«Мемлекеттік саяси мекеменің Күншіғыс бөліміне тұтқын Дулатұлы Міржақыптан Мәлімдеме
Мен абақтыға жатқаннан бері неше рет жауап бердім. Бірақта әдейі болсын, қаталасып болсын, ұмытқаннан болсын, білгенімді түгел айтқаным жоқ” – деп өзі хат жазған.
Міржақыптың мұндай мазмұндағы баяны бірнешеу. Алғашқысы 5 бет. Аудармасы машинкамен төрт бет. Көк сиямен сарғыштау қағазға жазылған. Солардың соңында мынадай өтініш бар.
«ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығына тұтқын Дулатовтан мәлімдеме.
Мен өзімнің 32 беттен тұратын қазақ тілінде жазылған жауабымды ұсына отырып бұл жауапты орыс тілінде аудартуыңызды және содан кейін маған қарап шығып, қатесін түзетуге мұрсат меруіңізді сұраймын.
Міржақып Дулатов.
30/ХІ-29 жыл».
Неге мұндай шешімге келді? Оған нақты жауап бере алмаймыз. Зады, Москвадағы тергеушілердің әділдігіне сеніп, Қазақстандағы заңсыздықтарды әшкерелеуге ұмтылған сияқты. Одан өзге жол жоқ екенін бәрі де білген. Сондықтан неден де болса тайынбай шындықты айтуға бекінген.
ҮІІ том:. Қосымша айғақтар
Бұл томда негізінен қамауға алынғандардың жеке хаттары, құжаттары сақталған. Түптемелердің арасынан жұлынып алынған сияқты. Хаттардың кейбіреуінің түпнұсқасы жоқ, бірақ та орысша аудармасы бар. Біз мүмкіндігінше сарғайып кеткен сол хатттардың түпнұсқасын пайдаландық. Ал кейбір жерлерде оның аудармасын бердік. Мұның өзі тікелей қажеттіліктен емес, мәжбүрліктен туды. Біріншіден: хаттағы жазулар өше бастаған, оны ажыратуға кейде бір-екі күн қажет еді. Ал біздің уақытымыз шектеулі болатын. Екіншіден: орысша аударылған хаттар тасқа басылған еді. Бұл жұмысты жеңілдетті. Сондықтанда біздің амалсыздықтан барған бұл лажымызды түсінер деп ойлаймыз. Кейін мұның барлығын асықпай, түбегейлі зерттейтін мезгіл туар. Сонда бәрі де орынына келер деп үміттенеміз. Біз кейбір хаттарды тәржімалау барысында сол адамның сөйлесу, жазу мәнерін және оның сөздік қолданысын сақтауға тырыстық. Біз бұл хаттар тақырыпқа байланысты тарауларда пайдаланылатын болғандықтан да, ішінара ғана іріктеп келтірдік.
Бұл том Ахмет Байтұрсыновтың Смағұл Сәдуақасовқа жазған тілдей хатынан басталыпты. Хаттың мазмұнына қарағанда С.Сәдуақасов Ахаңды – Ахмет Байтұрсыновты партия сьезіне қонақ ретінде шақырыпты. М.Дулатовтың жауапқа тартылуы алаңдатса керек, өзгелердің де сақтығын ойластыруы да мүмкін, тобырдың бас қосуынан бас тартыпты. Онда:
«Смағұл баурым! Менің өзім утопист емеспін. Сондықтан сенің мартттағы болатын партия сиязыңа (...) кел дегеніңе бара алмаймын. Әңгімеге тойғанмын. Тағы да қайтадан бастап құр ауыз ауыртуға көңілім шаппайды. Басқа оқу деген ақылың көңіліме қонады. Мұхтар аман шығар. Басқалар да аман. Әбдірашқа сәлем. Бауырың Ахмет. 12.1.1929 ж.» – деп ( 7 том, 2-бет) деп жазыпты.
Бұл қатты қайдан жолдап отыр? Ол жағы белгісіз. Хаттың сыртында: «Смағұл Мұхтарға: «Мен бармай тамақ алып қойма. Бүгін мейрам болғандықтан обед алады. Смағұл» – деген жазу бар. Зады бұл Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың Орынборда бір бөлмеде тұрған кезінде жазылған ескерту сияқты. Смағұл ескі қағаздың бетін пайдаланып Ахаңа хат жазған, Ахаң сол беттің екінші жартысына жауап жазған. Ал 1921-1922 жылы айттың қай күні өткенін біліп, бұл тілшенің (записканың) қай күні жазылғанын анықтауға болады.
7 томның 13-бетінде Әлихан Бөкейхановқа жолданған: « 28/ V-21ж. См 4-ию страницу. Дорогой товарищ Алихан Букейханович! Вашего тов-ща по институту, Зосима Александровича буторина, 14 апреля с.г. арестован. Пришину ареста я не знаю, по частный случаем сылышало, что личные счеты» – деп басталатын фельдшер әйел А.Буторинаның хаты бар. Өзі де өлім мен өмірдің арасында жүрсе де одан өзге ұлттар да көмек қолын созып, үміт етеді. Қазақша мәтінін мынадай:
«Құрметті Әлихан Бөкейханұлы жолдас!
Сіздің институтта бірге оқыған досыңыз Зосим Александрович Буторинді осы жылдың 14-сәуірі күні тұтқынға алды. Тұтқындалуының себебін нақты білмеймін, жеке адамдардан естуімше, өзара есеп айырысу екен. 20-сәуір күні неге екені белгісіз, оны Ақмола қаласына алып кетті. Ол сонда, суық жерде, аштықта, кір басып, биттеп жалғыз отыр. Мен сізден көмек сұраймын. Маған көмектесе көріңіз. Сәуірдің 23-24 күні Омбыдан: оны Петропавлскідегі губерниялық атқару комитетіне қызметке шақырғаны туралы хабар келді. Бұл жердегі жер бөлімінің адамдары Омбыға телеграмма жіберіп, оның түрмеге қамалғандығын хабарлапты. Соған қарамастан Омбыдағы жер бөлімінің қызметкері 1-майдың қарсаңында маған келіп, оның түрмеде жатқандығын, онада ешкім білмейді деді. Мен қызметтемін. Барып мән-жайды білейін десем, жұмыстан бостапайды. Сондықтан да сізге хабарласып отырмын. Мазаңызды алғаныма кешіріңіз. Губчека арқылы тұтқындалуының себебін анықтап, егер сотталған болса, онда Көкшетаудағы түрмеге ауыстыру туралы өтініш етсеңіз екен. Сонда аптасына екі рет тамақ пен киім апаруға мүмкіндігім болар еді. Ақмолада менің ешқандай туысым да, танысым да жоқ.
Қарт досыңызды аяңыз. Ол мүлдем жүдеп, қартайып, арықтап кетті. Мазаңызды алғаныма тағы да кешірім өтінемін.
Сізді сыйлаушы – Афиса Буторина. Менің адресім: Көкшетау қаласы, 2 Кеңес ауруханасы, фельдшер А.Д.Буторинаға.1921 жыл».
Әйелдің хатының соңына ілестіре:
«3 май, 21 жылы, Орынбор. Бауырым Әбдірахман! Бұл Буторин менің жолдасым. Өзі жақсы кісі. Бұрын еш партияда болған жоқ. Жұмысқа жегілсе жақсы да атқара алады. Мұны шығарып алып жұмыс қылдыр.
10 шақырым туралы декретті Әйтиевтің атына «Бостандық туына» жібердім. Жер туралы декреттерді орындаңыздар. Мені босатса, КирЦИК-тің сессиясынан кейін Семейге барам. Жолда сендерге соғам. Ондағы бауырларға сәлем. Сүйдім Ғали-хан» – деп ( 7 т., 15-бет) ескертпе жазыпты. Мұндағы Әбдірхман кім? Әбдірхман Асылбеков пе, әлде Әбдірахман Байділдин бе? Кеңес жұмысында беделі бар Ә.Асылбеков болуы әбден мүмкін.
Осы істе Әлихан Бөкейхановтың Дінше Әділевке де жазған хаты жүр. Әдемі мәнермен жазылған.
«Москва. Воздвиженка. П.Кисловскй, пер.4.кв.15. Бауырым Дінше!
Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. “Шолпанға”, “Темірқазыққа” неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады. Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылсаң, не қазақ тілінде кітап жазбасаң - өзге жол бізге бөгелді ғой. Сүйдім- Ғали-хан».
Бұл хаттың сыртына мынадай түсінктеме беріліпті: «23/ҮІІ-23 жылы /?/ Рысабайдың ауылында алынған. Тапсырған Мырзағазы. Дінше Әділев”- деп қолын қойыпты.
Хаттың мазмұнына қарасақ, Дінше Әділев Әлихан Бөкейхановқа бірінші боп хат жолдаған және мынау алмағайып заманда ел үшiн қандай іспен айналысуы керектігін, бұған қандай ақыл қосатындығын және өзінің сол кездегі көңіл-күйін білдірген сияқты. Әлекең оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді. Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» – дегені ел үшін еңіреген кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Тек соған лайық бола білу қажет. Ал оны Дінше ақтай алдым ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Мүмкін бойына қуат-күші толған, кей кезде зейінін мінезі жеңіп кететін, қызба қанды жігіттің аласұрып өмір сүрген тіршілігінің мағынасын іздеуі, өз жанына өзі таныштық бермегені - оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады.
Соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты кеңес түрмесі осылай «тірі өлік» етіп шығарған. Ендеше, артық сөз айту асылық болар. Ал шындықтың жолы бұл мүлдем басқа мәселе.
Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың екеуара жазысқан хаттарының біразы сақталған, біразының фотокөшірмесі бар, ал кейбіреуінің аудармасы ғана сақталған. Түпнұсқаның кейбірі танылмады..
«16 май. 25-жыл.
Бауырым Ахмет!
Әілмхан келіп, сонан естідім, сен ауырып оңалыпсың. Енді ауырма. Жоқтауым 21 болды (Ә.Бөкейханов құрастырған жинақ – Т.Ж.), мен оны қазақ секциясына бердім. Сеид-Ахмет жоқтауымды алып қалды. Өлеңі жақсы болғанымен, қайталамасы көп екен. Соны өңдеп барып, сонан соң баспасаң, қайталама жақсы өлеңді бұзып кететін. Сабындай бұзылған, жалдаптай ойнаған біздің Ц.И. сұлу әдебиет сөзін басатын көрінеді. Сеид-Ахметтің өлеңін өңде. Күзде басылып та қалар. Ц.И. бірінші октябрьге дейін оқу құралын ғана баспақ. Баспа күшінің бәрін осыған салмақ. Орынбор баса алмай отырған мекетеп кітаптары болса, Мәскеуге жіберіп қараңдар. Басқанына ақы аласыңдар, жылдам басып береді.
Біздің Нәзір: Шәңгерейді, Шоқанды, Ыбырайды да (Алтынсары) кітап қылып шығарайық – дейді. Мен “Жарайды ” – дедім. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермек болдық. Шоқанды Мадиярға берейік деп едім, “латын” ойына түсіп кетіп, тасырқап қалды. Мен: сен тақсыр, баспа, өзің жаз - дедім.
Мен майды бітіріп елге кетем. Шәңгерейді ауылдан жібермек болдым. Бәрі бір күзге шейін басылмайды. Сен де күзге жазып берем деп Ыбырайды ал. Шоқанды тағы да көрерміз. Абайды жазатын кім? Білесің бе? Тұрашқа жаздырсам, сыңаржақ болып, жүгі бір жаққа ауып кетеді ме деп қорғанып тұрмын.
Біздің Ц.И. мектепке деп дәптер шығармақ. Ол дәптердің оң бұрышында Абай, Шоқан, Ыбырай (Алтынсары), ақын Ахмет, Шәңгерейдің суреті болмақ. Маған сен өз суретіңді жібер. Мен оны Ц.И.-ге беріп кетейін.
Жоқтауға әлі ақы алғаным жоқ. Алғанда саған жіберем.
Мадияр жолдасқа айтшы, мен “Еңбекші қазақтың” егіз санын алам. Маған біреуі де болады. Екіншісін Қарқаралыда Бәжікейге жібер деп 3-4 рет жаздым. Мадияр дәл Еркесары: баспалап істейді, дәнеме айтпайды. Газетін қосақтап Мәскеуге жібереді де отырады. Тағы да (ҮІІ том. 159-бет) Мадияр:газетті былай қылып елге тарат – дегенде дым-ақ шешен. Өзінің газеті Мәскеуге 8 күнде келеді де, соңғы шыққаны озып жүреді. 31-майдан кейін маған Мәскеуге газетті жібермесін. Мен елге кетем. Сеид-Азымға беретін істер әлі де түзеліп біткен жоқ. Мен жүргенше бітпесе, секцияға тапсырып кетем. Ол да күзге дейін басылмайтын жазбалар болады ғой.
Елдесім жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті.
Бір күні Шәңгерей маған: “Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?” – деді. Мен: “Жоқ” – дедім. Шәңгерей: “Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем” – деді.Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен.
Бәріңді құшақтадым, сүйдім. Ғали-хан».
Мұндағы айтылған мәселелердің бәрі де анық, артық түсінікті қажет етпейді. Ал мына төменде келтірілген А.Байтұрсыновтың Ә.Бөкейхановқа жазған жауап хатының түпнұсқасын байқай алмадық. Сондықтан ад тәржімаға жүгіндік:
«Қадірлі (құрметті) Әли!..
Қызылордаға ауысу мәселесі түпкілікті шешілмегендіктен де сенің көптеген хаттарыңа дер кезінде жауап бере алмадым. Енді, Қазақ институтының ауыспайтынына қарамастан оқушылардың кетіп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтан пәтер қарап іздестіре беру үшін әйелімді сонда жібердім. Биыл орталықтағы тәржіманың шығуына байланысты еліме баруға да мүмкіндік алдым. Қалғанына және көшудің қамына тамыз бен қыркүйекте кірісерміз деп ойлаймын. Егерде сенің профессорың Торғай мен Ырғыз уезіне баратын болса, онда мен де сонымен бірге жүріп кетуім керек шығар. Ән-күйлерді жиыстырып, фотографияға түсіру менің де көптен ойымда жүрген іс еді. Егерде мен оны профессордан үйреніп алсам, маған да пайдалы болар еді.
Қазақ мемлекеттік баспасымен жасасқан шартым бойынша жаңа жазу үлгісіне орайластырып үш грамматика оқулығын және қырғыздардың әліппесін құрастырып: біріншісін – 15-маусымда, екіншісін – 1-шілдеде, үшіншісін 1-тамызда және төртіншісін 20-тамызда бітіріп беруім керек. Міне, осы уақытқа дейін басқа жұмыстарға мойын бұруға мұршам жоқ, содан кейін де, егерде Қазақ институтында дәріс басталатын болса, бос уақытқа тағы да ділгір болып қаламын. 20-тамызға дейін Ибрагимнің (Абайдың) өмірбаянын жазып бере алмаймын дегенім сол. 20 тамыздан кейін де уақыт бола ма – оны да айта алмаймын. Өзіңе өзімнің фотографқа түскен суретімді жіберемін, бірақ байқарсың, менің суретім сенің шығатын қатираңа кірмей қалып жүрмесін.
Біздің коммунистер, сендердің мәскеуліктерің сияқты жарты емес, нағыз “96-пробаның” өзі.
Алтынсарының баласының суретін “Шолпан”журналының №6,7,8 кітабынан таба аласыңдар. Одан басқа оның суреті менде жоқ.
Міржақып Қостанай уезіне кетті. Кеше одан: “Гая жеңілдеді, ұл тапты!” – деген телеграмма алдым. Пішпек қаласында өткен қырғыз мұғалімдерінің құрылтайынан (бұл арадағы бір әріпті не санды ажырата алмадым. “келдім” бе, жоқ “Е” келді ме. Егерде қысқартылып жазылған кісі аты болса, онда бұл “Елдес Омаров” деген сөз. Ал “2” деген сан болса – онда “2 күні Пішпектен келдім» деген сөз. Аудармашының өзі де түсінбеген сияқты. Сондықтан Пішпектегі сьезге Ахмет Байтұрсынов барды ма, Елдес Омаров барды ма, ол арасын анықтау керек. Ахмет Байтұрсыновтың “Әліппесі” сол жылы қырғыз мектептері үшін басылып шыққаны анық – Т.Ж.) 2-де келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселе мынадай: тіл, қарып, жазу үлгісі, ғылыми терминдер, көне сөздерді жинастыру және мектептің бағдары.
Латын алфавиті туралы бұларда осы уақытқа дейін бір жиналыс болыпты да қаулы қабылдапты. Сияз оны қолдады. Ол қаулының мазмұны мынадай: қырғыздардың келешегі үшін латын жазуы пайдалы, бірақта, оны бірден қолданудың ыңғайы келмейді, оған дейін арап қарпіне біраз өзгерістер енгізу қажет – делінген. Олар: латын “назира” қарпінен нашар. Бізде үлкен және кіші қаріп деген болмау керек, сондай-ақ, баспаша және жазбаша түрініңде қажеті жоқ. Академиялық орталық жағырафияны орыс тілінде басып шығара алмайды – дейді.
Бұл ұсыныстарды қырғыз өлкесін зерттеу қоғамының талдауына ұсынамын, нәтижесін кейін хабарлаймын. Соңғылар оны шығаратын шығар деп үміттенемін, себебі, оларға қырғыз жағырафиясы өте қажет.
Құшақтап сүйемін. Ахмет . ІІ/ҮІ-25 жыл».
Осындағы “Ибрагим” дегенді Абай деп аудармашы жақшаның ішінде көрсеткен. Зады, бұл Ибаргим – Ыбырай Алтынсарин болуы керек.
Ахмет Байтұрсыновтың бұл хатына Әлейхан Бөкейханов маусымның 23 күні жауап жазыпты. Оның да түп нұсқасы жоқ. Фотокөшірмелері ғана бар. Одан әріпті ажыратып оқудың мүмкіндігі болмады. Орысшасы сақталған хат: “Бауырым Ахмет! Сенің 11-ҮІ күні жазған хатыңды алдым, профессор Берлин қаласына қайтып кетті” – деп басталады. Әрине, алаштың көсемдерінің барлығының әрбір тынысы қымбат, әр сөзі алтын. Алайда шамамыз келгенше қамтуға тырыссақ та, түгелдей кешірудің реті келмеді. Жоғарыдағы жауапты біз толық жазып алмаппыз. Мәтқапылық деген осы.
Бұдан кейін «28.02.26ж. алынды» – делінген бүркеншік атпен жазылған хат және 2 фота сурет бар. «Өте құпия» деген бұрыштама қойылған бұл жазбаны көшіріп алуымыздың мақсаты, мұнда Ә.Бөкейхановтың 27 еңбегінің аты, тақырыбы, жарияланған басылымдары аталады. Сондықтан да тиянақтап тұрып көшіріппіз:
«Алушы: Москва, Воздвиженка, Жіберуші: Қызылорда.С. Киловскийй п. 4, 15 пәтер. 10/ІV – 28 ж.
Ә. Бөкейхановқа
Әлеке!
Сіздің «Жаңа мектепке» жіберген 27 мақалаңызды Мадиярдың қолынан алдым. Нағында 33 мақала екен. «Жарасын алдырған апа» № 5 санға салынды. «Семенның әкесі» № 6 санға барады. Сондай-ақ «Ақылсыз қасқыр да» (Жаңа мектептің «Балаларға базарлық атты» № 6 қосымшасында) сонда берілді. Қалғандары да бірте-бірте осылай жариялана бермек. Бір-екі мақаланы Мадиярға қайтардым. Сіз шамасы «Жарасын алдырған апаны» көрген жоқсыз-ау деймін. (Өйткені «Жаңа мектепті» жаздырып алмайсыз ғой). Сізге тиесілі төмендегі соманы «орамал ретінде» (қаламақы – Т.Ж.) «Жаңа мектептің» кезекті санымен қосып жіберіп отырмын. Жарияланған мақалаларыңызға тиісті қаламақыны алу үшін «қағаз жіберіңіз». Онсыз мында босатпайды.
