«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет29/29
Дата08.06.2016
өлшемі2.41 Mb.
#122994
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ – халықтың өзінің бүкіл тарихи даму барысында жинақталған материалдық және рухани мәдениетінің қалыптасуы, оның шоғырланған қорытындысы, ғасырлық қазынасы Ұ. м. екі ұғымның тұтастануынан көрініс табады. Этнос (грек. тілінде –топ, тайпа, халық деген мағынада) белгілі бір жайда және қоғамдық жағдайда нақты тұрақты болып қалыптасатын халық немесе біртұтас этникалық сана–сезімдегі тұлғалардың, әлеуметтік топтардың, қауымдардың жиынтығы. Ұ.м–тің анықталған белгілері мен ерекшеліктері бар: бір тілде сөйлеу, біртұтас өзіне тән ұлттық экономика, бөлінбейтін, біртұтас территория, ортақ діл, ұлттық психология.Ұ.м. құндылықтарына әдет–ғұрыптар, салт–дәстүрлер жатады. Олар адамның бір–бірімен қатынас жасауын, ұлттың өмірін, басқалармен қарым–қатынасын реттейді. Отбасы мәдениеті, тіл мәдениеті, ұрпақ тәрбиелеу мәдениеті де Ұ.м. құндылықтарында ерекше орын алады.Ұ.м. – ұлттық мінезімен, менталитетімен ерекшеленеді. Ұ–қ мінез сол халықтың тек өзіне ғана тән қасиеттері. Оған жүріс–тұрыс, сөйлеу ерекшеліктері, парықтылығы мен парасаттылығы, өзін–өзі ұстауы, көзқарастары, күлуі, жақсы көруі, жарасуы т.б. жатады.


Тәуелсіздікке қолы жеткен Қазақ елі алдында ұлттық архетиптерді сақтай отырып, оларды қазіргі әлемдік мәдениет құндылықтарымен үйлесімді ету міндеті тұр. Қазақстан үшін бүгінгі жаһандану дәуіріне аяқ басар тұста осы желеумен кіріп жатқан, мәдени төмендеуге ұшырататын көптеген діндік, ділдік ықпалдар шырмауында қалып қою қаупі бар. Бүгінгі таңда қазақ мәдениеті алдында ұлт дәстүріне негізделген жолмен немесе бұқаралық мәдениет үрдісімен жүру жолын таңдау қажеттілігі өзекті мәселе болып тұр. Қазіргі қазақстандық мәдениетте екі субмәдениет (қазақтілді және орыстілді) бар екендігі белгілі. Бұл типтік айырмашылықты дұрыс қолдану қазақ Ұ. м–нің мүмкіндіктерін арттырады. Өйткені, орыстілді субмәдениет Батыс пен Ресей жетістіктерін тиімді қабылдауға икемді болса, төлтума мәдени тип құндылықтар сабақтастығының кепілі болып табылады. XXІ ғасырда болашағынан үміт күттіретін мәдениет партикулярлық ұстанымдарға сүйенбеуі қажет. Тек ашық, сұхбатқа икемді, басқалармен үйлесімді этномәдениет қана заман талаптарына сай бола алады. XІX ғасырда Батыс үстемдік етсе, XX ғасыр капитализм мен социализмнің текетіресі түрінде болды, ал XXІ ғасырда ахуал өзгерейін деп тұр. Әлем сахнасына С.Хантингтон жіктеген басқа да суперөркениеттер шығуы мүмкін.. Н.Ә.Назарбаевтың “Тарих толқынында” атты кітабында ұлттық–өркениеттік жүйелердің сұхбаты жағдайында қазақ мәдениетінің бірегейлік жетекші қызметі арқылы мәдениеттердің синтезі идеясы ұсынылады. Тоталитарлық мәдениеттен кейінгі Қазақ өркениетінде ұлттық ренессанс идеясы басқа да ТМД елдеріндегідей өзінің күрделілігімен көзге түседі. Көптеген архаистік мәдени бағдарлар (магия, хиромантия, гороскоптар, жалған діндарлық) көрініс тапты, қоғамда жаңа идеялардың аздығынан Ресейден, АҚШ–тан, Еуропадан, Қытайдан, мұсылман елдерінен алынған “дайын үлгілер” көбейіп кетті. Тек өнеркәсіп өнімдері ғана емес, сонымен бірге мәдени идеялар да “импорттан” алынды. Өркениеттік үдерістердің тенденциялары мен мәнісін ашу қашан да ауқымды мәселе болып табылады. Бұл сипатта өзгермелі қоғамдағы жаңашыл мәдени феномендер өз талдауын күтіп отыр. Айталық, ғаламдану үрдісіндегі индивидуалистік бастаулар, дәстүр, жаңашылдық және маргиналдық, мәдени инфрақұрылымдардың үйлесімдігі мен тиімділігі, нарық және мәдениет, виртуалды шындықтағы мәдени өзгерістер, мәтін және оны түсіндіру, симулакрум мәселесі, т.т.

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҚТАР – Қазақстандағы ұлттық мәдени орталықтардың үш статусы болады. Олар республикалық, облыстық, аудандық болып үшке бөлінеді. Республикалық ұлттық мәдени орталықтардың бүгінгі таңда Әділет министрлігіне нақты тіркелген саны – 28. Бұл орт.–дың облыста, ауданда өздерінің филиалдары жұмыс істейді. Сонымен қатар ұлттық мәдени орталықтардың жергілікті әділет басқармаларына заңды тіркелгендері де, тіркелмегендері де болады. Осы реттен келгенде, еліміздегі ұ. м. о–дың жалпы саны 820–дан асады. Бұл – тіркелген–тіркелмегендерінің барлығын қосып есептегендегі көрсеткіш. Мысалы, республикалық, облыстық ұ. м. о. заңды түрде тіркеліп жұмыс істесе, аудандық орталықтар тіркелмейді, оларды жергілікті әкімшілік өздері бақылайды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында мұндай этномәдени орталықтар өте көп. Себебі онда қазақтар аз да, өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған. Олардың әрқайсысы сол жерде топтасып, ансамбль құрып, этномәдени орталық ретінде бірлесіп жұмыс жасайды.

Ұ. м. о. өз диаспораларының білім–ғылым, мәдени және рухани мәселелеріне белсене араласады. Жүзден аса ұлттық мектептерде балалар білім алса, 15 тілде өнім шығаратын 35 баспа бар. Жылына этникалық топтардың тілінде ондаған кітаптар шығады. Наурыз, Масленница, Рождество, тағы басқа халықтық мейрамдар дәстүрлі тойланады. Осының бәрі сан ұлттың ауызбірлігі арқасында жүзеге асуда. Ал оның нақты шараларын Қазақстан халқы Ассамблеясы жүзеге асырып отыр.




