Д. Айтказина КӘсіби қазақ тілі



бет6/8
Дата24.02.2016
өлшемі0.89 Mb.
#12825
1   2   3   4   5   6   7   8

Есте сақтаңыздар

Тарихи орындар, өзен арналары, жақпартасты, орманды-көлді тау, Көкше шоқысы, қарағай, қайың, терек, тау етегіндегі аңғарлар, бидайық, арпабас, бұтақты бидайық, айрауық, шаңғы базасы, мәдени қызмет.



Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы», «Жер шоқтығы – Көкшетау» тақырыптары бойынша эссе жазыңыздар.

5. Мына өлең шумақтарын жатқа айтыңыздар.

Көкшетау көптен сені көрмеп едім,

Сен болмасаң бұл жерге келмес едім.

Таңданып табиғатқа таңырқанып,

Жол жүріп Көкше жерге жеткен едім.

Көрдім де ғашық болдым тау-тасыңа,

Қолыңмен сурет салып қойғасың ба?!

Шіркін-ай табиғаттың кереметін,

Көрсең де көзіңменен тоясың ба?
6-мәтін. Алматы

Тянь-Шань жоталарының етегінде орналасқан әсем қаланы «бақша-қала» деп бекер атамаған. Көктем маусымында, оңтүстік алқаптардағы бау-бақшаларда алма, өрік, шие гүлдеген кезде, қала ертегіге айналады. Алматы қаласының атауы – алма сөзінен шыққан. Дәл осы жерде аты әлемге танымал апорт алмасы өседі.

Кейбір деректерге сүйенсек, ескі замандарда осы жерде, яғни керуен жолы – Жібек жолында Алматы сауда мекені орналасқан. ХІІІ ғасырда оны Шыңғысхан ордасы тас талқан етті. 1854 жылы ескі қала қалдықтарынан Верный қаласы пайда болды. Кеңес Одағы жылдары қала атауы Алма-Ата болып өзгертілді, 1929 жылдан 1997 жылға дейін Алма-Ата Қазақстан астанасы болды. 1993 жылы тәуелсіздік туралы Атазаң қабылданған сәттен бастап, бұрынғы Верный, одан кейінгі Алма-Ата Алматы деп өзгертілді.

Алматы теңіз деңгейінен 650-1200 метр биіктіктегі Іле Алатауының солтүстік бөктерінде орын алған. Қала жазықтықта орналасқан, үш жағын биік таулар мен жасыл массив қоршаған. Алматы –Еуразия континентінің орталығы. Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында.

Алматының баурайларын Іле Алатауының ұлттық паркі алып жатыр. Онда көптеген табиғи қорықтар орналасқан. Мұнда өмір сүретін сирек құстар мен аңдар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Олардың қатарына Алматының мемлекеттік гербын әшекейлеген барыс жатады. Тау баурайында дәнді, бақша, темекі плантациялары мен жүзімдіктер жидектер мен жеміс бақшаларына ұласады. Қала территориясының 8 мың га астамын бақшалар, парктер, саябақтар мен бульварлар алады.

Қала 170 шаршы км. астам алаңды құрайды. Ол кіші және үлкен Алматы өзендерінің торабында орналасқан. Тау өзендері қаланы сумен қамсыздандырудың басты көзі болып саналады. Алматы бүгінде, 1997 жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығына сәйкес, Астана қаласына көшірілді.

Алматы – елдің ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржы орталығы. 1997 жылы қаланы одан әрі іскерлік әрі қаржы орталығы ретінде дамыту туралы шешім қабылданды. 2006 жылы АӨҚО дамыту жөніндегі заңға қол қойылды.

Басты қала құндылықтарының бірі – Көктөбе. Оңтүстігі қаламен шектесетін жоталы мекен. Ол 1070 метр биіктікте орналасқан. Көктөбенің басына шығу арқылы қаланың алақандай көрінісін тамашалауға болады. Дәл осы жерде қаланың керемет түнгі көрінісінің куәсі бола аласыздар.

Әлемге әйгілі Медеу мұз айдыны 1972 жылы құрылған. Ол қаладан 15 км. қашықтықта орналасқан.


Есте сақтаңыздар

Көктем маусымында, алма, өрік, шие гүлдеген кезде, әлемге танымал, Шыңғысхан ордасы, табиғи қорықтар, дәнді, бақша, темекі плантациялары, сирек құстар мен аңдар, ғылыми, мәдени, тарихи, өндірістік және қаржы орталығы.


Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.

5. Алматының әсем жерлері туралы (Көктөбе, Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ, Алатау, т.б.) әңгімелеңіздер.


7-мәтін. Семей

Семей – Шығыс Қазақстан облысының батыс өңіріндегі екінші орындағы ірі қала болып табылады. Ол Ертіс өзенінің екі жағасына орналасқан. Аумағы – селолық округтерді қосқанда 27,5 мың шаршы метр.

Гринвичтен 500 ендік және 800 бойлық сызықтары қиылысында Семей қаласынан батысқа қарай 40 км. Дегелең тауында Евразия супер-құрылығының Географиялық орталығы анықталған.

Өңір климаты ерекше географиялық орналасуымен ерекшеленеді, құрылықта, мұхиттардан барынша алыс орналасқан.

Аумақ арктикалық бассейнге ашылған, бірақ Азияның ең биік тау шыңдары оны Үнді мұхитының әсерінен оқшау қалдырған. Климатының шұғыл континентальдылығы жылдық және тәуліктік температуралардың жоғары амплитудасы салдарынан болып отыр. Қыста –45-қа, жазда +45-қа дейін жетеді.

Қала халқы 300 мың адамнан астам. Ертістің екі жағасында орналасқан Семей еліміздің ірі де әсем қалаларының бірі болып табылады, жергілікті тұрғындар ғана емес, Қазақстанның «рухани астанасының» қонақтары да осындай пікірде.

Солтүстік бөлігі Семей қаласынан басталатын Түрксиб темір жолы еліміздің маңызды құрылысының бірі болды. Семейде бірінші 5 жылдықтың ірі құрылысы ет консерві комбинаты болды, ол еліміздегі тамақ өнеркәсібі жөніндегі қуатты өнеркәсіптердің бірі болды. Қала мол өнімдік базасы бар ірі мал шаруашылық аймағының орталығы болды. Ет комбинатымен бір мезгілде ірі ұн комбинаты, жаңа техникамен жаңа тері зауыты салынып, ал 1938 жылы арнайы зертханасымен қой терісі зауытының құрылысы басталды. Сол кездегі ең жаңа техникамен жабдықталған судорем зауытының құрылысы да дами бастады. 1920 жылдың қазан айында қалада құрамында 15 адамы бар «Ес-Аймақ» театрлық труппа құрылды. Олардың арасында қазақ сахнасының көрнекті қайраткерлері – Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин, Жүсіпбек Елебековтер болды. 1934 жылы Семейде қазақ сазды-драмалық театр ұйымдастырылды. Театр 1934 жылдың 6 шілдесінде І.Жансүгіровтың «Кек» спектаклімен ашылды. Семей – тек Шығыс Қазақстандағы емес республикадағы мәдени, тарихи орталық болып саналады. Мұнда Абай және Ф.М.Достоевский мұражайлары, Қазақстан мен Батыс-Сібір өлкетану музейі, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы, кітапханалары бар. Қазақтың Абай атындағы сазды-драмалық және Ф.М.Достоевский атындағы орыс драмалық театрлары бар.
Есте сақтаңыздар

Географиялық орталығы, жергілікті тұрғындар, бір мезгілде, ет консерві комбинаты, қой терісі зауыты, қуатты өнеркәсіптер, көрнекті қайраткерлері, сазды-драмалық театр, мәдени, тарихи орталық.


Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.



5. Берілген сөздер арқылы мақал-мәтел ойлап табыңыздар:

- Әңгіме, ойын, әзіл, өтірік – ата;

- Ар, ұят, ықылас, намыс – қамыс;

- Рас, әзіл, өтірік, жалған – әділ;

- Менмендік, семіздік, тәкаппарлық, көкіректік – қой;

- Қу, айлакер, батыр, қорқақ – көлеңке.


8-мәтін. Астана

Астана – Қазақстан Республикасының елордасы. Астанада 697 257 адам тұрады (1 қаңтар 2011). Қазір қаланың аумағы 200 км2 алып жатыр. Қала Қазақстанның орталық бөлігінің солтүстігінде Ақмола облысында, Есіл өзенінің алабындағы өзен маңы жазықтығында орналасқан.



Қаланың атауы қазақ тілінен алынған. Қазақша ол сөз елдің бас қаласы дегенді білдіреді. Астана сөзі қазақ тіліне парсы тілінен ауысқан. Онда ол "киелі орын", "босаға" деген мағыналарға ие.

Соңғы жылдары қалада мәдени-ағарту мекемелері желісі едәуір көбейді. 3 театр, 23 кітапхана, 5 мұражай, 1 клуб мекемесі, 2 кинотеатр, Мемлекеттік филармония, 2 сарай, 3 балалар музыка мектебі, өнер мектебі, көркемөнер мектебі жұмыс істейді.

Халықты спортпен және дене шынықтырумен тұрақты айналысуға тарту мақсатында өткен кезеңде жаңа спорт кешендері ашылды және балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне (БЖСМ) күрделі жөндеу жүргізілді. Халыққа қызмет көрсетуге 25 спорт-сауықтыру кешендері іске қосылды.

Қалада ақпараттық инфрақұрылым қалыптасқан және оның дамуы жалғасуда. 2001-2005 жылдар кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) саны 78-ден 169-ға дейін (77 газет, 82 журнал, 7 телерадиокомпания, 3 ақпараттық агенттік) өсті. Олардың ішінде 25 БАҚ ағылшын, неміс, украин, татар тілдерінде шығады. Сонымен бірге мемлекеттік емес БАҚ-тар үлесін арттыру үрдісі байқалып отыр, бұл қазіргі уақытта 66 %-ды құрайды. Ақпараттық саясатты іске асырудың маңызды құралы мемлекеттік тапсырысты мемлекеттік, сондай-ақ жеке меншік БАҚ-қа да орналастыру болып табылады. Ақпараттық саясат медиажоспарларға сәйкес іске асырылады.


Есте сақтаңыздар

Елорда, киелі орын, босаға, күрделі жөндеу, бұқаралық ақпарат құралдары, үлес, үрдіс, ақпараттық саясат, медиажоспарлар, іске асырылады.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін қатыстыра отырып, сөйлем құрастырыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.

5. Астана туралы қандай өлеңдер білесіздер? Жатқа айтып беріңіздер.

6. Қазақстанның жаңа астанасы туралы өз пікіріңіз.


9-мәтін. Қарағанды

Қарағанды қаласы Қарағанды облысының әкімшілік орталығы. Тұрғындарының тез өсуіне байланысты 1934 жылы қалаға, 1936 жылы облыс орталығына айналды. Алып жатқан жерінің аумағы (577км²) жағынан республикадағы ең үлкен, халқының саны бойынша (423,7 мың адам 2003) төртінші (Алматы, Астана, Шымкенттен кейін) қаласы.1932 жылы оның халқы 70 мың болса, 1989 жылы 507,3 мың адамға жетті. Петропавл-Шу темір жол станциясы, әуе, автомобиль қатынасының маңызды торабы.

Іргесі Қарағанды көмір алабының орталығындағы шахтерлер кенттерінің негізінде қаланды. Сарыарқының ұсақ шоқылы, сәл белесті жазығының орта тұсында, жазда тартылып қалатын Бұқпа өзенінің екі жағалауында орналасқан. Климаты айқын континенттік, қысы суық, ұзақ, боранды, жазы ыстық, құрғақ, аңызық желді. Қаланы сумен Нұра өзені, Ертіс-Қарағанды каналы, жер асты сулары қамтамасыз етеді. Қала шегінде күңгірт-қоңыр топырақ тараған. Қараған, тобылғы, әр түрлі шөп, сұлыбас, т.б. дала белдеміне тән өсімдіктер өседі.

Қарағандының 170 жылдық тарихы бар. Қараған көп өсетіндіктен қала «Қарағанды» деп аталған. Бұл жерден 1833 жылы Байжанов Аппақ тас көмір тапқан. Жеңіл өнеркәсіп саласында тоқыма-галантерея фабрикасы, «Еско» ААҚ, «Томирис» және «Ника» фирмасы, тамақ өнеркәсібінде «Маргарин зауыты», «Қарағанды кәмпиттері», «Сарыарқа» акционерлік қоғамы, «Қарағанды-нан» ААҚ, 2-нан зауыты, т.б. жұмыс істейді. Полиграфия саласынан «Авиатрек» баспахана үйі бар.

Қарағанды көлік пен байланыстың үлкен орталығы. Мұнда «Сарыарқа» кәсіпорындары, «Қарағандыкөмірдің автобазасы»,«Қарағандытурист», 3 автопарк, 3 автокомбинат, 2 автоколонна, «Сапар» сияқты тасымалмен шұғылданатын көлік ЖШС-тері жұмыс істейді.

Қарағанды ғылым, білім, мәдениет орталығы. Мұнда ҚР ҰҒА-ның Орталық Қазақстан бөлімшесі, 19 ғылыми-зерттеу және жобалау институттары (ҰҒА-ның химия-металлургия, фитохимия ғылыми-зерттеу институттары, Көмір ғылыми-зерттеу институты, «Гипроуглегормаш» жобалау институттары, т.б.) орналасқан. Қарағанды мемлекеттік университеті, Техникалық университет, Медицина Академиясы, Заң институты және әр саладан мамандар даярлайтын мемлекеттік емес 10 жоғары оқу орны жұмыс істейді. 10 кәсіптік – техникалық мектеп, 39 мектепке дейінгі балалар мекемесі, 40 аурухана, 84 амбулатория мен емхана, 24 кітапхана, 3 мұражай, 6 мәдениет үйі мен клубтар, 2 драма театры, музыкалық-комедия театры, филармония, цирк, спорт кешені, стадион, екі үлкен саябақ бар.
Есте сақтаңыздар

Петропавл-Шу темір жол станциясы, әуе, автомобиль қатынасының маңызды торабы, Сарыарқының ұсақ шоқылы, боранды, аңызық желді, қараған, тобылғы, сұлыбас, баспахана үйі, жобалау институттары, саябақ.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.



5. Мәтіннен сөз таптары (зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, одағай, шылау, еліктеуіш сөздер) болатын сөздерді тауып, жік-жікке бөліп жазыңыз.

10-мәтін. Шымкент

Шымкент – Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы. Шамамен 651380 адам (6 наурыз 2009 жылғы жағдай бойынша) тұрғыны бар заманауи қала, Қазақстан Республикасында Алматыдан кейінгі екінші қала, бұл ретте қала басшылары, энергия және сутұтыну көлемін ескере отырып және негізге ала отырып, қала тұрғындарының саны шамамен миллионға жуық деп есептейді. Осымен қатар, Шымкент негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталық болып табылады. Ғалымдар Шымкент туралы кездесетін әр түрлі тарихи деректерді атай отырып, қала атауының мағынасын "бау-бақшалы қала", "Жасыл қала", "Шыммен қоршалған қала" деп түсіндіреді.