«Жаңа мектепте» «Сырлы әдебиет» бөлімі ашылды. Соған да арнап мақала жіберіңіз. Бірден «Басқарманың атына» жолдаңыз.
Енді алдағы уақытта «Жаңа мектепке» қандай мақалалар керек екеніне тоқталайын. «Жаңа мектептің» әр санында «өлкетану» деген айдармен менің немесе басқа біреудің мақаласы тұрақты түрде беріліп тұрады. Оған ешқандай редакциялық түсіндірме жасалмайды. Сондықтан да редакция біздің пікірімізбен санасады ғой деп ойлаймын. «Жаңа мектеп» мұғалімдердің сұранысын қанағаттандырады деп үміттенеміз. Бір сөзбен айтқанда «Жаңа мектеп» журналы мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне ем ретінде қонады деп үміттенеміз. Бұған «Жаңа мектептің» таралымының өсуі мен әр жерден келіп жатқан хаттар көз жеткізеді. Қаражаты тапшы, газет-журнал оқып үйренбеген, арнайы маманданған баслымға үйренбеген мұғалімдердің сұранысы күшейіп, ақшаларын жіберіп жатыр. Бұрын 50 адам ғана жаздырып алушы еді, қазір олардың саны 800-ден асты. Арнайы ұйымдастырушы ұстамаймыз, бірақ та кейінгі екі жарым айдың ішінде (№ 3 саннан бастап) жазылушылардың саны 1000-ға жетті. Оқу-ағарту коммисариаты «Жаңа мектепті» үлгі ретінде ұстанып отыр. Осыған қарағанда «Жаңа мектеп» дер кезінде ашылған сияқты. Сондықтан да олардың пікіріне қосылмау мүмкін емес. Оқырмандар мен (мұғалімдермен) талап етушілердің тілегі бойынша әдебиет бөліміндегі материалдарға берілетін түсініктермен келісу керек шығар.
«Сын бөліміндегі» материалдар жеткіліксіз. Бұған сіздің араласуыңыз керек деп есептейміз. Сіздің келіспейтініңізді білсем де (әрине бұл менің өз күдігім) «Табиғиттану бөліміне» жазып тұрыңыз. Жер, ауа райы, топырақ, су, құм, өсімдік, геология, Қазақстан тарихы туралы жазыңыз. Осының өзін ғылым деп есептеймін. Көп адам бізге қатыспаса да, кеңес бермесе де, мұғалімдер бұл туралы жазып тұрады. Тым болмаса 1908 жылы қазақ жері туралы Сібір журналдарына шыққан мақалаларыңыздың қазақ тіліне аударып жіберіңіз. Желкен 13/V – 26 ж.» (7 том, 189-бет).
Желкен деген кім? Оны анықтай алмадық. . «Жіберуші» деген жолда «С» деп қол қойылғанына қарапжәне алдыңғы хатта аты аталғанына орай Сейдазым Қадырбаев па деп те жорамалдауға болады. С.Сәдуақасов ол кезде Мәскеуде. С.Сейфуллин емес. Оқу-ағарту саласындағы Сүлеев Біләл ме? Осы томның 168 бетінде Ахмет Байтұрсыновтың «Әлди-әлди» өлеңінің қолжазбасы тігіліпті.
Осы істе Әлихан Бөкейхановтың Дінше Әділевке де жазған хаты жүр. Әдемі мәнермен жазылған.
«Москва. Воздвиженка. П.Кисловскй, пер.4.кв.15. Бауырым Дінше!
Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. “Шолпанға”, “Темірқазыққа” неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар жазбаса, кім жазады. Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылсаң, не қазақ тілінде кітап жазбасаң – өзге жол бізге бөгелді ғой.
Сүйдім – Ғали-хан».
“Бұл хаттың сыртына мынадай түсінктеме беріліпті: «23/ҮІІ-23 жылы /?/ Рысабайдың ауылында алынған. Тапсырған Мырзағазы. Дінше Әділев” – деп қолын қойыпты.
Хаттың мазмұнына қарасақ, Дінше Әділев Әлихан Бөкейхановқа бірінші боп хат жолдаған және мынау алмағайып заманда ел үшiн қандай іспен айналысуы керектігін, бұған қандай ақыл қосатындығын және өзінің сол кездегі көңіл-күйін білдірген сияқты. Әлекең оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді. Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» - дегені ел үшін еңіреген кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Тек соған лайық бола білу қажет. Ал оны Дінше ақтай алдым ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Мүмкін бойына қуат-күші толған, кей кезде зейінін мінезі жеңіп кететін, қызба қанды жігіттің аласұрып өмір сүруі, көрген тіршілігінің мағнасын іздеуі, өз жанына өзі таныштық бермегені – оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады.
Соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты кеңес түрмесі осылай «тірі өлік» етіп шығарған. Ендеше, артық сөз айту асылық болар. Ал шындықтың жолы бұл мүлдем басқа мәселе.
ҮІІ томның 171-бетінде Ә.Бөкейхановтың үстінен түскен арыз тіркелген. Кейін Голощекин мұны пайдаланып, жиналыста айтты. М.Төлепов деген адам «саққұлақтық» жасай, қырағылық көрсеткен. Хат былай:
«ВКП/б/ өлкелік комитетіне
ВКП/б/ мүшесі М.Төлеповтен
Партиялық билеттің №............
КССР-дағы біздің партиямыздың алдында өзінің шешімін табуға тиісті көптеген күрделі мәселелер тұр. Соның ішіндегі ең бір шиеленіскен әрі қиын және саяси және шаруашылық тұрғысынан алғанда өте маңызды мәселе – жер мәселесі. Бұл жөнінде неше түрлі пікірлер айтылып, қилы-қилы «теориялар», «тұжырымдар» мен «көзқарастар» қалыптасып отыр.
Бұл мәселе тек қана еңбекші-кедей табының ғана назарын аударып отырған жоқ, сонымен қатар, бізге жат, біздің партиямыздың жаулары бай-кулактар мен қоса эсершіл-алаордашыл элементтер де ерекше белсенділік танытып отыр. Өзгені былай қойғанда біздің жауапты қызметкерлеріміздің бір тобының осынау күрделі ішкі мәселелер жөнінде Бөкейханов Әлихан сияқты контрреволюциялық элементтермен пікір алысып, соның ықпалымен шешім қабылдауға бой ұрған қатерлі де қауіпті бағыт аңғарылады, сөйтіп, әлгі адамның партия қатарына ықпал етуге жағдай жасап, біздің құрылысымыздағы шешуші мәні бар КССР-дағы ұлтаралық қарым-қатынасты шиеленістіріп, оны шешуге бөгет жасап отыр.
Төменде айтылатын партияға қарсы құбылыстың еріксіз куәсі болғандықтан да, мен мұны Өлкелік комитетке хабарлауды өзімнің партиялық парызым деп есептеймін:
Биылғы жылдың шілде айының аяғында Жер жөніндегі халық комиссары Сұлтанбеков жолдас Қырымға демалуға кетіп бара жатып жолай Мәскеуге тоқтады. Сол күні Сұлтанбеков жолдас қонақ үйге заттарын орналастыра салып Әлихан Бөкейхановтың үйіне кетті, ал өзінің сонда баратыны жайлы Қазақ өкілдігіндегі Жер комиссариятының осындағы өкілі арқылы хабар бергізіп қойып еді, ол (ҮІІ том, 172-бет) мұқым кеш бойы Әлихан Бөкейхановтың үйінде болды. Таңертеңінде әңгімелесу одан әрі жалғасты. Бөкейхановпен пікірлескеннен кейін кезекте Төреғожин мен Төлепов жолдастармен болған әңгімеде: «- Әлихан маған Швецовпен әңгімелесіп, оны көндіремін деп уәде берді» – деді. Әңгіме федеральдық ұйымдардың арасында келіспеушілік туғызып отырған жер бөлу мен оның мөлшері туралы болды. Менің ойымша, партияның өз ішінде туындап отырған аса күрделі мәселені «алашорданың» көсемімен бірігіп талқылау өте өрескелдік болып табылады. Бұл – большевиктер партиясының ішіне жат идеологияның кіріп кетуіне және қатардағы мүшелердің улануына жол ашады, сондай-ақ, Жер жөніндегі халық комиссариаты сияқты аса жауапты мекеме түгелдей не жарым-жартылай болса да өте реакцияшыл «Алашорданың» идеологиясынының ықпалында қалмасына кім кепілдік береді, бұл біздің жұмысысызды қиындатады.
Менің ойымша, бұл мәселені Бөкейхановпен және оның тобымен емес, керісінше партияның басшы органдарымен ақылдаса отырып шешуі керек еді және солай ету қажет. 23/ІХ-27 жыл. М.Төлепов».
Енді түсінікті болды. Жер туралы мәселені қозғаған ақылдасуларды Голощекиннің назарына салып, оны ауызын көбікке толтыра сөйлеуіне жол берген өз қандасымыз болды. Іс осыдан барып насырға шапқан. Ал бұл арызды Голощекин ОГПУ-ға жолдаған. Одан арғы жағы белгілі. Соншама несі не күйіндіекен? Осыдан кейін Сұлтанбеков орнынан алынған.
Аймауытовтың хаттары
К-ордаға театрға шақырып жүрген кезі. 237 бетте оригиналы бар.
«13/ІІ – 26 ж.
Смағұл!
Мектебіміз қыңырлық қылып мені оқу біткенше жібергісі келмей жатыр. Қандай заңы барын білмеймін. Біз өз еркімізбен кірген әскер адамы саналмайтын болсақ керек еді. Жасырын жарлығымыз бар дейді. Көрсетпейді. Ал заңын онда білуге болар. Менің сабағымды осы Әскер мектебінің оқытушысы Абай Байтен ұлы деген жігіт оқытуға ырза, ие жарайды.Әдебиетке менен осал көріп, түсем дегендерді школ алмай жатыр. Мұнысы тым қыңырлық. Байтен ұлын менің орныма қой деп тағы ұсынуға болады. Менде тартыншақтық жоқ.
Жүсіпбек».
Бұл хатты орысшаға Жанұзақов деген аударыпты.
