Қорытынды
Мұхтар Әуезов- жомарт табиғаттың жарық дүниеге тым сараң сыйлайтын бір туары , халқымыздың парасат әлеміндегі ғасырлық ғажайыбы, саф, сұлу, айрықша , оқшау құбылысы. 20- ғасырдың заңғар биігі.
Мұхаң қазақ топырағындағы бұрын-соңды болмаған ғаламат үлгілерді сомдап соққан саңлақ суреткер.
Жазушының қандай шығармасын алсақ та сол дауылды жылдардағы қазақ қоғамының шындығынан туған , ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздіктер тәрізді өткір тартысқа құрылған.
Әрбір шығармасынан байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңімен қопарып әкеліп, бейшара , қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі етіп баяндайды.
Оның шығармалары адамның ішкі дүниесіне , жан жүйкесіне терең бойлап, адамның сезім иірімдеріне әсер етеді.
Жалпы Мұхтар Әуезовтың сан қырлы ерен еңбегін ұлттық тіліміздің тарихымен, тағдырымен тікелей байланыстыра сөз етпеу,бөліп беру, бөлек тану тіпті де мүмкін емес. Абай секілді Мұхтар да ана тіліміздің дамып, өрістеуіндегі кемел кезеңдердің көшбасшысы, көп жағдаяттардың іргетастарын қалап, негіздерін салушы, сан салалық сапалық өзгерістермен жаңалықтардың өнегелі өрнектеушісі болады. Мұхтар Әуезов қазақ тілінің қасиетті құдіретін , барша байлығын. Ардақты ажарын, жалпы азаматтық күрделі ұғымды да жеткізуге кереметтей қабілеттілігін әлемге танытты.
Халқымыздың ұлттық мақтанышына айналған М.Әуезовтың кемеңгерлігі әдеби шығармаларында жарқырап тұрғанымен , оның арғы бастауы, қайнар көзі өз халқының рухани байлығынан , мәдени дәстүрінен, әсіресе сөз өнерін қадір тұтатын ұлттық қасиетінен нәр алып жатқанын дәлелдейтін жайт ұлан-ғайыр шексіз.
Бұл жазушы- әлем әдебиетіндегі алып тұлғалардың бірі екені досына да, қасына да аян. Абай арқылы өзін теңдесі жоқ жазушыға айналып қазақ халқының салтын әлемге танытты. Елін де, дерін де, данышпан мен кемеңгерін, ақын-жырауларын да әлемге танытқан ұлы дарынды қазақпын деп сезінетіндер, бұ да болса құдайдың бізге берген бір ырысы, ұлттық арымыз бен қанымыз деп мақтануға тиіс. Ерді өсірген ел үшін, оның даңқын әлемге шығарған кемеңгер үшін қуанайық та шаттанайық!
Табиғатына біткен данышпандық, терең білім, тынымсыз еңбекпен жарқырай түскен, білім мен еңбектің екі қанаты іспетті, бойға бітсе дарындылық келбеті, данышпандылыққа ұластыру, сөзін уәлі, шешімін тиянақты, байламын берік еткен қасиеті жастарымыздың бойынан табылса нұр үстіне нұр болары анық.
Әуезовтың қалдырған көп үлгі-өнегелі сырына үңіле отырып, мен оны бағалы етіп түйіндедім.
Біріншіден; құрғақ, сылдыр сөйлем құрамайды, ең әуелі өзінің ішкі дүниесін тебірентіп, тілдесіп алады да , сол тілсіз сезімін сөйлетеді.
Екіншіден; Абай емес-ау, алдымен Әуезовтың өзі анық ақын; тұтанбай, ұшқындамай, лапылдамай, өртенбей жаза алмайтын нәзік жанды, сыршыл, лирик ақын дер едім.
Үшіншіден; суретші, кітап пен қағаздың парақтарын аспанға, жерге, құбылысқа, дүние-тіршілікке, айналдырып жіберетін шебер дер едім.
Төртіншіден; терең психолог, оқырманының жан-дүниесіне ене кіріп, толғандыратын, ойландыратын, алыс жолға сапар шектіретін белгісіз күш иесі дер едім.
Бір айтарым бұл жұмыста әлемге саяхат жасағандай әсер алдым. Жаңа бір тыныс, бастан кешірер күй, сырлы, жырлы еркін қанат қағар әлем.
Жұмысымда бірер газеттерден, әдеби кітаптардан, Мұхтар туралы бірер сөздің басын құрап ой бердім.
Негізгі басты мақсатым- дана да дарынды тұлға, үлкен жүрек иесі салып кеткен саралы жолы бар қазақ халқының мақтанышы жайлы жазған еңбегімнің тартымдылығын білдіру еді.
Достарыңызбен бөлісу: |