Біржан сал ақын
Жігітке кедейшілік ол - сергелдең,
Жоқ болса жалғыз атың өлгенмен тең.
Үйіңе құрбың келіп, құр аттанса,
Не керек дүниеден үміттенген.
Шешеннің сөз шығады таңдайынан,
Жұмақтың бізге мекен қандайынан?
Бір болып, байлар кімді асырайды,
Әркімнің жазған алла маңдайынан
Көкейкесті
Ай қараңғы көрінер солған сайын,
Пенде азар кемеліне толған сайын.
Адамға ашу — пышақ, ақыл — таяқ,
Таяқ та мұжылады жонған сайын.
Мінгенім дәйім менің — күрең бесті.
Жүрісіне жануардың көңілім өсті.
Есіме сен түскенде, қайран елім,
Шығарған әнім еді «Көкейкесті».
Мінгенім ел көшкенде көкше бесті,
Жәкейден Мамай көлге елім көшті.
Есіме түскенінде құлындарым,
Елжіреп іші-бауырым жерге түсті
Аққошқар
Өрісім өрдегі «Алтай Қуандық-ты»
Әр кімге көрсетіпті жуандықты.
Аққошқар — Сайдалының заманында,
Бір көлден қырық мың жылқы суарыпты.
Көлі бар «Аққошқардың» саумал атқан,
Бір көлден қырық мың жылқы ішіп жатқан,
Байлығын «Аққошқардың» баян қылсам,
Бес жүз ат Орынборға бір күн сатқан
Бүркітші
Бүркітті, асуыңнан талай өттім,
Қалың ну орманыңда сайран еттім.
Айнала Жөкей көлдің жағалауын,
Шіркін-ай, бір көруге арман еттім
Байпаққа
Ей, Байпақ, өлең айта келдім саған,
Қалтаңда бір сом болса, берші маған!
Біржанды өліпті деп естігенде,
Сабаң мен азаң болсын салған маған
Күлен-Маймаққа
Сен өзің туғаныңнан маймақ едің,
Есіл бойын Көкшолақпен жайлап едің.
Қаңғырып Қызылжардың көшесінде
Қылжаңдап арақ ішкен парнақ едің.
— Атандың дәулет бітіп Күлен-Маймақ,
Жігіт болар, мінекей, осындай-ақ.
Жігітке бақыт бітсе, гүлденеді,
Кешегі қалыбыңа тартпа бірақ
Ахау ари-айдай
Ахауға мен салайын ари-айдай,
Артымда құрбыларға сөзім қалды-ай,
Үш жүздің баласына еркеледім,
Әншілік бұдан артық болсын қандай?
Ахауға мен салайын он екі алуан,
Сөзімде менің айтқан жоқ тұр жалған.
Арасын Орта жүздің аралап ем,
Өтерсің бізден-дағы, дүние жалған!
Достарыңызбен бөлісу: |