Карл-Поппер форматы – «мектепішілік» формат. ТМД мемлекеттері мен әлемнің кейбір елінің оқушылары осы форматта ойнайды. Америка парламентінің саяси форматымен бара-бар. Бір палатада, яғни топта 3 спикер. Әрқайсының бір рет сөз сөйлеу құқы бар. Сұрақ-жауап және дайындық кезеңіне бөлек уақыт беріледі. Үкімет тобы белгілі бір проблеманы шешуі керек. Ал оппозиция тобы оған қарсы шығып, қарсыластың ұстанымын жоққа шығаруы керек. Жұмысын жақсы орындаған топ жеңіске жетеді. ДЕБАТ ФОРМАТТАРЫ ЖӘНЕ ТӘРТІБІ Америкалық парламенттік формат (АПФ) – қиял парламентіндегі дәйектердің, тапқыр-лықтың және риторикалық қасиеттердің сайысы. Әрқайсы екі ойыншыдан тұратын екі команда – Үкімет пен Оппозиция қаралуға ұсынылған қарарды талқылайды. Әр раундқа жаңа қарар таңдалады. Раундта бірнеше адам төреші болса, олардың арасынан бір палата спикері таңдалады. Ойын ережесі туралы қысқаша айтар болсақ, қарарға қатысты үкімет лидері шығып, өз дефинициясын, құрған кейсін, аргументтерін ортаға тастап, фактімен дәлелдеп, статистиканы айта отырып, философиясын нақтылайды. Оппозицияның лидері үкімет лидерінің кейсін құлату үшін қарсылық білдіріп, өз кейсін құрады. Үкімет тобының екі спикері оппозиция тобы лидерінің кейсіне қарсылық білдіреді, сосын бір спикердің кейсін жаңғыртады немесе өз аргументтерін құрады. Содан соң әр топтан бір спикер сараптама жасайды, позицияларының дұрыс екенін дәлелдеп, ойынды қорытындылайды. Британдық парламенттік формат (БПФ) да Америка парламенттік форматына ұқсас, яғни дефиниция, статус-кво, философия, аргументін айтып, нақты фактімен мысал келтіре отырып дәлелдейді. Бірақ бұл форматта философия емес, құндылық айтылады. Басты ерекшелігі – қатысушылар саны артық, атқаратын қызметтері азаяды. БПФ форматында «ұсынады» қарарында ойнаса, әр үстел өз идеясын ұсынады. Ойын екі бөлімнен тұрады: 1. Ашушы үстелдер арасында (АПФ форматы сияқты) 2. Жабушы үстелдер арасында (Ашушы үстелдің ойын дамыта отырып ойынды кеңейту алаңы). Әр команданың атқаруға тиіс рөлі болады, сондықтан ойыншылар осыны барынша тиімді орындауға тырысуы қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |