Новелла (итальянша novella – жаңалық, соны сөз) – феодализм мен капитализм тұсында жаңадан туған түр. Гетенің анықтамасы бойынша, бұрынсонды көз көріп, құлақ естімеген тамаша оқиға туралы шындыққа сыйымды әңгіме. Новелланың алғашқы белгілері грек әдебиетінде біздің дәуірдің бас жағында көріне бастаған, алайда шағын эпикалық түр ретінде ол Еуропадағы Қайта өрлеу дәуірінде туып қалыптасты. Әңгіме новелладан кейінірек туған ұғым болғанмен, екеуінің табиғаты бір екені даусыз. Әңгіме – шағын көлемді эпикалық түрдің әсем үлгісі. Әңгіменің сырсипаты біржола кесіп-пішуге көнбейді, бірыңғай анықтама шеңберіне сыймайды. Әңгімменің жанрлық табиғаты құбылмалы.
Әңгіме – қиын жанр. Біріншіден, көлемі шағын. Ол – жазушыдан барынша жинақы болуды талап етеді. Екіншіден, тартымды, сюжет желісі қызғылықты болуға тиіс. Ол үшін жазушы өмірді терең білумен қатар, нағыз шебер, білімді және жоғары болуға тиіс. Қаламгер қауым әңгіме жазуды шеберлік шыңдау деп ұғады. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ прозасының басым бөлігі әңгімеден құралды.
Очерк – шағын эпостың әңгімеге жақын бір түрі. Қысқа көлемді көркем шығарма. Очерктің әңгімеден бірнеше өзгешелігі бар: очеркте суреттелетін шындық – ойдан шығарылған нәрсе емес, өмірде болған не бар ақиқат; очерктің қаһарманы - ойдан жасалған бейне емес, өмірде болған не бар адам; очерк өткен шақтың көне шындығынан емес, осы шақтың жаңа шындығынан ғана туады. Очерк – өз кезінің үні, жаңаның жаршысы. Очеркте беллетристиканың да, публицистиканың да сипаттары бар. Очеркті тегі жағынан алып қарасақ әрі әдеби жанр, әрі газет жанры екенін аңғаруға болады.
Фельетон (французша: feuilleton – парақ) – негізінен газет-журналдарда жарық көретін сатиралық көсемсөз жанры. Өлеңмен де, қара сөзбен де жазыла береді. Т. Қожакеев бұл жанрға келесі анықтама береді: «Фельетон дегеніміз шағын көлемді, публицистикалық үнді, көркем тілді, сын-сықаққа бай, күлкі шақыратын әдеби шығарма». Кейбір әдебиет зерттеушілері мемуар, памфлет, эссе сияқты әдебипублицистикалық жазбаларды шағын көлемді эпикалық түрге жатқызады. Бұл – даулы пікір, себебі, біріншіден, баспасөз жанрларының бәрін көркем әдебиетке қоса беру қате, екіншіден, С. Сейфуллиннің «Тар жол - тайғақ кешу» тәрізді мемуарлық шығармасын шағын көлемді эпикалық түрге жатқызу мүмкін емес. Ол – ұзақ әңгіме.
Достарыңызбен бөлісу: |