ФЕМИНИЗМ (лат.femіna – әйел, ұрғашы) — қоғамдағы әйел рөлі және құқығын кеңейту, сөйтіп оған ерлермен тепе–тең деңгейдегі жағдайлар жасауды талап ететін қоғамдық қозғалыс және рухани ағым. Ұғымды француз тіліне 1840 жылдар шамасында француз экономист–философы Шарль Фурье өз еңбектері арқылы енгізген. Бұл ұғым екі деңгейде анықтауды қажет етеді, өйткені Ф., бір жағынан, әйелдердің өз құқық, бас бостандықтарын қорғау үшін бастаған қоғамдық қозғалысы, екінші жағынан, әйелдің қоғамдағы орнын анықтайтын әлеумет.–философиялық, социологиялық, психологиялық, мәдениеттанулық ілімдер жиынтығы. Ф–нің тарихына көз жүгіртер болсақ, онда Ф–нің бастауында әйелдерге сайлау құқығын беруді талап еткен ХХ ғасырдың басындағы суфражизм қозғалысының тұрғандығын көреміз. ХХ ғасырдың басында пайда болған бұл қозғалыс өз мақсаттарына жеткеннен кейін біраз уақыт Ф. мәселесі қойылмады десе де болады. Бірақ ХХ ғасырдың ортасынан бастап, әсіресе 70–ші жылдарда Ф. қозғалысының “екінші толқыны” пайда болды. Соның нәтижесінде түрлі ұйымдар мен партиялар дүниеге келді. Ф–нің бастапқы сатыларында әйелдер жыныстар теңдігін заң тұрғысынан, азаматтық мәртебе тұрғысынан қарастырса, қазірде әйелдер эмансипациясының идеологтары кең мәдени–әлеуметтік талқылаулар нәтижесінде әйелді қанау мен қорлаудың терең әлеуметтік–мәдени тамырларын ашып отыр. Ф. идеологтарының лидерлері – алдыңғы қатардағы жол бастаушылары бүкіл батыс мәдениетінің патриархалды, маскулиндік (еркектік) қасиетін анық көрсете білді. Олардың айтуынша, маскулиндік дәстүрлі мәдениетте шынайы адами қасиеттер тек еркектік ізгіліктермен теңдестіріледі де әйел баласы тек тән (нәпсімен) және оның қызметтерімен (нәпсіқұмарлық, ұрпақ жалғастырушылық) ғана танылады. Қоғамның барлық жақтарының қарама–қайшылықтары еркектіліктің (маскулиндіктің) ақылмен, парасатпен, қисынмен, мәдени шығармашылықпен, ал әйелдіктің (феминдіктің) табиғи бастамамен, иррационалдықпен, сезіммен, қирату, бұзып–жоюмен байланыстырылуынан туындайды. Соның нәтижесінде әйел мен еркектің түрлі гендерлік (жыныстық) рөльдері туралы көзқарас қалыптасады. Билік рәмізі – фаллос (еркек жынысының мүшелік ерекшелігі) қоғамдық санада орнығып, тек саяси сахна ғана емес, бүкіл мәдениетте фаллоцентристік принципке бағынады. Қазіргі Ф–де жыныстар қарым–қатынасы мәселесі биліктік қатынас түрі ретінде қарастырылады. Адамзаттың бір бөлігі ғана, яғни еркектер билікті уысына жиып, мәдениет нормалары мен мән–мағыналарын қағидалау еркіне ие болғандықтан еркектер өз бастарының мүдделерін бүкіл адамзат мүддесі ретінде көрсетеді. Сондықтан жыныстар тепе–теңдігін қамтамасыз ету үшін бүкіл мәдени құрылым негіздерін өзгерту керек деп түсіндіреді замандас феминистер. Ф. теориясын жасауға барынша ат салысқан ғалымдар: М. Фуко, Ю. Кристева, Ж. Бодрийар, Ж. Деррида, Ж. Делез, Ф. Гваттари, Ф. Соллерс т.б..


Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.

ХАЛЫҚ ТЕАТРЫхалықтың, сахналық өнер ұжымдары.Театр өнерінін алғашқы нышандары ерте заманнан–ақ халықтың күнделікті тұрмыс–тіршілігімен, мұң–мүддесімен біте қайнасып, бірге дамыды. Шаруашылық науқандарына байланысты жиын–тойлар соның айғағы. Халық дәстүрлі ойындарына шаруа ыңғайына сай қатысушылар көктем мен қыстың кейпіне еніп, шартты сахнада қысты көктемге жеңгізеді. Мұның өзі "ойынның" магиялық күшіне, яғни табиғаттың стихиялы күштерін игеріп, дүниені өзгерте алатынына сенуден туындаған еді. Малға жабысатын ауруды қуу мақсатында айтылатын бәдік айтысының да түп–төркіні шаруашылық қамына, мал басының амандығын тілеуге саяды. Халық көп жиналатын ойын–сауықтар, жиын–тойлар – адамдар арасындағы таптық–әлеум. айырмашылықтарды уақытша болса да жояды. Сол себепті мейрам–дарда халық арасындағы карым–қатынас еркін, ойнақы болатын. Мейрам кезінде қулар, қуақылар күнделікті, мейрамнан тыс өмірдің кикілжіңдерінен үзінділер келтіріп, кем–кетікті жұрт алдында сынап–мінеп отырған. Сынайтын адамдарының кейпіне түсіп, мінез–құлқын жұрт алдында масқаралайтын қулар өнерінің бастауында – сырқатты емдеу кезінде аруақтармен тілдесу үшін «өңін айналдырып», әр түрлі тотемдік бейнелерді жасайтын бақсылар ойыны жатыр. Бақсы ойынын қазіргі әдебиеттерде «бір актердің театры» деп жүр. Шындығында, бақсы ойынының өз сахнасы, декорациясы, муз. сүйемелдеушісі, көрермені болады. Халық жиындары адам өмірінің шешуші кезеңдеріне бағышталып отырды: ас беру, үйлену тойы, қыс пен көктемнің тоқайласқан, қоғамдық күштердің кақтығысуы, үстем тап пен халық мүддесінің қайшылығы, т.б. Осыған орай қазақ топырағында дүниеге келген театр өнерінің алғашқы нышандары – қарама–қайшылығы да, теңдік–теңсіздігі де мол қаза0 өмірінің өзі болды. Үйлену тойында айтылатын дәстүрлі – «Жар–жар», «Сыңсу», «Қоштасу», «Беташар», т.б. ән–өлеңдер, қыз аулына келгендегі еріксіз қатынасатын әр түрлі ойындары бірігіп, өмірдің біртұтас драмалық, кейде комедиялық спектакліне айналатын. Ертеден халық арасына кең тарап, оның эстет. көніл–күйінен хабар беретін айтыс өнері де өз бойына театр өнерінің нышандарын сақтады. Алғашында шаруашылық қамына байланысты жыл мезгілдерінің айтысы ретінде дүниеге келген айтыс өнері қоғамдық ойдың дамуына сай «Жар–жардағы» қыздар мен жігіттердің айтысы, ақындар айтысы, т.б. түрлерге бөлініп, форма жағынан ыдырауды басынан кешірді. Айтыс та, басқа театрдың түрлері сияқты кақтығысқа құрылды. Ақындар кейде ру атынан сайысқа түсіп, руаралық дау–дамайды қоздыра түсетін болса, кейде жеке басындағы қайшылықтарды, әлеум. теңсіздігін де тілге тиек етіп ұстау дағдысы, айтысты өз пайдасына шешу үшін әр түрлі экспрессивтік әдістерді пайдалануы, т.с.с. жайттар кейін қа–зақ топырағында актерлік өнердің қалыптасуына, өркен жаюына игі ықпалын тигізді. Халық арасынан шыққан өнерпаздар алғашында қулардың, бақсылардың, ақын, сал–серілердің машықтарын оңтайлы пайдаланды. Халық театрларының бір бөлігін қамтитын ендігі бір үлкен сала – жыршы, жыраулар өнері. Бай эпостық, лиро–эпостық жырларын көрермендер һәм тыңдаушылар алдында нақышына келтіріп орындап жыр кейіпкерлерінің тағдырына олар–ды да ортақтастырып, қатыстырып отыратын жыршы – халықтың бір тұтас лиро–эпостық дүниетанымының бір бөлшегін құрады. Жыршының жыр айтуы қазіргі инсценировкалар дәрежесінде жүріп отырды. Бүгінгі таңдағы эпикалық театр өз бастауын осы инсценировкалардан алады. Қоршаған әлемге, табиғат сұлулығына деген таңданыстан туып, бірте–бірте театрлық дүниетаным болып қалыптасқан қазақ өмірінің бір арнасы – халық билері. Халық арасында кең тараған билердің бірі – «Ортеке биі» қуыршақ театрының алғашқы элементтерін дүниеге әкелді. Осылайша қазақ өнерінің бір саласы – халық театры өз дамуының бірнеше сатыларын бастан кешіріп, кәсіби театр өнеріне ұласты.
Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.
ШАРЫН, Шарын ұлттық табиғи паркі – Алматы облысының Еңбекші қазақ, Райымбек және Ұйғыр аудандарында орналасқан мемлекеттік саябақ. 2004 жылы ұйымдастырылған. Жер көлемі 93,2 мың га. Саябақ 1964 жылдан бері республикалық маңызы бар табиғат ескерткіші ретінде қорғалып келді. Шарын ұлттық табиғи саябағы Үлкен Бөгеті тау жотасын, Сөгеті аңғары мен шекаралас шөлді жерлерді, Ш. өзенінің бойындағы «Қызғылт қамалдар» аңғарын, сол маңдағы далалы алқапты және Торайғыр тауы беткейлерін қамтиды. Саябақ аумағынан Ш. өзені ағып өтіп, Іле өзеніне құяды. Ш. өзеніне тау беткейлерінен басталатын Шалкөдесу, Кеген, Қарқара, Кенсу, Орта Мерке, Шет Мерке, Темірлік т.б. ұсақ өзендер қосылады. Саябақтың ауа райы құрғақ қоңыржай, жауын–шашынның жылдық мөлшері 150 мм–дей. Ш. ұлттық табиғи саябағында геологиялық ежелгі кезеңдерден сақталып келе жатқан «Қызғылт қамалдар» аңғарының кескін–келбеті өте таңданарлық. Ш. өзенінің миллиондаған жылдар бойы жуып–шаюынан өзен аңғарында ойдым–ойдым қызғылт түсті шатқалдар пайда болған. Дәл осындай табиғаты ерекше шатқал дүние жүзінде Ш–нан басқа тек АҚШ–тағы Колорадо штатында ғана кездеседі (Үлкен каньон шатқалы). Саябақта өсімдіктердің 940 түрі өседі, оның 60–қа жуық түрі эндемиктер. Ондағы өсімдіктердің 21 түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» тіркелген. Сүтқоректілердің 60, құстардың 300, бауырмен жорғалаушылардың 20, балықтардың 10 түрі кездеседі. Саябақ аумағынан ерте кездерде тіршілік етіп, кейіннен жойылып кеткен жануарлардың (пілдердің, мастодонттардың, мүйізтұмсықтардың, қорқау қасқырдың, стенон жылқысының, т.б.) қаңқа қалдықтары да табылған.

Оны Үлкен Колорадо шатқалының (АҚШ) кіші бауыры деп те атайды. Бұл жер вестерндерді жақсы көретіндер үшін еркіндік – «Верная рука – друг индейцев», «Охотники за скальпами» фильмдерінің стиліндегі Жабайы Батысты игеру көріністерін қоюға мүмкіндік береді. Ал театрландырылған көріністерге бейімділігі жоқтардың мәңгілік туралы ойға батуы мүмкін.

Шатқалдың «Қорғандар аңғары» деген тағы бір атауы бар. Себебі бұл жердегі үнсіз жатқан алып жартастар өздерінің таңғажайып пішіндерімен таңғалдырады. Табиғат атты сәулетші тастан және останций жыныстарынан салған «Винни–Пух», «Ұядағы үйрек», «Пингвин» және басқа атауы жоқ қорғандар өз деңгейінде «өмір сүрген» 300 миллион жылмен салыстырғанда екі мыңжылдық пен біздің дәуіріміздегі жаңа ғасырдың өткен бірнеше жылы қас қағым сәттей болып көрінеді.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ – қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті орнатудың әдіс–амалы; табиғатқа қатысты адамның тұтас та тұрақты өмірлік позициясы, тазалық сақтау санасының белгісі; «адам–қоғам–табиғат» жүйесіндегі байланысты үйлесімді етуге бағытталған халық белсенділігі; бұқаралық ақпараттың экологиялық–ағартушылық деңгейінің көрсеткіші. Акад. Д. С. Лихачев «Э. м.» терминін ғылыми айналымға енгізді және оны маңызды этикалық–рухани құндылық ретінде қарастырды. Э. м. табиғатты қорғау мәселесін жалпыадамзаттық мүдде және құндылық ретінде қарастыруды тілге тиек етеді, талап етеді; адам мен табиғат арасындағы тепе–теңдікті сақтауға тәрбиелейтін халықтық салт–дәстүр ұстанымын негізге алады; қарым–қатынаста адамның өзіндік рөлі және жауапкершілігі жоғары болу талабын бетке ұстайды.

Э. м–ді арнайы қарастырудың мақсаты: «адам–табиғат–қоғам» жүйесіндегі қарым–қатынастың теңдігін сақтау, адамның табиғатқа қарама–қайшы іс–әрекеттерді шектеу, қоғам мен табиғат арасында жаңа жүйені қалыптастыру; э–лық тәрбиені жетілдіру. Э. м. екі мағынада: а) табиғатты танып білу, пайдалану және жаңарту іс–шаралары, б) адамның табиғатты аялау талабына сай келетін білім, іскерлік дағдыларын өзара байланыста жүзеге асыру аясында қолданыс табуда. Тынымды да тиянақты іс–әрекеттің барысында адам қабілеттіліктің, икемділіктің қалыпты жағдайын орнықтырады, біртіндеп қоршаған ортаны қорғау қызметіне қызығушылық танытады және адам денсаулығын қорғаудың тиімді тәсілдерін жинақтауға мән береді.

Ғылыми–техникалық жетістіктер адамзатты табиғатты қарқындата, біржақты жарыса пайдалануға итермелеуде. Бақталас заманда Э.м. адамның өзіне, басқаларға, табиғатқа қатысты топтық эгоизмді игеруге септігін тигізеді, тұлғааралық қарым–қатынастардың тетіктерін кеңірек қолдануға мүмкіндік ашады. Э. м–ң тағы бір ағымы адамның табиғатқа әсер ететін әлеуметтік тетіктерді – экологиялық білім мен тәрбие беру жүйесін реттеуге арналады. Э–лық білім адам мен қоғам қатынасының эволюциясындағы мифтік сананың, физикалық тәуелсіздіктің табиғаттан алшақтау кезеңдерін, адамды табиғаттың билеушісі ретінде талдауға жол ашады. Табиғатты «шеберхана» ортасы деп ұққан жаңа дәуірде:



  • табиғат адам үшін жаратылған, адам оның иесі болып табылады;

  • табиғат моральдық құндылықтардан жұрдай, тек адам оған іштей мән береді;

  • табиғат адаммен жетілдірілуі және оның жаңартылған күйі–адам жеңісінің куәсі болуы керек, деген қағидалар қалыптасты.

Капиталистік қоғамның ұстанымдарында э–лық–мәдени басым идеялар, тұлғаның гумандық қасиеттері ескерусіз, назардан тыс қалып қойды, ұлттардың дәстүрлі гуманистік бастаулары біріктірілмеді. Содан табиғи ресурс шығыны көбейді; табиғи ортаға жағымсыз антропогендік әсер асқындады, адам өмірінің салауатты жағдайы нашарлады э–лық апат жиілеп адамзат өркениетіне қауіп күшейді.

Э. м. аясында адаммен ортаның қарым–қатынастарын еркіндік пен теңдікте ұйымдастыру тәсілдерін сабақтастыруға және қолдануға ерекше көңіл бөлінді. Біз алдымен туған жерімізді, туған үйімізді, сол үйіміз орналасқан қаланы қатты қадірін білуіміз сыйлауымыз, жақсы көруіміз қажет. Қала мен ауылдың Э. м–н жақсартуға арналған бағдарламаны жасауға интеллект, білім, мәдениет активтері, елдің ардагерлері мен қайраткерлері тікелей араласуы, олардың азаматтық та, кәсіби де, патриоттық парызы. Э. м. қоғамда Э. тәрбие – адамның қоршаған ортаға әсерін, оның заңдылықтарын түсіндіретін және орындалуын қадағалайтын ой–пікірлерді, ғылыми деректерді қамтуға; табиғи және әлеуметтік ортаның жан–жақты бай құндылықтарын түсінуге; табиғат байлықтарын тиімді пайдалану дағдыларын білім, таным мәселелерін меңгеруге, өз ортасының жағдайын жақсартуға; табиғатқа зиян келтірмеу бағытындағы тиісті ережелерді саналы түрде орындап отыруға, іс–шараларға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ұйытқы болды.

Э. м–нің өзекті міндеті: табиғатты әсемдік пен сұлулықтың қайнар көзі ретінде қабылдайтын сезімді баулу. «Табиғаттың даусын–дыбысын, үнін ата–аналар да, қоғам да, тәрбиешілер де, заң шығарушылар да көңіл қойып тыңдауы тиіс. Табиғатпен егесу, оған зиян келтіру жақсылыққа апармайды, адамға тек оның заңдылықтарын білу және оның табиғи күшін пайдалану ғана қалды» (К.Д. Ушинский).

Э–лық м–тің ғылыми қағидалары: ортаның заңдылықтарының сақталуы мен орындалуын анықтайтын озат ой–пікірлер мен ғылыми деректерді қамту; қоғамның материалдық және рухани күштерінің қайнар көзі – табиғи және әлеуметтік ортаның бай құндылықтарын нақты әрі терең түсіну; табиғат байлықтарын тиімді пайдалану дағдыларын, білім, таным мәселелерін дер кезінде меңгеру, әркімнің өзі өмір сүретін ортаның жағдайын бағалай білетін қабілетін дамыту, оны жақсартудың шараларын қабылдау; адам қызметінің табиғатқа тигізер зиянын алдын–ала болжай білу; табиғи және әлеуметтік ортаны жақсарту қызметін, табиғатты қорғау идеяларын жетілдіру, табиғат және әлеуметтік ортаға деген жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру. Э–ық сана мен э–лық қарым–қатынастың бір–біріне ықпалын жетілдіру бағыты мәдениетті түсінудің ең тиімді жолы. Өнімді қызмет, нақты іс–әрекет қоршаған ортаға ерекше қарым–қатынасты қарастыруымен, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді негізді нығайтуымен құнды.


ЭСТЕТИКА – адамның көркемдік таным–түйсігімен тебіреніс, толқынысын айшықтайтын теориялық ғылым саласы. Э–ның басты функциясы адам өміріне Э–лық көзқараспен қарау немесе Э–лық өлшем енгізу. Э–лық өлшем – адам болмысы мен санасының ерекше түрі, рухани кеңістіктің ерекше деңгейі мен көрінісі. Мәдениет тарихында Э–лық сана, Э–лық тәжірибе, Э–лық қызмет туралы бұрыннан пікірталас туып келеді. Бірақ Э. білімнің арнайы саласы ретінде кейін, ХҮІІІ ғ. қарастырыла бастады. «Э.» терминін алғаш қолданып, арнайы талдай бастағандардың бірі неміс философы А. Баумгертен Ол өзінің «Aestnetica» атты кітабында (1750–1758жж) Э–ны «сезімдік білім туралы ғылым», көркемдік шығармашылықтың философиясы, сезімдік және рационалды танымның тұтас теориясын құрайтын «танымның төменгі, жетілмеген теориясы» деген түрлі мағынада қолданады. Адамның индивидуалды және әлеуметтік болмысы әр сәтте түрлі кеңістікте – экономикалық–шаруашылық, саяси–құқықтық, идеологиялық–психологиялық, адамгершіл деңгейде өтіп жатады. Дүниеге, өмірге деген Э.–лық көзқарас дегеніміз оған құмарта, сүйіспеншілікпен, жан дүниесінің тебіренісімен қарау немесе жалғандықты қабылдамау, терістеу; дүниемен үйлесімділікті жан–тәнімен тебірене қабылдай отырып, субъект пен объектінің, ішкі мен сыртқының, адам мен табиғаттың айырмашылығы мен қайшылығына айрықша мән бермей, оларды материя мен оның формасына ендіру; көрікті де келбетті болмыспен іштей сұхбатта болу; шындықтың идеалды түрін игеру және оған объективті сипат енгізуге талпыну; қабылдамақ затқа ынта–ықыласты әрдайым ояту, құлшындыру. Объективті дүниедегі, қоғамдық қатынастағы адам өмірінің ортақ сипаттары мен заңдылықтары, олардың өзара байланысы – философиялық зерттеудің проблемасына жатады..

Э–лық толғаныстар туралы мәліметтерді ертедегі, яғни бұдан 2,5 мың жылдардан бұрынғы қытай, үнді, антика ойшылдарының шығармаларынан кезіктіреміз. Олар табиғат пен адам өмірінің көптеген құбылыстарын сезім арқылы қабылдау барысында белгілі бір көңіл күйлерге – таңдану, жеріну, қайғыға ортақтасу, ашулану, сүйсіну, елжіреу, әзілдеу, тебірену, толқу және т.с.с. бөленетіндігін әрі өзіндік сезімдік тебіреніс сипатымен әлемде ерекшелетіндігін байқаған. Күнделікті тіршіліктегі тебіреніс–толқулардың қайнар көзін пайымдаған адам, а) бірде «сұлулық», «әсемдікке», бірде «трагедиялық», «комедиялық» жәйттерге айрықша назар аударған, б) бірде сезімдік тартылыстың жағымды, жағымсыз жақтарын талдауға мән берген.

Ежелгі грек және рим мәдениетінің өзекті желісін антикалық Э. құрайды. Оның негізгі қағидалары мен ерекшеліктері: Космологизм – ғарыштық үйлесімділік пен әсемдік әлемі. Ғарыштығы қозғалыстың өзіндік жарастығы, үйлесімділігі болады. Әлемдік үйлесімділікке әуестенген адам өз қолымен жарастықты жасай, жалғастыра алады деген наным–сенімді қалыптастырды; Гомердің «Одиссея», «Илиада» дастандарындағы «гармония» идеясы. «Гармония» ұғымы «Одиссеяда» өзінің бастапқы нақты заттық мағынасында беріледі, ал «Илиадада» адамдар арасындағы келісім, тыныштық мағынасында қолданыс табады; Пифагор үшін «гармония» болмыстың негізінде жатқан сан, санның ішкі үйлесімділікке, өлшемділікке жарауы; Үндестіктің бір түрі іштей тазаруға, «катарсиске» қатысты.

Э–ны кейде өнер іліміне, өнер философиясына жатқызады. Демек Э–лық түсініктің қалыптасуына философияның, оның тарихының ықпалы айқын. Кейінірек, Э. – адам болмысының Э–лық өлшемін пайымдайтын–бағалайтын ғылым деген көзқарас қалыптасады. Э–лық өлшем – әлеуметтік, саяси, этикалық сияқты адам өмірінің құрамдас бөлімі; адамның дүниеге деген Э–лық қатынасы мен Э–лық қабылдаудың дара сапасы. Екі өлшемде адамның әлеуметтік қарым–қатынасының жетілуіне ықпал етеді. Шындықтың кез келген аясындағы көрікті форма, оның құндылықтары – Э–ның арнайы зерттейтін затын құрайды. Көрік – пайымдауға тұрарлық құндылықтар және қоғамдық–тарихи қатынастардың қосындысы.

Э–лық реакция мен көзқарас қабылдаудың, қобалжудың, эмоциялық реакцияның, Э–лық эмпатияның (эмоциялық шоғырланудың, көркем дүниемен сұхбаттасудың, өзгеріске сезімталдықтың, көңіл–күйді болжай білудің), рефлексияның (сезімдік пен ойлану қызметінің) нәтижесі әрі олардың жеке тұлғалық мән–мағынасының көрсеткіші. Э–лық түсініктің негізін әсемдік ұғымы құрайды, бірақ онымен шектелмейді. Асқақтық, құлдырау, күлкіге айналдыру, қалжың, келемеждеу, гротеск сияқты құндылықты Э–лық тұрғыдан қабылдаудың құрамын құрастырады. Э–ның құпиясы да, құдыреті де өнер шығармасының әсемдігін, оның адамға тигізер ықпалын көрсетуде.

Э–ның әлеуметтік табиғаты мәдениет аясында анықталады. Бүгінде «Э.» термині мәдениеттің Э–лық құрамы мен құндылығын айқындау үшін жиі қолданылады. Э–ның өнертанудың жеке салаларына – әдебиеттануға, бейнелеу өнерлеріне, музыкаға тигізер ықпалы артуда. Э–лық тәрбиенің басты мақсаты – өмір ортасымен аралас адамда өзінің айналасындағы сұлулықты көре білетін, сезіне алатын, қабылдайтын, бағалауға бейім қабілетін арттырып, келістік, үйлестік заңдарына сәйкес өмірді жаңартып, жетілдіріп, жинақтап отыру.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет