

Ырысжан, бұлбұл қызсың жаннан аса,

Сүйтсе де бір сырың бар менен таса.

Менен өзге бір адам таба алмайды,

Мұны да бір күн, бір түн ойламаса.
Домбыра саған ерген бұлбұл екен,

ЬІрысжан қара сөзге қырғын екен.

Арықтап оттай алмай өлген түйең,

Ақылмен абайласам бір жыл екен.


Ол түйең арық емес, семіз еді,

Халыққа түрлі нығмет18 жегізеді.

Жылды өлтіріп, өтірік арықтатып,

Осынша жалған сенің неңіз еді.


Болады осылайша сөздің жайы,

Ақынның жарамайды құр айқайы.

Әлгі бір алты батпан артқан малың,

Санаулы бір жылдағы жаздың айы.


Тамаша тапқан сөздің бар ма міні,

Болады осылайша сөздің шыны.

Әр батпаны жеті бұт деген сөзің,

Оралған бір жұманың жеті күні.


Жүрекке таппаған сөз жұда19 болар,

Бір үлкен жалған айтсаң күнә болар.

Жілігі жиырма төрт деген сөзің,

Оралған алты айдағы жұма болар.


Жыл сүйегі жер менен көкте де жоқ,

Атын бар ғып жаратқан құда болар.

Белгілі маған сол мен оңқайыңыз,

Таба алмасам, өкпелеп, томпайыңыз.

Бұл арадан намақұл20 болып жүрме,

Бес намаз – бесеу деген топайыңыз.


Ырысжан:

Бағыма бұлбұл Әсет болған ақын,

Кім сөгер Орта жүздің қолқанатын.

Сөз көшесін қыдырған көрегенсің,

Жерің жоқ, бір мүдіріп толғанатын.
Мәселе бір-ақ ауыз жұмбақ қалды,

Орын жоқ онан ары зорланатын.

Алты мың жан иесі хайуанат тұр,

Олардың қандай адам қойған атын.

Хайуанат набат атпен, нажас атпен,

Әлемнің он сегіз мың білген затын.

Есім берген ұстаздан өзі үйренбей,

Ұнатқан оймен тауып үш қажатын.

Ол өзі қай есімді таққа мінді?

Ол адам қай пірқадан21 қандай дінді?

Періштелер білмеген ғылым еді,

Ойменен соның сырын қайдан білді?

Он сегіз мың әлемге ат қойған кім,

Иесі кімге ат қой деп әмір қылды?

Онан әрі сұрайтын жұмбағым жоқ,

Ашып бер шамаң келсе бұл мүшкілді.


Әсет:

Айтпассыз ағат сөйлеп, білсек қата,

Ақын деп қазақ маған берген бата.

Әлемді, он сегіз мың үшке бөліп,

Ат қойған өз ойымен Адамата.

Ол өзі Рас-Рап22 деген таққа мінді,

Анық хақ та таныған асық дінді.

Бірі жарық, біреуі қараңғы деп,

Аспанға мәжбүр еткен Ай мен Күнді.

Құрт-құмырсқа, ұшқан құс, мал хайуан,

Жан иесі адамзат, пері, жынды.
Көкте жұлдыз, Ай мен Күн, періште, аспан,

Жансыз нәрсе, тағы ағаш, шөп пен құмды.

Қар, жаңбыр, қыс бенен күз, жаз пасылы23,

Оларға ішін ашып ізет қылды.


Енді қыз, боп жүрмесін еңбегім жер,

Осы жұрт бірімізді уәдесіз дер.

Төрт сөзің түгелденіп бітіп отыр,

Аттамай әдебіңнен түймемді бер.


* * *
Сонда қыз әдебінен аспай келді,

Аяғын титтей қия баспай келді.

Шетіне орамалдың жүзік түйіп,

Алдыма бір торғынды тастай берді.

Торғынға түйген екен алтын жүзік,

Майданда екі қыран қандай қызық.

Бозбала айғай салып еркек жыныс,

Омыраулап барады үйді бұзып.

Мен келгенде қызыл үй сегіз қанат,

Сүйрелеп түк қоймады түңлік, үзік;

Басында бүржің қағып отырсам да,

Жүлде алдым аяғында қамал бұзып.