Қатты сарғыш ашықхатқа жазылған хат. 240 – бет.
«25/ІІ-26 жыл.
Бауырым Дінше!
Смағұлға жолықтым. Ол мектеп басшыларымен сөйлесті. Олар кіндік рұқсатынсыз босата алмаймыз депті. Ең үлкен бастығы орынбасар берсеңдер босаталық депті. Сонымен смағұл УВУЗ-ға (Мәскеудегі) жолықпақ болып кетті. Қайтсемде баратын шығармын. Тек ресми жағы бөгет болып тұр. Пушкиннің екі пьесасын аударып, мадиярға жібергем. Сыннан тезірек өткізуге қам қыларсың. Бара қалсам, артистерге, өзіме жетекші болғандай театрға әдебиетін ала қайтуға Смағұлға тапсырып жібердім. Ойындарың тәуірлеп келеді дегенгеқуанамын, қазақтың тұңғыш өнерпаздарына (артистерге) менен түгел сәлем айт (Осы хатты оқып бер)
Жүсіпбек
Сыртында: 1/ІІІ-26 жауап қайтардым –Дінше. 18/ІІ-26 ж. Алынды – делінген есекерту бар.
7 том, 104 бет
25/І-26
Дінше! Смағұлдың ділгірамына жауап ділгірам қайырғамын. Өзіңе де ашық хат салдым. Школ оқу біткенше жібере алатын емес. Дүмпу күшті болса жібереді. Мені сонша керек етсеңдер о жағын іс қыларсыңдар. Смағұл ділгірамында: Жалақы екі жүз, келу біздің мойынымызда депті:
Мені кім қылмақсыңдар! Режиссер ме? Ьеса жазушы ма? Әлде екеуі де ме? Екеуі болса, ондай ақыны жай артис те алады ғой. Максимумдарың 250 емес пе еді? Ол бір. Проездге ақша жібереміз депті. Ол менің ғана келуіме ме, әйтпесе, қатыныммен келуіме жолдық бермегі болса, аз ғой. Маған көшіп келу үшін, әйтпесе, падьемный беру керек емес пе? Бұл екі. Пәтер туралы сөз жоқ. Маған жазарлық үй болса екен. Оңашалау болса екен. Артистердің ортасында шетке тұра алмаймын. Театрға жақын жерден бір-ер бөлме ескерткенің жарар. Бұл үш.
Осыларды анықтап, ашып біліп, маған тезірек хат сыз. Барып тұлыпқа мөңірейтін болсам, әуре қылмаңдар.
Сахналарың істелді ме? Не істелді? Түзеген нәрсе бар ма? Ойын қалай шығып жатыр? Одан да сүйкерсің. Мені алдыру жағынан не қам істелді? Жазарсың.
Мынау хатты әнеугі адамға тапсырарсың. Менің шарттарым жолға сиымды шығар. Сиымсыз десең, мінерсің. Әйтеуір саған серік болып көрейін. Іс шығара алсақ жарады.
Хат. Ж.
-
Письмо адресована артистке театра Татимовой Шәкітай, жена наркома Татимова.
Орысшасында «А вот другое письмо передай Амре»- деген сөз жазылған. Бұл қолжазбада жоқ. Әмірені іске қосу үшін тергеушілер тіркеп жіберген сияқты. Оның өзге хаты болуы мүмкін. Әміреге жазған.
7т. 106 бет
Дінше!
«мені алам деп онша белсенбесең де болады-ау деймін. Сөзіңді тыңдаушы болама екен?. Бірақ мен жұмыстан қашатын кісі емеспін. Орындарың қандай баянды болар? Ордадан көшіп кететін болсаңдар, театрға зор план құрудан мән жоқ. Қайтсе де алды-артын ойларсың. Мен бір төңкеріс сарынды пьесаны аударып, бастыруға исаға (Тохтыбаев қай – Т.Ж) жіберіп отырмын. Қоятын шартым: басылмай ойналмасын дедім. Айналасы бір баспа табақтай-ақ. Тез бастырып алуға болады. Жазба күйінде айналса бағасы кетеді. Сен жазбадай бер деп Исаны қысып жүр ме. Ойнауы жеңіл, үгіт мәнлі, жақсы нәрсе.
Зәуде менімен хабарласу керек болса хат жазарсың. Осының ішіндегі міне бір жабық адрес иесінің өз қолына тапсырарсың. Бұл қатыныңа да айтылмайтын сыр болсын. Міне бір хатты әміреге тапсырарсың. Оған айтатын сөздерім саған да зиянды болмас.
Әзірше, қайыр.
Жүсіпбек».
«Мұнда, театрдың - Қазақстанға гастрольге шығатынын айтып отыр. 2. Татимова Шәкітайға жазған хаты. Ол көңілдесі еді. 3. Әміре – әнші. Бұл 26-жылдың январына келеді. 13/ІІІ – 29 жылы. Д.Әділ» - деп хаттарға түсініктеме берген.
26/ІІ-26 – Орынбор 110-109 бет.
Дінше!
3/ІІ салған хатыңды 6/ІІ – да алдым. Смағұлдан осының алдында алдым.
Менің орныма кісі керек болса табуға болатын. Майор ұлының көнер-көнбесін білмеймін. ПИНО-ны (педагог-ші Ин-т Народ. Образование – Т.Ж.) (педагог оқуын) бітіретін Әлсен ұлы әділ деген жігіт оқытушылыққа тіленіп жүр, ол менің орнымды басуға жарайды. Оған әзір сөйлесіп, уәдесін алғам жоқ, алсам – ділгірам саламын.
Газетте жазған сөздеріңді көріп жатырмын. Смағұлды қолдағаның жарайды. Бірақ сен театр туралы «парламан сарынды» әңгімеңде мені алдырудан зор нәрсе күткендей бадырайтып қойыпсың. Сонша үлкейткендей менде театр ғылымын оқып, жетіліп шыққан кісі емеспін – ғой. Бәрімізге де жаңа нәрсе, бәрімізге де үйрену керек. Жалғыз-ақ – үйрене аламыз ба, жоқ па? Кәп сонда. Бірақ өзге оқудан қиын емес шығар деп ойлаймын.
Театр менің тәуір көретін де нәрсем еді. Баянды нәрсе болса театр арқылы әдебиетке алаңсыз қарайды көксеймін. Әдебиетке бұған дейін тұрақтай алмай, жағдай болмай жүрген кісімін ғой. Театр жанды да қызық та жұмыс. Тек әлеумет көзінде Шуат-скоморых пояц... деген жеңіл қоя жаман аты болмаса, анығында ол – өнер ғой. Қайтсе де ол жаман аттан жиренуге болмайды, онсыз да қай бір маңызды кісіміз?
Мен баратын болсам, құралақан бармайын деп, пьеса қамдап жатырмын: Пушкиннен, «Скупой рыцарь» ды өлеңмен аударып болдым.: «Каменный Часть» деген 4 перделі пьесасын аударып жатырмын, бір пердесін бітірдім. Өзімде де бұрыннан жатқан бір-екі пьеса бар еді: мыналарды болған соң соларды түзетіп жазуға кіріспекпін.
Ордадан қабар келмей тұрғанда осындағы Рязанов дейтін тарихшы (110-б.) орыспен қосылып, киноға лайықтап сақналық (сценарий) жазуға кірісіп едім. Бөкейлік (де) те Жәңгірхан тұсында болған Шатайдың көтерілісін жазбақ едік. Оны қалай жазу туралы мұнан да, Мәскеуден де үлгі кітап жинап, теориясын мен жазу әдісімен танысып едім. Сол кинолық жұмысымыздың бір-екі-ақ бөлімі нұсқаланды. Өзгеріс әлі біткен жоқ. (7 бөлімде жазбақ едік) Жазуымыз орысша, бітірсек, Қызыл-Ордаға (кемпроща), Мәскеудің Госкиносына лентадағы сөздерді қазақша да, орысша да жазбақшымыз. Бұ да бізде соны жатқан жұмыс, қызық жұмыс. Бір жағынан Наркомпростан алған Покровскийді передаттап, екінші осындай көлденең жұмыстарға алданып, оның үстіне бала оқыту ауыр тиіңкірейтін көрінеді. Әйтсе де,жан кеудеде тұрғанда, арпалысып істемеске болмайды; қай жерімізге қарасақ та, бәрі үңірейіп тұр, жан тыныштық іздеуге жол жоқ. Заманның әлеуметтік бұйрығын орындаймыз.
Сен осы хатты алған соң Смағұлға жолық. Мұндағы Рязанов деген орыс қазақ тарихынан көп материалдарды тауып, көп нәрсе жазған. Казақтарда төңкерістер болған көрінеді. Сол еңбегін научное Об-во арқылы бастыруға Наркомпросқа берген. Білімпаздар қарап, болуға лайық тауып, еңбек ақысын беруге Стародубцов резолюция салған. Кредит ашылмай ақшасын ала-алмай жүрген көрінеді. Смағұл соған түсінбей қалып, әлде біреудің айтуымен пайдасыз деп танып, ақша бергізбей қойып жүрмесін. Тегінде қазақтың тарихын керек қылсақ, тарихынан әдебиет туғызбақ болсақ, оның еңбегінен көп пайдалы нәрселер табуға болатын
Тохтыбаев Иса атына «Октябрь» деген атты пьесаны аударып жіберіп едім. Сол тиді ме? Тағдыры не болды? Жұмысың да көп шығар; әйтсе де тезірек хат жаз. Баруға бес байладым. Школ қай күні босатса, жолдық ақша сұрап ділгірам ұрамын. Бөгетпесіңдер қайыр.
Ж.»
М.Әуезовтің де «Октябрь үшін» деген аударма пьесасы бар. Осы аударманы пайдалануы әбден мүмкін. 109 – бет. 7т.
Жүсіпбек Аймауытовтың хатының жалғасы. Әдебиет туралы екінші хаты. Араб харпінде жазылған қазақша текстінің көшірмесі. Жазу таңба сияқты, анық сұлу жазылған.
