Бейне дәріс – жаңа білім алудың ыңғайлы және тиімді әдісі болып табылады. Сонымен қатар бұл анимациялық графикамен сүйемелденген бейне кескіндер мен дыбыстар жүйесі. Бейне дәрісте ең өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары, мамандардың беделді пікірлері (соның ішінде басқа қалада немесе басқа елде орналасқан), типтік қателерді талдау және тәжірибеге шолулар талқыланады. Бұл өнім ең алдымен жаңа білім іздеп, өзінің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталғандарға арналған. Білім алушы дәрісті көру үшін уақыт пен орынды таңдай алады және оны қайталай алады, бұл ретте әрбір дәріс уақыт шектеусіз оқуға болатын көрнекі диаграммалар мен кестелермен қамтамасыз етіледі [131].
Презентация – ақпаратты ұсыну тәсілі ретінде объект туралы қажетті ақпаратты алушыға ыңғайлы формада беруге мүмкіндік беретін ақпараттық немесе жарнамалық құрал болып табылады. Әдетте, презентация мәтінді, графиканы, кестелік деректерді біріктіре алады, сонымен қатар гипермәтіндік сілтемелерді, компьютерлік анимацияны, бейнені, музыканы және дыбысты (кейде барлығы бірге немесе бөлек) пайдалана алады [132].
Уақыт лентасы – оқиғалар хронологиялық тәртіпте сызылған уақыт шкаласы. Көбінесе уақыт шкаласы оқиғалар тізбегін көрсететін жылдармен (немесе кезеңдермен) белгіленген көлденең сызық болып табылады. Заманауи ақпараттық технологиялар хронометражға тек мәтінді ғана емес, суреттерді, бейнелерді және дыбыстарды да қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мәтін бөлігі немесе сурет үшінші тарап ресурсына гиперсілтеме ретінде орналастырылуы мүмкін, онда оқиға толығырақ ашылады. Уақыт шкаласын кез келген пәндік салада қолдануға болады, ол белгілі бір күнге байланысты емес (кезеңдер мен оқиғалар дерексіз). Ол оқиғалардың хронологиясын бейнелеуге мүмкіндік береді және олардың сипаттамасында әртүрлі электрондық ресурстарды енгізуге болады [133]. Төңкерілген уақыт таспаларын SmartDraw, time graphics, line time, т.с.с. бағдарламаларда жасауға болады.
Ментальды карта – ойлауды визуалдау техникаларының бірі. Радиалды және иллюстративті құрылымына сәйкес ментальды карталар ақпаратты ұсынуды қарапайым мәтін, тізім мен кестеге қарағанда жылдам әрі көрнекі етіп, ақпаратты жақсы меңгеруге әсер етеді. Белгілі бір ассоцтивті қабылдауды тудыратын жарқын бейнелер, графикалық суреттер мен сөздер сызықтық әдістерге қарағанда жадыда жеңіл сақталады, сонымен қатар қажет кезде жылдам еске түседі. Ментальды карта құру технологиясының тиімділігі – өтілген тақырыпты меңгеру сапасын тексеруде де байқалады. Оқу сабағының рефлексия кезеңінде білім алушыға қысқа уақыт аралығында орталық тақырыптың бір тармағын сипаттау ұсынылу мүмкін. Негізгі тармақтар санын оқытушы дәрістің мақсатына сәйкес таңдайды. Екінші деңгейдің тармақтарының санын ментальды карта авторының өзі таңдауы мүмкін. Интеллект картаның тағы бір артықшылығы – толық аяқталған ментальды карта сирек кездеседі, олар үнемі толықтырылып, жаңа идеялар пайда болуына сәйкес кеңейтіліп отырады. Ментальды карта білім алушылардың білімін тексерудің таптырмас шешімі бола алады, бақылау мен жобалық жұмысты қорғау барысында жоспарлау, орындау, жүзеге асыруда көмекші құрал рөлін атқарады. Электрондық ментальдық карталарды жасау үшін, мысалы, MindMeister, Text2, MindMap немесе FreeMind, XMind, Explane компьютерлік программаларын тиімді пайдалану. Программаларды пайдалану оқытушы мен білім алушылардың жұмыс өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді [134].
«Төңкерілген» оқыту үлгісінде жасалған сабақ үлгілеріне тоқталып өтейік:
Тақырыбы: Ғылым тарихы. Информатиканың ғылым ретінде қалыптасуы. Қазіргі әлемдегі информатиканың рөлі.
Дәріс 1. Ғылым – тұтас көпқырлы күрделі құбылыс. Ғылым – шындық туралы объективті білімдерді теориялық тұрғыдан жүйелейтін, өңдейтін адам қызметінің нәтижесі. Ғылым адамның ойлау мәдениетіне, шығармашылық қабілетіне, интеллектінің шексіз дамуына бағдарланады. Ғылым тек сыртқы дүниені ғана емес, өзіне-өзі де үңіледі: ғылым тарихы, логикасы, білім мен ғылым социологиясы, ғылымтану т.б. Соның маңызды терең салаларының бірі – ғылым философиясы мен әдіснамасы. Ол ғылыми танымдық қызметтің заңдылықтарын, ғылыми білімнің құрылымы мен динамикасын, ғылыми таным әдістері мен құралдарын, білім дамуын зерттейді.
Бүгінгі таңдағы еліміздің ғылым мен білімге басымдылық беру саясатына орай, оны тереңірек игеру және зияткерлік деңгейді көтеру білім беру процесінен бастау алады.
Біріншіден, ғылым дамуын тарихи кезеңдерсіз қарастыру мүмкін емес болғандықтан, 19 ғасырдың екінші жартысында арнайы ғылым тарихы ілімі қалыптасты. Ғылымның түпбастауының кезеңін анықтау да жалпы алғанда қиындық туғызатын мәселе болғандықтан, ол туралы мынадай әр түрлі көзқарастар қалыптасқан: ғылым адамзаттың пайда болуымен бірге, еңбек құралдарын қолданып, табиғатқа үстемдік жүргізе бастағаннан-ақ қалыптасты; 2500 жылдай бұрын Грек философиясы кезеңінде пайда болған; 400 жылдай бұрын жаратылыстану білімдерінің пайда болуынан, екі ғасыр бұрын позитивті ойлау машығының ықпалымен пайда болған.
Екіншіден, ғылым дегенді анықтаудың өзі қиындықтар туғызады, ғылыми мен ғылыми еместі ажыратудың өзі қиындықтар туғызады, ғалымдар тарихи дамудың барысында да ғылымды анықтауда әр түрлі шешімдерге келіп отырған. Сондықтан да оның шығу тегін анықтау қиынға түседі. Сонымен қатар ғылым әр мәдениетте де әр түрлі қарастырылады.
Дж. Бернар «Ғылымның басты ағымы алғашқы қауым адамының практикалық техникалық тәсілдерінен туындайды. Біздің механикаландыру мен ғылымға негізделген барлық күрделі өркениет байырғы өткен дәуірдегі әлеуметтік институттар мен материалдық мәдениеттен өркендеп шыққан, басқаша тілмен айтқанда, біздің ата-бабаларымыздың қолөнері мен дәстүрлерінен» - деп тұжырымдайды.
Адамның өмір сүру салтындағы алғашқы түбегейлі өзгеріс терімшіліктен жер өңдеуге көшкен кезде, жануарларды қолға үйретудің арқасында осыдан он мың жыл бұрын болған еді. Аграрлық революция өндірісті, тасымалдау мен қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін жануарлар мен адамның күшін біріктіре пайдалануға құрылған болатын. Соның нәтижесінде біртіндеп азық-түлік өндірісінің тиімділігі артты, өз кезегінде ол адам санын көбейтуге жағдай жасап, олар тұратын үлкен елді мекендердің тіршілік қамын жақсартты. Уақыт өте келе қалалардың өркендеуіне, адамдардың ірі елді мекендерге шоғырлануына ықпал жасады.
Аграрлық революциядан соң, XVIII ғасырдың екінші жартысында, басталған тағы бірнеше индустриялық революция өтті. Бұлар бүгінгі тарихи сәтке жетелеген бұлшық етті пайдаланудан механикалық қуатқа ауысу кезеңдері болды. Ал төртінші индустриялық революция процесі адамның таным қызметінің өзгеруі арқылы дамитын болады.
Бірінші индустриялық революция 1760 жылдардан 1840 жылдарға дейін созылды. Оны іске қосқан тегершік темір жолдың салынуы мен механикалық өндірістің дамуына ықпал еткен бу машинасының ойлап табылуы болды. XIX ғасырдың соңында басталып, XX ғасырдың басына дейін жалғасқан екінші индустриялық революция электр мен конвейердің таралуы арқасында жалпыға ортақ өндірістің пайда болуына алғышарт жасады. Үшінші индустриялық революция 1960 жылдары басталды. Әдетте оны компьютерлік немесе цифрлық революция деп атайды. Оның қозғаушы күші жартылай өткізгіштер, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары пайдаланылған алып ЭВМ-дер, жетпісінші-сексенінші жылдардағы жеке компьютерлер, тоқсаныншы жылдардағы интернет жүйелері болды.
Информатика жаңа оқу пəні ретінде барлық типтік мектептерге 1985 жылдың 1 қыркүйегінде енгізіліп, ол пəн «Информатика жəне есептеуіш техника негіздері» (ИЕТН) деп аталды. Жалпы білім беретін мектепте бұл пән жоғарғы екі сыныпта оқытылды (ол кезде бұл 9-10 сыныптар болатын).
Информатика жалпы білім беретін мектептің оқу жоспарына біртіндеп енуі айтарлықтай бұрын басталып, бұл процесс оқушылардың кибернетика және программалау элементтерін оқып үйрену тәжірибелерінен бастау алды. Сол кездегі кеңес білім беру тарихында мектептің білім беру жүйесінде ғана емес, сонымен қатар, қоғамда да маңызды орын аларлық ілгерілеуді сипаттайтын, бірнеше барынша нақтылы кезеңдерді атап өтуге болады. Осы ілгерілеу (дүниетанымдық, оқу-әдістемелік, ұйымдастырушылық, тағы тағылар) өткен ғасырдың 1980 жылдарының ортасында информатиканың жеке оқу пәні ретінде мектепке енгізу мен қалыптасуын қамтамасыз ететіндей жағдай жасалды. Төменде бұрынғы кеңестік социалистік республикалар одағы (КСРО) елдерінің барлығында дерлік, орта мектептеріне ИЕТН пəнін енгізудің алғышарттарына қысқаша шолу жасалынған.
Алғашқы электрондық есептеуіш машиналар бұрынғы КСРО-да ХХ ғасырдың 50 жылдарының басында пайда болды. Бұған қоса адамзат қызметінің жаңа саласы – электрондық есептеу машиналарына (ЭЕМ) программа жасау – программалау қарқынды дами бастады. Өзінің қалыптасуының бастапқы кезеңінде-ақ, тіл құралдары мен əдістерінің жетілмегендігіне қарамастан, ЭЕМ-де программалау оқушылардың оны түсініп, қабылдау мүмкіндіктеріне шек қоятындай қандай да бір түбегейлі қиыншылықтарды қамтымағандығын айта кеткен жөн, өйткені ЭЕМ үшін күрделі емес оқу программаларын құру жеткiншек жастағы оқушының шамасы келетiн, қарапайым жəне жалпыға бірдей ұғымдардың шектеулі ауқымына сүйенеді.
Алғашқы ЭЕМ-дердің ғылыми-зерттеу мекемелерінде жəне жоғарғы оқу орындарының iрi орталықтарында пайда бола салысымен-ақ, оған мамандардың құлшынысы жəне оқушылармен ізденушілік жұмыс жүргізуге деген қызығушылықтары ЭЕМ-де программалау бастамаларын оқып үйренетін оқушылар (көбіне əртүрлі жастағы) топтары құрылды.
Осы сияқты практика ең алғаш рет қай жерде іске асырылғандығын анықтау қиын. Мысалы, 50-жылдардың соңына қарай осындай тəжірибе КCРО Ғылым Академиясының болашақ академигі жəне мектеп информатикасының алғашқы нұсқасын жасауды ұйымдастырушы, математиктер мен программалаушылардың ең əйгілі өкілі А.П. Ершовтың қатысумен (1931-1988) жəне ол кісінің басшылығымен Академқалашыққа тиесілі Новосібірдің бірқатар мектептерінің есептеуіш техника базасында даму алғандығы белгілі. Қысқа мерзім ішінде осындай бағыттағы жұмыстарға еліміздің ғылыми-зерттеу институттарынан жəне университеттерінен жаңашыл-оқымысты ғалымдары қосылды. Бұл алғашқы қадамдардың оқушыларға жүйелі программалау оқу курсының жасалуына тікелей қатысы болмаса да, олар оқушыларға программалауды оқыту идеясын түбегейлі жүзеге асыруға болатындығын көрсетті.
Информатиканың дамуы ақпаратты сақтауға және өңдеуге арналған құрылғылар ЭЕМ-машиналардың шығуымен байланысты. Ал ЭЕМ– тенологияның негізгі құралы. Бұл ғылым – ХХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған.
Информатика – ақпарат алу, жіберу, өңдеу, сақтау, ұсыну процестерін зерттеумен қоғам өмірінің барлық саласында ақпараттық техника мен технология жасау, ендіру және тиімді пайдалану мәселелерін шешумен шұғылданатын ғылыми-техникалық прогрестің басты бағыттарының бірі.
Информатика:
ақпарат жинау, сақтау, жіберу, өңдеу және беру әдістері мен құралдарын зерттеумен байланысты – техникалық;
ақпараттың мәнін сипаттау тәсілін анықтайтын, оның сипаттау тілдерін зерттейтін-семантикалық;
ақпаратты кодтау әдістерін сипаттайтын – прагматикалық;
ғылыми-ақпараттық іс-әрекеттің кейбір түрлерін, оның ішінде индекстеуді, автоматты реферлеуді, машиналық аударманы формальдау және автоматтандыру мәселелерін шешумен байланысты мәселелер топтарын зерттейді.
Информатика ұғым ретінде біздің өмірімізге берік енген, ғылыми-техникалық үдеудің синонимдердің біріне айналды. Бұл сөз ХХ ғасырдың 60 жылдарының басында француз тілінде (information- ақпарат және automatioque- автоматика) қоғамда ақпаратты автоматты түрде өңдеуді белгілеу үшін пайда болады. Ғылымның, техниканың және өндірістің көптеген салаларының одан ары дамуы ақпаратты өңдеудің сандық және сапалық мүмкіндіктерінің өсуін, адамның ақыл-ой әрекетінің артуын қажет етті. Информатиканың қалыптасуы мен дамуында ғылыми-техникалық дамудың басты бағыттарының бірі, оның нақты катализаторы – ЭЕМ мен қазіргі компьютерлік техниканы жасау негізгі рөл атқарады.
ЭЕМ-ны қолдану – тек ақпарат жинақтауға, сақтауға, өңдеуге ғана емес, жаңа ақпарат, жаңа білім алуға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық технология (ЖАТ) жасауға негіз болды. ЖАТ ақпаратпен жұмыс істеудің белгілі сатыларын ретімен орындау. Қазіргі компьютердің ерекшелігі – олардың көпшілігі есеп шығару үшін емес, ақпаратты алуан түрде өңдеу үшін қолданылатынында. Бұл –мәтін өңдеу, графикалық жұмыс орындау, әр түрлі дерек жинау мен оны тез шығарып беру, компьютермен оқыту процесінде ақпаратты программалық түрде ұсыну, білім сапасын автоматтандырылған түрде бақылау және т.б.
Қолданылған әдибет тізімі:
Б.М. Аташ, Л. Асқар., Ш. Абуева. Ғылым тарихы мен философиясы: оқу құралы. – Алматы, 2014. – 120 б.
Шваб К. Төртінші индустриялық революция / ауд. Н.Б. Ақыш, Л.Ә. Бимендиева, К.І. Матыжанов. Рухани жаңғыру. Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық. – Алматы, 2018. – 198 б.
Бидайбеков Е.Ы., Лапчик М.П., Нұрбекова Ж.К. және т.б. Информатиканы оқыту əдістемесі: оқулық. – Алматы, 2014. – 588 б.
Достарыңызбен бөлісу: |