Осындай Қарқаралыға барған жерім,

Серуенді қыз-қыранмен салған жерім.

Түбінде ақындықпен жеңгенім жоқ,

Уәдемше тоқталып қалған жерім.

Серт бойынша белгілі боп екі түйме,

Алтын жүзік, бір торғын алған жерім,

Заты ұрғашы демесек, уа, жігіттер,

Әйелдің көрдім сондай бағлан керін.



Ырысты мен он алты ақын
Ырыстының жұмбағы:
Керуен түйең бар ма қос артқандай,

Қос артып, жүк түйесін босатқандай.

Өзің де қартқа басқан кісі екенсің,

Кәріні бар ма амал жасартқандай?


1. Ешнияз салдың шешуі:
Керуенмін, түйем арық, келіп ем кез,

Кездестік жол үстінде сіз бенен біз.

Өзіңдей нағыз сейіс24 қолға түссе,

Кәрінің жасармағы – бір сұлу қыз.


2. Алшын Әзілкештің шешуі:
Қос артпақ – хақ бұйрығы, қарындасым,

Көркейтпек бұлбұл бақтың дәрежесін.

Көңілі шат, кәрінің жас болмағы ансан25,

Әміредей әркім тапса, Ұрлықасын26.


3. Алаша Садық ақынның шешуі:

Өлген соң бастан кетер көңіл құмар,

Жүк арттым талай-талай көңілге нар!

Қайталап кәрі кісі жас болмайды,

Әшейін көңіліңізге келген шығар.
4. Оңғар жыраудың шешуі:

Бақ-дәулет қондырса ерге ықпал құсын,

Аямас жүк артуға нардың күшін.

Ұл-перзент, ұят, иман әм сұлу жар,

Жасартып көрсетеді ердің түсін.

Табылар не керегін осы айтқаннан,

Болмаса өзіңіз біл ендігісін.

5. Қарасақал Ерімбеттің шешуі:


Кәрінің жасармағын айталық біз,

Бұл сөзді құлақ салып тыңдаңыз сіз.

Үстінде кірсіз киім, жан тыныштық,

Салқын үй сыпырулы, сары қымыз.

Қырқусыз бағлан етін майда турап,

Жесеңіз шорабалап жуалы, тұз,

Үстіңде тоқты тері тоның болса,

Қысырақтың етін жесең қыс пенен күз.

Кәрінің жасармағы осылайша,

Дәмеден мұнан өзге күдеріңді үз.

Алпысқа келген ерге әйел жақпас,

Дегендер білмей айтқан: «Бір сұлу қыз».


6. Кете Шегебайдың шешуі:

Қарындас, қиын сауал сұрапсыңыз,

Сұралған сөзге жауап берелік біз.

Айтқаның аңдағанға жұмбақ екен,

Жігіттік – жиырма бес, ақыры – отыз,

Қашаннан деген сөз бар: «Қырықта – қылау»,

Жаз өтіп, мысалы елу – айналған күз.

Алпыста ақылы бүтін аң ауламас,

Ойланад атпаққа тек келгенде кез.

Жетпіс жас қалайда да ерге – еңбек,

Кетірер бет-ажарын, бүгілтіп тіз27.

Секілді сексен – мысал қара қазан,

Не керек айтып-айтпай тоқсан мен жүз.

Сарқылып аққан арна бір қайтқансын,

Не қылсын жеген ет пен ішкен қымыз.

Оншама кәріні жас етпесе де,

Көзіңді көңіл хоштап қыздырар қыз.

Қалпына қайта айналып келтіре алмас,

Шынында, бәрі бекер айтылған сөз.
7. Балқы Базар жыраудың шешуі:
Қартайтар ауруменен ерді уайым,

Басынан кешіргендер білер жайын.


Қажытқан кәріліктің апатындай,

Меңдетер бірте-бірте барған сайын,

Сауықса, сәті түсіп сырқауынан,

Қайтадан жасартқаны бір Құдайым.

Қуаныш, шаттық қайтып кірген күні,

Қайғысы жоқ боп кетер қарапайым.

Жасарып жаңа өспірім бозбаладай,

Талпынған талабына жетер дәйім.

Ешқандай лажы жоқ жасаратын,

Жас жеткен қарттың несін сөз қылайын.

Жайыңа жүрмей, жаным, жас басыңнан,

Деп едің сөз таратып не қылайын.

Сарапқа салып мұндай қиын сауал,

Шайырдың шарға салдың бірталайын.

Кернеген көкірегіңде дертің болса,

Тәуіптен түсер сәті, емі дайын.

Сұраған сауалыңның көп ұзатпай,

Жауабын мен де осымен доғарайын.


8. Әлім Сайынның шешуі:
Қыз болсаң атастырып қойған шалдан,

Күн бұрын бармай тұрып көңлің қалған,

Тәуекел етер едік көрмесек те,

Арманың осы болса көңліңе алған.

Көңліңнің кімде екенін білмей тұрмын,

Сондықтан жағдайым бұл хабар салған.

Әдейі ат терлетіп шыққаннан соң

Өзіңді қайдан табар іздеп барған.

«Шешусіз жұртқа жұмбақ айтамын» деп,

Боп жүрме жолың сұйық, сөзің жалған.


9. Сарыбай Құлназардың шешуі:
Қарт кісі қайта айналып жасармайды,

Күн санап күш-қуаты осалдайды,

Бәденде бар қызуы тарқағасын,

Қайтадан жинап басын қоса алмайды.

Еңсеге бір мінгесін мүгедектік,

Жан-жаққа жылжып аяқ баса алмайды.

Сондықтан «кәрі қайта жасарад» деп,

Егесіп есі барлар қасармайды.

«Таптым» деп талай білгір сөз жазыпты,

Қыз сырын оның бәрі аша алмайды.

Мен білсем, қыз сауалын Базар шешкен,

Таласып одан ешкім аса алмайды.

Пар келмес бұл күнгі адам Базекеңе,

Болмаса Жиренше мен Асан қайғы.

Шыныңмен қартайғансын, қарындасым,

Азайып әл-дәрменің нашарлайды.

10. Керей Қалмағанбеттің шешуі:
Құдаша, бос түйе жоқ жүк артқандай,

Соншама не дертің бар құмартқандай?

Ойланып халық қатары бір-екі ауыз,

Жолдайын мен де жауап жұбатқандай.

Құдаша, пайдаң жетпес залалыңа,

«Біреудің көз салам деп адалына».

Босатып жүктен мойнын бұрмалауға,

Пенденің Құдай көнбес амалына.

Жаратқан жанның бәрін Алла болса,

Еркі жоқ пәлен деуге пенде болса,

Тағдырдың жазуына қанағат қыл,

Қосағың Құдай қосқан шал да болса.

Қолыңды кім байлап жүр шалдан күйсең,

Басында қайда қалдың жасқа тисең?

Ойыңнан ұмыт болып кетер бәрі,

Асықпа, қарттан бір күн бала сүйсең.

Әдейі арнап сәлем жаздым хатқа,

Қор болмас қосқан басын асыл затқа.

Әйелдің пірі болған ғаламдағы,

Жолдасы Әлішердің бибі Фатима.

Фатимадан әйел құрметі асқан емес,

Тәрік етіп өмірін ердің басқан емес.

Үстіне солардың да әйел алған,

Жұптылық себебі оның қастан емес.

Бұйрығы бір Алланың солай болса,

Бұл сөзім – саған достық, дұшпан емес.

Қолайлы әркімдерге қоныс қардар,

Ел қонған жайлауға ешкім құштар емес.

11. Кете Жүсіптің шешуі:

Құлақ сал менің айтқан жауабыма,

Берейін тапсам жауап сауалыңа.

Қанағат қылмай әкең қосқан жерге,

Көңілің жүрме, жаным, болып ауа.

Жас-кәрі болғанменен өлім бірдей,

Табылмас жазылмайтын дертке дауа.

Мойнына бұл кәрілік келгеннен соң,

Кәрінің айласы жоқ жасаруға.

Келгенде алпыс жасқа әйел жақсы,

Арамдық ойламаса адалына.

Пендеге мақтанбаққа дәулет лайық,

Бір күні тастамаса залалына.

Тіріде жасартатын перзент тағы

Тік тұрса келіп түскен қонағына.

Ғаламға патша болып Сүлеймен де,

Тарығып перзент үшін болған нала.

Неше жыл зар еңіреп, зарын айтып,

Бір ұғыл көрген бір күн ол бейшара.

Қызығын үш жарым күн көргеннен соң,

Өмірін еткен тамам раббана.

Ғаламға атанса да «Тақ Сүлеймен»,

Күйігін ол ұлының тартқан жәна.

«Ұрпақтап мыңға жетед» деген сөз бар,

Айтылған қариялардың нақылында.

Ойлаймын: «Сол секілді бола ма» деп,

Ағаш та жасарады болса миуа.

Кәрінің жасармағы сол ғой деймін,

Адал ұл Әбділдадай туса бала!

12. Кете Есенжолдың шешуі:


Сұраған сауалыңа шеш деп бізге,

Берелік тапсақ жауап сөзіңізге,

Бейнеттен ағарады шаш пен сақал,

Көрместік пайда болып екі көзге.

Бірқатар берген жауап молда Ерімбет,

Азырақ імкәні оның бар сөзінде.

Ешекем айтқан екен: «Сұлу жар» деп,

Ол да онша теріс емес көңілімізге.

«Перзентпен жарасад» деп айтқан Жүсіп,

Ол үшін разымыз інімізге.

Сұраған қыз сауалы үшеу екен,

Берелік тапсақ жауап бір-біріне.

«Тиер ем деген екен жігіт болса,

Құтқарып кәрі шалдан алса өзіне».

Болмаса қартқа қылар амал бар ма?

Неге айтқан бұл сауалды байтақ елге.

Кетіпті әкім Лұқпан айла таппай,

Кәрілік адамзаттың өміріне.

Біреулер Бұхарадан қайтады,

Біреулер Хиуадан қайтады,

Әркім өз білігінше айтады,

Кім жетер ақын қыздың білігіне?


13. Кете Аманжолдың шешуі:

Сұлу қыз ішпей-жемей көңілге тоқ,

Жас жетіп, еткен өмір – атылған оқ.

Мақшарда көрден тұрмай жігіт болмас,

Кәрінің жасаратын амалы жоқ.

Жол жүріп керуен шаршап келген екен,

Білгір қыз қарттың қамын жеген екен,

«Жол шегіп, қартайғанда неғып жүрсің,

Ержеткен балаң жоқ па?» – деген екен.

Бұл жұмбақ қыздан келген біздің жаққа,

Шешуі осы ма деп жаздым хатқа.

Сөзімен ақындардың қатар тіркеп,

Жібердім Ешекеңе сынатпаққа.

Шешпейтін түйіні жоқ ақыл-ойдың,

Жігіттік базарындай жиын-тойдың,

«Мәжіліс болған жерде оқыңыз» деп,

Артына Кете Аманжол қолым қойдым.
14. Кете Есімтайдың шешуі:
Айтайын қыз сөзіне мен де кеңес,

Сөз жазған ақындармен етпей егес.

Әркімдер білгенінше жазған жауап,

Әрине, өзінікін қате демес.

Мен дағы өз ойыма салыстырсам,

Асылы, қыздың сөзі жұмбақ емес.

Әзкең, Ешекеңмен «қыз жасартад

Кәріні», – деген сөзі жөнге келмес.

«Отырса бейнет көрмей от басында,

Жасарад, – депті, – кәрі жаны тыныш».

Айтыпты бұл жауапты молда Ерімбет,

Қыз айтқан сауалына дұрыс емес.

«Жасартад қартты перзент» деп айтыпты,

Жас бала Жүсіп сөздің парқын білмес.

Жауабы Есекең мен Аманжолдың,

Күмілжі сөз сияқты түсіндірмес.

Үш кісі және жазған Қазалыдан,

Ойланса, өздері де «таптым» демес.

Жауабын осы сөздің өзі айтып тұр,

Барлығы өлеңшінің білмеген нес?

Керуенде бір бос түйе партал жүрсе,

Далада жүгі қалып ол жүдемес,

Ер жеткен ұлы болса сапар шегіп,

Қарт кісі еш уақытта бейнет көрмес.

Керуенге қыздың айтқан сауалы – осы,

Апырым-ай, осы сөзге кім түсінбес?


15. Жаппас Кеншімбайдың жауабы:
Айталық біз деп жауап келсе ыңғасы,

Ағадан сөз сұрапты қарындасы.

Бірқатар білгірлердің ойын бөлген,

Белгілі жігіттіктің дәражасы.

Жасарып және қайта өзгерілмес,

Қайткенмен кемімейді қарттың жасы.

Ол рас Ерімбеттің айтқан сөзі,

Нәпсіге тірілікте бар пайдасы.

Айтыпты біреу оны, біреу мұны,

Өзінің жеткен жерге әл-шамасы.

Шайырдың бірі – жорға, бірі – жортақ,

Айтулы ерен жүйрік бір парасы.

«Шығады жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар,

Бәрінің болмас бірдей пардаласы.

Білгірсіп әркім қиял айтқанменен,

Оңғардың бәрімізден басым тасы.

Ұл – перзент, зекетті мал, иман болса,

Орнымен қайыр беріп, жиған болса,

«Өтед, – дейді, – қыл көпірден қара жердей»,

Тәубасы тіршілікте қабылданса.

Пейіштің есігі ашық болғаннан соң,

Қарт қайта жасармай ма сонда барса?

Жасарып жетед сонда мұратына,

Айтқаны молдалардың рас болса.

Жаспенен жасарып қарт бірдей болар,

Құданың құдіретіне көңіл толса.


16. Шобдар Сәрсенбайдың шешуі:
Қәрілік бір жаман дерт ем қонбайтын,

Шөп бітпес, шөлстандай ел қонбайтын.

«Қарт кісі қайта айналып жасарад» деп,

Әшейін айтылған сөз жөн білмейтін.

Бас қосқан білгірлердің кеңесінде,

Ашылмай сыр, шешілмей сөз қалмайтын.

Сауалың шешіліпті қарындасым,

Сарапқа салып мүшкіл сөз жолдайтын,

Ол рас ойлағанға қайғы-дертің,

Зардабы кәріліктен кем болмайтын.

Базекең озған жүзден ерен жүйрік,

Ілесіп ешкім оған тең болмайтын.

Жауабын шешкен дұрыс жұмбағыңның.

Дертіңе дауа тауып ем болмайтын.

Сыртыңнан атағыңа әркім құмар,

Белгілі бір саладай ел жайлайтын!

Дәмелі талапкердің біреуіміз,

Емеспін мен де құрбың ойға алмайтын.


Ырысты сұлудың он

алты ақынға жазған жауабы:


Қызы едім жайсын өскен Елібайдың,

Бір сырды айтылмайтын жұртқа жайдым.

Сөзімнен хабарланып халық жақсысы,

Жауабы келді жазған бірталайдың.

Қосылған қосағыма көңілім толмай,

Көбейді көкірегімді басқан қайғым.

Өксітіп өмірімді өкінішпен,

Жабырқап жасым жетпей құр қартайдым.

Көңілімнің кетер емес буалдыры,

Кіреуке бұлттай бетін басқан айдың.

Арманы бола ма екен тірілікте,

Тепсінген теңін тапқан көңілі жайдың?!

Уайым дерттен жаман кесел екен,

Қажытқан алып көркін нұр шырайдың,

Қайғы екен қартайтатын адамзатты,

Үстінде отырсаң да тақты-пайдың.

Қапастай қараңғылық жатсам-тұрсам,

Жарығы жалғаншыдай кең сарайдың.

«Болар, – деп, – жайлы кеңес жақсылардан»,

Серлеткен себебі сол бұл жағдайдың.

Мысалы, «ауған жүкті басқанменен,

Барабар айтқан ақыл», – деп ойлаймын.

Пердемен айттым жағдай жақсыларға,

Кешер деп бұл туралы болса да айыбым,

Талабым: тарқатар деп көңіл шерін,

Жасы үлкен жақсылармен бас қосқаным...




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет