Мектепке дейінгі жастағы балалардың рөлдік ойын ерекшеліктері. Әдетте, мектепке дейінгілерде ойынның неше түрлері кездеседі. Қазіргі кезде мектепке дейінгілердің ойының көбісі рөлдік ойындар. Рөлдік ойын деп кішкентайлардың «Мен мұндай боламын, немесе мен мұндаймын» деп тиісті бейнелерге еліктеуін айтамыз. Рөлдік ойын – ойынның ең көп тараған түрі. Балалар бақшасында «Бақша» деген ситуацияны қайталау: балалардың біреуі «Мен тәрбиеші боламын, ал сен бала боласын» деп, кейін осы рөлді атқарады.
Балалардың рөлге байланысты ойындары балалардың ақыл-ой қабілеті мен қиял процестерін дамытуға әсері көп. Қамтылған рөл ойындарының көпшілігінде мектепке дейінгілердің қасында объектіге орай аспаптарының көбісі жоқ, сол жоқ нәрселерді ауызша айтады. Мысалы, самолет үшін баланың өзі гүрілдейді немесе қолында ұшақ жоқ балалар бір ағашты алып «мынау менің ұшағым» дейді. Осыған қарағанда, ойын үстінде бір зат екінші заттың орнына тұрарлық (репрезентиптік) қызмет атқарады. Себебі үлкендердің ісін қайталауға тиісті аспаптар балада жоқ болғандықтан, солардың бәрін ойша (жорта) жасап, өзінше (ой тәжірибесін) қолданады. Бұл тек үлкендерге ғана тән емес, себебі болашақ істі алдын-ала ойша бейнелеу психиканың дамуында негізгі рөл атқарады. Ойындағы рөлдік сипат- бұл ересек адамдардың әр саладағы қызметі.
Мектепке дейінгілердегі еікінші сигналдық жүйенің дамуы.
Бөбек жасындағылар негізінен үй ішіндегілермен қарым-қатынас жасайды, ал (4,5-5 жаста) бала сыртқа шығып, құрбыларымен ойнайды, әрқайсысының сөз қоры бірінің білмегенін бірі білуі арқылы, бөбекке қарағанда, 3 есе арта түседі. Бұл жаста сөз қоры 3200-3800-ге жетіп қалады. Сөздік қорының көбеюі тек зат есім арқылы емес, сын есім, сан есім және т. б. арқылы іске асады.
Егер бөбек сөздерден сөйлем құрастыра алмаса, енді бұл жаста қарапайым сөздеден сөйлем құрастыра білу қабілеті артады. Бірақ сөйлем құру тек сан жағынан емес, сапа жағынан да үлкен өзгерістерге ұшырайды. Мектепке дейінгілер есінде бар сөз қорына негізделе отырып, тілдің тиісті ережелерін пайдаланып, мыңдаған жаңа сөйлемдерді құра бастайды. Бұл жерде жаңа сөйлемдер деп, сол тілде бар сөйлемдер ғана емес, тіпті жоқ сөйлемдерді де құруды айтады. Сонымен қатар, қолданылатын сөзін бала тым өткір және күлдіріп айтуға да шеберлігі дами бастайды. Қазақ тілінде кейбір категориялар жоқ болғандықтан, мектепке дейінгілер үшін сөйлеу жеңіл әрі оңай түседі және тиісті морфемалар арқылы сөйлемдерге жаңа жұрнақтарды «желімдей» беруге мүмкіндік туады.
Фонематикалық есту ана тіліне байланысты қалыптаса бастайды, фонематикалық есту мектепке дейінгілерде ана тілінде жақсы дамыған. Мысалы, біреу «сөз» деген сөздің орнына «бөз» десе оны кекетіп бір әріптің өзгерілуі, сол сөздің мәнісін өзгертіп жіберетінін бала сезеді.
Егер бөбектің сөйлеуі көбіне ситуацияға (жағдайға) тәуелді келсе, мектепке дейінгілерде сөйлем көп текстіге сай құрала бастайды. Ситуацияға байланысты сөйлеуде зат есім онша кездеспейді, оның орнына есімдік көп айтылады. Демек балалар сөйлеіп отырғанда қасына біреу келсе, олардың сөзіне түсіне алмайды. Түсіну үшін әңгіме не жөнінде екенін білу қажет. Ал контекстіге байланысты сөйлеу деп сөйлеушілердің қасында тыңдап отырғандар не жөнінде болып отырғанын білмесе де (ситуацияны білмесе де) сол айтылған сөздің тікелей мәнісіне қарап, соны айқын түсіне алуын айтамыз. Мектепке дейінгілер (6-7 жас) ситуацияға байланысты сөйлеуден контекст арқылы сөйлеуге көшеді. Себебі, олардың тек ситуацияға орай түсінікті емес, онсыз да түсінікті келеді. Осыған қарап ситуацияға қатысты тілдің төменгі сатысы екен, ал контекстің негізінде сөйлеу жоғарғы сатысы екенін айтуға болмайды. Себебі, тек мектепке дейінгілер емес, ересектерде кейбір жағдайда ситуацияға негізделе отырып сөйлейтіні жиі кездеседі. Мектепке дейінгілердің сөздері көбінесе өздеріне арналған. Себебі, ересектер сөйлегенде сөзін өзгелерге арнайды. Ал кіші балалар кейде өз-өзіне арнап сөйлейді. Сөйлеудің бұл түрін Ж. Пиаже эгоцентрикалық (лат. Его+центрум – өзіне сөйлеу) деп атаған. Әдетте, үлкендер айланғанда ішкі сөйлеу арқылы өз ісін жоспарлайды. Ішкі сөйлеу мектепке дейінгілерде әлі қалыптаспағандықтан, ойын естіртіп, өз-өзіне айтады. Демек, эгоцентрикалық сөйлеу – өзгелерге аналған емес, баланың өзіне арналған ойды жеткізудің ерекше түрі. Баланың ойы өзіне түсінікті болғандықтан, сол ойын өзіне естіртіп айтуы не үшін қажет? Бұл жағдайда бала ой үстінде өзіне сөз арнағанда, сол сөзді тірек ретінде пайдаланады. Әйтпесе, оның ойлана алуы мүмкін емес. Ж. Пиаже эгоцентрикалық сөйлеу балада 7 жасқа дейін сақталынады, кейіннен жойылады. Бұған Л. С. Выготский қарсы шығып, 7 жасқа толғанда эгоцентрикалық сөйлеу бір жолата жойылмайды дейді. Ол кейін баланың ішкі сөйлеуіне айналады. Л. С. Выготскийдің пікірінше, ішкі сөйлеу сырттай естіртіп сөйлеуден дамып шығады, бұлардың екі арасында эгоцентрикалық сөйлеу кездесіп, екеуін ұштастырып, өзі кейін жойылады дейді. Бұл пікірге кейін АҚШ психологы Дж. Брунер қарсы шығып, ішкі сөйлеу сырттай (естіртіп) тілге үйренуден балада пайда болмайды. Бұл оның түрлі символ арқылы дүниедегі затты бейнелеуге талпынуынан дамып шығады. Оның пікірінше, тілге үйрену балада туғаннан кейін пайда болғанымен, ол оның тәжірибесіне жатпайды.
Мектепке дейінгілердің таным процестерінің дамуы. Таным әрекетіне байланысты мектепке дейінгілердің заттарды эталонмен қабылдауына, қиялына тоқталайық.
Бізді қоршаған дүние заттары мен құбылыстары бірінен соң бірі көзге тәртіпсіз («хаос» сияқты) көрінеді. Құбылыстар мен заттар тым шексіз және сан-алуан сияқты болып көрінеді, олардың кейбіреулері форма не қызмет жағынан ұқсас жақтарын, біріншіден, бір ұғымға жатқызып, соларды топтастырып отырып қабылдау кезінде тәртіпсіздікпен күресуге мүмкіндік береді. Екіншіден, тиісті нәрселерді ойша тәртіпке келтіру үшін нендей қасиеттер мен құбылыстар нәрсенің қандай түріне жататынын білуі өте қажет. Мысалы, егер біздің алдымызға жүздеген бояулардың түрі кездессе, бірақ солардың түрі нендей негізгі бояуларға жататынын білмесек, сол бояуларды қабылдау қиынға соғар еді. Үшіншіден, біз белгілі бір заттың салмағын, көлемін, ұзындығын, оларды өлшемей-ақ қанша екенін, олардың бәрін өлшейтін болсақ, одан өз ортамызға бейімделу қиынға түсер еді.
Заттар мен құбылыстарды қабылдау ерекшеліктеріне байланысты былай топтастыруға болады:
Топтастыру. Бұл қасиетке бала (5-6 жасынан) ие бола бастайды. Айталық, шелек, тостаған, шөміш, т. б. бала «ыдыс» деген ұғымға жатқызып, осыларды әр түрлі нәрселерден, мысалы, орындық, үстел, керует, диван, кебеже, т. б. ажыратады. Ал пиманы, бәтеңкені, етікті, мәсіні, т. б. аяқ киімге жатқызып, бұларды киімдерден (пальтодан, шалбардан, бешпеттен, т. б.) ажыратады. Сол сияқты, құмды, тасты, борды, әйнекті т. б. «минерал» деген ұғымға жатқызып, осыларды металдардан ажыратады. Топтастырудың бұл түріне мектепке дейінгілер үйрене алмаса, психикалық даму жағынан оқуға даяр бола алмас еді.
Эталон арқылы білу. Егер бала, мысалы, үшбұрыш дейтін геометриялық фигураны кездестірсе, соны үшбұрышқа жататынын анықтау үшін, оның санасында үшбұрыш туралы ұғым болуы шарт. Осыны эталон деп атайамыз. Осы сияқты балаға жасыл түске боялған қағазды көрсетіп, кейін соны жасырып қойып, мына көп түстердің ішінен жасыл түсті қағазды алып бер десе, мұны бала орындай алады. Себебі, әуелгі түсті көрсеткенде жасыл түстің эталоны оның санасында қалып қойған.
Заттың көлемі мен санының ерекшелігі. Бұл жастағылардың көбі тиісті нәрселердің саны көбейетінін не азаятынын немесе көлемі ұлғаятынын не кішкентай болатының түсінігіне ие бола бастайды.
В. С. Мухина өзінің еңбегінде мектепке дейінгілерде қалайша эталондар (не «өлшеуіштер») қалыптасатынына тоқталып, эталон деген санды, көлемді не салмақты сақтау деп атап өтті.
Бөбектер көбінесе заттың бір белгісіне қарап, кейін сол затты таниды. Ал мектепке дейінгілер бөбектерге қарағанда затты тұтастырып қабылдайды. Мектепке дейінгілерде қиын жүретін процесс- бұл кеңістікті және уақытты қабылдауы. Кеңістікке орай «оң жақ», «сол жақ» дегенді бөбектер жақсы түсіне алмайды. Ал уақытты қабылдауға келетін болсақ, «кеше», «бүгін», «ертең» т.с.с. ұғынуда да біраз қиындықтар туындауы мүмкін.
Мектепке дейінгілердің зейіні бір объектіге қаншалықты берілуі, олардың оған қаншалықты қызғылықты келуіне байланысты. Бөбектер ойынға 30-40 минутқа дейін зейінді келе алатын болса, ал 6-7 жастағылар 1-1,5 сағатқа дейін беріле алады. Ал осы қасиеттердің баланың жадында ұзаққа қалдыра алмайды. Мектепке дейінгілерде тек арнаусыз есте қалдыру рөл атқарады. Арнаусыз есте қалдыру арнаулы есте қалдыруға қарағанда нәтижелі келеді. Себебі, бұлар тек нақты бейнелерді есте қалдыруға бейім. Мектепке дейінгілердің кейде нақты есте қалдыра алуы сондай, оларды суретке түсіріп алғандай сияқты көрінеді. Естің мұндай түрі «эйдетикалық» деп аталады.
Мектепке дейінгілерде қиялдау процесі де едәуір дамып қалады. Себебі, осылардың негізгі әрекеті ойын, ал ойынның қайсысы да шындыққа сай келе бермейді. Ойынның нәтижесінде балада қия кеңнен өріс алады. Мектепке дейінгілердің қиялдау процесі ертек үстінде қалыптасады. Ертек тек қазіргі заманда ғана емес, өткен дәуірлерде де 5-7 жастағылардың өмірінде де незгі рөл атқарған.
Мектепке дейінгілердің жасын Ж. Пиаже «операцияға, ойлануға дейінгі кезең» деп атаған. Осыған қарағанда олар үлкендерге тән мәселелерді шеше алмайды деген сөз. Мектепке дейінгілерде көбінесе нақты бейне ойы және ойының жүйелігі тән.
Бақылау сұрақтары
1. Мектепке дейінгі балалық шаққа тән негізгі іс-әрекет.
2. Мектепке дейінгі жастағы балалардың рөлдік ойынның ерекшеліктері
3. Мектепке дейінгілердегі екінші сигналдық жүйенің дамуы.
4. Мектепке дейінгілердің таным процестерінің дамуы.
Әдебиеттер [3, 4, 5, 6, 7, 8]
8-тақырып. Бастауыш мектеп жасындағылардың психикалық дамуы мен таным процестері
Жоспар
1. Бастауыш сынып оқушысының психологиялық сипаты.
2. Бастауыш сынып оқушысының анатомо-физиологиялық дамуы.
3. Бастауыш сынып оқушыларындағы қабылдау мен зейін процесінің ерекшеліктері.
4. Бастауыш сынып оқушыларындағы ес пен ойлау процестерінің ерекшеліктері.
Бастауыш сынып оқушысының психологиялық сипаты. Бастауыш мектеп жасының (7-11 жастың) өзінше жас кезеңіне бөлінуі оқудың (әсіресе орта оқу мектебінің) көп елдерде жаппай үстем алып дамып келуінен. Осы жас кезеңін өзінше бөліп алудың себебі – бұларда өтетін оқу материалдарының ұқсас келуінен.
Бастауыш сынып оқушыларының оқу материалдарын меңгеруге мүмкіншілігі өте көп. Себебі олардың интеллектісі қарапайым ой операциясы дәрежесінде кездеседі.
Кеңес психологы В. В. Давыдовтың пікірінше, көбіне оқушылардың оқу материалдары олардың ақыл-ой деңгейіне сай келмей отырады. Сондықтан, олардың оқуға мүмкіншілігін толық пайдалану үшін тапсырмаларды одан әрі қиындата түсу керек.
Егер бұл жастағылардың негізгі іс-әрекеті ойын болса, оқуға кіргеннен кейін оқу қызметі шешуші рөл атқарады. Осыдан, оқу әрекеті – бала психикасының дамуына әсер ететін негізгі әрекет болып табылады. Ойынға қарағанда оқуға байланысты талаптар бала үшін күрделі болып келеді. Сонымен қатар, жаңа мектепке келген бала сыныптағы құрбыларымен қатынас жасап, осының нәтижесінде өзінің психикалық өрісін кеңейтеді. Дегенмен, алғашқы уақытта мектептегі жаңа жағдайға бала әлі бейімделе алмағандықтан, мынадай қиындықтар туындауы мүмкін:
– бала мектептің, сыныптағы тәртіп ережелеріне бейімделе алмайды (белгілі уақытта тұрып, мезгілінде жатуға, сабақтан қалмауға, сабақ кезінде үнсіз тыныш отыруға үйрене алмағандықтан) қиналады;
– мұғалімнің өзіне тән мінезіне және құрбыларымен қалай қарым – қатынас жасауға үйрене алмағандықтан бала қиналады, мұғалімнен түсінбеген нәрсесін сұрауға ұялады;
– мектепке дейінгі кезеңдегі оқуға дайындық жеткілікті дәрежеде болмаса, мектептегі оқу материалдарын бала дұрыс меңгере алмайды;
– мектептегі оқытылатын материалдардың тым жеңіл келуі. Тапсырмалардың тым жеңіл келуі қиындықтармен күресуді тежейді, балалардың оқуға деген ынтасы;
– мектептегі оқытылатын материалдардың тым жеңіл келуі. Тапсырмалардың тым жеңіл келуі қиындықтармен күресуді тежейді, балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыра білу керек. Мұндай қиындықтарды ескеріп, назардан тыс қалдырмау керек.
Бастауыш сынып оқушысының анатомо-физиологиялық дамуы. Мектепке келерде бала дене жағынан алға қарай едәуір өріс алып, бұлшық еттері мен шеміршектері және сүйектері едәуір нығайып қалады. Қол бармағының нығаюы 9-10 жаста қалыптасады да, табаны 10-11 жаста сүйектеніп бітеді. 7-8 жастың арасында бала 2,5 кг. қосады. Бойы жылына 5 см. қосып отырады. Бұл кезде әсіресе, жүрегі мен тыныс алу органдары қалыптасып қалады.
1) Баланың жалпы физикалық дамуы: қалыпты салмағы, бойы, кеудесінің аумағы, бұлшық ет тонусы, пропорциясы, терісі және елімізде 7 жастағы ұл балалар мен қыз балалардың физикалық дамуының орта нормасына сай келетін басқа да көрсеткіштері. Көру, есту, моториканың (әсіресе, қолдың білезік және саусақтарының ұсақ қозғалыстарының қалыптасуына) жақсы болуына аса көңіл аудару керек. Алыстан көрмеушілік, естудің төмендеуі немесе қолдың ұсақ қозғалыстарының қозғалмалылығы мен координациясының жетіспеушілігі кейде баланың мектепте оқу үлгеріміне бөгет жасау себептері болатындығы айқындалған.
2) Жеткілікті білім мөлшерін меңгеру, яғни ой-өрістің мөлшері, осының негізінде сыныптағы жұмыс ұйымдастырылуы мүмкін. Негізінен, бұл сезім тәжірибесі, елестету, кейбір қарапайым түсініктер («өсімдіктер», «жануарлар», «мезгілдік құбылыстар», «уақыт», «сан») және бірқактар фактологиялық сипаттағы мәліметтер (адамдардың еңбегі туралы, туған жер туралы, мерекелер туралы. Мектепте дайындаған баланың біліміне кеңістік туралы белгілі елестеулер кіреді (алыс, бағыт, форма, заттардың көлемі, олардың кеңістіктегі орналасуы және уақыт туралы, оның өлшем бірлігі туралы сағат, минут, апта, ай, жыл).
3) Соңғы жылдары балаларды мектепке дайындау жоспарында балалардың кейбір әдеттерді, шеберлікті игеруі мен мінез-құлықтың маңызды дағдылары мен әрекеттерінің қалыптасуына үлкен мән берілуде: тұрмыстық , өзіне-өзі қызмет ету, гигиеналық, мәдени ( бір-бірімен сыпайы қатынас), еңбектік (қарындашты, қайшыны, бояу жапқышты, инені пайдалану).
4) Баланың мектепке дайындығының маңызды көрсеткіші болып олардың грамматикалық және фонетикалық байланысты, дұрыс сөйлеуді меңгеруі, басқаны өзіне тура қаратылып айтқан сөзін ғана түсіне білу, сондай-ақ өз ойын білдіру үшін өздігінен сөйлем құра білуі де жатады. Сөзді таңдай білу мен айта білу, сөздердегі ересектер көрсеткен дыбыстардың кейбірін ерекшелей білу есту арқылы ұқсас дыбыс тіркестерін айыра білу жатады.
5) Мектепке барғанда жазуды меңгеру үшін қолдың білезігі, саусақтардың ұсақ мускулатурасының жетілуі өте маңызды. Осы мақсатпен балалар тәрбиешінің жетекшілігімен балалар бақшасында әр түрлі жаттығулар орындайды: сурет салады, суретке сызықты түрлер салады, контур бойынша тапсырылған әшекейлерді қияды т. б.
6) Балалар жолдастарымен бірлесіп істейтін жұмысқа және өмірге дайындалған болуы керек: тыңдай білу, және басқаның сөзін бөлмеу, қиын кезде жолдасына көмектесу, басқалардың пікірлерімен санаса білу ғана қажет емес, сондай-ақ, егер белгіленген мінез-құлық ережелеріне сай келетін болса, өзіңнің дұрыстығыңды қорғай білу керек.
7) Мектепке барар алдында оқуға ықылас, білімге ынта, жаңаны білгенге қуана білуінің қалыптасуы өте маңызды. Осы негізде мектепте баланың оқу жұмысы процесінде терең және тұрақты таным мүдделері және жемісті де жүйелі ой еңбегі нәтижесінде пайда болған қуаныш тәрбиеленуі мүмкін.
Бастауыш сынып оқушыларындағы қабылдау мен зейін процесінің ерекшеліктері. 1 сыныпқа барған оқушылардың жаңа құрамымен өткізілген сабақтарда-ақ мұғалім олардың зейінін басқару қажеттігіне кезігеді. Мұның өзі мұғалімге оқушылардың, оқу процесінің психологиялық ерекшеліктерін меңгеруіне міндеттейді.
7 жастағы балалар өте зейінсіз. Олар оп-оңай және тез алаңдайды, мұғалімнің нұсқауларын тыңдауды қояды, естігендерін ұмытып қалады, өз жұмыстарында қатені көп жібереді және де орындап отырған кезде кенеттен басқа іске алаңдауы жиі кездеседі. Олар басқа бір нәрсені ойлап кетеді, тапсырылған жұмыстағы дәйектіліктен айырылып қалады да, көпке дейін қайтадан зейін қоя алмай отырады. Мұғалім балаларға жаман бағалар қояды, кейбір мұғалімдер тіпті зейінсіздігінен жіберген қателері үшін жазалап та жатады.
Алайда тәжірибе мұғалімнің мұндай шаралармен баланың зейінін жақсарта алмайтынын айқын көрсетеді. Балалардың зейінін басқару үшін оның табиғатын, физиологиялық, психологиялық негіздерін білуі керек. Сонда балалардың бірден толық қалыптасқан күйіндегі зейінділікті талап ету емес, әуелі балаларды зейінді болуға үйрету керек.
Зейін адамның бір немесе бірнеше тітіркендіргішті адамның жүйке жүйесіне минут сайын әсер ететін тітіркендіргіштер тасқынынан бөліп алып, сол тітіркендіргіштерге көңіл қоя білуінен көрінеді.
Балалар үшін қайсы бір нәрсеге ұзақ уақыт зейін қоюдың қаншалық қиын екенін бірен ұғыну үшін, жоғары жүйке қызметінің кішкентай балаларға тән ерекшеліктерін ескеру өте маңызды. Сабақта мектептің кішкентай балаларымен атқарылатын күнбе-күнгі жұмысты зейіннің қай түріне негіздеп құру қажет? Әрине, ырықсыз зейінге. Бірінші сынып оқушыларын мектепте оқытудың алғашқы апталарында балаларға бірер минут дем алдыру үшін, мұғалімге 3-ші немесе 4-ші сабақта аздап үзіліс жасау да ұсынылады.
Бастауыш мектеп оқушыларында бір аминантының сақталу уақыты да, яғни зейіннің орнықтылығы да көп болмайды. Балалардың қызықты әрі өздеріне ұғымды әңгімені ұзақ уақыт, барынша зейінмен тыңдай алатыны мұғалімнің барлығына мәлім.
Қабылдау – айналадағы ортаның заттары мен құбылыстары адымның сезім мүшелері тікелей әсер еткенде, адамның сол заттар мен құбылыстарды бейнелеу процесі бүкіл дүние тарихының өнімі болып табылады.
Дамуының бастапқы сатыларында баланың қабылдауы әлі мүлдем жетілмеген болады, қабылданатын заттардың бейнелері барынша көмескі және бұлыңғыр болуымен ерекшеленеді. Мәселен, 10-12 айлық бала анасының қауырсындары бар үлкен қалпақ кигенде шырқырап жылай бастайды. 3-4 жастағы балалар да жаңа жылда қасқыр болып жүрген тәрбиешілерін танымайды. Мұндай бұлыңғырлық пен аумақтылық балалардың қабылдауының өзіне тән ерекшелігі болып табылады және күрделі әрі онша таныс емес заттарды қабылдаған кезде тіпті 7-9 жастағылар өз мұғалімдерінің бейнесіне оның бетін, шашының түсін, көзін ғана емес, сыныпқа киіп келген көйлегін, аяқ-киімі мен сөмкесін де қосады.
Баланың танымының бастапқы сатысы оның күнбе-күнгі тәжірибелік өмірі болып табылады. Баланың заттарды дұрыс қабылдай алуы, байқампаз болуы мынадай іс-шаралар арқылы жүзеге асады:
– баланы арнайы қабылдай алу дағдыларына үйрету;
– негізгі дағдыларды бала бойында қалыптастыру үшін анализ бен жалпылауды жетілдіру керек;
– балалардың жасы неғұрлым кіші болса, анализдеуде олардың психикалық ісі соғұрлым үлкен рөл атқарады;
-
қабылдауға үйретуде сөзді кірістірудің рөлі зор.
Бастауыш сынып оқушыларындағы ес пен ойлау процесінің ерекшеліктері. Балалар кез келген материалды емес, өздерін қызықтыратын, олардың сезімдеріне дұрыс әсер ете алатын материалды ғана естерінде сақтайды. Бұған қоса есте сақтаудың шапшаңдығы – бұл есте сақтау процесінің бір ғана сапалы, бір ғана бөлімін қамтиды.
Мысалы, жекеленген заттардың бейнелері кез келген мазмұндағы сөздерді есте сақтау саны сияқты, балалардың жасының есеюіне қарай үнемі көбейіп отырады. Дегенмен де зерттеуге алынған 3-4 сынып оқушыларының барлығы дерлік сөздік материалдардан гөрі, көрнекі материалдарды есте сақтайтындығы анықталды. Мұндай нәтижені Э. А. Фарапанов бірінші және екінші сигналдық жүйенің бірігіп қызмет істеуінің, затты көзбен көру арқылы қабылдау мен бір затты білдіретін сөздер арқылы қабырдаудың нәтижесі деп қарайды. абстрактылы мазмұнды сөздерді есте қалдыруда жоғары сынып оқушылары ең жақсы нәтижелер көрсетті.
Есте қалдыру. Еске сақтаудың ерікті және еріксіз түрлері бар. А. Н. Леонтьевтің және П. П. Блонскийдің зерттеулері бойынша, еріксіз есте қалу ең алдымен субъективті себептерге байланысты екендігін көрсетіп береді. Зерттеулер балалардың еріксіз есте қалдыруы кейде тіпті әдейі ерікті есте сақтаудан әлдеқайда тиімді, әсерлі болатынын көрсетті.
Бала есінде берілген тапсырманың жақсы сақталуы үшін мынадай әрекеттер мен тәсілдер қолдануға болады:
1) Көрнекі құралдарды қолдану. Баланың жасы неғұрлым кіші болса, соғұрлым оның танымдық іс-әрекетінде сезімдік қабылдау зор рөл атқарады. Сондықтан материалды есте қалдыру үшін де, мүмкіндігі бар жерде көрнекі материалға сүйену өте маңызды.
2) Қайталау. Көптеген мұғалімдер оқу материалдарын есте берік сақтаудың ең басты және тиімді құралы бірнеше рет біртекті қайталау деп есептейді. Балалар қайталау арқылы ережелерді жаттап, теориялық білім негізін толықтырып отырады.
3) Өзін-өзі бақылау. Адам өзі істеген істі бекіту үшін, өзі жеткен нәтижені білуі қажет. Берілген кез келген дәрежедегі материалды оқып игерудің кез келген қалыптасуы дәрежесінде өзін-өзі бақылау үлкен рөл атқарады. Өзін-өзі бақылау балаларды өзіне сын көзбен қарап, берілген тапсырманы орындауға жауаптылығын артттыруға үйрететіндіктен, әсіресе төменгі сынып оқушылары үшін өте қажет.
4) Себептер мен нұсқау. Адамның кез келген басқа қызметі сияқты мнемикалық қызметінің жемістілігі де ізденулерге, яғни оны туғызған себептерге, нұсқауда берілген дәрежедегідей оны орындау әзірлігіне байланысты. Бала материалды есте сақтап қалуы үшін есте сақтап қалуға тиісті екенін білуге және оны есте сақтап қалғысы келуі тиіс.
5) Есте сақталған материалдың мағынасын ұғыну. Кішкентай балаларға сөзбен немесе тіпті сезімге әсер етерліктей берілген мазмұнның мағынасын ұғыну өте маңызды. Көптеген тәжірибелер барысында мағыналық жағынан байланыстыруды қалыптастырған жағдайда, материалды еске түсіріп қайталауда оқушылар үлкен жетістіктерге жеткен. Есте сақталғанды ұғыну үшін балаларға әр сөздің, терминнің мәні түсінікті болуы қажет.
Есте сақтау және ұмыту. Материалды жаттау, оны қайтадан еске түсіру арасында кететін уақыт жасырын немесе латентті кезең деп атайды.
Жаңғырту. Есте сақтау процесінің соңғы сатысы, қайталап еске түсірудің ең жеңіл нысаны тану процесі болып табылады. Бұл арада қабылдау мен есте сақтау процестерінің түйісуі жүзеге асады.
Бастауыш сынып оқушыларымен күнделікті жүргізілетін жұмыстың және көптеген бақылау жұмыстарының қорытынды нәтижелері:
– біріншіден, бұрынғы кезде қажет болғандай ұзақ мерзім ішінде емес, 7-9 жастағы балаларға көлемі жағынан айтарлықтай үлкен материалдарды барынша қысқа мерзімде-ақ есінде ұстау балалардан да, мұғалімдерден де айрықша күш жұмсауды талап етеді;
– екіншіден, төменгі сынып оқушыларының барынша күрделі оқу материалдарын игерудегі осы жетістігі балаларды оқытудың жаңа жүйесінің нәтижесі болып табылады. Балалардың қабылдағандарын ұғынуға мүмкіндіктер бере алатын ақыл-ой белсенділігі мен жатталынған мазмұнды түсінуге негізделген оқыту есте сақталуға тиісті материалдардың барынша толық, ұзақ сақталуына, оны қайталап еске түсірудің дәлдігі және әр түрлі жолдарын барынша еркін пайдалана білуге жетелейді;
-үшіншіден, логикалық есте ұстау баланың жас шамасына қарай пісіп-жетілуінің ғана нәтижесі емес, ең алдымен-оқыту жүйесі мен баланың қысқа өмірінде жинақталған шамалы көрген-түйгенінің нәтижесі екендігін тәжірибе көрсетіп тұр.
Баланың ұғынып жаттаудың тиімді тәсілдерін үйренуге баланы баланы мектеп жасына жетпеген кезінен бастап дәйектілікпен үйрету қажет.
Бақылау сұрақтары
1. Бастауыш сынып оқушысының психологиялық ерекшелігі.
2. Бастауыш сынып оқушысының анатомо-физиологиялық даму ерекшелігі.
3. Бастауыш сынып оқушыларындағы қабылдау мен зейін процесінің ерекшеліктері.
4. Бастауыш сынып оқушыларындағы ес пен ойлау процестерінің ерекшеліктері.
Әдебиеттер [3, 5, 6, 9, 18, 21]
9-тақырып. Жеткіншек кезеңіндегілердің психикалық дамуы
Жоспар
1. Жеткіншек кезенінің баланың дамуындағы алатын орны мен маңызы.
2. Жеткіншек жасына өтудің анатомиялық-физиологиялық және психологиялық алғы шарттары.
3. Жеткіншек кезеңдегі «дағдарыс» мәселесіне теориялық көзқарастар.
4. Жеткіншектік шаққа өтудегі жаңа құрылымдар
5. Ересектік сезім – жеткіншек жасының негізгі психологиялық құрылымы ретінде.
Достарыңызбен бөлісу: |