Шымкент – инфрақұрылымы жақсы дамыған, Қазақстанның жетекші өнеркәсіп және экономикалық орталықтарының бірі. Қалада түсті металлургия, машина жасау, химия, мұнай өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамытып отырған 69 өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Мұнай, химия және фармацевтика өнеркәсібінде "Петро Казахстан Ойл Продактс" АҚ (мұнай өңдеу), "Интеркомшина" (шина өндеу), "Химфарм" (дәрі-дәрмек өндіру) сияқты ірі кәсіпорындар жұмыс істеуде. Ал, металлургияда "Южполиметалл" АҚ (қорғасын және т.б. өнімдер), машина жасауда "Карданвал" (автомобильдер мен тракторларға қажетті қосалқы бөлшектер өндіру), "Южмаш" (ұсталық пресс машиналарын, қосалқы бөлшектер және құрал-жабдықтар өндіру), "Электроаппарат" (қуатты электр қосқыштары және т.б. өнімдерді өндіру) кәсіпорындары бар.

Жеңіл өнеркәсіпте алдыңғы қатардағы кәсіпорындарға – "Восход" фабрикасы (жүннен костюм, пальто, күртке тоқу), "Адал" (тоқыма өнеркәсібі), "Эластик" (шұлық тоқу) жатады. Құрылыс материалдарын өндіруде "Шымкентцемент" АҚ (цемент өндіру) және "Құрылыс материалдары" (құрылысқа қажетті кірпіштерді өндіру) және басқа да кәсіпорындар бар.

Тамақ өнеркәсібін өндіретін ірі кәсіпорындардың ішінен "Шымкентмай" және "Қайнар" (мақта шитінен, күнбағыстан зығыр, соядан тазартылған май шығаратын және т.б. өнімдер), "Шымкентпиво" (сыра өндіру), "Визит" (салқындатылған сусындар) акционерлік қоғамдарын атауға болады. Сонымен қатар, қала шаруашылығында өздерінің дамыған бизнесімен және сапалы өнімдерімен көзге түскен түрлі саладағы фирмалар жұмыс істеп келеді. Коммуналдық қызмет жүйесі: қалалық және қалааралық көліктер даму үстінде.

Қалада жүзеге асырылып жатқан мәдениет саясаты Оңтүстік Қазақстанда жасайтын ұлттық мәдени-полиэтникалық қоғамдардың қалыптасқан мәдениетін, салт-дәстүрлерін, достықты, татуластықты жандандыруға бағытталған. Шымқалада қазақ, славян, өзбек, башқұрт, татар, неміс, еврей, корей, әзербайжан және басқа, барлығы 16 ұлттық мәдени орталықтар жұмыс істеуде. Олардың белсене қатысуы және қолдауымен ұлттық саясат және тұрғындардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыру мәселелері оң шешімін тауып келеді.

2002 жылы Шымкентте «Ардагерлер аллеясы» қайта жандандырылды. Қалада 8 саябақ пен сквер жұмыс істейді. Олардың үшеуінің негізі XIX ғ. ортасы мен XX ғ. басында қаланған. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония жемісті жұмыс істеуде. 3 мәдениет сарайының залдары ешқашан да бос болмайды. Үш кинотеатрда қазіргі заманның фильмдерін тамашалауға болады. Қангүй мемлекеті дәуірінің бірегей экспонаттары облыстық өлкетану мұражайында қойылған. Қалада 28 кітапхана бар.

Облыстың мәдени өміріндегі атаулы оқиға – 1967 жылы қазақ және орыс драмалық театрлары ғимаратының құрылысы.
Есте сақтаңыздар

Заманауи қала, шина өндеу, ұсталық пресс машиналары, сыра өндіру, шұлық тоқу, мақта шитінен, күнбағыстан зығыр, соядан тазартылған май, салқындатылған сусындар, бос уақытын ұтымды ұйымдастыру, қайта жандандырылды.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.

5. Мәтінге қысқаша аннотация жазыңыздар.
11-мәтін. Атырау

Атырау Қазақстанның батысында, Жайық өзенінің бойында орналасқан қала. Қаланың негізі 1640 жылы қаланған.

Облыс және қала тұрғындарының мәдени-рухани дамуына М.Өтемісов атындағы облыстық драма театры, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония, Д.Нұрпейісова және Құрманғазы Сағырбаев атындағы Мәдениет сарайлары, Д.Нұрпейісова атындағы Ұлттық аспаптар оркестрі, «Атырау-Жайық», «Нарын» фольклорлық және басқа да ансамбльдер өз үлестерін қосып, шеберліктерімен көрініп жүр. Облыстық тарихи өлкетану және өнер мұражайларының да ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты насихаттауда еңбектері зор. Жаңа экспозициялар, көрмелер ұйымдастырып көрермендер көңілінен шығуда. Қала тұрғындарына әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыздандыруда «Өнерпаз» тұрмыстық және «Маржан» сән үйлері, «Дина», «Насиха», «Сауран», «Көктем», «Мерей» және т.б. сауда орталықтары қызметтерін көрсетуде.

Қала қонақтарын жайлы орынға орналастыруда бірнеше қонақ үйлері бос уақыттарын көңілді өткізіп, қонақжай дәм-тұздарын жайып қарсы алатын «Ақ Жайық», «Алладин», «Жайық толқындары», «Ақ Орда», «Ақ босаға», «Нәрлі», «Нұрдәулет» және т.б. көптеген мейрамханалар өз қызметтерін ұсынуда. ХХІ ғасырдың басынан бастап қала басындағы құрылыс қызметінің жыл санап, көлемі өсіп, салынған тұрғын үйлер мен әкімшіліктік ғимараттар саны көбеюде соның ішінде көп қабатты ғимараттар саны да күн санап өсуде. Күні кеше қалада ең биік ғимарат 9 қабат болса, енді қала ішінде 16, 22 қабатты үйлер мен ғимараттар бой көтерді.
Есте сақтаңыздар

Жайық өзені, ұлттық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, мәдени-рухани даму, қамтамасыздандыруда, насихаттауда, сән үйлері, сауда орталықтары, дәм-тұздарын жайып, әкімшіліктік ғимараттар.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.

5. Тырнақшаға алынған атаулардың мағыналары қандай? Сіз қалай ойлайсыз? Өз пікіріңізді ортаға салыңыз.

6. Төмендегі мақал-мәтелдерді жаттап, мағынасын

түсіндіріңіздер:

- Қонақ қойдан да жуас,

Май берсең де жей береді;

- Қонағым өз үйiңдi де ойлай отыр;

- Қонаққа бара бiлсең, шақыра да бiл;

- Қонақ бiр күн қонса – құт, екi күн қонса – жұт;

- Қонағы жаман болса, үй иесi қыдырады;

- Құтты қонақ келсе, қой егiз табады;

- Шақырғанға бармасаң, шақырғанға зар боларсың;

- Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес;

- Сыпайы қонақ сыйыңды жейді,

Мылжың қонақ мыйыңды жейді;

- Қонақ келсе ет пісер,

Ет піспесе бет пісер.
12-мәтін. Өскемен

Өскемен – Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіп, мәдениет және әкімшілдік орталықтардың бірі. Қала негізі 1720 жылы Ертіс пен Үлбі өзенінің құйылысында қаланған. Қазақстанның шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан, көлемі 54,4мың га жерді алып жатыр. Табиғаты континенталды.

Өскемен қаласы – егемендік алған Қазақстанның көрікті қалаларының бірі. Мемлекеттік билік ҚР Конституциясына сәйкес заңдық, атқару және сот билігі принциптеріне негізделген. Қаладағы заңдық билікті Мәслихат жүзеге асырады. Оның құрамында 25 депутат бар. Сот билігін Өскемен қалалық соты және арбитраж соты жүзеге асырады.

