Бірімжанов ОГПУ-дің коллегисының 11/ІҮ-30 ж. Қаулысымен «Алашорда» контрреволюциялық ұйымының мүшесі ретінде №541784 іс бойынша 10 жылға концлагерге кесілген болатын. Жазасын ОГПУ-дің Карел-Мурманскідегі лагеріндегі Усикмитледе өтеп жатыр.
Негіздеме: ПП ОГПУ-дің Орта Азия бөлімінің 29/ХІ-32 ж. №11926 күнгі телеграммасы.
ОО ОГПУ-дің бастығының орынбасары ...(қолы). 20 желтоқсан, 32 жыл».
Бұл беттесу өтті ме, жоқ па, оның анық-қаныға бара алмадық.
7 том 412 бет
Москва, УСО ОГПУ. 23 тамыз, 1933 ж.
ОГПУ-дің коллегиясының мәжілісінің (сот) қаулысы 4/ҮІІІ-33 ж. Орындалды, тұтқын Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлы БСӨ-нің Кривошейн ауданында тұратын үй-ішімен қосылып, қазір бірге тұрады. УСН-ның бастығы – Сивяков».
Бұл да бір үлкен демеу. Бұл мәселеге Москвада тұратын Әлихан Бөкейханов барынша белсенді араласқан. Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтің лагербден босануына және үй-ішінің олармен жолығуына да жол ашқан. Бұл жөнінде естеліктер де бар.
Осы томның 425-бетінде: «Бұрынғы қаулыға жасалған өзгеріске байланысты қалған уақытта күйеуімен бірге болуы үшін Байтұрсынова Бадрисафаны (Байтұрсынов Ахметтің әйелі) ПП ОГПУ-дің Солтүстік бөлімі арқылы жіберілсін» - деген рұқсат қағаздың бетіне:» Томск губерниясының Кривошейн ауданы Жуково деревнясында тұратыны көрсетілсін» - деп бұрыштама қойылған.
7 том 430 бет.
«ОГПУ мекемелеріне бақылау жасайтын республика прокурорының көмекшісіне Байтұрсынов Ахмет Байтұрсынұлынан Өтініш
Қ(азақстан) ОГПУ –нің 1931 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен менің дүние-мүлкім тәргіленіп,өзіме 10 жыл концлагерде отырға үкім шығарылды. Сол К ОГПУ-дің 1932 жылғы 4 қарашадағы қаулысымен мерзімінен бұрын босатылып, 3 жылға Солтүстік өлкеге жер аударылдым. Жоғарыдағы қаулыны орындалуы барысында менің әйелім Бадри –сафа Байтұрсынова Томскі губерниясының Кривошейн ауданындағы Жукова деревнясына жер аударылған. Әйелімнің жасы 56 –да, оның үстіне денсаулығы да нашар, талма ауруы бар, күніне 4-5 рет ұстап қалады. Ол қандай да бір жұмыс істеу былай тұрсын, оның өзі өзгенің көмегінсіз күнін көре алмайды.
Жоғарыдағы айтқандарымды ескеріп, селбесіп бірге тұруымыз үшін әйелімнің менің қасыма келуіне, не менің оның қасына ауысып баруыма рұқсат беруіңізді сұраймын. Мұндай ауысулар қазіргі ережелерге қарсы емес шығар, тәжірибеде бар ...(хаттың шеті жыртылған – Т.Ж.). А.Байтұрсынов. 1933 жылдың 6-қаңтары. Адресім: Архангельскі, Соломбала, 1-дервня, 1- бойлық, №9 үй».
Осы арызды айнытпай көшіріп ОГПУ-ға да жолдаған. Жазуы өте әдемі. Содан кейін барып бірге тұруға рұқсат берген сияқты. Әрине, Архангельскіден көрі Том губерниясы «құрлыққа жақын» әрі табиғаты да үйреншікті.
===========================================================
7 том 441 бет.
ССР Одақтық орталық атқару комитеті пизидумының 14/ІV – 1934 жылғы мәжілісінің № 72 хаттамасы «34»
ОГПУ коллегиясының 4/ ІV – 30 ж. Күнгі үкімі бойынша 20/ VІ – 29 ж. Күнгі қаулысымен 10 жыл коцлагерге кесілген Мағжан Жұмабаевқа кешірім жасау туралы ұсыныс. (№ П-443-41 іс). Коцлагердегі тұтқындалу мерзімін жеті (7) жылға қысқартылсын.
ССР Одағының ОАҚ-нің хатшысы үшін А.Медведов
(Көшірме Сибирьлагка жіберілсін).
Мағжанға кешірім жасау ісіне Әлихан Бөкейханов, М.Горькийдің әйелі актриса Пешкова араласқан. Мағжанның әйелі Зылихаға арыз жазып жөн көрсеткен, қаржылай көмегін ұсынған, түрлі мекемелерге кіргізген Әлихан Бөкейханов. Бұл туралы Зылиха Жұмабаеваның естелігі бар.
7 том 440 бет. Мағжанның тұтқында болған жері.
«ОГПУ-дің Свирлаг басқармасының ПВШ-сына Лодейноеполе қаласы. 28 апрель. ССР ОАК-нің призидумының мәжілісінің азамат Мағжан Жұмабаевтің № П-443-41 ісі туралы 1934 жылғы 14 сәуір күнгі № 72-91 қаулысының көшірмесі жолданып отыр.
Анықтама: ОГПУ коллегиясының 26/ІV-34 жылғы қаулысы»
Осы томның 439 бетінде ОГПУ коллегиясының: «ССР ОАК президумының 14/ІV-1934ж. Қаулысы орындалуға жіберілсін» - деп жазылған. Осымен 7 том аяқталады. Тұтқынға алынғандардан тәркілеген хаттар істің соңында жеке конвертке салынып қатталған. Мұнда тінту, сұрақ алу кезіндегі ірілі-ұсақты жазбалар жинақталған. Соның ішінде жеке хаттар, әр жерге жазылған өтініш-арыздар, куәліктер, сайлау комиссиясына жазылған хаттар, жай сәлем хаттар бар. Соның ішінде тұтқындардың бір-біріне және сыртан келгендерге жазған тілек-өтініштері бар. Түрме психологиясына және ондағы отырған адамның тілек-талабын білу үшін сотсыз атылып кеткен Мәдібек Кеншімовтің: «Тайке! Получиль всего мальенкий. Таз надо для түкірген. Чай тоже.» деп жыртық-жыртық бір жапырақ қағазға жазған қолтаңбасыда жүр. Бұған қарағанда М.Кеншімовтің мұқтажын жеткізетіндей шала орысша сауаты бар және насыбай ататындығы байқалады. Сондай-ақ Т.Құдабаев дегеннің: «М.Әуезовтің қолжазбаларын түгел қарап шықтым. Мұнда ол (іздеген қолжазбасы – Т.Ж.) жоқ деп жазыпты. Сол қолжазбалардың ішінде тінту кезінде тәргіге алған Мұхтар Әуезовтің «Сұғанақ сұр» романы «Елағасы» пьесасы, Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ мәдениет тарихы» монографиясы, Жүсіпбек Аймауытовтың жаңа экономикалық саясат кезеңі туралы жазылған романы да болуы әбден мүмкін. Бір өкініштісі солар түрменің мұрағатында сақталмай ізім-қайым жоғалып кетті. 1956-59 жылдары Кеңестер одағының барлық түрмелеріндегі іс-қағаздар, қолжазбалар, тәркіленген дүние-мүліктер вагон-вагонмен тасылып қала сыртында өртелді. Сол мұрағаттарға акті жасап, өртеуге қатысқан адамдардың біразы бұл жайды: түрменің ішінде де, акті жасалған кезде де көлікке тиегенде де, вокзал басында да, вагондардың іші-сыртында да, ен даладағы өртеу алаңдарында да мылтықты әскер иық тірестіріп қоршап жүрді. Сәл аялдап қағаздың бетіне қарауға мұрсат бермеді. Мылтықтың дүмімен ұрып, дедектетіп айдап жүрді. Ішіндене бар екенін сездік. Өзегіміз өртенді. Бірақ амал қанша» - деп естеріне алатын. Бұл әңгімені біз де өз құлағымызбен естіп едік.
Ескертеу: 7 томының 331 бетінде – Ахметсафа Юсуповтың, 372 бетінде Жүсіпбек Аймауытовтың суреттері бар болатын. 1991 жылы бұл архив мұрағатына қайтадан рұқсат алғанымызда ол суреттер орнында жоқ болып шықты. Құпия мекеменің «аса құпия» деректері де қолды болып тұрады екен. Мұхтар Әуезовтің көрсетіндісі де жоғалып, табылғанына куә болғаным бар.
7 том 324 бет.
ОГПУ-дің Қостанай бөлімшесінің бастығы Пуйкан жолдасқа.
Наурызым ауданының № 8 аулының тұрғыны Қанпия Тұйғынбекованың тікелей ОГПУ-ге жолдаған өтінішіне орай оаған мынаны хабарлаңыз: оның күйеуі Дүзем Тұйғымбеков 1930 жылы 27 ақпан күні ауруханада қайтыс болған.
ОГПУ-дің шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Соболев
7 том 323 бет.
Қаулы 1930 жыл 14 сентябрь
ОГПУ-дің шығыс бөлімінің екінші бөлішесінің бастығының орынбасары – Журавлев: Ахмет Байтұрсынов пен және басқалардың үстінен қозғалған № 78754 (541884 архив ісі) тергеу ісіндегі көрсетінділер ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілдігі жаңадан қозғаған Тынышбаевпен және басқалардың ісімен тығыз байланыста екендігін ескеріп, Тыншбаевтің үстінен қозғалған істі нәтижелі жүргізу үшін Байтұрсыновтың ісіндегі көрсетінділерді ұқыпты түрде пайдалану керек. Сондықтан да қаулы етемін: ОГПУ-дің орталық тіркеу бөлімі арқылы Байтұрсыновтың және басқалардың үстінен қозғалған № 78754 (541784 архив ісінің І-а, І-б, ІІ-а, ІІ-б ІІІ, ІV, V, VІ томдар) ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілдігінің қармағына беірлсін.
ОГПУ-дің шығыс бөлімінің екінші бөлішесінің бастығының орынбасары – Журавлев
«Бекітемін» ОГПУ-дің шығыс бөлімі бастығының көмекшісі – Соболев
Ішкі істер халық комисариатының Сібірдегі еңбекпен түзету лагері. 2 маусым, 1936 жыл. УСО ГУГВ НКВД Москва қаласы.
ОГПУ коллегиясының ІV – 1930 жылы № 77754 іс бойынша 28-ші баптың 10,11 тармақтары бойынша 10 жылға сотталған тұтқын Мағжан Жұмабаев 1936 жылдың 2 маусымынан бастап босатылсын.
Негіздеме: 27/ХІІ – 1933 жылғы № 00257-ші бұйрық.
3 бөлімінің бастығы (қолы)
Сол томда Міржақып Дулатовиың 1929 жылы қарашаның 18 күні жазған тосын қолхаты бар. Онда: «Мені өзге тұтқындармен бір камерада отырғызуыңызды өтінемін. Сонда өзара ақылдаса келіп, мүмкін қылмыстарымызды ьойындармыз» - деген мағынада өтініш білдірген. Мұны қалай түсінуге болады? Тергеу ісінде: Енді бәрін де мойындап жазуға бекініп отырғандығы, соған мүмкіндік жасауы жөнінде арнайы мәлімдемесі бар. Алаш азаматтарының барлығыда бұл құрсаудан жазасыз шықпайтынын білген. Дегенмен де Москваға ауыстырылған соң ондағы тергеушілердің Қазақстандағыларға қарағанда «дәрежесі биік» екеніне сенген. Кейбір айғақтары дәлелсіз істерді кейін қайтарып жіберуілері соған дәлел. Қалайда, тұтқындағылар Бутырькаға ауысқан соң өздерінің жауап беру тәсілдерін өзгерткен. Шындықтарын айтып, қалайда тергеушілердің назарын аударуға ұмтылған. Екіншіден, тергеу астында, бірақ бостандықтағы «мырзақамақта» жүрген Әлихан Бөкейханов «тиісті адамдармен ақылдаса келіп», «бұларды ерегестіре бермей барынша үкімді жұмсарту тәсіліне көшуге» кеңес берген. Осы бағытты ұстана отырып М.Дулатов Бутырька түрмесінде көлемді көрсетінді жазған. Онда: тым болмаса нақты оқиға көрсетінді ретінде қағаз бетіне жазылып қалсын – деген мақсатты алдына қойған. Оның мазмұны мынадай:
Үкімнің негіздемесінде: «Байтұрсынов тұтқындалардан бір күн бұрын күйеу баласы Әбдулғафаровқа: Кеңес өкіметі бәрібір құлайды» - деп айтып, оған қарсы үндеу жаздырған» - деп жазылған. Бұл сөзді Қазилық Харпықов көрсетті делінген. Ағайындардың мұндай алыпқашты сөздерін таратып жатуды қажет деп таппадық. Ондай «қыстырмалар» әрекеге болмаса, берекеге қызмет етпейді.
Осы тергеу хаттамаларымен танысып отырғанда Сәкен Сейфуллиннің тергеу ісінің «Бақылау томына» (контрольный том № 04519) көз қиығымз түсіп кетіп еді.Ол ату туралы Акті екен. Онда: «1937 жылы 24 қыркүйек күні Балқашта ұсталды. 1938 25 ақпан күні кешкі сағат...де РККА әскери прокурорының қатысуымен атылды» - деп үкімді орындаушылардың аттары аталып, қолдары қойылған екен. Сөз арасындағы сөз болса да, Сәкен сияқты бір азаматтың тағдырынан хабар беретіндіктен де жазып отырмын және Сәкеннің қашан өлгені туралы жорамалдар да көп. Сондай-ақ бұл Бейімбет пен Ілиястың да атылған күні.
Достарыңызбен бөлісу: |