“Жаман аяғымен, жақсы төсенішін былғайды. Тілегенін сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектер де байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкін бе? Сірә, біздің жас марксшілер үлкен кітаптарды оқып алады да: мынау қазаққа келеді екен – деп жалшының не мұжықтың көзімен қазақты өлшейді. Марксті біздің жігіттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болумен тәжірибешіл болудың арасы алыс. Біздің Ғаббас алдыңғысы болар деймін. Әуелі қазақты оқу керек. Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз, оны мен Бройданың кітабынан көріп отырмын. Біз анық біле алмай, көмескіленген нәрселерді ол анық айтып отыр. Қазақ – ұйымсыз, қазақ - берекесіз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда біз де даудың шегі болмайды.
Тағы бір қосылмайтын жерім: ақын – таптыкі ғана болады. Бірақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады – деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге діншіл болуға міндетті? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па еді. Жерінен бай да, кедей де қуылған жоқ па еді? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгені өлген жоқ па еді. Ұлт мұңы бұрын бір емес пе еді? Бір болса, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Міржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкіметіне қарсы болып келген жоқ па еді? Осы өткен ақындардың бәрін байшыл, кедейшіл қылып алып, одан кейін Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелі (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, (?..) байшыл, Бейімбет кедейшіл деген сөз бола ма? Төңкерістен бұрын деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейімбет те бәрі де болып ұлтшыл болып жазып жүрсе, енді кедейді бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттің сұйылуы боялудан шығады деп білемін. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етікші. Рас, пікір жүре өзгереді. Орыс жазушылары да төңкерістен кейін кей бірі жарамсақтанған, оларда жарамсақтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пікірі соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткені төңкеріске біз көлденеңнен қосылдық. Ащысы, тұщысы тауқымешін-тауқыметін басымыздан көшіргеміз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерістің маңызын, дәнін тата алмай (?..) қалдық. Сол дүрмекпен әлі келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзіміз үйлеспей жатыр. Мен өз басымдағыны айтайын. Өзім нағыз кедейдің баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көріп өстім. Балаң орыс болып кетеді, солдатқа алып қояды деп, немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүріп, мені оқытпаған. Сөйтіп мен, байға, жуанға өш болып өстім. Бірақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдің де орыстан көрген қорлығын көрдім. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңірегіндегі қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектер алды, оны мен естідім де, көрдім де. Орыс стражниктерінен, полицейлерінен қазақтың талай таяқ жегенін көрдім. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келіп жүрген Жетпісбайлар есімде. Хохол жоғалған малы үшін оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. Сотқа беретін неме екенсің деп, қақолдар оның аулына жиналып келіп өлтірмек болған. Содан (ҮІІ том 148-бет) қорқып, қыстай үйіне жолай алмай жүрді ғой. Ақмола үйезінде Төкіш деген бір кедей әнші бар еді. Жақ жоқ әнші еді. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкішті тепкілеп өлтірген. Бұлар 22-23 жылдардағы оқиға. Осыларды көріп, естіп тұрып, қалай тапқа кісенделерсің? Кеше ғана осы жылдың сентябірінде Қарқаралының алты кедейі Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бір орысқа жалданып келс, мұнда келген соң орыс ақысын бермей қашқан да кеткен. Олар мені тапты. Біреуі ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, мені білетін Сәбікей деген жігіт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кетті. Қолдарында түк белгі жоқ. Не қыларсың? Осының бәрі жүзден бірі, бәрін көріп, естіп жүрсің. Қай қазақ хохолдың жерін тартып алды, үйінен бездірді? Ауылына ат ойнатты, өлтірді, ақысын бермей, сауырға бір салып қоя берді? Мұнша зорлықты кім істеп отыр? Осының бәрін көре - біле тұра – кімшіл болу керек?.. Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзім байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бірақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менің миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден миымдағы іздер де бар. Ол іздермен жүрмесіме мүмкін бе? Ғаббас қалай жүргізбейді екен? Құлағымнан, көзімнен миға хабар жеткізетін жүйкелерімді (нерв) кесіп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемді мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзінше ойлатам деу қиянат.
Рас, қазақ кедейі теңдікке жетті, жетілді. Жаңа тұрмысқа аяқ басты. Бірақ екі зорлықтан әлі айырылған жоқ, жуықта арыла алмайды – бірі: өз байынан көретін зорлық, бірі - жатынан көретін зорлық. Соңғыны айтайын десең, ұлтшыл болып шығасың, ендеше, байшыл боласың. Бастапқыға қанағат етуге болмайды. Қашаннан қалып қалған нәрсе, тұрмыс талқысымен болмаса, бұдан оңай шыға қоймайды. Шыға қойса, әлгі алты кедей неге сандалып қалды? Қағаз жүзі мен өмір жүзін айыру керек. Ғаббас, Әбдірахмандар қағаз жүзін алса, мен өмір жүзін алғым келді. Міне, менің пікірім осы.
Мен осы пікірімді газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өріс берер, бермесін білмеймін. Ішімде қайнап жатқанша тым болмаса, сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пікіріңді жаз. Теріс, бұрысын көрсет! Бұл пікірімді Ғаббасқа да айт. Жөні келсе, керек жерін оқып жібер.
Ордадан хат-хабар алмаймын. Сенімен жазысып тұрайық. Сен не оқып жүрсің? Жақсы кітап болса маған жібер. Мұхтардың адресін білсең жазып жібер. Балалар аман. Тұрмыс сәл, жалақы –72 сом. Тезірек хат жазарсың.
Қош, сүйдім. Жүсіпбегің.
Адрес: Орынбор, Совет көшесі, дом 51. Астыңғы қатар. Маған. Орынбор , 2 январь”.
Арабша жазылған. Қара сиямен. Бұл адамға арнаған екінші хаты. “Кәкебай” дейді , бұл кім? Қошкеме, жоқ, басқа біреу ме?
«Жүсіпбек!
“Көрмегелі көп айдың жүзі болды” дегендей бір-бірімізді көріспегелі көп уақыттар болып қалды-ау. Сенің биылғы жазған хатың маған кешігіп тиді. Сондықтан саған іле жаза қоймадым. Өйткені сенің адресің өзгерген шығар деп ойладым. Және де Ташкенге барған соң қапшықтың аузын бір-ақ шешіп, жаздайғы бастан кешкенді бір көйтермін-ау деуші едім.
Не керек, жолыға алмадық. Сені Қызылорда да кездестіремін деген оймен Қызылордаға соқтым. Мен келген күні таңертең Жақаңдыкіне барсам, Ж: “Жүсіпбекті шығарып жаңа ғана вокзалдан келдім”- деп отыр. Санды бір-ақ соқтым. Сені Ташкен мен Қызылорданың бірінде болар деп ойлап едім. Болмаған себебіңді Жақаңнан естідім. Ж. айтуынша, “Дәлелі- дәлел”- дейді. Және Женяның (жеңгенің) науқасы Т-т (Ташкент – авт.) әуесін жақтырмайтындығы екінші себеп болса керек еді. Қалайда Орынборда оқшауырақ тұрып қалдың, енді орнығып қалған шығарсың. Әйтсе де, сені Шымкентке шақыртуы күшті көрінеді (Шымкент педтехникумының бастығына жолығып едім), өзің ырза болсаң, олар тұрмыс жағынан мұңсыз қылар едік деп ынтық-ақ болып отыр. Әуесі жақсы жер, барсаң да теріс болмас еді. Әлі де кеш емес қой.
Енді әңгімені өз жағыма аударайын. Жаз ай жарым елде болдым, 2 ай шамасы Қызылжарда болдым. Көңіл- күй жақсы. Әзірше ойлаған нысанаға дәл тиіп келеді. Ана жағын айтам. Бізге қырын қарайтын (өсек айтпаса іші кебетін бір адамдардан келген хабар болса керек ) біреу, ол туралы саған теріс информация берген сықылды. “Онымен мен қосылыппын, ол менен өзгеріп қалса да, сырттағы бір күш еріксі...”- деген сықылды. Бұл сөздердің источнигі атақты қу атышулылардан шыққан көрінеді. Әминаның сіңілісін Байділдин алды. Ол тұқыммен біз ежелден дұрыс болмайтұғынбыз. Дұрысында бұрынғы күйімізден еш бір өзгеріс болған жоқ. Қайта одан көрі өмір қызығырақ болған сықылды. Бірақ саған ол күйді суретті түрде сездіруге қалам шабан ғой. Өзің ауызға салып жіберсең, “иә, солай”- дер едім. Қалайда, көңіл тынды. Ресми тұруды оның оқуын бітіруіне байлап қойдық. Ол жағынан қысқаша хал- жайымыз осы.
Мағжанға жолықтым. 15 күндей бірге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенің соңғы жазғандарыңа қанағаттанды. Осы күнге шейін айызым қанған сәулетші қалам “Нұр күйі” болды. қызыққандықтан әлденеше оқыдым” – дейді. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менің ойларымды нық бекітті. Қуандым. Онымен түрлі мәселелер туралы көп кеңестім. Соны пікірлері бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: “Түбінде жалғыздар тобы жасайды, біз жалғыздар тобының құрамасымыз” – деп жазады екен. Бұл пікірді Мағжан да қуаттайды. Екпіні күшті қалам, сиқырлы сөз, негізі берік пікір түбінде алып та, шалып та жығады – деп ақын шалқып-ақ жүрген көрінеді. Оның настроениесін көтеріп отырған Мәскеу. Мәскеуде әдебиет туралы пікір жарысы бар, майдан бар сықылды. Европа әдебиетшілерінің де соны пікірі жарыққа шығып қалатын шақтары болады –дейді. Марксшылдыққа қарсы пікірді қолдайтын әдебиетшілер де пікірлер ұсынатын сияқты. Тегінде бірезулік қылмай, ғылыми жетіп, сығалап жүріп таңдап ала алса, пікір, пікір тудыратын майдан ашылағандай. Қапелімшіл желөкпелер көп ағымның арасында кез-келгенінің біреуіне қақтығып, саломдай салмақпен біеуіне еріп жүре беретіндей сияқты. Біздің Қызылорданың ВАП-ы да сондай бір ағымға еріп бара жатқандай деседі. Түрлі әдебиет ағымдарымен таныстыру үшін олардың программаларының жинағы басылып шығыпты, Мағжан маған жібермек болды. Сен де сұрап алып таныс.
Мағжан саған жазудан қажитын емес дейді, өзің де енді шет тұрғаннан кейін жазудан тартынбассың. Мағжан, Әлекең (Әлихан Бөкейханов – авт.) “Восиздаттың” науч. сотрудниктері. Мүмкін бұлар арқылы жазуға кітапта аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кітаптарын қазақшаға аудару керек дейді, оларды осы күннен сұрауың керек сықылды.
Мұхтар: әдебиет соңынан жарық алып түстім. Оқимын - деп Ленинградқа кетіпті. Оның “Таңдағы” соңғы жазған әңгімелерін оқыған шығарсың. Мен анық байқай алмадым, әйтсе де, жақсы-ау! Мұхтар Мағжанмен жиі жазысып тұрған екен, пікірлерін оқыдым. Олардың енді бір ойы: сол ұйымдардың бір қазаққа қолайлы деген біреуіне қатынасып, қазақ әдебиетіне лайықты жол деген жолдарын ұсынбақ. Баяндамалар жасап, пікірлерін тыңдатпақ. Мағжан жаза бастапты. Мәскеуде бірнеше қырғыз, қазақ тілдерінде шыққан әдеби кітаптарға сын жазған екен, олар да басылыпты. Мағжан биыл бұл жағына күрделі кірісемін деп отыр.
Ташкенде тұрмыс жағынан биыл қыс ауырлық көрмеспіз. Қошке институтқа әдебиет сабағын беремін деп барып еді. “Жәшейке қабыл алмады ”- деп жүгермектер қабыл алмады. Қошке военный школға кірді. Мен орыншамын. Менің мұндағы қуанышым: педфак түзеліпті, программа жақсы. Әдебиет тарихы. Тәрбие жағы күшті. Әзірге оқу басталған жоқ.
Жалғызсырайтын емеспіз. Жолдастар бар. Әйтседе, сенің орының бөлек. Биылғы хатың мені көп желпілдірді. Жазып тұр. Не жазайын демессің. Өміріміздің қою-сұйығы , ащы-тұщысы бір-бірімізге мәлім шығар деп ойлаймын. Туғаныңды көргем жоқ, өлгеніңе жыламаймын - дейтін жеріміз жоқ. Достық пен махаббатқа сауда жоқ деген иман қайсымызда болса да бар. Достың таза сөзінен қымбат нәрсені мен өзім әзірге білмеймін. Жалғыз-ақ, шын достық санаулы екенін білемін. Бірақ достықты тар кезең, талма жер көрсететін көрінеді ғой.
Жап-жақын жайшылықта көп достарды,
Мен неге жамандықта сирек көрем -
дейтін ақынның сөзі сүзіліп өткен таза сөздің нақ өзі шығар деп ұғамын. Сенің жақсылығыңа - мерей өсіп қуана алмаған, жамандығыңа - жаны ашып күйзеле алмаған ерлігі жоқ ездердің не керегі бар.
Жарайды жазып тұр.
Жәнеге (Женя, Евгения - Жүсіпбектің әйелі - авт.) жақсылап сәлем айт. Бектұр, Мәруа, Жанақ жолдастарға сүйіп сәлем. Анық адресіңді жазып жібер. Абдолладан сәлем. Ғабдолла. 12/ІХ» .
Мағжанға Жүсіпбек пен Молдағалидың жазған хаты.
«Орынбор . 1924-жыл. Майдың –16.
Ардақты Мағжан!
Сенің Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.
Ақылды не ақылы қысқан аға айтады, не жан ашыр дос-жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақта туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос-жарандық білдіргелі, ақындығыңа біз бір ақылсымақ айтқалы келеміз.
Сен ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің “көгіне өрмелеп шығып күн болатын” үміткер ақын сенсің. “Жаралы жанды ”, “Қорқытты”, “Баянды” берген ақыннан одан да зор күтеміз. Қазақ әдебиетінде артынан мүрида етуге, өзіндік дәуір жасауға сенің қаламыңнан басқасының дәмесі жоқ. Ақындығыңа мін тағуға болмайды. Сенен “әттең ғана” деп табарлық бір кемшілік: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегің “сұм өмір” деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үміт күтпейсің, “бүгінен» жиренесің, безесің, түңілесің, өткенді жоқтап алданыш етесің. Өмірден түңілген, өмірге қол сермеген сары уайым, сары қайғыға түсіп барасың. Мұндай сары уайымшылық (пессимизм) ақынның бойын өсіре ме? Өріс ұзарта ма? Үмітсіз, тілексіз өмірде не мағына бар?
Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бірақ Байрон заманындағы қара күн (реакция) Байронның шеккен жиһан күйігі (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса күйінсе, оны “жиһан күйігі” деп санауға бола ма? Ол тар көзділік болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұру мүмкін бе?
Рас, қазақ ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қазақты сүйесің, қазақпен бірге күйесің. Қам көңілді қайғыртып, уайым төгіп, қаяу салғаның қалай? “Торық па, жабықпа, түңілме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) “от” бар – деп көңілін көтеріп, демеу (ҮІІ том. 153-бет) бермегенің қалай? Болғанды –“болды”-деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз - әдебиет неге керек? Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйрегендей сөз іздейміз. Өткенді өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша еді?
Пушкинді Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңілі, өмірді дұрыс бағалай білгендігі ғой. Сен - туысың қазақтың, адымың - қарға, елің - мешеу болса да, өмірге ашық көзбен қарайтын 20-ғасырдың ұлы емессің бе. “Қу өмір, сұм жалған”, “жауыз жазым” дәуірі сұйылып, өмірдің қожасы, тақтың Алласы - адам болған заманда, адамға жаңа тілек, жаңа арман, жақсы салт-сананың заманында сен сықылды күшті ақынның (?..) өзгеріс кірмейді деуге көңіл бармайды.
Сарыуайымшыл болса да, бүгінде Байронды төңкеріс ақыны деп санап отыр. Төңкерісшіл болмаған ақынның өркені өспейді. Өркеніңнің өсуіне тілектес болғандықтан, дос-жараның сөз айтып, көңілдегі мүддемізді шығарып отырмыз.
Жүрекке, идтихатқа, иманға қолқа салу кімге болса да зорлық, әсіресе, ақынға зорлық. Сүйтсе де себепсіз нәрсе болмақ емес қой: таяу тұрған нәрсеге түткідей себеп болсақ, біздің мақсұтымыздың орындалғаны.
Жүсіпбек.
Бауырларың:
Молдағали”.
Бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да Молдағали жазған болуы керек. Не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым таңбасын пайдаланып отырған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық.
Тергеу ісінің ҮІІ томының 117-бетінде «Қожа Мырзағазы» деген адамның хатының соңы сақталған. Әңгіме - Әубәкір Диваев туралы. Мырзағазы қожа дегеніміз – Мырзағазы Есполов болуы мүмкін. Қазақтың ақсақалдарының бірі Ә.Диваев туралы сөз қозғалып отырғандықтан да келтіре кетуді жөн көрдік:
« ... тәрбиелеуге болмайды.
Балалары Рысқыловқа арыз жазып берді. Арызын Рысқұлов сонда алып кетті. Барған соң партия арқылы өткізіп көрейін, жолдастардың күшімен деп. Осыны бірдеме қыларсың. Шалдың халі нашар.
Өздері 4 жан. Жалғыз ақша алатын шал. Оның алғанымен барлығы күн көре алатын емес. Балалары қызметте жоқ. Оның үстіне жақын арада жалдаған малай қыз дымын қалдырмай ұрлап кетіпті. Өте жүдеу, өлмешілік күні бар. Мұнда Ораз Жандосовтар сарттың жігіттеріне айтып көріп еді, болмады, әсіресе, Ирмаков.
Шал өзінің жайына байланысты жазбаған шығар сыпайылықпен, бірақ,тағы да айтамын, халдары нашар.
Қош. Мырзағазы. 15/Х- .”
Жазылған айы мен күні белгілі, ал жылы қойылмаған. Әубәкір Диваевтің күтімсіз қалғаны, Ташкентте аса кедей өмір кешкені жөнінде де дерек бар. Кейін қазақ зиялылары қатты ат салысып, қаулы шығарып, кітабын бастырып, қаржылай көмек берген.
Істе Діншенің ағасы Байсейіт Әділевтің де хаты сақталған. Қолжазбасы төрт бүктеліп тіглген, қарындашпен жазылған жазу өше бастаған. Оны тану өте қиынға соққандықтан да тек қана Қара-Ноғайға қатысты тұстарын ғана көшіріп алдық. Хат 8/І-24- жылы жазылған. Жалпы сәлем мен ауыл-аймақтың жаңалығынан соң былай деп жалғастырады:
“... Айтарлық сөз - ескіше бірінші июнь күні Шу бойында Өксікбай ауылында ойдағы, қырдағы кіші жүз бас қосып, қоныс жайын сөйлемек. Сол кеңеске біз де шақырылыппыз. Алдағы екінші күні жүремін. Ол жиылыста менің айтатыным: Жер таппағаның Арқаға шығып кетсін, Хұқмет Әулие-Атада болсын. Ақмоладан бір жолата қолыңды үз - демекпін. Ақмоланың өзі де бұл тамадан күдерін үзгендей болса керек. Бірақ кесірлі Әтидің баласы Плакстың ізденуі, шақыруымен Шабдан Ералиев келіпті, Ахметжан Мықанов келіпті. Үшеуі елден мал жиып алып, ол кездемені сатып жатыр. Шабдан Ералиев өзіне тиген сыбағасына інісіне бір қыз алып беріпті. Мал алған кісілерге берген тиянақты документ жоқ. Артықша қаһар қылған Жүсіп болды. Жалғыз Жүсіптен 13 мал алды. Бәрі де ірі малдар. Бұл қылғандарының толық мағлұмат екенін Ташкенге бір жеткізермін. Тілегім - “Ақ жолға” бастыру.
Ендігі сөз - тірі болсам февраль жұлдызында Әулие-Атаға барып, сендерге хабарласып, Ташкентке барамын. Басқа ел бері Арқаға кетсе де өзім жонға барамын.
Айтпақшы, Плакс Орынборға барамын деп кетіп, Түркістаннан қайтып келді. Бір Омар Диуанов деген ноғайды ертіп келіпті. Ол ноғай ел-елдің налогін алды, кеткеннен қалғанының есебін алды. Ақмоланың хүкімінде қалғандардан да, қашып кеткендерді де есепке алды, қашқындарды ұстайд. Ол ноғай әзір Шу жағасындағы наймандарда жүрсе керек. Тамаға әзір келген жоқ. “Жауды аяған жаралы қалады” - деген. Не қылса да Плакстың ызасы өтті. Адамды құса қып.
Ендігі сөзді өзімнің ауызымнан естисің. Мен мынау Ескендірді разы қылып жібердім. Аман бол, бауырым. Наурыздың бас кезінде барамын. Асқарға көп-көп сәлем, шәкіртке...
Байсейіт Әділ ұлы.8/І-24 ж.”
Бұл хат – Дінше Әділевке арналған. Ал мұндағы айтылатын адамдардың жанама аттарының түсініктемесі былай беріліп, соңына Д.Әділев деп қол қойылған.
«Мұндағы Плакс - Сәдуақас Жалмақанов.
Иралиев - Ақмола милициясының бастығы.
Мықанов - Ақмола уезінің Сарысу ВК-нан.
Шақаев Жүсіп - Сарысу ауданының бір байы.
Ерденбаев Ескендір - Ақмола округінен, ол кезде САКУ-дің –Орта Азия коммунистік университетінің студенті, хатты сол әкелген. Д.Әділев».
25/І-29 жылы”- деп жазылған.
Тергеу ісінің ҮІІ томының соңына үкім тіркелген:
«ОГПУ (сот) коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі кеңесінің хаттамасынан көшірме.
Тыңдалды: №78754 іс бойынша айыпталған: Байтұрсынов Ахмет пен Міржақып Дулатовты - ҚЕ 58/2,58/4,58/11,58/10 баптары бойынша,
Есполов Мырзағазыны - ҚЕ 58/2,58/10 баптары бойынша,
Ғаббасов Халильді - ҚЕ 58/2 бабы бойынша,
Әділев Дінмұхамед пен Аймауытов Жүсіпбекті - ҚЕ 58/2,58/8,58/11 және 58/10 баптары бойынша,
Бірімжанов Ғазымбекті - ҚЕ 58/4,58/11 және 58/10 баптары бойынша,
Юсупов Ахметсафаны - ҚЕ 58/1,58/13 және 58/10 баптары бойынша,
Болғамбаев Хайретдинді, Жұмабаев Мағжанды, Байтасов Абдолланы, Омаров Елдесті, Жәленов Кәрімді - ҚЕ 58/11 және 58/10 баптары бойынша,
Битілеуов Дамолланы - ҚЕ 58/4 бабы бойынша,
Дулатов Асқарды...”- деп жиыны 42 адамды айыптан шыққан.
Біз өзіміздің мақсатты мүддемізге орай тікелей қатысы бар “Алаш” қайраткерлерінің ғана тізімін келтірдік. Өкініштісі сол, осы бір баптардың қойылуы барысында Жүсіпбек Аймауытовтың Дінше Әділевпен бір тізімге ілінгендігі. Тергеу ісінің ең түйіткілді “тұлғасы” Дінше Әділев болғандықтан да, бұл тұзақтан жазасыз құтылу мүмкін емес еді. Егерде, басқа тізімге іліккенде тым құрымағанда тағы да алты-жеті жылдай жарық дүниенің дәмін тату мүмкіндігі бар еді. Алла тағалам оған мұндай мүмкіндікті жазбапты.. Енді осы тергеу ісіндегі үштіктің сот үкімін толықтай келтіреміз. Әрине, кейбір адамдардың аты-жөні сіздерге бірінші рет кезігуі мүмкін. Оның басты себебі, біздің мұқым іс барысын толық келтіруге ешқанадй да мүмкіндігіміздің болмағандығынан еді.
«Қаулы еттік:
-
Байтұрсынов Ахмет,
-
Дулатов Міржақып,
-
Есполов Мырзағазы,
-
Ғаббасов Халиль,
-
Әділев Дінмұхамед,
-
Аймауытов Жүсіпбек,
-
Бірімжанов Ғазымбек,
-
Юсупов Ахмет-Сафа,
-
Кеншімов Мәдібек,
-
Тоқманбаев Бақай,
-
Әбдікеев Бітімбай,
-
Әбдікеев Питтибай,
-
Байділдин Әбдірахман
А Т Ы Л С Ы Н.
-
Битілеуов Дамолла,
-
Дулатов Асқар,
-
Бөлтіріков Оспан,
-
Исмағамбетов Теміржан,
-
Барлыбаев Жарахмет,
-
Жұрқақов Құлахмет,
-
Есполов Есенбай,
ең жоғарғы жазаға кесілсін де ол үкім он жыл концлагерьде отыру жазасымен айырбасталсын.
-
Жұмабаев Мағжан,
-
Омаров Елдес,
-
Ұрзабеков Абдолла,
-
Сәтбаев Ибрагим,
-
.Әділев Асқар,
-
Әділев Әбуәли,
-
Әділев Әбубәкір
он жыл түрмеде отыруға кесілсін.
-
Болғамбаев Хайретдин,
-
Байтасов Абдолла
бес жыл түрмеге қамалсын, ол жаза ПП ОГПУ арқылы солтүстік аймаққа сол мерзімге жер аударылсын.
-
Жәленов Кәрім,
-
Кенжімбаев Дархан,
-
Мұратов Төреқұл,
-
Ибраев Акбар,
-
Кәрібаев Нұрлан,
-
Байдуллаев Ағабек
бес жыл түрмеге қамалсын. Ал төмендегі сотталғандардың:
Байтұрсынов Ахметтің, Дулатов Міржақыптың, Әділев Дінмұхамедтің (Мұқыш), Жұмабаев Мағжанның, Дулатов Асқардың, Бөлтіріков Оспанның, Исмағамбетов Теміржанның, Барлыбаев Жарахметтің, Есполов Есенбайдың, Мұратов Төреқұлдың, Кеншімов Мәдібектің
еңбек мөлшерінен артық мүліктері тәргіге түссін.
-
Арғымбаев Мұхамедия,
-
Алин Артықбай,
-
Бектұрсынов Бажай,
-
Майлиев Ерке,
-
Тұрдыбеков Әбдірахман,
-
Мұханов Кәкен,
-
Ұлмұратов Тәжібай
үш жылға түрмеге (концлаерьге) қамалсын.
Іс архивке тапсырылсын.
ОГПУ-дің хатшысы- қолы.”
Осымен ОГПУ-дің тергеуі мен соты аяқталған. Алайда арада бір жыл өткен соң мынадай қосымша ұйғарым шыққан.
“1931 жылы 8 қаңтар күні істі қайта қарау мәселесі тыңдалды, онда мынадай қаулы қабылданды.
ОГПУ коллегиясының 4/ІҮ-30 жылғы мына азаматтарға шығарған үкімі: Біірмжанов Ғазымбекке, Есполов Мырзағазыға, Дулатов Міржақыпқа, Байтұрсынов Ахметке
шығарылған үкім күшін жойсын”- делінген.
Бұл тізімге, өкінешке орай, Жүсіпбек марқұм ілінбей қалды-ау.
Тергеу ісінде ағасы Байсейіт түрмеде жатқанда жазылған Дінше Әділевтің 3-4 хаты бар. Бір-бір жапырақ қағаз. Әбден тозған. Соның бірнешеуін келтіреміз. Әуелгісі Міржақып Дулатовқа арналған.
«8/ІХ 27 жыл.
Жақа! Мырзағазы, Сейдазым ағай және басқа ағайлар!
Жолдастар!
Аманшылық. Ептеп күнімді көріп жүрмін. Қалай, қаладағы жолдастарды сағындым. Ең әрісі бір айдан қалмай Қызылордаға жүремін. Иә, поезбен, иә, атпен барамын. Поезбен жүруді қауіпті көремін. Атпен жүрем. Байсейіттің жұмысын мүмкін болған қадарда бір жола аяқсыз қалдыру жағын қарастырарсыздар – деп өтінемін. Көрген-білгендеріңізді Мұқатай деген жігітке айтып жіберерсіздер.
Жолыққанша қош болыңыздар!
Дінше».
Ендігі бір хат түрмедегі Байсейітке арналған.
«26/ҮІІ-27 жыл.
Бәке!
«Аманшылық. Рамазан мерген мен Нұрланды жіберіп отырмыз. Жетегінде сізге арнаған бос ат бар. Қаражатқа 175 сом бердік. Бір винтовка, бір бердеңке, 200 шама оқ бар. Мерген, 2 мылтық, 200 оқ, өз жігеріңіз, құдай қаласа бір әзірше жарап қалар. Не түрлі ақыл болса да о жерде өздеріңіз лайығына қарап істерсіздер. Жолыққанша. Қош боларсыз. Дінше.».
Түрмедегі жайлар және Байсейітті алып қашып шығушының хаттары бар. ол бізге пәлендей қажет емес әрі ол интриганың түбіне жету өте қиын. Сондықтанда пайдаланбадық. Осы оқиға туралы «Советская степь» газетінің 1927 жылғы 4 январь күнгі санында «Көз-көрген» - деген мақаласы жарияланыпты.
Діншеге Міржақыптың жазған хаты.
«Дін!
«Бабайды» қырын қаратып қойып, күлдіріп, сөйтіп, қабан сияқты болғанын көруге кездесе алмай жүрмін. Ол былай тұра тұрсын. Не істеу керек, қалай істеу керек?
Мадияр.
13/ІХ-25 жыл».
Діншеге хат жазуының себебі - театрға бір адамды алу туралы өтініш еткен. «Бабай» деп отырған адамы - «Айтуар» ма, әлде «Аймауытов» па, оны тергеушінің сілтемесіндегі жазудан анық тани алмадық. Бұл кезде Дінше – қазақ театрының директоры болатын.
ДУЛАТОВ МІРЖАҚЫПТЫҢ ХАТТАРЫ
7 том 9 бет
Кішкене қағазға жазылған. Мұндағы Ахмет деген кім? Хат кімге арналған? Сол кездегі губкомның төрағасы Әбдірахман Асылбековке ме, Әбдірахман Байділдинге ме, нақты анықтаудың орайы келмеді. «24/ ҮІ – 21 ж.
Ғ-ман!
Мынау Ахмет жолдасты қудалап жүргендер бар көрінеді. Жұмысының мәнін өзі түсіндіріп айтар.
Саяси сенімді адам екендігіне қолына қағаз берсең, бұзақылар орынсыз қоқаңдауын қояр еді. Осыны саған әдейі тапсырамын.
М-дияр».
Түрмеде бір-біріне қағаз жолдаған. Онда қалай қазақты бір-біріне айдап салғанын, бірін-ұлтшыл, бірін – пәлен деп партиядан айдап, ылғи оңбағандарды жиып алып айтады. Жасырын атпен жауаптасады.
Бұл 86-87 беттер, жұқа қағазға арабша жазылған. Кішкене-кішкене жыртынды. Арабшасы толық әрі асығыс оқылғандықтан, орысшасын алдым. Қужақ 1-бетте (86) хат). 87-бет жауапталу. Басы таспаға жазылған. Соңы былай: 85 бетте : көк сия қарындашпен:
«Заключенный Испулов М.И. ком №70 подал записку заключенному Булату М.Я.(Дулатов) 62 комн. Через окно во время прогулки с 62 комн. Проул 2-й корпус. Исева 29/ҮІІІ-29 г.»
6 томдағы түрмедегі записка 6т. 86 бет.
«Жауап басталды. Бірте-бірте бәрімізге де келеді ғой, сондықтан мүмкін болғанынша соларды бір ізге салған жөн. Бұрынғы айтылғандар, әлбетте, өзгерілмейді, қалады ғой. Менің айтқаным. Жаңа мәселелер қозғалуы тұсында. Ө (белгі қойылған – Т.Ж.) мұндай болатыны мына жауапқа барғандардан сұрағандарынан көрініп тұр ғой. Көпірде түйенің үлкені таяқ жейдінің кебі – әлбетте саңлақ төртеуімізге түседі. Бұл анық. Ғазыға айтқаныңнан қайт, тәубә қыл, қуақты тәуір көресің бе, оның жүргізіп жатқан саясаты д дұрыс па, жікке айтқан ұлтшылдық...
міне осындай, бұлардан басқа, да осы сенімді мәселелерді көтерулері мүмкін деп ойлаймын. Міне, осыларға қай тұрғыдан жауап береміз. Соған ақылдасуымыз тиіс. (Келесі басқа жазу жауап болуы мүмкін – Т.Ж.)
мен бұлай ойлаймын: Біз Кеңес жағындамыз. Қазақ үшін пайдалы жасауы керек. 0 . Өзіңе мәлім біз бәрімізде Кеңеске адал қызмет қылып келдік. Жасырын ісіміз еш болмаған. Бірақ бұл сөзде қазақтың бар мақсұты орындалды дей алмаймыз. Толып жатқан мақсұттар бар жүзеге шығаратын. Оның бер жағында Қужақ барғаннан бастап отыршылдық саясат басталып, жүріп жатқанын айту керек. Қазақтың жерге орналасуының өзгермегені үстіндегі (алдағы-Т.Ж) 5 жылда 320 мың іштен түкті ауыздарды көшірмекші болып оытрағанын, қазаққа берілген жақсы жерге кеңес шаруаларын салып салып жатқандары, шаруа жүзінде қазақ малына тиісті қам қылмаулары, малдың (арабша) орындату не еш фабрика-заводтың жоқтығы, сауда-саттық жайында Казторг,Упсырзаг, госплан, склад... тар қазалстандық жойып, мұнда байлағаны. Мәдениет майданында шала етіп, жастардың елге аттанысы -елді кеңестен бездіретін талай болып жатқан жұмыстардың жайында басқару жөнінде қазақтың қолынан жұмыс келетіні аз. Азаматтары – бірі-ұлтшыл, бірі – пәлен деп, партиядан айдап, ылғи оңбағандарды жинап алып, қазақ атынан жұмыс жүргізіп жатқаны, мекемені қазақтандыру жөнінде орысты ақша шығарып оқытып жатқандығы... Тап күресі деп қазақтың қалтылдаған шаруасын күйзелтіп жатқанын – қысқасы отаршылдық саясаттың барлап жатқанын түгел айту. Міне біз бұған қарсымыз, риза емеспіз. Бұл ұлтшыл болғандықтан емес, лениннің ұлт саясатын дұрыс жүргізбегендіктен, декларация прав нарад ата орын берілген құқықтарды жүзеге асырмағандықтан. Бізді ұлтшыл деген жапқан жала, себепті, ұлтшылдықтың мағынасы: екінші ұлтты жұту, ойран қылу. Бұл бізде жоқ, болуы да мүмкін емес. Біз қазақ шаруа, мәдениет майданында басқа ұлттармен тең болуы керек дейміз. Ол ұлтшылдыққа жатпайды, мұны декларация правта кеңес өкіметі өзі беріп отыр. Өлгеніңді жасырарсың – көмгеніңді қайтерсің дегендей – бізге бұғуға болмайды. Бұл ірі орын -білсін біз айтпағанда кім айтады. Жығылсаң жардан – ажалың әлдеқайдан. Бұл жерге келген соң тәуекел. Санасуға тиісті, осыкүні өзінің қалы торға түскен торғайдай біздің жайымызды. Түрік газеттері жазыпты. Әке дегенмен жан қалмайды. Қорғанудың жөні жоқ. Көп болса қ-қ үшін құрбан болармыз – онда тарихи борышымды өтеген боламын... не жаныңдағылармен сөйлесіп жазып бер. Алдымен шығып терезеден бер, байқап бер, сақ бол. 15 маған жапқанды оқыдым депсің. Ол сөйлескен мен кездескен менің жауабым ба, сені кім, негеоқытты. Пәлен түгенді айттыңдар ма№ таран отрядын ұстап бердіңдер дегенге не деп жауап беремін. Мен «А.Оның» істегендеріне жауап беремін дедім. Мен басқа сұрағанға жауап бермедім, сен не дедің? (86- бет) Басқа қағаз.
- 13 күні мені сейсенбектермен кездестірді. Жауапта Сұрша мен уақытша орынбасар болып жүрген ұзын орыс болды. Сұраушы ұзын. Оқылың менің берген жауабымды көрген шығарсың: ол заманда істелген істерге жауапкермін, ойлаймын жолдастарымда бас тартпайды... деген. Осыдан басқа тоқсан түрлі сұрағына жауап бермедім. Ұзынның бір жауабына – мұндай ақымақ сұрауға берер жауабым жоқ дегенге ашуланып, мені қорқытпақшы болып сөз сөйлеп еді, мен қорықпаймын, мені қорқыта алмайсың деген соң қойды. Сонан кейін жанымдағы кісіні алып, бұл жаққа жүргенше жалғыз болдым.
Үйілдің 3 күнгі жауапта тағы да орынбасар сұрады. Арасында сейсектің айтқаны өтірік деп едім, ол (қағаз алып) қалмақ бет қазақтың берген жауабы, сен оны қорғаштайсың, ал ол сендерді аяған жоқ. Міржақыппен екеуіңді, пәленді, түгенді атты деп отыр деді. Қағазда екеуіміздің атымызды көрдім. Ол сенен Ордада Иманның баласын түгенді аттыңдарма, Атбасарға кеткен түкті ауыздар туралы сұрады ма, сұраса сен не дедің. Сейсен солар туралы сұрады ма, не дедің? Сейсектен кездесуді Селеумен екеуміз – бір жағынан Қоқан – лоқы, екінші жағынан – Кесірқараны ұйымнан айдау үшін істеген шығар деп жорыдық, бұл қалай? Нақ осы күні бізді Орда жұмысына айыптар ма? Мені шашпен кездестірмейді. Мұнысына түсінбеймін. Біздің ісіміз бі.. Оларды қалай ол жақта қалдырды. Бізді мұнда әкелді, бұл қалай? Артынан Елдес пен Шашты кездестім. Білдірмей кездестім.
Мұнда келгенде менің алынған нәрсеме және ақшама екі квитанция берген еді. Соны бүгін алып, нәрселерімді квитанциясын берді. Ақша жоқ. Ақшамды да берді деп үміттенгенмін... Өйткені мұнда келген соң екі рет арыз жазып едім. «Өткіз ақша керек» деп. Арыз бойынша мұнда салған шығар деп ойлап отырмын. Маған жазба, бермейді дейді мұндағы «білгіштер», мына бергеніне қарағанда бізге жалпақ жұрттан басқашарақ қарағандайма.
Хош десеміз
С.М.М-ды» - 84 бет
Бұл жұқа, жыртық қағаз
Өз қолдары – Орта тұсы -міржақып жазған
Екеу – Садвақасов Кемеңгеров – 1936 27
ХАЛЕЛ ҒАББАСОВТЫҢ ХАТТАРЫ
7 том, 363-бет.
«Корпусоной жолдасқа!
Бұрынғы жатқан №72 камерада, Ақболат жолдаста менің ішкиімдерім (көйлек пен кальцон) қалып қойды. Жуғаннан кейін кептіріп қойғамын. Соны маған беріп жіберуіңізді өтінемін. №4 палатадағы сырқат - Ғаббасов. 3/ҮІІІ – 29 ж.».
Бутырь түрмесінің комендантына тұтқын Ғаббасовтан өтініш
Осы жылдың 28- қыркүйек күні 20 сомнан мөлшерінде менің атыма аударылған бланкінің түбіртегі маған почта арқылы берілді. Оның бір түбіртегі бойынша аударылған ақшаны алдым, ал екінші түбіртек бойынша жіберілген ақшаны алғамын жоқ. Сізден өтінішім, екінші түбіртек бойынша жіберілген 20 теңгенің берілмеуін немен түсіндіресіз, соның себебін түсіндіруіңізді сұраймын. Ғаббасов. 24/Х – 29 ж.».
6 томдағы түрмедегі записка 6т. 86 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |