Қосдаулетке
Үйімде жатыр едім көрінбей-ақ,
Ән салсам кез келгенде ерінбей-ақ.
Қолым қысқа болған соң, амал бар ма,
Бір биеден құлын туар өзіңдей-ақ!
Ұсынсам қолым жетпес туған айға,
Айтсам да арызым жетпес бір құдайға.
Жылына бес жүз теңге тапсам-дағы,
Жақпадым өзім әкем Тұрлыбайға
Қалқама
Қалқама хат жаздырдым алақандай,
Тоғыз қыз бір өзіңнің садағаңдай.
Айналып дүние сұмға қолым тимей,
Талпындым көк қауырсын балапандай.
Өлеңім ағын судың басындай-ды,
Найзағай аспандағы тасындай-ды.
Алмасаң тар қойныңа өзің тартып,
Мойныңа өзім барып асылмаймын.
Басынан Бүркіттінің түн қатайын,
Шылбырын Кершұбардың шұбатайын.
Кершұбар маған десе арамқатсын,
Іздеп келген қалқама тіл қатайын
Балқожа
Балқожа, сенің әкең — Құдайберген,
Әрқашан жаман болмайд жақсыға ерген.
Кешегі жаңа закон шыққан кезде,
Оязнай елге шығып бала берген.
Иіс-қоңыс, іріп-шіріп жатқанында,
Қолыңнан Азынабай ұстап берген,
Көтерем аусыл болған өгіздерше,
Жаңа шығып келесің биік өрден.
«Көн құрысса, қалпына барад» деген,
Атаңды мен қайтейін аштан өлген
Жастарға
Ер жігіт дүниені көрген артық,
Дүниеде не бар-жоғын сезген артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Бел байлап, тәуекел деп төзген артық...
Қол берген қиын жерде жолдас артық,
Бас тартқан жолдасынан оңбас артық.
Өзіңмен бірдей жанып, бірдей күйген,
Досыңнан қатын-балаң болмас артық.
Жігітке сайран етіп жүрген артық,
Жігіттік бір кеткен соң келмес қайтып.
Дүниеде үйде жатып босқа өлгенше,
Жан-тәнің бірдей жанып күйген артық.
Осылай бозбалаға салдым нұсқа,
Өмірің зайып болар бекер босқа.
Көргенің бір күнгідей болмас сірә,
Міне ажал, келді наубат деген тұста.
Жонып алды
Аты еді бұл әнімнің «жонып алды»
Алғандай сұлу жонып өрім талды.
Жасымнан сүйіп айтқан ән болған соң,
Жаңылмай әлі күнге есте қалды.
Жан едім, әсем әнді сүйіп айтқан,
Жағымды көпке бірдей, жұрт ұнатқан.
Келетін нақысына жүз құбылтып,
Кейде өрлеп, кейде шалқып, баяулатқан.
Кім сүймес көкке өрлеген әсем әнді,
Көңілдің күйін шерткен көркем-сәнді,
Болғандай бойға қуат, ойға азық,
Балқытып еріткендей тербеп жанды
Достарыңызбен бөлісу: |