Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008
Адамның өлімі мен өлместігі.– Қайсыбір өмірдің өліммен аяқталатынын әрбір адам біледі. Бұл Дүниеге келгеннен кейін уақыты келгенде кету керек. Ол біз ырқымыздан тыс,– табиғи заңдылық. Адамзаттың мыңдаған жылға созылған өмір тәжірибесі бірде–бір өлген Адамның тіріліп өмірге қайта келгенін көрсеткен жоқ. Әсіресе, жақын Адамдардың бұл дүниеден кетуі біздің жан–дүниемізде ауыр жаралар қалдырады. Енді біз оларды ешқашан да көре алмай, іштегі сырымызды айтып, бірге қуанып, сонымен бірге қайғы–қасіретімізді бөлісе алмаймыз. Бәрі де өткен шақтың қойнауына кетті. Сол сәтте біз өзімізді де сондай тағдыр күтіп тұрғанын үрейлене аңғарамыз. Сонымен қатар, біз ақыл–ой таразысына “мәңгілік өмір сүру” мәселесін салсақ, онда оны Адамға берілген ең ауыр жаза екенін байқауға болар еді. Өйткені, егер Адам. шексіз өмір сүре берсе, онда оның еш мән–мағынасы болмай қалады. Шексіз өмір бүгінгі күннің ашынған өзекті мәселелеріне немқұрайлы қарауды тудырып, қоғам өмірі мелшиіп бір орнында тұрып қалар еді. Мәселеге терең қарағанда, өмірдің мән–мағнасы болуының өзі оның өліммен бітетінінде болса керек. Расында да, біле–білген Адамға өмірдің шектелгені әрбір күн мен жылды, минут пен сағатты бағалауға, тиімді жұмсауға итереді. Өйткені, өмірді ешқандай байлыққа сатып алуға болмайды, бірақ, оның бір ғана өлшемі бар – ол “Ұлы мәртебелі Табиғаттың” (я болмаса, егер адам сенімде болса – Құдайдың) әр адамға берген өмір жасы, яғни, уақыты. Бұл дүниеде жасалған ұлы нәрсені істеген Адамдар, әрине, өз өмірінің шектеулі екенін біліп, сондықтан, асығып, “соны үлгірсем екен” – деген ой–үмітпен оларды аяқтады емес пе?! Егер ол мәңгілік өмір сүрсе, сол ұлы істерді бастамас та еді ғой. Антик дәуіріндегі стоиктер “Өлімді есіңнен шығарма!” – деген болатын. Оның терең мәні – өз өміріңде әр іс–қимыл, басқа адамдарға деген қатынастар, айтайын деген сөзіңді өмірдің соңындағы іс сияқты сезінуде. Мұндай өмірлік бағытты ұстау – Адам. өміріндегі қайсыбір уақиғаны терең сезініп–тебіренуге, мейлінше мазмұнды өмір сүруге әкеледі. Жайшылықты өмірде байқалмайтын кіші–гірім нәрселерге көңіл бөлініп, Дүниенің ғажаптығы айқындалып сезіледі. Бұл Дүниеде қайсыбір тіршілік формасы – соның ішінде адам да – бір ұрпақты екінші ұрпақпен ауыстырып өз өмірін жалғайды. Табиғаттың “даналығы” осында. Соның арқасында алға өрлеу – даму бар.
Әр Адам. өлімді Адамның жүрегі мен тынысы тоқтап, санасының өшуімен теңейді. Дегенмен де, адамның кейбір жақтары әлі де болса талай күндер тіршілік жасайды. Мысалы, Адамның сақал–мұрты, шашы, тырнақтары дене толығынан шіріп біткенінше өсе береді… Егер Адамның жүрек қысылымы өсіп, оның миына қан құйылса, ол ешкімді танымай, өзіндік санадан айырылғанмен, талай айлар төсек тартып, тірі болып қала беруі мүмкін. Бірақ, ол тұлғалық қасиеттерден толығынан айырылды. Кейбіреулер ондай А–ға “тірі өлік” деген ат береді .Уақытында ұлы Платон «философия ғылымы бізді абыроймен өлуге үйретеді» деген болатын. Бұл пікірге толығынан қосылуға болатын сияқты. Кейбіреулер өмірінің жартысын “гүлге қонған көбелек” сияқты өткізіп, қырыққа келіп, ақылы тоқталған кезінде өз алдына өмірлік мақсаттар қойып, оны асыға істей бастайды. Бірақ, көп жағдайда “Ұлы мәртебелі Табиғат” оларды аяқтауға уақыт бермейді. Ондай Адамға өлер алдында “Әттең–ай!” деген өкініш келіп, сол аянышты сезіммен өмірден кетеді. Екіншілерге өлім үрейін аттап өтуге діни сенім көмектеседі. Олар тәні болмағанмен, «жан–дүнием мәңгі өмір сүреді» деген үмітпен өмірмен қоштасады. Үшіншілер «бұл күйбең өмірде ішіп–жеу, ойын–сауық құру, әр сәттен ләззәт алудан басқа еш нәрсе жоқ» деген өмірлік бағыт ұстайды. Бірақ, оқтын–оқтын мешітке барып, «кім біледі, мүмкін Алла тағала бар шығар» деген ой кейбір кезде оның жүрегін сыздатады, садақа беріп, намаз оқытады. Бірақ, бәрібір ол болашақ өлімнің мұздаған лебінен құтыла алмай, жаны түршігеді. Философиялық дайындығы бар адамға келсек, ол өз өмірін бүкіл Табиғаттың, Ғарыштың өмірімен байланыстырып, өзін телегей–теңіздегі бір ғана тамшысы ретінде сезінеді. Ол оны үлкен тебіреніске әкеліп, өлім өмірдің соңында келетін заңды табиғи үрдіс екеніне көзі жетеді. Ондай Адамды өлім үрейлендіре алмайды.
Бесінші Адамдар өз тағдырының шеңберінде тырысып бағып өмірдің шаттығын да, зардабын да толығынан басынан өткізіп, бұл өмірде өзіне тән із қалдыру жолында бар күш–қуатын аямай жұмсап, өлім алдына өмірден шаршаған сияқты сезіммен келеді. Ол өз өмірін толығынан аяқтады. Ешқандай өкініш жоқ. Орындалмаған армандар болғанның өзінде, ол оны табиғи заңдылық ретінде түсінеді. Ол – нағыз Адам.. Ондай Адам. көп жұрттың есінде мәңгілік қалады. Соңғы жылдары Батыс университеттері мінбелерінде “аутоназия” (auto – өзім, nazіa – өлім) мәселесі қызу талқылануда. Орыс әдебиетінде бұл терминді өз тілдеріне жақындатып “эвтаназия”,– дейді. Әңгіме Адамның өз еркімен қоғамның көмегі арқылы бұл дүниеден кетуі. Яғни, оның “суицидтен” – өзін–өзі өлтіруден айырмашылығы – ол қоғамның рұқсаты және көмегімен өз қалауы бойынша дүниемен қоштасады. Тәндік–сезімдік ләззәт алу өмір бағытын ұстаған Батыс Адамы өмірінің соңында да еш зардап шекпей бұл өмірден тәтті ұйқыға шомылып кете барғысы келеді. Енді бұл мәселені біз де талдап көрелік. Бір қарағанда бұл мәселені Батыс цивилизациясының гуманистік даму жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі ретінде қарағың келеді. Расында да, егер адам қатерлі ісікпен (рак) ауырып, қатты зардап шегуде, я болмаса, қартайып, қолынан күш кетіп ешкімге керек болмай қалған т.с.с. жағдайда қоғам ондай Адамдарға өз еркімен дүниеден кетуге көмектессе де болатын сияқты. Бірақ, мұндай көзқарас бүкіл дүниежүзілік діндердегі өмір жөніндегі терең интуицияларға (көкей көзге) қайшы келеді. Бұл Дүниеге келген әр адам Иса пайғамбардың арқалаған ауыр жүгіне мойынсынуы керек. Екіншіден, бірде бір Адам. өмір соңында “қайғылы үштікті” (зардап, күнә, өлім) аттап кете алмайды. Ол да болса өмірдің соңғы тәжірибелерінің бірі, қоршаған Адамдарға ой салатын өнеге емес пе?! Соңғы өмір зардаптарынан өту – Адам. рухын шексіз күшейтіп, оның ішкі жан–дүниесін тазартып, Адамның абыроймен бұл дүниемен қоштасуына мүмкіндік жасайды. Мәселеге философиялық тұрғыдан келсек, бұл Дүниеде Адамнан асқан құндылық жоқ, сондықтан, ешкімнің де Адам. өмірін қиюға (соның ішінде – Адамның өзін–өзі де) құқы жоқ.
Енді миллиондаған қарапайым Адамдардың тағдырына келер болсақ, олардың өлместігі – өз өмір шеңберіндегі жасаған басқа Адамдарға деген жақсылығымен байланысты болса керек. Өйткені, ол олардың есінде қалады. Ол дене ретінде көз алдымызда жоқ болса да, рух ретінде – бізбен бірге өмір сүріп қала береді. Ұлы Кун фу цзы айтқандай, жақсы Адам. халықтың сый–сияпатына ие болса, жаман Адам. ит сияқты бір шұңқырда ұмыт болып қалады.
Десек те, әрине, қазіргі Адам. мұндай көзқараспен келіскісі келмейді, ол шынайы өлместікті армандап, барлық үмітін ғылымға артады. Әсіресе, тез қарқынмен дамып келе жатқан гендік инженерия саласы болашақта А. өмірін бейнақтылы ұзарта беруге болатынын айтады. Алайда, біздің ойымызша, ол – жалған жол болса керек. Әрине, гендік инженерияның жетістіктеріне сүйене отырып тұқым қуатын аурулармен күрессек – ол жақсы. Ал А–ның өмірін тектік жолмен ұзартуға бағытталған зерттеулер қандай салдарларға әкелуі мүмкін – оны ешкім бүгінгі таңда білмейді. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, оның теріс салдары – ядролық бомбаны ойлап шығарғаннан да жаман болуы мүмкін. Екінші жағынан, А. Дүниедегі ең теңдесі жоқ биік құндылық болғаннан кейін оның өмірі мен денесіне жасанды тәжірибелер жасау – қылмыс болар еді (адам көлбақа емес қой).
Мәселенің ғылыми емес, моральдық жағына келер болсақ, бірде–бір жер бетінде өзі тудырған қауып–қатерді адамзат әлі шешкен жоқ. Жеке А–ның өмірін ұзартпақ түгіл, бүкіл адамзаттың құрып кету мүмкіндігі (ядролық соғыс, я болмаса экологиялық апат) осы уақытқа дейін күн тәртібінен шығарылған жоқ. Осы адамға шынайы өлместіктің керегі қанша, егер ол «күнбе–күн соғыс–қақтығыстарда бір–бірін осы уақытқа дейін өлтіріп жатса?» деген заңды сұрақ дереу ойға келеді.
Қорыта келе, шынайы өлместік бүкіл миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан іргетасты табиғат заңдылықтарына қайшы келеді дер едік. Әңгіме бізге берілген теңдесі жоқ сый – өмірді – бақытты мүмкіндіктерді іске асыруға, өз өмір шеңберінде үлкен маңызды істерді жасап өз ізіңді қалдыруда болса керек. Оларды өлім жоя алмайды.
Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. Алматы: Бастау, 2008
АДАМГЕРШІЛІК – адамдық сипатты анықтайтын, адамның рухани кемелденуінде шешуші рөл атқаратын этикалық ұғым. Адам. – адам бойындағы гуманистік құндылық, әдеп ұғымы. А–тің шығуы мен дамуы адамзат қоғамының пайда болуы және дамуымен тығыз байланысты. А. нормалары қоғамның ең алғаш пайда болған кезеңінен бастап адамдардың өзара қарым–қатынастарын белгілеп отырған. А. “кісілік”, “ізгілік”, “имандылық” сияқты ұғымдармен мәндес. А. адамның адамшылық сапасы шеңберінде өмір сүру қабілетінің біріне жатады. Халықтық дүниетанымда мінез–құлықтың әртүрлі жағымды жақтары осы ұғымнан таратылады. Қабуснамада: “Адамның адамгершілік қасиеті хайуандықтан аулақ болуында” (Қайқаус) – деп көрсетіледі. Мінез–құлық пен іс–әрекеттерде көзге түсетін төмендегідей А. белгілерін атап өтуге болады: адамды қастерлеу, сыйлау, сену, ар–ұятты сақтау, имандылық пен рақымдылық, ізеттілік пен кішіпейілділік, қайырымдылық, кісілік, адалдық, кешірімділік, кең пейілділік, сыйластық, әділдік, қанағатшылдық және т.б. А.ға жүгінген – адамның теңдігін құрметтейді, мейірімділігін мақұлдайды, кешірімпаздығын қолдайды, құмарын кешіреді, адамның тұлғалық ерекшелігін сыйлайды Құран Кәрім – А. ережелерін тек идеялық тұрғыдан мойындаумен ғана шектелмейді, керісінше, оларды әдеп ережелері ретінде күнделікті тіршілікте қолдануды талап етеді. Өйткені мораль қағидаларын іске асырудағы негізгі тәсіл – талап. А. талап – ішкі әлемнің рухани мазмұнын сыртқы қатынаста іске асыру. Құран бойынша, адам А. қасиеттерінің арқасында қоғамда жақсы көрінеді, Алланың сүйген құлына айналады. Хадисте: “А. – тақуалық” деп көрсетіледі. Орта ғасырдағы мұсылман философиясының өкілі, Әл–Ғазали исламдық А. концепциясының негізгі мазмұны – жақсылық пен жамандықты ажырата білу деп тапты. Оның А. ілімі “көркем мінез” немесе “кемел адам” бағдарламасы арқылы көрініс тапты. А. – мейірімді жүректі адамның тіршілік жолы болып танылды. Ғазали түсінігінде адам ғұмырының мақсаты – А. кемелдігіне жету. Ол А. категориясының құрылымына: жақсылық, туралық, адамның өзін–өзі бақылауы, достық, адалдық, сабырлық, жомарттық, ерлік, ұят, әділдік, кешірімшілдік сиқты сапалық қасиеттерді жатқызды. А. ұстанымдары – әлеуметтік–мәдени дамудың жемісі. А. қасиеттердің қалыптасуына ерекше ықпал жасайтын факторлар: туыстық қатынастарды реттеу, қандастарын өлтіруге тыйым салу, әлсіздерге қамқорлық жасау, еңбектің қоғамдық жолмен бөлінуі және адамдар арасындағы ынтымақтастықтың қалыптасуы.
Қазақ дүниетанымы А.–ті “адамдықтан үлкен ат жоқ”, “адам болып туған соң, адам болып өлу лазым”, “адам бір–біріне қонақ” –деген ұстанымның шеңберінде мойындайды. А. ұғымын қазақ би–шешендері аса маңызды феномен ретінде қарастырған. “Қайырымды туыс бар болса, бар–жоғыңа қарасар” (Ақтайлақ шешен). Шәкәрім адам өмірінің мәнін, оның руханиятымен өлшей отырып, адамның болмысының негізгі мәні тіршіліктің мазмұнды болуында, ал мазмұнды болуды адамгершілік қасиетпен байланыстырады. А. – адамның қоғамдағы харекет факторы, адамның толықтай мәні, руханиятының өлшем бірлігі ретінде анықталады.
А. құндылықтарының қалыптасуы үшін жүйелік (қоғамдық, мемлекеттік) және тұлғалық субъектілердің ара салмағын дұрыс айқындаудың маңызы зор. БҰҰ қабылдаған “Адам құқықтарының жалпы декларациясының” басты баптарын адамдық қарым–қатынас нормаларына айналдыру А. құндылықтарын қастерлеу шарттарының біріне жатады. Оның басты әдептік баптары төмендегідей: барлық адамдар тең құқылы, ерікті және қадірлі; азаматтар нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, шыққан тегіне, дініне, сеніміне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарамай заң алдында бірдей; өмір сүру құқығы, адамның бас бостандығы мен жеке өмір сүру еркі қасиетті болып табылады.
А. қағидаттарының сақталуы өтпелі қоғам жағдайында ерекше маңызды мәнге ие болады. Бұл кезеңде ескі ұстанымдар мен мінез нормалары мәнін жойып, жаңасы әлі қалыптасып, орнығып үлгермеген кезде халықтың әлеуметтік мінезінде әртүрлі ауытқулар орын алып, девиантты құбылыстар пайда болуы мүмкін. Ол адамзат тарихында дәлелденген нәрсе. Өркениеттілікке апаратын жол халықты А–ке, имандылық пен ізгілікке, салауатты өмір салтына баулу. Адам үшін оның өміріне мән беріп тұрған негізгі нәрсе – өз бойындағы адамшылықты жоймау, бүкіл өмір бойында адамға лайықты өмір сүру. Осы дүниеге адам болып келгендіктен, осы дүниеден адам болып кету керек. Адамның адамдық қасиетін өмір сүру барысында жоғалтып алмау бұл да адамның ең алдымен өз алдында, басқа адамдар алдындағы жауапкершілігі, ол адам тарапынан белгілі бір ерік–жігерді, қайратты қажет етеді. Адам баласы ежелден–ақ бақытты өмірді, бейбіт тіршілікті, берекелі тұрмысты аңсап–армандап, іздеген. Қайткенде адам бақытты болады? Қай жерде, қандай жағдайда ол өзін бақытты сезінеді? Міне мұндай сұрақтар әр заманның данышпанын да, қарапайым жұртын да толғандырған.
Халқымыздың ұлттық дәстүрі бойынша, кісіні сыйлау, құрметтеу, оның кісілігін үйрену әрбір жастың парызы болып табылады. Үлкен кісінің алдынан қия өтпеу, үлкен адамға орын беру, оны төрге шығарып құрметтеу, оған сәлем беру, көңіліне қарау – адамгершілік борыш ретінде қалыптасқан дәстүрлер. Ерлік пен елдік, отаншылдық пен сүйіспеншілдік, ынтымақ пен бірлік, жан тазалығы мен адал достық – бәрі де ақын–жырауларымыздың жыраулық поэзиясынан орын алған, осының өзі – болашақ ұрпақтарыздың бойына бүкіл кісілік асыл қасиеттерді жинақтауға зор көмек беретін бала тәрбиесінің бастау бұлағы.
Жалпы кісілік құндылық болып табылатын: салауаттылық, инабаттылық, ізеттілік, ар–ұятты болу, қайырымдылық, перзенттік парыз, ата–анаға, отанға қызмет ету, ұлтын, халқын отанын сүю, қорғау, әдептілік, имандылық, ар–намыстылық, өнерпаздық, ата–текті қастерлеу, бүкіл адамзаттық адамгершілік қасиеттерді ардақтау, ерлік деген ұғымдарды тәлім–тәрбиеде кісілік өлшемдердің көрсеткіші деп санасақ, адам бойына қуат берер осынау ізгі қасиеттерге баулуда жыраулық позэиядан аларымыз өте көп.
Тұтастай белгілі бір кезеңдердің қоғамдық–әлеуметтік, тарихи сипатын таныта алатын дидактикалық–философиялық сарындағы толғаулармен қатар сөз зергерлері адамгершілік, этика, мораль тақырыптарын да адам өмірінің түрлі жағдайларына қатысты келістіре жырлап, ел ішінде тәрбиелік міндет атқарып отырғаны байқалады.
АДАМНЫҢ жан–жақты дамуы – Даналыққа қол жеткізу арқылы адамның жетілген бітімі қалыптасуы. А. ж. ж. д.–ын Сократ оның игілікті тегіс қамти алуы хақындағы өзінің идеясымен байланыстырады. Эпикуршылар А.ж. ж. д.–ын оның қайырымдылық мінезінің жетілуімен өлшейді. деп есептейді. А. ж. ж. д.–ы туралы Эпикур іліміндегі негізгі идея, ол – адамның өзін–өзі тәрбиелеуі мен үйренуі арқылы даналық шегіне жетіп, қайырымдылық шыңына көтерілу мұраты. А. ж. ж. д. мәселесінде Демокрит пен Эпикур білім арқылы қорқынышты жеңу жолын ұсынса, стоиктер тағдырға қарсы адамның дербестігін жетілдіру жолын ұсынады. Стоицизм бұл орайда адамды тағдыр қиындықтарына қарсы тұра алатын қабілетін тәрбиелеу мәселесін көтереді. Ежелгі грек философиясындағы А–ның ж.–ж. д. концепциясындағы басты ұстаным: адам құндылығын түсіну, оның шығармашылық әлеуетін мен кемелдене алу қабілетін мойындап, адамның онтологиялық болмысын анықтау. Әл–Фараби А. дамуындағы басты мақсаты интеллектуальды–рухани жетілу арқылы бақытқа жету деп көрсетеді. “Бақытқа жету жолын көрсету” деген трактатында: “Бақыт – ол әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол қандайда бір жетілу болып табылады”. Әл–Фарабидің пікірінше, адамның жан–жақты жетіліп, бақытқа жетуі үшін жағымды іс–әрекет, ізгі мінез, дұрыс ақыл қажет. А. ж.–ж. д–ын ол адам әдебінің жетілуімен сәйкестендіреді. А–ның ж–ж д., әл–Фараби бойынша, практикалық ақылдың міндетіне жатады. Практикалық ақыл адамның кәміл дамуы үшін мүмкіндік жасайды. Әл–Фарабидің А–ның ж.–ж. д. ілімінен шығатын түйіндер: адам барлық заттың өлшемі, ол – басты құндылық, адам ақылы табиғат құбылыстарын танудағы басты құрал, адамзат қоғамының прогресіне кәміл сенім, адам дамып кемелденуі арқылы көркемділік, сұлулық, үйлесімділік ұғымдарының кеңеюі. Әл–Фараби үшін жан–жақты жетіліп, кемелденген адам – өз күш–қуатын адамдардың игілігіне жұмсайтын тұлға. Ондай адам ақыл мен әдептілікті, ізеттілікті үйлесімді тоғыстырады.
АБЫРОЙ – жеке адамның рухани сапасын, құндылықтық тұғырын анықтайтын, оның әлеуметтік ортаға және қоғамның жеке адамға моральдық қатынасын бейнелейтін этикалық категория. А. жеке тұлғаның өзінің өзіне деген талғампаздығы мен талапкерлігі негізделетін, өзіндік сананың бақылау формасы. А. ар–ұжданнан бастау алып, адамның қоғам алдындағы өз борышы мен жауапкершілігін саналы түрде түсінуінің бір тәсілі. Жеке адамды құрмет тұтып қадірлеу, сыйлау, оның құқығын, ерік–бостандығын мойындау және т.б. талаптардан тұратын жеке тұлғаның А–ы оған деген қоршаған әлеуметтік орта мен жалпы қоғамдық–әлеуметтік қатынас арқылы көрініс табады және сол арқылы реттеліп отырады, яғни қоғамның адамға және адамның қоғамға деген қатынасын білдіреді. А. адамның қоғамдық бітім–болмысын, бейнесін, беделін танытады. Бұл жағдайда А. жеке тұлғаның әлеуметтік және моральдық бостандығының маңызды жағы болып табылады. А. адамға ғана тән сапалық қасиет. А. адамның бойына туа бітетін немесе біреуден сыйға алатын нәрсе емес. Сондықтан, А. жүре қалыптасатын, моральдық процесс және ол, адамның саналы ғұмырынан бастап өмірінің соңына дейін созылатын. шексіз үдеріс.
АДАЛДЫҚ – адамның ішкі рухани болмысының мазмұндық құрылымын анықтайтын этикалық ұғым, адамгершіліктің маңызды талаптарының бірін белгілейтін моральдық категория. А. – адал – араб тілінің “рұқсат етілген”, “таза” деген мағынаны беретін сөзінен келіп қалыптасқан сипаттық мазмұнды бейнелейтін аксиологиялық ұғым. А. шыншылдық, әділдік, принциптілік, кісілік, адамгершілік, қанағаттық, ынсапшылдық, айтқан уәдесінде тұрушылық, мойнына алған істен жалтармаушылық, тазалық сияқты моральдық сапаларды қамтиды. А–деп өзін жасанды қылықпен, қорқақтықпен, өтірікпен “ластамаған”, турашыл және батыл, достықты қадірлейтін адамды сипатайтын.ұғым. Ол – өз жақындарын, отандастарын және бейтаныс адамдарды құрметтейтін кісі. Діни философияда, оның ішінде, исламдық этикада А. ұғымына өте зор мән беріліп, биік маңызға ие болады. Ол – адамның пенделік тіршілігінде өзіне рұқсат етілген іс–әрекет, қажеттіліктерін өтеуінде рұқсат етілген шегін анықтайтын рухани кеңістік.
Дала өркениетіндегі А. ұғымының этикалық қуатын “Ақиқатқа қақ тұрған – адалдықтың белгісі”, “Ала ойлаған алысқа бармайды”, “Адалдықтан ауған ер бір кеселге жолығар” (Балпық би), “Арам – өзін ойлайды, адал – өзгені ойлайды. Халықтың таңдауы – өзгенің қамын жейтіннің жағында” (Әйтеке би), “Адал болсаң жұртыңа, ағалыққа жарарсың” – деген ұстанымдардан байқаймыз. Демек, А. – өмірдің барлық жағдайларында адамның өз уәдесіне және қалыптасқан адамгершілік нормаларға сәйкес әрекет жасау жөніндегі парасаттылық талап. А. – ұлық мінез. Қазыбек биге сүйенсек, “Адалдықты әрқашан жасырмаған елміз, адал ниетті ақтай білген елміз”. “Адал адамның аты арып, тоны тозбас” –дейтін тұжырым жасайды қазақы таным. А. ұғымын табиғат тазалығымен салыстыратын тұсты “адал болсаң судай бол…” (Жанқұтты шешен) дейтін теңеуден көреміз.Демек А. – өмірдің барлық жағдайларында адамның өз уәделеріне сай және қалыптасқан адамгершілік нормаларға сәйкес әрекет жасау жөніндегі парасаттылық талап.
АДАСУ – ақиқат ретінде жаңсақ қабылданатын, нақты шындықпен сәйкес келмейтін сана мазмұны. А. ұғымын танымдық тұрғыда және моральдық тұрғыда қарастыруға болады. Танымдық тұрғыда А. танымның шындықтан ауытқуын білдірсе, ал екіншісі, адамның өмір жолында қателесуін, теріс жолға түсіп, азғындауын, адамгершілік, кісілік жолдан шығуын білдіреді. А. да шындықты, объективті дүниені біржақты бейнелейді,белгілі бір шынайы қайнар көзге ие болады. А–дың себебі. таным жолын салыстырмалы түрде таңдау еркіндігімен, шешілетін мәселенің күрделілігімен, ойды іске асыру барысындағы мәліметтің толымсыздығымен байланысты. А–дың психологиялық және әлеуметтік негіздері болады. Бірақ, оны моральдық–психологиялық феномен ретіндегі саналы өтіріктен ажырата білуіміз керек. Өтірік істің шынайы болмысын бұрмалаумен байланысты, біреуді саналы түрде қателесуге итермелеу мақсатын көздейді. А. қате пайымға негізделгендіктен ақиқаттан ауытқу, ол әр кезде жаңсақ алғышарттарға сүйенеді. Сондықтан оны қателесуден ажырата білуіміз қажет. Қателесу ойлаудың тек формальды тұсындағы ауытқуларды ғана көрсетеді. А.–ға алғашқы жіктемені Ф.Бэкон өзінің “идолдар” туралы ілімінде берген болатын. Оның философиялық жүйесінің сынға арналған бөлігі негізінен адамның адасуының себептерін анықтауға және оларды жоюдың жолдарын ұсынуға бағытталған. А. – адамға тән құбылыс, яғни өмір жолында қателесу, тіршілік бағдарынан шатасу, теріс жолға түсу, азғындап адасу, адамгершілік, кісілік жолынан шығу дегенді білдіреді. Діни философия адасуды адамның кәміл жаратылыс болмауымен байланыстырады. Адамға тән үштік құрылым: жан, тән және рух, оған адасудың тән болатындығын дәлелдейді. Екінші фактор еркіндіктің болуы. Құранда: “Сәмуд қауымына келер болсақ, біз оларға тура жолды көрсеттік. Бірақ олар адасушылықты таңдады” (44/17–аят) делінеді. Мұхаммед пайғамбар: “Ей қауым! Сендерден бұрынғы қауым осы себепті (тағдыр жайлы таласқа түскені үшін) адасқан. Кітаптың бір бөлімін екінші бөліміне қарсы қойғаны үшін адасты…” –деп айтқан. Ислам дінінде кісілік жолы “құдай жолы” мәнімен үндеседі. Абай әділет пен шапағаттан айрылу – А.–дың басы екенін аңғартады.
“Ғадаләт, шапағаттан босанбаңдар. Егер босансаң, иман да, адамдық та һәммасы босанады. Аллаяр софының бір фәрдәдан жүз фәрдә бижай (жайсыз, қолайсыз) дегені басына келеді” дейді Абай. Енді бірде Абай: “Мал, мақтан, ғиззат–құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егер адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады” дейді. Бұл тәлім сөздер кісілік жолдан адастыратындардан аулақ болу шартын уағыздайды.
АЖАЛ (араб. әджал – белгіленген уақыт, мөлшерлі мерзім) –адамға фәни дүниедегі белгіленіп берілген мөлшерлі мерзімнің, аяқталуын білдіретін діни-теологиялық ұғым. А. ұғымының түпнегізі Құран Кәрімде (3:145), Алла Тағаланың құдіретімен белгіленіп қойылған деген түсінікті береді. А. – Шәкәрім шығарм–дағы кездесетін тірек ұғымдардың бірі. «Мұсылмандық шарты» еңбегінің «Ажал туралы» бөлімінде А. ұғымын таратып айтады. Осы еңбегінде, Құран Кәрімнен және Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінен мысалдар келтіріп, мол түсіндіріп келеді де, өз ойын: «шайх Сағди айтқан: «Кісі ажалсыз өлмейді, Өйтсе де ажалсыз өлмеймін деп айдаһардың аузына кірме деген» деп түйіндейді. Шәкәрім өзінің көркем философиясында А. ұғымына кең өріс береді. Поэзиялық шығармаларының шарықтау шегінде, шешімді сәттерінде А. ұғымын Алла Тағала, асық (ғашық), тағдыр, сөз құдіреті т.б. ұғымдармен астастыра береді. «Қалқаман–Мамыр» поэмасында «Қош, Баба бата бер! – деп түрегелді, «–А, құдай, сақтай көр! – деп бата берді. Жөнелді күрең атпен сырылдатып, А–ға көпе–көрнеу байлап белді» және «Ат қойды құдайлап көп бозбала, А–дан қақты ғой деп хақ тағала» деген жолдарда А–ды екі рет атап, оның алғашқысында Көкенай шешімінің әділетсіздігіне тәуекелмен қарсы тұрудан хабар берсе, екінші сәтте Алла Тағаланың А–дан қорғаған құдірет күшін суреттейді. Алла Тағаланың әділеттілігі мен Көкенайдың әділетсіздігін бейнелеу арқылы, А–ды әділетті және әділетсіз ұғымдарымен астастыра теол.–философиялық контекс аясында береді. Өзінің ой танымын, сөз құдіретінің мәңгілігін А. және өлім ұғымдарымен астастыра беретін сәттері де қуатты: «Алмаймын патшалықты берсең де, Қайтейін, өлім тартып алады, Мендағы, А. жетіп өлсем де, Ғаскерім ақ қағазда қалады», немесе «Дәл кесімді А. келіп жеткенше, Ойдан, Сөз теремін жемістей». Сөз өнерінің орнын осылай анықтау, сондай–ақ, ойдан сөз теру, оның мәңгілік ажалсыз әскер екенін айту Шәкәрімнің жаңалығы. Филос. лирикада ұғымдар суреттеліп, не бейнеленіп қана берілмейді, сол ұғымның түп мәні жайында ой толғау тән. Осы бағдарда, әділеттіні А–дан Алла Тағаланың қаққанындай, Шәкәрімнің асыққа (ғашыққа) да А–дың келмейтінін бейнелеуінде символдық мән бар: «Асыққа А. келмейді, Қандай қаза көрсе де, Көңілі жанды өлмейді, Тәні жанды өлсе де». Көңілі жанды, тәні жанды ұғымдары арқылы өмірдің, тіршіліктің субстанциялды бастауларына бойлайды. Сондай–ақ, «Дүние мен өмір», «Қош, жүртым», «Жастарға», «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» сияқты шығар–ында көтерілген ой таным аясында А. ұғымы көрініс тапқан.
Достарыңызбен бөлісу: |