Өскемен Қазақстанның шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан, көлемі 54,4мың га жерді алып жатыр. Табиғаты континенталды. Қала халқын 320,2 мың адам құрайды. Қазіргі күні Өскеменде 76,8 мың зейнеткер (жалпы санының 23,9 % құрайды), оның 2476-ы Ұлы Отан соғысына қатысқан адамдар.

Қазіргі Өскемен Қазақстандағы түсті металдар орталығының бірінен саналады. Аймақтың жетекші салалары – түсті металдар өндіру, машина жасау. Өскемен қаласы бойынша 6072 шаруашылық субьектісі, 143 акционерлік қоғам, 2335 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 48 шаруа қожалығы, 1333 сауда кәсіпорны тіркелген. Өскемен қаласының ірі және орта кәсіпорындары мен ұйымдарына 78,7 мың адам еңбекке тартылған, оның ішінде 31,4 мың адам өндіріс сферасында, 5,8 мың адам – құрылыста, 16,1 мың адам – білім мен денсаулық сақтау саласында, 9,7 мың адам саудада, 10,3 мың адам – көлік пен байланыс саласында т.б. еңбек етеді.

17,7 мың адам шағын және орта бизнеске қамтылған. Шығыс Қазақстан облысындағы байланыс автомобиль, теміржол, өзен және әуе жолдары арқылы жүзеге асырылады. Көлік желісі автомобиль жолдарына негізделген. Қала аумағында 631 орындық 10 қонақжай, 63 мектеп (52 – мемлекеттік түрдегі және 11 – жеке), олар 47,1 мың оқушыны қамтиды, 14 жоғары оқу орны (17,1 мың студент), 11 орта оқу орындары (6,3 мың оқушы), 7 кәсіби-техникалық мектеп (3,4 мың оқушы), 26 мектепке дейінгі балалар мекемелері және 29 мәдениет мекемелері бар.


Есте сақтаңыздар

Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында, заңдық, атқару және сот билігі, түсті металдар, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, шаруа қожалығы, құрылыста, байланыс саласында, кәсіби-техникалық, мәдениет.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.

5. Мәтіндегі сан есімдерді теріп жазып, олардың мағынасына қарай түрлерін анықтаңыздар.

6. Төмендегі сан есімдерге қатысты мақал-мәтелдер, нақыл сөздердің мән-мағыналарын түсіндіріңіздер.

1 – Бір құмалақ бір қарын майды шірітер. Бір күн тұзын татқанға, қырық күн сәлем. Қонақ бір күн қонса – құт, екі күн қонса – жұт. Жақсы атқа бір қамшы, жаман атқа мың қамшы. Ұры бір түнде – бай, бір күнде – кедей. Бір басқа – бір көз;

2 – Екі жүзді пышақтан сақтанба, екі жүзді адамнан сақтан. Екеу болсаң, бір-біріңмен кеңес, біреу болсаң, қабырғаңмен кеңес. Екі ауру бір келсе, ажалыңның жеткені. Екі молда бір кісі, бір молда жарты кісі. Ерке бала екі жылар. Екі жақсы қас болмас, екі жаман ДОС болмас. Екі жарты – бір түтін. Есебін тапқан екі асар;

3 – Үріккен ит үш күн үреді. Жылайын деген баланың үш күн бұрын көзі қышиды. Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да , қарызыңнан құтыла алмайсың.Жаман мерген теке атқан жеріне үш барады. (үш байлық, жұрт, би, ғайып, арсыз, қадірсіз, т.б.);

4 – (құбыла, маусым, мүше, түлік, т.б.);

5 – Бес саусақ бірдей емес. (парыз, намаз, борыш, қару, түн, асыл мен дұшпан, өсиет, т.б.);

6 – Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Ағайын – алтау, анна – біреу. Аңқау астындағы атын алты ай іздепті. Алтаумын деме, жетеуге жолығарсың, жетеумін деме, сегізге жолығарсың.Қой алты күн аштыққа шыдайды. Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа. Алты жасар бала атқа мінсе, алпыстағы шал алдынан шығар.(алаш, иман, игілік, асқар, т.б.);

7 – Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл. Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер. (ғашық, жарғы, қазына, күн, жұт, жоқ, жетім, ата, т.б.);

8 – Сегіз қырлы бір сырлы;

9 – Тоғыз қатынның толғағы бір келеді;

10 – Он Адам жүрген жерде із қалады, жүз Адам жүрген жерде – соқпақ, мың Адам жүрген жерде жол қалады; Он бала бір әкеге жүк болмайды, бір әке он балаға жүк болады; Он саусағынан өнер тамған;

30 – Отызда орда бұзар, отыз күн ойын, қырық күн той. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды. Отыз ұлың болғанша, осырақ шалың болсын;

40 – Қырықтың бірі – қыдыр. Жақсы кісі қырқында толады, жаман кісі қырқында солады. Қырқына шыдаған, қырық біріне де шыдайды;

50 – Ел құлағы елу;

100 – Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсің. Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар;

1000 – Мың жолдас жақсы, мың жолдастан бір дос жақсы. Мың адам салған көпірді, бір адам бұзады. Бір адамның жаққан отына он адам жылынады. Мың қайғы бір борышты өтемейді. Мың ұжмақтан – бір күн тірлік.
13-мәтін. Қызылжар

Қызылжар – Солтүстік Қазақстан облысының қаласы, облыс орталығы (1936 жылдан). Қаланың негізі Есіл өзенінің оң жағалауында 1752 жылы қаланған.

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы (1936 жылдан), автомобиль, әуе, өзен және темір жолдарының ірі торабы. Батыс Сібір ойпатының оңтүстік-батысындағы Есіл жазығының орманды-дала белдемінде, Есіл өзененнің оң жағасындағы «Қызылжар» деп аталатын ежелгі қазақ қонысының орнында орналасқан. Тұрғыны 204,8 мың адам (2011 жылғы 1 мамырға).

90-жылдары нарықтық экономикаға өтуге байланысты Қызылжар қаласындағы ірі өнеркәсіп орындары өз жұмыстарын біршама баяулатты. Шаруашылық байланыстар үзіліп, кәсіпорындардың жұмысы тоқтай бастады. Тек 90-жылдардың соңынан бастап ел экономикасымен бірге Қызылжар қаласының да экономикасы біршама жақсарды.

Қазіргі кезде Қызылжар Қазақстандағы ірі өнеркәсіп орталықтарының біріне айналды. Қалада 174 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде ірі кәсіпорындарға “Еуразия”, “Вита”, “Молочный союз” АҚ-дары, нан комбинаты, ликер-арақ зауыты, “Сұлтан”, “Тонус” т.б. жатады. Қала бюджеті қаржысының 10%-н шағын бизнес береді. Саудада еңбекпен қамтылғандардың үлесі 47,8%, өндірістік салада 17,4%, оның ішінде құрылыста 6,6% болды, 35 кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейді. Қалада 110 шағын құрылыс кәсіпорны, 49 көлік және байланыс кәсіпорындары жұмыс істейді. Жалпы білім беретін 49 мектеп, 2 музыкалық, 5 спорт мектебі, 3 кәсіптік-техникалық мектеп, 5 арнайы оқу орны мен колледждер, одан басқа 2 мемлекеттік (Солтүстік Қазақстан университеті мен ҚР Ішкі істер министрлігінің әскери мектебі) жоғарғы оқу орны тіркелген. 12 аурухана, 10 емхана, 199 дәріхана халыққа қызмет көрсетеді. Қызылжарда 3 театр, филармония, 3 мұражай, кинотеатр, 4 мемлекеттік кітапхана, 5 мәдениет сарайы, т.б. жұмыс істейді. Қалада 4 стадион, 34 әр түрлі спорт ғимараттары бар. Облыстық және қалалық газеттер, жарнамалық басылымдар шығып тұрады. Сонымен бірге 3-телерадиокомпания жұмыс істейді.
Есте сақтаңыздар

Есіл өзені, автомобиль, әуе, өзен және темір жолдарының ірі торабы, орманды-дала белдемдері, өндірістік салада, шағын құрылыс кәсіпорны, әскери мектеп, қалалық газеттер, жарнамалық басылымдар, телерадиокомпания.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.



5. Мәтіннен жалғау жалғанған сөздерді (көптік, септік) теріп жазып, түрлеріне қарай ажыратыңыздар.
14-мәтін. Қостанай

Қостанай Қостанай облысының әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы. Қазақстандағы аса ірі темір, әуе және автомобиль жолдары тораптарының бірі. Батыс Сібір ойпатының дала белдемі алып жатқан оңтүстік-батыс шетін құрайтын Қостанай жазығының орталық бөлігінде орналасқан. Тобыл өзенінің, оған Әбілсай мен Қостанай деген салалары құятын биік жарқабақты террасалы жағада орналасқан. Жерінің аумағы 8991 гектар. Тұрғыны 205,5 мың адам (2003). Қостанай осы атыраптағы байырғы елді мекендердің бірі. Оның іргесін 1897 ж. Ресей патшасының жарлығына байланысты қазақтың жергілікті руларынан тартып алынған «Қостанай» атты қоныста, Еділ бойы мен Орынбор губерниясынан көшіп келген орыс шаруалары қалаған. Алғашқыда «Николаевка» деп аталды. 1893 ж. Қазақстанның құрамында болған бұрынғы Торғай облысында жаңадан өндірілген уездік аумақтық-әкімшілік бөлінісіне сәйкес оған «Қостанай» атауы берілді де, Қостанай уезінің орталығына айналды. 1912–13 ж. Оңтүстік Сібір темір жолы магистралінің ЧелябинскТроицк – Қостанай тармағының салынуына байланысты Қостанай Ресейде өнеркәсіптік дамуы бойынша біршама ілгері тұрған Орталық Ресей аудандарымен тікелей сауда-саттық байланыстар жасауға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде Қостанай Солтүстік Қазақстандағы ірі сауда орталықтарының біріне айналды. Қалада жеңіл және тамақ өнеркәсіптері, бу және дизель отынымен жұмыс істейтін диірмендер, қасапханалар, тері заттары, т.б. пайда болды. 191719 ж. Қостанайда Кеңес өкіметі орнап, 1920 ж. сол кездегі Ақтөбе облысындағы өзімен аттас округтің, 1925 ж. губернияның, 1936 ж. жаңадан құрылған Қостанай облысының орталығына айналды. Бүгінгі таңда мұнда жеңіл өнеркәсіпті құрайтын комволшұға комбинаты, «Большевичка» тігін, аяқ киім фабрикалары, тамақ өнеркәсібін құрайтын ет, сүт, ұн-жарма және нан комбинаттары, құрылыс материалдар өнеркәсібінің темір-бетон комбинаттары мен қызыл және силикатты кірпіш заттары, құрылыс-монтаж құралымдар комбинат, машина жасау мен металл өңдеу өнеркәсібінің авиақозғалтқыш, автомобиль және ауыл шаруашылық техникасын жөндеу зауыттары, химия өнеркәсібінің химиялық талшық зауыты, электроэнергетика өнеркәсібіне қарасты жылу электр орталығы, автомобиль жөндеу зауыты, жиһаз жасау өнеркәсібі, тұрмыс қажетін өтейтін комбинат, т.б. жұмыс істейді. Қазір қаланың өнеркәсіп құрамындағы кәсіпорындарда салалық 10 АҚ, 9 ЖШС, 4 МҚК бар. 2000 жылғы деректер бойынша Қостанайда барлығы 30 ірі кәсіпорын, т.б. бірлестік жұмыс істейді. Қалада Солтүстік Қазақстанның геология басқармасы мен оның орталық лабораториясы, А. Байтұрсынов атындағы мемлекеттік педогогика университет, ауыл шаруашылық институты, мемлекеттік ауыл шаруашылық және егіншілік жобалау институттарының, су құрылысын жобалау институтының бөлімшелері, кооперативтік, автомобиль, құрылыс колледждері, 2 қалалық кәсіптік-техникалық, медицина мекемелері, облыс тарихи және геология мұражайы, гидрометеорология бюросы, 59 мектеп, 2 мәдениет үйі, облыстық драма театр, филармония, 13 кітапхана жұмыс істейді. Денсаулық сақтау және сауықтыру мекемелерінен 12 аурухана (облыстық және қалалық клиникалық аурухана, теміржолшылар мен балалар клиникалық ауруханалары, облыстық және қалалық емханалар, онкология, туберкулез, психиатриялық, венерология диспансерлер, сүйек туберкулезі санаторийі, қалалық трахомоздық аурухана), 6 акушерлік пункт, 131 дәріхана, облыстық радио-телестудиялар, стадион тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Есте сақтаңыздар

Тобыл өзені, биік жарқабақты, байырғы ел, біршама ілгері тұрған, ет, сүт, ұн-жарма және нан комбинаттары, жиһаз жасау өнеркәсібі, онкология, туберкулез, психиатриялық, венерология диспансерлер, сүйек туберкулезі санаторийі, қалалық трахомоздық аурухана.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.



5. Мәтіннен жалғау жалғанған сөздерді (тәуелдік, жіктік) теріп жазып, түрлеріне қарай ажыратыңыздар.
15-мәтін. Талдықорған

Талдықорған қаласы Алматы облысының нақ ортасында,

Жоңғар Алатауының батыс бөлігінде орналасқан. 1869 жылы Тал қорған қыстауының орнында пайда болған Гавриловка селосы 1925 жылы Талдықорған қаласы деп аталды.

1944 жылы қалаға Талдықорған облысының орталығы мәртебесі берілді, 1959 жылы қайта ұйымдастыру нәтижесінде бұл статус алынды, ал 1967 жылы қала қайтадан облыс орталығына айналды. 1997 жылдың көктемінде Талдықорған облысы Алматы облысымен біріктірілді.

Қалада әлеуметтік саланы дамыту үшін қомақты база бар. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, 1 мемлекеттік емес ЖОО экономиканың түрлі салалары үшін мамандар даярлайды, 13 арнаулы кәсіптік орта оқу орындары, 32 жалпы білім беретін мектептер, мұның сыртында 1 жекеменшік мектеп және 3 мектеп интернат, 2 ведомствадан тыс мектеп, 19 балабақша, оның 11-і мемлекеттік, 6 шағын орталықтар, олардың 4-і мемлекеттік.

34 денсаулық сақтау мекемелері тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді, оның ішінде 29 мемлекеттік, 5-жекеменшік. Олардың ішінде 4 қалалық емхана, 11 – дәрігерлік ұйымдар, 2 дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық пункттер және басқалар.

Дене тәрбиесі және спортпен шұғылдану үшін қалада 1500 орынды Спорт сарайы, 5 мың орынды «Жетісу» стадионы, 1,5 мың орынды І.Жансүгіров атындағы ЖМУ стадионы, «Өркен» спорттық кешені, 3 мың орынды атшабар, 14 теннистік корт, 68 спорт залдары, жабық бассейн, аквапарк бар.

Қалада мәдениет мекемелерінің желісі дамыған: І.Жансүгіров атындағы әдебиет, тарихи-өлкетану мұражайлары, Бикен Римова атындағы облыстық драма театры, көркемсурет галереясы, 11 кітапхана, 2 кинотеатр, Достық үйі және Тіл сарайы.

Ақпараттық желі де біршама дамыған. Қалалық газеттер мемлекеттік және орыс тілдерінде тұрақты басылады, қалалық және коммерциялық теледидар каналдары жұмыс істейді.

Ескерткіштер тарихи және мәдени мұраның бөлігі болып табылады, бірнеше мешіттер мен шіркеулер қызмет істейді.

Талдықорған өңіріндегі шын мәніндегі қоғамдық саяси орталық болып табылады. Мұнда 9 саяси партия, 15 этномәдени орталық, 23 бірлестіктер жұмыс істейді.
Есте сақтаңыздар

Дене тәрбиесі, атшабар, теннистік корт, спорт залдары, жабық бассейн, аквапарк, көркемсурет галереясы, Тіл сарайы, ақпараттық желі, мәдени мұра, мешіттер, шіркеулер, саяси партия, этномәдени орталық, бірлестіктер.




Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.



5. Мәтіннен жұрнақ жалғанған сөздерді теріп жазып, түрлеріне қарай ажыратыңыздар.
16-мәтін. Тараз

Тараз – Жамбыл облысының орталығы. 19381997 жылдары арасында Жамбыл деп атанған еді, 1938 жылында Мирзоян деп атанған, кейін Әулие Ата деп атанған.

Орта ғасырларда Тараз деген атауымен әйгілі болды. Қалаға ең бірінші келгендер – Ферғана алқабының өзбектері болған. 1997 жылынан бастап тарихи атауы қалаға қайтарылып қолданылады. 2002 жылы Тараз өзінің 2000 жылғы мерейтойын қарсы алды. Орта ғасырларда Тараз Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан қалаларының бірі еді. Әсіресе Қарахан дәулеті кезінде гүлденген. 19 ғасырында Әулие Ата Қоқан қамалы еді. ХІХ ғасырының 60-шы жылдарында Ресей империясының құрамына кірген. Кеңес Одағы кезінде Жамбыл облысының орталығы болып, Қазақстан тәуелсіздігін алған соң егемен елінің жайлаулы Жамбыл облысының әкімшілік орталығы, тарихы бай көне шаһар болып өркендейді.

Облыстың айтарлықтай аумағын Бетпақ-Дала және Мойынқұм алады, тек оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс шеті таулармен шектелген (Қаратау, Қырғыз және Шу-Іле Алатау таулары). Табиғи ландшафтардың флорасы мен фаунасы кең және әртүрлі. Облыста өсімдіктердің 3 мыңнан астам түрі бар. Аң аулайтын өңірдің жалпы алаңы 13,9 мың га құрайды, онда жануарлардың 40-тан астам түрі мекендейді. 27,8 мың га алаңды құрайтын балық шаруашылық қоры 74 су айдынынан тұрады, оның ішінде 73 су айдыны балық шаруашылығына жарамды. Ірі бөгендерден Тасөткел және Теріс-Ащыбұлақ бар. Балық аулау кәсібінде толстолобик, ақмарқа, карп, сазан, көк серке, тыран балық, краль, торта балықтарын аулау кең таралған. Облыс аумағында 3 мемлекеттік табиғи (кешенді) қаумалы бар:

- мемлекеттік (кешенді) қаумал «Берікқара шатқалы» 17,5 мың га

алаңды алады, онда қызыл кітапқа енгізілген аса бағалы ағаш бұтасының және шөп өсімдігінің 50-ден астам түрін, ал жануарлардан – арқарды, үнді жайрасын, жұмақ шыбыншыны кездестіруге болады;

- жалпы алаңы 3,07 мың га құрайтын мемлекеттік табиғи

(кешенді) қаумал «Қарақоңыз шатқалы» (ботаникалық), Зайлы Алатаудың батыс сілемінде орналасқан. Алма, шие, алша, жүзім ағаштарының жемісті көшеттері үйеңкі орманның, боз қарағанның, тұт ағашының, түйе жаңғағының алаңдарымен ауыстырылады;

- жалпы алаңы 1000 мың га құрайтын Андасай мемлекеттік

(кешенді) қаумал (зоологиялық) Мойынқұм ауылынан батысқа Шу өзенінің жағасының бойында орналасқан. Өсімдік қабатында селеу шөбі, бетеге, қара сексеуіл, талдың ну бұтасы басымды. Жануарлар әлемінде арқарлар, құландар, джейрандар, еліктер, қабандар, қояндар, қырғауылдар, құрлар басым.



Таразда Қаратау тауларының бөктерінде Қаратау фосфор зауты жұмыс істеп тұр. Бұл зауыт фосфор шығарудаң әлемде беделді орындардың бірінде. Облыста бірдей 3 зауыт ашылған болатын, солардың бірі «Жамбыл фосфор зауыты», «Химпром», «Жаңа Жамбал фосфор зауыты». Қалада темір құрастырушы зауыты, автожөндеу зауыты, «Автобөлшектер» зауыты т.б. зауыттар жұмыс істеп тұр.
Есте сақтаңыздар

Әулие Ата, орта ғасырларда, әйгілі, Ұлы Жібек жолы, Қарахан дәулеті, Қоқан қамалы, көне шаһар, Бетпақ-Дала, Мойынқұм, флорасы мен фаунасы, толстолобик, ақмарқа, карп, сазан, көк серке, тыран балық, краль, торта, қаумал, селеу шөбі, бетеге, қара сексеуіл, талдың ну бұтасы.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.



5. Сөйлеу түрлерін атаңыздар. (Баян ету, сипаттау, мәлімдеу,

жариялау, қиыстыра сөйлеу, бипаздай сөйлеу, жебей сөйлеу, кесіп айту, есіп сөйлеу, зарлау, сапылдау, даттау, күжілдеу, зіркілдеу, қағыту, сықпырту, түйреу сөйлеу, сықпырту, астарлау, зеку, сыпсыңдау, қақылдау, т.б.)

6. Бұл қандай салт? Мысалы: Ұран, Хан сарқыты.

Ұран (салт) – бұрынғы қазақ салты бойынша әр ру мен тайпаның өз жауынгерлік ұраны, сыйынатын пірі болады. Ұран негізінде ел намысына шабатын кезде, жауға қарсы аттанғанда ел-жұртқа, азаматтардың қанын қыздырып, бір ортадан табылуға біріктіретін қуатты күш ретінде қолданылады. Батырлар жауға шапқанда өз елінің, аруақты ата-бабаларының, әулие-әмбиелердің атын ұран етіп аттанады. Және сол ұран арқылы қай ру, тайпаның батыры екені анықталады. Осыған сәйкес қазақ руларының белгіленген ұрандары болады.

«Хан сарқыты» – хан атқа мініп, ордаға түскен кезде әр тайпадан, әр тараптан арнайы іріктелген қаншама адам ханның өрістігі малын, қозы-лақ, құлын-тайына дейін түк қалдырмай бөліске салады. Бұл рәсім «хан сарқыты» деп аталады. Ханға малдың керегі жоқ. Хан – ел иесі, жұрт тұлғасы, елде бар болса, ханда да бар, ханның халықтан бөтен тілегі болмауға тиіс деген сөз.


17-мәтін. Ақтөбе

Қазақстан Республикасының батысында орналасқан, Ресейдің Орынбор облысымен, сондай-ақ Қазақстанның Батыс Қазақстан, Атырау, Қостанай, Қызылорда және Маңғыстау облыстарымен шектесетін Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы. Қалада 300 мыңнан аса халық тұрады.

Ақтөбе – Ақтөбе облысының әкімшілік орталығы (1932). Қазақстанның ірі өнеркәсіп және мәдени орталықтарының бірі. Темір жол, әуе және автомобиль қатынастарының маңызды торабы. Мұғалжар тауының оңтүстік-батысында Елек өзенінің сол жағалауына, Ақтөбені айнала орналасқан. Патша әскерінің Қазақстан мен Орта Азияны жаулап алуы үшін соғыс бекінісі ретінде алғашқы қазығы 1869 жылдың мамырында қағылған. 1891 жылдың 25 мамырынан уездік қала, Торғай облысы Ақтөбе уезінің орталығы. Орынбор – Ташкент темір жолының салынуына байланысты (1905) тораптық темір жол стансасына 1933ж. аэропорт (оның жаңа ғимараты 1978 ж.) пайдалануға берілді. Қалада әр жылдары маңызды саяси оқиғалар өтті. Тұрғындары Бүкілресейлік ереуілге қатысты (1905). Кеңес өкіметі орнағаннан кейін азамат соғысы жылдары ақ гвардияшылармен күрескен әскери күштер жасақталып, Кеңестік майдан орталығына айналды. Қазақстан өлкесінің 1 Кеңестік конференциясы өтіп, онда барлық қазақ жерін Кеңестік Қазақ республикасының құрамына біріктіру туралы шешім қабылданды. 192030 жылдары қалада паровоз және вагон депосы, механикалық зауыт, диірмен, элеватор, нан комбинаты, «Металист» артелі салынды. 2-дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары ферроқорытпа және хром, рентген аппаратуралары, ауыл шаруашылық машиналары (қой қырқатын электр аппараттары, трактордың қосалқы бөлшектері), тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары (ет комбинаты, қалалық сүт зауыты, элеватор, тоқыма, жиһаз және тігін фабрикакалары) пайдалануға берілді. Құрылыс базасы (кірпіш, темір-бетон бұйымдары, силикат-қабырға материалдары зауыттары, үй құрылысы комбинаты, т.б.) құрылды. Ірі құрылыс ұйымы – 1946 ж. іргесі қаланған «Ақтөбеқұрылыс» тресі (қазіргі «Ақтөбеқұрылыс» жобалау-құрылыс фирмасы). 2-дүниежүзілік соғысы жылдары мұнда бірсыпыра кәсіпорындар көшіп келді. Қалада 312-атқыштар дивизиясы, 101-ұлттық атқыштар бригадасы, теңізшілердің дербес атқыштар бригадасы, 129-миномет полкі және басқа да әскери бөлімдер мен бөлімшелер ұйымдастырылды. Қаланың 29 тұрғыны бұрынғы Кеңес Одағының батыры атағына ие болған. Оның ішінде шығыс халықтарынан шыққан екі қаһарман қыздың бірі Әлия Молдағұлова бар. Ақтөбеде алғашқы оқу орны – екі кластық орыс-қазақ училищесі 1884 ж. ашылды. 1896 ж. Ыбырай Алтынсариннің бастамасымен қазақ қыздары үшін әйелдер училищесі жұмыс істей бастады. Құдайберген Жұбанов атындағы Мемлекеттік университет, медицина академиясы, «Дүние» университеті, Талғат Бигелдинов атындағы жоғары әскери авиациялық училище, колледждер, қазақ және орыс драма театры, тарихи-өлкетану мұражайы, облыстық филармония, Молдағұлованың мемориалдық мұражайы, Отан соғысында қаза тапқандар мемориалы, Қазақстанда саяси қуғынға ұшырағандарға, Молдағұлова мен Исатай Таймановқа қойылған ескерткіштер бар.
Есте сақтаңыздар

Мұғалжар тауы, Елек өзені, паровоз және вагон депосы, механикалық зауыт, диірмен, элеватор, нан комбинаты, іргесі қаланған, қаһарман қыз, ескерткіштер.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.

5. Батырлық, қайсарлық туралы мақал-мәтелдердің мағыналарын түсіндіріңіздер.

- Батыр туса – ел ырысы,

Жаңбыр жауса – жер ырысы;

- Қаһарлы қамал бұзады;

- Ер жігіт елі үшін туады,

Елі үшін өледі;

- Батыл болсаң батыр да боласың;

- Жүрек – ер, бас – кемеңгер;

- Дұшпанға тастай қатты бол,

Досыңа балдай тәтті бол.


18-мәтін. Ақтау

Ақтау – Қазақстанның оңтүстік-батысындағы қала, Маңғыстау облысының орталығы. Қала теңіз және әуе порты.



1964 жылдан 1991 жылға дейін украин ақыны Тарас Шевченконың құрметіне Шевченко аталған.

Қала Каспий теңізінің шығыс жағасында орналасқан. Қаланың оңтүстік шығысында 40 шақырым жерде әйгілі Қарақия ойысы жатыр. Жер бедері тегіс, ол негізінен коррозиялық және дефляциялық әрекеттерден түзелген.

Кеңестік ғылымға сәйкес Еуропа мен Азияның шекарасы Мұғалжардан басталып, Ембі өзенінің бастауына дейін, одан Ембі бойымен Каспий теңізіне дейін жүргізілетін. 1950 жылдарға дейін Қазақстан аймағындағы Еуропаның шекарасы Жайық өзенінің бойымен өтетін.

2010 жылдың сәуір-мамыр айларында Орыс географиялық қоғамының экспедициясы Еуропа шекарасын Мұғалжар арқылы, одан Каспий маңы ойпаты (Шығыс Еуропалық жазығы бітіп, Үстірт үстіртінің батыс бөлігі өтетін жер) арқылы өту керек деген қорытындыға келді. Мұндай жағдайда Еуропашекарасы қазіргіден әлдеқайда оңтүстікке қарай ығысады. Қазіргі кезде Орыс географиялық қоғамының ғалымдар тобының пікірі Халықаралық географиялық одақтың қолдауына ие болмады. Демек, егер Халықаралық географиялық одақ Орыс географиялық қоғамының қорытындысын қолдаса, Маңғыстау облысының бір бөлігі Еуропада орналасқан болып шығады.



Ақтау қаласы Ленинград қаласының үлгісі бойынша қалана бастады. Ақтау қаласының әкімшілік құрамына Өмірзақ кенті кіреді. Қалада екі көшенің атауы бар. Бірі Бірінші Президент көшесі, екіншісі Тәуелсіздік даңғылы. Қала ықшамаудандарға бөлінеді. Қала шағынаудандарға бөлінгендіктен керекті жерді табу оңай. Мекен-жайды атағанда аудан үй пәтер ретімен айтады. Мысалы 13-6-72. Қазіргі уақытта 31 ықшамаудан бар. Әрбір шағынауданда шамамен 5070-тей үй бар, әр үйде орташа есеппен алғанда 60 пәтер бар. Қазіргі уақытта Ақтау қаласының солтүстігінен Ақтау-Сити қаласының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба Біріккен Араб Әмірліктерінің қолдауының арқасында 2007 жылы іске асырыла бастады. Өндірістік қала, мұнай және газ өндіріледі.

Қалада теміржол вокзалы жоқ. Поездар Маңғышылақ станциясына келіп тоқтайды. Қала мен станция арасында №101 автобусы мен таксилер қатынайды, ара қашықтығы – 20 км.



Ақтау порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Ақтау түрлі халықаралық құрғақ жүктерді, мұнай шикізатын және мұнай өнімдерін тасымалдауға арналған Қазақстандағы жалғыз порт болып табылады.
Есте сақтаңыздар

Қарақия ойысы, үлгісі бойынша, ықшамаудан, Біріккен Араб Әмірліктері, өндірістік қала, мұнай және газ, Каспий теңізі, порт.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.


19-мәтін. Қызылорда

Қызылорда – қала, облыстың әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық (1938 жылдан). Сырдария өзенінің оң жағалауында орналасқан. Тұрғыны 198,3 мың адам (2005). 8 әкімшілік-аумақтық бірліктен тұрады: Қызылорда қаласы,Тасбөгет, Белкөл кенттері, Қосшыңырау, Қызылжарма, Қызылөзек, Ақсуат, Ақжарма ауылдары. Қала теңіз деңгейінен 126130 м биіктікте жатыр. Қала аумағы өзенді бойлай оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай төртбұрышты пішінде созылып жатыр. Жер аумағы 3683 га. Қаланың 17,0 га аумағы теміржол тораптарына, 165 га аумағы көліктік көшелерге, 19 га аумағы қала бақтары мен демалыс орындарына, 51 га алқабы жасыл-көгалды орындар үлесіне тиеді. Геологиялық тұрғыдан Қызылорда аумағы Тұран эпигерциндік платформасы үстінде жатыр. Палеозойда қалыптасқан бұл жазықты кейде "Сыр ойысы" деп те атайды. Ойыстың шеткі иіндері палеозойлық қатты метаморфты жыныстарға толған. Ойыстың көлденең ені 400 км. Орталығында палеозойлық тау жыныстары 600900 м тереңдікте жатыр. Кейіннен ойыс мезозой, одан кейін кайнозой жыныстарымен жабылған. Шөгінді қабат үшке бөлінеді.

Қалада күріш машиналарын шығаратын «Қызылордакүрішмаш» АҚ, Құрылыс материалдары мен құралдар комбинаты, эксперименттік механикалық және тәжірибелік жөндеу-механикалық зауыттары, тоқылмайтын маталар, аяқ-киім фабрикалары, сонымен бірге астық өнімдері және азық-түлік, тағам бағытында «Береке-нан», «Балық», «Жайна», «Ісмер», «Қуат» АҚ-тары жұмыс істейді. Қалада «Айдан», «Аңсар», «Айжан», «Бабас», «Бастау және К», «Бейбарыс», «Сыр шарабы», «Темірхан», «Яксарт» және т.б. ӨК, АҚ-дар мен кәсіпорындар елге қызмет көрсетеді. Қаладағы көлік қатынасын «Маршрут», «Қатынас» АҚ-тары, «Жаңа талап» ӨК-і жүргізеді. Кейінгі жылдары қаланың архитектуралық келбеті жаңарып, тарихи орындар қайта жаңғыртылды. Жаңа әуежай, Аквапарк, Сарқырама каналы, Жағажай, төрт жұлдызды «Самал» қонақүйі, «Еуразия» кешені салынды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш, Қорқыт Ата, Абылай хан, Амангелді Иманов, Мұхтар Әуезов мүсіндері орнатылған. «Қызылорда таймс» (1994), «Ақмешіт ақшамы» (1997), «Новая Кызылорда» (1998) газеттері шығады.

Білім беру және мәдениет саласы бойынша қалада 30-дан аса жалпы білім беретін мектеп, 5 колледж, 3 кәсіптік-техникалық мектеп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Сейхун» академиясы, Экономика, экология және құқық университеті, Гуманитарлық университет бар. Аймақтық агроэкология ғылыми-зерттеу институты облыста ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Облыстық мемлекеттік архив, драма театры, «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі, филармония, көркемөнерпаздар шығармашылық үйі, облыстық халық шығармашылығы мен білім беру және мәдени жұмыстардың ғылыми-әдістемелік орталығы т.б. бар.


Есте сақтаңыздар

Теңіз деңгейінен, төртбұрышты пішінде, Тұран эпигерциндік платформасы, Палеозойда қалыптасқан, Сыр ойысы, шеткі иіндері, тау жыныстары, архитектуралық келбеті, ән-би ансамблі, филармония, көркемөнерпаздар шығармашылық үйі.



Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.



5. Арал теңізі туралы не білесіз? Сіздің жауабыңыз қандай?
20-мәтін. Орал

Орал қаласы – Батыс Қазақстан облысының әкімшілік, өнеркәсіп, тарихи және мәдени орталығы болып табылады.

Орал қаласының іргетасы 1613 жылы қаланған және жазық далалық Каспий теңізі маңы ойпатының солтүстік бөлігінде орналасқан. Ол Қазақстан Республикасы аумағындағы ұзындығы 1082 шақырымды алып жатырған Жайық өзенінің оң жақ жағасында, Чаған өзенінің төменгі ағысының сол жақ жағалауында орналасқан.

Орал қаласы ежелден Азиядан Европаға сауда жолын ашқан қала, бұл жерден Ұлы Жібек Жолының бір тармағы өткен. Табиғаты далалы және орманды-далалы болып келеді. Климаты күрт–континенталды. Жануарлар дүниесі алуан түрлі, өзендерінде балықтары көп. Қала аумағы шамамен 700 шаршы шақырымды алып жатыр. Халық саны 83 әртүрлі ұлттар мен ұлыстардан тұратын 251,2 мың адамды құрайды.

Қала аумағында 35 мыңнан астам тұрғындары бар 4 кенттік округ орналасқан. Атап айтқанда, Желаев, Деркөл, Зачаганск және Круглоозерное кенттері.

Қаланың дамуына аса зор маңызы бар Орал қаласынан 150 км қашықтықта Қарашығанақ мұнайгазконденсат кен орны ораналасқан.

Орал қаласының келбеті XVIII-XIX ғасырлардың тарихи ескерткіштерімен ерекшеленеді, атап айтқанда, Е.Пугачевтің үйі, Старый собор, “Христа Спасителя” шіркеуі, атаман, Карев үйі, облыс әкімдігінің ғимараты, қалалық мәдениет және демалыс саябағы. Сондай-ақ, жаңа шағынаудандар мен биік көп қабатты үйлер, әуежай және теміржол вокзалдары, Абай, Сырым Датұлы, М.Мәметова, В.И.Чапаев, А.С.Пушкинге арналған ескерткіштер, мәңгі алау, “Жеңіс” мемориалы және тағы басқалары қалаға қазіргі заманға сай келбет береді.

Орал өңірінің халық ауыз шығармашылығы халық сазгерлері Дәулеткерей мен Құрманғазының, күйші Дина Нұрпейісова мен басқа да орындаушылардың дүниелерімен, сонымен қатар Орал казактарының дарынды фольклорымен белгілі.

1833 жылы Орал қаласына А.С.Пушкин келген кезде қазақтың

“Қозы-Көрпеш және Баян-Сұлу” эпосын жазып алған. Қазақстанның Заманауи мәдениетін біздің жерлестерімізсіз елестету мүмкін емес. Олар, Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Леонид Макеев пен Хамза Есенжанов, дирижер Шамғон Қажғали, әртіс Хадиша Бөкеева, режиссер Әзербайжан Мәмбетов, Орал қаласы саз училищесінің түлегі Роза Жаманова.
Есте сақтаңыздар

Чаған өзені, ұлттар мен ұлыстардан, мәңгі алау, мемориалы, келбет, эпос, елестету мүмкін емес, дирижер, әртіс, режиссер, саз училищесі, түлегі.
Тапсырмалар
1. Мәтін соңында берілген жаңа сөздер мен сөз тіркестерін жаттап алыңыздар.

2. Мәтін бойынша сұрақ құрастырыңыздар.

3. Мәтінді ықшамдап мазмұндаңыздар.

4. Тақырып бойынша шағын эссе жазыңыздар.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет